name

8 (7222) 52-38-52, 52-24-22

ШҚО, Семей қаласы, Интернационал көшесі, 29

KZ RU EN
« Назад

АБАЙ ӨЛЕҢДЕРІН ОҚИМЫЗ! 02.06.2017 13:20

«Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге»

Немесе:

«Ақ киімді денелі, ақ сақалды,

Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.

Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,

Басқан жері сықырлап, келіп қалды»

  Бұл өлең жолдарын жаттамаған адам жоқ шығар. Бірақ кезінде жаттаған өлеңді ойда сақтау бар да, ал оны дауыстап оқып беруге әркім бара қоймас!..

  Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі «Қазақстан» Республикалық телеарнасы басшылығының қолдауы арқылы «Қазақстан Семей» филиалымен бірлесе отырып «Абай өлеңдерін оқимыз!» жобасын жүзеге асыруды қолға алды. Біз Абай Құнанбайұлы шығармаларының видеожинағын жасауға баршаңызды шақырамыз!

  Өзіңізге ұнаған өлеңді оқып видеожазбасын жасаңыз. Бұл ретте штативке орнатылған кәсіби камераға арнайы студияда түсірілім жасау құпталады, бірақ ол міндетті шарт емес. Өзіңіздің смартфоныңыздың камерасына да жазуға болады және түсірілім көлденеңінен жасалуы қажет екенін, сыртыңыздағы фон көңілді алаңдатпайтындай болуы керектігін ұмытпағаныңыз абзал.

  Өлең оқыған адам белінен жоғары ғана түсіріліп, оқуды бастамас бұрын кітапты сол қолымен біреуден алып, өлеңді оқып болғаннан кейін оң қолымен екінші біреуге бергендей жазылады. Сонда видеожинақты монтаждау кезінде Абай жинағы қолдан қолға беріліп жатқан сияқты әсер қалдырар еді.

  Өлең оқимын деген адамдардың жасына шектеу жоқ және қазақ тілі сіздің туған тіліңіз болуы да шарт емес. Видеожинақтың сәтті шығуы – әр жастағы, әр түрлі мамандық иелерінің белсене үлес қосуына тікелей байланысты. Абай шығармалары барша адамзатқа ортақ құндылық екенін ұмытпайық!

  Өз видеожазбаңызды 1 шілдеге дейін «Қазақстан» телеарнасының өңірдегі филиалдарына не болмаса readabai@mail.ru адресіне жіберіңіз. Сонымен қатар жазбаны әлеуметтік желілерге (Facebook, VK, Instagram) #абайдыоқимыз хэштегімен жариялауға болады. Өңірлік телеарналар іріктеген үздік он жазбаның негізінде бір сағаттық Абай өлеңдерінің видеожинағы жасалып, ұлы ақынның туған күні – 23 тамызда республикалық БАҚ арқылы таныстырылады және еліміздегі жұрт көп шоғырланатын жерлерде: вокзал, автовокзалдар, автобустар мен пойыздарда, ойын-сауық кешендерінде көрермен назарына ұсынылады.