name

8 (7222) 52-38-52, 52-24-22

ШҚО, Семей қаласы, Интернационал көшесі, 29

KZ RU EN
« Назад

АБАЙ ЕЛІНЕ ҮЗДІК СТУДЕНТТЕРДІҢ САПАРЫ 24.05.2017 07:43

  кесене1«Еліміздің ертеңі жастардың қолында» дегенді нақтылай түссек, ұлтымыздың да болашағы сол бүгінгі жас буынның қалай қалыптасуына байланысты. Білімге басымдық беріп, тәрбиені босаңсытып алған елдердің ертеңі бұлыңғыр екені тағы белгілі. Білім мен тәрбиенің өзі ұлттымыздың рухани болмысымен біте қайнап, тамырлы танымынан нәр алып отырса нұр үстіне нұр болмақ. Осы межеден келгенде қанып ішер қайнар бұлағың да, маржанын теретін телегей теңізің де – ұлы Абай!

  Абайдың «Жидебай-Бөрілі» Мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық-мұражайының да барлық іс-шаралары сол аталған елдік мүдденің аясында жалғасып келе жатыр. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы мұражай басшылығы тарапынан белгіленген іс-шараларды толықтыра түсуге ықпал етті. Соның бірі – жоғары оқу орындарының студенттерін Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайы және ұлы ақынның Жидебайдағы мұражай-үйімен тығыз байланыстырудың жолдарын қарастыру. Сол арқылы болашақ мамандардың танымын Абай көрсеткен айшықты тағылыммен байыта түсіп, елі мен жерін Абайша сүюге баулу. Мұражай басшылығы ұлт болашағы үшін осы және өзге де қажеттіліктерді айта келе ҚР Білім және ғылым министрлігіне студенттерді осы мұражаймен қатынастыруға қатысты ұсыныс-хат жолдаған болатын.

  «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» Мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық-мұражайы» РМҚК директоры Б.Жүнісбековтың Абай өнегесін өскелең ұрпақ бойына сіңіру жөніндегі ұсынысы министрлік тарапынан қолдау тауып, аталған мәселені назарға алу жөнінде жоғары оқу орындары ректорларына ресми хат жолданғаны жөнінде жауап келді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоғары және жоғары оқу орындарынан кейінгі білім департаменті директоры Д.Ахмед-Закидің қолы қойылған жауап мұражай бастамасымен мазмұндас екенін де айта кеткен артық болмас. Екі тарап та қазіргі заманда белсенді іс-қимыл арқылы ұлттық бірегейлікті сақтай отырып рухани салада бәсекеге қабілетті мемлекет құруға деген ұмтылыс еліміздің басты қағидасы болып табылады деп есептейді. Сонымен бірге болашақ мамандардың осы бастан Семейдегі киелі орындар:Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайы және ұлы ақынның Жидебайдағы мұражай-үйіне келіп, ұлы тұлғалар мұрасымен жақын танысуы олардың бойына қайраткерлік қасиеттерді сіңіреді деп санайды.

  Жастар танымын ұлттық негізге бұрудың осы тектес бағыттарды мұражай тарыпынан қолға алу әлі де жаслғасын таба бермек. Себебі, Мемлекет басшысының жоғарыда аталған мақаласында аталған тапсырмалар өз дәрежесінде жүзеге асуы тиіс.