name

8 (7222) 52-38-52, 52-24-22

ШҚО, Семей қаласы, Интернационал көшесі, 29

KZ RU EN

«АБАЙ» 

   «Абай» стансасы Абай көшесі мен Фурманов көшесінің қиылысында орналасқан. Бұл станса ұлы ақын атымен айшықталғаны жұртшылыққа мәлім. Платформадағы Абайдың бейнесі мрамор тақтаға қоламен бедерленіпті. Қобылан Құдайбергенов мраморға қоланы  қондыру әдісі елімізде иұңғыш рет метроны әрлеу кезінде қолданылғанын айтты. Сондай-ақ, панноға үңілген адам кемеңгер ақынның қара сөздерінен үзінді оқып, тағылым түйеді. «Абай» стансасын әрлеуде шеберлер металл мен ақшанқан мраморға басымдық берген екен. Ал еденнің беті геометриялық кескіндемелермен көмкерілген. Абай – ағартушы болғандықтан, ұлы ақынымыздың атымен аталған станса ақ түсті баспалдақтармен текшеленген, мұны да бір ерекшілік деп біліңіз. 

Сапарбай Парманқұлов

"Егемен Қазақстан" тілшісі, арнайы

"Алматы-ақшамы" үшін

13.06.2017жыл №69 (5418)

 

ШЫМЫЛДЫҚ «АБАЙ» ОПЕРАСЫМЕН АШЫЛАДЫ 

  1496372103_article_b_1500_«Астана Опера» театры ЭКСПО-2017 көрмесіне арнайы бағдарлама ұсынбақ «Астана Опера» театры ЭКСПО-2017 көрмесіне орай арнайы әзірлеген туындыларын көрермен назарына ұсынбақ. Арнайы бағдарлама шымылдығы 11 маусым күні «Абай» операсымен ашылады.
  Операның дирижерлік тізгіні маэстро Алан Бөрібаевтың қо­лын­­да болса, қоюшы ре­жи­с­сері – белгілі италиялық өнер тар­ланы Джанкарло дель Мо­нако. Спектакльдің сценографы – Эцио Фриджерио. Кос­тю­мер суретшісі – «Оскар» сый­лығының иегері Франка Скуарчапино. Қоюшы хоре­о­графтар – Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткерлері Тұр­сын­бек Нұрқалиев пен Ғалия Бөрібаева. 

 

Егемен Қазақстан

02.06.2017ж.

 

ЭКСПО ҚОНАҚТАРЫ «АБАЙДЫҢ БАЛАЛЫҚ ШАҒЫМЕН» ДИДАРЛАСАДЫ

  1495172684_article_b_1500_Әне-міне дегенше халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің салтанатты ашылуына да санаулы күндер қалды. Ресми дерек бойынша, көрме аясында әртүрлі форматта 7 мыңнан астам мәдени шара өтпек. Қытайда түсіріліп жатқан «Абайдың балалық шағы» атты көпсериялы анимациялық фильмі де халықаралық көрме кезінде көпшілікке ұсынылмақшы.

  Қытайдың Үрімжі қаласындағы «Абай жолы» компаниясы түсіріп жатқан «Абайдың балалық шағы» атты 3D көпсериялы анимациялық фильмі Абай әлемі аясындағы ізденістердің кеңге қанат жайып келе жатқандығын аңғартады.

  – Қазір төрт серияның түсірілім жұмыстары сәтті аяқталды. Үгіт-насихат есебіндегі алғашқы сериясының ұзақтығы 15 минут, кейінгі сериялары 13 минуттан тұрады. Фильмнің 26 сериясын бір жыл көлемінде түсіріп бітіруге тиіспіз. Жұмыс сәтті болып, телеаналардан көрсете алсақ, толықметражды мультфильм ету ойымызда бар, – дейді компания директоры, әрі мультфильм режиссері Ғұсман Қажытай.

  Мультфильм сюжетінде Абай образы халық ұғымына ортақ ақылды, зерек, қазақтың қара домалақ баласы ретінде бейнеленген.

Ая ӨМІРТАЙ, «Егемен Қазақстан»

19.05.2017ж.

Рухани  ынтымақтастық

МЫСЫР ТӨРІНДЕГІ АБАЙ ЕСКЕРТКІШІНЕ ТАҒЗЫМ ЕТІЛДІ

  Осыдан біраз бұрын, наурыз айының 7-10 күндері аралығында Египет Араб Республикасының астанасы Каир қаласында сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық бойынша Қазақстан-Египет үкіметаралық комиссиясының бесінші отырысы болып өтті. Халықаралық деңгейдегі маңызды кездесуге еліміздің делегациясын ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бастап барды.

  IMG_1083Ауқымды басқосу саналатын аталмыш үкіметаралық комиссия отырысында қос мемлекет арасындағы мәдениет және тарихи-мәдени мұраларды қорғау, спорт пен туризм, білім беру, діни қызмет, сауда, өндіріс, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау т.б. салалар бойынша әріптестікті дамыту мәселелері қаралды.

  Айта кетер болсақ, қазақстандық делегация құрамында еліміздің Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын, Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Алмаз Нұразхан, Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мельдешов, Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің төрағасының міндетін атқарушы Пак Лариса Юн-Бойевна, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары Ғалымжан Жұмашев, ШҚО Абай ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Тәттібеков, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ІІ хатшысы Қожахмет Пазилов, Ұлттық кітапхана директоры Жанат Сейдуманов, «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяровтар болды.

  Кездесу барысында жүргізілген келіссөздер нәтижесінде Қазақстан-Египет үкіметаралық комиссиясы 5-отырысының хаттамасы жасалынып, қос тарап бірігіп қол қойыпты. Бұл аса маңызды құжатта екі ел арасындағыIMG_1179 сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық мәселелерінн бірігіп іске асыру межеленген. Яғни, таяу болашақтағы іс-шаралар қатары пысықталыныпты.

  Нақтырақ тоқталсақ, қос тарап «ЭКСПО-2017» халықаралық көрме аясында Ежелгі Египеттің өнер туындылары көрмесін өткізу мәселесі бойынша жұмыс жүргізбек. Бұдан өзге болашақта ҚР Ұлттық музейінде әлемдік мәдениет залын ашу үшін қазақстандық реставраторлар, археологтар Египетте даярлық курстарынан өтетін болады.

  Осынау келелі басқосу аясында қос елдің мәдени бауырластығын арттыратын бірқатар игілікті шаралар да орын алды. Атап айтсақ, Арыстанбек Мұхамедиұлы Мысыр елінің  инвестициялар және халықаралық ынтымақтастық министрі Сахара Наср, мәдениет министрі Х. Наманам, Көнелер ісі министрі Х.Аль-Анани жән Каир шаһарының губернаторымен екіжақты кездесулер өткізіп, тарихи қаладағы «Достық пен еркіндік» саябағында орналасқан Абай бюстіне гүл шоқтарын қойды. Мұнымен қатар, ел делегациясы ұлы даланың ұлы тұлғасы Сұлтан Бейбарыс мешітін зиярат етті.

  Осы орайда сонау Мысыр еліне арнайы ресми сапармен барып қайтқан Абай ауданы әкімің орынбасары Бауыржан Болатұлы өз әсерімен бөлісті.

  - Естеріңізде болса, өткен жылдың қазан айында Мысыр төріне Абай ескерткіші қойылды деген сүйінші хабарды естіген едік. Төбеміз көкке бір елі ғана жетпей қалған болатын. Абайдың және оның әдеби мұрасының әлемдік деңгейде кеңінен насихатталуы күллі қазаққа мәртебе екенін көріп жүрміз. Сол себепті де, мені адамзат өркениетінің алғашқы алтын бесігі саналар осынау елдегі Абай ескерткішіне гүл шоғын қою сәті ерекше тебірентті. Жалпы, осы сапар барысында Египет Араб Республикасының Қазақстанға деген құрметі мен ерекше ықыласын танып қайттым. Тіпті олар, жас қала Астана мен іргетасы сонау перғауындар билігі заманында қаланған әйгілі Каир қаласын «Бауырлас қалалар» деп атайды екен, - деп атап өтті.

  Жалпы, осынау екіжақты кездесулер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Египет арасында бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылыпты. Оның ішінде ҚР Ұлттық кітапханасы мен ЕАР Ұлттық кітапханасы және мұрағаты арасындағы ынтымақтастықты дамыту туралы меморандум, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен ЕАР Уақыфтар министрлігі арасында әріптестік орнату туралы меморандум қабылданыпты. Әйтседе, Ұлылар елі үшін, бүгінгі Абайшыл ұрпақ үшін хакім есімінің Мысыр төрінде ұлықталуы айтарлықтай қуанышты жаңалық екендігі хақ.

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі» газеті, 16-31 наурыз 2017 жыл

 

Сүйінші!

 

АСТАНАДА ҚАЙЫМҒА КӨШЕ БЕРІЛДІ

 

Астана қаласының әкімдігі Сарайшық көшесінің атауын Қайым Мұхамедханов атауына өзгерту туралы шешім қабылдады.

Елорданың сол жағалауын алып жатқан көше Алаштың соңғы тұяғы Қайым Мұхамедханов атын иеленді.

Осыған дейін Семей қаласындағы Интернационал көшесін Қайым Мұхамедханов атауына өзгерту туралы шешім қабылдаған болатын.

 

Мақаланың толық нұсқасын «Семей таңы» газетінің

04.04.2017 жылғы №27 санынан оқи аласыздар.

 

"Көктөбе" саябағында "Абай" ұлттық мейрамханасы ашылды

  Кеше Алматыда «Abay» ұлттық қазақ тағамының жаңа мейрамханасы ашылды. Мей­рамхананың аспаздық тұғыр­намасы – қонақтарға тек қазақтың ұлттық тағамдарын ұсыну мақсатын көздейді. Сусындардың кең таралған түрлерін дайындаудың дәс­түрлі әдістеріне ерекше көңіл бөлінетін болады. Жаңа мейрамхананың құндылығы мен ерекшелігі – оның ұлттық рухта, ұлттық нақышта жаб­дық­талуында. Қонақтарды қазақтың ұлттық тағамдары­мен қуантатын мейрамхана залы сәндік элементтермен киіз үй бейнесінде безен­дірілген. Алматылықтарға есігін айқара ашқан жаңа мейрам­хана «Көктөбе» саябағында теңіз деңгейінен 1100 метр биіктікте орналасқан. Банкет залы 300 қонақты күтуге арналған, сондай-ақ, мейрам­хана аумағына алдағы уақытта кең жазғы бастырма құрылы­сын салу көзделіп отыр. Жаңа нысанды іске қосудың арқа­сында 200 алматылық жұмыспен қамтылды.

  «Abay» – Алматы қаласындағы 2017 жылы ашылған қазақ тағамы­ның бірінші мейрамханасы. Өткен жылы «Гәкку» және «Qazaq Restaurant» мейрамханалары ашылды. Алматы қа­­ласы Кәсіпкерлік және индус­тр­иал­ды-инновациялық  даму  басқар­ма­сының мәліметінше, қазіргі таңда Алматыда қазақ тағамының элемент­тері бар 150 мекеме жұмыс істейді. Бүгінде қалада 2 мыңнан астам қоғамдық тамақтандыру нысандары бар.

  – Қаламыздың ең көрікті жерінің бірінде орналасқан бұл мейрамхана дүниежүзілік талаптарға толық сәйкес келеді. Мұндай нысандар  Универсиада мен ЭКСПО аясында бой көтерген нысандар қатарына жатады. Универсиада мен ЭКСПО-ға бағытталған нысандар көбейіп жатқаны қуантады. Сондықтан, қаламызда мұндай нысандардың жыл сайын арта түсуіне барынша жағдай жасаймыз. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолжетімді қоғамдық тамақтандыру нысандарын ашу мақсатында кәсіпкерлермен келісіп жұмыс жасап жатырмыз. Биыл да 100-ден астам осындай нысандар ашып, 10 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етуді  жоспарлап отырмыз, – деді Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Алмас Мәдиев.

  Қазақтың бас ақынының атымен аталған мейрамхана залы «Қыз ұзату», «Тұсаукесер», «Көкпар» тәрізді ұлттық салт-дәстүрлерімізді бей­нелейтін әдемі көріністермен безен­дірілген.

 Балнұр АХМЕТ

«Алматы Ақшамы» газеті

02.03.2017 жыл

Абай мен Әлихан кездесті ме?

  Былтыр Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханның жүз елу жылдығын ЮНЕСКО көлемінде тойладық. Кір жуып, кіндік қаны тамған Ақтоғай топырағында дүркіреп той өтті. Сол тойда өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан атты ағамыз тамаша дерек келтірді:

  «Мың сегіз жүз отыз сегізінші жылы Меркі мен Шудың арасындағы Қоскөл деген жерде Алаш арысы Әлиханның әкесі Нұрмұхамед туған. Қорғаштың Қоскөлі деп аталатын бұл жер – Керей мен Жәнібектің алғаш Қазақ хандығын құрып, тарих таңбасына айналдырған әйгілі Қозыбасымен жапсарлас орналасқан. Сөйтіп, хандар әулетінің тағы бір ұрпағының кіндік қаны қазақ хандығының туын тіккен киелі топыраққа тамған деуге негіз бар», дейді.

  Сол Нұрмұхамедтен туған атаулы хан нәсілі Әлихан осыдан тура жүз жыл бұрын, 1917 жылы Алашорда үкіметінің төрағасы болып сайланады.

  Яғни, биыл Алашорда үкіметі құрылып, Алаш автономиясы жарияланғанына 100 жыл!

  Ал Алаш атын атаған тұста елдік ұғымымен ежеттес Абай есімі қатар айтылатыны шындық.

  Алаш идеясының қайнар бұлағы Абайдан бастау алады десек мәнді тұжырым шығатын сияқты. Нық айтуымызға бірнеше себеп те жетерлік. Алдымен, бұрнағы уақытта да айтылудай-ақ айтылып, жазылып келген, Абай мен Әлиханның шын мәнінде кездескендігін нақты айғақтайтын бұлтартпас бірнеше мысал.

Мирас АСАН,

« Егемен Қазақстан» газеті

   Мақаланың толық нұсқасын «Егемен Қазақстан» газетінің 2017 жылдың 8 ақпанындағы  №27 санынан оқи аласыздар.

«Әр адамның өз Абайы бар»

  Әлемдік әдебиеттің, оның ішінде Батыс Еуропаның, Ресейдің классикалық шығармаларынан міндетті түрде күйсандықта не скрипкада ойнайтын бір кейіпкерді кездестіресіз. Ол барлық кезде басты кейіпкер емес. Мысалы, үлкен қаладағы бір мырзаның үйіне қонаққа келген ығайлар мен сығайларға сол үйдің қожайыны не оның әйелі, тіпті болмаса жасөспірім бала-шағасы күйсандықта не скрипкада өнер көрсетіп жатады. Бұл сол аспаптарға ақсүйек отбасылардың жаппай қызығушылығын, кейбірі еліктеп, сән үшін үйренгенін көрсеткенімен, арғы жағында «музыка – барлық өнердің бастауы» деген түсінік жатыр. Сондай-ақ, классикалық музыка аспаптарына тек қолы жеткендердің ие болғанын
байқатады.

  Иә, бүгінде классикалық музыка аспаптары арзан тұр­майды. Қазіргі заманда да оған қызығушылық бәсеңсіген жоқ. Балаларын музыка мектебіне беретіндер көбіне мәдени ортамен байланысы бар қалалықтар екені тағы шындық. Біз бұл жерде әлемдік деңгейде өнер көрсетіп жүрген музыканттарымыздың көбінде асфальтта өскен балалар болып келетініне алғышарттың баяғыда жасалғанын айтқымыз келген.

Айгүл Сейілова,

«Егемен Қазақстан» газеті,

4 ақпан, 2017 жыл.

Абайды ардақтай алдық па?

Немістер Гетесін, қытайлар Конфуцийін, испандар Сервантесін, орыстар Пушкинін, өзбектер Навоиын… жалпы жер бетіндегі қазақтан өзге халықтар ғұламаларын, ақындарын әлемдік деңгейде қалай насихаттайды, ә? Деректерге сүйенсек, Конфуций институты Қазақстанда 2009 жылдан бастап жұмыс істейді екен. Бүгінде еліміздегі жоғары оқу орындарында бұлардың саны – төртеу. Тарихы 65 жылдан асатын, 100-ге жуық елде тамырын терең жайған, осыған ұқсас тағы бір ұйым – Гете институтының да жылына сандаған өренді неміс мәдениетімен сусындатуы – қол жетпес үлкен еңбек.

  Қазақ Құраннан кейін қолына Абайды ұстайды. Соған қарамастан, ұлы ақын ұлағатын әлемдік деңгейде солардай құлаштап көсіліп, тұлғамызды кеңінен насихаттай алмай отыруымызға не себеп? Себебі, әуелі Абайтану институты әр қазақтың өзінің жүрек төрінен ашылуы керек-ақ. Ел жүрегі – Астана десек, сән-сәулеті күннен күнге асқақтаған ажарлы елордамыз Абай тағылымын таратушы институттың бой көтеруіне әбден лайықты сондай қасиетті мекен екені тағы даусыз.

  Қызық болғанда, Вьетнамда, Кореяда, Қытайда, Әзербайжанда Абай орталықтары, Түркияда Абай атындағы мектеп ашылса, Лондонда тұрған «Абай үйіне» ежелден еңселене марқаямыз. Ресейде, Германияда, Түр­кияда, Үндістанда ақын құрметіне көше аттары берілсе, Мысыр астанасындағы ең көрікті жерлердің бірі «Ер­кіндік және достық» саябағында ескерткіші бой көтеріпті. Бұларға тәубе дейсіз. Қазақтың кім екенін танытуға Абай рухы тоқтаусыз қызмет етіп жатқанына қуанасыз. Солай бола тұра:

  Елімізде, шетелдерде абайтану ілімімен айналысатын қанша ғалым бар?

  Республикамызда қанша мектепке, көшеге, елді мекенге Абай есімі берілді? Абайдың ескерткіші мен бюстерінің, орталықтардың саны мен сапасына мән беріп үлгердік пе?

  Әттең, мектепте абайтану пәні өтілмейді. Абайтану – адамтану, қазақтану ғой. Ал оның дариядай шалқар қазынасына сана-сандығымыз қазір аузы-мұрнынан шыға тыңқиып тұр дей алмайсыз. Сол үшін Абайдың бір өлеңін жатқа білмейтін қазақты қазақ деп есептемейтін, Абайды әлемдік деңгейде насихаттайтын биік өредегі рухқа көтерілуге асығу керек-ау.

  Осы орайдағы ойымызды түйіндеу үшін ақынның «Жетінші қара сөзіндегі»: «…Кө­кіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта, бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз», – деген сөзіне иек арттық… Көңіл күйінің құлақ бұрауымен үндескен бұл әңгімені сол білсек екен деген адамның баласы болғандықтан жазып отырмыз.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, 

«Егемен Қазақстан» газеті,

4 ақпан, 2017 жыл

 

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында

академик О. Сәбден кітабы ұсынылды! 

  книгОразалы Сәбденнің «Абай, Қазақстан болашағы мен әлемдік цивилизация» және «ХХI ғасырдағы адамзаттың өмір сүру стратегиясының концепциясы және азық-түлік қауіпсіздігі» атты кітаптарының танымал ғалымдар, академиктер, қоғам қайраткерлері, жазушыларымен Алматы қаласының жастарымен тұсаукесері өтті. БАҚ - TV: «Хабар», «Қазақстан», «31» арна, «Тұран» және басқалар қатысты.

 

 

 

Кітаптың негізгі идеясы

  Таяуда «АБАЙ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ ЖӘНЕ ӘЛЕМДІК ЦИВИЛИЗАЦИЯ» атты жаңа үлкен кітап қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрді. Еңбектің авторы белгілі ғалым, қоғам қайраткері, академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Оразалы Сәбден.

  Абай Құнанбайұлының шығармалары мен қара сөздері қазақ халқын, жалпы адамзат баласын екі ғасырдан бері рухани құндылықтарға жетелеуде. Абай – ой мен сөз бостандығының символына айналды. Қазақтың идеалы – Абай. Кітапта оның қара сөздерінде көтерілген мәселелерді XXI ғасырда іске асыру тетіктері айқындалған. Егер дəл қазір Абайдың өзі болса, алыс-жақын айналада жəне елімізде болып жатқан құбылыстарға, адамзаттың жанайқайына не айтар еді? Оның өңменіңнен өтетін ащы өмір шындығына, лауазымына қарамай айтатын сынына, дəлеліне қазіргі билік сол бұрынғы Абайға қарағандай қарай ма екен?! Ұлы Абайдың феномені, оның ой-өрісін, болмысын бəріміз, үлкеніміз де, кішіміз де, байымыз да, кедейіміз де жақсы көреміз, мойындаймыз да. Ал ісіне келгенде біріміз оның айтқандарын істеуге тырыссақ, ал екінші жартымыз неге керісінше жасаймыз ? Абайдың ақиқат пен шындығын айтатын кез келді.

Сізді қызықтыратын, толғандыратын сұрақтардың жауабын мүмкін осы кітаптан табарсыз?

 -     Біз кім едік, қазір кімбіз, қайда бара жатырмыз, алда не күтіп тұр?

-          Қандай байлығымыз, потенциалымыз бар, оны қалай пайдаланып жатырмыз?

-          Рухани құндылығымыз қай деңгейде, қалай жаңғыртамыз?

-          Табиғат пен адам гармониясы сақтала ма?

-          Жаңа технологиясыз бәсекелестікке түсе аламыз ба?

-          Кіші кәсіпті қалай бүкіл халықтікі етіп жасаймыз?

-          Ауылдың хал-ахуалы, оны қалай көтереміз?

-          Білім мен ғылымның деңгейі қандай, қалай серпіліс береміз?

-          Әр адамға, отбасына керегі не?

-          Жастар болашағы

-          Мемлекетті қалай тиімді етіп басқарамыз?

-          Адамзаттың XXI ғ. өмір сүру жолы қалай болмақ?

  Біз Абайға қайта бет бұрып, оның туындыларынан ақиқат пен шындықты, оның толық адамынан ар-ұят, намыс пен мейірімділікті алып, өзімізді өзгертуге, рухани жан дүниемізді түзетуге бет алсақ дейді автор. Әр сөздің мазмұны екі бөліктен тұрады. Біріншісі: «Мəселенің қазіргі жағдайы қалай?», «екіншісі: «не істеу керек, қалай шешу керек, тетігі қайда?» деген сұраққа жауап іздеп, ұсыныстар беру – қиынның қиыны. Бұл кітаптың ерекшелігі – ол халықаралық деңгейде жаңа постмодернизм тәсілінде бүгін мен болашақтың өзекті сұрақтарына жауап беріп, оларды қалай іске асыру жолдары жазылған. Соның арқасында Қазақстанды, яғни Қазақ елін жаңа өркениетке, ізгілендіру қоғамына көтеру – автордың негізгі мақсаты. Адамзаттың XXI ғасырда өмір сүру жолдары, Түркістанды рухани жаңғырту жобалары ұсынылған. Атап айтқанда: экономика, рухани-мәдени, ғылыми-технологиялық революция, экология, ғарышты игеру, қауіпсіздік туралы. Кітапқа академиктердің, мамандардың пікірлері берілген.

  Презентацияға белгілі ғалымдар, зиялы қауым, академиктер С.Қирабаев, А.Кошанов, К.Ормантаев, А.Бейсенова, М.Мырзахметов, Б.Ракишев, С.Сатубалдин, Ә.Сатыбалдин, У.Қалижан, Х.Абжанов, Ж.Мустафина, мәдениет және коғам қайраткерлері М.Ауезов, Н.Жотабаев, А.Осман, Р.Ботабеков, Г. Капекова т.б., профессорлар.

  Осы кітапты мына мекен-жай бойынша сатып алуға болады: Құрманғазы к-сі, 29, ҚР БҒМ ҒК Экономика институты, Тел: 261-19-06; 272-12-16, Мобильді: 87078048332 Sutauri, офис 108, 213

Жарты ғұмырын ұлы Абайды бейнелеуге арнапты

   Риддерде Юрий Хабаров есімді ерекше суретші тұрады. Өмірінің саналы бөлігін музей ісіне арнаған қария Абай әлемін шығармашылығына өзек етіп келеді.

  11Юрийдің отбасы 1943 жылы өзге де алман әулеттерімен бірге Украинаның Донбасс өңірінен Аягөзге күшпен қоныстандырылыпты. Солайша балалық шағы «Сталин» колхозындағы қазақтардың арасында өткен. Кейін Семейден жоғары білім алды. Болашақ педагогты Абай әлемі осы кезде баурайды. Аягөз қазақтарынан да ақынның нақылдарын көп естіп өскен Юрий Хабаров Семейдегі музейде Абай өміріне тікелей қатысы бар жәдігерлерді көріп, біржола зерттеуге кіріседі. Осы ой оны М.Әуезовтің роман-эпопеясын түпнұсқада оқуға да итермелеген. Ал суретшілік қабілетін арнайы үйірмеде шыңдайды. Оқу бітірісімен жолдама бойынша Риддерге келген Юрий көп өтпей шаһардың өлкетану музейін ашты. Осы музейде зейнетке шыққанша басшылық қызмет атқарған ол жұмыстан қолы қалт еткенде Абай әлеміне қалам тербейтін. 86 жастағы қария қолынан әл кеткенге дейін осы машығын тоқтатқан емес. Соның арқасында бүгін оның мұрағатында ақын өмірінен сыр шертетін майлы бояумен және акварельмен салынған 100-ден астам сурет сақтаулы тұр. Алғашқы 28 суретті өзі құрған музей әр данасын жеті мың теңгеден сатып алып, мәдени мұралар қатарына енгізген екен. Мұражай директоры Гүлнәр Бәкібаева осы суреттерді алып Абай ауданы мен Семей қаласында көрмелер өткізгендерін айтады.

  - Қарауыл жұрты да, Семей қаласындағы әріптестеріміз де Юрий Хабаровтың суреттерін жылы қабылдады. Әйгерімнің көзін көрген қарауылдық қария Юрий Хабаров салған сурет өте ұқсайтынын айтып, тамсанған болатын, - дейді ол.

  Мұражайдағы суреттерді көріп М.Әуезовтің «Абай жолы» романына саяхат жасағандай күй кештік. Абай тақырыбына адал суретшінің өзімен тілдескіміз келіп, үйіне іздеп бардық. Кәріліктен қаусап отырған қарт әңгіме оның суретшілігі жайында болатынын білгенде жадырап, қанаттанып шыға келді.

  - Алғашында өзім салған бейнелер ойдан туындағандықтан «осы қалай болар екен?» деген күдік маза12 бермеді. Содан өзім салған суретке қарап алып, «Абай жолындағы» портреттік мәтіндерді оқимын. Істеп жүргенім бекер емес екеніне өзімді осылай сендірдім. Кейін Абайдың суреті барлық басылымдарға жариялана бастады. Осы кезде түпнұсқадан алшақ кетпегенімді байқап, түбегейлі Абай тақырыбына тұрақтадым. Кейде қарап отырсам, кейбір бейнелер Аягөздегі ауылдастарымнан алынған сияқты, - дейді Ю.Хабаров.

  Суретші салған дүниелері іздеусіз қалар деп уайым шекпейтінін айтады.

  - Бұл суреттерді мен атымды шығарып немесе пайда табу үшін салған жоқпын. Тек өзім үшін сыздым. «Абай айтқандай, өз сөзім өзімдікі», - дейді.

  Қарияның айтуынша, жыл бұрын Өскеменнен бір адам Юрий қартты арнайы іздеп келіп, Абай тақырыбындағы суреттерін түгел сатып алуға уәде беріпті. Бірақ неге екені белгісіз, ол адам қайтып Ю.Хабаровқа хабарласпаған.

  Альбомдарын кезек-кезек қолына алып, әр суретті қалай салғанын баяндап Юрий қарт бізді біршама бөгеді. Өмірінің жартысын қазақтың бас ақынын бейнелеуге арнаған қарияға біз де құрметпен қарадық.

Есімжан Нақтыбайұлы

Риддер.

                                                                                                                                                         «Дидар» газеті

Шығыс Қазақстан облыстық газеті

№135 (17375)

12 қараша, 2016 жыл

Францияда Абай ескерткіші ашылды

  ффФранцияның Рен қаласындағы «Алматы» жағалауында Абай Құнанбайұлы ескерткіші ашылды. Ескерткіштің ашылуына Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қатысты.

  Парижде Алматы қаласының 1000 жылдығы аталып өтті. Оған қала әкімі бастаған дәстүрлі әншілер, актерлер, «Сазген сазы» фолклорлы-этнографиялық ансамблі қатысып, өнер көрсетті.

  Осы сапарға барған әнші Ерлан Рысқали Абай ескерткішінің ашылуына қатысып, өзінің әлеуметтік желі парақшасындағы суреттермен бөлісті.

Abai.kz

14.10.2016

Абайға ескерткіш орнатылды

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай ғұлама ойшыл, хакім Абайдың еңселі ескерткіші Жарма ауданына қарасты Шар қаласының төрінен бой көтерді.

  Абай ескеткш ШардаҚала орталығынан орын тепкен ақынның мүсіні алыстан менмұндалап тұр. Жалпы, бұрынғы аудан орталығы болған Шар қаласы үстіміздегі жылы жаңа кейіпке еніп, әлеуметтің әлеуетін көтеруге жергілікті атқарушы билік ерекше ден қойған.

  Салтанатты шара барысында алғаш болып сөз алған Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықов: - Абай Құнанбаевтың мұрасы – қазақтың ең қасиетті, теңдесі жоқ алтын қазынасы десем, артық айтқандық болмайды. Бүгінгі жасалып отырған құрмет – халқымыздың біртуар ұлы, дана Абайға бас иіп, құрмет көрсету ғана емес, барлық қазақстандықтардың рухын көтеретін салтанатты күн. Ұлтымыздың рухани ағартушысы, халқына мәңгі өшпес мұра қалдырып, қазақ әдебиетін әлемдік деңгейде мойындатқан, майталман ойшыл Абайға тағзым ету – біз үшін аса жоғары мәртебе. Өскелең ұрпақ елдің, жердің тарихын осындай істермен тани білуі қажет. Яғни, игілікті іске үн қосқан барша жандардың мақсатты ісі табысты жүзеге асты деп білемін, - деген аудан басшысы бас біріктіріп, істі іліктірген барша жандарға алғысын жеткізіп, қала жұртшылығын құттықтады.

  Осылайша, Шар өзені бойында араға ғасырдан аса уақыт салып ойшыл, ақын Абайдың есімі жаңаша жаңғырды.

«Ертіс өңірі» газеті, №36(675)

7 қыркүйек 2016 жыл 

 

Абайдың әжесі Зереге ескерткіш орнатылды

  ЗереШығыс жұрты тағы да бір елеулі іс атқарды. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, қазақтың біртуар ақыны Абайдың әжесі Зереге арналған ескерткіш Жарма ауданының Қалбатау ауылында бой көтерді. Асыл аналарға деген құрмет, ізгілік, ілтипат көрсету жас ұрпақтың бойында патриотизмді қалыптастыру мақсатында «Ұлы даланың ұлы аналары» атты іс шара аясында қолға алынған болатын. Игілікті бастаманың ұйытқысы болған Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықов ел аналарына деген құрметтің ескерусіз қалмайтынын айтады. «Ұрпақ сабақтастығын жалғастырушы ұлтты тәрбиелер асыл жандарымызға тағзым ету қашанда парызымыз», – дейді ол.

  Торқалы тойға қатысқан Құнанбай фильмінде басты рөлді сомдаған Досжан Жолжақсынов өз ойын былай тарқатты: «Жұмақ аналардың табанының астында. Алып анадан туады дейді халқымыз. Әлемнің бар асылы – данышпан ғалым да, сөз бастаған шешен де, ел бастаған көсем де ананың көкірегінен нәр алып, тамыр жаяды. Көркем өнер саласында еңбек еткен адамдарға, аудан жұртышылығына алғысым шексіз».

  Әдемі үйлесім тапқан мүсіннің бейнесін Ертіс Тәтиев пен оның ұлы Еркебұлан Ертісұлы жасап шыққан екен. Ескерткіште Зеренің алдында бала Абай бейнеленген. Олардың айтуынша, бұл идея романнан алынған үзіндіге негізделіп жасалған. «Абай жолы» роман-эпопеясында Абай әжесі Зеренің тәрбиесінде болғанын, жастайынан қисса дастандарды естіп, көкейіне тоқып өскенін білеміз. Қолы алтын шеберлердің осындай туындылары тарихымыздың ашылмаған сырларын, ақтаңдақ беттерін ақ параққа түсірумен тең. Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы болған ардақты аналарға қандай құрмет көрсетсе жарасымды. Бұл игілікті іс өзге өңірлерде де жалғасын тауып жатса құба-құп.

Айман МҰҚЫШЕВА

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті

22.08.2016

 

«Құнанбай және қаламгер құпиясы»

  «Абай» республикалық фольклорлық-этнографиялық әдеби-көркем журналының 2016 жылғы №1 санында жарияланған «Құнанбай және қаламгер құпиясы» атты мақалаға редакция жазған аңдатпада: «...Еліміз еркіндік алғаннан кейін «Абай жолы» романындағы Құнанбай бейнесін сан-саққа жүгіртіп, «айта-алмай кеткен» деген пікірлерді қарша боратып жүргендерге жазушы-журналист Б.Жүнісбеков дәлелді тойтарыс берумен қоса, романның ішкі иіріміне мейлінше бойлап, саралы сөз қозғайды. Автордың көзқарасы о бастағы редакция ұстанымымен де дөп келіп, мақсаттасып жатыр...», - деп көрсетілген.

  Журналдың «Әуезов әлемінен» бөліміндегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-мұражайының директоры, жазушы-журналист Б.Жүнісбековтің «Құнанбай және қаламгер құпиясы» атты мақаласы оқырман назарын аудартады. Мақала «Әуезов айта алмай кеткен…», «Құнанбай: «...не күтсеңдер де осы жаман қарадан күтсеңдерші», «Абай: «Қабат-қабат шың сияқты», «Ел жақсысы: «...не көкіп, алысып жүрміз онымен», «...Заман айтқызбады-мыс» атты бөлімдерді қамтиды. Автор әрбір бөлімде Құнанбай бейнесіне талдау жасап, тұщымды тұжырым жасайды. Б.Жүнісбеков өз ойын былайша тарқатады: «Ұлы даланы дана ой, дара өнерімен оятқан және адамды, әсіресе туған қазағын ерекше сүйіп, оның бақыты жолында арпалысқан тағдыр иесін жаратушының елшісі – Пайғамбарға теңесе лайық! Сондықтан, жүрегіне Алланы қондырып, жаратқанның пендесі – «Адамды сүю... жүрек ісі!» деп өткен халқымыздың ғұлама ақынын әрі парасатты перзентін тек поэзия аспанында ғана тану мен табыну мүлде аз.

 

Ибраһим Құнанбаев!

  Ол – өмірге деген сүйіспеншілік пен адамгершіліктің мәңгілік Темірқазығы.Тірлікті талай жыр сүлейі тамсана жырласа да қазақ өлеңінің кәусар қайнары –  Абай поэзиясы.

Біртуар!       

 

  Қазіргі көптуарлар осы сөздің де қадірін қашырды-ау! Абай шын мәнінде заманынан оза туып, «өлмейтұғын артына сөз қалдырған» данышпан. Оның өмірі мен өнерінің, әлбетте бір немесе бірнеше зерттеушінің, яки суреткердің, тіпті қанша ғұлама десек те, меншікті «өрісі» емесі түсінікті. Ұлы ақын мен оның ақындық мектебі туралы талай жазылды және алты алаш аман болса, бұл талап пен талғамның алтын желісі үзілмек емес. Алайда, соның ең озық дегенінің өзі Әуезовтің Абайының «шапанына астар» болмайды. Нашарлығынан емес, жаңаның бір-ақ рет жария болатын қасиетінен, сірә. Кейінгі небір терең ізденістердің кемеңгер ғалым еңбегі мен оның жауһар романын елге сан қырынан түсіндіру міндетінен аса алмайтыны да содан. Ал, сол асыл мұраның бір арнасы – Құнанбай тақырыбы. Осы орайда кейбіреудің «Абай жолында» адасып, романда бардың өзін аңдамай, жаңалық ашқысы келуі – жаңағы шапанға көрсеқызардың салған ою-өрнегіндей олақ талап, оғаш қылық...».

  Соңғы тарауында автор: «...Бәрінен бұрын романдағы Құнанбай келбетінен мін табу мүмкін бе, өзі!?», - дей келіп, өз ойын былай түйіндейді: «Сондықтан Әуезов мұрасына жаңалық қосамын дегендердің мықтап ойланулары және қоғам да ондай ізденістерге аса қатаң талап қоюы тиіс деп білеміз. Жаңалыққа құмар зерттеушілерге қазақтың ашылмаған тұлғалары, шүкір баршылық. Олай болса, кешегі көшіміздің «құм басқан ізі аршылып, жоғалған жүгі табылып» жатқанда барымыздың қадір-қасиетін бағалай алып отырмыз ба?! Өткеннің айтылмаған немесе «қызыл» диктатура айтқызбаған ақтаңдақтарын айқындауға жан сала жүріп, асылын арзандатып алмасақ жарады. Шындықты, әрине, тіпті қаншалықты жағымсыз болса да, білу керек. «Абай жолының» бізге мәлім ақиқаты Құнанбай тұлғасын өз заманының біртуар қайраткері ретінде мәшһүр етеді».

 

Абай әні жүректерді тербеді 

Әлем романстары сайысында ресейлік өнерпаз Абайдың әнін шырқап

жеңіске жетті

  Мәскеуде өткен әлем романстары сайысында ұлы ақын Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әні тыңдармандар жүрегінен жол тапты. Ресейдің сахна төрінде осы әнді шырқаған Мәскеу мемлекеттік балалар музыкалық театрының солисі Денис Болдов пен Красноярск өлкесінің атынан қатысқан Севастьян Мартынюк бұл романсты ақынның 170 жылдығы құрметіне арнағандықтарын айтты.

  Осылайша, «Айттым сәлем, Қаламқастағы» ғашық жігіттің көңілі, ондағы сезім сұлулығы, жолдаған ыстық сәлемі бұл жолы Мәскеу төрінде тыңдарманға ән болып ұсынылды. Талғампаз тыңдарман ақын Абайдың жан дүниесіне, шығармашылығына үңіліп, риясыз құрмет пен ықыласын білдірді.

  Мәскеу сахнасын әнмен тербеткен 25 жастағы Денис Болдов үшінші орынды, ал красноярлық 21 жастағы студент Севастьян Мартынюк бірінші орынды жеңіп алды. Әлем романстары байқауының ұйымдастыру алқасы енді Абайдың осы әнін сайыстың «Алтын қорына» енгізуді ұйғарды. Жеңімпаздарға жүлдені Қазақстаннан барған мәдениет саласының өкілдері тапсырды.

  Халықаралық жас романс орындаушыларының байқауы Мәскеуде осымен 19-шы рет өткізілді. Оған әлемнің 438 вокал орындаушылары қатысқандығын айта кету керек. Айтулы өнер байқауында Ресейдің Еңбек сіңірген өнер қайраткері Галина Преображенская өзінің қазақ романсына деген ерекше құрметін жеткізді.

Әлихан Бөкейханов және Абай жинағы 

  «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры, ф.ғ.к., доцент Ж.Әубәкірдің 2016 жылдың 10 ақпанында «Ертіс өңірі» газетінде жарық көрген «Әлихан Бөкейханов және Абай жинағы» атты ғылыми мақаласын 

назарларыңызға ұсынамыз.

  «Абайға қатысты қазіргі таңда сөз айтқанда ең алдымен ойымызға М.Дулатовтың «Қазақ» газетінің бас мақаласы ретінде басылған «Абай» деген мақаласындағы «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ рухына сонша жақындармыз», - деген аталы сөзі оралады. Шындығында да уақыт көші қанша алыстағанымен де, ұлы ақын мұрасына, рухына соншалықты жақындай береріміз анық. «Қазақтың бас ақыны – Абай. Онан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ. Ақмола, Семей облысында Абайды білмейтін адам жоқ, - дей келе Ахмет Байтұрсынов, - Абайдың сөздері кітап болып басылып шыққанша Абайдың аты да, сөзі де Торғай облысына естілмеуші еді», - дейді. Ал, Міржақып Дулатов болса: «Не шара! Қазақ әдебиетінің атасы хакімінде алтын әріппен жазыларлық Абай Шыңғыс тауында туып, Шыңғыс тауында 60 жылдық өмірін өткізіп, сол Шыңғыс тауында өлді. Осы заманда үш ауыз сөздің басын құрай білетіндердің жазулары тасқа басылып, халыққа тарап, сынға түсіп тұрғанда, Абай сөзі өзі өлгеннен бес жыл өткенде басылды», - деген еді.

  Зер сала қарасақ, Алаш арыстарының айтқан сөздерінде үлкен мән жатыр. Абай есімінің кең қазақ сахарасына таралуына, ұлы ақын сөздерінің «көкірегі сезімді, тілі орамды», «үлгілі жас» пен сөз танырлық адамына жетуіне басты себеп болған – тұңғыш жинақ екендігі тағы да айқын. Әйтпесе: «Мақтап отырған Абайы біздің Әбубәкір, Сейдахмет, Ақмолдаларымыз сықылды біреу ғой деп жүрдім», - деп басындағы Ахмет Байтұрсынұлы айтқанындай көзі ашық Алаш азаматтары толық тани алмай қалар ма еді, дәл заманында Абай жинағы жарық көрмесе, ақын өлеңдері қолдарына тимесе.

  «1905 жылы «Семипалатинский листок» газетасында һәм онан кейін Семейдегі географический обществоның шығарған бір кітабында Ғалихан Бөкейханов Абайдың тәржіма халін жазды, һәм кешікпей кітабы басылатынын білдіріп еді. Бірақ тез шықпады. 1909 жылы Абайдың балалары һәм інілерінің ризалығы, һәм Ғалиханның ыждаһатымен Абай кітабы Петербургта Бураганский баспасында басылып шықты. Бұл біздің қолымыздағы кітап сол бірінші басылым», - деген еді Міржақып Дулатов.

  Міне, ұлылар мен алыптар үндестігі! Әлихан Бөкейхановтың зор ықпал әсерімен, Мүрсейіт Бікеұлының маржандай әдемі жазуымен көшіріліп, Турағұл мен Кәкітайдың құрастыруымен жарық көрген тұңғыш жинақ туралы пікір айтқан Ахмет, Міржақыптардың Абаймен тағы да бір рухани үндестігі, ортақ сабақтастық – олардың шығармаларының қалың көпшілікке бір жылда таралуы еді. 1909 жылы Абай жинағы жарық көрген кезде Ахмет Байтұрсыновтың «Қырық мысалы» Санкт-Петербургте, М.Дулатовтың «Оян, қазағы» Уфа қаласында баспадан жеке-жеке басылып шыққан еді.

.  ..Ә.Бөкейхановтың басты арманы – Абай жинағын жарыққа шығару, ақын мұрасын қалың ел арасында тарату еді...

...Қорытындылай келе, Әлихан Бөкейханов – қазақ әдебиеттану ғылымындағы тұңғыш абайтанушы десек, еш артық айтқандық емес». 

 

                 

«Абай елі» газетінің тарихы неге бұрмаланып келді?

 

  Осы сауалдың жауабын 2016 жылдың 9 ақпанындағы «Семей таңы» газетінің №11 санында Семейдің облыстық тарихи-өлкетану мұражайының Абай ауданындағы филиал меңгерушісі Малгаждар Жүнісжановтың ««Абай елі» газетінің тарихы неге бұрмаланып келді?» мақаласынан табамыз: «Таяуда Семей қаласының тұрғыны, Саржал ауылының тумасы Сырым Қалиевтың жинақтап жүрген «Семей таңы» газетінің тігіндісінен 1977 жылы 15 шілдеде жарияланған «Октябрьдің құрдасы» деген мақала қолыма тиді. Мақаланың авторы белгілі журналист, соғыс ардагері Бәткен Сағындықов екен. Мақала Теміров Нұғыман Найзабекұлының 60 жасқа толуына орай жазылған. Бірақ мені аудандық газеттің 1935 жылдың желтоқсан айынан шыға бастағаны және газеттің алғашқы нөмірін шығарған редактор Ақылхан Шақатов, жауапты хатшы Сыдықбай Жайлауов, Нұғыман Теміров болғаны қызықтырды. 

  Өйткені мен білетін «Абай елі» газеті, неге екені белгісіз, өз бастауын 2006 жылдан есептеп жүрген еді. Мен ойымды дәлелдеу үшін Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейінен тарихи мәлімет сұратуыма тура келді. Көп кешікпей облыстың тарихи-өлкетану музейінен «Социалистік мал шаруашылығы» газетінің 1961 жылғы 1 қаңтардағы нөмірінің көшірмесі қолыма тиді. Одан білгенім – өткен айда газеттің шыққанына 25 жыл толғаны тойланған екен. Газеттің осы нөмірінде «Қайнар» совхозы партия комитетінің хатшысы Нұғыман Теміров былай деп жазады: «1935 жылдың желтоқсан айында «Социалистік мал шаруашылығы» газетінің бірінші нөмірі шықты. Сол кездегі осы газеттің бірінші редакторы Ақылхан Шақатов, жауапты хатшысы Сыдықбай Жайлауов болған. Олардың тек бастауыш білімі болған, журналистік тәжірибесі жоқ адамдар еді. Алайда бұл газет партия жүктеген міндетін абыроймен орындай отырып, редакциядан бірнеше іскер кадрларды тәрбиелеп өсірді. Солардың бірі мен осы газетке тұңғыш әріп теруші, кейіннен әдебиет қызметкері болдым, соғыстан кейін басқа газеттерде де редактор болып қызмет істедім».

  Осыны анықтау мақсатында аудандық мәслихат хатшысы Төлеубек Аманғазинмен, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Түңлікбаевпен, соғыс ардагері, қарт журналист, аудандық газетте төрт жыл редактор болған Жағыпар Жүнісжанұлымен, белгілі журналист, бірнеше кітаптың авторы Совет Махметовпен хабарластым. Бәрі де бір кісідей тарихи әділеттілікті қолдады.

  Өңірімізге белгілі журналист Совет Махметов «Абай елі» газеті алғаш шыққан жылдары газет редакторы марқұм Сәуле Нұртазинаға газеттің отызыншы жылдары шыға бастағанын айтқан көрінеді. Бірақ кейбір себептермен бұл іс аяқсыз қалған. Сондай-ақ осы газетте Мұрат Тоқтаровтың, Төкен Шалғынбаевтың, Болат Бұланбаевтың, Мерғали Ибраевтың, Тұрсын Жұртбаевтың, Майсары Рақышевтың, Әнуарбек Мәкеновтің, Төлеген Жанғалиевтың, Совет Махметовтің және өзге де қарымды қаламгер журналистердің әр жылдары қажырлы еңбек еткенін ел біледі. 

  Рас, 2000 жылдары сол кездегі аудан әкімі Қонысбай Төлеубековтің ықпалымен белгілі ақын Мұрат Оспанов екі жылдай «Шыңғыстау» деген аудандық газет шығарды. Одан кейін Құмар Жүністің де бір екі жыл газет шығарғаны есімізде. 2014 жылдың желтоқсан айында «Семей таңы» газетінің басшысы Риза Молдашева Алаш арыстарының ізі қалған газеттің «Сарыарқадан» басталатынын дәлелдеп, басылымның алғаш шыққан жылын бірнеше жылға ұзартып тарихи әділеттілік орнатқан болатын. Сол себепті мен де газеттің тарихын зерттеп, шыққан жылын анықтауыма тура келді...».

Құнанбайдың Меккедегі тәкиесі

  «Құнанбай Өскенбайұлының Меккеден салғызған тәкие - қонақ үйі хақында әркім әртүрлі етіп жазып жүр. Осылардың дұрысы қайсы, бұрысы қайсы? Оқырман қауым не дейді? 1876 жылы 72 жасында Меккеге қажылыққа аттанған Құнанбайға жол-жөнекей Сауд Арабиясына оқуға бара жатқан алты жас ахун қосылады. Соның бірі кейіннен «Қазақ шежіресін» жазған Сыр елінің тумасы Алдашбай деген жігіт екен. Сол қолжазба шежіреде былай деп көрсетіліпті...

   «Меккеге барғасын, ол жердегі зиярат етуге рұқсат беретін имам Құнанбайдан мұсылман екеніне куәлік беретін қазақ халқының ата жолы тарихы жазылған шежіресін айтып беруін сұрайды, - деп жазады Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі Жұбатқан Мұратбай. – Құнанбай: - Мұндай үлкен тарихты білмейтін, ата-бабам да, өзім де әлхәмділда мұсылманмын, - деп жауап береді. – Онда, халқының мұсылман екенін дәлелдейтін шежіресін көрсетпейінше, өзіңе де, жолдастарыңа да зиярат істеуге рұқсат берілмейді, - деп араб имамы кесіп айтады. Арабтың сөзін естіген Құнанбай қасындағы Бұхар мен Хиуада медресе бітірген алты ахунға қарайды. Бұлар да шежірені оқымадық, білмейміз деп төмен қарайды. Сонда Құнанбай: - Біздер де Алланың жаратқан пендесі Адам атаның ұрпағымыз. Мұсылман дінін қабылдаған имам ағзамның қауымындағы халықпыз. Елде шежіре – тарихымыз бар. Осыны тауып, кітап етіп жаздырып кім алып келе алады. Тәуекелге бел байлағандарыңа жетерлік қаражат беремін. Өзім бір жарым жылға осында кепілге қаламын, дейді. Бұған ақтөбелік Ақкете Құлшан, Қарақалпақ Әбдіжәміл ахундар келісіп, алыс жолға қайта аттанады. Қалған төрт ахун Құнанбайдың берген қаражатын төлеп оқуға түседі. Арада бір жарым жыл өткенде, жолаушылап кеткен екі ахун Бұқар мен Хиуадағы, Бекет әулиенің мешітіндегі ел тарихын білетін ғұламалардан жазып алған шежіресін жеті дана етіп Қазан баспасында бастырып, дұрыстығына Қазандағы, Бұхарадағы мұсылман мешітінің мөрін бастырып алып келеді. Қатты қуанған Құнанбай шежіре кітаптың бір данасын араб имамына оқуға ұсынады. Араб имамы мұны Кәбатілланың үлкен мешітіндегі мұсылман дінін қабылдаған халықтардың шежіресі жазылған қалың кітаптағы деректермен салыстырып, дұрыстығына көз жеткізеді. Дұрыс және Мұқтадыр Халифаның жаздырған шежіресімен сәйкес келеді. «Сіздерге енді зиярат етуге ұлықсат», - дегенде, Құнанбай қуаныштан көзіне жас алыпты. Құнанбай Кәбатілланың әкіміне жолығып, көп қаражат, тақия толы алтын беріп жер сатып алып, жалпақ елден қажылыққа келген адамдар мен оқуға келгендер жататын жүз адамға мөлшерленген үлкен үй салдыртады. Бұл үйді арабтар «Құнанбай тәкиесі» деп атайды.

  Арада бір жыл, тоғыз ай өткенде еліне қайтқан Құнанбай қолындағы шежіре нұсқасының екі данасын жаздырған екі ахунға, бір данасын көбейтіп жазып елге таратыңдар деп Дошеке әзіретке беріп, бір данасын өзі алып кетеді. Өзі небәрі жеті дана кітаптың бір данасын Қазан, бір данасын Бұқар мешітіндегі имам алса, бір данасын Кәбатілла мешітінің имамына беріп кетеді. Алдашбай ахун осы шежіреден көшірме қолжазба жасап, балаларына мұра етіп қалдырған екен. Осы аса құнды қолжазбаны Алдашбай ахунның баласы – араб, парсы тілдерін жақсы білетін Асан Мақсымнан жазып алып, 1995 жылы «Жұлдыз» журналына жариялаған – Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі, Қарақалпақстанға еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Жұбатқан Мұратбай. Бұл кісі: «Қазіргі уақытта Шәкәрімнің шежіресі деп баспада жарық көріп ел арасына таратқан шежіренің түпнұсқасын Құнанбай осылай жаздырған екен», - деп топшылайды. Әрине, мұны әлі де зерттей түсу керек. Өйткені біздің елде мұндай әңгіме мүлде айтылмайды. Дегенмен Жұбатқан Мұратбайдың бұл мақаласында Құнанбайдың шөбересі Әрхам Кәкітайұлының естелігімен қабысатын жерлері де жоқ емес. Мәселен, «Араб Әмірі: - Сендер нендей халықсыңдар? – деп сауал тастағанда, - Біз қазақ деген халықпыз, - десе, араб әмірі білмейді. – Бізге жер үстіндегі мұсылман халқы жылда келіп Қағыбатолланы тәуап қып қайтады. Қазақ деген мұсылман ел бар деп бұл бірінші естігеніміз» дегені ұқсас. Сол сияқты Әрхам ақсақалдың, «Құнанбай екі жылдай жатып, жүздей адам сиярлық қонақ үй салдырып бітіріп «Қазақ Құнанбай тақиясы» деп жазғызып, аман-есен қайтады» дегендері де келеді...».

Марат Құрманбекұлы,

Абай ауданы

«Семей таңы» газеті, №11 (18562)

9 ақпан, 2016 жыл

 

Әлихан Бөкейханов – 150

Абай өмірбаяны мен өлеңдерінің жариялану тарихы

  «Дидар» газетінің 2016 жылдың 29 қаңтарындағы №10 (17250) санындағы педагогика ғылымдарының магистрі Әлімбай Найзабаевтың «Абай өмірбаяны мен өлеңдерінің жариялану тарихы» атты мақаласын назарларыңызға саламыз.

  «Абайтану – қазақ әдебиеттану ғылымында күн тәртібінен түспей, өнімді зерттеліп келе жатқан саланың бірі. Абайды алғашқы зерттеушілердің аты-жөні мен еңбектері 1988 жылға дейін жабық саналып, абайтанудың ақпан төңкерісіне дейінгі кезеңі кеңес өкіметі тұсында ақтаңдақ күйінде қалып, ғылыми айналымға түспей келді. Тек еліміз Тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана бұл мәселені ашық әңгімелеуге мүмкіндік туды. 

  Ақын туралы орыс тіліндегі тұңғыш мақала қай жылы жарық көрді?

  «...Қазан төңкерісіне дейін Абай өмірі мен шығармашылығы жайында үлкенді-кішілі пікір білдіріп, деректі мағлұмат берушілер, әрине, ақынның өз шәкірттері екендігінде дау жоқ. Десек те, Абайдың әдеби ортасымен тығыз байланыста болып, ақын шығармалары мен қысқаша өмірбаянын орыс аудиториясына баспасөз бетінде таныту талабын алғаш қолға алып, «Абай (Ибраһим) Кунанбаев (некролог)» атты мақаланы Семейден шығып тұратын «Семипалатинский листок» газетінде 1905 жылы орыс тілінде жариялаған Әлихан Бөкейханов екені белгілі. Абай өмірбаяны туралы жазылған Әлихан мақаласының сарынынан автор Абай жайындағы деректі мағлұматтарды біршама естіп-білуімен (1899 жылы әнші Әділхан арқылы) және ақынның немере інісі Кәкітайдан алғандығын анық жазған....». 

Бөкейханов һәкімді көрді ме?

  «...Атағы арқа еліне кең тараған Абайды Әлихан 1898 жылы Щербиннің экспедициясында болған қызмет барысында көрген де болуы мүмкін. 1903 жылы Омбыдағы Ахметтің қолына түскен Абай өлеңдері жазылған қолжазба дәптерді Әлихан да оқып шыққан сияқты сезіледі. Себебі, сол жылы «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» деп аталатын кітаптың 18-томындағы қазақтар туралы тараудың авторы А.Н.Седельников арқылы Абайға тамаша баға беріп: «Наконец, как представителя нового течения в Киргизской поэзии, следует назвать Кунанбаева («Кономбая» деп басылған – К.М.) – автора многих стихотворении изящных по форме и поэтических по содержанию (особенно описания природы)...», - деп кітапқа енгізіп жіберіп отырған Әлихан Бөкейханов екені дұрысқа келетін тәрізді. Әлихан 1905 жылы қазақшадан орысшаға аударып, көшіріп жазған мақаласына: «Еще не было киргизского поэта, так возвысившего духовного творчество народа, как Абай. Чудные его стихи, посвященные четырем временам года (весна, лето, осень и зима) сделали бы честь знаменитых поэтам Европы», - деп өз жанынан табиғаттың төрт мезгілі туралы қосқан сөздерінен-ақ 1903 жылғы пікірдің шын авторы Әлихан екендігіне көзіміз жете түседі...». 

Абайды тану – қазақты тану

  «Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Маңызын жоймау былай тұрсын, заман өзгеріп, қоғамдық санада күрт сапырылыстар пайда болған сайын бұл қазына өзінің жаңа бір қырларымен жарқырай ашылып, қадірін арттыра түсетініне Абайдан кейінгі уақыт айқын көз жеткізді. Бұл күнде Абай сөзі әр қазақтың ағзасына ана сүтімен бірге дариды десе, артық айтылғандық емес. Ана сүті тән қорегі ретінде жас сәбидің буыны бекіп, бұғанасы қатаюына қызмет етсе, ақын сөзі оның санасына адамдық пен азаматтықтың ұрығын сеуіп қызмет етеді» (Ж.Ысмағұлов).

  «...Қазақтың жанын түсінген Абайдың жан дерті Абайды түсінген әрбір қазақтың жан дерті. Сонымен қатар, Абайдың өлеңдері мен ғақлиясы сол жан дертінің дауасы. Біз Абайға қарап ойымызды, көзқарасымызды, өмір сүру ауанын бағдарлаймыз. Бірақ, ол Абайша өмір сүру, Абайдың айтқаны заң, соны бұлтартпай істеу дегендік емес. Қазақ жұрты Абайды өзіне рухани нысана тұтады, соған ойын да, бойын да тәрбиелеп, үлгі алады. Біз Абай айтқан сөздерді тәмсіл ете отырып, өзімізге сын көзқараспен қарап, ойымызды екшеуге тиіспіз...», - дейдіәл-Фараби атындағы ҚазҰУ Биофизика және биомедицина кафедрасының оқытушылары Назгүл Жапарқұлова, Гүлшат Атанбаева 2016 жылдың 28 қаңтар – 3 ақпанда жарық көрген «Ана тілі» ұлт газетінің №4 (1314) санында «Абайды тану – қазақты тану» атты мақаласында. 

Әкемнің айтқаны жадымда жатталып қалды

  2016 жылдың 28 қаңтар – 3 ақпанда жарық көрген «Ана тілі» ұлт газетінің №4 (1314) санында «Әкемнің айтқаны жадымда жатталып қалды» аттыҚазақстан Журналистер одағының мүшесі Нұргүл Оқашева мен Саян Тәшенов сұхбатын беріп отырмыз.

  Мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың біртуар тұлғаларының бірі Жұмабек Тәшеновтің есімі елге жақсы белгілі. Ол басшылық жасаған жылдары Қазақ мемлекетінің тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірді. Ер есімін елі ешқашан ұмытпақ емес. Бүгінде елордамыз Астананың қақ төрінде ардақты тұлғаның есімімен аталатын көше бар. Оңтүстік Қазақстан облысында да қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсар қайраткердің қасқайған мүсіні орын алса, саналы еңбек жолының он жылға жуығын қызырлы Қызылжарда өткерген біртуар жанның Петропавлдағы №20 мектепке есімі берілгені де оған көрсетілген лайықты құрмет деп білеміз. Аталмыш білім ордасына ұлы тұлғаның есімінің салтанатты берілу рәсімінде оның өмірінің сан қырына куә болдық. Оның табиғи бітім-болмысынан, азаматтық-тұлғалық соны қырларынан сыр шерткен асылдың тұяғы, алтынның сынығы іспетті ұлы Саян ТӘШЕНОВПЕН сұхбаттасудың сәті түскен еді.....

 

«... – Жұмабек Тәшенов Никита Хрущевтің зымиян саясатына қарсы тұрып, жалаң қолмен от ұстады...

 

  - Иә... аққа Жаратқанның жақ болатынын өмірдің өзі дәлелдеді емес пе? Әкем еліміздің солтүстік аймағындағы облыстардың Ресейге, оңтүстігіндегі облыстардың Өзбекстанға өтіп кетуіне қарсы шықты. Хрущевтің нұсқауымен қызметінен босатылды.

 Әкемнің қолында билік болған кезде ол үнемі қазақ кадрларының өсуіне, қазақ арасынан шыққан таланттылардың өрісін кеңейтуге баса мән берді. «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» дегендей, бүгінгі күнге дейін кездесулерде, қонақта, басқосуларда болғанда әкемнің қамқорлығын көріп, мейірімінің ұшқынын сезінген жандарды, олардың балалары мен немерелерін кездестіремін. Олар әкемнің көзі тірісінде, шенеуніктей шіренбей, мұқтаж жандарға қол ұшын соза білген азаматтығын еске түсіріп, рақметін жаңбырша жаудырып жатады.

 

-   Әкеңіздің өмірінің қызық та беймәлім тұстарын айтып өтсеңіз?

 

-  Әкемнің жасы ұлғайса да есте сақтау қабілеті өте жақсы болатын. Ол ел өмірінде маңызы бар айтулы оқиғаларды үнемі ұмытпай, жадында сақтап жүрді. Оның артында көптеген қолжазбалары, әсіресе, саяси-экономикалық салада жазылған дүниелері қалды. Оның біраз бөлігін Астана қаласындағы Ұлттық музейге тапсырдым...

  Әкем қызметтен босатылғанда да жай отырмай, ғылыммен айналысты. Экономика ғылымының кандидаты атағын абыроймен қорғап шықты.

  Зейнетке шығып еңбегінің рақатына енді кенеліп жүрген күндердің бірінде мен одан: «Әке, сіз неге Никита Хрущевқа қарсы шығып, қызметіңізден айырылдыңыз. Оның айтқанына көндігіп, мансабыңызды сақтап қалуға әбден болмас па еді?» деген сауалыма ол «Мұны күндердің бір күнінде түсінетін боласың, балам!» деп қысқа жауап берген болатын. Әкемнің осы айтқан сөзі жадымда жатталып қалды...». 

  Басқа құндылықтарымыз жоғалса да, Абайдың жоғалуы мүмкін емес

  ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды жалпыұлттық «Қазақ» газетіне (№03-04 (780), 22-29.01.2016) берген «Басқа құндылықтарымыз жоғалса да, Абайдың жоғалуы мүмкін емес» атты мақаласында: «Енді бес жылдан соң келетін Абайдың 175 жылдығына бұдан да үлкен дайындықпен кірісіп, ұлы ойшылдың мәртебесін биіктете түсу халықтық парызымыз болып қала беруі керек. Ал, рөлге келсек... Бұл орайда «Жаратылыс шексіз, жаратылған шектеулі. Шектеулімен шексізді қалай тануға болады?» дейтін Абайдың өз сөзімен ғана ақтала аламын. Хакімнің философиясын халыққа жеткізу қиынның-қиыны және ол бір адамның ғана қолынан келмейді...», - дей келе: «...Абайсыз қазақтың күні жоқ, Абайсыз қазақ – қазақ емес. Бас құндылықтарымыз жоғалса да, Абайдың жоғалуы мүмкін емес. Президентіміз бір сөзінде: «Абай – біздің шамшырағымыз. Абайы бар халық адаспайды» деп еді. Кітаптың да, Абайдың да жоғалмайтынына сенемін. Ал жастар дүние жаралғалы бері үлкендер тарапынан жазғырылып келеді. Әкенің балаға, үлкеннің кішіге көңіл толмастығы деп қана қабылдауымыз керек мұны. Керісінше, заман күрделеніп бара жатқан соң ба, Абайға, әсіресе, жастар үйірсек сияқты. Өйткені, олар рухани аш, олардың ішінде сұрақ көп, ал жауаптың бәрі – Абайда. 24 сағат интернетті төңкерсе де, Абайдың беретін рахатын одан ала алмасын біледі».  

Абайға қатысты алты сөз

  «Алапат ақпарат заманы біздерге аз жазуды үйретіп отыр. Тұтас кеңістік техника форматына ауысып барады. Бұрнағы газеттің етжеңді екі бетіне еңіреп мораль соғатын кеңестік кезең енді келмеске кетті. Уақыт ұсынған талап осы болғандықтан келіспеске шараң жоқ. Көп жазсаң тағы да оқымайды. Сондықтан, Абай хакімге қатысты алты жазбамды барынша қысқартып, оқырман қауымға ұсынып отырмын», - дейді ақын Ықылас Ожайұлы №1 2016 «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналындағы «Абайға қатысты алты сөз» атты мақаласында:

  І. «...Анығында, «Ақын дегеніміз кім, өлең қандай болуы керек?» деген қос сұраққа хакім тарапынан толыққанды жауап берілген...».

  ІІ. «...Қазір де қазақты түзетудің Абай айтқан қос тетігінен өзге балама ешбір бағытты көре алмай отырмыз. ...Ұлт зиялысы мен ұлттық буржуазия қалыптасып, осы екеуі бір мүддеге ұйыспайынша қазақтың көгермегі қиын екен. Киелі билік – кім көрінгеннің жұрт «қорқытатын» жұмысы емес, ұлт зиялысының халқына қызмет жасауының қасиетті құралына айналуы қажет. ...Тек абайшыл ниеттің айналасында ғана. Қазіргі қазақ баласына жетпейтіні де осы...

  ІІІ. «Аттап бассаң Абайға жолығасың. Қазақтың кей харекетінен Абайдың ашуы мен ызасын көресің. Әр қазақ перзенті Абай сөзінің тірі кейіпкері екендігін бағамдайсың. Сосын, Абайсыз қазақты түсінбейтіндігіңді, Абайсыз бұл халықты әмәндә дұрыс жолға сала алмасыңды аңғарасың...

...Кемеңгердің «Ашуың – ашыған у, ойың – кермек» ызытының ыстық демін енді ғана сезінгендеймін...».

  ІV. «...Ақынның екі ауыз ғақлиясының астары хақында...».

  V. «Текстология – ақынның еңбегі қатпаған сәбидей болған ең бір солқылдақ тұсы...».

  VІ. «Абай ешкімнің заңдастырып алған жеке мүлкі емес. Ол адамзат, қала берді қазақ баласына ортақ тұлға. Әркім өз танымының ішкі терезесінің көлеміне қарай Абайды көре алады. Бір білетінім, жер бетінен ең соңғы қазақ жантәсілім еткенде Абай сөзі оның денесімен бірге суиды. Міржақыптың «Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз» деп отырғаны осы...».

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған

  2016 жылдың 21-27 қаңтарында «Ана тілі» ұлт газетінің «Ақпараттар ағыны» айдарында жарық көрген «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» атты мақала жұртшылықтық назарын аударуда.

 
«Шығыс Қазақстан облысына қарасты Зайсан ауданында ұлы ақын Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіш ашылды.

  Саз аспаптарымен сүйемелдеген Абайдың терең ойлы әндері жүректі жаулап алды. «Айттым сәлем, Қаламқас» әнінен кейін «Желсіз түнде жарық ай» шырқалды. Аудан әкімі хакім Абайдың өлеңдері мәңгілік екендігін атап кетіп, Зайсанда да данышпан ақынның ұрпақтары тұратындығын атап өтті.

  Зайсан ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жиырмаға тарта кітаптың авторы Қалибек Алтыбаев Абайдың шығармашылығына тоқталды. Шара барысында белгілі қоғам қайраткерлері мен жазушылар өз ойларын ортаға салды».

  Зайсанда ашылған «Абай ескерткіші» туралы басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануда.

 

Абайды тану – қазақты тану 

  2015 жылдың 24 желтоқсанындағы ұлт газеті «Ана тілінің» №52 (1310) санындағы жазушы Шойбек Орынбайдың «Абайды тану – қазақты тану» мақаласына назар аударыңыз.

   «Ұлттық руханиятымызға тас лақтырушылар өткен ғасырдың соңғы онжылдығы кезінде бой көрсеткені есімізде. Қарау ойдың жетегіндегі олар тілімізді ақсатуға, дінімізді жұлмалауға әрекет жасады. Басқасын қойып, кемел ойдың иесі хакім Абайдың мұрасын теріс бағытқа бұрмаққа әрекеттеніп, шәуілдек канденше балақтан алды. Діл тазалығының тартысына Жабал Шойынбет сол шақта араласқан-ды.

  ...Қазақ әдебиетінің білгірі, академик Серік Қирабаевша айтсақ: «Баспасөзде Жабал Шойынбет ұлтшылдығымен танылып жүргенін білеміз. Жабал Абайдың қара сөздерін 90-жылдардан бастап зерттеп келеді. Абайдың 150 жылдығы кезінде дайындық тобының жұмысына белсене қатысып, ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеуде тәжірибе жинақтап ысылды. Асықпай зерттеді, сондықтан Абай мұрасы жөнінде кейінгі буын ғалымдардың арасында қай жағынан да пікір айтуға құқы бар абайтанушы деп білемін».

  ...Мекемтас Мырзахметұлы сынды біртуар ғалымның жөн-жоба сілтеуімен абайтануға жаңашылдықпен келген Жабал: «Абайдың қара сөздерін оқысаңыз ұлтқа қажетті құндылықтар түгел қамтылған, бөле-жармайды. Абай шығармашылығының шынайы шыншыл, тау бұлағындай мөлдір, мән-маңызының тым терең болуы бастауын Ислам дінінен, Құраннан алуы. Сондықтан айтарымды Абай және имандылық деп бастағанды жөн санаймын» дейді.

  ...Шығармашылық жолын әңгіме, эссе жазудан бастаған ол қазір «Абайдың қара сөздері» монографиясын, «Абайтану» оқулығын, «Теріскей айналайын келбетіңнен», «Түркістан, Кентау белестері» атауларымен көркем шығармалар жинағын баспадан шығаруға дайындап қойыпты. Бүгінде Алматыдағы ҚазҰПУ-дің «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры қызметін атқарып жүрген ғалымнан ғылым сүрлеуіне түскен жастардың үйренері көп болса керек-ті».

Оңтүстік халқы «Абай» операсымен қауышты

   2015 жылдың 23 желтоқсан күні «Егемен Қазақстан» газетіне Бақтияр Тайжан жариялаған «Оңтүстік халқы «Абай» операсымен қауышты» аттымақаласына сілтеме жасап отырмыз.

  Хакім Абайдай данасы барша қазақ бақытты. Елбасы «Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары. Абайдың мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы» деген сөзінде дананың барлық болмысы жатыр.

  Оңтүстік Қазақстан облыстық опера және балет театрында Абайдың 170 жылдық мерейтойына арналған А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсының премьерасы үлкен табыспен өтті.

  Операның мазмұны мен кейіпкерлердің бір-бірімен қарым-қатынасы, шиеленіскен тартыс – шиыршық атқан уытты музыка арқылы ашыла түседі. Операның жалпы музыкасы халық әндерімен әдемі жарасым тапқан.

  Заманымыздың ұлы жазушысы М.Әуезовтің либреттосына жазған «Абай» операсының қойылымын еліміздің өнер саңлақтары сахналады. Қойылымның музыкалық және көркемдік жетекшісі – Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі дирижер Асқар Бөрібаев, қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Махинур Рахманова, режиссер кеңесшісі – Қазақстанның халық әртісі Ғафиз Есімов, вокал бойынша кеңесші – Қазақстанның халық әртісі Рахима Жұбатырова.

  Басты партияларда Абайды – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Т.Күзембаев, М.Оразметов, Айдарды – Е.Жандарбай, М.Дүйсеев, Ажарды – Қазақстанның Мәдениет қайраткері Ү.Сейілбекова, А.Азатова, Әзімді – Қ.Құлыншақов, Қарлығашты – Г.Рысқалиева, Қ.Бердияр, Көпбайды – Б.Тұрсыманов, Сырттанды – А.Скибин, Жиреншені – Е.Рзин, Р.Сейдуллаев, Нарымбетті – Н.Жүсіпбеков, Месті – А.Исматуллаев орындаса, мұнымен қатар, спектакльге хор әртістері мен балет труппасы қатысты.