name

8 (7222) 52-38-52, 52-24-22

ШҚО, Семей қаласы, Интернационал көшесі, 29

KZ RU EN

IMG_0037   «Алаш арыстары – М.Әуезов» мұражай-үйі ғимараты қазіргі Бөгенбай батыр көшесі, 132 үйде орналасқан. Бұл үй ХІХ ғасырдың екінші жартысында қос қабатты ағаштан салынған, астыңғы қабаты қызыл кірпіштен қаланған. М.Әуезов, Ж.Аймауытов, М.Дулатовтың Семейде қызмет еткен жылдарына ерекше қатысы бар мекен-жай.

   Бұл үйдің иесі – Әнияр Молдабаев (1856-1934) Шыңғыс болысынан, Абайдың замандасы, жерлесі, шәкірті. Оның өмір жолдары М.Әуезовтің «Абай жолы» романында Данияр Қондыбаев деген атпен берілген. Үйді Әнияр Молдабаев 1898 жылы 19 қаңтарда көпес Москвиннен сатып алған. Үйді сатып алу кезінде Абай мен оның балалары қаржылай тұрғыда көмектескен.

   Абай, М.Әуезов өмірлеріне тікелей қатысы бар тарихи орын болғандықтан, Ә.Молдабаевтың үйінде 1944-1967 жылдары Абай мұражайы орналасты. 1988 жылға дейін қаладағы балалар кітапханасы болып, 1990 жылы Абай мұражайына қайта берілді. 1997 жылы 28 қыркүйекте М.Әуезовтің 100 жылдық мерейтойына орай «Алаш арыстары – М.Әуезов» атты жаңа мұражай экспозициясы ашылды.

   Мұражай экспозициясы М.Әуезовтің Семейдегі кезеңіне, шығармашылығына, қоғамдық қызметіне және Алаш зиялыларының тәуелсіздік жолындағы қызметіне арналған төрт бөлімнен тұрады. Алғашқысы – жас Мұхтардың 1909-1918 жылға дейінгі кезеңіне, екінші бөлімде Алаш арыстарының белсенді қызметі жөніндегі құжаттар мен фотосуреттер топтастырылған. М.Әуезовтің қоғамдық жұмысы мен шығармашылығы (1918-1925) келесі бөлімдердің тақырыбы.

   М.Әуезов өзінің шығармашылық әлемін Семей жерінде бастады, алғашқы көркем туындылары, сахна өнерінің іргетасын қалаған драмалық шығармалары да осында дүниеге келді.

   Бала Мұхтарды Әуез атасының алдынан хат таныған соң, 9-10 жасында ағасы Қасымбек алып, Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде оқытты да, 1909 жылы бес сыныптық орыс училищесіне оқуға орналастырады.

  Экспозицияда Мұхтардың орыс училищесінде оқып жүрген кезінде ағасы Қасымбекпен, ұстазы В.И.Поповтың фотосуреттері, жас Мұхтардың жазу дәптері орыс мектебін бітіргендегі аттестаты, оқыған кітаптарын көруге болады.

   Жас Мұхтар 1915 жылы қалалық училищені бітіріп, Семейдегі мұғалімдер семинариясын 1915-1919 жылдары тәмәмдайды. Сол кездегі өте жүйелі білім ордасы болып саналған аталмыш оқу орны қабырғасында қоғамдық өмірге белсене араласа бастайды. Мұғалімдер семинариясының студенті Мұхтардың алғашқы публицистикалық шығармалары да оттылығымен, ойлылығымен дараланды. Ол сол кездің өзінде жаңалыққа құмарта, қызыға қарап, қала өмірінде болып жатқан жаңалықтарға белсене қатысып, барынша жігермен кірісіп, ат салысады. Соның айғағы, 1913 жылы тамыз айында қазақ жерінде тұңғыш рет Семей қаласында «Ярыш» футбол командасы құрылғанда оның беделді мүшесі жас Мұхтар болды.

1915 жылы М.Әуезов қалалық бес сыныптық училищені аяқтап, Семей қалалық мұғалімдер семинариясына түседі. Семинарияда Ж.Аймауытовпен бірге оқиды. Ұлттың рухы оянған кезінде өмірге араласқан семинария оқушысы М.Әуезовтің де көзқарасы сол тұрғыда қалыптаса бастайды.

Осы кез қазақ әдебиет өнерінің өрендей бастаған шағы еді. Ә.Бөкейханов Абай шығармаларын жаңа заманының тынысы деп түсінді. Қалыптасып келе жатқан қазақтың жаңа ұлттық әдебиетінің бастамасы деп бағалап, Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінің тұңғыш жинағын 1909 жылы Санкт-Петербургте басылып шығуына қол үшін берді.

   1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, 1917 жылы Ақпан, Қазан төңкерістері, Алаш қозғалысы, азамат соғысы – осы тарихи оқиғалар бәрі де төл топырағымызда өзіндік із-бедерін қалдырды.

   1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда 2-ші жалпықазақ съезі өтеді. Оған 82 өкіл қатысады. Съездің күн тәртібінде он мәселенің ішінде ең маңыздылары – Ұлттық автономия, милиция, Ұлт Кеңесі. Бұл мәселелер бойынша қоғам қайраткерлері Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасов, М.Шоқай, Ж.Досмұхамедов баяндама жасайды. Съез қаулысында: «Ұлттық жерлі Автономия болсын; қазақ-қырғыз автономиясы «Алаш» деп аталсын, Алаш автономиясының жер үстіндегі түгі, суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын; Алаш облыстарын қазіргі бүліншектен қорғау мақсатымен уақытша Ұлттық Кеңес құрылсын. Мұның аты Алашорда болсын. Алашорданың уақытша тұратын орыны – Семей қаласы болсын», - делінді. Алаш Орданың төрағасы, қазақ көсемі, саяси-қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханов болды.

   Алаш Орда үкіметінің Шығыс бөлігі Семей қаласына (Алашқа) 1918 жылы қаңтар айында келіп орналасады.алаш зал

  Экспозицияда Алаш қайраткерлерінің фотосуреті, өмірі мен қызметі туралы деректер, 2010 жылы ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовтің мұражайға келген сапарындағы сыйы - А.Байтұрсыновтың өз қолымен жазған өмірбаяны қойылған.

   1907-1919 жылдар аралығында артынан ерген елді ояту үшін Алаш зиялылары газет-журнал шығарып, кітаптар жариялады.

   1918 жылы ақпан-қазан айлары аралығында «Уақ қарыз серіктестігінің» қаржысымен «Абай» журналы шығып тұрады. Журналдың 11 саны жарық көрді. Шығарушы және тұңғыш бастамашылары Ж.Аймауытов пен М.Әуезов болады. Журнал беттерінде М.Дулатов (Мадияр), Ж.Аймауытов (Жас түрік), М.Жұмабаев (Мағжан), М.Әуезовтің өлең, мақалалары шығып тұрды. Журнал беттерінде «Екеу» деген бүркеншік атпен Ж.Аймауытовтың М.Әуезовпен бірлесіп «Абайдың өмірі және қызметі» (1918 жыл, №5) деген мақалалары жарияланды. М.Әуезов журнал үшін 15 мақала жазды.

   Экспозицияда «Абай» журналының алғаш басылымының көшірмесі, 1-ші жалпықазақтық съезіне арнайы шақырылған Алаш қазысы болған, Алашқа батасын берген ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы, ұлтымыздың жарқын болашағы үшін күрескен Алаш зиялыларының баспадан жарық көрген еңбектері, фотосуреттер, құжаттар топтастырылған коллаж кең орын алған.

  1919 жылдың желтоқсанның 1-де Семей қаласында Кеңес өкіметі қайта орнады, губерниялық революциялық комитеті құрылды.

Сол кезден бастап М.Әуезов Семей губревкомының жанынан ашылған қазақ бөлімінің қызметкері. 1920 жылы ақпаннан бөлім меңгерушісі, «Қазақ тілі» газетінің ресми шығарушысы болып тағайындалады. Ол «Қазақ оқығандарына ашық хат» жазып, оларды кеңес өкіметіне қызмет етуге шақырады. 1920 жылдың қараша айынан 1921 жылдың мамыр айына дейін Семей облыстық атқару комитеті қазақ бөлімінің және облыстық соттың меңгеруші қызметін атқарады.

Сол 1921 жылы М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесі «Арғын» деген бүркеншік атпен «Қызыл Қазақстан» журналында жарық көреді.

1921 жылы қараша айынан бастап 1922 жылдың желтоқсан айына дейін М.Әуезов Орынборда КазЦик-тің президиум мүшесі болып қызмет істеді.

1922 жылы Орта Азия мемлекеттік университетіне еркін тыңдаушы болып түседі. Ташкентте оқыған жылдары «Шолпан» және «Сана» журналдарының редакция алқа мүшесі болып жұмысқа орналасады. Осы басылымдарда «Қазақ қалам қайраткерлеріне ашық хат», «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі», «Қыр суреттері», «Кешкі дөң басына», «Түнгі ауыл», «Жас жүректер», «Кім кінәлі», «Қанды түн», «Оқыған азамат» әңгімелері «Жаяусал», «Қоңыр» бүркеншік атымен жарияланады.

1923 жылы «... еңбек тәртібін бұзғаны және ұлтшылдық әрекеті үшін» М.Әуезов РКП(б) қатарынан шығарылады. Сол жылы маусым айында Ленинград мемлекеттік университетіне оқуға ауысады.

1917-1925 жылдары жазылған М.Әуезовтің алғашқы драмалық шығармалары «Еңлік-Кебек», «Ел ағасы», «Бәйбіше-тоқал», «Қаракөз» Семейдегі драма театрының қалыптасуына жол салады.

1920 жылы Семейде «Ес-Аймақ» атты драма труппасы құрылды. Ресми түрде «Қазақтың мәдени-ағарту үйірмесі» деп аталды. Труппаны ұйымдастырушы Сейітқазы Тоқымбаев, Ғалиақбар Төребаевтар болды.

«Ес-Аймақ» труппасы Алашта, Затон жұмысшыларының алдында, тері-тон зауытында, оқу орындарында өнер көрсетті. Луначарский, Свердлов атындағы, «Халық үйі», «Сибирские бурлаки» клубтарының сахналарында М.Әуезовтің «Ел ағасы», «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал», «Қаракөз», Ж.Аймауытовтың «Жаңа батыр», С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлары», Ж.Шанинның «Арқалық батыр» пьесалары қойылады.

Жас драматург М.Әуезов «Ес-Аймақ» труппасының 1922 жылғы репертуарына «Еңлік-Кебек» атты жаңа пьеса қосады. Бұл тұңғыш пьесасын ертеректе жазып, Ералы жазығында, өз елінде қояды. «Еңлік-Кебек» пьесасы екі айға жуық даярланып, 1922 жылы 20 желтоқсанда Луначарский атындағы клубта қойылады.

«Еңлік-Кебектегі» бас бостандығы мен махаббат жолындағы күрес, билеуші топтың әділетсіздігіне наразылық, жастардың қайғылы тағдыры «Қаракөз» трагедиясында да көркем бейнеленеді. Бұл пьеса 1925 жылы жазылып, сол жылы жарияланған байқауда бірінші бәйге алады.

Экспозицияда «Ес-Аймақ» мүшелеріне берілген куәлік, «Ес-Аймақ» труппасының мүшелік билеті, М.Әуезовтің театр қызметкерлерімен түскен фотосуреті, афиша, 20-шы жылдары Свердлов, Луначарский атындағы «Красный Октябрь», «Халық үйі» клубтарының суреттері, қылқалам шеберлері С.Пожарский, М.Беляев туындылары қойылған.

1923-1924 жылдары Ленинград университетінің бірінші курсын аяқтап, жазғы демалысқа қайтқан М.Әуезов Казпедтехникумде сабақ береді. Сол жылдары «Таң» журналының техникалық редакторы қызметін атқарады.

1924 жылы М.Әуезов Орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесіндегі басқарушы ұйымның орынбасары қызметін атқарған кезінде Бұхтарма және Қытай қазақтарының ауыз әдебиеті үлгілерін жинауға арнайы экспедиция ұйымдастырды.

1924 жылы 29 желтоқсанында Абайдың қайтыс болғанына 20 жыл толуына байланысты Семейде әдебиет кеші өткізіліп, М.Әуезовтің «Абайдың қазақ әдебиетіндегі орны», Х.Ғаббасовтың «Абайдың өмірбаяны», Ж.Шаниннің «Абайдың композиторлық еңбегі» жайында баяндамалар жасалады. Осы кеште Абайдың әндерін Ә.Қашаубаев, Ә.Қапсәләмұлы орындады.

Экспозициядан М.Әуезовтің өткен өмірінің әр сәттерінен көрініс табатын фотоколлаж, мерейтой кезіндегі фотосуреттер, баспадан жарық көрген кітаптарын көруге болады.

М.Әуезов 1925 жылы 18 мамырында Семей губерниялық оқу-ағарту бөліміне өтініш жазып, оқуын жалғастыруына рұқсат беруін сұрайды, сол жылдың күзінде Ленинград университетінің әдеби-лингвистикалық бөлімінің 2-ші курсында оқуын жалғайды.

Жас жазушы-ғалым М.Әуезовті өмірдің басқа кезеңдері күтіп тұрады: Ленинград, Ташкент, Қызылорда, Алматы, Мәскеу қалалары оның ендігі қызмет атқарған ортасы болды.

М.Әуезов қоғамдық-саяси істерге шәкірттік кезінен араласып, халқының азаттығы мен еркіндігіне барынша ықпал етуге тырысты.

Халықтың дербестігін сақтау, ұлттық намыс, ұлт абыройы Мұхтардың өмір бойғы арманы болып кетті. Ол халқын, оның елдігін, көшпелі мәдениеттің үлгісін әлемге паш етті.