АБАЙДЫҢ "ЖИДЕБАЙ-БӨРІЛІ"

МЕМЛЕКЕТТІК ТАРИХИ-МӘДЕНИ

ЖӘНЕ ӘДЕБИ-МЕМОРИАЛДЫҚ

ҚОРЫҚ-МУЗЕЙІ

 

 

 

8 (7222) 52-38-52, 52-24-22

ШҚО, Семей қаласы, Қайым Мұхамедханов көшесі, 29

KZ RU EN
« Назад

МУЗЕЙГЕ САПАР МЫҢ ТҮРЛІ ОЙҒА САЛДЫ 08.01.2018 14:39

Рисунок1   Асыл сөзді іздесең,

   Абайды оқы, ерінбе.

   Адалдықты көздесең,

   Жаттап тоқы, көңілге.

  Ақиқатында, «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» деген сөз текке айтылмаған. Абай – артына өлмейтұғын мұра қалдырған ақын.  Ол өз дәуірінің көзі ашық, көкірегі ояу данагөй данышпаны, қазақтың жанашыры болған.

  Біз, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің «Геодезия және картография» мамандығының 1-курс студенттері, жуырда ғана ойшыл ақынның шығармашылығымен жан-жақты танысу үшін Абай музейіне бардық.

  Қазақтың ұлы ақыны Абайдың өмір жолы мен жазған еңбектерімен жақыннан танысып, ғұламаның өз қолымен жасап, тұрмыста тұтынған көне заттарын көзбен көріп, ғажап бір күйге бөленіп қайттық.

  Абайдың өлеңдері мен қара сөздері – кез келген адамның санасына ерекше әсер етіп, терең ойға батырады. Осындай ұлы ақынның өмір жолына саяхат жасау – біз үшін зор ғанибет. Өйткені, біз Абайдың өмір жолына ғана емес, сонымен қатар, Шәкәрім Құдайбердіұлының, Мұхтар Әуезовтің де өмірінен біраз мәліметтер алдық.

  Әсіресе, Абайдың 150 жылдығына тарту етілген «Зерде» кітабы біздің ықыласымызды аударды. Себебі, бұл кітаптың әр парағы күміс қоспасынан жасалған екен. Кітаптың алғашқы бетінде Елбасымыздың сөзі жазылғанын көрдік.

  Абай музейіне келу арқылы біз ойшыл ақынның ғажайып жұмбақ ойларының бір парасына аздап бойлағандай болдық. Бұл біздің студенттік дәуренімізде өмір-өзеннің қайсыбір иірімдерін өзімізше ұғып, түсініп, түйсінуімізге арналған алғашқы толқын, бастапқы баспалдақтары секілді. Келешекте таным-түсінігімізді тереңдетіп, парасат-пайымымызды кеңейтуде Абай атамыздың шежіре тарихын оқып, оның өмір жолын, жасаған ғибратты жұмыстарын өзімізге өнеге ететін боламыз.

  Осылайша, ақынның өмір жолымен жақыннан танысып, жан дүниемізді байыттық деп ойлаймын. Сөйтіп, Абай шаңырағына келуіміз – біздің рухани жаңғырып, серпілуімізге оң септігін тигізді.