2016 жылы 22 қыркүйекте Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайында белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі М.Әлиннің «Тұлға» кітабының тұсаукесер кеші
өтті.
М.Әлиннің «Тұлға» еңбегі ұзақ жылдар бойы Абай, Мақаншы аудандарында бірінші хатшы қызметін атқарған Орал Арғынбекұлына арналған.
Абайдың қорық-мұражайының директоры Б.Жүнісбеков өз алғысөзінде Орал Арғынбекұлының ұлтымызға, ұлыларға деген ұлағатты істерін атап айтты.
О.Арғынбекұлы Абай ауданында қызмет еткен жылдары Бөрілідегі Әуез әулетінің Мұхтар туып-өскен үйін алғаш салынған негізін сақтай отырып, жаңадан тұрғызуға басшылық жасайды. Абайдың әкесі
Құнанбай қажының құлап қалған зиратын өз архитектурасын бұзбай, сол қалпында осы өлкедегі табиғи таспен өріп қайта салғызып, Шульбада иесіз жатқан ақын ұрпақтары - Жағыпар мен Кәмиланың, келіні Дәмегөйдің мүрделерін алдырып, қажы зиратына жерлеу рәсімдерін ұйымдастырған.
Тақыр елді мекенінде Абайдың дарынды шәкірті Көкбай Жанатайұлының басына кесене тұрғызу жұмыстарын ұйымдастырып, Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Абай мен Шәкәрім кесенелерін салуға басшылық етіп, осы жылдары Шәкәрім Құдайбердіұлы 30 жыл бойы жатқан Құрқұдықтың басына құлыптас қою жұмыстарына басшылық жасаған.
Мақаншыда қызмет еткен жылдары республика бойынша алғаш рет әнші-сазгер Әсет Найманбайұлының 125 жылдығын атап өту шараларын жолға қойып, әнші мұражайын ашу үшін арнайы үй бөлгізеді. Мақаншы ауданында Қаракерей Қабанбай батырдың 300 жылдық мерейтойының жоғары деңгейде өтуіне басшылық жасап, тұлғаға лайықты іс тындырады.
Кеш барысында ф.ғ.д., профессор А.Еспенбетов, А.Мұқатаев, З.Тоқаев және О.Арғынбековтың жұбайы Амангүл Асанқызы Орал Арғынбекұлы жайлы өз естеліктерімен бөлісті.
Кешке қаланың зиялы қауым өкілдері және Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің студенттері қатысты.