АБАЙДЫҢ "ЖИДЕБАЙ-БӨРІЛІ"

МЕМЛЕКЕТТІК ТАРИХИ-МӘДЕНИ

ЖӘНЕ ӘДЕБИ-МЕМОРИАЛДЫҚ

ҚОРЫҚ-МУЗЕЙІ

 

 

 

KZ RU EN


Рисунок1Абайдың «Жидебай-Бөрілі»мемлекеттік қорық-музейінің директоры

Болат Жүнісбековтың «Қазақстан тұлғалық музейлерінің қауымдастығы»

Құрылтай жиналысына баяндамасы

18 мамыр, 2018 жыл

Астана, ҚР Ұлттық музейі

Құрметті әріптестер!

  Ең алдымен, баршаңызды бүгінгі төл мерекеміз 18 мамыр – Халықаралық музейлер күнімен құттықтаймын!

  Жылдың 365 күнінің ішінен тап бүгін Елордамыздың төрінде бас қосуымыздың мәні ерекше. Алты алаштың Астанасының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында жаһандағы ең үздік музейлердің бірі – мемлекетіміздің Ұлттық музейінде халқымыздың қасиетті мұрасына деген мұраткер тілекпен жиналып отырмыз. ҚаҺарман тарих пен жауҺар салт-дәстүрдің асыл қазынасы тұнған тарихи таным мен мәңгілік зерде сарайында кездесуіміздің жақсы мүмкіндігі үшін мәдениетіміз бен өнеріміздің жанашыры Мәдениет министрлігіне, оның басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлына ризашылығымызды білдіруге рұқсат етіңіздер!

  Өздеріңізге мәлім, өткен жылдың 24-ші қазанында Музей ісі жөніндегі республикалық көркемдік кеңестің отырысында аймақтық музейлердің өкілдері жеке тұлғаларға арналған мемориалдық музейлер қауымдастығын құру туралы ұсыныс жасаған болатын. Соған орай әріптестер тілегі министрлік тарапынан бірден қолдау тауып, бізге – Абай шаңырағының әкімшілігіне берілген тапсырма нәтижесінде республикамыздың түпкір-түпкірінен   келген музей қызметкерлері шұрқыраса табысып, қуана танысып жатырмыз.

  Сондықтан бұл кездесуді бірлесіп қолға алар ауқымды жұмыстың беташары ғана деп қабылдарымыз түсінікті. Өйткені айтылыр әңгіме үшін бірер сағаттың ауқымы мүлде аздық етсе, оның үстіне атқарылар шаруа әлі алда. Олай болса, өзіме берілген уақытта үш мәселеге назар аударуды жөн санадым.

  Біріншіден, музей терминінің түптамыры мен оның даму тарихы туралы. Бір қарағанда көпшілікжақсы білетіндей жайларды төл мерекеміз күні тағы бір жаңғыртсақ, біздіңше еш артықтық етпейді.  Жалпы музей сөзіЭмблема Ассоциации туралыС.И.Ожеговтің «Орыс тілінің сөздігі» мен 1976-шы жылғы «Қазақ совет энциклопедиясының»түсіндірмелері мынаған келіп саяды: «музей» – гректің «museion» – орын, муза, музаға арналған орын, муза ғибадатханасы деген ұғымды білдіреді... иә, музей –  бұл муза ғибадатханасы. Әуелгіде бұл ұғым өнер мен ғылымға қатысты заттардың (экспонаттардың) жиынтығын ғана білдірген екен.

  Кейін жаңағы ұғымға экспонаттар тұратын ғимараттар мен музейлерде жүргізілетін ғылыми-зерттеушілік жұмыстар келіп кірігеді. Ал, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап музейлердің педагогикалық жұмыстармен де айналыса бастағанын білеміз. Одан бері компьютерлік техника мен интернеттің дамуына байланысты виртуалды музейлерпайда болды.  Ал, 1946-шы жылдан бастап музейлердің қызметі мен дамуын қолдау мақсатында құрылған ICOM халықаралық ұйымының әлемнің 115 елінде 27 мыңнан астам ұжымдық мүшелері жемісті жұмыс жасауда.

  Демек, музей немесе музей-үйлер табиғат пен адамзат қоғамының дамуы туралы білімнің алғашқы деректемесі бола отырып ғылым мен өндірістің түрлі саласын қамтиды және түпнұсқа материалдарды ел игілігіне айналдыру мақсатында оларды баспаға даярлап, монографиялар мен каталогтар шығаруды жүзеге асырады. Тегінде, алғашқы музейді, яғни сол заман тілімен айтсақ, мусейонды Птолемей-1 біздің дәуірімізге шейінгі 290-шы жылы Александрияда құрған екен. Онда оқу бөлмесі, ботаникалық және зоологиялық бақтармен қатар демалыс және асхана бөлмелері жұмыс жасапты.

  Ал, заманауи жаңа тұрпатты алғашқы музей 1753-ші жылы Лондонда ашылған Британ музейі болып табылады. Қазір біздің елімізде материалдық және рухани мәдениет ескерткіштерін, табиғат коллекциялары мен тарихи нұсқаларды жинақтау, сақтау, зерттеу, олардың экспонаттарын халыққа көрсетіп, насихаттау қызметін атқаратын ғылыми мекеме ретінде музейлер әкімшіліктерінен, әсіресе ғылыми-зертеу жұмыстарына баса көңіл бөлу талап етіледі. Демек, күнделікті жұмыс тәжірибесі мен бізге келушілердің ұсыныс-пікірлері негізінде музей ұғымына байланысты мынадай тұжырым жасауға да болатындай: яғни, біздіңше музейқазынасы – бұл көненің көзі, ескінің сөзі ғана емес, ол біздің ұлт ретінде толысуымыз бен кемелденуіміздің көрнекі көрсеткіші, тіпті ертеңіміздің таным таразысы.        

  Өздеріңіз білесіздер, бізге, музейлерге келушілер елдің өткен тарихымен ғана танысып қана қоймайды. Олар қолда бар қазынаны біліктілікпен ұсына және көрсете білуімізге қарай мәдениетіміздің даму деңгейін пайымдап, Ұлы Абай айтпақшы, көздері ғана емес, көкіректері де ашылады. Ал, біз, музей шырақшылары өз тарапымыздан келушілердің қызығушылығы мен мәдени дәрежесін саралай отырып, жұмыс бағдарын айқынырақ көре түсеміз. Шығармашылық ізденіс пензерделей талдау және ғылыми-зерттеу жұмыстарына сәуле түсіп, алдымыздан соны өріс ашылады.

  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи-танымдық, тағдырлық-кезеңдік еңбегінде рухани мәдениетіміздің бір парасы – «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» деп ұлы даланың ұлы тұлғаларын ерекше ұлықтайды. Елбасы еңбегінің біржылдық кезеңіне орай «...жаңғыру науқандық шараға айналдыруға көнбейтін рухани процесс, - деп Арыстанбек Мұхамедиұлы жақында «Қазақ әдебиеті» газетінің оқырмандарымен ой бөлісті. – Межелеген мақсат айқын, атқарылар шаруа көп. «Рухани жаңғыру» бір сөзбен түйіндесек, елдігімізді нығайтып, еңсемізді тіктеді» (20.04.2018 ж.)

  Рухани салаға бетбұрыстың шынымен елдігімізді нығайтып, еңсемізді нығайта түскенін бәріміз де көріп, біліп отырмыз. Ұлы даланың асыл қазынасына қамқорлық, әсілі Елбасымыздың тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бергі берік ұстанымы болып табылады. Осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын, егемендігіміздің елең-алаң шағында-ақ Абай Құнанбайұлының 150 жылдық торқалы тойының халықаралық деңгейде атап өтілгені соның жарқын айғағы. Сол күндері Тұңғыш Президентіміздің Ұлы Абай туралы ұлағатты сөз айтып, «Өз халқын «жұрт болсын, өссін, өнсін» дейтін әрбір азамат әуелі Абайды оқысын, Абайға құлақ ассын»   деп атап көрсеткені ұрпақтан ұрпаққа ауысар мәңгілік аманат.

  Еліміздегі тұңғыш әдеби-мемориалдық музей болып табылатын Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ұжымы да Елбасының ғылыми-тәжірибелік маңызы зор туындысын, мәртебелі автордың өзі атап көрсеткендей,  күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде рухани дамудың басты бағдары ретінде ұстанып отыр. Халқымыздың бүгінгі табыстары және олардың бұрынғыдан да шоқтықтана түсуі,  аталмыш еңбекте айтылғандай, мақсатқа жету жолында «біздің санамыздың ісімізден озып жүруінің» нәтижесі екені де даусыз.

  Егемендіктің алғашқы жылдары-ақ әлжуаз әлеуметтің аяғын тең басуына қамқор бола отырып та Ұлы Абайдың «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді» деген ұлағатты өсиетіне сай қоғам дамуында алғыр ақыл мен сарабдал сананың тұрақты назарда ұсталғанын баршамыз жақсы білеміз. Алдағы уақытта да ұлт тұтастығының одан әрі нығаюы үшін бұқаралық сана қалай өзгермек? Кемеңгер Шәкәрім қажы айтпақшы, «Тән – терезе, ой қожасы; оймен анық байқасаң», немесе «жан қожа тәнге, тән құлы; еріксіз айдап жүр демек».

  Қазақстан музейлерінде жинақталған асыл мұра біздің дамуымыздың бастаушысы – мәртебелі Сана екеніне көзді ашып, көкірекке сәуле түсіреді. Шынында да біз төл тарихымызға, киелі бабаларымыздың өсиет сөздеріне,ұлы сабыры мен ұлағатты салт-дәстүріне үңіле отырып, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып, қанымызға сіңген, тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз қажет-ақ. «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс, - деп Елбасы жол көрсеткен бұл ауқымды жұмыста Тұлғалық музейлерге жүктелер жауапкершілік жүгі де зор.

  Әлем әдебиетінің жауҺары –  Абай Құнанбайұлының асыл мұрасы, әлбетте халқымыздың зор мақтанышы әрі «кейбір дағдылар мен әдеттерден» арылудың»  тағылымды сөзі. Хакім Абай адамзаттың бәрін өз бауырымыздай сүюге шақыра тұрып, «Біріңді қазақ бірің дос/ Көрмесең істің бәрі бос» деп өсиет етеді. Амал қайсы, Абай теңізінің тереңіне әлі де бойлай алмай, су түбіндегі асылдың тулаған толқын жағаға атқан қиыршықтарын ғана қанағат қылудамыз. Соның салдарынан туған халқымыздың болашағы үшінқараңғылық пен надандыққа қарсы жанпида майдан ашқан Ұлы ақын аманаты жайында «өз қазағын өзі ащы сынап-мінейді» деген ескі кеңестік идеологияның сарқыншағы әлі де соңымыздан қалмауда..

  Ұлы ақын мұрасын зерделей қарасақ, хакім Абай, тегінде өзінің сын сөзін қайран еліне қарата айтқанымен, олшындығында қазаққа емес, қараңғылыққа қапалы болатын. Қазір еркін ой көзімен саралайтын болсақ, халқымыздың өткен жолында қызыл империяның жымысқы саясатының сойқанды іздері сайрап жатыр. Ата тарихтың, туған тіл мен ділдің, салауатты салт-дәстүрдің қапасқа салынып, одан қала берді Кеңес билігінің қажетіне қарай илеуге түскенінің куәсіміз. Тіпті, ұлы Абай мұрасы мен М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы да шырғалаңға салынып, ұлы суреткердің диктатураның көзін алдау үшін шебер қолданған көркемдік әдістерін  көретін көз –  соқыр, саралайтын сана тұманды еді.

  Бірақ, өкінішке қарай, егемен ел болғанымызға ширек ғасыр өткен соң да әлемнің Әуезовінің қасиетті қаламынан титтей де жапа шекпеген дала данышпаны Құнанбай бейнесі туралы «авторға заман айтқызбады», немесе «қазір жазса, басқаша жазар» еді деген сәуегейлік тоқтамауда. Шындығында ұлы жаңалықтар мен жауһар шығармалар бір-ақ рет дүниеге келеді.Олар заман ызғарынан түршіксе де алған беттерінен түңілмейді. Нағыз өнер сол өнер мұратына әрқашан адал. Әуезов те саясат көзін шебер байлап, алашты әлемге паш еткен «Абай жолы» диктатура тұсында жазылғанына қарамастан сол қалпында туған халқымен мәңгі бірге жасай берер асыл мұра.

  Рас, қып-қызыл диктатура, жаңа айтқанымыздай, Абай мұрасын  аяусыз бұрмалады. Ұлы ақынның туған еліне қарата айтқанымен барша Адам баласына арнаған сын, өсиет сөздерін мақтаған бола отырып, қазақ өзге жұрттан төмендетіліп көрсетілді. Қазақтан өткен қараңғы халық жоқтай бетімізге басып, бізді мәдениетке бастаған, жеткізген, сөйтіп көсегемізді көгерткен Кеңестер өкіметі дәріптелді. Шындығында дүние жүзіндегі ұлттар мен ұлыстардың өзара қанаттас тірлік кешіп, бірін-бірі толықтыра отырып өсіп-өркендейтініне музейлердегі тарихи жәдігерлер дәлел.

  «Киелі Қазақстан географиялық картасының төрінен орын алған,Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының адамзаттық құндылықтардың асыл қорын байытқан жауһар мұрасы сақтаулы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ұжымы төл министрлік тарапынан тұрақты қолдаудың арқасында ғылыми-зерттеу жұмыстарын да жүйелі жүргізіп келеді. Біздің музейдің өткен жылғы баспа өнімдерінің арасынан бес жүз беттік «Абай туралы естеліктер» мен ұлы ақынның балаларға арналған шығармаларынан құрастырылған «Ата-анаға көз қуаныш» атты түрлі-түсті суретті жинақтың Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Әдебиеттің маңызды түрлерін шығару» бағдарламасы бойынша биыл жарық көретіні айтулы оқиға.

  Қазақстан музейлеріндегі ұлттық бай мұра кеңестік империяның қазақты қасақана ашаршылықпен, саяси қуғын-сүргінмен қырып-жойып, ұлтымыздың біртуар ұлдарын жалған жаламен атып-асып, қапасқа салғаны аздай, біздің рухани байлығымыздың қалайша талан-таражға салғанына куәлік етеді. Халқымызды бұрынғыдан бетер басып, жаншып, тұқыртып ұстау үшін, бізден өткен надан, сауатсыз жұрт бұрын-соңды болмағандай, тоталитарлық жүйе, тіпті ұлы ақынның қараңғылықтың түңлігін серпи ашқан ащы сөздерін де «қайран қазағына» қарсы пайдаланды. Тегінде, «іші өлген, сырты сау» Хакім Абайдың жүрегін, туған қазағының ғана емес, Алла тағаланың барша пендесінің қараңғылығы мен надандығы сыздатады: «Ей, жүрегімнің қуаты, перзентлерім!.. адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен... Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің» (отыз сегізінші сөзінен).

  Ұлы Абай шығармашылығының алтын сандығын ашып, ақынныңөлеңдері мен «Ғақлиясын» одан әрі оқи бастасақ,  ол өсиет сөздердің, мұны тағы да қайталаймыз, барша адам баласына арналып отырғаны айдан анық: «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рахатының қайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды» (төртінші сөзінен).

Қайғы шығар ілімнен,

Ыза шығар білімнен.

Қайғы мен ыза қысқан соң,

Зар шығады тілімнен.

  Сол бір «көкіректе сәуле, көңілде сенім жоқ, құр көзбен көрген» қараңғылық құрсауынан Хакім, әлбетте, ең алдымен, қаракөз бауырларын арашалап алудан үмітті: «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені – батыр кісі дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды. Рақымдылық, мейірбандылық, әр түрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі демек, бұлар – жүрек ісі» (он төртінші сөзден).

  Дегенмен, ұлы ақынның негізгі нысанасы бәрібір адам, себебі «Адам баласына адам баласының бәрі – дос (отыз төртінші сөзден), әттең «Адам баласының ең жаманы – талапсыз...» (қырық төртінші сөзден). Ал, қазақ сол адамзаттың бір тобы ғана. Демек, барша адам баласына тән артықшылық пен кемшілік бізге де жат емес. Ұлы Абай өзінің жүрегін сыздатып, көңіліне түйген ойларын «бірін-бірі дос қөрсе» деп тілеген қарындастарына арнап, жандарына батыра айтқанымен, «сөз ұғарлық кісі» болса, Ұлы ақынның, ең алдымен, адамзат қоғамын басқан қараңғылыққа қапалы екені айдан анық.Туған халқының асыл қасиеттеріне бас ие отырып, оның тұлпар-уақыт тұяғының астында шаң қауып, өзге жұрттан көз жазып қалмауын «сырты дүрдей, бірақ іші у мен өртке тола» отырып толғанады.

Қадірменді әріптестер!

  Жеке тұлғаларға арналған мемориалдық музейлерге, мұны жоғарыда да айттық, рухани дамудың жаңа сатысына көтерілген тұста тарихи-мәдени құндылықтарды сақтап, насихаттауда жүктелер жауапкершілік бізден жан-жақты жұмысты талап етеді. Сондықтан өзара тығыз ынтымақтастықта, қоян-қолтық жұмыс жасап,  түйінді мәселелерді бірлесе отырып шешсек деген тілек баршамызға түсінікті болса керек.

  Жас ұрпақ туған ұлтын, төл тарихын, шыққан тегін, ұлттық құндылықтарын білуі және болашаққа дұрыс бағдар ұстауы үшін, ең алдымен, ұлы тұлғалары мен кемеңгерлерін танығаны абзал. Олай болса, Тұлғалық музейлер қауымдастығын ұйымдастыру жұмыстарының алғашқы қорытындысын баяндауға рұқсат етіңіздер.  

  Біріншіден, Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 31 мамырдағы «Қоғамдық бірлестіктер туралы Заңының» 12-ші бабын негізге ала отырып, өзіміз құратын қоғамдық бірлестік Жарғысының жобасы екі тілде дайындалды. Осы және басқа да құжаттар жергілікті музейлер әкімшіліктеріне алдын ала жіберілді және бүгін музейлер жетекшілеріне тартылып берілді.

  Жарғыда келесі мәселелер қарастырылған: бірлестіктің толық атауы, орналасқан жері, ұйымдық-құқықтық нысаны, бірлестік құрылтайшылары, негізгі қызметі, бірлестікке мүшелік, оған мүшелікке кіру мен одан шығудың тәртібі, басқару органын құру тәртібі, олардың өкілеттік мерзімі, құзыреті, бірлестік мүлкі, қаржыландыру көздері, жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, қоғамдық бірлестікті жабу мен оның қызметін тоқтатудың жай-жапсары.

  Бірлестіктің басқару органы – екі жылда кемінде бір рет шақырылатын Жалпы жиналыс болып табылады. Ол осы мерзімге, яғни екі жылға бірлестік төрағасын, оның орынбасарын, жалпы жиналыспен анықталатын және үш адамнан тұратын ревизиялық комиссия құрамын сайлайды; Жалпы жиналысқа дейінгі кезеңде бірлестікте тұрақты жұмыс істейтін орган Басқарма болып табылады. Басқарма құрамына төраға, төраға орынбасары және басқарма мүшелері кіреді. Бірлестік құрылтайшыларының барлығы да басқарма мүшелері болып табылады.

  Бірлестік қызметінің негізгі мақсаты:

  • Қазақстан Республикасының жеке тұлғаларға арналған әдеби және мемориалдық музейлерінің қызметін үйлестіру;
  • музейлердің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау мен жүзеге асыруға  жәрдемдесу;
  • музейлердің жарғылық қызметін жүзеге асыру саласында  өзара тұрақты түрде тәжірибе алмасу;
  • музейлер қызметін жүзеге асырудың жаңа әдіс-тәсілдері бойынша бірыңғай ақпараттық жүйе құру;

        Екіншіден, басшыларымен хабарласа отырып, жеке тұлғаларға арналған музейлердің тізімі жасалды, ол да сіздердің қолдарыңызда бар. Осы барыста музейлердің екі түрлі құрылым бойынша жұмыс жасайтыны анықталды: бірінші құрылым түрі – музейлер өз алдына жеке заңды тұлға; екінші құрылым түрі – бір заңды тұлға және оның филиалдары, бірнеше тұлғалық музейлер бір бас музейдің қарамағында. Мысалы, М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалдары қатарында тоғыз тұлғалық музей бар. Олар: Ақын Сара, Сүйінбай Аронұлы, Ш.Уәлиханов, Жамбыл, Ілияс Жансүгіров, Мұқан Төлебаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Н.Алдабергенов, М.Мақатаевтың мемориалдық музейлері.

  Жеке тұлғаларға арналған бөлімшелері бар музейлер қатарына сонымен бірге: Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі, Алматы қаласы музейлер бірлестігі, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі, Торғайдың Жангелдин мұражай кешені, «Айтеке би» аудандық «Халықтар достығы» музейлері жатады. Шалғайдағы ауылдарда орналасқан тұлғалық музейлермен тікелей байланыс орнату мақсатында біз Тұлғалық музейлер тізіміне бас музейлермен қоса олардың филиалдарын да кіргізіп отырмыз. Сонымен барлығын қоса есептегенде аталған тізімде қазір 58 музей бар.

  Ұйымдастырушылық жұмыс барысында барлық музейлермен тікелей сөйлесіліп, олардың танысуы әрі келісулері үшіналдын ала Жарғының және  бірлестік эмблемасының жобалары жіберілді. Бұған қоса музейлердің жетекшілерінен олардың қызметіне байланысты ақпарат сұрап алынды. Осы құжаттардың бәрі топтастырылып, жеке кітапша түрінде құрылтай жиналысына қатысушыларға таратылып берілді. Өздеріңіз білесіздер, қауымдастық құру туралы бастаманың авторлары аймақтық музейлердің өкілдері.

  Соған орай әріптестердің жаңаны жатырқамай, қолға алған іске  қолдау білдіргендерін ризашылықпен мәлімдеймін. Жергілікті жеке тұлғаларға арналған музей басшылары «министрліктің назарында болып, өзара пікір алыссақ, тәжірибе алмассақ» деген  тілекке бірауыздан қосылып отыр. Осы мақсатпен бүгін құрылтай жиналысы өткізілген тұлғалық музейлер қауымдастығы біздің қызметімізді ілгері дамытып, әріптестік байланыстарды нығайтуда өзара мүдделі әрі пайдалы  екені кәміл.

  Бүгін осы тұсаукесер рәсімінің алдында Тұлғалық музейлер басшылығында ұзақ жылдар жұмыс жасаған тоғыз адам Мәдениет және спорт министрінің Алғыс хатына ұсынылған болатын. Талап біреу: ең ұзақ және жемісті жұмыс жасаған жетекшілер таңдап алынды. Болашақта бұл ынталандыру жұмысының одан әрі жетілдіріле берері түсінікті.

  IMG-20180520-WA0021Біз Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 42-бабының 1-тармағы және Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңының (31.05.1996ж.) 7-бабына сәйкес «ҚазақстанТұлғалық музейлер қауымдастығын» республикалық қоғамдық бірлестік нысанындағы заңды тұлға ретінде құруға келістік.

  Бүгін аталған заңның 10-бабына сәйкес қоғамдық бірлестіктің Жарғысын бекіту, басшы органдарын сайлау мақсатында қауымдастыққа кіруге өтініш берген музей басшыларымен осы жиналыстың алдында бас қосып, ұйымдастырушылық мәселелерін шешіп алдық.

  Онда  күн тәртібі бойынша мынадай мәселелер қаралды:

1.  Жеке тұлғаларға арналған мемориалдық музейлер қауымдастығын құруминистрлік тарапынан жүктелген Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің директоры, қазір алдарыңызда тұрған Жүнісбеков Болат Жүнісбекұлы хабарлама жасап,  Қазақстанның жеке тұлғаларға арналған мемориалдық музейлер қауымдастығы Жарғысының жобасы және эмблемасы туралы ортақ тоқтамға келдік;

2. Кездесу барысында Құрылтайға қатысушылар өзара кең  пікір алмасты;

3. «Жеке тұлғаларға арналған мемориалдық музейлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің Жарғысы бекітілді;

4. Қоғамдық бірлестіктің басшы органдарын сайланды:

Төраға – Жүнісбеков Болат Жүнісбекұлы;

Төрағаның орынбасары –  Садықова Шынар Мұратқызы;

Басқарма мүшелері Қауымдастыққа кіруге өтініш берген музейлердің барлық жетекшілері деп шешілді.

Сонымен құрылатын бірлестіктің атауы - «Қазақстан тұлғалық музейлерінің қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі болып табылады.

  Заңды мекен-жайы: Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласы, Қайым Мұхамедханов көшесі, 29. Қауымдастық эмблемасына Бәйтеректі пайдалану арқылы, біріншіден, Бәйтерек – елдіктің символын паш ету, екіншіден, әр тұлға – бір Бәйтерек деген ұғымды көрсету көзделеді.

  Бүгін біз өз ісінің жанашырлары жиналып отырмыз. Мақсатымыз ортақ бір ұйымға біріге отырып, еліміздің өткеніне, бүгіні мен болашағына қатысты өз қолымыздағы Ұлы Абай айтқан ғажайып «жарық сәуле» -музейлер мұрасын туған ұлтымыздың рухани дамуының қабырғасына бір кірпіш ретінде  ұсына аламыз деп сенеміз.

IMG-20180519-WA0130

-------------------------------------------------------------------------------------------------------------

«Қазақстан тұлғалық музейлерінің қауымдастығы»

республикалық қоғамдық бірлестігі мүшелерінің тізімі

 

Астана қаласы

  1.  

Сәкен Сейфуллин музейі.

 

Ақмола облысы

  1.  

Ілияс Есенберлин атындағы әдебиет музейі (Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы).

  1.  

Сағадат Нұрмағамбетов музейі.

  1.  

Мәлік Ғабдуллин музейі.

 

Алматы қаласы

  1.  

С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтың әдеби-мемориалдық  музейі  (Алматы қаласы музейлер бірлестігі кешені).

  1.  

Нұрғиса Тілендиевтің мемориалды музейі (Алматы қаласы музейлер бірлестігі кешені).

  1.  

Дінмұхамед Қонаев  музейі (Алматы қаласы музейлер бірлестігі кешені)

  1.  

Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі.

 

Алматы облысы

  1.  

 Ақын Сараның мемориалды музейі (М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы).

  1.  

Сүйінбай Аронұлының әдеби-мемориалды мұражайы (М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы).

  1.  

Үмбетәлі Кәрібаевтың әдеби-мемориалды мұражайы (М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы).

  1.  

Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Н.Алдабергеновтың мемориалды мұражайы (М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы).

  1.  

Мұқан Төлебаевтың мемориалды мұражайы (М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы).

  1.  

Ш.Уәлихановтың «Алтын Емел» мемлекеттік мемориалды мұражайы (М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы).

  1.  

Жамбылдың әдеби-мемориалды мұражайы (М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы).

  1.  

Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалды музейі (М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы).

  1.  

Ілияс Жансүгіровтың әдеби  музейі (М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы).

 

Шығыс Қазақстан облысы

  1.  

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі

  1.  

«Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музейі (Абайдың «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің бөлімі).

  1.  

Абайдың  музей-үйі (Абайдың «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің бөлімі).

  1.  

Мұхтар Әуезовтің  музей-үйі (Абайдың «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің бөлімі).

  1.  

Шәкір Әбенұлының  музей-үйі (Абайдың «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің бөлімі).

  1.  

Көкбай Жанатайұлының музейі (Абайдың «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің бөлімі).

  1.  

Әсет Найманбайұлының  музейі (Абайдың «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің бөлімі).

  1.  

Семей қаласындағы Ф.М.Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейі.

 

Қызылорда облысы

  1.  

Қазалы ауданындық Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі.

 

Жамбыл облысы

  1.  

Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейі (Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы).

  1.  

К.И.Скрябин музей-үйі (Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы).

  1.  

Қордай аудандық К.Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейі.

 

Ақтөбе облысы

  1.  

Ағайынды Жұбановтардың мемориалдық музейі.

  1.  

Кеңес Одағының батыры Ә.Молдағұлованың Ақтөбе облыстық мемориалды музейі.

  1.  

Толыбай ауылдық «Әбілхайыр хан музейі» («Айтеке би" аудандық "Халық достығы" музейінің филиалы).

 

Қостанай облысы

  1.  

Ы.Алтынсаринның Қостанай облыстық мемориалды  музейі

  1.  

А.Иманов атындағы Амангелді мемориалдық  музейі

  1.  

Шақшақ Жәнібек Қошқарұлы тарихи мұражайы (Торғайдың Жангелдин мұражай кешені)

  1.  

Ыбырай Алтынсариннің мемориалды-педагогикалық мұражайы (Торғайдың Жангелдин мұражай кешені)

  1.  

Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби мұражайы (Торғайдың Жангелдин мұражай кешені)

  1.  

Әліби Тоқжанұлы Жангелдиннің тарихи-мемориалды  мұражайы (Торғайдың Жангелдин мұражай кешені)

 

Павлодар облысы

  1.  

Бұхар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі.

  1.  

Академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейі.

  1.  

С.Торайғыров мемориалдық мұражайы (Академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінің филиалы).

  1.  

М.Ж.Көпеев мемориалдық мұражайы Академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінің филиалы).

  1.  

П.Васильевтің  музей-үйі.

  1.  

Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі.

  1.  

Д.П.Багаевтың музей-үйі (Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімшесі).

  1.  

Майра Шамсутдинова атындағы ән өнері музейі (Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімшесі).

 

Батыс Қазақстан облысы

  1.  

М.Мәметованың мемориалдық музейі.

 

Солтүстік Қазақстан облысы

  1.  

Мағжан Жұмабаев музейі.

  1.  

«Абылай ханның резиденциясы» мұражай кешенi.

  1.  

Ш.Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық  музейі.

                        Түркістан облысы

  1.  

Хәкім Абай музейі (Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы).

  1.  

Руханият – ӘбуНәсір әл – Фараби музейі.

  1.  

Түркістан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі.

  1.  

Мемлекет және қоғам қайраткері Н.Д.Оңдасынов музейі (Түркістан облыстық тарихи-мәдени-этнографиялық орталығының филиалы.

  1.  

Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейі.

                        Атырау облысы

  1.  

М.Өтемісұлы атындағы әдеби-мемориалдық музей (Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің бөлімшесі).

  1.  

Х.Ерғалиев атындағы музей (Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің бөлімшесі).

  1.  

Б.Нысанбаев атындағы Әскери Даңқ музейі (Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің бөлімшесі).

----------------------------------------------------------------------------------------------------------

ҚАЗАҚСТАН ТҰЛҒАЛЫҚ МУЗЕЙЛЕРІНІҢ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени

және әдеби-мемориалдық қорық-музейі

  Рисунок1Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы – ұлы ақын, қазақтың жаңа жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін қалаушы, ойшыл, аудармашы, сазгер.

  Абайдың әдеби-мемориалдық музейі ақынның туғанына 95 жыл толу мерекесі қарсаңында Қазақ ССР Халық Комиссарлар кеңесінің 1940 жылғы 1 сәуірдегі қаулысы бойынша ұйымдастырылып, сол жылы 16 қазанда мереке үстінде ашылды.

  Экспозиция Абай дәуірі, шығармашылығы, ұлы ақынның қол артқан қайнар бұлақтары, қоғамдық қызметі, ақындық-өнер, туыстық айналасы, абайтану саласы тарихымен таныстырады.

  Музейдің негізін қалайтын құнды жәдігерлер - Абайдың көзі тірісінде Семейдің өлкетану музейіне тапсырған тұрмыстық заттар, ұлы ақынның екі фотосуреті,  Абайдың ұлы Мағауияға жазған хаты, ұрпақтары сыйлаған дүниелер, ұлы ақынның тұңғыш жинағы, Абай оқыған Ахмет Риза медресесінің кітаптары, қолжазбалар мен естеліктер, сирек басылымдар – ұлттық құндылықтарды құрайтын баға жетпес дүниелер.

  М.О.Әуезовтің ұсынысымен ашылған Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби музей бүгінде үлкен рухани орталыққа айналды. Құрамындағы бөлімдер: Семейдегі қалалық кешен мен "Алаш арыстары - М.Әуезов" музейі, Абай ауданында: Абайдың музей-үйі, "Шәкәрімнің саят қорасы" музейі, Мұхтар Әуезов, Көкбай Жанатайұлы, Шәкір Әбенұлы, Кәмен Оразалиннің музейлері, Жарма ауданында Төлеу Көбдіков музейі және Үржар ауданында Әсет Найманбайұлының музейі тарих тереңіне бойлап, танысамын деген жанға берері мол.

  Абайдың қорық-музейінің қалалық кешені мемлекеттiң қорғауында, республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің Мемлекеттік тізіміне енген.

музей 2018

Мекен-жайы: Семей қаласы, Қ.Мұхамедханов көшесі, 29

------------------------------------------------------------------------------------------

Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің бөлімі

«АЛАШ АРЫСТАРЫ – МҰХТАР ӘУЕЗОВ» МУЗЕЙІ

  «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музейінің ғимараты ХІХ ғасырдың екінші жартысында салынған.  Үйдің иесі – Әнияр Молдабаев (1856-1934) Шыңғыс болысынан, Абайдың замандасы, жерлесі, шәкірті. Оның өмір жолы М.Әуезовтің «Абай жолы» романында Данияр Қондыбаев деген атпен берілген. Үйді Әнияр Молдабаев 1898 жылы Москвин деген көпестен сатып алған. Абай мен оның балалары үйді сатып алуға қаржылай көмектескен.

  Абай Семейге келгенде түсіп жүрген үйлердің бірі осы Әниярдың үйі болған. Әнияр бір бөлмені Абайға арнаған.

  1917-1918 жылдары осы үйде Алаш қозғалысының қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, ал 1920-жылдары Мұхтар Әуезов тұрған.

  Абай, М.Әуезов өмірлеріне тікелей қатысы бар тарихи орын болғандықтан, Ә.Молдабаевтың үйінде 1944-1967 жылға дейін Абай музейі орналасты. 1988 жылға дейін қаладағы балалар кітапханасы болып, 1990 жылы Абай музейіне қайта берілді.

  1997 жылы 28 қыркүйекте М.Әуезовтің 100 жылдығына орай «Алаш арыстары – М.Әуезов» атты жаңа экспозиция ашылды. Бұл Қазақстандағы Алашорда қайраткерлеріне арналған алғашқы музейлердің бірі.

  Алаш автономиясының 100 жылдығына орай 2017 жылы музей қайта құрылымдалып, жаңа экспозиция ашылды.

  «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музейі мемлекеттiң қорғауында, республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің Мемлекеттік тізіміне енген.

алаш 2017

Мекен-жайы: Семей қаласы, Бөгенбай батыр көшесі, 132

------------------------------------------------------------------------------------------

Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің бөлімі

АБАЙДЫҢ  ЖИДЕБАЙДАҒЫ МУЗЕЙ-ҮЙІ

Рисунок1  Абайдың музей-үйі – Құнанбай әулетінің мекендеген қыстауы.Жидебай Қарауыл өзенінің жайылмасында жатқан қалың қорық, шұрайлы жер.

  Өскенбай-Құнанбай әулеттері қоныстанға дейін бұл араны Жидебай деген кісі мекендеген, сол есіммен аталып қалған. Құнанбай Өскенбайұлы 1840 жылы Жидебайға қоныс тепті. Кейін отау көтергенде Оспан еншісіне қалдырды. Оспан дүниеден қайтқаннан кейін Жидебай Абай жайына айналған, ол дүниеден өткеннен соң Әубәкір ие болып қалған.

  Ұлы ақын-ойшылдың өмірінің соңғы он жылы Жидебайда өтті. Үй құрылысы Абайжобасының көлем және ішкі бітім нобайын толық сақтаған. Сан дүркін жөндеу, қалпына келтіру күйлерді бастан кешірген. 1945 жылы Абайдың 100 жылдық мерейтойына орай оған дейінгі қыстақ музей-үй болып ұйымдастырылып, жабдықталып көпшілікке алғаш есік ашты.

1904 жылы ескіше 23 маусымда Шыңғыстау сыртындағы Балашақпақ жайлауында қайтыс болған Абай Құнанбайұлының сүйегі Жидебайға жеткізіліп, інісі Оспанның қасына жерленген.көлем және ішкі бітім нобайын толық сақтаған. Сан дүркін жөндеу, қалпына келтіру күйлерді бастан кешірген. 1945 жылы Абайдың 100 жылдық мерейтойына орай оған дейінгі қыстақ музей-үй болып ұйымдастырылып, жабдықталып көпшілікке алғаш есік ашты.

   Бүгінде Жидебай - әдеби Меккеге айналған, үлкен тағзым етер орын.

Жидебай новый

Мекен-жайы: ШҚО, Абай ауданы, Жидебай қорығы

------------------------------------------------------------------------------------------

Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің бөлімі

«ШӘКӘРІМНІҢ САЯТҚОРАСЫ» МУЗЕЙІ

  Саят қора - Шыңғыстаудағы Шәкәрімнің шығармашылықпен айналысқан мекеннің атауы.

  Шәкәрім Құдайбердіұлы – ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ тарихында Абайдан кейінгі ақын, ойшыл, тарихшы ғалым, аудармашы, сазгер.

  Ел ішіндегі мазасыз жайлар ақынның көңілін бөліп, тек жазу мен ой қорытып отыру үшін жалғызілікті өмір керектігіне ақынның көзі уақыт озған сайын жете түседі. 1913 жылы оңашалануға бел байлаған Шәкәрім 55 жаста.

  Жапанда жалғыз жатып, тау ішіндегі өзінің  шошаласында соңғы өміріне дейін сан алуан тақырыптарға шығармалар жазды.

  Шыңғыс тауы сыртындағы, Шақпақ тауы бауырындағы саятқора - өмірінің, шығармашылығының куәсі және асыл ұясы. Оны өзі Саят қора деп атаған. 1931 жылдың 3 ақпанында жазушы Сәбит Мұқановқа жіберген хатында Шәкәрім оның саят қорада  жазылғандығын айтқан.

  Шәкәрімнің мұндай арнаулы салғызған қысқы мекені екі жерде. Бірі – Ділдә өзені бойында, өзі қаза болған Керегетас іргесінде, екіншісі осы Саятқорасы. Бұл оның ең соңғы мекені саналады.

  «Қазақстанның 100 киелі мекені» картасына енген Жидебайдағы Абай музей-үйінің экспозициялық бөлімі – «Шəкəрімнің саят қорасы» қайта жаңғыртылды. Қорық-музейдің Жидебай қорығында орналасқан Шақпақ жайлауындағы саят қораның көшірме нұсқасы Шəкəрім қажы Құдайбердіұлының 160 жылдық мерейтойына орай күрделі жөндеу жасалды.

ШӘКӘРІМ музей  2018

Мекен-жайы: ШҚО, Абай ауданы, Жидебай қорығы

------------------------------------------------------------------------------------------

Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің бөлімі

МҰХТАР ӘУЕЗОВТІҢ МУЗЕЙ-ҮЙІ 

Рисунок1  Бөрілі – Абай заманынан бері Әуез әулетінің ата-қоныс-қыстауы. Семей қаласынан 80 шақырымда орналасқан елді мекен. ХIХ ғасырдың соңғы ширегінен бері Абай мен Әуез арасындағы келісім-ұйғарыммен Әуез әулетіне қараған. Әуез әулеті бұл жерге Шыңғыстаудағы Қызылшоқыдан көшііп келіп орныққан.

  Абайдың әкесі Құнанбай – Әуездің күйеу баласы. Оның әйелі Нұрғаным Әуездің қарындасы. Осындай туыстық сыйластық қарым-қатынастарын ұрпақтары да жалғастырды. Абай мен Әуездің бір-біріне жиі қатынасып тұрғаны белгілі. Қыстаулары да жақын 3-3,5 шақырым аралығында орналасқан. Сол себепті Әуездің немересі – Мұхтар 1897 жылы 28 қыркүйектеАяққараған деген жерде дүниеге келгенде Абай жасы үлкен досының қуанышына ортақ болған-ды.

М.Әуезовтің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында қыстау күрделі жөндеуден өтіп, жазушының музей ретінде қайтадан құрылды. 1987 қыркүйекте облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімі болып ресми түрде ашылды. 1987 жылы желтоқсан айының 25-де Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің №411 бүйрығымен Абайдың республикалық әдеби-мемориадық музейінің қарамағына берілді.

Рисунок2

Мекен-жайы: ШҚО, Абай ауданы, Бөрілі ауылы

-----------------------------------------------------------------------------------------

 

Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің бөлімі

ШӘКІР ӘБЕНҰЛЫНЫҢ МУЗЕЙ-ҮЙІ

 

Рисунок3  Музей халық ақыны Шәкір Әбенұлы тұрған үйде 2003 жылы ұйымдастырылды. 1961 жылы ақын бұл үйді өзі салып, 1962 жылдан осы үйде тұрған.

  Әкесі Әбен Бітімбайұлы Абаймен тұстас болған, үзеңгілес жүріп, ел басқару ісіне араласқан   Жас Шәкір ақындық ортада тәрбиеленіп, олардың өлеңдерін жаттап өседі. Уақытының көбін Шәкәрім, Көкбай, Әріп, Уәйіс, Ақылбай, Мағауия, Әубәкір, Ағашаяқ, Тайыр сынды Абай мектебін көзімен көрген шәкірттерінің өлеңдерін, толғау-дастандарын тыңдап, жаттауға арнайды. Жатқа ғана біліп қоймай, біразымен жүздесіп пікір тыңдасады.

  Жасынан алғыр, қырағы, озық ойлы Шәкір патша билігінің  құлауы кезіндегі қазақ зиялыларының жеке автономия құру жөніндегі идеясын, үнін түсінеді. Ұлттық бостандықты аңсап, отарлық тепкіге қарсы шыққан А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаевтың мұраларын жаттап, халыққа таратушы ғана емес, көзқарастарын жалғастырушы ақын.

Рисунок4

Мекен-жайы: ШҚО, Абай ауданы, Құндызды ауылы