name

8 (7222) 52-38-52, 52-24-22

ШҚО, Семей қаласы, Интернационал көшесі, 29

KZ RU EN

IMG_0064   1997 жылы қыркүйек айында Көкбайдың мешіт-медресенің көрме экспозициясы алғаш келушілеріне есігін ашса,   2011 жылы ақынның 150 жылдық мерейтойына орай қайта жаңартылып, мұражай болып ашылды. Мұражай Тақыр қыстауында 1901 жылы Көкбай өзі салдырған мешітте орналасқан.

Келушілер Абайдың ақындық мектебінен дәріс алған талантты шәкірттерінің бірі, әрі серіктес адал досы, ақын Көкбай Жанатайұлының өмірі  мен шығармашылығы, қоғамдық және ұстаздық қызметімен таныса алады. Экспозицияға қойылған мұражай қорынан алынған архив деректері, қолжазба материалдары ақынның алған білімі, оқуы, өмірі туралы сөз қозғайды.

   Көкбай Жанатайұлы 1861 жылы 26 маусымда Шынғыстаудың етегінде Тақыр өзенінің бойында, қазіргі Абай ауданының Көкбай ауылында дүниеге келген. Көкбай Тобықты ішінде Көкше руынан. Ақын өзі туралы:

Тобықты – арғы тегім, затым – Көкше,

Жасым кіші болса да, сөзім кексе.

Жанатай – әкем аты, атым – Көкбай

Сеңгірдей тасқа шыққан еп-ерекше, -дейді.

    Көкбай Жанатайұлы алғашқы сауатын ауылда Төлетай молдадан ашады. Үш жыл мұсылманша оқыған Көкбай есейе келе әншілік, ақындыққа ауысады. Баласының тек өлең-жырға ғана емес, өнерге, оқуға бейім екендігін, зеректігін, ұғымталдығын байқаған әкесі оны Семей қаласына жібереді. Қалаға келіп мешіт жанындағы медреседе Қамали Қазіреттен мұсылманша дәріс алады. Сонан кейін 1878 жылы үш сыныптық уездік училищеге түсіп оқиды. Осы жылдары училищеде Әнияр Молдабаев, Ысқақ Солтабаев, Әріп Тәңірбергенов сияқты қазақ шәкірттері де білім алып жүрген. Көкбайдың уездік училищеде оқығандығы туралы Қазақстанның Мемлекеттік Орталық архивінен табылған құжаттарда сабақ үлгерімі, пәндік бағалары көрсетілген.

   Семейден білім алып Көкбай елге оралады да үнемі Абай жанында болады. Жазушы М.Әуезов: «...Семейдің сол күндері оязы Көкбай берген бір ауыз қағаз бойынша оны жазаламақ болады. Сонда өнерлі, оқуы бар жігітті аяп, Абай кепілдікке алады. Осыдан соң Көкбай өмір бойы, Абай өлгенше, оның іні-досы, шәкірті боп кетеді...»,- деп жазады да келесі зерттеулерінде: «Көкбай 1880 жылдан бастап Абайдың жолдасы, досы болған адам. Бірақ өзі сол ру басы ортасының адамы. Абай істеген іс пен мінездің барлығын құптаған, мақұлдаған адам. Өзі атқамінерлігімен қатар жасында ақын, әнші болса да, бері келе молдалық та қылған», - деп тұжырымдайды.

   Ұстазының қасында жүріп Көкбай өзінің дүниетанымдық көзқарасын кеңейтіп, ақындық талантын ұштай жүреді: «1880 жылдан 1886 жылға шейін Абай әр кезде өлең жазып жүрді. Бірақ бұл уақытта сөздерінің барлығын «Көкбай сөздері» деп таратты. Кейін Омбыда «Дала уалаяты» газеті шыққанда бірер өлеңді тағы да менің атыммен жіберді»,- деп ұстазы екеуінің арасындағы берік достықтың айғағын Көкбай ақын Абай туралы естелігінде ашып жазады және 25 жыл жолдас болған ұлы ұстазы Абайды өзінің пірі тұтады.

   Көкбай Жанатайұлының зор еңбегі – абайтануға қосқан үлесі: ұлы ұстазы туралы естелік-әңгімесін жазып, өзінің жадында жүрген, біржола жоғалып кетуге мүмкін болған Абай өлеңдері мен кейбір шумақтарды, жолдарды хатқа түсіріп, ұлы ақынның өзге мұраларының қатарына кіргізген. М.Әуезовтің сөздері, ақынның естелігінен үзінділер, әр кезде жазған өлеңдері, Көкбайдың ұлы ақын балалары Турағұл, Мекаилмен түскен фотосурет, сөрелерде орналасқан материалдар, осының барлығы Көкбай ақынның абайтану іліміне көп еңбек сіңіргенін көрсетеді.

   Көкбай Жанатайұлы – импровизатор, суырып-салма ақын. Ол жас кезінен өзіне ұнамаған кісінің жағымсыз қылығын, ұнамсыз жүріс-тұрысын әзіл-қалжың етіп айтып тастайтын болған. Ақынның «Әріпке», «Төребайға», «Молдабайға», «Дүтбайға», «Ағыбайға», «Оспанға», «Салдарға» сияқты өлеңдері белгілі.

   Ұлы Абайдың шәкірттерінің ішінде импровизацияға ең жүйрік атанған К.Жанатайұлының Әріп, Біралы, Саржан, Жүнісхан, Кемпірбай және Міржақыппен айтыс-қағыстары сақталған. Олардың көбі табан астында суырылып салып айтылған туындылар болса, кейбіреулері екі ақынның бір-бірімен хат арқылы айтысқандары.

   Көкбай Жанатайұлының қаламынан «Абылай хан жыры» немесе «Сабалақ», «Төрт төре», «Қандыжап», «Құлынды», «Наурызбай-Фатима» жыр-дастандары, «Ғаділ патша», «Һарун Рашид» қиссалары сияқты эпикалық шығармалар туды. Ақынның көлемді шығармаларының бірі «Абылай хан жыры» - «Сабалақ» дастанының қалай жазылуы туралы деректер, мұражайдың қорында жинастырылған дастанның қолжазбалары, басылымдары экспозицияда орын алған.  

   «Ұстаздық жолына енді бетті бұрдым»,- деген Көкбай Жанатайұлы ұстазы Абайдың ақыл-кеңесімен, рұхсатымен 1901 жылы Тақыр өзенінің бойындағы қорасының қасынан медресе салып, бала оқытып, ағартушылық іспен айналысады.

 Оқыды Арғын, Найман, Керей мен Уақ,

Көрген соң тек оқуды кетті құлап.

Араб, түркі, орысша сабақ бердім,

Өзіме-өз еңбегім кетті ұнап, - деп, өзінің халқына істеген еңбегінің үлкен нәтиже бергендігін өлеңдеріндеDSC_0007 үлкен шабытпен жырлайды. 1908 жылы медресе қасына мешіт салдырады. Медреседе Көкбай ақын 1921 жылға дейін ұстаздық қызметте болып, жаңа бағдарламамен оқытатын мұғалімге босатып береді. Жаңа мектеп 1928 жылға дейін жұмыс істеді. Заман талабына сай жабдықталған экспозицияның жаңадан қосылған бөлімі – Шәкірт бұрышы. Мұнда сол замандағы мешіт-медресенің тарихы, шәкірттері туралы деректер, оқулықтар, пайдаланған заттары және этнографиялық жәдігерлер қойылған.

   Өзінің ұстаздық, молдалық міндеттерін атқара жүріп, қоғамдық қызметпен де айналысты. Оны дәлелдейтін Семей қалалық архивінде құжаттар сақталған: ақын сол кезде құрылып жатқан земствоның мүшесі болып, халқына қызмет еткен. Сонымен бірге, Көкбай ақынды Губернатордың бұйрығымен 1891 жылдан үш жылға, 1893 жылдан тағы үш жылға билік қызметтке тағайындаған. Бұл туралы деректер Мәcкеу қаласындағы Ресейдің мемлекеттік кітапханасында сақтаулы «Семипалатинские ведомости» газеттерінде бұйрықтар жарияланған. Мұражай экспозициясы осы жаңадан табылған деректермен толықты.

    Көкбай ақын 1913 жылы қажылық сапармен Мекке, Мәдинеге барып қайтады.

   Көкбай Жанатайұлы ХХ-шы ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ еліндегі ұлт азаттық қозғаласының басшысы, «Алашорда» үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхановпен ертеден таныс болып, жақсы байланыста болған. Орынборда шыға бастаған «Қазақ» газетін үзбей оқып тұратын Көкбай  Алаш азаматтарының газет бетіне жарияланған тұжырымды ойларын, мақалаларын, қазақ халқын саяси әрі рухани оянуға жетелеген іс-әрекеттерін және олардың елім деп жүріп бастарынан кешірген жайттарын жақсы білген, түсінген. Көкбай Ә.Бөкейханов бастаған Алаш азаматтарының игі істерін қолдаған және олармен өте жақсы араласқан. Оған дәлел Абай қорық-мұражайының қорында сақтаулы тарихи фотосуреттер, ақынның Ә.Бөкейхановқа жазған арнау-өлеңі, М.Дулатовпен айтыс-қағысы.

   20-шы жылдардың басынан бастап К.Жанатайұлы ауыр науқасқа ұшырайды. Ол 1922 жылы Омбы қаласына, 1923 жылы Мәскеуге барып емделіп қайтады. 1925 жылдың қазан айының басында тағы да Мәскеуге бармақ болып жолға шығады. Бірақ бұл ақынның соңғы сапары болды. 1925 жылы Күшікбай кезеңінде ақын дүниеден өтеді. Көкбай ақынның дүниеден қайтқаны туралы «Қазақ тілі» газетінің 1925 жылы 20-шы қазандағы санында «Осы октәбірдің 3-інде белгілі Көкбай молда қайтыс болды (Семей уезінен)» деген хабар жарияланды. Көкбай Жанатайұлының сүйегі қыстауы Тақырда жерленген. Абай мектебінің дарынды шәкірті, суырып салма ақын, ұстаз, молда, қажы Көкбай Жанатайұлының өз еліне еткен еңбегі – ұшан-теңіз.

  DSC_0005 Мешіттің төріндегі михраб бөліміне де экспозицияда үлкен көңіл бөлінген. Мекке көрінісі, ақынның шығармашылығының шыңын көрсететін философиялық өлеңдерінен үзінділер көрсетілген.

   Мұражайдың келесі бөлімінде Көкбай ақынның медресесінен тәлім алған шәкірттері туралы деректер келушілер назарына ұсынылды. Солардың ішінде көкбайтану іліміне үлес қосқан шәкірттері – Тайыр Жомартбаев, Есентай Бердин, Жақып Садырбайұлы, Ахметбек Мұртазаұлы туралы материалдар: фотосуреттері, архив деректері, қолжазба дәптерлері, қолданған заттары қойылған. Сөреде орналасқан материалдар ақын ұрпақтары қызы Қалыш, ұлы Ахметқали, немерелері және туыстарымен таныстырады. Мұражай  экспозициясы Көкбай ақынның мерейтойларын және ақынды мәңгі есте қалдыру мақсатында ел азаматтары мен музей қызметкерлерінің  жасап жатқан шараларын көрсетумен аяқталады.

Көкбай Жанатайұлы мұражайының мекен-жайы:

ШҚО, Абай ауданы, Көкбай ауылы, Тақыр қыстауы.