Бүгін Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі мен Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті бірігіп, 16 желтоқсан – ҚР Тәуелсіздік күніне арналған «Айналайын, алтын қанат – азаттық!» атты әдеби-танымдық кеш ұйымдастырды.
Шараның мақсаты: жастарды отансүйгіштікке, елжандылыққа, туған елін, туған жерін сүюге баулу.
Кешке Тәуелсіздіктің бастауы болған Желтоқсан көтерілісінің куәгерлері, қазақтың батыр жүректі қыздары «Семей» телеарнасы жаңалықтар бөлімінің редакторы Эльмира Жүрсінбекқызы мен Шәкәрім университетінің музыка кафедрасының оқытушысы Жанат Маукенқызы қатысты.
Кеш қонақтары Желтоқсан көтерілісің қиындығын атап өтіп, сол күнгі көрген нәубетті жан-жақты баяндады. Сөз соңында жастарды жігерлі, ұлт намысын қорғайтын ержүрек адам болуға шақырды.
Шара барысында Шәкәрім университетінің ақындары азаттық күніне арналған өлеңдерін оқып, кештің шырайын кіргізді.