Жақында киелі Оңтүстік Қазақстан облысына жолымыз түскен. Қасиетті Отырарға барып, батыр бабаларымыздың қаны төгілген, өз тұсында өркениет көшінің алдында болған
тарихи қала жұртына тағзым жасап қайттық. Әрбір үш қазақтың бірі тұрып жатқан еліміздің оңтүстігінің өсіп, өркендеуі көңілді қуанышқа бөледі.
Әсіресе, біз Шымкенттегі сәнді Абай саябағынан ерекше әсер алдық. Жасыл желекке оранған демалыс орнында келушілер үшін жан-жақты жағдай туғызылған. Осындағы зәулім Абай ескерткіші жүректе ән тербейді...
Қазағымыздың айбыны мен абыройы, аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлы атындағы көшеде орналасқан Абай саябағының тап іргесіндегі орталық кітапхана ұжымының Ұлы ақын мұрасына деген ерекше сүйіспеншілігіне разы болдық. Мәдениет ордасының қай есігінен кірсеңіз де сізді Абай өлеңдері мен қара сөздері қарсы алады. Олай болса, «Мың естігеннен – бір көрген артық» демекші, Шымкент сапарынан естелік-альбомды назарларыңызға ұсынамыз.