Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайында 8 қыркүйекте Алматы қаласындағы
«Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қарасты Сирек кездесетін кітаптар музейінің «Жаңа әліппе тарихынан бір үзік» атты көрмесі ашылды.
Шараның салтанатты бөлімі Абай қорық-мұражайының директоры Б.Жүнісбекұлының алғысөзімен басталды. Сирек кездесетін кітаптар музейінің меңгерушісі Ә.Сейпішұлы өз сөзінде көрменің ерекшеліктеріне тоқталып, музейаралық байланыстың нығая түсетініне сенім білдірді.
Аталмыш музейдің ғылыми қызметкері Н.Асылбекұлы көрменің ашылу салтанатына келген қонақтарды көрме экспозициясымен таныстырып, қазақ жазуының тарихынан мол мағлұмат берді.
Көрме экспозициясына қоғамдық-тарихи маңызы зор XX ғасырдың 20-40 жылдар аралығындағы латын графикасында жарық көрген баспа мұралар таңдап алынып, көрермендер назарына ұсынылған еді. Осы басылымдардың ішінде Абай Құнанбайұлының тұңғыш толық жинағы, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров шығармаларының қазіргі күні өте сирек кездесетін кітаптары, ҚСРО Конституциясының 1937 жылғы нұсқасы, Ж.Жабаев шығармалары көрермендер тарапынан ұлкен
қызығушылыққа ие болды.
Көнеден бастау алған отандық жазба мәдениетті насихаттайтын ірі мәдени және ғылыми орталығының латын графикасындағы отандық баспа ісі тарихынан сыр шертетін көрмесін Семей қаласының тұрғындары мен қала қонақтары бір ай бойы тамашалай алады.