АБАЙДЫҢ "ЖИДЕБАЙ-БӨРІЛІ"

МЕМЛЕКЕТТІК ТАРИХИ-МӘДЕНИ

ЖӘНЕ ӘДЕБИ-МЕМОРИАЛДЫҚ

ҚОРЫҚ-МУЗЕЙІ

 

 

 

KZ RU EN
« Назад

ҰЛЫ АҚЫН МҰРАСЫ ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНАЛАРДА 30.06.2017 10:23

  1-1Ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының  соңында қалған мұраларын сақтау мен тағылымын қалың елі қазағына жеткізудің маңыздылығы  – жалпыұлттық мәселе. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Ең басты мақсат – Абай әлемінің бар құдіретін, болмыс-құпиясын төрткүл дүниеге барынша мол таныту. Абайды жете таныту арқылы туған халқымыздың мәдени келбетін, қадір-қасиетін, шыққан биігін, рухани жетістіктерін әлемге әйгілеу» деген сөзі музей қызметкерлеріне серпін беруде. Осы бағытта атқарылатын іс-шаралардың басым бөлігі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің еншісіне тиюі де заңдылық. Ұлы ақын өнегесін паш ету мақсатында тынбай жұмыс жүргізіп келе жатқан Бас музей биыл іс-шаралар қанатын бұрынғыдан да жетілдіріп, насихат ауқымын кеңейте түсті.

  Атап айтқанда, үстіміздегі жылы «Адамзаттың Абайы» тақырыбындағы музей көрмесі Өзбекстан төрінен орын алып,2-2 бауырлас ағайынға, бір қауым қандастарымызға рухани нәр сыйлап қайтты. Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының 25 жылдығы мен қазақ тілді телебағдарламаның 50 жылдығы мерекесі ортасынан орын алған көрме көпшілік назарында болды. Адамзат ойының алыбы Абай мұрасына деген қызығушылық пен құрмет екі жақты меморандумға түрткі болды. Осы сапар аясында Абай музейі мен Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдениет орталығы арасында рухани байланысты нығайта түсу негіздері бойынша келісім жасалды.

  Абай музейінің директоры Болат Жүнісбековтың басшылығымен керегесін кең салған шаралардың келесісіне тоқталсақ – ол ұлы ақын мұрасына арналған көрмелердің қатарынан екі бірдей Ұлттық кітапханадан орын алуы. Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында «Абай жолы»: алашты паш еткен әлемге» деген атаумен сап түзеген көрме заңғар жазушымыз, абайтанудың негізін қалаушы, қазақ әдебиетінің классигі 3-3М.Әуезовтің 120 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Академик Қ.Сәтбаев: «Қазақ өмірінің энциклопедиясы» деп бағалаған «Абай жолы» романын арнайы көңіл бөлу арқылы М.Әуезов ғұламалығына оқырман көңілін аудару көзделді.  Жазушы осы төрт кітапта қазақ халқының фольклорын, шығыс, орыс, еуропа әдебиетімен байланысын, ғылым мен білімге деген бетбұрысын түгелдей сәтті суреттеген. Атаулы көрменің негізгі мақсаты - М.Әуезовтің асыл мұраларын, жас буынға үлгі боларлық өмір жолын, күрескерлік бейнесін, қайраткерлік болмысын барынша айшықты қамту. Сол арқылы жастардың Мұхтар Омарханұлының өлшеусіз еңбегін, дарын-дариясына деген ынтасын ояту. Осы бағытты жалғастыра отырып көрме Ұлттық кітапханадан соң «Абай ілімі және рухани жаңғыру» тақырыбымен М.Әуезовтің музей-үйінде ашылады.

  Абай музейінің Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасынандағы «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» аталатын көрмесі «ЭКСПО-2017» салтанатына үн қосып, жаһан қонақтары алдында ұлттық ой-парасат пен таным-тағылымды паш етіп тұр.

  Көрмені ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қ.С.Уалиев арнайы ашып,4-4 руханиятымызды жаңғырту бағытындағы еңбекке сәттілік тіледі. «Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында музей қызметінің негізгі мақсаты – ұлы ақынның мәдениетіміз бен әдебиетімізге қосқан үлесін  шетелдік қонақтарға кеңінен насихаттау болып табылады,» - деді ол.

  Көрме қамтыған  тақырыптар да  мәдениетіміздің мәйегінен сыр шертетін мазмұнды қамтуға тырысқан еді. Атап айтқанда, «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», «Білімдіден шыққан сөз», «Өлең сөздің патшасы - сөз сарасы», «Абай – терең теңіз, алып мұхит», «Бұрынғы жақсылардан өрнек қалған», «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар», «Замандардан асқан  заңғар» тақырыптары арқылы Абайдың қазақ халқының ұлттық санасының оянуы мен рухани қайта жаңғыруы жолындағы  шығармашылығы мен қоғамдық қызметін жан-жақты аша түскендей. Оған қоса Абайдың өз қолымен 1885 жылы Семейдің өлкетану музейіне тапсырған заттары, әлем тілдеріндегі ұлы ақын шығармаларының бірегей басылымдары көрмеге келушілерге үлкен әсер сыйлағанын айта кеткен орынды.

  Сонымен бірге, Астана төріндегі көрменің ашылу салтанаты әдеттегіден бөлек тың рәсімдерге толы болды. Соның бірі – ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының жаңадан табылған «Майдақоңыр» күйінің тұсаукесері жасалғандығы. Күйді ҚР Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, күйші Р.Нұркенов орындады. Күй соңынан көпшілік назарына сирек орындалып жүрген халық әндері де ұсынылды. Музейдің "ЭКСПО-2017" көрмесі қонақтарына арнап Абай өлеңдерінің қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдерінде шығарылған сыйкәделік қалта кітаптары таратылды.

  Қорыта айтқанда,  рухани қазынамызға қатысты құнды дерекетерді қамтыған бұл көрменің қоғамға берер тағылымы мол екені мамандар тарапынан мақұлданып та жатыр. Сол себепті, Абай әлемін танытуға арналған айтулы көрме ҚР Ұлттық академиялық кітапханадағы мерзімі біткен соң Л.Н.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінде жалғасатын болады.