"Қазақстанның аса көрнекті тұлғалары музейлері" Қауымдастығы аясында Абайдың
«Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі және М.Ғабдуллин атындағы әдеби-мемориалдық музейімен бірлесе отырып «Абай әлемі және Базаралы тағдыры» тақырыбында ғылыми-танымдық дөңгелек үстел өткізілді.
Танымдық отырыс М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы басты кейіпкерлердің бірі Базаралы тұрғысында өрбіді. Шараға Көкшетау өңіріндегі Базаралы Қауменұлының ұрпақтары
Оралбек Сайдалин, Арман Нұрпейісов, М.Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек, Жарма ауданының тұрғыны, Базаралының шөбересі Ағыбай Кенесарин, шежіреші, тарихшылар Бекен Исабаев, Молдабек Жанболатов және тағы да басқа зиялы қауым өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел барысында Базаралының көркем шығармадан бөлек өмірде қандай адам болғандығы жайында, тарихи тұлғаның жерленген жері тұрғысында әңгіме айтылып, зерттеуге қатысты тың тақырыптар талқыға түсті. Жиын соңында келген қонақтар мен көне көз қариялар Абай шаңырағына алғысын білдіріп, естелік суретке түсті.