name

8 (7222) 52-38-52, 52-24-22

ШҚО, Семей қаласы, Интернационал көшесі, 29

KZ RU EN


маканшы   Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының бір бөлімі – Мақаншыдағы Әсет Найманбайұлының мұражайы.

   Жетісу мен Алтайды өзінің әсем әніне бөлеп Алакөл мен Арқа атырабын жырға қосқан дүлділ ақын, бұлбұл әнші әрі дарынды сазгер, аққуға үн қосқан күміс көмей ақиық өнер иесі – Әсет Найманбайұлын мәңгі есте қалдыру мақсатында және туғанына 125 жыл толуына орай ҚР Министрлер Кеңесі 1990 жылы 19-шы наурызда Мақаншыда мұражай ашу жөнінде қаулы қабылдады. Соның нәтижесінде 1992 жылы 24-ші сәуірде Әсет Найманбайұлы мұражайы салтанатты түрде ашылды.

   Әсет Найманбайұлы –  Абайдың алдын көріп, ұлы ұстаз ақыннан тағылым алған талантты шәкірттерінің бірі. Ақынның шыққан тегі: руы – Арғын, оның ішінде Қаракесектен тарайтын Майлық, оның Қожамберлісі. Қожамберліден тараған Найманбай, Жаманбайлар бұрынғы Қарқаралы уезі, «Қызыл арай» тауын мекендейтін № 6 ауыл-қыстақта туған, қыстаулары Қаршығалы өзені бойындағы «Керегетас» деген жер.

   Жаманбай әулеті сол жерде мекендеп қалған да, Найманбай жас кезінде жалданып еңбек етіп, Арқаның ақшомшарларына ілесіп, мал айдап Жетісу өңіріне, кейінірек екі ел шекарасындағы сауда-саттық қаласы болған Көктұмаға (Бақты) келіп, Еміл-Барлық болысына қарасты Байжігіт елінің өзі сияқты кедей шаруаның Кермеқас деген қызына үйленіп, тұрақтап қалған.

   Әсет Найманбайұлы 1867 жылы туған. Әсеттің нақты туған жері туралы дерек жоқ. Әзірше екі ұдай пікір қалыптасқан. Біраз зерттеушілер ақынды Мақаншы өңірінде туды десе, енді біразы әкесі Найманбай туған жеріне сілтеме жасайды. Сонымен бірге ақынның жастық шағы өткен Көктума (Бақты) қаласы мен оның 7-14 жас аралығында оқып білім алған Зейнолла (Ғабдышүкір) медресесі туралы деректер де орын алған. Экспозицияда ақын дәріс алған медресе суреті мен ол ұстаған құран кітабы, ақынның жұбайы Тәтежан аманат етіп, алғашқы келіні Кәукенге табыстаған Әсеттің бойтұмары (дұғалығы) қойылған.

Медреседе оқып жүрген шәкірт шағының өзінде-ақ оның бойындағы таланты мен дарынды қасиеті таныла4 бастайды. Құран сүресін әуендетіп айтқан Әсет, ақындық өнер жолына 13 жасынан араласады.

Елуден жасым менің белен асқан,

Өлеңге он үш жастан араласқам, - дейді ақын.

  Әсеттің ақындығы ең алдымен айтыс өнерінде танылады. Ақынның алғашқы түскен ең үлкен айтыс майданы – Рысжан қызбен Қоянды жәрмеңкесіндегі айтысы. Осы айтысқа қазақ әдебиетінің классиктері М.Әуезов пен С.Мұқанов жоғары баға берген. Бөлімде Әсет пен Рысжан айтысының қолжазбалары, айтыстан үзінділер, Арқа ақындарының Меккесіне айналған Қоянды жәрмеңкесінің суреті, осы туралы әдебиеттер және Әсеттің Кәрібай, Бақтыбай, Қали, Қызыр, Мәлике қыз сынды ақындармен айтысы туралы деректер орын алған.

   Ақындық, әншілік өнер жолында Әсетке үлкен өнеге көрсеткен ұстаз – Абай. Абайдан батыстың озық ойлы ғұламалары, шығыстың ғажайып даналарының еңбектеріне, философиялық ой-тұжырымдамаларына қанығады. Айтыс бәйгесіне түсіп жүріп ел ішіне аты шыға бастаған жалынды жас Әсеттің ұлы ақынның алдына келіп, кемеңгер ұстаз сынынан өткен шағы 22-23 жас шамасы еді. Экспозицияда Әсеттің 1889 жылы Абай ауылына келуі туралы деректер, ұлылар мекені – Шыңғыстау өңірінің суреттері, Абайдың ақын шәкірттері жөніндегі М.Әуезовтің сөздері, Абайдың «Әсетке» атты өлеңі, әдебиетші Б.Кенжебаевтың пікірі, Қ.Мұхамедхановтың «Абайдың ақын шәкірттері» жинақтары қойылған.

   Ақынның ерекше құнды дүниелерінің бірі – қисса, дастандары. Бүгінде оның 24 дастаны белгілі. Әсеттің көпке танымал шығыстың өлеңдерімен жазылған «Рүстем-Зораб», «Жамсап», «Шәкір-Шәкірат», «Бозжігіт» «Жүсіп-Зылиха», «Бақтияр», «Шеризат», «Француз патшасы туралы хикая», моңғолдың ертегісінің желісімен құрылған «Салиха-Сәмен», қазақ елінің қоғамдық қатынасы және әлеуметтік тынысын аша түсетін «Қызыл табан ағаш ат», «Кешубай», «Түсіпхан», «Төрт өнерпаз», «Нұғыман-Нағым» дастандары мен оның Абайдан кейінгі екінші болып аударған Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасы қазақ әдебиетінің алтын қорынан орын алады. Әсеттің алғашқы шығармаларының бірі «Сәлиха-Сәмен» дастаны. 1945 жылы дастан Қытайдың Алтай аймағындағы Сарысүмбе қаласында басылып шыққан.

5   Мұражайдың келесі тақырыбы: «Әсет-әнші, сазгер». Әсет жастайынан ән салып, халық аузына іліккеннен бастап ән шығара бастайды. Оның алғашқы өлеңі «Інжу-Маржан» - ән өнерінің үздік үлгісі. Әсеттің одан басқа «Мақпал», «Үлкен Ардақ», «Қисмет», «Кіші Ардақ», «Қаракөз», «Гауһар қыз», «Әпитөк», «Ақырғы сөз» және тағы басқа әндері белгілі. Бөлімде Әсет әндерінің тізімі, А.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» кітабына енген ақын әні, «Інжу-Маржан» әнінің нотасы және ақын әндерін таратушы орындаушылар туралы материалдар жинастырылған.

  Мұражайдың құнды жәдігерлерінің бірі – 1918 жылы Шәуешек қаласында бір топ зиялыларымен түскен Әсет ақынның фотосуреті. Фотосуретте ортада отырғандар «Алаш» үкіметінің қайраткерлері: Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов, шетте отырған – Әсет ақын.

   Әсет өмірінің соңғы жылдары Шығыс Түркістанда (Қазіргі ҚХР) өтті. Осы кезеңдегі шығармашылығына байланысты және ақынның дүниеден өткені туралы материалдар да экспозицияда орын алған.

   Экспозицияда ерекше орын алған жәдігерлер: Әсет қызы Сәмөгей мен ұлы Қожекенің үйінен алынған дүние-мүліктері, Шыңжанның Үрімжі қаласының маңында Фукан ауданында тұратын Әсет ақынның жиені Нәшен қарттың 1945 жылы жасаған домбырасы және осы өңірді қоныс еткен ел жұрттан алынған заттар.