АБАЙДЫҢ "ЖИДЕБАЙ-БӨРІЛІ"

МЕМЛЕКЕТТІК ТАРИХИ-МӘДЕНИ

ЖӘНЕ ӘДЕБИ-МЕМОРИАЛДЫҚ

ҚОРЫҚ-МУЗЕЙІ

 

 

 

KZ RU EN
« Назад

2018 ЖЫЛ – ШӘКӘРІМ ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫНЫҢ 160 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАП «ШӘКӘРІМ» САЙТЫ АШЫЛДЫ 14.12.2017 15:05

са2018 жылы ақын, аудармашы, сазгер, тарихшы, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына – 160 жыл толады. Шәкәрім Құдайбердіұлы - Абайдай ұлы ұстазынан тәлім-тәрбие алып, аманат-өсиетін екі етпей, қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан ақын.

 Өзіне «Мұтылған» ат деп қойған ақын есімі тар құрсауда қалып қойды. Сол бір Кеңес үкіметі кезінде Абайдың ақындық айналасын зерттеп, әсіресе, Шәкәрім шығармашылығы жөнінде әділ пікір айтуға, тиісті бағасын беруге ұмтылған М.Әуезов пен Қ.Мұхамедхановтардың сағын сындыруға тырысты. Соған қарамастан, «Абайдың ақындық айналасы» тақырыбында зерттеулер жүргізілді.

1958-1984 жылдар аралығында Шәкәрім шығармашылығы толық ақталмаса да ұлы Ахат Шәкәрімұлы әкесінің еңбектерін көптеген ғылыми-зерттеу орталықтары: Алматыдағы Ұлттық кітапхананың, Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасының, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының және Семейдегі Абайдың қорық-музейінің қолжазбалар қорының сақтауына өткізді. Бұл Шәкәрімді тануға зор мүмкіншілік берді.

Еліміз егемендік алғаннан кейін Шәкәрім мұрасы осы құрсаудан босатылып, өмірбаяны, шығармашылығы, ақындық мұрасын зерттеуге мол мүмкіншілік, жол ашылды

Адамдық борыш ар үшін,

Барша адамзат қамы үшін.

Серт бергем еңбек етем деп,

Алдағы атар таң үшін, -

деп «ар» ілімін өмірінің мақсаты деп танып, елінің қамы үшін ерінбей еңбектеніп, келешек ұрпағына өшпестей мұра қалдырған Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдық мерейтойы қарасаңында және 16 желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесіне арнайы «Shakarim.kz» виртуалды көрмесін ашып отырмыз.са (2)«Бостандық таңы атты» деп баршаға қуана жар салған Шәкәрімнің арманы орындалды. Бұл тек Шәкәрімнің ғана емес барша алаш жұршылығының арманы еді. Сондықтан виртуалды көрмеміздің бас беті Шәкәрімнің «Бостандық таңы атты» өлеңімен ашылды.

          Көрме бірнеше бөлімнен тұрады:

  1. Басты бет.
  2. Көрме туралы кіріспе.
  3. Өмірдерек.
  4. Шыңғыстау шынары. Шыңғыстау шынары бөлімі Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңдері, аудармалары, поэмалары, көсем сөздері, мәйек сөздері тармақтарынан тұрады.
  5. "Осы оймен Мекке барғамын".
  6. Шәкәрімнің қоғамдық қызметі.
  7. Абай және Шәкәрім.
  8. Шәкәрім және Әуезов.
  9. Музей қорынан шашу. Музей қорынан шашу бөлімі «Шәкәрім бейнелеу өнерінде», «Шәкәрім фотосуреттері», «Шәкәрімнің ән-күй мұрасы» тарауларынан тұрады.
  10. Шәкәрімтану.
  11. Шәкәрім ұрпақтары.
  12. Пайдаланған әдебиеттер.

 

 са (3) Заман талабына сай жаңа технологиялар қарқынды дамып келе жатыр. Сондықтан музей саласы да заман көшіне ілесіп, алға жылжуы шарт. Музейге адамдардың жиі келуге мүмкіндігі бола бермейді. Музейде жасалған көрмелерді көрермендерге кеңінен таныстыру мақсатында «Шәкәрім» сайты ұсынылып отыр. Басқа виртуалды көрмелерден біздің көрменің ерекшелігі - Шәкәрім шығармалары мен шәкәрімтанудағы ғалымдарымыздың еңбектері және музей қорындағы деректер жыл бойына толықтырылып отыратын болады. Кез-келген оқырман жыл бойына өзіне қызықты болатын деректермен таныса алады деген сенімдеміз. Көрмені еш ақысыз, үйде, жұмыста отырып ғаламтор арқылы көріп, таныса аласыздар.

Бұл көрмені жасау барысында көптеген материалдар, құжаттар, архив деректері жиналды. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің қорында жылдар бойы мұрағаттар мен ғылыми зерттеулер барысында жинақталып келген қор материалдары, музей кітапханасына келіп түскен кітаптар мен мерзімді баспасөз басылымдары басшылыққа алынды.

            Сондай-ақ музей қорындағы бейнелеу өнер туындыларын және Шәкәрім әндерін осы көрмеден тамашалай алатын боласыздар.

Ескерту: Көрмеде Шәкәрім шығармаларының атаулары көк түспен жазылған тетікке басып шығарманың толық нұсқасын оқуға болады.

 

«Шәкәрім» сайтының иесі – Абайдың «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны

 

Директор,

Бас редакторы – Болат Жүнісбеков

Редакторы – Раушан Елекенова

Техникалық редакторы – Әмина Мұратқанова