name

8 (7222) 52-38-52, 52-24-22

ШҚО, Семей қаласы, Интернационал көшесі, 29

KZ RU EN


Без имени-2     Семей қаласында ұйымдастырылған қазақтың ұлы ойшыл ақыны Абай Құнанбаевтың тарихи-мәдени әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы-Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби-мемориалдық мұражай.

     Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайы қазақтың ұлы жазушысы, академик М.О.Әуезовтің ұсынысы бойынша ұлы ақынның 95 жылдық мерейтойы қарсаңында, 1940 жылы Қазақ ССР-нiң Халық Комиссарлар кеңесiнің 1-сәуiрдегі №347-қаулысы негізінде құрылып, сол жылы қазан айының 16-күні мереке үстінде ашылды. Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби мұражай болып табылады. 1940-1944 жылдары мұражай Бекбай Байсовтың үйінде (Абай көшесі 83үй , қазіргі Жамақаев көшесі), ал 1944-1967 жылдары Анияр Молдабаевтың үйінде (Комиссар көшесі 132 үй, қазіргі Бөгенбай батыр көшесі) орналасып жұмыс істеді. Ал 1967 Ленин көшесі 12 көпес Р.Ершовтың үйінде орналастырылды.

     Роман Ершов-Семей өңіріне танымал көпестің бірі. Абайдың бұл адаммен де жақсы араласып, үйінде жиі болғаны жайында естеліктер бар. Екінші жағынан бұл үй орналасқан көше, Абайдың көп жүрген жерінің бірі болып саналады. Осы көшенің бойында, Абай жиі келген орталық кітапхана орналасқан. Бұл ғимаратта «Абай дәуірі», «Абайтану», «Абайдың ақын шәкірттері», «Абай халық жүргеінде» атты залдар орналастырылған. Ғимараттың жалпы көлемі-622,6 ш.м., экспозициясы-278 ш.м. Ғимарат Семей облыстық еңбекші депутаттар кеңесінің атқару комитетінің 1963 жылы 9 тамыздағы № 404-15 шешімі бойынша Абайдың республикалық әдеби-мемориалдық мұражайының иелігіне берілді.

     1990 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай Қаз.ССР Министрлер кеңесінің 05.04.1990ж. №141-қаулысы бойынша ақын мұражайы Абайдың мемлекеттiк тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық “Жидебай-Бөрiлi” қорық-мұражайы  болып қайта құрылды.


 

    Жидебай новый Абайдың Жидебай қорығындағы мұражай-үй ғимараты Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының 6400 гектарлық қорығындағы ХІХ ғасырдың соңында салынған тарих және мәдениет ескерткіші. Мұражай-үйде Абай заманындағы тарихи жәдігерлерді сипаттайтын экспозиция ұйымдастырылған. Ол ұлы ақын ойшылдың өмірінің соңғы он жылына куә асыл мұра. Жидебай кезеңі Абай шығармашылығының аса өнімді жылдары. Бұл он жыл ішінде 75-76 өлеңі, Лермонтов пен Крыловтан 25-26 аударма, 27 қара сөзі және екі әні дүниеге келген. Қазақтың әмеңгерлік салты бойынша жесір қалған Еркежанды әркімнің қыспағынан құтқару мақсатында  Жидебайға көшіп келіп, онда өмірінің аяғына дейін тұрады. 1895 жылы ақын өз жоспары бойынша үйді қайтадан салғызады. Кейіннен Абайдың үйінде қызыл кітапхана орналастырылды. 1945 жылы Абайдың туғанына 100 толуына орай қыстақ мұражай-үй болып ұйымдастырылған. Мұражай 1971 жылы Абайдың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында күрделі жөндеуден өткізілді. 1976 жылы 30 қарашада Абайдың республикалық әдеби-мемориалдық мұражайының балансына берілді. 


DSC_0767 - копия   Ғабитхан зираты Жидебай қорығындағы Зере мен Ұлжанның бейітінің батыс жағынан 25,0 метр  жерде. Ғабитхан (1835-1932) Құнанбай балаларын және басқа да тобықты балаларын оқытқан  ногай молда. Абай 8 жасынан бастап Ғабитханнан оқыған. Ғабитхан кезінде солдаттан қашып  қазақ ауылына сіңіп кеткен. 1857 жылдан Құнанбай «Есенбай жырасы» деген жерде салдырған  медреседе, кейіннен 1880 жылдан бастап Абайдың Жидебайда тұрғызған медресе үйінде дәріс  береді. Ғабитханның қолымен араб әріптерімен жазылған хаттары Абайтану саласына қосылған  қымбат қазына. Яғни Құнанбай мырзаның атынан Омбыда кадет корпусында оқып жүрген  Халиоллаға 1866 жылы ақпан айының 4-нде жазған хаты, 1866 жылы наурыз айының 8-нде  Ибрагим атынан жолдаған хаты. Ғабитхан 1932 жылы ашаршылық кезінде қайтыс болып  Жидебайда жерленген. 2006 жылы Ғабитхан зиратына құлыптас орнатылды.

 


Еркежан зираты      Еркежан Есболат тұқымынан шыққан Шәкінің қызы. Еркежан жас кезінде ақ Құнанбайдың кіші ұлы Оспанға атастырылып қойған. Оспан екеуінің өз балалары болмаған, сондықтан Ақылбайдың үлкен ұлы Әубәкір мен Пәкизатты бауырларына басып тәрбиелеп алған. Оспан өлгеннен кейін Абай Еркежанды әмеңгерлік салты бойынша үшінші әйел етіп алады. Туыстары Еркежанды батылдылығы, ұстамдылығы үшін сыйлаған. Еркежан образы М.Әуезовтың «Абай жолы» романында суреттелген.

Еркежан зираты Абай кесенесінен алыс емес, Жидебай қорығында орналасқан. Қарауыл ауылының оңтүстігінде 23 километр қашықтықта. Зират 7,0 х 7,0 метр размеріндегі төрт бұрышты нысанда, биіктігі 2 метр, төбесі жабылмаған.


 
Музей жана     Бұл күмбезді ғимарат ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында салынған. Бұл күмбезді ғимаратта бүгінгі уақытта 15-ке тарта экспозициялық залдармен қоса мұражайдың мәжіліс залы орналасқан. Бас мұражайдың жаңа ғимараты қаламыздың сәулет өнерінде өзіндік архитектуралық ерекшелігімен өзгешеленеді. Күнделікті ғимараттың өзін және онда жасалынған экспозицияны тамашалауға еліміздің барлық жерлерінен, тіпті сырт елдерден көптеген адамдар келіп тұрады. Жаңадан салынған ғимаратта «Үш қайнар бұлақ», Абай шығармашылығына арналған залдар, «Жаз», «Абай тұлғасы бейнелеу өнерінде», тақырыптық көрме залы, «Сыйлықтар» залдары орналасқан. Жалпы көлемі-1168,6 ш.м., экспозициясы-759,3 ш.м.


 Борили новый (2)     Бөрілі қаладан 82 шақырымда Семей-Қарауыл тас жолының шығыс жағында төрт шақырым қашықтықта. Жол бұрылысының мұражай-үйге бағыттамалық белгі-ескерткіштен (ашулы кітап кескін үлгісіндегі) басталады. Бөрілі жер өңірі және елді мекеннің байырғы атаулар аты. ХІХ ғасырдың соңғы ширегінен бері Абай мен Әуез арасындағы келісім-ұйғарыммен Әуез әулетіне қараған. Абай заманынан бері Әуез әулетінің ата қоныс-қыстауы. Шыңғыстағы Қызылшоқыдан көшіп келіп орналасқан. 1987 жылы қыркүйекте облыстық тарих-өлкетану мұраждайының бөлімі ретінде ресми түрде мұражай болып ашылды. 1987 жылы желтоқсан айының 25-де ҚазССР Мәдениет министрлігінің № 411 бұйрығымен Абайдың республикалық әдеби-мемориалдық мұражайының қарамағына берілді. Мұхтар Әуезовтың 80, 90, 100 жыл толған мерей тойлары кездерінде қалпына келтіру, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді ғимараттың бұрынғы нұсқа нобайы толық сақталған. 1997 жылы мұражай-үйі қайта жабдықталып, ішкі әлемі қайта жасандырылды. Жылу жүйесі бөлмесі орнынан Әуез бөлмесі жаңадан жасалды.Мұхтар Әуезовтың мұражай-үйі 13,2 х 22,3 көлемінде және биіктігі 3,5 метр, бір қабатты кірпіштен салынған. Ғимарат 8 бөлмеден тұрады. Мұражайдың аумағы 120,0 х 138,0 метр және темір шарбақпен қоршалған, көгалдандырылған. 



маканшы      Әсет Найманбайұлы мұражайы ақынның туғанына 125 жыл толу мерекесі қарсаңында Қазақ ССР министрлер кеңесінің 1990 жылғы 19 наурызындағы № 114 қаулысына сәйкес 1992 жылы 26 сәуірде Үржар ауданының Мақаншы ауылында ашылды. Ғимарат бірқабатты кірпіштен салынған. Салынған уақыты шамамен 1950 жылдар. Бастапқыда бұл үйде балалар бақшасы, кейіннен Мақаншы аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі орналасқан. 1998-2004 жылдар аралығында аудан әкімшілігінің қолдауымен осы ғимаратты мұражай қызметкерлері күрделі жөндеуден өткізіп, 2004 жылы Әсет мұражайы толығымен осы ғимаратқа көшірілді. Мұражай іші көлеміне қарай 14 бөлмеге бөлінген. Мұнда көрме залы, акт залы, 2 экспозициялық зал, кітапхана, мұрағат, қор бөлмесі, қызметкерлер бөлмесі, шеберхана бар. Бұрынғы ескі мұражай үйі бұзылып оның ауласы қазіргі ғимараттың ауласына қосылды.


Зере мен Улжан    Зере (1785-1873ж.ж) Өскенбай бидің бәйбішесі, Құнанбай қажының анасы, Абайдың ұлы шешесі. Зерені Ырғызбай тұқымдары, барша ауыл адамдары «Кәрі әже» деп атапты. Зередей енесімен қатар жерленген көп жылдар бойы сыйласып ғұмыр кешкен келіні, Құнанбайдың екінші әйелі, Абайдың анасы-Ұлжан (1810-1887ж.ж). Ізгі жүректі үлкенге қамқор, кішіге пана бола білген Зере әже мен Ұлжан ана Абай өміріне, ақындығына игі әсерін тигізді. 1986 жылы қабір айналасын қайтадан жөнге келтіріліп, ана бейіттерінің басына шығыс үлгісімен алты қырлы мавзолей орнатылды. 

 



АЛАШ      «Алаш арыстары-М.Әуезов» мұражай-үйі ғимараты (қазір Бөгенбай батыр көшесі, 132 бұрын Полицейская, 1877, Комиссарская, 1918) ХІХ ғасырдың екінші жартысында салынған. М.Әуезов, Ж.Аймауытов, М.Дулатовтың Семейде қызмет еткен жылдарына ерекше қатысы бар мекен-жай. Қос қабатты ағаштан салынған, астыңғы қабаты қызыл кірпіштен жасалынған. Бұл үйдің иесі-Әнияр Молдабаев (1856-1934)-Шыңғыс болысынан, Абайдың замандасы, жерлесі, шәкірті. Әнияр Молдабаев 1898 жылы 19 қаңтарда көпес Москвиннен сатып алған. Үйді сатып алу кезінде Абай мен оның балалары қаржылай тұрғыда көмектескен. Абай, М.Әуезов өмірлеріне тікелей қатысы бар тарихи орын болғандықтан, Ә.Молдабаевтың үйінде 1944-1967 жылға дейін Абай мұражайы
орналасты. 1988 жылға дейін қаладағы балалар кітапханасы болып, 1990 жылы Абай мұражайына қайта берілді.1997 жылы 28 қыркүйекте М.Әуезовтың 100 жылдық мерейтойына орай «Алаш арыстары-М.Әуезов» атты жаңа мұражай экспозициясы ашылды. 1997 жылы ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілді, бірақ бастапқы тұрпаты көп өзгеріске түскен жоқ.


     Ахмет Риза от 16 июля 2012 Ахмет Риза медресесі Семей қаласындағы діни медресе. Оны Ахмет Риза деген имам ұйымдастырған. Абай 1855-1859 жылдар аралығында осы медреседе оқыған. Кейіннен Ахмет Риза -медресесіне ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында (1992-1993) қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мұнарасы тұрғызылып Дулатов көшесі мен Интернационал көшесінің қиылысына көшірілген. Медресенің ішкі жағында әдеби экспозицияны бейнелейтін екі үлкен бөлме орналастырылған. Медресе ағаштан салынған, астында фундаменті бар. 2011 жылы Ахмет Риза мешіт медресесінің сыртқы қабатына күрделі жөндеу жұмыстары «Қазқайтажаңғырту» мемлекеттік кәсіпорнымен жүргізілді.


 IMG_1012     Ахмет Риза мешіт-медресесі 1949 жылы бүлінген. Кейіннен Ахмет Риза мешіт-медресесіне ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында (1992-1993) қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мұнарасы тұрғызылып Дулатов көшесі мен интернационал көшесінің қиылысына көшірілген. Ахмет Риза медресесі Семей қаласындағы діни медресе. Оны Ахмет Риза деген имам ұйымдастырған. Абай 1855-1859 жылдар аралығында осы медреседе оқыған. Көнекөз қариялардың айтуынша Ахмет Риза медресесі сол дәуірде басқа діни оқу орындарының  ең озығы болған деседі. Ахмет Риза медресесі мен мешіт ағаштан салынған, астында фундаменті бар. 2011 жылы Ахмет Риза медресесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары «Қазқайта жаңғырту» мемлекеттік кәсіпорнымен жүргізілді.


әкімшілік   Мұражай әкімшілігі орналасқан ғимарат шамамен 1940 жылы салынған. Семей қаласы Интернационал көшесі 29 үйде орналасқан мұражай әкімшілігі ғимаратына ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында күрделі жөндеу жүргізілгенімен бастапқы тұрпаты көп өзгеріске ұшыраған жоқ. Мұражай әкімшілігінің ғимараты қос қабатты және кірпіштен салынған. Кеңес дәуірі кезеінде бұл ұйде «Одақтық баспа» мекемесі орналасқан. Кейіннен 1990 жылдары  Абай мұражайының балансына өткен. Қазірі уақытта ғимаратта Абай мұражайының әкімшілігі жұмыс істейді. 2011 жылы Абай мұражайының өз қаражатына ғимараттың сыртқы қабатына ағымдағы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

 


кенгырбай     Кеңгірбай Жандосұлы (1735-1825) тобықты ішіндегі жігітек руынан тарайды. Атақты би, ру басы. Ол оңтүстік Қазақстандағы Кеңгір өзенінің бойында дүниеге келген. Кеңгірбай Абайдың ұлы атасы Ырғызбаймен өте сыйласымды ғұмыр кешкен 1825 жылы қайтыс болған. Бейітін Құнанбай Өскенбайұлы тұрғызған. Ескерткіш негізінен ХІХ ғасырдың бірінші жартысының ортасында салынған. Кейінен 1997 жылы Абай ауданы халқының қолдауымен ескерткіштің сырты ақ ұлытасымен қапталған. Кеңгірбай би мазары  жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші болып табылады.

 


 кесене    Абай мен Шәкәрім кесенелері 150 жылдық шаралары бойынша мавзолейлік үлгі жобасында жасалып, қазіргі қос мұнаралы «Мавзолейлер кешен ғимаратына» айналды. Осы кешенді салуға  республикалық байқау жүргізілді. Байқауға алты архитектура тобы қатысты. 1991 жылы 19 наурызда республикалық жабық конкурстың комиссиясы өзінің мәжілісінде келіп түскен жобаларды қарап, жеңімпаздарды анықтады. Олар халықаралық конкурстардың лауреаты архитектур Бек Ибраев басшылық ететін авторлық  топ болып шықты. Мемориалды кешеннің құрылысы 1993 жылы наурыз айында басталды. Мемориал тұжырымдамасының негізі болып, қазақтардың космогониялық дәстүрлі ұсынымдары қабылданды. Аталған концепцияға бойынша бұрыштарын көк аспан тіреп тұратын,  жердің төрт тұғыры болады, ал көк төбе ортасы аспан мен жерді байланыстырған әлемдік ағаш бәйтерекпен аяқталған. Жер табанынан бес метрлік биіктегі мавзолей алаңының ені 65, ұзыны 200 метр бір шаршыны алып жатыр.


кокбай мазары 

 

     Көкбай ақынның мазары Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Көкбай ауылдық округінің Тақыр елді мекенінде кезінде Көкбай бала оқытқан медресе жанында орналасқан. Көкбайдың бейіті 1926 жылы қаланған. 1994 жылы ақын зиратының басына Абай ауданы Көкбай ауылы жұртшылығының қолдауымен кесене тұрғызылды. Мазарға Маңғыстаудың ақтасы қойылып, қазіргі сәулет өнерінің үлгісімен әшекейленіп жасалынды. Авторы Сайын Назарбеков.

 

 


кщкбай медресе      Көкбай Жанатайұлы (1861-1925) Абайдың ең талантты шәкірті, адал досы, 25 жыл өмірін бірге өткізген. Абай 1889 жылы «Дала уалаяты» газетінде (№17) «Жаз» өлеңін Көкбай атынан жариялаған. Көкбай Абайдың өмірбаянын жазушыларға барлық толық жинағын құрастыруға көмек көрсеткен. Көкбайды 1901жылы 10 кыркүйекте Әскери Губернатор өзінің № 8 бұйрығымен Мұқыр еліне молдалыққа тағайындайды. Көкбай Тақырда мешіт-медресе ашып, бала оқытқан, медреседе шамамен 200-300 бала оқыған. Медреседе Найман, Тобықты, Керей, Уақ-төрт ру елден жиналған шәкірттер азық-түлігімен келіп, жатып оқыған. Оқу мұсылманша, орысша екі тілде жүргізілген. 1924 жылы Абайдың өмірден өткеніне 20 жыл толуына байланысты  Семейде өткізілген еске алу кешіне қатысып, Абай туралы естелік айтқан. Көкбай Шыңғыстаудың етегіндегі Тақыр деген жерде дүниеге келген. Алғаш сауатын әкесінен ашып, кейіннен бірнеше жыл Төлеутай молладан дәріс алған. 17 жасында Семей қаласына келіп үш кластық орысша училищеде оқыған. 1910 жылы Уфа қаласына барып ресми молла дәрежесін алған. 1913 жылы Меккеге барып қажы болып қайтқан. 1994 жылы Абай ауданы Көкбай ауылы жұртшылығының қолдауымен мешіт-медресе жанынан мазар тұрғызылды. 2011 жылы қыркүйек айының 15-16 күндері ақынның туғанына 150 жылдық тойы республикалық деңгейде Абай ауданында тойланып өтті. Ақын мерейтойына орай мұражай экспозициясы Абай мұражайының қызметкерлерімен  жаңадан өңделіп жасалды. Мұражайдың сырты, ішкі жағы Абай ауданы азаматтарының қолдауымен толық жаңартылды.


 


Кунанбай кудыгы    Құнанбай құдығы Жидебай қорығындағы Абайдың мұражай үйінен 120 метр аралықта орналасқан. Құнанбай Өскенбайұлы Абайдың туған әкесі аға сұлтан , болыс болып, ел билеген адам. Ол өзінің билік жүргізген уақытында шаруашылыққа жайлы қыстаулар мен жазғы жайлымдарды өз пайдасына шешіп отырған. Солардың бірі Жидебай мекені, Құнанбай құдықты қыстақты салар кезінде қаздырған. Жидебай мекені Оспан үйленгеннен кейін оның иелігіне көшеді.  

    Жидебай қорығындағы Абайдың мұражай үйінен 120 метр аралықта орналасқан.  Құдыққа дейінгі жол бетонмен төселген. Құдықтың тереңдігі 2 метр, табиғи тастармен қапталған. Диаметрі 2,5 метр. Темір қоршаумен қоршалған. Құдықта су алатын арнайы құрал бар. Құнанбай құдығы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.


 

мешіт жидебай   

      Мавзолей ғимараты сыртындағы кіре берісте бой көтерген мешіт-ғибадат орны. Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай мавзолей кешені құрамындағы тұрғызылған сәулет ескерткіші. Мешіт Батыс Қазақстандық стильмен Маңғыстаудың ақтасынан салынған. Қабырғаларында қазақ ою-өрнек үлгілерінің кескіндері бейнеленген.

 

Мешіт төрт бұрышты 13,6 х 13,6 размердегі  және биіктігі 4,20 метр нысанды иеленеді. Жалпы биіктігі басындағы айды қосқанда 13,0 метр, төбесі төрт конус кейіпіндегі куполмен жабылған. Мешіт Батыс Қазақстандық стильде, Маңғыстаудың ақтасынан салынған. Қабырғаларында қазақ ою-өрнек үлгілерінің кескіндері бейнеленген.

 


 

Оспан құдығы    Оспан Құнанбайдың кіші ұлы, Абайдың інісі. Құнанбай өз ұлдарына енші ретінде жер  бөлу кезінде Жидебай қорығы аумағын Оспанға берген. Оспан ерте қайтыс болған. Жесір қалған жұбайы Еркежан Әубәкір мен Пәкизатты тәрбиелеп өсірді. Қуғын-сүргін уақытында Абайдың ұрпақтары туан жерінен ығыстырылған, оның ішінде Әубәкір де бар. Әубәкір туған жерінен кетер кезінде туған жеріне қатысты өлең шығарған, ол өлеңінде туған жеріндегі көл жөнінде де айтылған. Оспанның құдығы Жидебайдағы Абайдың мұражай үйінен 150 метр аралықта орналасқан. Бірақ уақыт өте келе құдық жабылып қалған, қазіргі уақытта оның орналасқын жерін нақты анықтау мүмкін емес. 


 

Зұлғарыш қыстағы1     Зұлғарыш қыстауы (Ақбаз). Зұлғарыш қыстағы Жидебайдағы Абайдың мұражай үйінің шығысында 1 шақырым қашықтықта орналасқан. Табиғи қорық аумағындағы 16 тарихи ескерткіштердің қатарына жатады. Қазіргі уақытта Зұлғарыш қыстағының орнында қорық мұражай қызметкерлерінің тұрғын үйлері орналасқан. Зұлғарыш (1910-1953)-Абайдың үлкен ағасы Тәкежанның немересі. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында әкесі Әзімбайдың бейнесі жан-жақты суреттелген. Оның Ақыш деген әйелінен Зұлғарыш, Зұлпатан деген балалары туған. Зұлғарыштың Қатира, Мәнсүр есімді қыздары және Төкен деген ұлы болған. Зұлғарыш Шәкәрім әндерінің білгірі және  шебер орындаушысы болған. Қыстаудың орында оның көлемін әлсін-әлсін суреттейтін төбешіктер түріндегі белгілер ғана қалған.


 

Құдайберді құлпытасы     Құдайберді зираты Жидебай қорығында Зере мен Ұлжанның зираттарының жанында орналасқан.  Құдайберді Құнанбайдың Күңкеден туған ұлы. Замандастарының айтуы бойынша Құдайберді ел ішінде өзінің адамгершілік жақсы қасиеттерінің жоғары болуына байланысты ерекше сыйлы адам болған. Ол ерте отбасын құрған, үлкен шарушылығы болған әрқашанда шаруашылық және отбасы жұмыстарымен айналысқан. Сондықтан да болар Құнанбай оны ел билеу ісіне көп араластырмаған. Құдайбердінің бірінші әйелі Дәметкеннен Мұртаза, Шахметден, Шәкәрім туған. Ал екінші әйелі Бөбетайдан Айнұр, Жылқыайдар  және Ырыздықбай туған. Құдайберді 1886 жылы дүниеден өткен. Жидебайда жерленген. 2006 жылы Абай мұражайы Құдайбердіге арнап құлыптас қойды. Құдайберді құлыптасы 60 х 80 размерінде  мрамордан жасалған.


 

Махмұт қорасы     Махмұт ел ішінде «Кішкене молда» атанған Мұхаметкәрімнің ұлы. Мұхаметкәрім Қазаннан Семейге қашып келіп, Құнанбай, Абай ауылын паналаған. Құнанбай , Абай ауылында үйленіп, тұрақтап  қалған. Абай қыстауынан 3-4 шақырым қашықтықта Махмұт молда мешіт, медресе салдырған ел қалауымен имам болып тұрған. Махмұт қорасы Құнанбай тұсында ашылған, оның патша үкіметіне жолдаған ресми хаты негізінде қол жеткен мектеп орны. Абай балалары дәріс алған медресе. Медреседе Абай балалары және Жидебайда қоныстанған ауылдың балалары сауаттарын ашқан. Махмұт Кәкітайдың замандасы болған.   Махмұт қорасының орналасқан жері Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Жидебай қорығы. Қазіргі уақытта қыстақтың тұрған орнында тек көрінер-көрінбес белгілер және олардың орналасқан жері мен көлемін сипаттатын үйінділер ғана сақталған.