name

8 (7222) 52-38-52, 52-24-22

ШҚО, Семей қаласы, Интернационал көшесі, 29

KZ RU EN
« Назад

АБАЙ МУЗЕЙІ: БИ-АТА КЕСЕНЕСІНЕ ШЫРАҚШЫ БЕКІТІЛДІ 09.06.2017 14:42

  Би атаАбайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейіне қарасты шалғай орналасқан зиярат орынының бірі – Кеңгірбай би кесенесі. Ел аузында «Би-ата» атанып кеткен тарихи тұлғаның қорымына атбасын бұрушылар әуелден аз емес. Би-атаның рухын ардақ тұтқан азаматтар оның ескі қорымын 1996 жылдары Ақтаудың тастарымен әрлеп, басына мешіт, шағын асханалы қонақжай салып, кішігірім кешенге айналдырған. Мұның бәрі Би ата басына зиярат етіп келушілер үшін өте қолайлы жағдай болды.

  Алайда, осының бәріне біреу иелік жасамаса қандай нәрсе болмасын уақытынан ерте тозбай ма? Би-ата кесенесі де соңғы бірнеше жылдан бері қараусыз қалғандықтан әлгі ғимараттардың сүреңі қашып сөгіле бастаған еді. Бұл жөнінде «Жидебай» қорығының меңгерушісі Ерғали Икенов: «Би-ата кешеніне былтырдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ғимараттардың шатырлары мен қабырғалары қалыпқа келтіріліп, төбенің суағарлары жөнделді. Тозып кеткен есіктер қазіргі  қымбат темір есіктермен ауыстырылды», - дейді.

  Асылы, Би-ата кесенесіне келушілер қатары жаз кезінде үзілмейді. Солай болатындығы – еліміздің әр түкпірінен және Рессей қалаларынан Қоңыр әулиге барушылардың осында көптеп бұрылатындығы. Осы және өзге де қажеттіліктерді ескерген Бас музей басшылығы Би ата кесенесіне шырақшы тағайындау жөнінде шешім қабылдады. Қазіргі таңда Ербол Жұмаділов есімді азамат айтулы кесененің шырақшысы болып қызмет атқаруда. Оның міндеті алыс-жақыннан келген жолаушыларға жөн сілтеп, сондағы бар дүниелердің дұрыс қолдануын қадағалап, келген адамдардың өтінішіне орай құран бағыштау.