name

8 (7222) 52-38-52, 52-24-22

ШҚО, Семей қаласы, Интернационал көшесі, 29

KZ RU EN

Абай дәуірі   «Абай дәуірі». Бөлім экспозициясы ақын өмірін сол кездегі заман ағымымен тығыз байланыста көрсетеді. Мұрағат деректері, фотосуреттер Қазақстанның ХIХ ғасырдағы саяси-әкімшілік құрылысы мен дала тұрғындарының хал-күйін жан-жақты ашады.

  Бөлімдегі мұрағат деректері Құнанбай Өскенбайұлы мен Абайдың әкімшілік қызметтері туралы мағлұмат береді.

   Экспозицияда Омбы, Қазақстан мұрағаттарынан алынған «Формулярные списки о службе хорунжего Кунанбая Ускенбаева», Абайдың 1876 жылы Қоңыр-Көкше-Тобықты  болыстықтың жай-күйін баяндайтын облыстық басқармаға берген статистикалық мәліметтері, 1885 жылы Қарамолада өткен «Шар сиезінде» қабылданған Абай дайындаған «Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы заң ережелері», Абайдың Сенатқа жазған хаттың көшірмелері қойылған. Экспозиция Семейге жер аударылған саяси қуғындалғандар: Е.Михаэлис, Н.Долгополов, С.Гросс, Н.Коншин, А.Блек, А.Леонтьев туралы мәліметтер, ақынның олар ұйымдастырған Бастауыш білім беру қоғамында, Санақ комитетіндегі қоғамдық қызметі туралы баяндайтын құжаттар, ақынның 1885 жылы өлкетану мұражайына тапсырған жәдігерлер орналасқан.

   «Абай шығармашылығының қайнар бұлақтары» бөлімі Абай шығармашылығын нәрлендірген адамзатүш қайнар мәдениетінің үш түрлі арнасы: қазақ әдебиеті, шығыстың рухани қазыналары, орыс, сол арқылы жеткізген батыс елдері мәдениетіне арналған. Бөлімде қазақ халқының ертеден келе жатқан бай ауыз әдебиеті мен жазба ақындарының мұралары, шығыс классиктері: Фирдоуси, Жәми, Науаи, Низами, Хафиздің шығармалары, орыстың атақты ақын-жазушылары, батыс ғұламаларының: Милль, Бокль, Спиноза т.б. еңбектері қойылған. Абай шығармашылығының бастау бұлақтарын экспозицияда суретші С.Пожарскийдің кең портреттік қабырғалық кескіндеме полотносы бейнелейді.

Экспозицияда Абайдың ақындық кітапханасы көрсетілген.

   Абай шығармашылығы«Абайдың шығармашылығы» мұражай экспозициясының 5 залында жан-жақты ашылады.

   Экспозицияның бір бөлімі Абайдың лирикалық мұралары мен қара сөздеріне арналған.

  Абай – қазақтың ұлы ойшыл ақыны, жаңа жазба әдебиеті мен әдеби тілінің негізін қалаушы. Абай қазақ поэзиясын нақтылы өнер шыңына көтерді, тақырыбын кеңейтіп, көркемдік құрылымын байытты, тіл шеберлігін жетілдіріп, жаңа жанр тудырды.

Абай ақындарға мүлде жаңа міндет жүктейді. Ақын ең алдымен халықтың адамы, оның жоқтаушысы мен жанашыры болу тиіс екенін жариялайды.

Абайдың лирикалық поэзиясынан оның ақындық шеберлігінің баға жетпес құндылығы, айрықша сыр-сипаты көрінеді. Абай лирикасы сан қырлы. Экспозицияда ақынның әр тақырыптардағы лирикалық туындылары қойылған.

Абайдың ақындық әлемі, қоршаған орта тынысы, белгілі суретші Е.Сидоркиннің гравюралары мен бөлімнің ортасынан кең орын алған «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» атты өнер туындысы – гобеленде көрініс тапқан.

 «Абай шығармашылығы» бөлімінде ақынның поэзиясымен қоса проза жанрындағы үлкен еңбегі – қара сөздеріне орын берілген. Қара сөздер стилі мен мазмұны жағынан Абайдың өзі тапқан сөз жанры.

Экспозицияда Абайдың 1909 жылы Санкт-Петербургте І.Бораганский баспасында жарық көрген тұңғыш жинағы, 1921-1922 жылдары Қазан мен Ташкентте басылып шыққан шығармалар жинағы және Абай өлеңдерінің 15 тілдердегі аудармасы қойылған.

Экспозицияның екінші бөлігі ақынның аудармалары мен ән-күй мұрасына арналған. Бөлім Абайдың А.Пушкин, М.Лермонтов, И.Крылов, И.Бунин, Я.Полонский, А.Дельвиг, Д.Байрон, И.Гете, Ф.Шиллер, А.Мицкевичтен аударған шығармаларымен таныстырады.

Бөлімде Абайдың музыкалық шығармалары: әндері, «Май түні», «Торжорға», «Желдірме» атты күйлері, Абайдың музыкалық мұрасы жөнінде өнер зерттеушілердің еңбектері қойылған. Экспозициядан орын алған Гете мұражайы сыйлаған жәдігерлер: аңшылық үйінің литографиясы, Гете коллекциясынан алынған тас, Ильменау қаласының сувенирлік елтаңбасы көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырады.

Экспозицияның келесі екі бөлігі Абайдың поэмаларына арналған. Абайдың шығыстық дастан аңыздардан немесе ертегілік тақырыптардан алынған үш сюжеттік поэмалары бар. Олар: «Ескендір», «Әзім әңгімесі», «Масғұт» поэмалары.

Бөлімдер ақын поэмаларының тақырыбы бойынша салынған суреттермен, көне грек, шығыс үлгісіменкүмбезді зал жасалынған батиктермен безендірілген.

Түрлі мәдени шаралар экспозицияның күмбезді бөлімінде өтеді.

 «Жаз» бөлімі

   Экспозицияның бұл бөлімі Абайдың 1886 жылы жазған «Жаз» өлеңіне арналған.
Бұл өлең ақын ауылы Шыңғыстау бөктеріндегі Бақанас өзенінің бойына жайлауға қонып жатқан көрініс әсерінен жазылған. ХIХ ғасырдағы қазақ тұрмысына тән табиғат пен тіршіліктің тамаша тұтастығын көрсететін бұл өлең 1889 жылы Көкбай Жанатайұлының атымен «Дала уалаяты» газетінде басылды.

Бөлімде қыр-сахараның жазғы келбеті үлкен панорама болып кескінделген. Ортада ақшаңқан алты қанат орда орналасқан. Экспозицияда көшпелі қазақ халқының бай мәдениеті, салт-дәстүрін көрсететін құнды жәдігерлер киіз үйде және жеке сөрелерде қойылған.

«Абайдың ақындық-өнер айналасы»

Абайтану ілімінің аса маңызды саласы – «Абайдың ақындық мектебі». Абайдың бастаған реалистік дәстүрін кеңінен қанат жайып таралуы осы ортадан басталады. Абай тағылымы арқылы жас ақындар өз таланттарынақындық өнер ұштап қана қоймай, ұстаздарының да ұлылығын асқақтатты.

Бөлім ұстаз ақынның тікелей тәлім-тәрбиесінде болып, Абай дәстүрін жалғастырған ақын шәкірттерінің өмір жолдары және әдеби мұраларымен таныстырады.

Экспозиция Абайдың ақындық мектебінің талантты шәкірті – ақын, философ, жазушы, тарихшы, аудармашы, публицист, сазгер Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығымен ашылады.

Экспозицияда ақынның өміріне қатысты деректер, фотосуреттер, ақынның шығармалар жинағы, ақын өмірінің соңғы жылдары өткен жерлердің суреттері, ақынның ақталуы туралы мемлекет қаулысы, қойын кітапшасының көшірмесі қойылған.

Абайдың ақын шәкірттері: өз балалары – Ақылбай, Мағауия, Турағұл, немересі Әубәкір және Көкбай Жанатайұлы, Әріп Тәңірбергенұлы, Уәйіс Шондыбайұлы, Әсет Найманбайұлы шығармашылығы экспозицияда өздерінің лайықты орнын алған.

Абайтану зал   «Абайтану» бөлімі ұлы ойшыл ақын мұрасын жан-жақты, терең зерттеуді мақсат еткен қазақ әдебиеттану ғылымының ауқымды саласы – абайтануға арналады.

Абайтанудың қайнар көзі Алаш арыстарының еңбектерінен бастау алады.

Абай мұрасының зерттелуіне Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, І.Жансүгіров, Қ.Жұбанов, Ы.Мұстанбаевтардың мақалалары қомақты үлес қосты.

Бөлімнің екінші бөлігі абайтану ілімінің негізін салушы ұлы жазушы, академик Мұхтар Омарханұлы Әуезовке арналады.

   «Абай тұлғасы бейнелеу өнерінде» Абай тақырыбы қазақ бейнелеу өнерінің тарихымен тығыз байланысты. Сондықтан мұражай экспозициясында бұл тақырыпқа жеке бөлім арналады. Бөлімде кескіндеме,Абай тұлғасы графика, мүсіндеме шеберлерінін әр жылдағы туындылары жинақталған. Бөлім қылқалам шеберлерінің туындыларындағыАбайдың көркембейнесін жан-жақтыашады.

2010 жылы ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі М.Әлиақпаров Абай қорық-мұражайының 70 жылдығына Абай, Шәкәрім тақырыбында жазылған 189 қылқалам туындысын мұражайға тарту етті.

2012 жылы мұражай экспозициясында Мақаш Әлиақпаровқа арналған бөлім ашылды.

«Сыйлықтар бөлімі»

   Абайдың 150 жылдық мерекесі күндері Қазақстаннның әр жерінен, Өзбекстан, Түркия елдерінен келген сыйлыктар залықонақтар, Германиядағы қазақ диаспорасының өкілдері мұражайға сыйлықтар тарту етті. Бөлімде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың, Қырғызстан, Иран мемлекеті басшыларының сыйлықтары қойылған.

Экспозицияда орналасқан «Зерде» кітабының орны ерекше. Кітап Германияның Нюрнберг қаласындағы «Оуверсис Поуст Организейшн» баспасында даярланған.

Түптелген қағазды арнаулы технологиямен құйған, сүйегіне түрлі металл ұнтақтарын қосып жасағандықтан оның парақтары талай ғасырға бүлінбей сақталады. Кітаптың аумағы 64х85 см, салмағы 58 кг, ішіне түптелген парақ саны – 200.

«Зерде» кітабына ең алғашқы қолтаңба қалдырған ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев:

«Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары. Абайдың мұрасы – ең асыл қазынасы.

Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де халқымыздың Абайға көңілі айнымайды. Қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды. Ғасырлар бойы қалың елің, қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді.

Абайдай данышпан перзентті дүниеге әкелген қазақ халқы ата-бабаларының арманы болып келген ел тәуелсіздігін көзінің қарашығындай сактайтынына, қорғайтынына сенемін. Ылайым, халқымыз Абай армандаған өмірге жетсін деп тілеймін»!

Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев

Тақырыптық көрме залы

   Мұражай жұмысының бір түрі тақырыптық көрме ұйымдастыру болып табылады. Көрмелерге арнайы зал бөлінген. Бұл залда 1995-2013 жылдар аралығында «Абай және Семей шаһары» атты тұрақты көрметақырыптық зал орналасып, онда Абай заманында ірі мәдени, әрі сауда орталығы болған Семей шаҺары тұрғындарының ХIХ ғасырдағы тұрмыстық деңгейі мен мәдениетінен сыр шертілді.

Тақырыптық көрмеге арналған зал 2013 жылы қайта жасақталды. Зал экспозициясы жаңа витриналармен жабдықталды. Бұл залда Шәкәрім Құдайбердіұлының 155 жылдығына арналған «Шәкәрім ұлағаты», халық ақыны Төлеу Көбдіковтің туғанына 140 жыл толуына байланысты көрме, «Сырлы ыдыстың сыры», «Отан үшін от кешкен», «Пушкин және Абай», «Абайдың тұңғыш еске алу күнінің 100 жылдығы» және тағы да басқа тақырыптарда көрмелер ұйымдастырылды.

 «Шәкәрім ұлағаты» көрмесінде мұражай қорындағы сақтаулы араб, парсы, татар, орыс тіліндегі кітаптар, ақын мұрагері Ахат Шәкәрімұлының қолжазбалары мен заттары көрермендер назарына бірінші рет ұсынылды.

2014 жылы «Сырлы ыдыстың сыры» атты көрмеге мұражай қорындағы атақты Кузнецов фабрикасындағы фарфор, фаянс, шыны, металл, қыштан жасалған ас үй бұйымдары қойылды. Көрмеде ХІХ ғасырдағы қытай фарфорына да көңіл бөлінді.

 А.Пушкиннің 215 жылдығына орай жасақталған «Пушкин және Абай» көрмесі Абайдың орыстың ұлы ақынымен шығармашылық байланысына, А.Пушкиннің қазақ тіліндегі аудармаларына арналды.

Абайтануда ерекше орын алатын Нәзипа Құлжанова ұйымдастырған тұңғыш Абайды еске алу кешіне арналған көрме, ақынның әкесі Құнанбай Өскенбайұлының 210 жылдығына арналған «Алашқа даңқы шыққан ер Құнанбай» көрмесі де көрермендердің көңілінен шықты.