name

8 (7222) 52-38-52, 52-24-22

ШҚО, Семей қаласы, Интернационал көшесі, 29

KZ RU EN

 Абай музейі: Батыстан экспедиция келді

  DSC_0020Биылғы жылы елімізде «Алаш» партиясы, Алашорда үкіметінің 100 жылдығына байланысты түрлі мәдени-рухани шаралар тұрақты атқарылып жатқаны белгілі.  Мәселен, 20-21 мамыр күндері Семей қаласына сонау Батыс Қазақстан облысының бұрынғы Батыс Алашорда үкіметінің орталығы болған Жымпиты, бүгінгі Сырым батыр ауданынан жергілікті тарихи-өлкетану мұражайының директоры Айнагүл Мағауияқызы Ойшыбаеваның бастауымен, құрамында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетінің аға оқытушысы, тарихшы-ғалым Есқайрат Ерболатұлы Хайдаров, «Сырым жауһарлары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мәншүк Ғариполлақызы Бахитова, «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі, ақын Бауыржан Мұстафиев, Бұлдырты орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Еркін Ахметұлы және Қадыр Мырзалиев атындағы орта мектептіңDSC_0021 9 сынып оқушысы Азат Беріков бар, жалпы саны бес адамнан тұратын «Алаш арыстарының ізімен» атты экспедиция қонаққа келіп қайтқан еді. Бұған дейін осы экспедиция мүшелерімен Қазақстан ұлттық телекорпорациясының шығыс және батыс аймақтардағы жергілікті телеарналарының ұйымдастыруымен өткізілген «Жымпиты-Семей» телекөпірі арқылы таныс болғанымызды айта кетуіміз керек.

  Сол жергілікті телеарналар көмегімен 16 мамырда тікелей эфирде жүзеге асқан DSC_0013алғашқы таныстық әрі пікір алмасу, енді, міне 21 мамырда Семейдегі «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» мұражайында жүзбе-жүз кездесіп әңгімелесуге ұласқан болатын-ды. Мұнда оларды Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің директоры Болат Жүнісбеков арнайы қарсы алып, қасиетті Семей – Алаш қаласынан естелік болсын деген ниетпен мерейтойлық газет-журналдар, кітаптарды сыйға тартты.

  Бұл күні батысқазақстандық қонақтар аталмыш мұражайдағы «Алаш» партиясы, Алашорда үкіметі, сондай-ақ Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметі жайында жасалған түрлі экспозицияларды тамашалап, мол мағұлматтар жинақтады.

Абай музейінің баспасөз қызметі.

 

АЛАШ – МҰХТАР МҰРАЖАЙЫ  ЖАҢҒЫРУ 

  Үстіміздегі жылы елімізде «Алаш» партиясы, Алашорда үкіметі құрылуының 100 жылдық мерейтойы аталып өтуде. Осындай Алаш рухын жаңғырту мәселесі Абайдың «Жидебай-Бөрілі»мемлекеттік қорық-музейі әкімшілігінің тарапынан да қызу қолға алынып, атқарылып жатқанын атап айтқан жөн. Мәселен, соның бірі –  «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музей-үйін құрылыс-жөндеу жұмыстары және экспозициялық жабдықтау тұрғысынан қайта жаңарту болып саналады. Жалпы, бұл музей-үйдің ұлтымыз үшін өзіндік үлкен тарихи маңызы бар екеніне ерекше тоқтала кетуіміз керек. Хакім Абай кезінде осы үйді жерлесі әрі шәкірті, Алаш қозғалысына белсене қатысушылардың бірі Әнияр Молдабаевқа сатып алып берген. Және де өзі Семейге қонақтап келгендеDSC_0003 осында арнайы түсетін болған. Азматтық қарсыласу жылдары Әнияр Молдабаевтың үйінде Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынов отбасымен тұрған. Сонымен қатар мұнда ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов те тұрғаны оның жеке анкеталық құжатынан мәлім болып отыр. Ұлы Абай өміріне тікелей қатысты тарихи орын болғандықтан, 1944-67 жылдары бұл үйде Абай мұражайы жұмыс істеді. Одан соң Семей қалалық балалар кітапханасына берілді.

  Ал енді 1992 жылдан бастап  Әнияр Молдабаевтың үйінде «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музейі ашылып, халыққа қызмет көрсетіп келеді. Өкінішке қарай, осы жиырма бес жылдай уақыт аралығында оның бірінші қабатына ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмеген еді. Соның салдарынан ғимараттың қабырғалары көгеріп, сылағы қопарылған, төбе тақтайлары жұлынып, терезелері жартылай сынған болатын-ды. 

  DSC_0015Биылғы жылдың басында Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің әкімшілігі еліміздегі Алаш атауымен аталатын бірден-бір жалғыз музейге, яғни Семей қаласындағы «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музейінің ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ондағы бөлмелердегі экспозицияларды толықтай қайта жаңартуды жүзеге асыруда.  Осыған орай музей қызметкерлері Алаш зиялыларының өмірі мен қызметіне байланысты ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, жаңа экспозицияның тақырыптық жоспарын дайындады. Ең алдымен Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті және ондағы «Алаш» мәдениет және рухани даму институтымен өзара әріптестік қатынастар орнатылды. Соның нәтижесінде, белгілі алаштанушы ғалымдар – филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Дихан Қамзабекұлы мен докторDSC_0020 PhD, әлихантанушы Сұлтанхан  Аққұлұлы алты кезеңнен тұратын Алаш қозғалысының арнайы тақырыптық жоспарын жасауға көмектесті және осыған қоса көршілес Ресей мемлекетінің Мәскеу, Санкт-Петербург, Омск, Томск және т.б. қалалары архивтерінен жинақтаған материалдарын берді.

  Сондай-ақ, экспозициялық материалдар құрамы Абай музейінің ғылыми қорындағы Алаш қайраткерлері туралы тарихи құжаттар, фотосуреттер және сол кездегі газет-журналдар беттерінен түсірілген ксерокөшірмелермен толықтырылды. Бұдан басқа Алаш музейінің астыңғы қабатына XIX-XX ғасырларда пайдаланылған стол, орындық, кітап және киім шкафтары, сандықтар, ас үй жиһаздары қойылды, ал енді үстіңгі қабатындағы бөлмелерге арнайы тапсырыс бойынша астаналық сәулетшілер балауыздан жасаған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезовтің мүсіндері орналасатын болады.

  Таяуда аталмыш музейдің ауласына Алтай тауы өлкесінен арнайы әкелінген бойы бір метрдей болатын жиырмадан астам шырша, қайың, қарағай көшеттері отырғызылып, әр түрлі гүл тұқымдары егілді.

АЛАШОРДАҒА АРНАЛҒАН ҚҰНДЫ ШЫҒАРЫЛЫМ

  «Абай» журналының арнаулы нөмірі былтыр Абай туралы естеліктерге байланысты басып шығарылған еді. Ал енді оның биылғы осындай екі нөмірі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің тапсырысы бойынша - «Алаш» партиясы, Алашорда үкіметінің 100 жылдығы мен М. Әуезовтің 120 жылдығына арналып, соның алғашқысы бүгін оқырман қолына тиіп отыр.

  Алаш қозғалысы тарихынан сыр шертетін арнаулы нөмірден жазушы, Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының директоры Болат Жүнісбековтың «Алаш десе, Абай деп қарайды адам», белгілі алаштанушы ғалымдар Дихан Қамзабекұлының «Рухани серпілудегі қайраткерлер ұстанымы», Мұхтарбек Каримовтың «Отыншы Әлжанов» атты әдеби-ғылыми мақалалары мен халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаттары Ғалым Жайлыбай, Қасымхан Бегманов, Әділғазы Қайырбеков, Маралтай Райымбекұлы сынды дарынды ақындардың өлеңдер топтамасын оқуға болады.

  Сондай-ақ мұнда мұражай қызметкерлерінің арнайы ғылыми қорлар мен Ресейдің көршілес Омбы, Томск қалаларындағы архив мекемелерінен алынған құжаттарға негізделіп жазылған материалдарынан басқа, Алашорда үкіметінің қызметіне байланысты іс қағаздар, фотосуреттер жинақталып берілген.

  Абай арманын басты мұрат етіп ұстанып,  Алаш автономиясын құру жолында құрбандыққа ұшыраған ұлт зиялыларының өмірі мен қызметін, жалпы Алаш қаласы тарихы мен кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің әдеби бай мұрасын бүгінгі жас ұрпаққа насихаттау тұрғысынан алып қарағанда, «Абай» журналының бұл екі арнаулы шығарылымы ерекше құнды болып есептеледі. 

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің

баспасөз қызметі

Тел: 8 (7222) 36-06-35

 

 

«АЛАШ АРЫСТАРЫ-МҰХТАР ӘУЕЗОВ» МҰРАЖАЙЫНЫҢ

 

ҚАЙТА ЖАҢҒЫРУЫ

  1997 жылы қазақ әдебиетінің классигі М.Әуезовтің 100 жылдығы ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтті. Мерейтойға орай Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің қызметкерлері заңғар жазушымыздың өмірі мен шығармашылығын, қоғамдық қызметін зерттей отырып, Әнияр Молдабаев үйінде «Алаш арыстары-М.Әуезов» атты мұражай ашуды жоспарлады. Мұражай экспозициясында М.Әуезов өмірінің Семей дәуіріндегі кезеңін, Алаш қозғалысымен байланысын, Алаш зиялыларымен қарым-қатынасын көрсетуді мақсат етілді. Алаш арыстарының қоғамдық қызметі, Алашорда үкіметінің қызметі енді ғана зерттеле басталған жаңа тақырып болатын. Баспа бетінде жарық көрген материалдар мен фотосуреттер, Алаш тұлғаларының сол кезде шыға бастаған басылымдары мен архивтерден алынған деректерді жинау қолға алынды.

  Материалдарды жүйелеу, тақырыптар бойынша сараптау кезінде анықталғаны: Алаш тақырыбындағы архив деректерінің аздығы. Сондықтан, мемориалды үйдің экспозицияға арналған төрт бөлмесінің біреуін ғана Алашқа арналсын деген шешім қабылданды. Бірінші бөлмеде – Семей қаласы тақырыбы ашылса, қалған екеуі – М.Әуезовке арналатын болды.

  Сонымен, 1997 жылдың қыркүйек айында  Абай қорық-музейінің бір бөлімі болып ашылған «Алаш арыстары-М.Әуезов» мұражайы өз көрермендерін қабылдай бастады. Бұл еліміздегі Алашқа арналған тұңғыш музей болатын. Биыл мұражайдың ашылғанына 20 жыл толады. Осы жылдар бойы мұражай бала Мұхтардың оқуы мен алған білімі туралы; жас қаламгердің алғашқы шығармалары мен пьесаларының Семей театрлары мен клубтардағы қойылымын, 20-22 жастағы жігіт Мұхтардың тарихи кезеңдегі қоғамдық қызметін жан-жақты көрсете келе, Алаш қозғалысы, Алашорда үкіметімен байланыстыра насихаттап, жас ұрпаққа қазақ тарихының қилы кезеңдерін көрсетуде өз үлесін қосып келді.

  Биылғы 2017 жыл  – мерейлі жыл – Алашорда үкіметінің құрылғанына – 100 жыл, Мұхтар Әуезовке – 120 жыл толады. Осы мерейлі оқиғаларға мұражай экпозициясын қайта жаңғырту, толықтыру жоспарланып отыр. Музей қызметкерлері «Алаш арыстары-М.Әуезов» тақырыбын тағы да қолға алып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа экспозицияның тақырыптық жоспарын дайындады. Ең алдымен Астанадағы Еуразия Ұлттық Университетіне қарасты «Алаш» мәдениет және рухани даму институтымен байланыс орнатылды. Институт басшылары Абай қорық-музейінің Алаш тақырыбына көңіл бөлуіне, мұражай экспозициясының жаңарту және толықтыру жұмыстарына қолдау көрсетті. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, алаштанушы Дихан Қамзебекұлы мен аталмыш Институт директоры, әлихантанушы Сұлтанхан Аққұлұлы бірлесіп «Алаш кезеңдерін» жүйелеп берген тұжырымдаманы және тақырыпқа байланысты материалдарды жіберді. Абай музейінің ғылыми қоры тарихи фотосуреттермен, архив деректері және сол кездегі газет-журналдар беттерінен түсірілген ксерокөшірмелермен толықты. Қолдағы тұжырымдама негізінде Алаш тақырыбын зерттеу және тақырыптық-экспозициялық жоспар дайындау жұмыстары қызу қолға алынды. Жаңа экспозицияда  тұжырымдамадағы Алаш қоғалысының алты кезеңін  көрсету жоспарланып отыр.

  Мұражай экспозициясы Әнияр Молдабаев үйінде орналасатын болғандықтан, ол үйдің мемориалды екенін ұмытпауымыз керек. Семей қаласында Абай түсіп жүрген үйлердің біздің заманға жеткені осы ғана үй. Әнияр үйді алып бергеніне ризашылығын білдіріп, Абай және балалары келгенде тұратын бір бөлмені ыңғайлап арнайы ұстап отырған. Сондықтан, жоспарлап отырған экспозицияда Абай тақырыбы ерекше орын алып, Алаш тақырыбы Абаймен байланыстыра көрсету еді. Осы бағытта біз, музей қызметкерлері, кіреберісте мұражай тарихы және үй иелерімен таныстырудан бастап, үйдің тарихи маңыздылығын көрсеткенде Алаш басшылары Әлихан Бөкейхан мен Міржақып Дулатовтың отбасылары тұрғаны туралы Гүлнар Міржақыпқызының: «Әкем 1921-1922 жылдары Семей губсотында жұмыс істеді де, біз Комиссарская көшесіндегі Әнияр Молдабаевтың екі қабатты жекеменшік үйінде тұрдық (кейін Абай музейі болды). Үстіңгі қабатында біз – Дулатовтар, біріншісінде Әлихан атаекемнің (Бөкейханов) үй-іші жайғасқан еді», - деген естелігінен үзіндіні көрсеткенді жөн көрдік. Сонымен бірге, Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағының шығуы да осы үймен байланысты. «...Кәкітай корректорлық міндетін өз мойнына алатын болыпты. Петербургтегі баспахана бір баспатабақ қағаз басып, Семейдегі Әнияр үйіне жіберіп тұратын болды, Әнияр Кәкітайға жеткізіп тұрады. Кәкітай оның қатесін түзеп қайта Петербургке жөнелтеді», - делінген Әрхам Кәкітайұлы естелігінде.

  Әнияр үйі Семейде болғандықтан, экспозицияның бірінші залы қала тарихына, дәлірек айтқанда, Семей қаласының ХІХ-шы ғасырдың аяғы мен ХХ-шы ғасыр басындағы жағдайына және оның сол кездегі тарихи кезеңде саяси сахнасынан орын алуы, Алаш қозғалысының орталығына айналуы туралы материалдар жинақталды. Солардың ішінде Әлихан Бөкейхан оқудағы жастарға жәрдем қауымын ашу туралы сөз қозғалғанда: «...Менің бұл сөзім білгіш көпке мақұл көрінсе, қауымды қай қалада ашқан жөн? Қазақ ортасы Қараөткел (Ақмола) қаласы. Бірақ мұнда бұл істі ізденіп, шығарып, тәрбиелеп басқаратын жігіттер кем-ау деймін. Ал бұл ел ортасы болғанмен басқа жағынан реті келмейді... Онда қауымның бас басқармасын ашарлық талапкерлер табыларлық қалалар санаулы. Менің білуімше, ондай қалалар Семей, Тройцкі, Оренбург. Оренбургта іргелі қазақ аз. Мұндағы қазақ бәрі оқудағы жастар. Закон жолында бұлар қауымға ағза бола алмайды. Қауым басқарушы 4-5 кісі де Оренбургта табылар ма екен. Ахмет, Міржақып, бір-екі переводчик болмаса, Оренбургта оқушылардан басқа қазақ жоқ. Ахмет, Міржақыпқа газета да жетер. Оренбург бұлай болған соң анау айтылған екі қала ғана қалады. Бұлардың қауым бас басқармасын ашуға қолайлысы - Семей.Мұнда қазақ та, басқа мұсылмандар да көп, оқыған басшы боларлық жігіттердің де басы құраулы», - деген екен.

  Міне, осы жерде Алаш қоғалысының І-ші кезеңі – 1890-1905 жылдар аралығындағы Алаш зиялыларының Омбы, Семей, Қарақаралы, Орал, Верный, Ташкент т.б. қалалардағы қалыптасу, бірігу, ұлт-азаттық идеясының пісіліп-жетілу кезеңі екенін көрсету керектігі туып тұр. Ұлт-азаттық идеясының сол кезде саясат төріне шығуы қазақ жастары мен оқымыстыларының бірігуіне, олардың Ресейдің үлкен қалаларында, басқа шет елдерде білім алуына байланысты болғанын айта кетуіміз керек. «Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да – оқығаны. Оқығанын қазақ сыйлайды, соңынан ереді. Қадірлейді. Сенеді. Білімді, ақылды, жақсылықты, үлгілі, тәртіпті, ақиқатты, әділдікті, қызметті оқығандарынан күтеді», - деген Жүсіпбек Аймауытовтың айтқанына тоқталғымыз келеді. Және осы сөздерді дәлелдейтін алаштанушы ғалымдардың зерттеулеріне сүйендік: «ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында көптеген қазақ жастары Санкт-Петербург, Мәскеу, Томск, Саратов, Киев, Тарту, Каир, Бомбей, Стамбул, Варшава университеттерiн бітірді. Мысалы, Қазан қаласындағы Императорлық университетте, малдәрiгерлiк институты мен мұғалiмдер семинариясында 100-ге жуық қазақ жастары оқыды.

  Алаш қозғалысының басшысы Әлихан Бөкейхан 1890-1894 жылдары Санкт-Петербургтегі Императорлық орман институтының Экономика факультетін үздік дипломмен тәмамдап, ғалым-орманшы (ученый-лесовод) атанды. Сондай-ақ, Санкт-Петербург университетiнiң заң факультетiн Райымжан Мәрсеков, Жақып Ақбаев, Бақытжан Қаратаев, Сәлімгерей Жантөрин, Мұстафа Шоқай, Айдархан Тұрлыбаев, Санкт-Петербургтегі әскери медицина академиясын Санжар Асфендияров, Томск университетiнiң медицина факультетiн Асылбек Сейiтов, Тарту университетiнiң заң факультетiн Жаһанша Досмұхамедов, Каирдегі әл-Каһира университетiнің заң факультетін Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Бомбей университетiн О.Тұрмағанбетов, Киев университетiнiң заң факультетiн Х.Нұржанов бiтiрдi.

  Ал, Омбының оқу орындарында қазақ халқының көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерлерi Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, А.Тұрлыбаев, О.Әлжанов, Ж.Ақбаев, Р.Мәрсеков, Е.Итбаев, С.Жанайдаров, т.б.», - деген тізім жалғаса береді. Алаш қозғалысының І-ші кезеңінде Омбыда Ә.Бөкейхан бастаған ұлт зиялылары қоғамдық-саяси сахнаға шықты, қазақ діни қайраткерлері (Науан қазірет, Шаймерден Қосшығұл) айдалды. Осылармен бірге қазақ жәдитшілігі мен милләтшілігі, Ресей империясындағы түрік бірлігі сияқты тақырыптарды да ашу және Қарқаралы петициясы – құзырхатына  тоқталу көзделіп отыр. Осы жерде фотосуреттер, құжаттардың ксерокөшірмесі көрсетілуімен бірге Мұхтар Әуезовтің «Ақаңның елу жылдық тойы» мақаласынан: «1905 жылы Қарқаралыда Ақаңмен басқа біраз оқығандар бас қосып, кіндік хүкіметке қазақ халқының атынан петиция (арыз-тілек) жіберген. Ол петициядағы аталған үлкен сөздер: бірінші – жер мәселесі. Қазақтың жерін алуды тоқтатып, переселендерді жібермеуді сұраған. Екінші – қазақ жұртына земство беруді сұраған. Үшінші – отаршылдардан орыс қылмақ саясатынан құтылу үшін, ол күннің құралы барлық мұсылман жұртының қосылуында болғандықтан, қазақ жұртын мүфтиге қаратуды сұраған. Петициядағы тілек қылған ірі мәселелер осы», - деген үзіндіні тақырыпты ашатын негізгі  мәтін ретінде беріп отырмыз.

  Алаш қозғалысының ІІ-ші кезеңі – 1905-1907 жылдар аралығын көрсететін материалдардан қазақтың өзін-өзі басқару құқын алуға деген үмітін оятып, ұлт-азаттық қозғалысына жаңа серпін берген – 1905-1907 жылдардағы І-ші орыс төңкерісі, І-ші және ІІ-ші Мемлекеттік Думаға қазақтан депутат сайлануы туралы деректер. ІІ-ші кезеңді ашуда ЕҰУ қарасты «Алаш» мәдениет және рухани даму институтынан алынған материалдар молынан көрсетіледі. Тарихта ізі қалған Ресей Империясының І-ІІ-ші Мемелекеттік Думаға сайланған қазақ зиялылары туралы толық мәліметтер беріледі. Депутаттардың фотосуреттері, олар туралы анықтамалар, архив деректері мен бірге 1906 жылы 13 маусымда «Семипалатинский листок» газетінде жарияланған мақаладан үзінді де орын алады: «Редакция қазақ халқын нәтижелі сайлау қортындысымен құттықтайды. Әлихан Бөкейхан Мемлекеттік Думада ұлт мүддесін қорғай алатын, қазақтың жоғын жоқтап, тілегін жеткізетін бірден бір адам екеніне халқы сенсе керек».

  1907-1917 жылдар аралығындағы Алаш қозғалысының ІІІ кезеңі –  «бұл мәдени қайта өркендеу кезеңі болды» деген екен Оксфорд университеті жанындағы Орта Азияны зерттеу орталығының ғалымдары. Алаш зиялыларының дәл осы кезеңдегі іс-қимылы мен қол жеткізген жетістігін олар «Мәдени ренессанс» - «Мәдени төңкеріс» деп бағалады. Тұжырымдамада «бұл тұңғыш қазақ романдарының, очерктерінің, ұлттық сана-сезімді, ұлттық ар-ождан, намысты оятқан өлең жинақтарының (Абай, Мәшһүр-Жүсіп, Ахмет, Міржақып т.б.), тұңғыш қазақ оқулықтары мен фольклорлық туындыларының, пьесаларының, жалпыұлттық басылым – «Айқап» журалы мен «Қазақ» газетінің жарық көрген кезең» - делінген.

  Бұл кезеңді «ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысындағы орыс-қазақ басылымдары» атты тақырыппен бастадық. Ахмет Байтұрсыновтың «...газета – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек... Жұртым деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады... Аталы жұртымыздың, адуынды ұлтымыздың әруақты аты деп газетіміздің есімін «Қазақ» деп қойдық», - дегені «Қазақ» газетінің мақсатын көрсетеді. Сонымен бірге М.Дулатовтың: «Қай жұрттың баспасөзі мықты болса, сол жұрттың өзі де күшті», - деген сөздерін де пайдалануға тырыстық. Бұл орайда музей жабдықтауда қолданатын тәсілдердің бірі – фотоколлажды пайдалануды жоспарлап отырмыз.

  Алаш қозғалысы кезеңдерінде жарық көре бастаған белгілі басылымдар (атап айтқанда, Орынборда 1913-1918 жылдары 265 саны жарық көрген «Қазақ» газеті; Семейде 1918 жылдың ақпан-қазан айлары аралығында 12 саны шыққан «Абай» журналы; Троицкіде 1911 жылдың қантар айынан 1915 жылдың тамызына дейін шығып, 89 саны жарық көрген «Айқап» журналы) туралы анықтамалар, шығарушылары туралы деректер, басылған мақалалардың ксерокөшірмелері орын алады. Алаш көсемі Ә.Бөкейханның 1918 жылға дейін қазақ қоғамының саяси және рухани өмірінде аса үлкен роль атқарған «Қазақ» газетін ұйымдастыруда және оның жалпы ұлттық деңгейге көтерілуінде атқарған еңбегіне тоқтала отырып, оның газет шығару ісіндегі мол тәжірбиесі 1896-1907 жылдары «Степной край», «Иртыш», «Омичь», «Голос степи» сияқты газеттерде істеуі, Мемлекеттік Дума депутаты ретінде сол кездегі Ресейдің жоғары билік орындарына жақын адамдармен тікелей таныс болуы да ықпал еткенін қорға түскен материалдар арқылы көрсетеміз. Жоғарыда тізілген орыс тіліндегі газеттермен бірге «Речь», «Сын Отечества», «Наша жизнь», «Мусульманская газета», «В мир мусульманства», «Дала уалаяты», «Семипалатинский листок» сияқты басымдардың логотиптері мен Алаш қайраткерлерінің мақалалары басылған газет беттері де орын алады. Сонымен бірге осы жылдары жарық көрген Алаш қайратерлерінің қалың жұртқа белгілі шығармалары мен еңбектері де көрсетіледі.

   ІV-ші кезең – 1917-1920 жылдар аралығы – Алашорда үкіметінің құрылуы, Семей қаласының Алашорда орталығы ретінде танылуы, Алаштың автономия жариялаған елдермен және тәуелсіз мемлекеттермен қарым-қатынасы сияқты тақырыптар мұражайдың төртінші бөлімінде ашылады. «Декабрдің 12 күні түс ауа, сағат 3-те дүниеге «Алаш» автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, алаш туы көтерілді. Автономия бізге өмірлік мақсұт еді. Жасасын Алаш автономиясы!», - деген Ә.Ермековтің  сөздері мен архив деректерінің ішінде үкіметтің саяси іс-әрекеттері туралы материалдар, соның ішінде фотосуреттер тақырыпты ашады. 1920 жыл – Қазақ-қырғыз АССР-нің құрылуымен бұл кезең аяқталады. Экспозицияда орын алатын үлкен тағы бір тақырып – М.О.Әуезовтің Семей кезеңіндегі өмірі – Алаш кезеңдерімен байланыстыра көрсетіледі.

  Мұражай экспозициясы Ә.Молдабаев үйінің жоғарғы қабатындағы төрт бөлмеде орналасатындықтан, Алаш қозғалысының да төрт кезеңі осында көрсетіледі де қалғаны үйдің астыңғы қабатындағы бөлмелерде орын алады. Онда Алаш қозғалысының 1920-1937 және 1937-1988 жылдар аралығындағы кезеңдерінен көрініс беріледі.

  Жоспарланып отырған экспозицияның тағы бір ерекшелігі – Алаш қозғалысы кезеңдерін көрсетумен Алаш зиялыларының жан-жақты бейнесін, олардың мемлекеттік қайраткерлерге дейін көтерілуін  көрсету негізге алынды. Осы мақсатта Алаштың үштағаны: «Бостандыққа апаратын жалғыз жол  - ұлттық ынтымақ қана» дегенӘлихан Бөкейханның, «Ұлт үшін деген күштің ұлғаюына күшін қосып, көмектесе қызмет ету қазақ баласына міндет» деген Ахмет Байтұрсыновтың, «Қазақты қазақ десе мақтанамын» деген Міржақып Дулатовтың балауыздан жасалған бейнелерін қою жоспарланып отыр. Сонымен бірге, Алашорда үкіметінің биі болған Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Алаш идеясын кейінгі ұрпаққа жеткізген Мұхтар Әуезов бейнелері де жасалып, мұражай залдарында орналасады.

  Ә.Молдабаев үйі заманында Алаш зиялыларының жиі келіп, бас қосып жүрген мекен-жай болғандықтан, сол кездің үй интерьерінен көрініс беру үшін музей қорында жиналған ХІХ-ХХ ғасырдың жиһаздары мен ыдыстары, тұрмыстық және этнографиялық заттары да молынан көрсетіледі. Сонымен, мұражайдың жаңа экспозициясында орын алатын негізгі тақырыптарға ғана шолу беріп отырмыз. Олай болса, ардақты ағайын, «Алаш арыстары-М.Әуезов» мұражайы еліміздің егемені үшін күрескен Ерлеріне қойылған лайықты Зерде орталығы болады деп сендіруге негіз бар.

Маржан Мұхамедова,

Абай қорық-мұражайының ғылыми қызметкері

 

АРЫСТАР РУХЫ АСҚАҚТАЙДЫ

  IMG_0037Мәдениет және спорт министрлігінің бағ­дарламасына сәйкес Алаш қоз­ға­лысының 100 жылдығына орай, Се­мей қаласында 100-ден астам ма­­ңызды шаралар легі өтетін болады. Қазіргі уақытта Семейдегі архив қыз­меткерлері осыдан он жыл бұ­рын шыққан Алаш қозғалысы тура­лы кітапты жаңадан толықтырып шы­­ғарғалы жатыр. Абайдың мем­ле­­­кет­тік тарихи мемориалдық мұ­ра­­жайының директоры Болат Жү­ніс­­бековтің айтуынша, қаладағы «Мұх­тар Әуезов және алаш арыс­та­­ры» мұражай-үйінде күрделі жө­н­­деулер жүргізілуде. Үй ХIХ ға­сыр­дың екінші жартысында қызыл кір­піш­тен салынған.

  – Алаш қозғалысы қызметіне ара­лас­қан тұлғалардың бірі Әнияр Қожабайұлы МОЛДАБАЕВ 1850 жылы туып, 1934 жылы дүниеден қайтқан, – дейді ше­жі­ре ақсақал, этнограф Молдабек Жан­болат­ұлы. – Әниярдың әкесі Қожабай Ше­гірұлы сүйектен, ағаштан өрнекті бұй­ымдар жасайтын шебер, ісмер адам бол­ған. Қожабай 1858 жылы дүние салады да, Сүндетбай, Үмбетбай, Әнияр атты ба­лалары әкесінің інісі Молдабайдың қо­лын­да тәрбиеленеді. 1865 жылы 15 жасар Әниярды Абай Молдабайдан сұрап алып, Семей шаһарындағы орыс-қазақ учи­ли­ще­сіне оқуға береді. Оны бітірген соң Әнияр Ташкентке барып жоғары білім ала­ды. Заң қызметкері болып Әндіжанда, кейін Марғұланда кіші шенеунік болып қыз­мет істейді. 1890 жылдары Семейдегі мем­лекеттік банктің қызметкері, кейін оның меңгерушісі, уездік сот болады.Әнияр Молдабаев Семейде қызмет жасап жүргенде Абай өзінің әулетінен мал жиғызып, 30 бестінің қаржысына Семейдегі Москвин деген орыстың үйін Әнияр­ға сатып әпереді. Ұлы Абай Семей­ге келген кезінде осы үйге түсіп жүрген.

  Әниярдың үйі Семейге келетін Тобық­ты елінің игі жақсылары ғана емес, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Әлімхан Ермекұлы, Халел Ғаппасұлы, Рақымжан Мәрсекұлы, Сыдық Дүйсенбайұлы, Мұстақым Малдыбайұлы, Биахмет Сәрсенұлы сияқты азаматтар жиі бас қо­са­тын орынға айналған.

  Биыл Семейде арыстар рухы асқақтайды. Қала көшелеріне алаш қайраткерлерінің есімдері беріледі. Осыған орай «Көше күндері» аталып өткізіледі. Және Әлиханға арнап үлкен монумент қаланың сол жағалауында, Жаңа Семей аумағында орналасады. Ахметтің, Мағжанның, Жүсіпбектің тағы да басқа алаш қайраткерлерінің ескерткіштері тұрғызылып, халық кең демалып, қыдыратын орынға айналмақ. Алаш аллеясы салынады. Қысқасы, тарихи шаһарды Алаш рухы тербейтін болады.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА

СЕМЕЙ «Егемен Қазақстан» газеті,

2 наурыз 2017 жыл

 

 Болат Жүнісбеков,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық

 қорық-мұражайының директоры

«ҚАЗАҚ ДЕСЕ, АБАЙ ДЕП ҚАРАЙДЫ АДАМ»   

  Төл әдебиетімізді әлемдік деңгейге мәшһүр еткен Ұлы Абай тұлғасы біртуар жыр жұлдызы Мұқағали ақынның жүрекжарды сөзін сәл өзгертіп айтсақ, туған қазағымыздың мәртебесін төрткүл дүниеге асырып, шоқтықтана түседі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлының «Абайдың жолын, істеген ісін біз халқымызға паш етуіміз керек» деген терең ұлағаты жүрегімізді ұлттық мақтаныш сезіміне бөлейді. Соған орай, осыдан жиырма жыл бұрын ЮНЕСКО деңгейінде, халықаралық көлемде 150 жылдығы зор табыспен мерекеленген хакім Абайдың мерейтойы ел тарихы мен оның ұлы тұлғасына деген терең сүйіспеншіліктің айғағы және біздің қызметіміздің айнымас Темірқазығы болып табылады.

  Алда Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы да алыс емес. Сондықтан Ұлы ақынның «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің ұжымы ағымдағы жұмыстарды еңсере отырып, алдағы мерейтойға лайықты әзірлікпен баруды басты мақсат тұтады. Жаһандану үрдісінің ығына небір алпауыт мемлекеттер  жығылған заманда әрбір жыл мен айдың ғана емес, тіпті әрбір апта мен күннің де алар орны айрықша және сол жауапкершілікті жұмыста әрқайсымыздың сезініп  отырғанымыз да шындық. Осыған енді өткен, 2016-шы жылдың туған Қазақстанымыздың Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен атап өтілгенін, ал биыл Астанамызда «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылатынын айтсақ, иықтағы міндет жүгінің бұрынғыдан да салмақтырақ екені түсінікті.  

  Ұлы Абайдың киелі шаңырағы – Абайдың «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ұжымы үшін, сондай-ақ 2017-жыл – ұлы даланың ұлы перзенті – Ибраһим Құнанбайұлын және туған қазағын әлемге әйгілеген кемеңгер жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 120 жылдық  мерейтой жылы. Осыны ескере келе өткен жылдың соңында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшылығына «Астана – Защита» Тұлпар-Тальго жүрдек пойызын «Абай жолы» деп атауды ұсынған едік. Олар біздің өтінішімізді құп алып, еліміздің шығысына қатынайтын жолаушылар биылғы ақпан айынан бастап «Абай жолымен» сапарлайтын болды. Жақында бас мұражайда «Абай жолы: алашты паш ектен әлемге», «Шырайлы Шыңғыстау» көрме-экспозициялары ашылды.

  Сонымен музейдің биылғы жылғы жоспары республика өміріндегі айтулы оқиғаларға басымдық бере отырып жасалып, ғылым, білім орталықтары және қоғамдық институттармен өзара әріптестік байланыстар өрістей түсуде. Мәселен, соңғы бір-екі айда М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен, Еуразия Ұлттық және Семей мемлекеттік университеттерімен, Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорымен жасалған келісімдер негізінде Семейдің мектеп оқушыларымен қатар енді студенттері үшін де Абайтану дәрістері музей қабырғасында оқытыла бастады. Өзімізде бар үштілді «Абай музейі» және АҚШ елшілігінің  қолдауымен былтыр дүниеге келген екі тілді «визитАбайсемей» сайттарына қосымша биылғы  қаңтар айынан бастап, Абай өмірі мен шығармашылығына арналған  «Абай әлемі» сайтын оқырманға ұсынып отырмыз. Сол сияқты ғылым мен білім ордаларындағы өзара мүдделес әріптестер М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен, сондай-ақ Еуразия Ұлттық  және Шәкәрім атындағы Семей университеттерімен  бірлесе отырып М. Әуезовтің мерейтойына арнап, биыл екі халықаралық конференция өткізілетін болады. Бұған қоса Еуразия Ұлттық университетінің белгілі алаштанушы ғалымдарымен  кеңесе келе музейдің бір бөлімі –  Ұлы Абайдың алақанының табы қалған «Алаш  арыстары – М. Әуезов» мұражайы ғимаратының екінші қабатымен қатар өзі ашылғаннан бері, жиырма жыл бос тұрған бірінші қабатында басталған реэкспозиция жұмыстары былтыр жүргізілген ағымдағы жөндеудің қисынды қорытындысы дер едім.  

  Ал, халықаралық ЭКСПО көрмесінде ұлттық рух сарайына, ұлы Абай айтпақшы, «тетігін тауып, бір кірпіш боп қалану» мақсатында жылдық жоспарымызда жаһандық оқиғаға қатысушыларды Абайдың асыл мұрасымен таныстырудың жақсы мүмкіндігін мейлінше пайдалану көзделеді. Жан-жақты дайындық жұмыстарының  алғашқы қарлығаштары ретінде шетелдік оқырмандар үшін ағылшын мен орыс тілдерінде ашылған  «визитАбайСемей» сайтымен қатар Абай өлеңдерінің қойын кітапшасы қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдерінде қонақтарға кәдесый ретінде әзірленді.    

  Тегінде, кеше атқарылған, бүгін қолға алынған және ертеңге жоспарланған барша жұмыстың нәтижелі болуы Мәдениет министрлігінің талапшыл басшылығы ғана емес, сауатты бағыт-бағдар беруінің арқасы екені мәлім. Былтыр, айталық,  21-ші сәуірде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде еліміздің мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қорық-мұражайлардың да туристік әлеуетін дамыту мәселесіне ерекше назар аударып, нақты міндеттер қойды. Бұдан былай реформалау ауқымында 2020 жылға дейін музейлердің функцияларын мәдени-ағартушылық және имидж орталықтарына шейін кеңейту, сондай-ақ ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, тарихи ғылыммен, археологиямен, реставрациялаумен, өнертанумен, этнографиямен өзара қоян-қолтық іс-қимыл жасау талап етіледі .

  Демек, күнделікті жұмыста қарбаластыққа жол бермей, қат-қабат шаруаның арасынан ең бастыларын бірінші кезекке қоя білудің маңызы ерекше. Мәселен, былтыр музейге келушілерге Тәуелсіздіктің 25 жылдығын арнаулы экспозиция арқылы зерделетуге баса көңіл бөлінді. Өздеріңіз білесіздер, Тәуелсіздік халқымыздың көптеген қаһарман перзенттерінің қол жетпес арманы болып қалды. Елбасының Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы күндерінде музейге тарту еткен  «Тағзым» кітабына жазған «Абай мұражайы құтты болсын! Абай арманы орындалып, халқымыз бақытқа жетсін!» деген ізгі тілегі жаңа экспозияция залының тақырыбын көрсетіп, оның мазмұнын ашып бергендей еді.

  Осылайша «Абай арманы» залы былтырғы 22-ші ақпанда Семейге келген республиклық «Мәңгілік ел» пойызы мүшелерінің қатысуымен ашылды. Жаңа экспозиция Елбасының Абайды ардақтауға шақырған сөздерінен арна тартып, одан әрі Тәуелсіздіктің алтын бесігі – Алматы мен Қазақстан Конституциясын ұлықтай келе, Абай жазып, 1885-ші жылы Қарамола съезінде бекітілген Ережеге назар аудартады.

  «Абай арманы» экспозициясы, сондай-ақ Ұлы ақынның жүрегін сыздатқан «Қайран елім, қазағым!..» толғанысының терең сырын туған еліміздің бақыты жолында құрбан  болған, былтыр 150 жылдығы атап өтілген Әлихан Бөкейханның өмірі мен қызметі және елдік пен ерлік рухының қисынды жалғасы, 30 жыл толған Желтоқсан көтерілісінің   мән-маңызы арқылы пайымдатады.  Былтыр көмейіне қорғасын құйылғанына ширек ғасыр болған Семей ядролық сынақ полигонының да данышпан ақын айтқан «өз қолынан ырқы кеткен» халық трагедиясы екенін  деректі материалдармен көз алдымызға жайып  салады.

  Музейге келушілер  «Әлемге танылған Қазақстан» мен ертегідей Астанамыздың жүзеге асқан Абай арманының арқасы екенін де осы экспозициямен танысу барысында бағамдай түсіп, мәдениет, өнер мен спорттағы жеңістеріміздің тілеулесіне айналады. Халық ақыны Шәкір Әбеновтің «Ақбатасымен» басталған көрме мазмұнының Елбасының Абай еліне сапарлары және ақын музейіне тартуларымен таразылануы да заңды болса керек.

  Музей ұжымы кемеңгер ақынның білімді де өнерпаз, «кеудесі сәулелі» ұрпақ туралы аталық аманатын басшылыққа ала отырып, кезінде хакім Абай оқыған Ахмет Риза мешіт-медресесінің соңғы жылдары бос тұрған мешіт бөлігінде «Абай» өнер мектебі өз есігін ашып, онда ақындық, мәнерлеп оқу, дойбы мен тоғызқұмалақ үйірмелері жұмыс жасауда. Мектептің тоғызқұмалақшылары  облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпаздары ретінде таныла бастады.

  Өткен жылы Ұлы Абайдың туған күні – 23-ші тамызда музейдің бас ғимаратының алдындағы сахнадан бала ақындар мен дана ақындар Абай өлеңдерін бір сағат бойы үздіксіз аспандатты. Бұл жерге былтыр көктемде бойлары 1 метрлік қырықтан астам шырша және Құнанбай қыстауы–Қаршоқыдан арнайы әкелінген оннан астам қайың отырғызылып, қазір Зере әже мен Ұлжан ана рухтарына құрметтің айғағындай «Абай аналары» аллеясы желкілдеп өсіп келеді. Семейдегі Абай атын еншіліген бес шаңырақ бірлесіп дайындаған «Абай шаңырақтары шақырады!» салтанатында ақындар жырдан шашу шашып, алтыбақан жанында ән мен күй әуеледі.

  Өнер зерттеушілерінің айтуынша, Абайдың 30 әні мен 3 күйі бар екен. Соған орай бұрын бос тұрған тағы бір залда әйгілі композитор, академик Ахмет Жұбановтың аманатына сай «Абайдың ән-күй мұрасы» экспозициясы ашылды. Бұған қоса музейдің сыйлықтар залының орнына Абай заманынан жеткен этнографиялық жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылды. Ал, өнер қанатындағы Абай мұрасы әртүрлі ұлт суретшілерінің туындылары арқылы «1 наурыз –  Алғыс күні» паш етілді. Осы бастаманың жалғасы ретінде Абайдың туған күні қарсаңында музей қорындағы 600-ден астам суреттердің ішінен  іріктеп ала отырып 100-ден астам туынды қойылған «Шыңғыстау» сурет галереясы да келушілердің көңілінен шығуда. Онда Абай еліне арнайы шақырылған Қазақстан суретшілері симпозиумына қатысқан қылқалам шеберлерінің туындылары лайықты орын алды.

  Былтыр 100 жылдығы республика көлемінде атап өтілген көрнекті абайтанушы Қайым Мұхамедхановқа арнап, ғалымның туған күні 5-ші қаңтарда тұсауы кесілген шаралар керуені оның өзі егемендігін зарыға күткен елінің Астанасында жалғасып, абайтанудың асқан білгірінің өмірімен және шығармашылығымен келушілер ҚР Ұлттық музейінде, С.Сейфуллин,  мен «АЛЖИР» мұражайларында, Еуразия Ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасы мен Ә. Марғұлан атындағы  40-шы мектепте ашылған көрмелер арқылы танысты.

  Сондай-ақ, «Абай» журналының арнаулы шығарылымы Абай туралы естеліктерге арналып, Астанада және Түркістан мен Атырауда «Ұлы дала елінің Ұлы ақыны» көрмелері ұйымдастырылды. Биылғы жылы «Абай жыр ақшамдары» республикалық поэзия кешін өткізу жоспарланып, ұлылардың мәңгілік мекені – Жидебайда «Қансонарда бүркітшы шығады аңға...» тақырыбымен ұлттық аңшылық дәстүрін ұлықтау мақсатында «Қыран» федерациясы қоғамдық қорымен (президенті Н.Өнербай)өзара келісім жасалды.

  Біздің қызметіміздің басты бағыттарының бірі – ғылыми-зерттеу жұмыстарын табысты жүргізу үшін, ең алдымен, асыл мұраны көздің қарашығындай сақтау керектігін басшылыққа ала отырып, қолжазбалар қоры мейлінше қолайлы әрі қауіпсіз орынға көшіріліп, қайта жабдықталды. Былтырдан бастап музей жексенбі күні де есігін айқара ашып, экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімі келушілерді қарсы алуға қолайлы орынға көшірілді. Жидебайдағы Қызмет көрсету орталығы тиісті мемлекеттік мекемелер арқылы кәсіпкерлерге конкурс негізінде жалға беріліп, қызмет сапасы жақсарды. Осындай мүмкіндік тарихи тұлға – Кеңгірбай би рухына тағзым етушілер үшін де ескерілді, жер аяғы кеңісімен киелі жерде музей шырақшысы дұға бағыштап, Би-ата рухына лайық мұражай ашу қолға алынады.

  Жұртшылықты елеңдетіп отырған Абайдың 175 жылдық мерейтойы да енді алыс емес. Сол себепті өзіміз құрамына кіретін Мәдениет және спорт министрлігіндегі әріптестерімізбен ақылдаса отырып, бірнеше мәселені бірінші кезекте қолға алдық. Біріншіден, кезінде Абай оқыған және қалаға келгенінде түсіп жүрген Ахмет Риза мешіт-медресесі және  Әнияр Молдабаев пен көпес Ершовтың үйлері, сондай-ақ 150 жылдыққа салынған күмбезді ғимараттар кіретін Бас мұражай кешеніне Республикалық маңыздағы ескерткіш мәртебесін алу үшін тиісті жұмыс жасалуда. Осы мақсатқа қол жеткен күнде аталған тарихи ескерткіштер «Қазқайтажаңғырту» акционерлік қоғамының жоспарына кіріп, Абай қорық-музейінде құрылыс және көріктендіру мен көгалдандыру жұмыстарын дер кезінде әрі сапалы жүзеге асыру мүмкін болады. Абай мен Мұхтардың мұражай-үйлерінде 2015-жылы аталмыш кәсіпорын  атқарған күрделі жөндеу жұмыстары соған дәлел. Осыған орай Абай мен Шәкәрім кесенелерінің жер тағанында былтыр күзде басталған құрылыс жұмыстары биыл көктемде одан әрі жалғасады.

  Сонымен қатар өткен жылы Семейдегі бас мұражай кешені мен Абай ауданындағы Жидебай, Бөрілі бөлімдері, сондай-ақ Ақшатаудағы Құнанбай әулетінің қорымында жақын жылдары түбегейлі күрделі жөндеу мен абаттандыру жұмыстарын жүргізу мақсатында кәсіпорын бойынша құрылыс жұмыстарына тиісті мекемелер арқылы  жобалау-сметалық құжаттар жасату үшін 41 млн. 574 мың теңгеге есептемелер әзірленген еді. Осы қаржы биыл бюджетті нақтылау кезінде бізге бөлінген күнде, бұл - Ұлы Абайдың асыл мұрасын көздің қарашығындай сақтап, оны халықаралық деңгейде лайықты насихаттауға сенімді негіз қалайды.  Ойдан-ой қозғап, қолға алған қыруар істің қағазда қалмай, нақты жүзеге асуы перзенттік парыз ғана емес, міндетті қызметтік шаруа, ал ақынның асыл мұрасына жанашыр ағайын, осыған тілекші болса, құба-құп.

 

Асан Омаров –

филос.ғыл.кандидаты,

абайтанушы.

ӘЛИХАН МЕН ШӘКӘРІМНІҢ АРАҚАТЫНАСЫ

ЖАЙЫНДА БІРЕР СӨЗ

  Шәкәрім Мекке сапарынан оралған кездері Ресей империясындағы саяси шиеленістер өздерінің шырқау шегіне жеткен болатын. Сондықтан қажының саяси­қоғамдық істердің иіріміне тартылуы таң қалдырмайды. Өзі жайлы өлеңінде өмірінің осы шағын «Күнім жоқ жиынсыз» деп көрсетеді.

  Әлихан Бөкейхановтың 1905 жылы Семей облысынан Бірінші Думаға депутат сайлану науқанына Шәкәрім, Кәкітай, Тұрағұл белсене атсалысқан.  Бұл туралы Әлекеңнің «Қазақ» газетінде жарияланған (1915 жыл, қаңтар) «Қош, қарағым!» атты Кәкітайдың кенеттен қайтыс болуына байланысты жазған мақаласында сөйленеді. 

  Ал Екінші Дума сайлауы таяғанда Әлихан абақтыға алынып, депутат болып сайлану  құқынан айырылған соң, жаңа сайлау науқанына өзінің тілектес достарын қосады. Әлекең былай дейді: «Екінші Дума сайлауында ынтымақ қылмай, Темірғалимен таласқа түсіп, Кәкітай бүктелді. Шәкерім, Кәкітай, Темірғали, Хасен, Омарбек ­ осылардың бірін сайлаңдар деп, жұртқа мен көрсеткен бес кандидат еді. Сонда осы істің ағат болғанын Кәкітай мойнына алған еді. Ер жігіттің белгісі ­ адасқанын мойнына алғаны. «Шын сөзге жан пида», ­ деп Шәкерім айтар еді».

  Күрделі уақыттың тынысы хатталған бұл сөздерде көп астар бар.  «Темірғалимен таласқа түсіп, Кәкітай бүктелді» дегенісоның бірі.  Семей облысынан  сайлануға тиісті депутатқа кандидаттарды Әлекеңніңөзі тіркеп, бес кандидат ортасынан Екінші Думаға (1907) Темірғалиді құп көреді. Неге?

  Өйткені, Темірғали Түйтеұлы Нұрекенов (1856-1919) көп оқыған, ең бастысы, орыс тіліне аса жетік адам болған. Дәлелге оның 1905 жылғы патша ағзамға жолданған Қарқаралы петициясын орыс тіліне аударғанын және осы құжат соңына қол қойып, басын бәйгеге тіккен бес азаматтың бірі екенін айтсақ та жеткілікті. Саяси репрессия басталғанда Темірғали туған елі Сейтен болысына оралады да үлкен мешіт­медресе салдырып, біржола дін жолын қуады.Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы  былай деп жазады: «Қазақта бірінші рет Меккеге қажылыққа Орта жүз Уақ тайпасы Жансары руынан Нұрекен бай төрт жыл жолаушылап жүріп аман сау елге оралыпты».  Міне, Темірғали осы Кереку өңірінен шыққан әйгілі бай Нұрекеннің немересі.

  Сонымен, Кәкітай өзгелер сияқты көне қалмай, Темірғали Түйтеұлымен таласқа түседі. Әлекеңнің «Кәкітай бүктелді» дейтіні осы.

  Тегінде депутат болып сайлану Кәкітайды ғана емес, Шәкерімді де қатты қызықтырған сияқты. Өйткені, үлкен астана қаланы көріп, ұлт тағдырын шешуге септігін тигізу, зиялылармен ой бөлісудің өзі неге тұрады. Әсіресе, кітапханаларды аралап, білім қорын толықтыру қандай ғанибет! 

  1908 жылы Семейде абақтыға алыну алдында маған жолығу үшін «Шәкерім, Кәкітай, Тұрағұл әдейі қалаға келді» дейді Әлекең жаңа аталған «Қош, қарағым!» мақаласында.  Абақтыға жабылған соң  да, амандық біліскен осы үшеуі ғана болады. Бұл жайлы саясаткер былай айтады: «Мен абақтыда жатқанымда келіп, амандасқан да осылар болды. «Бұған өзге қазақ жарамады-ау», - деп налыдым».

  1908 жыл репрессиялық қатаң шаралар қарқын алған, сәл нәрсе үшін сенімсіздер тізіміне ілігуің мүмкін қаһарлы уақыт болды. Осыған қарамастан үш туыстың Әлекеңе екі рет арнайы келіп жүздескенінің куәсіміз.

  Ал, келер 1909 жылы Шәкерім мен Кәкітай Столыпин реформасын жақсы білетін, саясат ісіне жетік Әлекеңе хат жазып: «…Қарауыл өзені мұжыққа кетіп барады, 15-тен жер ал дейді, аламыз ба?» деп ақыл сұрағанда, Әлихан оларға «Не болса да жұртпен бірге көр» деп ақыл қосады. Осы ақылға бағып, Құнанбай ұрпағы «кір жуып, кіндік кескен ата қоныс» Қарауыл бойынан кесікті жер алудан бас тартқан болатын.

  Достарының бұл қадамын Әлекең әділ бағалап әрі өзге жұртқа үлгі қыла, «Қазақтың» бетінде былай дейді: «Құнанбай баласы жұрт қамы деп және шыға жайылып, көгермейік деп 15-ті алмай Қарауылдан айрылды. Саясат жолында мұндай ерлік қылған қазақ басшысынан көргенім жоқ» («Қазақ» газеті. Жинақ. – Алматы, 1998).

  Тарихшы ғалым М. Қойгелдиев «Ұлттық саяси элита» атты кітабында Ә. Бөкейхановтың 1906 жылы Қазақстанда кадеттер партиясын құруға кіріскен жайына тоқтала келіп, осы жылдың 10-шы маусымында Семейде өткен сайлаушыларды кадет партиясының бағдарламасымен таныстырған жиында басқа шешендер қатарында Шәкәрім Құдайбердиев те сөйледі деп дерек береді (Ұлттық саяси элита. - Алматы, 1999. – 149 б.).

  Болыстықтың таласты партиясы демесеңіз, елдің мүддесін алдыға қойып, сол үшін күресетін саяси партия құру дегеніңіз қазақ үшін бұрын-соңды болмаған таңсық нәрсе. Сондықтан 1906 жылғы сайлау қарсаңында қалада, әсіресе, қыр қазақтары арасында талай-талай жиындардың өткені таң қалдырмайды. «Жас өтті тынымсыз» деп басталатын өлеңінде Шәкәрімнің:

                                  Бақ қайда қиынсыз,

                                  Бос тілек сыйымсыз.

                                  Қазақ та қажытты,

                                  Күнім жоқ жиынсыз, -

деуі осының куәсіндей.

  Кадет (конститутционная демократия деген тіркестен қысқа түрі) – монархияға қарсы құбылыс. Ол халықтың бостандығы, жеке адамның азаттығы сияқты құндылықтарды алдыға қойды. Яғни Батыс Европаның саяси партияларының үлгісін ұстанған партия болды. Шәкәрім «бос тілек сыйымсыз» деуімен бұл партия қазаққа оңай бақ әкеледі деп сене алмағанын жеткізіп отыр. Әйтсе де, кадеттің құрылуы із-түзсіз өткен жоқ, келешек қазақ партиясы «Алаштың» іргетасы осы жылдарда қалана бастағаны ақиқат.

         Қос арыстың шығармашылық қарым-қатынасы өз алдына әңгіме.

  Әлекең 1913 жылы «Қазақ» газетінің 12-ші санына Шәкәрімнің 1911 жылы жарық көрген «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты кітабына пікір білдіріп, мақала жазады. Осы мақалаға орай «Қазақтың» 1914 жылғы 61-ші санында Шәкәрімнің мынадай қысқа лебізі жарияланған: «…Шежіремді бағасынан артық мақтағаныңызға қуанбасам да, қазақты шежіре оқуға қызықтырғаныңызға Тәңірі жарылқасын».

  Білімі кемел Әлекең қазаққа тезірек әдеби сынды қалыптастыру қажет деп санаған. Қазақ әдебиеті тезірек ширап, бауыры жазыла көсілуі үшін. Өзі де осы мақсатпен қолына қалам алады. Мәселен, 1915 жылы «Қара қыпшақ  Қобыланды» атты жеті тарауға бөлінген, жырдың тарихы, көркемдігі туралы сын мақаласында Шәкәрімге көп сілтеме жасап, оның шежіресін басшылыққа алады.        

  Келтірілген деректерденАбай мұрасының жанашыры Ә.Бөкейханов ниеттес досы Шәкәрім мұрасын да алғаш танушы әрі насихаттаушы адамның бірі болғанын аңдаймыз. 

  Әр тараптан алынған дерек-дәйектерментаныса отырып, 1905-06 жылғы аласапыранда қажының қызмет аясы тек шығармашылықпен, сондай-ақ, араағайындық дауларды жайғаумен шектелмей, келешек Алаш автономиясының төрағасы Ә.Бөкейхановпен бірге саясат жолына түсіп, оның да «дәмін» татқанын көреміз. Қалай болғанда да, ғұламаның жалпықазақтық саяси-әлеуметтік істерге араласып, қоғамдық істерге бірталай уақытын сарп еткені сөзсіз.

  Қайталап айтсақ, болашақ «Алаш» партиясының ірге тастары осы кезде қаланған, демек, Шәкерімнің саяси науқанға араласуы ізсіз өтті, ал жұмсаған қымбат уақыты зая кетті деуге қиын.

  Алғашқы орыс революциясы басылып-жаншылғаннан кейін 1908-09 жылдары тарихқа «столыпин репрессиясы» деген атпен енген қуғын­сүргін күш алып,  айналаны қара бұлт торлаған болатын. Не істеу керек?

              Шәкәрім: 

Газетке жаз, кітап жаз,

Бастыр, оқыт қазаққа,

…Сусыз егін не шықсын

Суғар, шыда азапқа.

Дәмін алып ел ұқсын,

Сонда ұмтылар тамаққа, -

дей келе, өзінің таңдауы жайлы:

Осы сөзді дұрыс деп,

Жүрек соқты, құптады, -

деп мәлімдейді. Баспасы жоқ бодан ел жағдайында мұндай шешімге келу, сөз жоқ, елжанды да қайсар мінез иесінің ғана сыбағасы!

  Қорыта келгенде, келтірілген дерек-дәйектерден Алаш партиясы өмірге келгенге дейін-ақ Әлихан мен Шәкәрім саяси партия құру ісінде жақын танысып, халықшыл майдан шебінде тіл табысқанына көз жеткіземіз.

 

Мұхаметбек АСЫЛБЕКОВ, 

Семей қаласы Шәкәрім атындағы мемлекеттік

Университеті Манаш Қозыбаев атындағы тарихи

зерттеулер ғылыми орталығының жетекші маманы.

 

ХАМИТ ТОҚТАМЫШЕВ

  Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов Алаш автономиясы үшін күресте саяси көзқарасы үндес, әртүрлі салада маманданған азаматтарды өз маңына топтастыра білді. Солардың бірі – Семей қаласында алғашқы құрылған І-ші Алаш атты әскер полкінің командирі, штабс-капитан Хамит Тоқтамышев болды.

  1917 жылыдың 5-13 желтоқсанында Орынборда өткен ІІ-ші жалпықазақ съезінде Ә.Бөкейхановтың арнайы тапсыруымен Халел Ғаббасов Қазақ-қырғыз автономиясы, халық милициясын (әскер) құру туралы  баяндама жасады. Баяндамашы қалыптасқан жағдайға тоқтала келіп, төніп келе жатқан анархиядан ел-жұртты аман сақтау үшін халық жасағын құру керектігі жайлы ұсыныс білдірді. Съезд осы мәселе бойынша шешім қабылдады[1, 81].

  Семейдегі Алашорда үкіметі әскерді құрып, оны үйретуде өздеріне мүдделес, Ресей офицерлерін пайдаланды. Қазіргі кездегі түрлі деректерден біздер азамат соғысының алдында аз да болса, Ресей мемлекетінің қарулы күштерінде қызмет жасаған, бірінші жиһангерлік соғысқа қатысқан, тәжірибелі әскери мамандардың болғандықтарын да көреміз. Алаш әскерін құруға шақырылған орыс офицерлерінің ішінде қазақтан шыққан штабс-капитан Хамит Тохтамышев және подполковник Ғали Самратбеков сияқты азаматтар да бар еді.

  Хамит Тоқтамышев Сібір үкіметі кезінде Колчактан подполковник атағын алған. Хамиттің Семей қаласына Омбыдан 1918 жылдың басында келгендігін Халел Ғаббасовтың 1930 жылы тергеу орындарына берген жауабынан байқауға болады. Онда: «...Вместе с офицерской группой Токтамышева, которая появилась в апреле или марте месяце 1918 года из города Омска. ...По приезде в Семипалатинск он явился в казахский комитет. Как он связался с организацией, я не знаю. Помню из его слов, что одна организация черносотенная офицерская, другая социалистическая. После того как наши взаимоотношения с облсовдепом обострились, мы заставили казахский комитет связаться с одной из организаций. Токтамышев говорил, что подпольная организация предусматривает самоопределение наций. Сам Токтамышев ни в одной из названных организаций не состоял» - деп көрсетеді [2,8-9].

  Бұдан Тохтамышевтың алғашқы келген кезінде ешбір ұйымдарға кірмегендігі, Алашордаға тек әскери маман ретінде кіргендігі байқалады. «В начале апреля нам удалось установить, что в городе Семипалатинске работает другая организация, преследовавшая ту же цель, что и мы. В этой организации участвовали персонально известные нам лица: товарищ председателя семипалатинского окружного суда Н.В. Вайсер, председатель того же суда Ф.К. Станкевич, именовавший себя комиссаром сибирского правительства Давыдов и кроме того офицеры Герасимов, Харченко, Анциферов и др. так как организация обставлена глубокой тайной, то мы знали лишь Н.В.Вайсера, по предложению которого и вступили в состав организации.  В целях поддержания живой связи, в эту тайную организацию мы ввели трех своих представителей; по военно-оперативной части капитана Тохтамышева, по гражданской Бий-Ахмета Сарсенова и Халиля Габбасова»[3,154].

  Әйтеуір, осы астыртын ұйыммен алаштың тығыз байланыста болғандығы, алаш әскерін құруда осы ұйымның рөлі зор болғандығы анық. Бұл астыртын ұйымды Алаш қаржыландырып та тұрған. Өйткені, Х.Ғаббасов «За короткое время наших совместных действий мы оказали городской тайной организации денежную помощь в 35005 рублей, документа на эту сумму мы не имеем, но она была передана через Н.В. Вайсера» дейді[3,154].

  Тохтамышев астыртын ұйымдарға мүше болмағанымен оларға ықпалы мол болғандығын, тіпті басшылық жасайтынын тағы да Ғаббасовтың тергеудегі түсініктемесінен көреміз: «После этого мы реорганизовали эту организацию Токтамышева в военный отдел во главе с Марсековым, Сарсеновым и Алимбековым. Алимбеков в это время работал членом военного отдела облсовдепа»[2,8-9]. Халелдің айтуынша Тохтамышевтың дайын тұрған ұйымын Алашорданың әскери бөлім етіп қайта құраған болып шығады.

  Ресми түрде жұмыс істеген Қазақ комитеті сияқты ұйымдардан басқа түрлі астыртын ұйымдардың белсенділігі күшті болды. Мұндай астыртын ұйымды большевиктер билікке келген кезде Семейдегі алашшыл қазақтар да құрған. Облыстық земство басқармасының Семей облысы бастығынан (управляющий Семипалатинской области) Имам Әлімбековты тұтқыннан босатуды сұраған баянхатында: «Руководствуясь постановлением означенного съезда, областной киргизский комитет, сохранив лишь видимую связь с областным советом, задался целью свергнуть советскую власть, для чего им были открыты в уездах тайные организации. В ближайшую задачу, как областного комитета, так и этих организаций входила скупка и сбор оружия, без чего не могла бы действовать живая сила»[3,153] деп, бұл ұйымдардың құрылу мақсатын да анық көрсетеді.

  Тоқтамышев Семейге келгеннен соң, қазақ зиялыларымен етене араласып, Алаш париясының белсенді мүшесіне айналады. Оның алаш партиясының атқарушы органына сайланғаны туралы Алашорда комитетінің губерниялар мен аудандар бойынша тізімінде Омбы қаласындағы алашорда партия комитетінің өкілетті мүшесі болып Тохтамышев тіркелгенінен көруге болады[3,86].

  Оның басшылығымен Семейде құрамында 38 офицер мен 750 жауынгері бар 1-Алаш полкі құрылды. 1918 жылдың мамыр айында Алаш қаласынан 15 шақырымдай қашықтықтағы Сор деген жерде Алаш әскерінің алғашқы жасақталу тарихы басталады. Сор деп аталатын кең сайдың қазіргі Жарқын ауылы маңында болғандығын көнекөз қарттар айтады[1,83].  Жүсіпбек Аймауытовтың «Абай» журналының 1918 жылғы қаңтарында жарияланған «Алаш ұлдарына арналған ұран» атты өлеңі І-ші Алаш атты әскер полкінің жауынгерлік Әнұранына айналды.

  Сол заманда Семейде шығып тұрған «Свободная речь» газетінің 21 маусым күнгі санында «Қазақ әскерінің қалаға келуі» деген хабар басылды. Онда: «18 маусымда далада жасақталып, әскери іске үйретілген қазақ әскері нұсқаушы-офицерлермен бірге Алаш қаласына келіп кірді.  Алаш полкінің қалаға келу құрметіне Николь шіркеуі жанындағы алаңда өткен салтанатты кездесуде штаб бастығының орынбасары Папин, адъютант капитан Виноградов, Сібір Уақытша үкіметінің өкілі Давыдов, ұлт көсемі Бөкейханов құттықтау сөз сөйледі. Әскерді бастап келген подполковник Тохтамышевтың ұсынысымен атты жауынгерлер «Алла» деп ұрандатты. Қарсы алушылар көтеріп тұрған ақ туларға «Бүкілресейлік және Сібірлік құрылтай жиналысына жалынды сәлем!», «Отаның сенімді ұлдары жасасын» деген қазақ тіліндегі ұрандар жазылған. Құттықтаушылардың сөздерінен патриотизм лебі есіп тұрды» деп жазды[4].

  Алаш әскерін жасақтау үшін алаштықтар әр болыстан адам жинауды міндеттеді. Алаш Орда төрағасы Ә.Бөкейханов 2018 жылы 25 маусымда Семей уездік земский управа бастығы Қозыбағаровқа милиция жасақтау туралы хат жазды. Онда Семей уезіне қарасты болыстардың әрқайсынан 30 адамнан милиция жасағына алу және олардың жарақты ер-тұрманымен, аттарымен қалаға келтірілуін қамтамасыз ету туралы айтылды [5]. 1916 жылғы дүрбелеңнен кейін қазаққа қару сатып алу қиын еді. 1916 жылы қазаққа патша өкіметі атылатын қару тұрмақ таға соғуға темір бермеу туралы бұйрық берген болатын. Алаш әскеріне қару-жарақ сатып алу жұмысын астыртын қазақ ұйымы жүргізді. «Оружие приобреталось нами путем подкупа у тех же красноармейцев. Этим способом нам удалось приобрести некоторое количество оружия,..» [3,154].

  Дегенмен, Алаш үкіметін де, оның әскер құру туралы бастамасын  да халықтың барлығы қолдады деуге келмейді. Біраз уақыт билікте болып, жуырда ғана құлатылған большевиктердің әрекеті мен насихатының әсері мол болатын. Оның үстіне, аумалы-төкпелі заманда халықтың көпшілігі саяси ахуалды саралай алмады, партияларға да, олардың құрған үкіметтеріне де сенімсіздікпен қарады. Алаш әскеріне адам жинау жұмысы да көп кедергілерге кез болды. Мысалы, Делбегетей болысында әскер беру туралы мәселені ел ақсақалдарымен 2 шілдеде талқылау кезінде жанжал туып, Бұтабай Дүсіпов, Нүрке Сеймазин және шаруа Қаримұса Базаров дегендер  халық арасына іріткі салып, әскер бермеуге үгіттейді[6]. Мұндай жағдайлар Белағашта, Уақ болысында да орын алды. Делбегетейдің болысы Г.Чокин қарсылықты басып 30 милицияны Рахымбай Дүйсекеевке басқартып 8 шілдеде қалаға жөнелтеді[7]. Алаш милициясын Мұса Темірбаев деген бастап барып, қарсылық ұйымдастырушыларды тұтқындап, уезд басшылығына тапсырады.

  Қазақ оқығандарының ішінде де Алашорада шешімдеріне келіспей, қарсы жұмыс жүргізгендер болды. М.Дулатовтың Алашордаға баяндау хатында (Ұлан. 1918 жыл, 27 маусым) Өскемен уезінде болған осындай жағдай туралы жазылған: «Жұртты мұндай тартыншақ қылып, Алашордаға  бой ұрындырмай отырған Әміре доктор. Оның жұртқа айтқан сөзі: Алашорданың айтқанын қылып милиция берсең, ақша жинасаң, бүлік шығады, қан төгіледі»[8,309].

  Әскерді жасақтау, оны орналастыру, жаттықтыру жұмыстарының шығыны аз болмайтыны белгілі. Алашорданы негізінен қазақтың ауқатты бөлігі қолдағандықтан ұйымның қазынасына әжептәуір қаржы жиналған. Әскер жасақтауға бөлінген ақша да аз емес еді. Қаншасы Семейдегі атты қазақ әскеріне тигені белгісіз болғанымен, алаштың қару-жарақты, киімді молынан сатып алғаны жайлы: «Алашорда Самардағы учредительное собрание комитетінен үш мың солдатқа киім алды. Көп қару-жарақ алды. Және «Күнбатыс Алашордаға» өз алдына екі мың мылтық, 37 пулемет, екі зеңбірек, екі автомобиль алды», деп жазады Сәкен Сейфуллин[9,242]. Тек қана командир-офицерлерге жалақы беру үшін недәуір қаржы қажет болған. Сол кездегі «Свободная речь» газетінің 3 қыркүйек 1918 жылға №223 санында жарияланған «І-Алаш далалық атты әскер полкіне» вахмистр (артиллерия фельдфебелі), атты әскер және артиллерия унтер-офицерлері ­– вахмистр және взвод командирлігіне. Жалақысы вахмистрге 300 руб. Аға унтер офицерге 250 руб., кіші унтер офицерге 200 руб., отбасына жәрдем (паек) 100 руб.» деген хабарландырудан олардың жалақысының мөлшерін біле аламыз. Сонымен бірге, жаңа құрылған армияға білікті командирлер тапшылығы болғандығын байқауға болады [10].

  Әскерге баруға қарсылықпен қатар, саптағы жауынгерлердің де полк басшылығының рұқсатынсыз кетіп қалу фактілері (әскери қызметтен жалтару) де болғандығын М. Тынышпаевтың Земский управаға жазған хатынан көруге болады. Ол осы хатында Қызылдармен соғыс жағдайында Алаш әскерін толықтырып отыру үшін бірінші шақырылудан сырт қалған ауылдардан тағы да 30 жігіттен жинауды  ұсынады[11].

  Қазан татарларының «Кояш» газетінің 1915 жылғы 18 қазандағы № 823 санында «Воинская повинность наших собратьв киргизев» деген мақала жарияланды. Онда: «Из этих стройных и ловких молодых людей, - не говоря уже о том, что они выросли, с детства играя на лошадях, обладает острым зрением и не является неуклюжими, вероятно предпологается создать конницу», [12] - деп жазғанындай, қазақ жігіттерінің атты әскерге табиғи болмысы, тұрмыстық бейімі өте жақын болды.

  Заманға сай болу үшін қазақ баласы да әскер қатарына алынуы керек екендігін ұлт көсемі Ә.Бөкейханов және т.б. алаш қайраткерлері де көтере бастаған болатын. «1916 жылы 3 ақпанда Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Н.Бегімбетов Петроградқа барып, әскери министр генерал Поливановқа жолығып, қазақтарды әскерге алу мәселесін жеткізді. Ондағы басты мақсат: қазіргі заманның қару-жарағының тілін білмей, тұрақты әскерге тартылмай ұлттық тәуелсіздік туралы қиялдауға да болмайтын. Мұны алаштықтар: келешек ұрпақтың алдындағы парызымыз, –деп түсінді. Заманның беталысы ұлттан соны талап етті. Саналы армиясыз «сәулетті, еркін күнді» аңсаудың өзі надандық болатын»[13].

  Семейде жасақталған І-Алаш атты әскер полкі алғашқы қазақ әскері болды. Бұдан кейін-ақ Қазақстанның басқа өңірлерінде де, атап айтқанда, Қостанайда ­­­ІІ-ші қазақ полкі, Жаманқалада (Орск) ­­­­­­­- ІІІ-ші, ІV-ші, Оралда ­ V-ші,VІ-шы және Үржарда қазақ полктері жасақталды. Семейдегі Хамит Тохтамышев басқарған І-Алаш полкінің атты жауынгерлері әр жердегі әскери ұрыс-қимылдарына да қатысты. «Жетісу облысында большевиктер атты казак қалаларын беріп қоймай, қиратқан. Қатын, бала-шағаны қырған. Сондықтан сол бейшараларды большевик қолынан құтқару үшін біздің қазақ атты әскері казак әскеріне қосылып, Жетісуға қарай жолға шықты»,[14] - деп жазды Ә.Бөкейханов.

  Свободная речь газеті 30 қыркүйек 1918 ж. санында «Қазақ атты әскері» («Киргизская конница») деген мақаласында: «І-ші Алаш полкінің «Алаш жүздігі» атанған қазақ отряды полковник Ступиннің басшылығымен тамыз айының басынан бері Жетісу майданында үздіксіз ұрыстар жүргізіп келеді. Олар «қызылдармен» Андреевка, Үржар, Лепсі ауылының түбіндегі Жаңа-Андреевка, Сарқан және Покатилов елді мекендерінде ұрыстар жүргізді. Отрядта қаза тапқандар мен жаралылар бар. Қазақ-кавалеристерінің шабуылы шапшаң, әсіресе таптырмайтын барлаушылар екендігін көрсетті.  ... Елден тартып алынған аттарға мінген салт жүріске шорқақ «қызылдардың» атты әскері қазақ әскерінің қарасы көрінгенде-ақ шегініп кетеді. Жігіттер мемлекеттік «казак» болғандықтарын, өздерінің «нағыз казактармен» бірге соғысып жүргендіктерін мақтан етеді. ... Бұл «қызылдарға» қарсы ұрыстарға қатысқан қазақ әскерінің екінші отряды. Мұның алдында жаңа ғана әскер ісіне жаттықтырылған бірінші қазақ отряды үкімет әскерімен бірге Семей  қаласына беттеген Қызыл Армиямен Рубцовск майданында соғысқан болатын» ­- деп жазды[15]

  Рубцовск майданы туралы «Сарыарқа» газетінде «Алаш әскерінің оралуы» атты мақала басылды: «Большевиктерді Алтай губерниясына қарай қуған алаш отряды 17 маусым күні аман-есен елге оралды. Бұл отрядта 52 қазақ, 21 офицер болды. Отрядты бастап барғандар: Турағұл Абаев, Биахмет Сәрсенов, Қаражан Үкібаев, Тоқтар Бегметов, Ғабдолла Қаскеев және басқа мырзалар болды. Даланың жаужүрек жастары саны көп большевиктермен бірнеше рет ұрысқа түсті. Большевиктер шабуыл екпініне шыдамай қашуға мәжбүр болды. Тұрағұлдың айтуына қарағанда,  қазақ жастары соғыса алады,   ұрыстарда қорыққан жоқ. Шайқас кезінде «Алаш» деген ұранды естігенде өлімнен де қорықпайтындығын көрсетті. Большевиктер жағынан үш адам өліп, екеуі жараланды, он бір адам қолға түсті. Сегіз жылқы,  жүз сомның мөлшерінде ақша және көп қару-жарақ олжаланды. Тұтқындардың арасында Қазиды өлтірген большевик те бар. Тағы бір большевиктің қылышпен басы шабылды. Алаш әскерінің шығыны – бір адам. Жорықтан әскердің рухы көтеріліп қайтты»[3,161].

  Қызылдармен соғыстың аяусыз болғандығы туралы «Сибирьская речь» газетінде жазылды: «Жетісу майданындағы қазақ ерікті жасағының іс-қимылдары жайлы үнемі хабарлап отырды. Алашорда басқармасы Омбы қаласында жүрген премьер-министр Ә.Бөкейхановқа Ол жуырда ғана Арқаттан мынадай телеграмма алды: «Мұса Сергиополь қаласын алуға қатысты, келді де тоғыз «қызылдың» басын өз қолымен шауып тастады. Большевиктер Үржарға қарай қашты. Олардың соңынан Ғабдихановтың отряды қуып кетті. Алаш-Орданың іс басқарушысы С.Ақаев»[16].

  Алаш әскерін жасақтауды ұйымдастырып, оның басы-қасында Алаш жетекшілері Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасов, А.Тұрлыбаев, М.Тынышпаев, Б.Мәметов, Х Тоқтамышев жүрді. Әсіресе, қазақ жігіттеріне әскер ғылымын үйретуде тұңғыш қазақ офицері, штабс-капитан Хамит Тоқтамышев пен подполковник Ғали Самыратбековтың есімдері ерекше айтылады. Алаш әскеріндегі бір ерекшелік – тылдағы тұрақты қосалқы жасақтың (резерв) болуы еді. «Сүйек тісті» ұзын таяқпен қаруланған олар қарсыластарын алаңдатып, табысты нәтижелерге жетіп отырды. Қазақ жігіттерінің Жетісу майданындағы  ұрыс-қимылдары соның айғағы.

  «Сарыарқа» газеті әскерге алынған қазақ жігіттерінің  көп уақытқа дейін қару-жарақтары болмаса да, ұрыстан беттері қайтпағандығын, Саратовкаға шабуыл кезінде (28 қазан 1918 ж.) Балтай Бисебековтың, Андреевкада Ахметқали Орманбетовтың ұтымды ұрыс тәсілдерін, Қағазбек Дәшке баласының 150 большевикті бір жарым сағат бөгеп, Алаш әскерінің шығынсыз шыққандығын жазды. Сонымен бірге, 1918 жылы наурыз айында Антоновка қаласы үшін болған ұрыста жау қолында қоршауда қалған 12-ші Алаш полкінің 98 жігітінің қайраттылығы жөнінде: «...қамалып қалған 98 жігіт... неше күн, неше түн атысады. Атысқанда өздерінің паналаған үйлерінің қабырғасын тесіп алып, большевиктерді мылтықпен, бомбамен атқылап, жақын келтірмейді. Большевиктердің оғы бұларға тимейді, себебі, бұл жақтың үйі тастан салынған еді... олар екі күн екі түн атысқан соң, араларынан бір епті жігітті не болса да, Алаш әскеріне хабар бер деп жұмсайды Бұл жігіт большевиктердің бір жақсы атын қолға түсіріп, ұстап мініп, неше қабат жаудың арасынан оқты жаңбырша жаудырса да, аман-есен құтылып, көп әскерге хабар береді.  Мұны естігеннен кейін біздің әскерден Антоновкаға көмек жіберіліп, 4-5 күн қамалып жатқан 98 жігіттің аман-есен құтылады» [8,163]. деп жазды.

  Х.Тохтамышев Өскеменде Алаш автономиясының әскери оқу орнын ашуға жетекшілік етті. Ол Уақытша Сібір үкіметімен және атаман Б.В.Анненковпен тығыз байланыста болды.

  Алаш қайраткері, қазақтың кәсіби әскерінің алғашқы командирі  Хамит Тохтамышев әдеби-көркем шығармалардың кейіпкері болғандығы туралы кейінгі кезде табылған мұрағат құжаттары арқылы белгілі болды. Мұхтизар Төлекұлы Титақов деген азамат 1935 жылы Алаш қайраткерлері туралы «Мұрат үшін майдан» деп аталатын пьеса жазған. Пьесаның кейіпкерлерінің барлығы өмірде нақтылы болған танымал адамдар: Әлихан, Міржақып, Халел (Ғаббасұлы), Жүсіпбек, Әлімхан, Ике, Жақып, Мағжан, Шәкәрім, Мұхтар, Хамит (Тохтамышев), Сұлтанмахмұт, Мұсатай бай және т.б.

  Драма жанрындағы осы шығарманы талдаған Дихан Қамзабекұлы «Алаш пьесасы – Мұрат үшін майдан» атты мақаласында Мұхтызар Титақұлының «Мұрат үшін майдан» пьесасының тарихи маңызына тоқталған[17,276]. 

  Пьесадағы оқиға болған уақытта Мұхтызар бозбала жігіт. Оқыған жастың сол кездегі саяси оқиғалардан тыс қалуы екіталай, сол себепті ол  алаш қайраткерлерінің ісімен де, өздерімен де таныс болғаны анық. Сондықтан оқиға желісі, ондағы кейіпкерлердің жалынды сөздері шындыққа жақын, тарихи дерек деп қабылдауға тұрады.  Әлихан мен Халелге, Міржақып пен Хамитқа автор айтпаған сөздерін айтқыза қоймас.

  Осы пьесада Хамит Тохтамышев: «Азамат, біз әскерміз, біздер соғыс адамымыз! Біздердің тәрбиеміз – жауды жеңсек, жеңісіміз. Өлсек, өлу біздің жолымыз – қанды жол!» деп, нағаз әскери адам екендігін атап көрсетсе, енді бір сөзінде: «Бауырларым, қаны бірге Алашым! ... Сендер, бабаларымыз – Абылай мен Кенесарыны еске түсіріңдер! ... жасасын туған халқымыз, жасасын туған жеріміз, жасасын Алаш!» [17,290] деп, өзінің нағыз Алаш азаматы екендігін айғақтай түседі.

  Айтыскер ақын, өлкетанушы Қалихан Алтынбаев Хамитті «Омбының қазағы, әйелі орыс, одан туған бір қызы болған» деп көрсетеді. Хамиттің шықан тегін білу мақсатында Омбы қаласына арнайы іссапармен барып, сондағы көнекөз қарияларға сұрау салынды. Ежелден тұрып жатқан қазақтардың ішінде ел тарихына жетік, тарихшы мұғалім, шежіреші, 94 жасқа келіп отырған Уәлиұлы Смат ақсақал Тоқтамыс дегенді де, Хамит дегенді де бұл жақтағы қазақтардың ешбір шежіресінен кездестірмегенін айтты. Алашорда үкіметі мүшелерінің аты-жөнін ғана емес тегіне дейін біліп отырған ақсақал Хамит Тохтамышев Омбының қазағы болса білген болар еді. 

  Москваның әскери-тарихи архивінде 25-ші атқыштар полкінен 8-ші Сібір артиллерия полкіне 1912 жылы ауыстырылған Тохтамышев (Султан-Мурад Негматуллаоглы) деген подпоручиктің қызмет қағазы сақталған. Онда  Сұлтанмұрат 1889 жылы Семей облысында дүниеге келген, діні мұсылман, шыққан тегі төре тұқымынан («из киргиз султанского рода и из потомственных дворян») екендігі көрсетілген. Сондай-ақ, осы құжатта оның Сібір кадет корпусы мен Киев әскери училищесін бітіріп,  1909 жылы подпоручик шенін алғандығы айтылған[18].

  Осы Сұлтанмұрат Тоқтамышев Хамиттің ағайыны болуы керек. Әскери оқуды ол кезде көбінесе дворяндық атақ алған сұлтандардың балалары оқитын. Дворяндық атақты сұлтандардың барлығы емес патшаға ерекше қызмет көрсеткендері ғана алатын болған. Соған қарағанда Көкшетау округінің аға сұлтаны болған Маңдай Тохтамышевтың ұрпақтары (немерелері) болуы мүмкін.

  Алаш атты әскерінің қолбасшысы Тоқтамышевтың өмірі азамат соғысы жылдары қиылды. 1920 жылы Қытай аспақ болған 45 адамды, ішінде Х.Тоқтамышев пен оның отбасы бар, 70 арбалы керуенді Ақсуат ауданының Кіндікті елді мекенінің маңында қызылдар полкінің Сотников басқарған бөлімшесі қолға түсіреді. Олар тұтқындарға қандай жаза қолдануды сұрап Семейге хабар жібереді. Үш күн күтіп, хабар келмеген соң, бөлімше штабы революция атынан тұтқындарды атуға бұйрық шығарады.

  1920 жылы мамыр айының бір кешінде тұтқындарды Көкпектіден 4 шақырым «Қара кезең» бұйратына айдап апарып, ор қаздырады. Барлығын сол жерде атып, орға көмген. Қазір ордың сілемі әлі білініп жатыр.

  Көкпектідегі татардың бір топ белгілі ақасақалдары штабтан 6 мұсылманның мүрдесін сұрап алады. Оларды өзен сыртындағы татар зиратына жерлеген. Хамит Тоқтамышевтың денесі, үстіндегі әскери формалы киімімен Дәуіт хазірет деген адамның маңына қойылған[19,66]. 

  Қазақтардан алғаш рет тұрақты әскер құру ісіне белсене араласып, оларды заман талабына сай ұрыс тәсілдеріне үйреткен Хамит Тоқтамышевтың есімі де, атқарған қызметі де ескерусіз қалмауға тиіс. Оның есімін әскери бөлімдерге, жауынгерлік –спорттық бағыттағы ұйымдарға беру мәселесін ойластырған жөн.

Пайдаланған әдебиеттер

1. Сыдықов Е. Алаш қаласының тарихы. – Семей, 2010, 214 б,

2. Жұртбай Т.К. Движение Алаш. /3-х томный Сборник материалов судебных процессов над алашевцами/. -Алматы. 2011. 2 том. 376 б.

3. Алаш-Орда: Сборник документов /сост. Н. Мартыненко. –Алма-ата; -1992.

4. ШҚО ҚЗТҚО. //«Свободная речь», 1918г., № 165

5. ШҚО ҚЗТҚО.   қ.37, т. 1, і.126,   п. 2. түпнұсқа

6. ШҚО ҚЗТҚО. қ.37, т. 1, і.126,   п. 31-31об, 32-32об. түпнұсқа

7. ШҚО ҚЗТҚО. қ.37, т. 1, і.126,   п. 79-79 об. түпнұсқа

8. Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. 4-том. Қазақ съездері.  -Астана. 2007. 352.

9. Сейфуллин. С. Тар жол тайғақ кешу. Алматы. 1960. 482 б.

10. ШҚО ҚЗТҚО. «Свободная речь», 3 қыркүйек 1918 ж. № 223

11. ШҚО ҚЗТҚО. қ.37, т. 1, і.126,   п.126

12.  Астана қаласы МА. қ 430. т. 10. і 31. п 13

13. Жұртбай Т, Түркістан жұмхұряты және «Алашорда» үкіметінің ұстанымы. Рұқсат тәртіб:і http://turkystan.kz/tarih/1891

14. Бөкейханов Ә. //Қазақ . – 1918. – 30 шілде. №262

15. ШҚО ҚЗТҚО. //«Свободная речь», 30 қыркүйек 1918 ж., № 255

16. ШҚО ҚЗТҚО. // «Свободная речь», 31шілде 1918 ж., № 32

17.  Қамзабекұлы Д. Алаш пьесасы – «Мұрат үшін майдан». //ХХІ-ғасырдағы Алаштың Ақ жолы. -Алматы. 2014. -440 б.

18. РМӘТА (РГВИА) қ.400, т.9, і.34266, п.2

19. Алтынбаев Қ. Көкпекті. –Новосибирск. -2002, 172 б.

 

Тұрсын ЖҰРТБАЙ,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университеті «Отырар кітапханасы» ғылыми

орталығының директоры

1916 ЖЫЛҒЫ  ҰЛТ-АЗАТТЫҚ КӨТЕРIЛIС ЖӘНЕ

ЖАЗАЛАУ САЯСАТЫ 

  Осы уақытқа дейін 1916 жылғы  ұлт-азаттық көтерiлiсiнің қарсаңында, көтеріліс тұсында, ақпан және қазан төңкерісінен кейінгі азаматтық соғыс жылдарындағы  алаш қайраткерлерінің ұстанған бағыты мен саясатын екіұдай түсініп, екіұшты бағалап, бұрынғы кеңестік кезеңде  қалыптасқан ығыр пыкырдың ыңыршағын шығара қайталау орын алып келеді. Бұл тек алаш идеясы мен алаш қайраткерлеріне және олардың көзқарасына ғана жасалған қиянат емес, қазақ тарихына жасалған әділетсіз қиянат. Мұндай тоғышарлық пен томырықтыққа негізделген пікірсымақтарға тарихи және мұрағаттық құжаттарды ділелге келтіре отырып,  батыл тойтарыс беретін кез жетті. Ұлттық тәуелсіздікке ұмтылған ұлт– заманауи қару-жарақтың тілін білуі тиіс. Өзінің жігіттік намысын қорғауы үшін «орыс, ноғай, қалмақ, бурят» ұлттарымен қатар әскери ілімді үйренуі керек. Ал майданға барудан бас тартқан жағдайда, ол ұлттың жері «мәңгілік қазына есебіне өтпек», «өздері жалдамалы мұжықтың қатарына жатқызылмақ». Міне, осындай қияметті таңдаудың алдында тұрғанда, басқа халықпен тең дәрежеде саяси талап қоюға мүмкіндік беретін таңдау – «қара жұмысқа баруға көну».

  Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов өзінің «Алаш азаматтарына!» жолдаған құлағдарында:«Көнбегенде көретін ауырлық: бағынып тұрған үкіметтің жарлығынан бас тартсақ, жау жағадан алғанда, бас қорғап үйде қаламыз деп, мемлекетке қамшымыздың ұшын бермесек, үкімет бізге құр өкпелеп қоймас, күш жұмсар, ол күшті законге сүйеніп істер… Мысалы, Қазақ шын қарсылық қылатын болса, ел-елге отряд шығады. Отряд шықса, елдің берекесі кетеді, бас пен малға әлегі бірдей тиеді, елдің іргесі бұзылады. Айтқанға көне қоймадың, қарсылық қылдың деп Түркістан уәлаятына военное положениені жұртқа келге бір опат деп білу керек. Военное положение иғлан етілген жерже түймедей жазыққа – түйедей жаза болады. Қарсылық көрсетсек, Түркістанға болған военное положение өзге де елге болмай қалмайды…Аз қазаға, аз бейнетке» төзуі керектігін түсіндірді.  «Жұрттқа келуге тиісті ол опат» қандай опат еді «Көпті қазаға ұшырататын, көпті азапқа қалдыратын азап» қандай азап еді. Көтеріле ұалған жағдайда патша ағзамның бұратана халыққа дайындап қойған қандай «сыйы» бар еді? Міне, Ә.Бөкейхановтыі осы бір ғана уәжін дәлелдейтін дәйектерді көп назарына ұсынумен ғана өз пікірімізді дәйектейміз.

  Шынтуайтына келсек, 1916 жылы тұтанған ұлт-азаттық көтерiлiсi тек июнь жарлығынан туған қарсылық емес. Сол сияқты  империялық отаршылдықтың жазалау саясаты да тек сол кезде қолданылған төтенше әскери шара, әскери әрекет емес. Бұрқ ете түскен бұлқыныстың шығуы да: ашынған арланның қытығына тиiп, атылған сәтiнде қарауылға алып, торға түсiрiп тұншықтыру шарасы да – кездейсоқтыққа қаны қосылмайтын “себептердiң” жиынтық көрiнiсi. Оның күре тамыры – отаршыл мемлекеттiң арандату саясатында. Яғни, бұл қақпан ерте құрылған, жан-жағынан қыспаққа алып, ашынған арланды сол аранға қақпайлап әкелген кәнiгi аңшының тақыс тәсiлi. “Саясаттағы адалдық   –  ақымақтық” деген Наполеонның сөзінің керi. Қазақ даласы – отаршылдық жүйенiң жаңа түрiн, ең қатыгез жүйесiн сынау алаңына, болашағы жоқ “өлi алаңға” айналды. Барлық қолданылған iс-әрекет бiр-ақ бағытта жүргiзiлдi. Ол – сол даланы жайлаған адамдарды аластатып, жерiн иемдену. Императордың қазақ даласына жiберген әр генерал-губернаторы осы жоспарды жүзеге асырудың жолын қарастырумен болды. Тақта отырған неше Николай, неше Александр, Елизаветаның, айналып келгенде қанқұйлы Романовтар тұқымының құлқыны сол едi. Тақ иесi ауысқанымен тәсiл өзгермедi.

  Генерал-губернатор тек патшаның өзiне ғана есеп беруге тиiстi, патша ғана оларды ауыстыра алады. Отаршыл империяның алғашқы барлаушығарының бiрi Граф Нессельрод ертеректегi Николай I-ге жолдаған отарлау жоспарында: “Өкiметтiң шекарадан тыс жерге көз тiгуiндегi басты мақсаты – егiн егетiн жердi игеру... Ол үшiн қазақтардан көшiп жүрген мекендерiнен кетiп, жердi тазартуын талап ету керек”, – деп жазды. Екiншi бiреуi келесi патшаға: “Мен маймылдарға – қазақтарға Европа халқына тән, оқу-ағарту, дәреже беру сияқты қиял-ғажайып тiлектердiң жетегiнде кетуден аулақпын” деп көкiдi. Граф П.П.Сухтелен: “Мен қазақтардың өмiр бойы қойшы болып қалуын, ещқашанда егiн екпеуiн, тек ғылымды ғана емес, тiптi қолөнерiн үйренбеуiн шын жүрегiммен қалаймын”, – деп патшаға жалбарынды. Бұл “жалбарынулар” тегiн қалмады, жаңа әкiмшiлiк жүйенi әкелдi. Оған “бөлiп ал да, билей бер” дәуiрi деп ат қойды қазақтар.

  ХIХ ғасырдың 60-жылдарында қазақ халқы үш әкiмшiлiкке жiктелдi. Үш дербес генерал-губернатор  үстемдiк етiп, әр қайсысы тұтас халықты жiлiктеп мүжуiне ерiк берiлдi. Ондағы адамдар бiр болыстан бiр болысқа ауысу құқысынан айрылды. Территориялық принципке құрылған бұл әкiмшiлiктiң мақсаты – бiр рулы елдi екiге бөлiп, өзге румен қосып, бiр болыс құру: әрбiр үлкен рудың жарты-жартысынан уезд ашу, сол сол арқылы өзара алауыздық тудыру. Бұл мақсат күткендерiнен асып түсiп қырқысуға себеп болды. Генерал-губернатор жеке дара билiк алды. Ол – отаршыл империяның және Iшкiiстер министрiнiң өкiлдiгiн атқарды. Тiкелей патшаға бағынды. Соның нәтижесiнде рулық қарым-қатынасты ушықтырды. Болыстыққа “халықтың арасында сенiмi мен сыйы жоқ, сол ортаның талап-тiлегiн қорғай алмайтын, тек әулеттi және беделдi адамдардың қолшоқпары болатын адам сайлансын”, – деп нұсқау берiлдi “Дала облыстарындағы қазақтар туралы заңдардың жинағы” атты кiтапта. Қазақстанның жерiн Ресей, не шетел капиталистерiне сатып алып, сол арқылы жергiлiктi халықты ата-мекенiнен ығыстыру мақсатымен уақытша жер партиясы, отрядтары құрылды, онымен айналысатын аппараттың адам саны 1916 жылы 800-ге жеттi. Кез-келген патшалық өкiметтiң өкiлiне жолы түсе қалса екi атты басыбайлы беру мiндеттелдi. Егер жергiлiктi жердегi әлуеттi адамды ренжiтпей олармен тiл табысу туралы өкiлдерге берiлген нұсқауды ескерсек, негiзгi ауыртпалық кiмнiң басына түскенi белгiлi.

  Ал халық басына түскен “Қара шығын”  деп аталған салық жүйесiнде шек те, мөлшер де болған жоқ. Үй, отау, жан басы, түтiн басы, тұяқ ақысы, шар ақысы (болыстық сайлау) iспеттi салықтарға ендi ояздың кез-келген сылтауына жылу жию әдетi қосылып, заңдастырылды. 1894 жылғы iшкiiстер министрлiгiнiң белгiлi бiр жағдайға байланысты қазақтардан ерiктi түрде қаржы жиюына берген рұқсат, мiндеттi “парызға” ұласты. Ол тек отаршылдық әкiмшiлiктің “келуiне”, “кетуiне”, “демалысқа шығуына”, жол-жөнекей “сый көрсетуiне”, сайлау өткiзуiне жұмсалды. Сайлау кезiнде халық санын көбейтiп, салық жинау кезiнде керiсiнше азайтып көрсетiп (опат-деген терминнiң қалыптасуы соған байланысты – Т.Ж.), артық қаржыны чиновниктер өз қалтасына салды. Генерал-губернатор, сот, прокурор аздай, 1908 жылы полиция басқармасының жанынан Омбы, Семей, Қызылжар, Верный, Орал, Орынбор қалаларындатыңшылар бөлiмi ашылды. Олар ел арасына жансыздар жiберiп үнемi үрей тудырып, мал табу әрекетiне көштi.

  Жетiсу қылмыстық iстер тексеру бөлiмiнiң бастығы Ротмистр Железняков (Ол – “Қилы замандағы” қанды оқиғаның басты себепкерiнiң бiрi) сияқты жендеттiң өзi полицмейстер Поротников туралы: “Мұсылмандар арасында дербес тыңшылық жүйесiн құрды, Соңғы жылдары қазақтардың iшiне де оны берiк орнатты. Бұл жүйенiң негiзгi кәсiбi мынау: өзiнiң жақын сыбайластырының бiрi, ешқандай жерде қызмет етпейтiн намангандық сарт Зәкiр Исаевтың көмегi арқылы Поротников мырза тағылардың шектен шыққан ұры-қарысын жиып, облыстың түкпiр-түкпiрiне жiбердi. Олар өздерiн “жандармбыз” деп елдi ашықтан-ашық қорқытып, тағы жұртты үрейлендiрiп, олардың терiсiн аямай сыпырып, пара алды. “Жандарм” сөзi “қорқау” сөзiнiң баламасына айналды, өйткенi Исабаев сияқты жансыздардың оларды заң алдындағы қылмыскер, тiптi саяси қылмыскер етiп шығаруы оп-оңай”, – деп жазды.

  Яғни, құлқыны толса – күнәсiз, өңешiнен ештеңе өтпесе – қылмыскер.

  Бұл бiр көрiнiс емес, күнделiктi қызметтiң нақты iс-әрекетi едi.  Сол Железняковтың өзi ауыздандырған Александров, Мамырбаев, О.Баймұрынов, Горяинов, Поцелуев, Б.Жиенбаев iспеттi тыңшылар “Қилы заман” оқиғасының қанға бөгуiне тiкелей қатысты, мыңдаған адамдардың  обалына қалды. Мұндай iрiп-шiрiген  әкiмшiлiк системасынан әдiлдiк күтудiң өзi – әдiлетсiздiк. Ал,  сол жүйенiң iшiндегi ең қанқұйлысы, әмiрлiсi – әскери сот.

  1905-1907 жылғы революцияның екпiнi қазақ даласында да ерекше көрiнiс бердi. 1906 жылы Қазақстан бойынша әскери-дала соты, яғни әскери трибунал құрылды. Сол уақытта бүкiл Ресейде он екi әскери-аймақтық сот болса, соның екеуi (!) қазақ елiнiң тағдырын қылбырауға салды. Бұл шешiм – отаршылдық жою саясатының тiкелей жүзеге асуын тездетудi көздейтiн қанды қадам. Iстiң анық-қанығы тексерiлмей ату жазасына бұйырылды және бұл үшiн арыздануға ешкiмнiң хақысы жоқ. Үкiм үш тәулiкте орындалады. Ол аздай 1916 жылы 16 июльде Түркiстан генерал-губернаторының мiндетiн атқарушы генерал Ерофеев патшаның қабылдауына кiрiп, Түркiстан өлкесiне әскери жағдай енгiзуiн сұрады, ертеңiнде өтiнiшi орындалып, жарлық берiлдi. Патшаның “тек соғыс жүрiп жатқан округтi ғана әскери жағдайға” көшiру туралы өзi шығарған заңын өзiнiң бұзуы – бас көтерушiлердi, наразылық бiлдiрушiлердi, демек бүкiл Орта Азия мен Қазақстан халқын, “дұшпан армиясы” деп жариялаумен пара-пар болатын. Ешқандай аяушылықтың болмайтындығын ашықтан-ашық жариялау соны заңдастыру әрекетi едi. 1916 жылы 17 июльде әскери министр барлық әскери соттың мiндетi туралы бұйрыққа қол қойды, “сотқа – жауапқа тартылғандардың бәрi берiлсiн, соның iшiнде жеке адамдар туралы қосымша дерек жинамай, тергеудiң соңын күтпей-ақ өзге сыбайластарын қоспай-ақ жазаға  тартылсын”, – делiнген.

  “Қилы замандағы”, “Албан оқиғасы” кезiндегi 118 адамның, Пiшпек уезiндегi 510 адамның ешқандай сотсыз азаптап, атып өлтiрiлуi дәл осы статьяның үкiмi-тiн.

  Сол жылы 23 июльде солтүстiк соғыс майданының бас-қолбасшысы, генерал инфантерии Куропаткин – Түркiстан генерал-губернаторы, Түркiстан әскери округiнiң қолбасшысы, Жетiсу қазак әскерлерiнiң әскери атаманы, ал 28 июльде бас қолбасшы болып тағайындалды.  Патша осы әрекетi арқылы Орта Азия мен Қазақстанға соғыс жариялап, екiншi майдан ашты. Куропаткиннiң әскери-сот ұйымдастыру жөнiндегiiс-әрекетiн 24 август күнi Николай ІІ оқып шығып, жылы лебiз бiлдiрдi. Өйткенi 1906 жылы 16 августа қол қойылған әскери-дала соты уставының авторы – “Ұлы мәртебелiнiң” өзi болатын. Үкiм 48 сағаттың iшiнде орындалуы тиiс. Үкiм емес – бұйрық. Сот – жабық жүргiзiледi, ешқандай куәгердiң сөзi протоколға түсiрiлмейдi. Қайта қаралмайды.

  Әскери генерал Куропаткиннiң отаршылдық жазалау майданындағы “жеңiсi” соғыстағыдан гөрi қатал әрi “жеңiске” толы болды. Россияның ар-намысын қорғайтын майдандағы дәрменсiздiгiн  Россияның  ар-намысын төгетiн “жазалау шарасын” жүзеге асыру кезiндегi “ерлiгiмен” толтырды. Мұндай абыройсыз даңқтан Жетiсу генерал-губернаторы Фольбаум да шет қалған жоқ. Ол жазалау жөнiндегi патша қол қойған, Куропаткин “тереңдеткен” заңға жаңа “үлгi үшiн сабақ беру” тарауын қосты. 13 сентябрь күнiЛепсi уездiк бастығына берген телеграммасында: “Барлық әскерлер мен крестьяндарға жеткiзiңiз: бүлiкшiлiктi жылдам басып, тәубесiне келтiру тек бiр ғана жолмен iске асады. Ол үшiн тәжiрибе ретiнде ең бүлiкшiл болыстың тас-талқанын шығарып, бiрнеше жүз адамын қырып салу арқылы өзгелерге үлгi сабақ беру керек”, – деп бұйырды. Бұл “тәсiл” барлық әскери-сот арасында тез тарады және “табысты түрде” жүзеге асырылды. Соның бiр мысалы “Қилы заман” оқиғасы. Ендi, сол оқиғаға қатысты бұйрықтар мен жарлықтарды, ресми қатынастарды, жансыздардың тыңшылық мәлiметтерiн, жалпы тыл жұмысына шақырылған “түземдiктерге” қойылған шарт пен талаптың жарнамасын келтiре отырып, ойымыздан сабақтаймыз. Бұл – “Қилы заман” повесiне кiрмеген, бiрақ Ақжелке пристав күткен “үлкен бастықтың” нұсқаулары.

  1916 жыл. 17 июль күнi Николай ІІ  Түркiстан әскери округi “әскери жағдайда” деген указға қол қойды. Ал 18 июль күнi Ташкент сот палатасының прокуроры барлық округтық прокурорларға төмендегiдей құпия нұсқау жолдады. Ол кезде қазақ даласы дауыл алдындағы тымырсықтай iштен тынып жатқан. Ешқандай қарулы көтерiлiстiң белгiсi бiлiнбейдi. Әлi де үмiт күткен, жарлықтың қаhары қайтар деген. Қарқарадағы Ақжелке – Подворковтар жоғарыдан нұсқау күтiп, батыл әрекетке бара алмай отырған. Ал мына нұсқау мен әскери  жағдай отқа май құйғандай әсер еттi. Халықтың: наразылығын зерттеп, себебiн анықтар деген үмiтi, талап тiлегi әдiре қалды. Азаматтық сот күшiн жойды. Оған себеп мына қатынас (мазмұндалып берiлiп отыр.)

  “Юстиция министрлiгi. Ташкент сот палатасының прокуроры. Құпия. Ташкент сот палатасына қарайтын  округтық соттың прокурорларына. Тiркеу тiзiмi – 332.

  Аймақтағы тағы тұрғындардың арасындағы туған наразылыққа және болашақта туындауы мүмкiн жағдайларға байланысты... Сiздiң Жоғарғы мәртебелiңiздiң құзырына мiндеттеймiн. 1) Егер тағы да тәртiпсiздiктер туралы хабар түссе, қарауыңыздағы жеке адамдардың құрамы мен жағдайын ескере отырып, қызметтес әрiптестерiңiздi оқиға болған жерге жiберiңiз, жағдаймен таныссын және түземдiктердiң ойы, iс-әрекетi жайлы, сонымен қатар әкiмшiлiк қызметкерлерi мен әскери бөлiмдердiң әрекетi туралы толық пiкiрiн жазбаша бiлдiрсiн. 2) Жағдайға байланысты бақылауды күшейте отырып тергеуге кiрiссiн... 3) Тексеру кезiндегi барлық айыпкерлерге, көтерiлiстiң жетекшiлерiнiң де, ұйымдастырушылардың да үйiне тiнту жүргiзсiн... 4) Тергеу жүргiзе отырып және қылмысты мойындату барысында тәртiпсiздiктiң себебiн, бағытын, жеке адамдарды, олардың тiршiлiк жағдайын, қандай да бiр қоғамға мүшелiгiн, шетелдiк державалардың мәжiлiсiне қатысқандығын, араласын, әскери тұтқындармен байланысын, ондағы адамдардың аты-жөнiн анықтасын. 5) Сақтық ретiнде айыптаушыдан басқаның барлығы қамауға алынсын. 6) Тәртiпсiздiктi ұйымдастырушыларды, олардың басшыларын басқа тұтқындардан бөлек ұстау керек...  7) Егер тұтқындайтын түрмедегi орын жетпесе губернаторға ескерту керек... Сондай-ақ қашуға және тұтқынды алып қашуға әрекет еткендерге ескертусiз қоданылатын жазаны (ату – Т.Ж.) жариялау керек.  8) Орталықтан алыс жерде жүргiзiлген тексеру барысында жергiлiктi жерден қарсылық бiлiнсе,  онда 272 – статьияға сәйкес жергiлiктi және әскери әкiмшiлiктiң көмегiне сүйенiңiз.  9) Содан кейiн оқиға болған жердегi барлық жағдайдың қандай шара қолданғаны туралы... маған хабарлаңыз. 10)  9 пунктте көрсетiлген жағдайға қоса... өз пiкiрiңiздi бiлдiрiп, құпия түрде жолдаңыз... 11) Демалысқа шыққан әрiптестерiңiздi керi шақыртыңыз... 12) Қажет болған жағдайда маған ... телеграф арқылы... шифрмен хабар  берсiн... Кейбiр сот прокурорларының аймаққа әскери жағдай енгiзiп, тәрiпсiздiктi басу үшiн төтенше шара қолдану туралы өтiнiштерiн – орындауға... қолымнан келген мүмкiндiктiң бәрiн жасаймын... Қолы...”.

  Әр тарауын жеке-жеке талдамағанның өзiнде  азаматтық соттың өзiне әскери трибуналдың мiндетi жүктелгенiн түсiнуi қиын емес. Жетiсу генерал-губернаторы “...Өкiметке қарсы шыққан түземдiктердi соттау үшiн әскери сот уставының 1308-статьясына сай Верный қаласында және барлық уездiк қалаларда жазалау отрядының жанынан (менiң ерекше нұсқауыма байланысты) корпустың сот дәрежесiмен тең дәрежедегi отрядтық соттар құрылсын... Түземдiктердiң көтерiлiске қатысқандарының арыздары қайта қарауға жiберiлсiн...” деп бұрық бердi. Мұндай жаналғыш нұсқалар Ташкенттегi прокулат Меллердiң атынан бiрiнен кейiн бiрi телеграмма арқылы да, жазбаша да түсiп жатты. Жетiсу сотының прокуроры Ташкенттегi сот палатасына: “Округтiк әскер басшысының бұйрығы негiзiнде облыстық әскердiң қолбасшысы барлық жазалау отрядтарында және қалаларда әскери-дала сотын құрды, түземдiктердiң көтерiлiсiне байланысты барлық iстi әскери сотқа тапсыруды мiндеттедi. 281-статьяға байланысты әскери сот ерекше тексерудi қажет ететiн iстерге тергеу жүргiзбейдi. Нұсқай күтемiн”,– деп заңның қатты бұрмаланғанына алаңдап қатынас жазады.

  Жауап тез келдi. Ол – әрi қысқа, әрi ауыр салмақпен келдi. Онда көтерiлiске қатысты iстiң барлығын әскери-дала сотының қарамағына тезiрек берудi, сөйтiп олардан құтылудың (әрине, «әскери-сот сатқындыры» деген статьямен ату жазасына кеседi) жолын ойластырды. 25 июль күнгi телеграмма: “Барлық соттарға, қызметкерлерге юстиция министрлiгiнiң 1907 жылғы 13 июльдегi № 282 нұсқауын дәл орындауды тапсырамын. Тергеушiлерге алғашқы хабар алысымен iске кiрiсу керектiгiн түсiндiремiз. Тексерудi шұғыл жүргiзсiн. Iстi аяқтаған соң әскери прокурорға тапсырсын. Полицияға қажеттi материалдарды қатар жүргiзе отырып берсiн. Прокулат Миллер”.

  Араға күн салып, осы бұйрықты кеңейтiп, 1281, 1309-статьяларды қосып, барлық iстi әскери трибуналға беруiн тағы да мақұлдады.

  Ол аздай генерал-губернатор Верный округтiк сотының прокурорына “Шұғыл!” деген жазуды шекесiне басып, тағы да қосымша бұйрық жолдады. “Жетiсу облысындағы түземдiктердiң бiткен немесе тағы да сотты қажет ететiн iстерiн тез бiтiрiп, құтылу үшiн мен округтiң әскери қолбасшыдан (Куропаткиннен – Т.Ж.) барлық iстi жергiлiктi әскери-дала сотына берудi сұрадым. Сол № 6142 телеграммаға орай округтiң әскери қолбасшы: «Барлық жазалау отрядтарында, уездiк қалаларда түземдiктердiң көтерiлiсiне байланысты әскери-дала сотын құруды бұйырды. Сондықтан да сiздегi барлық iстердi сол жергiлiктi жердегi әскери-дала сотына тапсырыңыз... Генерал-адютант фольбаум” – деп қол қойды. Есiңiзге сақтаңыз: бұл 12  август күнi қашуға әрекет еттi деген сылтаумен Пржевальскідегi түрмеде 118 адам, Пiшпекте 510 адам ешбiр сотсыз, сұрақсыз атып өлтiрiлдi. Алатаудың iшiнде паналаған 150 кемпiр-шал, оның 96-сы бала, пулеметтiң оғынан баудай қырылды. Бұл – жазалау отрядтары мен әскери-дала сотының iске кiрiскен алғашқы күнінiң ғана ойраны едi. Облыстық прокурордың сот тергеушiсiне бағыттаған: “Жаркент уезiндегi Қарқара, Қызылбөрiк болысының, Верный уезiнiң Старской учаскесiнiң, Пiшпек уезiнiң Әтеке, Сарыбағыш және Қарабұлақ болыстарының қазақ-қырғыз тобыры – түземдiктердi армияның тылындағы жұмысқа алу туралы жоғары тақсырдың бұйрығына қарсылық көрсеттi. Сiздiң мәртебеңiзден сұрайтыным: қазақтардың көтерiлiсiнiң себебiн анықтау үшiн, сот орындарының жүргiзiп жатқан тергеуiне қарамастан, Жетiсу қазақтарының көтерiлiсiне байланысты жазалау заңының 263 және 268-статьяларына сәйкес келетiн қосымша деректердi тексеру мақсатында тергеу жүргiзiңiздер”,– деген қатынасының астарында барлық iстi әскери-дала сотының еркiне берудi бүркемелеген аярлық жатыр.

  Ал, генерал-губернатор мұндай шараға белсене кiрiсiп, өзiнiң “үлгi үшiн сабақ үйрету” тәсiлiн жүзеге асыра бастады. Алайда көтерiлiстiң бас кезiнде отаршылдардың еркiн қимылдауына әскерi жетпедi. Фольбаум 7 август күнi бас қолбасшы Куропаткиннен әскери құраманың алты ротасын, төрт зеңбiрек батереясын, Әулие-Атадағы Верный дружинасын жылдам жiберудi сұрады. 10 август күнi телеграммасында: “Тағы да зеңбiрекпен жарақтанған төрт рота, әр уезге бiр-бiр атты әскер, қару-жарақ, оқ-дәрi керек. Жағдайдың күрт өзгерiп кету қаупiнiң күштiлiгi сондай, Жетісудағы орыс (отаршылдық мағынасында – Т.Ж.) саясатының күлi-көкке ұшуы мүмкiн”, – деп безектедi.

  Фольбаум мұнымен шектелген жоқ. Николай ІІ манифест жолдады. 1916 жылы 23 августе патша қол қойған манифесте: “Құдайдың қайырымдылығы арқасында... Мемлекет қорғанысын күшейту мақсатымен Жетiсу қазақ әскерiнiң құрамын арттыру үшiн бiз осы әскери бөлiмшеге қазақ ерiктiлерiн шақыруға жарлық бердiк. Әскерге шақырылуға тиiстi қазақтардың жасын, уақытын белгiлеудi бiз Түркiстан әскери округiнiң бас қолбасшысына тапсырдық”,– делiнген. Осы мерзiм iшiнде Фольбаумның қол астына мына отрядтар келiп қосылды. 1) Подполковник Гейциктiң отряды – 717 жасағы бар екi рота, екi зеңбiрек батереясы, бiр казак жүздiгi, саперлар бөлiмшесi, 160 атты барлаушы. 2) Подполковник Алатырцевтiң отряды – төрт атқыштар ротасы, бiр зеңбiрек батареясы, бiр казак жүздiгi, төрт пулемет, саперлар бөлiмшесi.  3) Андижан – Нарыннан келген капитан Бурзидiң отряды – үш атқыштар полкы, төрт пулемет, 80 атты барлаушы, казактар жүздiгi, екi таулы жерде қолданатын зеңбiрек, саперлер бөлiмшесi. 4) 240 адамнан тұратын Сiбiр жасғлы және 28 атты барлаушы. 5) 243 адамдық Самар жасағы. 6) Саратов жасағы және екi казак жүздiгi. Барлығын қосып есептегенде Жетісуға құрамында 8750 адамы бар 15 рота, 1 900 қылышты 24 казак жүздiгi, 16 зеңбiрек, 47 пулемет жiберiлдi (бұл деректер Т.Елеуовтың 1955 жылы шыққан “Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсi” атты еңбегiнен алынды.)

  Бiрiншi дүние жүзiлiк соғыс майдандарында Николай ІІ-нiң масқарасы шығып, жеңiлiстен соң жеңiлiс тауып жатқанда, осыншама әскери күштi өзiне бодан елге жұмсаудағы, көтерiлiсшiлердi қырып-жоюдағы мақсаты не? Июнь жарлығы бұратана халыққа қандай талап қойды? Мұның астарына генерал адъютант Куропаткин қол қойған “Түркiстан өлкесi бойынша берiлген бұйрық” пен “Тыл жұмысына алу тәртiбiнiң ережелерiмен” iшiнара танысып барып көз жеткiземiз.

  Бұл – халықтың намысын қорғаған соғыс емес, патшалар мен принциптердiң жекпе-жегi, өз құзырындағы елдi ығыр ететiн масқара майдан едi. Соғыстың әр күнi халықтың қасiретiне қасiрет жамайтын. Тұрақты армия да, жаппай мобилизация да майданның ауыр халiн жеңiлдетпедi. Ендi әртүрлi қазына жұмысындағы, құрылыс батальондарындағы, күзеттегi солдаттарды алдыңғы шепке тартты. Николай ІІ оң қолы Куропаткин өзiнiң бұйрығында:

  „Россия мен оның одақтастары жүргiзiп жатқан қазiргi ұлы соғыс – орыс пен Россия одақтастарының әскерi толық жеңiске жетпейiнше аяқталмауы тиiс. Барлық елдердiң, Россияның және оның одақтастарының толық жеңiске жетуi үшiн бар күштi жұмсап, қандай да болсын құрбандыққа шыдау керек. Империяның әскерге мiндеттi барлық халқы тұрақты армия қатарына шақырылды және шақыруға жататын жастағы барлық еркектердiң денi үздiксiз iрiктелiп алынуда. Бұдан ары қарай жасы асқан адамдарды әскерге тарту армияның және елдiң қажеттiлiгiн өтеу  процесiн баяулатуы мүмкiн... Бұл баяулату процесiн жою үшiн әскери мiндеттi атқаруға жарайтын, қазiр армияның тылында темiр жолды, басқа жолдарды күзетумен, окоп қазумен, тылдағы қорғанысты нығайтумен, отын дайындаумен, әскер малын бағу және күзетумен шұғылданатын, армия қажетiн өтейтiн кәсiпорындарда жұмыс iстейтiн кiшi чиндердi және жұмысшыларды тұрақты армия қатарына шақыру керек. Бұл жұмыстар мен қызметтер армия үшiн аса қажет: сондықтан да ондағы төменгi чиндер мен жұмысшыларды босату үшiн оның орнын басатын адамдар керек. 25 июнь күнi Жоғары император осы уақытқа дейiн әскери мiндеттi өтеуге тартылмаған елдерден, оның iшiнде Түркiстан өлкесiнен жұмысшы алу туралы әмiр беруге шешiм еттi. Түркiстан өлкесiнiң қамын ойғаған Жоғарғы император мәртебелiм шақырылған жұмысшығардың еңбек ақысын төлеп, қазынадан қаржы босатты. Түркiстан өлкесiнiң бес облысынан жұмысқа шақырылатын адамдардың саны 220.000 ғана...

  Қарсылық бiлдiрген елдi мекендердiң көтерiлiсi қарудың күшiмен басылды, кiнәлiлiер жазаланды және жазалана бермек, ал қарсы шыққандардың жерi... қазынаның пайдалануына мәңгiлiкке тартып алынады...

1. Бұратана халықтарды армия тылына жұмысқа алу 15 сентябрьден басталады да 3-4 айдың көлемiне созылады...

2. Жұмысшыларды жiберу 18 сентябрьде басталады, бiр поезбен 1000 адам жөнелтiледi...

3. Жоғарыдағы 220.000 жұмысшыны жөнелтуге дайындау барысында қателiктер де жiберiлдi... Мақта өндiретiн жергiлiктi жердiң жұмысына нұқсан келтiрiлдi. Ферғана облысының және Самарқанд уезiнiң, Сырдария облысының iшiнен алынатын 40.000 адамның есебiн көшпелi жұрттан толтыру керек... Сондықтан да қазiргi уақытта жұмысқа алынатын адамдардың саны 200.470, оның iшiнде Сырдария облысы 60.000, Самарқанд – 32.470, Ферғана – 51.223, Жетiсу – 43.000... адам бередi. Әр жұмысшының уезге, болыстыққа, қалаға бөлiнуi № 3 қосымша бұйрықпен бекiтiлген. Жетiсу облысына келетiн болсақ, уезд, қала, болыс бойынша түсетiн бодандық ерекше дербес көрсетiлдi, аталған облыстағы бұрқ ете қалған тәртiпсiздiк басылған соң, қолға алынады...”– деп жазылған.

  Ұзын-ырғасы он үш пункттен тұратын бұйрықтың үш-төрт қосымшасы тағы бар. Онда армия тылында жұмыс iстеудiң тәртiбi, аттандыру жолы, себебi, төленетiн қаржы, жеңiлдiк жайы түсiндiрiлген. 25 июньдегi указда мұндай түсiнiк те жоқ, кез-келген болыстық пристав қамшысын үйiрiп, тапаншасын шошаңдатып, адамдарды бас-көзi жоқ отардан бөлiп алған қойдай етiп тiзген едi. Жұмысшығардың ешқандай азаматтық, тұрмыстық құқықтары қорғалмады.

  Отаршыл әкiмшiлiк өз қателiгiн түсiнгендей болып, iле қолға алған армия тылындағы жұмысқа шақырылғандарға арналған ортақ жаңа ереженiң негiзгi мiндеттерi мынадай едi:

1. Әр облысқа, уезге, болысқа шаққанда алынатын адамдардың саны ерекше тiзiмде белгiлендi. Көрсетiлген күнi болыс съездерi жеке селолық не ауылдық жиналыстарда нұсқаумен, не жеребе тастаумен қажеттi жұмысшыларды бөледi. Қалалық жерде бұл мiндеттi елубасылар атқарады.

2. Әрбiр жұмысшы өзiмен бiрге мына заттарды алуға мiндеттi. 1) жазды күнi: үш дана iш киiм (көйлек-дамбал), 2 орамал не оны айырбастайтын қолорамал: тақия не шалма (соңғысы мiндеттi емес), етiк (шәркей емес) шылғау, астыға салатын киiз, көрпе. 2) Қысты күнi: сырма шалбар, байпақ, жылы мақтадан шапан, не тон, бешпет, жазды күнгi сияқты iш киiм, көрпе.

Әр жұмысшы өзiмен қоса екi сабын алғаны лазым.

Кетпен, тесенi қалағандары өзiмен қоса ала жүруiне болады.

Ыдыс-аяқтан – кесе, бiрнеше адамға арналған шәугiм, қасық, мосы.

Тiгiншiлер, етiкшiлер, шаштараздар, наубайшалар т.б. шеберлер – өзiнiң құрал-сайманын ала жүруi керек.

3. Жұмысшыларды дәрiгердiк тексеруден өткiзу жұмысы кезекпен, жөнелтуден бұрын өтiп болуы тиiс. Мұсылмандардың абырой-ұят намысын қорғамау үшiн әр адамды жеке-жеке қабылдау керек...

4. Жұмысшы топтары ондыққа, жүздiкке, мыңдыққа бөлiнуi тиiс. Әр поезға бiр мың адам отырғызылады. Әр жүздiк сол болыстың атымен аталады... Әр жүздiкте 1 жүзбасы, 1 мырза, 1 аудармашы және 1 аспаз болады. Барлығы 104 адам. Әр он адамға онбасы сайланады, ол жұмыстан босатылады, ол өз адамдарын басқарып, соған жауап бередi. Мырзалар мен аудармашылар жұмысшылармен бiрдей ақы алады, бiрақ жұмыс iстемейдi. Наубайшы, қасапшы және шаштараздар жеке  өз мiндеттерiн атқару кезiнде ғана жұмыстан босатылады. Бiр эшелонла, не  мың жұмысшыға бiр мыңбасы және имам, жаза бiлетiн аудармашы сайланады. Мыңбасы мен аудармашы күнiне үш сом алады, қазынаның жеңiлдiгiне ие болады. Әр жұмысшыға күнiне бiр сом ақша төленедi, оған қазынаның тамағы есептелмейді...

5. Жұмысшыларды ерекше вагонмен жөнелтедi, әр состав 40 вагоннан тұрады. Әр вагонда 30 адамнан болады.

6. ...Жұмысшығар Түркiстан өлкесiнен өткенше нанмен қаматамасыз етiледi.

7. Жұмысшығардың туған-туысқандарымен байланыс жасап тұруы үшiн, ол жұмысты жеңiлдету мақсатымен, алдын-ала мөр басылып, адресi жазылған откыртка даярланып қоюы тиiс... Хат жолдаушы хатын жүзбасына бередi...

8. Жұмысшығарға, тұрақты әскер қатарындағы төменгi чиндерге тиiстi мерзiм iшiнде демалыс берiледi.

9. Ауырған жұмысшығарды емдеу, дiмкәстiгiне байланысты жұмысқа жарамсыз деп табылғандарды қайтару қазына есебiнен жүргiзiледi.

10. Жолда, жұмыс орындарында жұмысшылардың дiни талаптарының барлығы орындалады.

11. Жұмысшылардың қал-жағдайын iстеп жүрген орындарына барып көргiсi келген құрметтi бұратаналар барарда алғашқы эшелонға тегiн отырғызылады, қайтар ақысын өзi төлейдi...

12. Ерекше ынтасымен көзге түскен жұмысшылардың наградаға ұсынылатынын ескерту керек.

13. Әр бұратанада есеп книжкасы болуы тиiс...

14. Әр жұмысшының мойнына асып, не бiлегiне iлiп жүретiн жезi болуы керек. Жезде жүздiктiң аты, рет саны көрсетiледi... Лауазымдары “онбасы”, “жүзбасы”, “молла”  деп жазылуы қажет...”

  Қалған екi пунктiнде жұмысшыларға жиналатын ерiктi қаржыны жолдау тәртiбi, үй-iшiне көмек т.б. жайлар айтылады. Сырттай қарағанда, бәрi де өз жөнiмен iстелген сияқты. Бiрақ iс жүзiнде ол талаптың бiрде бiреуi жүзеге аспады. Алайда, ай-шай жоқ, ашық күнде найзағай ойнатқаннан көрi осы ереженiң шығуы “бұратана халықты” тәубеге келтiрiп, иiн жiбiттi. Ел-жұрттың арасына күдiк ұялатып, үрей тудырған да сол тосыннан, ешқандай түсiндiрмесiз келген әмiрлi бұйрық едi. Ол бұйрық “аламын, барасың” деп төне шүйлiгiп, жұдырығын түйе келдi. Халықтың қытығына тидi. Тiптi, қайдағы армияның тылы, қандай майдан екенiнен хабарсыз болды. Дегенiне көндiрiп үйренген отаршыл патша өкiметi қарсылықты күтпедi. Ал ұлт-азаттық көтерiлiстiң оты тұтанады деп ойлаған да жоқ едi. Түсiнiк пен ереженiң жариялануы сол буырқаныстың алғашқы жеңiсiiспеттi.

  23 августа жарияланған жаңа бұйрық пен түсiнiктеме ереженiң шығуына Жетісудағы көтерiлiс бiрден бiр ықпалын тигiздi. Бұратана халықтың бас көтеруi – империя мүддесiне қауiптi екендiгiн түсiндi. Ендi күшпен емес, алдап-арбау саясатына көштi. Алайда мұндай саясатқа көшкенше ондаған мың адамның қаны жазықсыз төгiлдi. Көтерiлiсшiлердiң қойған басты талаптарының бiрi: бұратана халықты кемсiтпей, қолына қару берiп, жаттығудан өткiзiп, кәдiмгi әскер қатарына алсын, бiз де еркекпiз. Қорламасын –  деген тiлек болатын. “Мал есебiнде майданға айдау – қорлық, намысымызға тиедi. Ол – құтылмайтын өлiм тұзғлы”, – деп жауап бердi Жәмеңке Мәмбетов тергеушiге. Әбден тiзесi батқанын бiлетiн отаршыл әкiмшiлiк қазақтарды әскер iсiне үйретуге, қолына қару ұстатуға қорықты. Мұны елдi зәбiрлеп, тақыстанып алған әккi генерал-губернаторлар бiрден сездi.

  Тiптi Ферғана генерал-губернаторы Гиппиус генерал Ерофеевтiң жазалау отрядтарын құру туралы бұйрығына: “Менiң тарапымнан жазалау отрядын құру туралы ешқандай да шараның жоспары жасалған жоқ және жасалмайды да”, – деп жауап бердi.

Әрине, отаршыл губернатордың бұратана халыққа жаны ашымағаны аян. Ол – жазалау отряды халықтың ашу-ызасын қоздырып, ұлт-азаттық көтерiлiстiң тұтанып кетуiнен қорықты. Гиппиус 16 август күнiсоғыс министрлiгiнiң көмекшiсiне жолдаған телеграммасында өз саясатын: “Жазалау экспедициясы елдi мекендегiлердің үрей ұшырып, тауға қашып кетуге мәжбүр етедi, мақта атызы нағыз суаратын кезде қаңырап қалады, оның өнiмi онсыз да мардымсыз. Мақта шығымы азаяды, ал жұмысшыларды жинау мүмкiн емес”, – деп түсiндiрiп, тыл жұмысына халықты ерiктi түрде тартуды ұсынды. Егер “адамгершiлiк қысымға көнбесе: онда қоқан-лоққымен қорқыту керек: қарсылық бiлдiрген әрбiр елдi мекеннiң жерiн қазынаның меншiгiне алып, онда... поселок салу керек, жергiлiктi халық қайда кетсе – онда кетсiн. Егер үйлерiнде қалғысы келсе – ...жалдамалы қара жұмысшы боғып iстесiн”,– дедi.

  Қитұрқы қулыққа құрылған тұзаққа дiн басылары, байлар түскенiмен, жалпы халық қолдамады. Сондықтан да ұзамай Гиппиус әскери губернаторлықтан алынып, Түркiстан өлкесiнен қуылды. Жазалау экспедицияларының барлық назары Жетісуға ауды. Қарқара жәрмеңкесiндегi көтерiлiстi басу үшiн ротмистр Кравченконың жазалау отряды жөнелтiлдi. Iле Оған қоса 3-Жетiсу казак полкiнiң хорунжиі Фон-Берг аттанды. Ол жақта мұны Нарынқол-Шарын бөлiмшесiнiң бастығы Подворков, Пржевальскі түрмесiнiң бастығы Хромых, оның тiмiскiлерi Поцелуев, Грибановский, Мамырбаев, Дүйсебаевтар асыға күттi.

  Жазалау экспедициясы Қарқара, Жәркент, Қарақол, Пiшпек, Әулиеата, Ақши жерiндегi көтерiлiстi қанды шеңгелге алып, тоз-тозаласын шығарғаннан кейiн, думаның мүшелерi арнайы коммисия құрып тексеруге шешiм қабылданғанда ғана (оның өзi революциялық күштердiң талабымен) Ташкент сот палатасы “1916 жылғы қазақтардың көтерiлiсi (ұлт-азаттық демейдi, әрине), кезiндегi жергiлiктi азаматтық және әскери әкiмшiлiктiң заңсыз әрекеттерi туралы” iс қозғайды.   Бұл әрекет – жазалау отрядтарының қылмыстарын ашу үшiн емес, қайта соны сол арқылы заңдастырып, қозданып келе жатқан революциялық қозғалыстың екпiнiн тежеу үшiн жасалған бүркемелеу екенiн түсiну қиынға соқпайды. Себебi, сот, тексеру процесi аяқталмады. Ешкiм де жазаланбады. Керiсiнше, Железняков, Хлыновский, Иванов, Мамырбаевтар орденге ұсынылды.

  Бiздiң зерттеуiмiзде осы тексеру материалдары Кравченко, Фон-Бергтердiң жазалау әрекеттерiн әшкерелейтiн дерек ретiнде тiлге тиек етiледi. Екiншiден:осы күнi архивте сақталған Кравченконың, Фон-бергтiң, Ивановтың, Дүйсебаевтың, генерал Корольковтың, Поцелуевтiң, Мамырбаевтың, Грибановскийдiң, Подварков – Ақжелкенiң түсiндiрмелерi осы Ташкент сот палатасының мына қатнасынан кейiн қағазға түскен. Сол деректiң сақталуының өзi оларға шығарған тарихтың қарғыс үкiмi едi.

“Ташкент сот палатасының прокуроры. 1 ноябрь. 1916 жыл.

Верный округтiк сотының прокурорынан

  Сiз Жетiсу облысының бұратана халықтарының  арасындағы тәртiпсiздiк (Ешқандай архивтiк деректе ұлт-азаттық көтерiлiсi деп айтылмайды – Т.Ж.) турасындағы жолдаған қатынасыңызда әкiмшiлiк пен әскери ведомстволардың қызметкерлерi тарапынан орын алған заңсыздық әрекеттердi көрсетiп едiңiз. Ол деректерiңiздiң көпшiлiгi әлi де дәлелсiз, ал кейбiр жерлерiн тек тұспалмен ғана түсiнуге болады. Сiздiң тарапыңыздан, не бастықтардың тарапынан қызмет бабын пайдаланған адамдардың қылмысын тексеруге қандай шара қолданып, жарлық берiлгені және ол қандай бағытта жүргiзiлгенi белгiсiз. Осыған орай Сiздiң мәртебеңiзден маған егжей-тегжейлi мәлiмет берудi сұраймын және төмендегi жағдайларға байланысты көрсетiлген шараларды жүзеге асырыңыз.

1. 1916 жылғы 14 августағы телерграммамызда  Пiшпекте 118 қырғыз-қазақтардың өлтiрiлгенi және прокурор қызметкерiн сол жөнiнде деректер жиып қайту үшiн командировкаға жiбергенiңiздi хабарлап едiңiз. Осы уақытқа дейiн бұл кiсi өлiмi қандай жағдайда жүзеге асырылды, осы қылмысты кiм жасады, өкiмет жол берген бұл iстi кiм және қандай жағдайда жүргiздi, атқан адамдардың әрекетi дұрыс па, тұтқындарға қару қолдануы заңды ма, осы мәселеге байланысты тергеу жүрдi ме және қандай бағыт алды – осының барлығы маған белгiсiз. Осы мәлiметтердiң барлығын ең қысқа мерзiмде маған жеткiзiңiз.

2. Сiздiң 10 август күнi № 432 мәлiметiңiзде Бидалы және басқа болыстардағы қазақтардың көтерiлiсiн тексеру кезiнде, сұрақ алынған адамдардың куәлiгi бойынша Отар приставы Гилевтiң Жоғары Мәртебелiнiң жарлығын жұртқа түсiндiрмегенi, жарияламағаны туралы айып тағылғанын хабарладыңыз. Бұл iске орай мен Гилевтiң iс-әрекеттерiн оның бастықтарына айтуым керек едi, бiрақ Гилевтi айыптайтын тергеу актiсi менiң қолымда жоқ, сондықтан Гилевтi әшкерелейтiн мәлiметтердi, дәлелдi деректердi менiң нұсқауыма сүйенiп, оның бастығына жiберiңiз де, “маған хабарын бер” деп көрсетiңiз.

3. Сiздiң 13 августағы №419, 14 августағы № 447 және 31 августағы № 4245 жолдаған мәлiметтерiңiзде Лепсi уезi бастығының, Верный уездiк бастығының көмекшiсiнiң (Хлыновский – Т.Ж.),Верный уездiк полиция қызметкерлерiнiң сұрақ алу мен мойындату кезiндегi заңсыз әрекеттерiн хабарлап едiңiз. Бұл орайда сiздiң Қылмыстық iстер сот уставының № 485 – статьясын қолданғаныңыз орынды.

4. 22 августағы № 486 мәлiметiңiзде көрсетiлген – қатынас транспортын қарулы конвоймен жеткiлiктi қамтамасыз етпеуiнiң себептерiн маған толық баян етiңiз, мен оны тиiстi әкiмшiлiк орындарына жеткiземiн.

5. 31 август күнi № 4229 мәлiметiңiздегi қызмет бабын пайдаланған адамдардың сол оқиғаға кiнәлiлiгi туралы мағлұмат жөнiнде арнайы тергеу жүргiзiлсiн. Iстiң сотқа тартылу барысы, себебi анықталсын, немесе бастықтарына, маған хабарлансын, немесе жалпы қылмысты әрекет ретiнде тергеу iс қозғалсын.

6. Әскери қызметкерлердiң тонап, ұрлап, тартып алған заттарды алыпсатарлыққа айналдырғаны туралы жолдаған 3 сентябрьдегi № 4188 мәлiметiңiзге байланысты және басқа да (әйелдердi зорғау – Т.Ж.) соған қатысты материалдарды  маған жiберiңiз.

7. 10 сентябрьдегi № 574 қатынаста жолдаған әскери конвойдың iс-қылмысын тексерген деректердi маған жiберiңiз.

8. Пржеальскі (Қарақол – Т.Ж.) уезiнiң уезд бастығы Ивановтың және Пржевальскі приставының iстi жүргiзу және тергеу, жауап алу кезiндегiзаңсыз қылмыстары туралы сұрақ-жауап ағып, Қылмыстық iстер соты Уставының № 485-статьясы  бойынша тергеу жүргiзiп, сот iсiн қозғаңыз. Ивановтың, Пржевальскі қалалық приставының және түрме бастығы Хромыхтың өзге де қылмысты әрекеттерi туралы № 645 және № 717 мәлiметтерiңiздегi жайды менiң нұсқауыма сүйене отырып айыпталушылардың бастығына хабарлаңыз, олардан оқиғаның одан әрi дамуын маған хабарлап отыруын өтiнiңiз.

Осы мәлiметтердегi нұсқауларға сәйкес қолданылған шараларды сiз егжей-тегжейлi баян етiп шұғыл түрде маған жеткiзiңiз... Ташкент сот палатасының прокуроры... (қолы қойылған)”.

  Сырттай әдiл талап, шындық орнына келетiндей  көрiнгенiмен, мұның барлығы қағаз бетiнде қалды. Верный уездiк сотының 1916 жылғы 17   ноябрьдегi қатынасына Пржевальскі уезiнiң бастығы  1917 жылы 3 январьда берген жауабында: “Мен кiсi өлiмi болғандығын кейiн олардың туысынан естiдiм. Жылысайда болған оқиға туралы не старшина, не староста хабарламады...” деп сылтау айтты. Иванов жаза алып, сотқа тартылудың орнына сол әскери дәрежесiнде алшаң басып жүрдi. Ал Верный округтiк сотының 17 ноябрь күнгiТашкент сот палатасына қайтарған жауабында: “...полковник Ивановты жақсы бiлемiн, ол кезде әскери жағдай болатын”, – деп ақтап шықты. Сот тергеуiне берiлген барлық жауапта әрқайсысы бiрiн-бiрi қостап, өз пайдаларына шешкен. Оған бiр мысал: қанды ойранды қолымен жасаған Пржевалскі уезiнiң бастығы Ивановтың өз уезiндегi  оқиғаны екi-үш айдан кейiн естiдiм деуi шындыққа сыймайды. Жалтару ғана.

  Жетiсу өлкесiндегi төтенше әскери жағдайды пайдаланып, көтерiлiстi қанға бөктiрген, Фольбаумның “үлгi үшiн көрсеткен сабағының” бiр “көрiнiсiн” Пржевалскі түрмесiнiң бастығы Хромыхтың 31 август күнi, оқиға өткен соң жиырма күннен кейiн Верный округтiк сотының прокурорына берген рапортынан байқаймыз. Мұнда отаршыл әкiмшiлiк сотта сұрақпен көтерiлiсшiлердiң басын ауыртып жатпай, бiрден көзiн құрту үшiн барлық айла-тәсiлiн, арандатудың түр-түрiн қолданған. Қала тұрғындарына жалған үрей туғызып, өсек таратқан.  Баррикада құрғызған. “Әне келдi, мiне келдi” деп желiктiрiп, бұрыш-бұырыштан мылтық атқызған. Түрмедегi қылмыскерлердi бөлiп алып, қолдарына қару ұстатып, ереуiлшiлердi қарауылға iлiндiрген. Үш реткi осындай әрекет жүзеге аспаған. Тек 12 август күнi күндiз сағат 3-те дәрет сындыра шыққанда, арандатушы түрме қоршауынан секiрiп кеткен де, дайын тұрған надзирательдер мен баскесерлiгi үшiн тұтқындалған қылмыскерлер тұтқындарды жаппай атқан. Сыртқа шықпаған ереуiлшiлердiiшке кiрiп, бiр-бiрлеп көздеген. Сонда ғана ереуiлшiлер бас сауғалап қаша бастаған... Бiрақ, түрменiң қоршауының сыртындағы баррикадаға тап болған...

“Оқиғаның барысында 59 адам атып өлтiрiлдi, олардың арасында әуелi Пржевальск іуезi бастығының, одан кейiн Пржевальскі уезiнiң 3-бөлiмшесiнiң, Жаркент уезiнiң 4-бөлiмшесiнiң сотының шешiмiмен қамалған көтерiлiстiң басшысы және ұйымдастырушысы болған Жаркент уезiнiң мына адамдары бар: 1. Әубәкiр Сұлтанбеков, 2. Тұрлықожа Жансеркин, 3. Қазыбек Шорманов, 4. Құдияр Чотамақов, 5. Соза Тюпиев, 6. Сыбанқұл Арғынов, 7. Жәнiбек Бектасов, 8. Нүке Истыбаев, 9. Құрман Әдiлбеков, 10. Жақабай Құдайбергенов, 11. Кәрiбоз Қаңтаров, 12. Жанпейiс Отыншин, 13. Бекайдар Сантанқұлов, 14. Бiләл Разақов және әртүрлi қылмысты iстерi үшiн сотталған 15. Ұзақ Саурықов, 16. Мырзатай Бәкиев, 17. Шаршеке Сарбаев, 18. Садық Моласов, 19. Өмiр Мәмбетов, 20. Буваза Ого. 21. Оспан Бокеев, 22. Оспан Байжанов, 23. Алтынбек Ималин, 24. Жанбай Жанабеков, 25. Жанабай Кененбаев, 26. Наурыз Толаев, 27.Тоқта Қасымов, 28. Молдабай Тоқтахожин, 29. Арық Қалмурзин, 30. Асанәлi Қазықбаев, 31. Ибрагим-Мәмет Ниязов, 32. Күренкей Естемесов:  сондай-ақ 1. Данияр Саяқов, 2. Оразбай Алтыбеков, 3. Садық Құрбанов, Малар Ұзақов, 5. Жұмабай Алмакүшiков, 6. Боқай Тоқтияров, 7. Ленсза Айсарахунов, 8. Бейшенбек Ибраев, 9. Иманқожа Башкеев, 10. Сауыт Асанов, 11. Сатыбалды Бектемiров, 12. Ыдырыс Байзақов, 13. Құдабай Ашыбаев, 14. Тыныбай Әшiрбаев, 15. Лемеза Матеньшин, 16. Ниязқожа Жаздаубаев, 17. Базарбай Саркөбенов, 18. Сүлеймен Бектұрғанов, 19. Рысалды Бегметов, 20. Абак Бараков, 21. Құдабай Бөлкебаев...  бар. Қашып кеткен тұтқындар: 1. Мақы Жанұзақов, 2. Мамке Осымбеков, 3. Ботбай Бекмурзин, 4.Елiбай Алдебаев, 5.Қоңырқұлжа Алдыбаев, 6. Байтұр Жанұзақов, 7. Құрбан Иминов, 8. Исмайыл Адарбеков, одан басқа қамалғандардың iшiнен: 1. Сарт Жамабаев, 2. Төлемiш Бахтыбаев, 3. Бурабай Бекмурзин, 4. Мәмбетқазы Төлебердиев, 5. Масдинь Маляров, 6. Хилаза Санзыму, 7. Медетбек Рысбаев, 8. Ишимбай Бақыев, 9. Чепур Бектенов, 10. Дзмар Нұршахунов, 11. Уянфлинь Янфлинь, 12. Жамал Тоқтаров...

  Прапорщик Гусаковтың мәлiметiне қарағанда Покровский жолында дүнгендердi тұтқындап келе жатып бiрнеше қашқын өлтiрiлген, соған қарағанда бiрде-бiр тұтқын құтылған жоқ, бәрi де жол-жөнекей атып өлтiрiлдi... Тұтқындарды ату кезiнде надзирательдердiң ешқайсысы жарақат алмады”, – дейдi түрме бастығы Хромых рапортында. Мұнда Қарқарадағы ереуiлшiлердiң ұйытқысы Жәмеңке Мәмбетовтың есiмi жоқ екенiн ескерсек, түрме бастығының талай нәрсенi тырнағының  iшiне бүгiп отырғаны байқалады.

  Патша жендеттерiнiң бұлталақтаған куәлiгiн қаншама алға тартқанмен, халықтың жан-дүниесiнiң  түкпiрiнде жатқан ашу-ызаны, буырқанысты, әдiлдiк аңсаған арман-мұратын жеткiзе алмайды. Ақ, адал iстi қара бояумен бүркеп, қара шымылдық құрып, көлегейлеп көрсетедi. Одан шындықты ажыратып алудың өзi қиын. Бiрде әдiлсiнiп, бiрде қанын iшiне тарта қаhарланып, бiрде iшiнен тынған отаршыл әкiмдердiң мiнезi олардың iс қағаздарындағы сөздерiнен де анық аңғарылады.

  Түлкiнiң бұлаң құйрығына салған тақыс тәсiлдiң астарын iндете қазған, олардың шын бейнесiн, сұрқия сыпатын, аяр айласын ашқан ең әдiл мәлiмет - "Қилы заман" повесi. Мұндағы үкiм, мұндағы сөз тек Әуезовтің байлам-тұжырымы емес, халық пiкiрi, революциялық шығармадағы революция үкiмi.

  Отаршылдық жаулауға, езуге жан-тәнiмен қарсы болған Лев Толстой ағылшын жазалау отрядының капитаны Осборн Индия патриоттарын қанға батырғанда: “Құдайға шүкiр, 94 адамды ерекше жайбарақаттықпен атты ғой, әйтеуiр”– деп ашына мысқылдаған. Сол Толстой өмiр сүрген патшалық Россия жендеттерi 1916 жылы мыңдаған адамды қысылып-қымтырылмай-ақ қызыл қанға батырды. Ұлы жазушы мұны естiсе не дер едi, кiм бiлсiн. Мүмкiн, көрмей кеткенi дұрыс та шығар. Шыдай алмас едi бұл сұмдыққа. 

Пайдаланған әдебиеттер 

  1. Бөкейханов Ә. Шығармаларының толық жинағы. 1-13 том. Астана. Сарыарқа. 2009-2013.
  2. Жұртбай Т. Бейуақ. А.Қазақстан. 1990.304 б.
  3. Сапаргалиев Г. Карательная политика царизма в Казахстане. А, Ғылым. 1966.
  4. Елеуов Т.Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсi, А. Қазақ ССР ҒА баспасы, 1955.
  5. ҚР Орталық Мемлекеттік архиі, 44, 76, 109 қорлар.

               

СЕГІЗ СЕРІ-ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ ҰЛЫ ТҰЛҒАСЫ

(200 жыл туғанына орай)

  Әдебиетімізде, музыка өнеріне осы күнге дейін драма,кино,операға айналған асыл мұрамыз «Кыз Жібек» махаббат дастанының авторы айтылмай келеді. «Айман-Шолпан» дастанын да кімнің шығарғанын қазақ елінің көпшілігіне беймәлім.

  Осы күнге дейін классикаға айналған, ән сахнасына үзілмей, құлақтан кіріп бойды алар әндер «Қарғаш»,  «Гауһартас», «Назқоныр» , «Алқоңыр», «Ақбақай» т.б халық әндері деп аталып жүр. Ал осы айтып кеткен рухани қазына шығармашылықтарының авторы - Сегіз сері (Мұхаметқанапия Баһрамұлы Шақшақтегі 1818-1854жж.) - ақын, композитор, әнші, шежіреші, қазақ халқының батыры, ел қорғаны.

  Тәуелсiздiгiмiздi нығайту жолында, ең маңызды мақсаттың бiрi – ол қазақ халқының рухын көтеру. Ал рухымыздың тамыры ғасырлар бойы қалыптасқан, ұрпақтан ұрпаққа жеткiзген мәдениетiмiзде. Бiрақ бұл мәдениетiмiз, кейiнгi 250 жылда орыс империясының қол астында болғандығымыздан, өшуге аз-ақ қалған. Соңғы 70 жылда өмiрiмiз, мәдениетiмiздiң келбетi Кеңес империясының тарихына бағынып, өз орнын тапқан жоқ. Бұл келбетi отаршылдардың өзiне ыңғайлы жазбаша ғана деректерге сүйенiп, тарихы шындықтан алшақтаған. Сондықтан шын тарихымызды орнына келтiру үшiн, халқымыздың ауыз әдебиетiне жүгiнгенiмiз – дұрыс жолды айғақтайды.

  1991 жылы 19 шілде де, «Қазақ әдебиеті газетінде ауыз әдебиетін зертеуші, жинаушысы Сеиітқали Қарамендінің  «Бекежан да бір арыс» мақаласы жарияланды.  Марқұм Сейітқали ақсақалдың 100 жылдығын 2013 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты және Семей қаласындағы Абай мұражайында атап өтті. Кезінде Сейтекең Сегіз серінің «Қыз Жібек» дастатын оқып, зерттеп қазіргі ұрпаққа бұл дастан қалай бұрмаланғанын атап өткен мақаласында жариялаған.

  Сейтекеңнің мақаласын қолдаған әдебиет зерттеүші М.Есламғалиұлы «Төлегенді өлтірген кім?» («Парасат» журналы,11.11.2000 жыл). Ал әдебиетші-академик Р.Бердібай «Төлегенді өлтірген Бекежан емес» мақаласын «Қазақ әдебиеті» газеті 21.02.2003 жылы жариялады.

  Ендігі Сегіз серігің «Қыз Жібек» дастанын кім қалай бұрмалағанын қысқаша ғана баяндайық.                                 

  «Қыз Жiбек» тарихи ғашықтық дастанын баспадан 1905 жылы Қазан қаласында шығарған Жүсiпбек Қожа Шайқыслам­ұлы (1861–1941 ж.ж.). Мiне, осы Жүсiп­бекке сүйенiп, отаршылдық ықпалына ба­ғы­нып, «Қыз Жiбек» пьесасы, киносы, опе­расы шығармашылық туындылар бол­са да тарихи шындық бұрма­ланып қалды.  Сейiтқали Қараменді  «Бекежан да бiр арыс» атты ма­қа­ласында  «Сегiз серi шындықты жырласа да... кiтап бастырушы Жүсiпбек Қо­жа Шайқы­сламұлы қысқартып, өз жағынан қарасөз қосып, рас оқиғаны бұрмалап, ертегiге айналдырып, Бекежанды Арғын елiнен шыққан етiп және оны Төлегендi өлтiрушi, қылмыскер қа­рақшы етiп өзгертiп, басқаша көрсеткен. Шын мәнiсiнде Бекежан Арғын да емес, ол тiптi Орта жүздiң ешбiр елiне жатпайды. Сондықтан Бекежанның кiм екенiн, қай елден, қай жерден екенiн дәлелдеп жазуға тура келдi» дей келе: «Қыз Жiбек» дастанындағы Бекежан – тарихта болған адам. Оның туған жерi – Алшын Те­мiр­таудың бөктерi... Бекежанның әкесiнiң аты – Айбек. Айбек өз тұсын­дағы Кiшi жүз Алшын Әлiмұлының әскербасы ба­тыры екен. Бекежан да әкесi Айбек сияқ­ты қол басқарған сардар болыпты. Ол жайында «Қыз Жiбек» уақиғасын алғаш рет хисса етушi белгiлi шежiрешi ақын Се­гiз серi жырда былай дейдi:

Ер болып жас кезiнен шыққан аты,

Iшiнде алты Шектi Бөлек заты.

Бөлектiң Қабағынан шықса-дағы,

Болмапты Бекежанның көңiл шаты.

 

Арудан Салихадай айрылған соң,

Кездеспей сондай сұлу қайғырған соң.

Iшiне ұялапты қайғы таты,

Жасыған жездей болып майырылған соң.

 

Бекежан Айбекұлы деп атанған,

Қалмаққа Едiл өтiп ойран салған.

Қасына мың жарымдай сарбаз ертiп,

Кәпiрдiң мықты елiнен барымта алған.

 

Бекежанның балалары қандай бол­ға­нын Сейiтқали Қараменді атақты Қо­жа­берген жыраудың (1663–1762 ж.ж.) «Елiм-айы­нан» келтiредi:

 

Қатысты Кiшi жүзден Тайлақ мерген,

Сұлатты көздегенiн атқан жерден.

Бiр мерген Саңырақ атты жараланды,

Екеуi де Кiшi жүзде Шектi екен.

 

Баласы Бекежанның мерген Тайлақ,

Садақпен жау қалмақты атты байлап.

Ағасы оның Қайрақ ғаскер жинап,

Дұшпанға қарсы аттанды қару сайлап.

 

  Ендi Төлегендi өлтiрген  Бекежан деген жалғандыққа келейiк.  С.Қарамендінің ма­қаласында айтылған Бекежан «Тө­ле­гендi өлтiрмеген. Бекежан Жiбек сұлумен рулас... Төлегендi Бекежанға келiп па­налаған жағымсыз баскесер, Кескентерек деген қожа жiгiтi өлтiредi. Себебi, ол да Жiбек сұлу Сырлыбай қызына ғашық екен» делiнген (Бұл дерек Сегiз серi­нiң «Қыз Жiбек» жырынан алынған).

Сегiз серi Жiбек сұлу Сырлыбай қы­зы­ның аузынан Шегеге былайша жауап бер­гiзедi:

Көк жорға ат бiздiң қолда алтын жабдық,

Астынан қарақшының тартып алдық.

Бiр елдiң төресiндей ғашығымды,

Өлтiрген Кескентерек жолда аңдып.

Осының өзiнен-ақ Төлегендi өлтiрген Бе­кежан емес, Кескентерек екендiгi ай­қын болып тұр!

Ал ендi  С.Қараменді  Жүсiпбек Шай­қысламұлы туралы айтып кеткенi Көкбай (1864–1927 ж.ж.) ақынның «Жү­сiпбек Шайқысламұлына» атты өлең­дерiнде нақты дәлелденген (қысқар­тыл­ған түрде):

Арнадым осы өлеңдi Қожа текке,

Халыққа келiп сiңген Жүсiпбекке.

Қазанда көп қиссаны бастырсаң да,

Ұрлығың аян болды дүйiм көпке.

 

Қожа сен қулығыңды асырыпсың,

Қазанда бұл қиссаны бастырыпсың.

Өзiңе өз қылмысың майдай жағып,

Бойыңнан ар-иманды қашырыпсың.

 

Бұл қисса Орта жүздiң Керейiнен,

Қазақтың Сегiз серi мерейiнен.

Шығарған осы жырды кiм екенiн,

Бiлмесе елге айтып берейiн мен.

 

«Наурызбай – Ханшайым қыз елдiң ерi,

Шығарған дастан етiп Сегiз серi.

Сегiздiң көп қиссаны шығарғанын,

Әлi де ұмытқан жоқ қазақ елi.

 

Ер Сегiз бен Науанды жек көрген соң,

Қысқартып бұл дастанды бұзып қойған.

Жоқ қылуға қиссаны бата алмаған,

Сегiздiң есiмiн де атамаған.

 

Құлатар сенi халық жанған отқа-ай,

Жыраудың сөзi шындық атқан оқтай.

Арнаған сын өлеңдi кiм десеңiз,

  Шәкiртiмiн Абайдың, атым Көкбай. (Көкбай Жанатайұлы. «Абайдан сабақ алдым бала жастан». (Алматы,2005жыл 22- 25 бб., құрастырған Сейітқали Қараменді.)

  Осыдан қазақ халқының ресми тарихынан iрi тұлға Сегiз серiнiң аты өшiрi­лiнiп тұр. Содан берi қанша буын ұлда­рын Бекежан деп атамай, Төлеген деген есiмдi тым көбейтiп жiбердi ғой.

Тарихи шындықты жырлаған, мәдениетiмiздiң әр саласы биiкке көтерген тұлға

  Алматыда «Ғылым» баспасынан 1988 жылы шыққан «ХIХ ғасырдағы қазақ ақын­дары» атты кiтапта айтылған: Артына мәндi мұра қалдырған ақын­дары­мыздың бiрi – Сегіз серi (шын аты Мұхамедханафия), ол 1818 жылы бұрынғы Қызылжар уалаятындағы Маманай деген жерде дүниеге келiп, 1854 ж. 36 жасында сонда қайтыс болады. Әкесi – Баһрам (1770-1826 ж.ж.) атасы Шақшақ, ел iшiнде беделдi, бiлгiр де шешен, сауатты адам болса керек...». Мұхамедханафия 6 жасынан ауыл молдасынан кейiн медреседе дәрiс алып, Қызылжарда «приходская школада» оқып, Омбы қаласында әскери училище бiтiрiп, офицер дәрежесiн алды. Бiрақ ол орыс патшаның отарлау қызметiнен бас тартады, қашқындық жолына түседi. Генерал-губернатор Горчаков Сегiз серiнi ұстау үшiн екi рет арнаулы отряд шығарады. Батырлық қасиетiмен Сегiз серi құтылып кетiп, нағашы жұрты Сырым Датұлының елiнде паналап, баға жетпес әдебие­тiмiздiң туындыларын дүниеге әке­ледi».

Академик Ғабит Мүсiреповтiң «Ұлпан» романында Сегiз серi туралы жазғаны: «...Ол ақынның мұрагерлерi «Қарлығаш», «Гауһартас», «Әйкен-ай» әндерiн Сегiз серi шығарғанын тiптi дауға салмайды. Түгел мойындап қойған... жарты ғасыр болған «Қыз Жiбек» Керей топырағында Сегiз серi нұсқасында тұрақтап қалып едi. Сегiз серiнiң аты ел iшiнде «Мақпал мен Сегiз» атты дастандар арқылы да ертеден мә­лiм». Сегiз серi – Шығыс сазынан, әде­биетiнен де көп үйренген ақын, композитор. Мысалы, әйгiлi «Фархад пен Шы­рын», «Баһрим мен Кулянда», «Ғай­нижамал» бейнелерiн үлгi тұта сөйлейтiн жан-жақты дарынды тұлға болғаны осы кiтапта жазылған.

С.Қарамендінiң зерттеулерінде «Сегiз серiнiң ақындық шеберлiгiмен қоса, көне замандағы Аристотель, Платон, орта ғасырдағы Ибн Сина, Әбунәсiр әл-Фараби, т.б. Шығыс ақын, философтары ғылыми еңбек­терiнiң бiлгiрi екенiн көрсетедi (Сейітқали Қараменді "Сегіз серінің Мұғал биге көңіл айтқаны" ("Қазақ әдебиеті "газеті №33,13.08.1996ж).

 Ақын, композитор-әншi Жаяу Мұса Байжанов Сегiз серiнiң шәкiртi болған. «Ер Сегiз» толғауында Сегiздiң беделдi туын­дыларын атап өткен:

(үзiндiлер).

Сал Сегiз әуес болған нақ Құндызға,

Көз салған елiндегi шын жұлдызға.

Шығарған «Қыз сипаты», «Ғайни» әнiн,

Еркесi Ысық жұрты Ғайни қызға.

 

Сардар едi Сегiз серi тура сөздi,

Ер едi аса көркем иман жүздi.

Жолығып Үшбурылда Патшайымға,

Арнаған әсем әнiн – «Қаракөздi».

 

Сал Сегiз өзге ақыннан болған басым,

Шығарған Мақпалға арнап «Гауһартасын».

Ән салып, күй шығарып, дастан жырлап,

Әр жердiң тамсандырған кәрi-жасын.

 

Таралған қолтаңбамен Кiшi жүзде,

Сегiздiң «Айман-Шолпан», «Қыз Жiбегi».

Сегiзде толып жатыр тамаша әндер,

«Әйкен-ай»,  «Жылой»,  «Қарғаш»,

«Бес қарагер»,

«Шолпан қыз», «Дайдидау»

мен «Бозқараған».

 

Бөлеген күйге Сегiз ой мен қырды,

Төгетiн жиындарда асқақ жырды.

Омбыда Мұқарима сұлуға арнап,

Шығарған алғашқы әнi «Назқоңырды».

 

Шырқадым Сегiз серi «Көкем-айын»,

«Ерден көк», «Алқоңыр» мен «Сәулем-айын».

«Бозшұбар», «Қыз әлем» әнiн айттым,

Несiне сауық құрмай қорғалайын.

 

Жiгiттер өнер қусаң Сегiз ұқса,

Шәкiртi Сегiз серi атым Мұса.

Қазақтың ел қорғаны мақтаныш қой.

Үш жүзде ер Сегiздей көп ұл туса. (Сейітқали Қараменді "Ер Сегіз" (Алматы ақшамы" газеті №6, 1991ж).

 «Сегiз серi – ұлт-азаттық қоз­ға­лыстың көсемi. Атамыз Сегiз серiнiң ақындық-жыршылық өнерi ұрпағының аузында және барша ұрпағы оның империяға қарсы батыл күрес­кенiн, қол құрап қарсы тұрғанын, сол үшiн қатты қуғын-сүргiн көрiп, қазақ жерiнiң батыс жақ қиырына кетiп, құтылуға мәжбүр болғанын да жақсы бiледi», – деп Сол­түстiк Қазақстанда тұратын Сегiз серiнiң шөбересi Амантай Бегенов «Атамыздың жазығы не? деп жазды. (Амантай Бегенов "Атамыздың жазығы не?" («Қазақ әдебиеті» газеті №26,29.06.2007ж).

Өткен ғасырда бас ақындардың бiрi Шәңгерей Бөкеев (1847–1920 ж.ж.) «Сардар сегiз» атты тарихи дастанында орыс патшасының отарлық саясатына қол шоқпар болған Кiшi жүз Жәңгiр ханға қарсы шыққан Сегiз серiнiң ерлiгiн жырлайды. Шәңгерей Жәңгiр ханның немересi болса да, өз халқына қалқан болған батырды жақтайды. Н.Әбуталиев бұл туралы, қазiргi ұр­паққа жазып кеткен.

Сегiз серi тұлға болған, «сегiз қырлы, бiр сырлы» өз халқын сүйген, отаршыл күш­терге тойтарыс берген, орыс пат­шасының шен-шекпенiне сатылмағаны туралы тағы бiр Ресейде шыққан дерекке тоқталайық. «Очерки истории казахов Омского прииртышья». авт. И.А.Турсынов жазған. «...Среди окончивших Азиатскую школу числился Мухамет Шакшаков. В школу он поступил в 1830 г. К мо­менту ее окончания в 1836 г. она была преобразована в особый класс восточных языков училища Сибирского казачьего войска. Историк и поэт в гневных стихах он изображает генерал-губернатора Горчакова разорителем казахского народа, не желая участвовать в карательной экспедиции против восстания Кенесары Касымова,  бежал из Омска в младший Джуз».

Мiне, осы айтылып кеткен себептермен орыс патша өкiметi қазақ хал­қының рухын көтермеу үшiн Сегiз серiнiң атын өшiрген. Мұхамедханафия Шақшақов орыс патшасына қызмет iстемегендiктен, оның аты архивтерде болуы екiталай.

        Дәстүрiмiз өшiрiлгені – тарихи шындық жасырылғаны

  Қазақ ұлтын жою бағытында Кеңес империясы, патшалық Ресей им­перия­сының мұрагерi, қазақ халқының сан ғасырлық дәстүрлерiне де тыйым салған. Осы күнге дейiн қайта заңға оралмаған дәстүрiмiздiң бiрi – ол әмеңгерлiк. Сегiз серiнiң «Қыз Жiбек» тарихи дастанында Төлегендi өлтiр­геннен кейiн, оның iнiсi Сансызбайға әмеңгерлiкпен Жiбек қосылады. Бiрақ бұл шын оқиға отаршылар­дың саясатына орай  осы күнге дейiн жасырын қал­­ды.  Осы  себептен  Е.Брусилов­ский­дiң «Қыз Жiбек» операсында, Жiбектi жардан секiрткiзiп, суға батырады. «Қыз Жiбек» киносында да Жiбектi Сансыз­бай­ға қоспай суға батырады.

Тарихи шындықты дәлелдеу үшiн тағы да ауыз әдебиетiне жүгiнейiк.

Айтылып кеткен Сейiтқали Қара­мен­денiң «Бекежан да бiр арыс» мақала­сында жазылған: «Керей Қожаберген ақынның «Елiм-ай» жырынан Сансызбай мен Жiбек сұлу­дың тұңғыш баласы Төсбатыр да орын алған. Оны сол дастандағы мына шумақтан көруге болады:

 

Жағалбайлы Төсбатыр,

Қалмақтарға өш батыр.

Сансызбайдың өзiндей

Көрсеткен жауға күш батыр,

Үзкентте болған шайқаста

Қамал бұзған гұж батыр.

  Секеңнiң осы мақаласының ең соңын­да: «Қыз Жiбек» жырының Сегiз серi шығарған нұсқасының әлi күнге дейiн жарық көрмей, М.О.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба бөлiмiнде он төрт жыл бойы жабулы қазан күйiнде жатқанына кiм де болса қынжылса керек», – деп айтып кеткен едi. Ал газет редакциялық үндеуінде: «Төменде назарларыңызға ұсынылып отырған С.Қарамендінiң мақаласында лиро-эпостық асыл мұраларымыздың бiрi – «Қыз Жiбек» жырындағы өзгерiске ұшыраған тұстар тiлге тиек етiледi. Автор жырдағы бас кейiпкерлердiң бiрi – Бекежан батыр туралы өзiндiк ой-болжамдарын, дәйектерiн, дәлелдерiн мысалға келтiрген. Ауыз әдебиетiн зерттеушi-ғалымдар, қалың оқырман қауым осы мақалаға орай өз ой-тол­ғамдарын, зерттеулерiн жолдап жатса құба-құп болар едi», – делiнген.(Сейітқали Қараменді Бекенжан да бір арыс. («Қазақ әдебиеті» газеті 19.07.1991жыл).

  Егемен ел, тәуелсiз  мемлекет  болға­ны­мызға 25 жыл өтсе де, ХIХ ғасырда өмiр сүрген, сол кезде бүкiл қа­зақ хал­қына танымал болған, мәде­ние­­тiмiзге баға жетпес асыл мұра қал­дыр­ған, өз халқы үшiн отаршыларға қар­сылық көрсеткен тұлға Сегiз серi әлi де қазiргi қоғамымыздан тиiстi орнын ала алмай отырғаны қынжылтады бiздi.  Дегенмен, өткен ғасырдан берi Сегiз серiнiң өмiрi мен шығар­машылық туындылары туралы 260-ден астам мақала, 48 кiтап жазылыпты.

  Дүниежүзiлiк деңгейдегi класси­калық шығармалар қатарына енген махаббат дастаны «Қыз Жiбек» өзгер­тiлмеген, бұрмаланған қалпында, бiр ғасырдан бе­рi жалғасын тауып келедi. Бұл жалған­дық­тың залалы Сегiз серi, Бекежанның ұрпақтан ұрпақтарына жалғасып келе жатыр. Мысалы, ақын Ахмет Өмірзақтың өлеңдері осыған дәлел.

"Керек емес мына жырға  "сөз басы".

"Ақиқаттың" -десек те,- оның тозбасы",

Бақи жаққа бетін бұрып кеткелі,

Тиылмай тұр Бекежанның көз жасы...

                         ******

Төлегеннің кімнен келді ажалы?

Жауабы анық таппай көрді қазады.

Кескентерек  - қарақшының күнәсін ,

Бекежанға аударғандар - жазалы.

                         ******

Опасыздық, нәмәрттіктің жаңасы -

Қағаздағы таңбалардың жаласы

Бекежанды атқа байлап жіберген -

Шайқысламның  кітап сатқан баласы

                        ******

Сол Жүсіпбек –көріп тұрып «көрмеген»,

Босағаны ауыстырған төрменен.

Сол Жүсіпбек-

 Безбүйрегі бүлк етпей,

Жыр – «Жібекті» қалаунша өңдеген.

 

Сол Жүсіпбек - жалғандықтан қашпаған

Ақ қағазға ақиқатты баспаған

Отқа тығып Бекежанның аруағын,

Руласын жырдан сызып тастаған.

                     *******

Міне, осылай бір-бірімен алмасып.

Залым пікір келе жатыр жалғасып

- Қашанғы енді көмеміз құдыққа

Ей Ақиқат, жетер енді, алғы шық   (Ахмет Өмірзақұлы "Бекежанның көз жасы («Ақтау ақпарат» газеті №8.21.02.2013 жыл).

                    *******

Қазіргі  жас буын рұхани қазынамыздың жанашырлары : " Қыз Жібек" жырдың көркемдік құндылығын бағалау үшін, оның тарихы түпнұсқасын  айналып өту ағаттық... Біздің ұлттық мүддемізді, ұлттық тамырымызды, қазақи болмысымызды сақтап қалатын төлқұжатымыз іспеттес алтын қазынамыз - ауыз әдебиетінен өзгертуге , оны бұрмалауға ешкімнің де қақысы жоқ. " ( Нұргүл Жамбылқызы "Бекежан қандықол қарақшы болған

ба? ("Қазақстан-Заман " газеті 27.01.2012 жыл).

      Бәрімізге белгілі болуы керек – әр халықтың шын тарихы ешкандай саясатқа кезеңге бағынбайтын ауыз әдебиетінде. Бұл туралы автордың мақаласында «Ауыз әдебиетінен – тарихи  шындыққа» («Қыз Жібек» дастанына орай) «Қазақ әдебиеті» газеті 13.08.2010 жылы жариялаған.

Сегіз серіге арнаған кейінгі бес-алты жылда БАКта шыққан макалалар кобеюде Магистрлік диссертация негізінде 2014 жылы « Дәуір-кітап басынан шыққан Г. Дәркенбаеваның «Сегіз сері (Мұхаметқанапия Бахрамұлы) шығармалары – қазақ халқының асыл мұрасы »   деген 2014 жылы ғылыми зерттеу еңбек шыққан.

      2013 жылы «Жалын» баспанасынан Мәдениет және ақпарат мұрағат комитеті бағдарламасы бойынша «Сегіз сері шығармалары» 2 том болып шықты.

2014 жылы «Дәуір» баспасынан «Сегіз сері» 2 томдық шығармаларын бір топ әдебиет зерттеушілердің кітабы шықты. 1 томы- Өлеңдері мен толғаулары

2 томы- Дастандар мен Сегіз сері шығармалары.

  Осы жылда шығатын кітап «Сегіз серінің музыкалық мұрасы» Авторы Серік Оспанов – Қ.Р еңбек сіңірген әртісі, өнер танушы, қазақ халқының рұхани даму қорының бастығы.

Енді қысқаша ғана қорытынды ұсыныстарым:

-«Қыз Жiбек» дастаның Сегіз сері  нұсқасының негізінде баспадан өткізіп жарыққа шығару керек;

-«Қыз Жiбек» операсын , пьесасын ақиқатқа орай қайтадан жазу  керек;

-Классикаға айналған 2 сериялық «Қыз Жiбек» кинофильмнің Бкежанның орнына қарақшы Кескентеректі енгізу керек; 3-ші сериясын жалғастырып, әменгерлікпен Жібек Сансызбаймен қосылып, олардың тұнғышы  Төсбатыр ұлының қазақ елінің  қалқаны болған ерлігін көрсету керек.

- Сегіз серінің шығармашылық туындылары сахна өнерінде кең орын алып, өз атымен шығуы керек.

-Сегіз серінің өз халқына деген сүйіспеншілігі, оның өмірі мен шығармашылық туындылары қазіргі және болашақ буындарға қазақ ұлттық мемлекет құру жолында – үлгі болуы ешқандай күмән туғызбайды.   

 

Төлеубек Қарамендітегі-сәулет ғылымдарының кандидаты, профессор,

               ҚР-нің Сәулетшілер және   Журналистер  одақтарының мүшесі

                                   2.02.2017 ж.                        8-707-675-90-08

 

 

Шынар МҰРАТҚЫЗЫ,

Абай мұражайының ғылыми хатшысы.

 

АБАЙ АРМАНЫ ЖӘНЕ АЛАШ АРЫСТАРЫ

  Тәуелсіздігіміздің тұғырын нықтап, іргесін бекіткенімізге де, міне 25 жыл өтті. Бостандық пен тәуелсіздікке қалай келдік, оған жету жолында халық қандай қиындықтарға төзбеді десеңші?

  Қазақ тарихының сан қатпарлы қырларына үңілсек, азаттыққа кездейсоқ жетпегенімізді аңғару қиын емес. Қазақты көп қасиеттерінен айырған кезең – отаршылық уақыты. Қазақстан тарихшыларының соңғы кездердегі мәліметі бойынша қазақ ұлты өз тәуелсізідігін жоғалтқаннан бері, патша отаршылары, кеңестік жүйенің озбырлығына қарсы 300-ден астам ұлт-азаттық көтерілістерге шығыпты.  Патша империясы, қылышынан қан тамған Кеңес үкіметі қазақты қанап, ең алдымен халықтың рухын басуға тырысты.

  Ұлт ретінде қалыптасқаннан бері еркіндік тізгінін жат жұртқа бермей келген қазақ халқы ежелден еркіндік аңсаған ел екенін танытып келді. 1731 жылы Ресей империясына бодан болғаннан, кешегі егемен ел атанған 1991 жылға дейінгі аралықтағы отаршылдыққа қарсы күрестердің, ұлт азаттық қозғалыстардың халқымыздың тарихында алар орны ерекше.

  Бостандық үшін күрес жолындағы тарихтағы жарқын кезең – Алаш тарихы. ХХ ғасырдың басында ел қамын ойлаған білікті ұлдары, қазақтың зиялылары бас қосты.   Жоғары дәрежелі білім алған, Орынбор, Омбы, Семей, Алматы, Ташкент, Уфа, Қазан, Мәскеу, Петербор сияқты қалалар тәрбиесін көрген, өз заманының көзі ашық зиялылары тәуелсіз мемлекет құру,  халқын орыс езгісінен азат ету, жердің байлығына иелік жасап, өз елінде өзі қожайын болатын уақытқа асықты.

  Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш қайраткерлерінің, ұлт тағдырын өз тағдырынан биік қойған арыстарымыздың қазақ тарихында алар орны ерекше.

  Абай – Алаш – Тәуелсіздік! Санаға сіңген бұл асыл сөздер бір-бірінен ажырағысыз, қасиетті ұғымға айналды. Ел тірегі қашанда оның рухы болды. ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басында Абайдың өлеңдер жинағы жарық көрмей тұрған кездің өзінде өлеңдері ауызша таралып, атағы бүкіл сайын далаға белгілі болды.

  Алаш қайраткерлерінің басым көпшілігі өздерінің ақыл-ой қызметінде, қазақтың ұлттық мемлекетін құру жөніндегі нақты істерінде Абайдың мұрасына, оның ақындық қана емес, философиялық ойларына да саналы түрде сүйенді. Абай сөзі, Абай тағылымы қазақ зиялыларына өздерінің пір тұтар ұстаздары, нәр алған рухани бастау бұлақтары болды деген артық айтқандық емес.  Бүкіл қыр елі ақынның ғылым-білімге құштарлығын өз бойларына сіңірді.

  Сол кезде қазақтың көзі ашық зиялы азаматы Ә.Бөкейханов Абайдың көзі тірісінде, нақтылы айтсақ 1903 жылы ұлы ақынды орыс оқырманына тұңғыш таныстырады. Ал, ақын дүниеден өткеннен кейін, өлеңдерін жинақ қылып бастыру ісінің бас-қасында Ә.Бөкейхановтың болғаны белгілі.

«Кәкітай» атты мақаласында «1904 жылы Абай марқұмның өлеңін кітап қылып басыңдар деп балаларына хат жаздым» дейді. Яғни сол заманда-ақ Абай ұрпақтарымен байланыста болғаны, үлкен мақсатта бірлесіп тізе қосқандары аңғарылады. Осыдан-ақ, ұлы Абайдың 1909 жылы Петербургте басылып шыққан тұңғыш өлеңдер жинағының қалай өмірге келгені жайлы ақиқат ашыла түсетіндей. Бірақ саясат салдарынан Әлихан мен Турағұлдың есімдері айтылмай келгені де шындық.

 Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев сынды жанкешті ұлтжанды ақындар халықтың жағдайы, күнделікті өмірдегі қазақ ұлтының бодандық құрсауында өтіп жатқан тағдырына алаңдап, мең-зең ұйқыда жатқан халықты оятып, азаттыққа шақырды.

Осыдан-ақ Абай өсиеті туған халқы үшін өркениеттің өріне жүргізетін маңдай түзер темірқазығы болғанын тануға болады. Абай мұрасы ұлттық сананы мейлінше кемелдендіріп, өзгелерден кейін қалмау жолындағы күреске жігерлендірді.

  Ә.Бөкейханов 1910 жылы жарияланған «Қазақтар» атты мақаласында: «Саяси партиялар әлі пайда бола қойған жоқ... Жақын болашақта қазақтар арасында қалыптасып келе жатқан екі саяси бағытқа сай, екі саяси партия құрылуы мүмкін» - деп ұлттық мемлекетті көксеген қазақтың саяси партиясын құру қажеттігі туралы пікірін білдіреді.

  Алаш қозғалысы мен Алаш партиясының негізін қалаған, Алашорда өкіметі қызметін жандандырған қазақ зиялылары қауымын бүгін ерекше тебіреніспен еске аламыз. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов,   М.Дулатов,  М.Шоқай, М.Тынышбаев, Халел және жаһанша Досмұхамедовтер, Х.Ғаббасов, Ж.Ақпаев, Р.Мәрсеков, Ә.Ермеков, М.Әуезовтер қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойындарына алды.

  1917 жылдың 5-13 желтоқсанындағы Орынборда өткен екінші жалпықазақ съезі қаулысында: «Ұлттық жерлі Автономия болсын; қазақ-қырғыз автономиясы «Алаш» деп аталсын, Алаш автономиясының жер үстіндегі түгі, суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын; Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен уақытша Ұлттық Кеңес құрылсын. Мұның аты Алашорда болсын, Алашорданың уақытша тұратын орыны — Семей қаласы болсын», - делінді. Осылайша ұлт бостандығы мәселесі күн тәртібіне батыл қойылды.

  1917 жылдан  Семей қаласы ресми түрде Алаштың астанасына айналды. Алаш азаматтарының жанынан табылған, өзі болмаса да, көзіндей болған Абай шәкірттері Шәкәрім, Көкбай, Турағұл қоғамдағы өзгерістер тұсында саяси жағдайларға да үн қосты, игі мақсаттарына жетулеріне  бірлесе атсалысты. Тығыз байланыста болып, олардың еліне қамқорлығын қолдаумен бірге, қызметімен, қаламгерлік қуатымен де аянбай атсалысады.Тарих қойнауынан сыр шерткен Алаш азаматтары мен Абай шәкірттерінің фотосуреттері – соның бір айғағы.

  Шәкәрім өзінің «Мұтылғанның тағдыры» атты ғұмырбаяндық дастанында:

Оқыған жастың етегін,

Қабыл алдым жетегін,

Босқа жатып нетемін,

Бостандық туын көрген соң, -

деп алашордашыларды қолдағанын жырға қосады.

  Абайды қастер тұтқан барша қазақ,  рухани шәкірті, ізбасар інісі Шәкәрімді «екінші Абай» деп таныды, Абайдан кейінгі үлгі алар ұстаз деп құрмет тұтты.

Көрнекті ақын С.Торайғыровтың:

Бұл қазақтан мақсұты биік-алыс,

Тап басатын сөзіне құлақ салыс.

«Қазақ» деп жекелеме, «адамзат» де

Ол кісінің пікірімен болсаң таныс.

 

Демеңіз тымақ киген бір жай қазақ,

Киген киім, жүрісі, түріне қарап.

Надандар оны өлшейтін өлшеуің жоқ

Аулақ жүр, біле алмайсың жай шамалап! –

деп жырлауынан қазақ зиялыларының Шәкәрімге Алаш қозғалысының рухани көсемі ретінде сенім артқандарын көруге болады.

  Ақын халықтың жадын ояту жолында жазған мақалаларын «Айқап», «Сарыарқа», «Қазақ тілі» сияқты газет-журналдарда мақалаларын жариялап  «Жәрдем» баспаханасында шығармаларын бастыртады. «Қазағым», «Қазақ», «Тағы сорлы қазақ», «Партия адамдары», «Бостандық туы жарқырап», «Бостандық таңы атты» деген өлеңдерінде   отаршылдықтың қасіретін көрсетеді.

  1917 жылдың күзінен Шәкәрім саяси оқиғаларға белсене араласады. Алаш қозғалысының,  кейін Алаш үкіметінің мүшесі болды. Өз замандастары Көкбай Жанатайұлы, Иманбазар Қазанғаповтармен бірге ІІ-ші жалпықазақ съезіне Шәкәрім айрықша арналып шақырылады. 1918 жылы Алашорда басшыларының шақыртуымен Семей қаласына келіп, Алаш соты ретінде билік айтқан. Алаш азаматтарының Шәкәрімді Алаш үкіметі құрамына қызметіне шақыруы кездейсоқтық болмағаны анық.  Сол уақытта  Шәкәрімдей әділ адам жоқтың қасы, халық алдындағы беделі жағынан да абыройлы адамның бірі  болып, «әділ би» атағы ел-елге жайылып үлгерген. Ұлы Ахат естелігінде әкесімен теңдес адамдардың көпшілігі Шәкәрімдей адал ешкім болған жоқ десетін деп жазады.

  1919-1920 жылдары Шәкәрім Семей уезінің Шыңғыс болысы бойынша халық соты болып қызмет атқарады.

  Абайдың айнымас досы әрі дарынды шәкірті Көкбай Жанатайұлы ұлт азаттық қозғалысы тұсында Әлихан Бөкейханұлы бастаған Алаш азаматтарының игі істерін қолдайды, олармен  жақсы араласады.  Орынборда шыға бастаған «Қазақ» газетінде жарияланған мақалаларды, қазақ халқын саяси әрі рухани оянуға шақырған іс-әрекеттерін қолдап отырады.

  1917 жылы  2-ші сайлау округінен Семей уездік Земтсвосы депутат болып сайланады. Өзін-өзі басқару мекемесі – Земство қолында билік, сот, қаржы, халыққа жан-жақты қамқорлық көрсету сияқты әлеуметтік-экономикалық басқару тізгіні болды.

  ХХ ғасырдың басында Абай сөзін өнеге тұтқан қыр елі оның ғылым-білімге шақырған өсиетіне үн қосты. Жетісу өңірінде, Торғай облысында мектептер ашыла бастайды. Абай бұлағынан сусындаған Көкбай Жанатайұлы ұстазының ақыл-кеңесімен 1901 жылы  Тақыр өзенінің бойындағы қорасының қасынан медресе салып, бала оқытуға кіріседі.

  Абайдың бел баласы әрі шәкірті Турағұлға келсек, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, А.Байтұрсынов сияқты кесек тұлғалармен тікелей қарым-қатынаста болып, солар бастаған азаттық ұранына атсалысқан қайраткер екенін дәлелдейтін «Қазақ» газетінің 1917 жылғы №223 санында Ә.Бөкейхановтың Минскіден жіберген телеграммасы куә. Онда былай делінген: «Минск. 15-наурыз. Төмендегі телеграмды жібердік. Черняевтағы Тынышбаевқа, Қарқаралыдағы Жақыпқа, Семейдегі Мәрсековқа, Турағұл Құнанбаевқа. Жаңа құрылған үкіметті сүйеу үшін қазаққа ұйымдасу керек. Біз қалайтын патшаның түрі – демократиялық республика, яғни мал өсіріп, егін салып, жерге ие боларлық түрі. Құдайдан басқа ешкімнен қорықпаңдар. Түзулікпен іс етіңдер, өзіміздің майдандағы жұмысшыларымызға болысыңдар. Халықтың көңілін білдіріңдер».

  Бұл деректер Турағұлды Алаштың қайраткері екенін дәлелдейді. Әрхам Ысқақов естелігіне тоқтасақ: «Турағұл Алашорда өкіметін қолдап, құрамында жүріп, 1918 жылы Семей қаласындағы земуправ гласный қызметін атқарады. 1922 жылы Әлихан, Міржақып тұтқындалған уақытта Тұраш та төрт айдай түрменің «дәмін» татып шығады», - делінген.

  Осы жылдары Турағұлдың Ә.Ермеков сияқты қазақтың оқыған зиялылары мен Усов сияқты орыс ғалымдарымен тығыз байланыста болғанын аңғарамыз.

  Кеңес өкіметі тұсында қазақ жерін зерттеп келген Усовқа ерекше үй тігіп, күтім жасап, қамқоршы болып оны қайтадан қалаға әкеп сап жүруі – Турағұлдың қоғамдық қызметімен бірге азаматтық кескінін  де танытады.

  1917 жылы Семейде алғаш Алаш партиясының облыстық комитеті құрылғанда оған мүшелікке сайланады. Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасовтармен бірге Семей облысының уездері мен ауылдарында Алаш партиясының бастауыш ұйымдарын, Алаш атты әскерін құрысуға, сондай-ақ жалпықазақ съездерінің жұмысына қызу атсалысады.

  Тағы да Ә.Бөкейхановтың мақаласына сүйенсек. Абай ұрпақтарымен тығыз қарым-қатынаста болған жайында өз мақаласында: «1908 жылы Семей келдім. Мен Семейде абақты борышымды күтіп жүргенде Турағұл, Кәкітай, Шәкәрім әдей қалаға келіп, тағы да біраз күн көңіл көтеріп, шат болған едік. Мен абақтыда жатқанымда келіп амандасқан да осылар болды. Бұған өзге қазақ жарамады-ау» деп налыдым» -дейді.

  Яғни, Абай шәкірттерінің қызмет аясы тек шығармашылықпен шектелмей, Алаш автономиясының төрағасы Ә.Бөкейхановпен бірге саясат жолына түсіп, жалпықазақтық саяси науқанға, әлеуметтік істерге араласқанын көреміз.

  1918 жылы Абай  атымен журнал шыға бастағаны да тегін болмағаны анық. Оны сол кездегі Алашорданың жас буын өкілдері – М.Әуезов пен Ж.Аймауытов басқарып шығарады. 1925 жылға дейінгі өмірі Семейде өткен М.Әуезов жазушы болумен қатар, қоғам қайраткері, саяси күрескер де болуға тура келді. Алаш қайраткерлері бұл құрыққа түскен кезде олармен бірге М.Әуезов те қуғын-сүргінге ұшырады.

  1920-1930 жылдардағы кеңестік реформалар, 1937, 1950-жылдардағы репрессиялар өзінің қаскүнем рахымсыздығымен тарихта теңдесі жоқ нәубет болды. Қазақ жақсысын қырып жойып, қалғанын жер аударып, құлдыққа салып келді. Осы кезде «ұлтшыл» деген ат, айып тағылып, бүкіл халық санасына үрей сіңе бастады.

  Тәуелсіздіктің тарихтағы орны да, маңызы да бөлек. Алаш үкіметі аз уақыт өмір сүріп құлатылғанымен, ол үкіметтің құрушылары қатаң жазаланып, түгелімен репрессия құрбандарына айналғанымен, Алаш идеясы өлген жоқ. Алаш жұртының бодандық қамыты сыпырылып, азатықтың аспанында тәуелсіздік туынының желбірейтін сәтін күтті.  Ондай тарихи сәт, азаттықтың ақ таңын атырған күн 1986 жылдың 16 желтоқсаны болды. Бұл – ұлт-азаттық көтерілістің ең соңғысы, тоталитарлық жүйенің темір құрсауын талқандау мақсатындағы қазақ жастарының қозғалысы. Осынау ұлттық бұлқыныстың соңғы нүктесі болып қазақ елінің шежіресінде Желтоқсан оқиғасы тарихта қалды.

  Кешегі кеңестік жүйе халық жауы атандырған арыстарымыз тәуелсіздіктің арқасында есімдері жаңғырып, біртіндеп ақталды. Ата-бабаларымыз аңсап, Алаш арыстары осы жолда бастарын оққа байлаған ел тәуелсіздігі, әлем мойындаған елге айналуы – бүгінгі қол жеткізген олжамыз.

  Еліміздің көк байрағы астында тәуелсіздігіміз баянды болғай!

 

Сұлтан-Хан АҚҚҰЛЫ, 

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ

 «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры.

 

АЛАШ ИДЕЯСЫ: ОТАРШЫЛ РЕСЕЙДЕН ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНҒА ДЕЙІН

  Алты Алаш көсемі Әлихан ұлттық тәуелсіздік алуды сонау 1917 жылы-ақ нақты жоспарлап, Алаш-қазақ елін 20-25 жылда әлемнің жетекші елінің біріне айналдыру мақсатын көздеді. Жалпы «Алаш» идеясын Жапонияны 21 жылда артта қалған аграрлық елден әлемнің ең қуатты мемлекетіне айналдырған Мэйдзи бағдарламасының қазақша баламасы болатын. Әлихан жапондармен қатар Батыс Еуропа елдерінің тәжірибесін өз еліне қаз қалпында орнатпай, халқының өзіндік мәдениеті мен салт-дәстүрінің негізін сақтап «мәдени ренессанс» жасады.

  «Тірі болсақ, алдымыз үлкен той, - деп қазақтың таяу арада ұлттық тәуелсіздік алатынына зор сеніммен жазды Әлихан 1917 жылдың тамызындағы «Қазақ депутаттары» айдарлы мақаласында, - Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар. Бізді бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, алаштың баласы бақыт жолына түсті. Кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс бере жүретін алдымызда зор шарттар бар. Осыны аңғар, жұртым қазақ!»1

  ХХ ғасырдың 1905-1917 жылдарында Әлихан қазақты «Алаш» идеясы мен туының астына жинап, біртұтас алаш-қазақ ұлтын қалыптастырды, қазіргі қазақ ұлтының атасы болды деген пікірлер асыра айтылмаса керек-ті. Мысалға, көрнекті Алаш қайраткері Қошке Кемеңгерұлы 1924 жылы Мәскеуде жарық көрген «Қазақ тарихынан» атты очеркінде мынадай пікір жазды: «Үкiметтiң қара қуғын жасаған күндерiнде айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшiн басын құрбан қылған ат төбелiндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан. Әлиханның қазақ еліне істеген тарихи қызметі: әдеби тіл тууына себеп болды, өзіне ерген топты діни фанатизмге қарсы тәрбиеледі. Бұдан барып татардан іргесін аулақ салған қазақ ұлты туды».2                                

  Студент кезінде марксизм идеясымен әуестеніп терең меңгерген Әлихан қазақтың жер-суын, тұрмыс-тіршілігін, шаруашылығын зерттеп, төрт түлік малын есепке алған 1896-1901 жылдар аралығындағы «Щербина экспедициясы»3 мен Сібір темір жолы бойындағы қазақтың мал шаруашылығын, қазақтың ірі қара малы мен қой тұқымдарын және санын зерттеген 1902-1903 жылдарғы «Швецов экспедициясының»4 жұмысына қызу атсалысты. Осы ғылыми жұмыстарынан кейін Әлихан қазақ қоғамын төл мәдениетінің ерекшелігі, әлеуметтік құрамы жағынан да, шаруашылығы тұрғысынан да тап-тапқа -  еңбекші және капиталист-буржуаға бөлу тұрмақ, шаруа және феодал, яғни езуші және езілуші таптар деп жіктеуге болмайтынына көз жеткізіп, марксизммен біржола қош айтысты. 1910 жылы С.-Петерборда басылып шыққан «Қазақтар» очеркінде атап көрсеткендей, өзі тәрбиелеп өсірген «Алаш» зиялыларын бастап Әлихан қазақ елін Батыс Еуропа өркениеті деңгейіне жеткізуді түпкілікті мақсат етіп алды.5 Осы мақсатқа ол мәдениеті мен әлеуметтік-экономикалық болмысы жағынан қазаққа бір табан жақын жапондардың әйгілі «Мэйдзи төңкерісі» тәжірибесін ден қоя зерттеді.6

  «Мэйдзи төңкерісі» немесе «Мэйдзи жаңғыруы» деп Жапонияны артта қалған аграрлық елден 21 жылдың ішінде әлемнің жетекші мемлекетінің біріне айналдырған 1868-1889 жылдар аралығында іске асырылған саяси, әскери және әлеуметтік-экономикалық реформалардың жиынтығын айтады. «Мэйдзи» саясатының нәтижесінде қазіргі жапон ұлттық мемлекеті мен бірегей жапон ұлты қалыптасты. Сегундар үстемдік еткен мемлекеттік биліктің самурай жүйесінен тікелей император мен ол жасақтаған үкімет басқаратын жүйеге көшті. «Мэйдзи жаңғыруы» іске асырылған жылдары жапондардың дәстүрлі тұрмыс-тіршілігі түбегейлі бұзылып, елде жедел түрде батыс өркениетінің жетістіктері енгізілді. Тұрақты армия құрылып, қару-жарақ пен соғыс техникасының, соғыс тактикасының ең үздік үлгілерімен қаруланды. Терең реформалар жапон қоғамының әлеуметтік, жер, қаржы-салық, ағарту-білім беру салаларын да қалдырмай қамтылып, ұлттық экономиканы дамытудың ең үздік технологияларға негізделген өнеркәсіптік жолына түсті.

  «Мэйдзи төңкерісінің» тарихын зерттегенде Әлихан туған еліне жапон тәжірибесін айнытпай қолдануды жоспарлаған жоқ, ол мүмкін де емес еді. Оның көзқарасынша, біріншіден, Жапондар 1868 жылға дейін қазақ елі сияқты артта қалған аграрлық ел болса да, тәуелсіз дербес мемлекет болды да, жоспарлаған түбегейлі реформаларын сыртқы күштердің ықпалынсыз, араласуынсыз жүзеге асыра алды. Қазақ елі болса – 1847 жылы Кенесары хан қайғылы қазаға ұшыраған соң Қазақ хандығы біржорла ыдырап, Ресей империясының езгісінде душар болған еді. Сол себепті Әлихан «Алаш» қозғалысының стратегиялық мақсаттарының бір бөлігін ұлттық автономия құрмай тұрып-ақ, патшалық Ресей тұсында орыс оппозициясының көмегімен жүзеге асыруды көздеді. Ұлт-азаттық қозғалыстың страгетиялық мақсаттарының дені 1905 жылғы «Қарқаралы петиясында» көрініс тапты. Әлиханның 1905 жылы Ресейдегі ең ірі әрі ықпалды Конституциялық-демократиялық партиясына, І және ІІ Мемлекеттік думалар күшпен таратылып, 1905-1907 жылдар төңкерісі жеңіліс тапқан соң, оппозициялық күштерді біріктіріп, самодержавиені құлатуға жұмылдыру мақсатында құрылған аса құпия масон ұйымына кіруінің басты сыры да осында болатын. «Алаш» стратегиясына сәйкес, прогресшіл орыс партиялары мен масон ұйымының күштерімен самодержавиені құлатқан 1917 жылғы Ақпан төңкерісінің ізінше Әлихан кадет партиясымен де, масон ложасымен де қоштасып, «Алаш» партиясын құрды.

  Әйтсе де Әлихан Ақпан төңкерісіне дейін өзінің жақын үзеңгілестерімен мәдениет, оқу-ағарту саласындағы реформаларын бастап, жартылай іске асырып та үлгерді. «Қиаметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ, - деп үзілді-кесілді мәлімдеді Әлихан Түрік баласы деген лақап есімімен «Қазақ» газетінің 1913 жылғы алғашқы сандарында жариялаған «Қазақ тарихы»  атты мақаласында, - Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай, және өзіміздің шарқ әдетіне ыңғайлы қылып «Қазақ мәдениеті» (Казакская культура) құрып, бір жағынан «Қазақ әдебиеті» (Казакская литература) тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы».7

  Оған қоса Алаш көсемі 1904 жылдан бастап туған еліне жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі – земствоны енгізу үшін күресті. 1906 жылы І Мемлекеттік думаға сайланғанда Әлихан земство енгізу, қазақ иеленіп отырған жерді қазақтың қауымдық меншігіне беру, қазақты әскери қызметке тарту, іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу, қазақ мектеп-медреселерінде ана тілінде оқыту туралы бірқатар заң жобасын дайындап қойған еді. Оның земство енгізбек ойының астарында – біріншіден, ата-баба жерін земствоның қарауына беріп, келімсектердің ағынын тежеу болса, екіншіден – қазақ мемлекетінің құрылысын оның берік негізін (фундаментін) қалалудан, яғни жергілікті инфрақұрылымның негізін қалап дамытудан бастауды көздеді. «Земство, - деп жазды Қыр баласы Алаш автономиясын жариялаудың дәл қарсаңында, – жұрт өзі сайлап қоятын мәжіліс мекеме. Жұрттың көзі, жанашыры, күзетшісі, қамқоры, қорғаушысы. Тұрмыс-тіршілікте земство билемейтін іс болмайды... Земство қойма-склад жасап, жұртқа арзанға егін оратын, пішен шабатын сайман алып береді... Осы күнде мұхитқа шатыр болатын, темір сататын земство союзы бар. Земство қолында сот болады. Судияны земство сайлап қояды. Милицияны земство жалдап қояды. Земство жол түзейді, көпір салады, арық қаздырады, су алған пішендікті құрғатады. Земство егінді, малды страхование қылады. Жұрттың өз тізгіні өзіне келді деген міне осы».8

  Ал «Алаш» партиясының жарғысында жер мен земство турасында былай делінеді: «Жер законында жер сату деген болмау, әркім өзі пайдалану. Пайдасынан артық жер сатылмай, земствоға алыну. Жердің кені, астығы, байлығы қазынанікі болып, билігі земство қолында болу».9

  Үшіншіден, Әлихан земствоны – қазіргі заман қазақтың мемлекеттік қайраткерлерін тәрбиелеу мектебі деп қарастырды. Ресейдің ХХ ғасыр басындағы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің дені земстволардан өсіп шыққан еді.

  Қазақты әскери қызметтен босатқан орыс патшасының 1834 жылғы грамотасын (заңдық күші бар) бұзу арқылы өз халқына әскери борыш өтеу міндетін жүктемек болған Әлихан – атты казактардың үлгісімен қазақтардан өзінің әскери басшылығына қарайтын атты әскер құруды, осылайша – қазақтың тұрақты ұлттық армиясының негізін қалауды көздеді. Оны Әлиханның, Ахмет, Міржақып және тағы басқалардың 1913, 1915-1916 жылдары «Қазақ» газетінде жүргізген пікірталасынан байқаймыз. «Үкімет бізді тым-тырыс отырысқанда, жаяу салдат қылатын көрінеді, - деп атап көрсетті Қыр баласы 1916 жылы «Қазақ» газетінде, - Жұрт мұны ыңғайлы көрсе, босқа арамтер болмай, тыныш шаруасында жүре бергені жөн. Казак боламын десе, айтысқаны жөн. Менің білгенім, қазақ әскерге алына қалса, біздің жұрт казак кебін киюі мақұл. Казак законда право жолында мұжықтан ілгері, бұған себеп болған тарих жолы: мұжық құл болған, казак бостандық, құрдастық жолында болған, анық қызметті 12 жыл қыламыз деп, казак жер жағынан мұжықтан ілгері, ерке. Бізге мұны бермес, берсе ұтылмаспыз».10 

  Рисунок3Казак атаманы Анненковтың атты дивизиясы құрамында болған Алаш полкі жауынгерлерінің иығына және жеңіне таққан белгілері (погондары мен шеврондары).

  Қазақтың атты әскерін оқыту-жаттықтыру үшін Алты Алаш көсемі, мысалға, Орынбор, Жетісу немесе Орал казактары әскерлерінің көмегін пайдалануды да теріс көрмеді. Ол ол ма! Әлихан казактардың шыққан тегі жағынан орыстарға емес, қазаққа бір табан жақын екенін ескеріп, бірақ Ресей империясының қазақ даласын отарлау саясатында негізгі тірегі әрі сойылы болған казактармен одақтасу мүмкіндігін қарастырды. Міне бұл қазақ ұлттық көсемінің алды-артын болжай білетін, қажет болғанда ымыраға келуге әзір, көздеген түпкілікті мақсатына жетудің кез-келген жолын қарастыратын прагмат, көреген мемлекет қайраткері екенін аңғартса керек. Оған тағы бірден-бір дәлел ретінде Әлиханның Уақытшы үкіметтің Торғай облысындағы комиссары болған кезде Орынбор казак әскерінің юнкерлер училищесі бастығңына жазған мына хатын келтіруге болады. Бұл хаттың тарихи құндылығы – ол Алаш автономиясы жарияланбаған 1917 жылдың қарашасында жазылған. «Біз, қазақтар (түпнұсқада «қырғыздар». - С.А.), - деп бастайды өз хатын Әлихан Бөкейхан, - шұғыл түрде халық милициясын құрамыз деп шештік. Біз қазақ жастарынан ерікті нұсқаушылар (инструктор) дайындауымыз керек. Сіздің юнкерлер училищеңізге толығымен қазақтардың есебінен қамтамасыз етілетін қазақ жастарын қабылдау мәселесін өзіңізбен талқылау үшін сізден маған уақыт белгілуіңізді өтінемін. Торғай облыстық комиссары Ә. Бөкейхан».11

  Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы комиссары Ә.Н. Бөкейханның қазақ жастарынан офицерлер әзірлеуРисунок2 туралы юнкерлер мектебінің бастығына жазған хаты (ҚР ОММ, 17 қор, 1 тізбек, 17 іс, 203, 203 артқы парақтар).

  Алайда, тарихтан мәлім, Қазақ өлкесіне земство патшаны құлатқан 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін енгізіле бастаса, ұлттық армия құру – Алаш автономиясын жариялаған соң ғана қолға алынды. Алаш автономиясының төрағасы (Алаш партиясының жарғысына сәйкес – президенті. – С.А.) әрі премьер-министрі міндетін қатар атқарып жүрген Әлихан 1918 жылдың жазында «Абай» журналында «Асыққанда істейтін ісіміздің ең алды – милиция жасау. Милиция жасау жолына білгендер білімін, малдылары малын, азаматтар жанын аяп қалмасқа керек... Біз өз тізгінімізді өзіміз алып, өз ұлтшылығын өзі сақтайтын жұрт болу үміті үстінде тұрмыз! Сол мақсатымызға жетуімізге де, жеткеннен кейін бекуімізге де милиция керек»12 - деп жазды. «Біздің әскер басы адамдарымыз да, - деп ескертті Алаш-Орда төрағасы тағы да сол «Абай» журналында, - өзімізден болуы керек. Болмаса, жаттың төрелерінен талайы желкені жейді, жазықсыз каталачканы [каталажка] көреді. Қазақтан оқыған әскер басшыларымыз болса, әскерді оқытып, өнеге етіп үйретіп көзін ашады. Қазақтың мінезін, салтын, тілін білмеген бастық жазадан басқаны білмейді». Әлиханның пікірінше, надан жауынгер жақсылық, жамандықты айырмайды. «Үйретпесе, тәртіп, үлгі алмаса, бет-бетімен жайылып, не түрлі бассыздық істейді. Орыстың қырық бөлек болып қырқысып жатқаны салдатының надандығынан»,13 - деп Әлихан халқы алдына сауатты да кәсіби ұлттық армия құру мақсатында қойды.

  Әлиханның «Мэйдзи жаңғыруы» тәжірибесін өз елінде өзгеріссіз қолданғысы келмеуінің тағы екі сыры бар-ды. Біріншісі, Алты Алаш көсемі қазақ пен жапон салт-дәстүр, мәдениеттерінің, ұстанған шаруашылықтарының өзіндік, қайталанбас ерекшеліктерін ескерді. Екіншісі - Жапония монархиялық билікті сақтап қалды. Ал Әлихан Бөкейхан саяси көзқарасы бойынша қазақтан шыққан тұңғыш шынайы демократ, либерал болатын. 1917 жылдың 13 желтоқсанында Әлихан өзімен бірге Алаш автономиясының төрағалығына ІІ Думаның депутаты Бақыткерей Құлманұлы мен заңгер Айдархан Тұрлыбайұлының дауысқа түскенін қалап, шынайы демократиялық сайлауда басым дауыспен жеңіске жеткені мәлім. Әлихан Бөкейханның бұл әрекетінен Қазақстанда демократиялық сайлау дәстүрінің негізін қалағысы келгені байқалады.

  «Алаш» партиясының жарғысына сәйкес, қазақтың 1917 жылдың 13 желтоқсанында азан шақырылып құрылған Алаш автономиясы өзі де – «үкімет басында «Учредительное собрание» мен «Государственная Дума» қалауынша кесімді жылға сайланатын президент болатын» парламенттік республика болып дүниеге келген-ді.14 «Автономия болған - - өз алдына мемлекет болған, - деп түсіндірді Әлихан өзінің «Қазақ» және «Сарыарқа» газеттерінде 1917 жылдың қазан айында басылған «Жалпы сібір сиезі» атты мақаласында, - Мемлекет болып іс атқару оңай емес». Ал «Алаш» партиясының жарғысында әрі қарай былай делінеді: «Президент халықты министрлер арқылы бағу, ол министрлер «Учредительное собрание» мен «Государственная Дума» алдында жауапты болу. Депутаттар тегіс, тең, төте һәм құпия сайлаумен болады. Сайлау хақында қан, дін, еркек-әйел талғаусыз болады».15

  Алаш автономиясының заманынан озық туған тағы бір ерекшелігі – ол дін істері мемлекеттен бөлінген зайырлы, біртұтас (унитарлық) демократиялық мемлекет болды. Дінді мемлекет істерінен бөлгенде Әлихан мемлекеттің де гүлденуін, діннің де аяқасты болмауын мақсатын етті. «Франсұз, орыс һәм өзге жұрттың тарихынан көрінеді, - деп атап көрсетті Әлихан «Мен кадет партиясынан неге шықтым?» атты шағын мақаласында, - молла үкіметтен ақша алса, сатылып кетеді, рухани іс аяқ асты болады. Жалование алған моллалар үкіметке жетекшіл болып, еріп кетеді. Біздің қазақ-қырғыз дін ісін көркейтетін болса, үкімет ісінен бөліп қойған оң болады. Орысша оны «отделение церкви от государства» дейді. Кадет партиясы менің бұл пікіріме өзгеше қарайды».16

  Алаш көсемі жерді меке-меншікке беруге үзілді-кесілді қарсы болды да, қауымдастық меншікке берілуін қолдады. Оның сырын аталған шағын мақаласында былай деп түсіндірді: «Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұрдша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келеді!»17

  Әлихан Бөкейхан Алашты автономия деп жариялағанымен, қазақтың таяу болашақта толық тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет болатынына күмән келтірмеді. Оны «Жалпы Сібір сиезі» мақаласындағы мына жолдарынан көреміз: «Қазақ ұлты... Сібір автономиясына уақытша қосылады. Өздері, біз енді бөлініп, өз алдымызға автономия боламыз деген күні босанып, автономия болады деп. Биыл жаздай болған комитет сайлаулары, біздің қазақ өзін-өзі билегенде істеген істері көрсетіп тұр: іс атқаратын азаматтың аздығын, жалпы жұрттың қараңғылығын біз ойладық, әуелі Сібірге сүйеніп, тасымалдап, жалғасып, көшіп кетелік; жіп жалғап, зор мемлекет көрнеуінен құтылып-ап, отау болып соңынан бөлінелік деп».18

  Бұл жерде Алаш көсемінің «зор мемлекет» деп отаршыл Ресей империясын айтып отырғаны түсінікті болса керек. Әлихан қазақтың Ресейден бөліну мүмкіндігін айтпағанда, тіпті оның құрамында ұлттық автономия алуына да енді тіпті орыс демократтарының қарсылығына тап болатынын жақсы сезді. Сол себепті ол «Алаш» партиясының жарғысына «реті келсе, Қазақ автономиясы сыбайлас жұрттармен (яғни, башқұрт, татар, қырғыз) әзірге бірлесе болуы, реті келмесе – бірден-ақ өз алдына жеке болуын»19 деген жолдарды кіргізді. 1937 жылдың 6 тамызында Мәскеудің Бутырка түрмесінде ОГПУ тергеушісіне берген жауабында ол былай деп атап көрсетті: «Біздің «Алаш» партиямыз басқа ұлттық партиялармен саяси блок құрды (Татарстан, Башқұрстан и және т.б.). Құрылтай жиналысынан орыстың буржуазиялық партияларымен уәжге келе отырып Ресей буржуазиялық-демократиялық мемлекетінің құрамында ұлттық облыстардың автономиясын бірігіп талап ету – осы бірігудің басты мақсаты болды».20

  Рисунок1Әлихан Бөкейхан – Алаш автономиясының Кеңес өкіметін мойындап, Қазақ кеңестік социалистіка автономиясы құрылған 1920 жылдың қазан айында.

  1917 жылғы Ақпан төңкерісінен соң құрылған Уақытша үкіметтің де, оны құлатып билікті басып алған большевиктік биліктің де бұрынғы отаршыл империя құрамындағы түркі мұсылман халықтарының бірігіп ортақ мемлекет құруынан қатты сескенгені жасырын емес. Міне осы жайтты жақсы білген Әлихан ОГПУ тергеушісі алдында ағынан жарыла қоймағанын ашық айту керек. Ашығына келгенде, Әлихан Ресей империясының отарлығында болған түркі-мұсылман халықтарының біртұтас мемлекетін құруды ұсынып, орыстың төңкерісшіл демократтарын шошытып алмас үшін оны «Ресейдің Шығыс мұсылмандары федерациясы» деп атауды ұсынады. Ол туралы 1917-1919 жылдарғы Башқұрт автономиясының төрағасы Ахмет Заки Валидов өзінің Түркияда жарық көрген естеліктерінде жазып қалдырды. Оның осы естеліктерінен туатын тағы бір маңызды қорытынды: 1917 жылдың қарашасында Қоқан қаласында құрылған, тарихтан «Қоқанд автономиясы» деген атаумен белгілі Түркістан мұхтарияты да Әлиханның тапсырмасымен құрылған болып шығады. «Қазақ халқының көрнекті қайраткерлері Ахмет Байтұрсын, Шыңғыс ханның ұрпағы, Бөкей ордасының аса құрметті өкілі, егде жасқа келген Шәңгерей Сұлтан Бөкейханов, Мұстафа Шоқаев, Жиһанша Досмұхамедов және басқалар қазанның соңы – қарашаның басында Торғай губернаторы Ғалихан Бөкейханның резиденциясына жиналды. Мен бірнеше мәжіліске қатыстым. 28 қазанда Ташкент қаласы да Кеңестердің қолына өтті, сол себепті Мұстафа Шоқаев Орынборда кідіре тұруға бел буды. Қазақ көсемдері маған башқұрт істерін уақытша қоя тұрып, Шоқаевпен бірге Ташкентке баруды ұсынды. Талдау 2 күн жалғасқан мәжілісте жүріп, негізінен біздің келешек тағдырымызды айқындап берді. Демократия идеясы мен Құрылтай жиналысына адал болып қаламыз, бәлшебектерді мойындамай, облыстық автономия саясатын ұстанған Украинаны үлгі етіп алатын болып шештік. Желтоқсан айының соңында (1917 жыл) бір мезгілде Орынборда қазақ және башқұрт құрылтайларын өткізу, Түркістанда да егемендік жолындағы күресті бастайтын болып келістік»,21 - деп мәлімдейді Заки Вәлиди Тоған.

  Әлихан жапондардың тәжірибесін үлгі ете отырып, қазақ елін қысқа уақыттың ішінде мәдениеті мен экономикасы өркендеген әлемдегі жетекші мемлекеттердің қатарына жеткізуді ойлады. Оның кәміл сенімінше, Қазақ елінің дүние жүзіндегі қуатты агро-өнеркәсіптік мемлекетке айналатындай зор әлеуеті бар. «Қазақ» газетіндегі мақаласында ол халқына отырықшылық тұрмысқа көшіп, қолынан келетін ең жақсы кәсібі - мал шаруашылығын өркендетуден бастауды ұсынады: «Еуропада Швейцария жұрты жері Түркістан, Алтай, Алатаудай ғұмырында қар кетпейтін биік тау, малға жақсы, егінге жаман, адамы отырықшы болып қалада отыр, шаруасы мал бағу. Жер аз болған соң малдың басын азайтып, сүйегін асыл қылып мал бағып тіршілік қылып отыр. Қадағын 80 тиын бір сом 20 тиын біздің орыстың қаласында сатылатын ірімшік осы Швейцария шығарған болады. Аустралия жері біздің қазақ жері сияқты шөл, топырағы жасық болған соң Англия жұрты қой бағып мал шаруасын қылып отыр. Аустралия қойының еті төрт ай мұхитта кемемен жүріп келіп Петербор базарында сатылады. Малы көшіп жүр, адамы қала болып отыр».22           

  Қазақтың жері, - деп мәлімдеді Әлихан келесі бір мақаласында, - малдың кіндігі. Кулешов деген орыс ғалымының пікіріне сүйене отырып, ол қазақ қойының етіндей нәрлі ет жер бетінде жоқ.23 Алайда, деп өкініш білдіреді Әлихан, кең байтақ жері мен төрт түлік малының қадірін білмей келеді: «Бізде сиыр еті 10 пұт 21 қадақ, Германияда 17-18 пұт. Міне, мәдениет бойы биік-аласасы көрініп тұр. Көп жерде отырып мал да асырай алмады деген осы болады. Қазақта мың адамға 1750 сиыр келеді. Бұл орыстағы мың адамға келетін сиырдан  5,5 есе, Еуропадағы мың орысқа келетін сиырдан 28 есе артық. Қазақ жүрген барлық 240 миллион [десетине] жерді, мұның ішінде мұжық алған жер де бар, миллион қазаққа бөлсең, үй басы 240 десетине болады. Бұл жер мұжық сыбағасы 15-тен 16 есе көп. Жеріміз 16 есе артық, сиырымыз 28 есе артық. Мұның бізден мал басынан асырғаны қайсы?»24

      Алаш көсемі қазақты егін, мал шаруашылығын жедел дамыту үшін кооперативке бірігуі шақырды. Оған үлгі ретінде Әлихан тағы бір Еуропа елінің үздік тәжірибесін келтіреді. «Дания деген, - деп жазды ол 1924 жылы «Ақ жол» газетінде шыққан мақаласында, - Еуропадағы кішкене мемлекеттердің бірі. Данияның жері 49 мың 83 шаршы километр. Адамы 2,5 миллион. Жері біздің қазақтың бір оязының жерінен аз, адамы - орташа екі облыстың еліндей...

      Данияда жалпы жұрттың күнелткені – егін салу мен мал бағу... Жалпы елдің білімі молдығынан, кәператипке сүйеніп істегендігінен байлық Дания еліне күйедей жаққан. 1899-ыншы жылдың басында Данияда 1 мың 273 кәператибі бар екен. 1 кәператипке 500 бұзаулы сиыр келген. Бұ кәператиптердің сарымай, ірімшік істейтін 4-тен 20 мың сомға дейін тұрарлық заттары бар. Кәператип болмаса, мұндай зор іс 2-3 сиырлы шаруа қолынан келе ме? - «Көп түкірсе – көл болады».

      Біздің Ресей мұжығынан Дания мұжығы 19,5 есе бай. Біздің Ресей мұжығы олақ егінші, Дания мұжығы шебер малшы келеді... Біздің қазаққа қазіргі кезде баласын оқытатын мектеп, жерін гүлдететін су, елге қызмет қылатын... май алатын, жүн жуатын, тері илейтін, ет сататын, мал өсіретін, егін салатын кәператип керек».25

      Әлихан ұлттық экономиканың ауыр өнеркәсіп саласын тұрғызып дамыту қазақ елінде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі – земствоны енгізу қажет деп санады: «Соқасыз, шалғысыз, машинасыз қазақ болмайды. Көп земство қосылып, күрмеліп, союз болып завод ашпақ. Керек-жарақты осы заводта істетпек».26

      «Гәп егін салғанда, мал баққанда ғана емес: егін сал, мал бақ, кен қаз, бірақ – шебер бол!»27- деп үндеді Әлихан Бөкейхан соңына ерген Алты Алаш халқын.

 

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Қыр баласы. Қазақ депутаттары.//«Қазақ», № 235, 04.07.1917 жыл. Орынбор.
  2. Қ.Кемеңгерұлы. Таңдамалы. //Алматы: Қазақстан. 1996 ж. Құрастырған және алғы сөзін жазған Д.Қамзабекұлы. стр. 67.
  3. Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и обработанные экспедицией по исследованию степныхъ областей. Омский уезд. Акмолинская область.  Т. 11. 552 стр. Омскъ. Типографія штаба Сибирскаго военнаго округа. 1902 г.; Материалы по киргизскому землепользованію, собранные и обработанные экспедиціей подъ руководствомъ Ф. А. Щербины въ Семипалатинской области, томъ 1903 г. Воронеж. – 644 стр.
  4. Букейханов А. Н. Овцеводство въ Степномъ крае.//Швецовъ, С.П.(ред.). Материалы по экономическому обследованію районовъ Сибирской железной дороги, томъ 1, выпуск № І, Животноводство. 1904 г. Томскъ, 1904 г.; Букейханов А. Н Скотоводство (Крупный рогатый скотъ).//Матеріалы по экономическому обследованію районовъ Сибирской железной дороги, томъ 1, выпускъ № ІІ, Животноводство. Товарищество «Печатня С. П. Яковлева», 1905 г. Томск.
  5. Букейхановъ, А. Н. Киргизы. //Костелянскій, А. Н. (ред.). Формы национальнаго движенія въ современныхъ государствахъ. стр. 577–600. 1910 г. СПб.
  6. Дейноров Э. История Японии. - М.: АСТ, 2011, С. 517-601, ISBN 978-5-17-073714-7.
  7. Түрік баласы. Қазақтың тарихы. ІІІ-бөлім. //«Қазақ» газ., № 5, 1913 ж. Орынбор.
  8. Қыр баласы. Земство. //«Қазақ» газ., № 236, 17.07.1917 ж. Орынбор.
  9. Бөкейханов Ғали хан, Байтұрсынұлы Ахмет... «Алаш» партиясының программасының жобасы. //«Қазақ» газ., № 251, 21.11.1917 жыл. Орынбор.
  10. Қыр баласы. Қазақ әскерге алыну мәселесі //«Қазақ» газеті. – № 178. – Оренбург, 24.04.1916.
  11. ҚР ОММ, 17 қор, 1 тізбек, 17 іс, 203, 203 (артқы беті) парақтар.
  12. Ә.Б. Асығу керек.//«Абай» журналы, № 7, 12.07.1918 жыл, жылан. Семей.
  13. [Бөкейхан Ә.] Қазіргі екі керек нәрсе. //«Абай» журналы, № 8, 01.08.1918 жыл, жылан. Семей.
  14. Бөкейханов Ғали хан, Байтұрсынұлы Ахмет... «Алаш» партиясының программасының жобасы. //«Қазақ» газ., № 251, 21.11.1917 жыл. Орынбор.
  15. Қыр баласы. Жалпы Сібір сиезі (Томскі қаласында өткен сиездің жұмысы туралы есеп).//«Қазақ» газ., № 251, 21.11.1917 жыл. Орынбор.
  16. Бөкейханов Әлихан. Мен кадет партиясынан неге шықтым? //«Қазақ» газ., № 256, 23.12.1917 жыл. Орынбор.
  17. Сонда.
  18. Сонда.
  19. Бөкейханов Ғали хан, Байтұрсынұлы Ахмет... «Алаш» партиясының программасының жобасы. //«Қазақ» газ., № 251, 21.11.1917 жыл. Орынбор.
  20. Следственное дело № 12-066 по обвинению Букейханова А.Н. – Центральный архив ФСБ РФ: Р-34862. Москва.
  21. Заки Валиди Тоган. Воспоминания. Борьба народов Туркестана и других восточных мусульман-тюрков за национальное бытие и сохранение культуры. Книга І. – Уфа: «Китап», 1994. – С. 214.
  22. Қыр баласы. Жауап хат (26-ншы нөмірде «Қазақ» Семей облысында Паулодар уезі Тереңкөл һәм Мұздыкөл болысының қазағының жер жайын басты). //«Қазақ» газ., № 28, 1913 ж. Орынбор.
  23. Қыр баласы. Жауап хат (басы өткен нөмірде: «Ендігісінің қолынан келетін, өзіне де жұртқа да пайдалы бір іс көрсетейік»). //«Қазақ» газ., № 123, 30.04.1915 ж. Самар қаласы.
  24. Қ. б. Г[осударственная]. Дума.//«Қазақ» газ., № 179, 30.04.1916 ж. Самар қаласы.
  25. Қыр баласы. Үлгі алыңдар! Данияда кәператип пен ел шаруасы.//«Ақ жол» газ., № 502, 1924 ж., 4-бет. Ташкент.
  26. Қыр баласы. Земство. //«Қазақ» газ., № 236, 17.07.1917 ж. Орынбор.
  27. Қыр баласы. Үлгі алыңдар! Данияда кәператип пен ел шаруасы.//«Ақ жол» газ., № 502, 1924 ж., 4-бет. Ташкент.

 

Мұратбек КЕНЕМОЛДИН,

ҚР Ақпарат саласының үздігі.

ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН ЖӘНЕ СІБІР БАСЫЛЫМДАРЫ

  Алаш ұлт-азаттық қозғалысының басшысы Әлихан Бөкейханның сан қырлы қоғамдық-саяси қызметіне қоса, оның  шығармашылық еңбегі де ерекше назар аударуды қажет етеді. Алаштанушы ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда, Әлихан Нұрмұхамедұлы 19 жасынан бастап газетке мақала жазып, қазақ қоғамындағы әлеуметтік-экономикалық түйткілді мәселелерді батыл көтере білген. Атап айтқанда, оның Омбы қаласындағы «Дала уалаяты» газетінің 1889 жылғы сандарында «Қарқаралы оязының молласының баяны», «Қарқаралы оязының қызметтегі қазақ адамдарының бір қылған ісі», «Хат редакцияға», «Қарқаралы оязының Тоқырауын болысы», «Қотанбұлақ», «Западны-Балқаш елдеріндегі егіннің жайы», «Тұрмыс жайында болған хабарлар», «Ықиятты болыс», «Бұрыннан қалған жақсы мұра», «Хат баспаханаға» атты жиыны онға жуық мақаласы басылып шыққан. Бір ерекше назар аударатын жай, дәл осы кезден бастап Әлихан Бөкейхан өз публицистикалық еңбектерін бүгінде баршамызға жақсы мәлім «Қыр баласы», «Сын степей», «А.Б.», «Ә.Н.», «Киргиз-степняк» деген тағы басқадай бүркеншік есімдермен [1]  жариялай бастаған.

  Әлихан Бөкейхан XX ғасыр басында «Иртышь», «Омичь», «Голос степи», «Семипалатинский листок», «Записки Семипалатинского подотдела Западно-Сибирского отдела Императорского Русского географического общества» тәрізді газет-журналдардың редакцияларымен тығыз шығармашылық байланыста болып, өзінің публистикалық мақалалары мен ғылыми зерттеулерін шығарып тұрған. Бұл туралы лингвист-ғалымдар Ф.А. Брокгауз бен И.А. Ефронның Жаңа энциклопедиялық сөздігінің сегізінші томында: «Букейханов Алихан Нурмухамедович – лесовод-статистик; род. в 1869 г., принадлежит к султанскому роду Букей (см. Букеевская орда), причисляющему себя к чингисидам. Букейханов учился сначала в медресе, потом в земском техническом училище и лесном институте, который окончил в 1894 г. Принимал участие в статистических работах по Тобольской губернии, затем был преподавателем Омской лесной школы. С 1897 г. по 1904 г. работал в экспедиции министерства земледелия по обследованию степных областей. Сотрудничал со многими сибирскими газетами и журналами. В 1906 году редактировал омские газеты «Иртышь», «Омичь» и «Голос степи», закрытые администрацией. Корреспондировал в столичные газеты прогрессивного направления. Участвовал в земском сьезде 1905 г. Арестованный в начале 1906 г., освобожден из Омской тюрьмы в мае, после избрания его в первую государственную думу от киргизов Семипалатинской области. Подписал Выборгское воззвание, за что и отбыл 3-месячное заключение в Семипалатинске», [2] - деген анықтама берілген.

  Әлихантанушы ғалым Сұлтанхан Жүсіпов өз зерттеулерінде дарынды публицист-қаламгер Әлихан Бөкейханның «Иртыш», «Омич», «Голос степи» газеттеріне редакторлық етуіне қатысты архивтік құжаттармен қатар сол уақыттағы «В мире мусульманства», «Русское богатство», «Русская мысль» секілді тағы басқадай көптеген Сібір басылымдарында жарық көрген шығармашылық еңбектері толықтай табылмай отырғанына қынжылыс білдіреді. Сондай-ақ, ол: «Ескере кететін тағы бір маңызды мәселе: публицистік қызметінің 1889 жылдан шамамен 1927 жылға дейінгі белсенді кезеңінде Ә.Н. Бөкейхан сан-алуан бүркеніш есімін пайдаланды. Олардың ішінде ең белгілі дегендері: «А.Б.», «Қыр баласы», «Сын степей», «V», «Туземец», «Түрік баласы», «Арыс ұлы», «Ал.кочевник». Көпшілікке белгісіз және әрине беймәлім есімдері олардан әлдеқайда көп. Жалпы, оның әзірге анықталған лақап аттарының саны 30-ға жуық», [3] - дейді.

  Шынында, Әлихан Бөкейхан бір ғана Санкт-Петербургтен шығатын «Сибирские вопросы» журналында 1908-1910 жылдары аралығында «А. Букейханов», «V», «Степной», «Статист», «Старый степняк» деген бүркеншік есімдермен отызға жуық мақаласын жариялады. Мысалы, ол «Қазақ» газетіндегі «Он төрт тоғыз бола ма?» мақаласында: «...мен абақтыда жатып қазақ жері туралы жазған мақалаларымды «Сибирские вопросы» деген орыс журналының мына нөмірлерінде: 16-17, 18, 21-22, 27-28, 33-34, 35-36, 37-38, 45-46, 47-48, 1908 жылғы, V-деп қол қойған. Орысша білетінің оқып қара», [4] – деп айтады.

  Әлихан Бөкейхан 1894 жылы Санкт-Петербургтен орман шаруашылығы институтын бітірген соң Тобыл губерниясында статистикалық жұмыстарға қатысты. Оның I және II Ресей Мемлекеттік Думасына Тобыл губерниясынан депутат болып сайланған Николай Скалозубовпен үлкен достыққа ұласқан алғашқы таныстығы осы кезден басталған еді. Жалпы Әлихан Бөкейхан 1897-1904 жылдары Швецов, Чермак, Щербина басқарған төрт бірдей ғылыми экспедиция құрамында жүріп қазақ жер пайдалануы мен қарашекпендердің қоныс аудару мәселелерімен айналысқан тәжірибелі экономист-статист ғалым ғана емес, орыс империясының отаршылдық саясатына қарсы күрескен ірі саяси қайраткер болып та қалыптасты. Мәселен, «патша әкімшілігінің тар қапасында, Семей түрмесінде отырып-ақ Ә.Н. Бөкейхан туған халқының құқы үшін күресін, оның ішінде төл жеріне деген құқы үшін күресін жалғастыра берді. «Сибирские вопросы» журналының 1908 жылдарғы сандарында жарық көрген үлкенді-кішілі мақалаларының көпшілігін автор дәл осы Семей түрмесінде отырып жазды» [5].

  Әлихан Бөкейхан кейінде «Қазақ» газетінің 1917 жылдың 23 желтоқсандағы №256 санында жариялаған «Мен кадет партиясынан неге шықтым?» деген мақаласында бұл солшыл партияның жер, ұлттық автономия, дін мәселелеріне мүлде қарсы екенін, сол себепті одан үзілді-кесілді бас тартатынын айтады. Қазақ елі мен жерінің бостандығы үшін ақтық демі таусылғанша күресіп өтті. Демек, ол туған халқына адалдығын қоғамдық-саяси қызметімен ғана емес, өзінің публицистік-журналистік еңбегімен де шынайы дәлелдеп беріп кетті.  

  Алайда, Әлихан Бөкейханның Сібір басылымдарындағы публицистикалық мақалаларына қатысты «ақтаңдақтардың құпиясы» әлі де толық ашылмай келеді. Оның бір себебі, «Иртышь», «Омичь», «Голос степи», «Семипалатинский листок», «Сибирские вопросы», «Сибирская жизнь» тәрізді тағы басқадай газет-журналдар сандарының бүгінгі күнге толықтай сақталып жетпеуінде болса, екінші себебі – Әлихан Бөкейхан мақалаларының бізге беймәлім бүркеншек есімдермен жариялануына байланысты болып отыр.

  Осы орайда Әлихан Бөкейханның «А. Букейханов» және «Старый степняк» деген бүркеншік есімдермен «Сибирские вопросы» журналының 1908 жылдың 16 наурызындағы №10 санында «Библиография» және 8 желтоқсандағы №45-46  сандарында «Будущая пустыня» атты бізге бұрын-соңды беймәлім мақалалары жарияланғаны туралы атап айту керек. Бұл екі мақала әлихантанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлұлының 1995 жылы Алматыдағы «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан шыққан «Әлихан Бөкейхан. Таңдамалылары» атты жинағына енбей қалған еді.

  Әлихан Бөкейхан «Библиография» мақаласында [6] өлкетанушы ғалым А.Н. Седельниковтың «Мерзлая почва в Каркаралинском уезде» атты зерттеу еңбегі туралы  құнды пікірлер айтады. Бұл арада оның А.Н. Седельниковпен бірге Шербина экспедициясы құрамында қазақ жер пайдалану мәселесін зерттеп, 1903 жылы Санкт-Петербургтен шыққан «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» деп аталатын көптомдық жинақтың 18 томында «Исторические судьбы Киргизского края и культурные его успехи» деп аталатын тарауды бірлесіп жазғанын ұмытпаған абзал.

  Ал оның келесі «Будущая пустыня» атты мақаласында [7] қазақ даласына қарашекпендердің қаптап келіп, мал жайылымдықтарын жыртып, жалпы Торғай өлкесін қуаңшылыққа ұшыратып тоздыра бастағаны, олардың жергілікті халықты ығыстырып, құнарлы жерлерін тартып алып жатқаны туралы баяндалады. Дәл осы 1908-1910 жылдары аралығында ол «Сибирские вопросы» журналы сандарында патшалық Ресейдің қоныс аудару саясатын әлеуметтік-экономикалық тұрғыда айыптаған «Бюрократическая утопия», «Киргизы на совещании Степного генерал-губернатора», «Русские поселения в глубине Степного края», «Ненужное генерал-губернаторство», «Кризис канцелярского переселения» деген т.б. ғылым-зерттеу еңбектерін жарыққа шығарған болатын.   

  Бір сөзбен айтқанда, Әлихан Бөкейхан Ресей империясының астанасы Санкт-Петербургтен апта сайын жарық көретін «Сибирские вопросы» журналының (редакторы П.М. Головачев, басып шығарушы В.П. Сукачев) жұмысына орыс оқымыстылары Н.М. Ядринцев, Н. Скалозубов, Л. Чермак, С.П. Швецов, И. Серебренников және тағы басқалармен бірге  ұдайы атсалысып, көптеген ғылыми құнды материалдарын жариялап отырды. Мысалы, осы журналдың 1908 жылдың 8 тамызындағы №№17-18 сандары мазмұнында Әлихан Бөкейханның «V» деген бүркеншік есіммен жазған «Бюрократическая утопия» атты мақаласы көрсетіліп, онда: «Ближайшее участие в «Сибирских вопросах» принимают следующая лица: Д.А. Клеменць, М.А. Кроль, И.Г. Муромов, Н.Ф. Олигерь, Н.Л. Скалозубов, Л.К. Чермак и С.П. Швецов», [8] - деген хабарлама берілген.

  Сол кезеңде «Сибирские вопросы» журналында қазақ даласындағы қоныстандыру саясаты туралы Әлихан Бөкейханның ғылыми зерттеу еңбектерімен қатар, мысалы Полуферовтың «Мулла Садык» әңгімесі, Л. Чермактың «Вымирают-ли киргизы?» және «Формы киргизского землепользования», В. Бенькевичтің «Тонкорунное овцеводство в Степном крае», Д. Клеменцтің «Заметки о кочевом быте» тәрізді тағы басқадай авторлардың материалдары үзбей жарияланып тұрды. Осы арада Әлихан Бөкейханның достары Л. Чермактың «Вымирают-ли киргизы?» және В. Бенькевичтің «Тонкорунное овцеводство в Степном крае» атты мақалаларына арнайы тоқталып өткен орынды секілді.

  Л. Чермак «Вымирают-ли киргизы?» мақаласында: «Изучение хозяйственной жизни киргиз показывает, что они как нельзя лучше приспособляются к новым условиям жизни, отчасти внесенным русскими, и это весьма рельефно иллюстрируется материалами, собранными экспедицией министерства земледелия, исследовавшей во второй половине 90-х годов киргизское население 10 уездов степных и 2 уездов Тургайской области. Работами этой экспедиции мы и воспользуемся.

  Необходимо однако сделать оговорку. Может явиться вопрос, распространимы ли выводы, полученные из материалов экспедиции, на все вообще киргизское население России. Я думаю, что это возможно. Экспедиция исследовала почти 200.000 хозяйств, или свыше миллиона душ обоего пола, а все киргизское население иссчисляется примерно в 3 миллиона душ; мы располагаем сведениями, относящимися к целой трети киргизского народа, и свободно можем распространить наши выводы на всех киргиз вообще.

  Киргизы ведуть скотоводческое кочевое хозяйство. Исследованное экспедициею министерства земледелия население 12 уездов имеет 9.698,858 голов всякого скота, т. е. по 50 голов на 1 хозяйство (всего хозяйств 194.386). Если сравнить обеспечение скотом среднего крестьянского двора 50-ти губернии Евр. России, то окажется, что киргизское хозяйство почти 8 раз богаче скотом, чем крестьянское, в котором, по данным комиссии по оскудению центра, приходится 6,4 головы на двор.

  И вот мы видим, что, напр., тогда как вечные кочевники Атбасарского уезда на 2.749 хозяйств имеют всего 10 хоз., имеющих посевы, т. е. 0,3 процента, и 321 хоз. или 14,7 процента с промысловыми занятиями, в Актюбинском уезде на 17.689 хозяйств имеется 16.703, или 94,2 процента хозяйств с посевами и 5.871 хозяйство, или 32,8 процента, занимающихся промыслами. При этом в Актюбинском уезде 103.142 десятина пашни, т. е. на сеющее хозяйство приходится свыше 6 десятина посева, или почти 1 десятина (0,99 д.) на душу обоего пола, тогда как по 50 губ. Евр. России на душу обоего пола крестьянского населения приходится всего 0,54 десятина посева на надельной земле.

  Сравнивая атбасарского вечного кочевника с актюбинским земледельцем, мы найдем между ними громадную разницу и должны будем признать, что уменье приспособиться к новым условиям жизни обнаруживает в киргиз, кроме, так сказать, пассивной эластичности, значительную долю активности, значительную творческую работу в устройстве своей жизни. Если первый прекрасно приспособил свое хозяйство к вечному кочеванию, то второй, обратившись в оседлого, почти земледельца, не застыл в своем хозяйстве на удовлетворении лишь своих личных потребностей в зерне и стал работать на рынок; в 1899 г. киргизами Актюбинского уезда было продано, по данным экспедиции, свыше 1.100 тысяч пудов проса, кроме пшеницы и др. хлебов», [9] – деп жазады.

  Міне, бұл мақаладан өздеріңіз оқып біліп отырғандай, патшалық Ресейдің бұғауындағы қазақ шаруалары, бұрындары орыс шенеуніктері айтып келгендей, соншалықты «бейшара, сорлы» болмағанын көреміз. Анау-мынау емес, патша әкімшілігінің тапсырмасы бойынша қазақтың жер пайдалануын зерттеумен айналысқан экспедицияны басқарушы Л. Чермактың өзі көшпелі дала шаруашылығының артықшылықтарын осылайша жіпке тізгендей етіп айтып береді.

  Ал В. Бенькевич «Тонкорунное овцеводство в Степном крае» мақаласында Әлихан Бөкейханның қой шаруашылығын дамыту жөніндегі ұсыныс-пікірлеріне тоқталып: «В 1904 в  №11 и 12 «Сибирского Вестника» появилась обширная статья анонимного автора: «К вопросу о тонкорунном овцеводстве в Степном крае», часть которой приведена в «Материалах».

  Статья эта в целом, как помнится, свидетельствует о том, что автор изучил степь во многих отношениях очень хорошо, но с его взглядами на будущее тонкорунного овцеводства и на территориальное его распространение я позволю себе не согласиться.

  Редакция «Материалов» отчасти соглашается с вышеприведенными мерами, но оговаривается против капиталистического хозяйства и предполагает (стр. 230), «что дело распространения среди киргизов тонкорунного овцеводства могло бы быть достигнуто через приобретение самими киргизами тонкорунных овец и скрещивание их с местной мясной породой для выработки смешанного типа овцы – мясной и в то же время обладающей хорошим руном».

  Но тут редакция высказывает важное соображение: «Есть однако мнение, что улучшение киргизской овцы кровью культурной, при нынешних формах киргизского экстенсивного скотоводства, может повести к порче дорогой по своей выносливости, неприхотливости и разной продуктивности киргизской овцы». Это соображение основано на мнениях А. Н. Букейханова (киргиза по происхождению,  давшего в цитируемых «Материалах» очень обстоятельную и ценную монографию о киргизском овцеводстве в Степном крае, основанную на личном  изучении и трудах экспедиции по исследованию степей) ...

  Желающие детально объяснить себе вышесказанное найдут обстоятельный  ответ в работе г. Букейханова о киргизском овцеводстве, помещенной в цитированных «Материалах», откуда я заимствовал цифровые данные с некоторыми изменениями относительно цен.

  Г. Букейханов говорит, что овцы, составляющие в общем 19,21 % киргизского стада, дают до 1/2 потребляемого в год кочевниками мяса и сала и до 1/4 молока. Мясо и сало киргизской овцы высокого качества, убойный вес значительный, что всегда обеспечивает этому виду скота широкий сбыт, по постоянно растущим ценам (45 руб. годовалый баран), шерсть весенней стрижки, «джебага», почти вся идет на продажу (4 руб. пуд) за исключением части, идущей на приготовление одеял, одежды и веревок, осенняя стрижка (9 руб. пуд) идет преимущественно на кошму, большая часть которой служит для устройства юрт, идет на потники под седла или на постель.

  Годовой же расход  на содержание киргизской овцы равен,по Букейханову, всего 29 коп. В среднем, киргизская овца дает дохода от весенней стрижки (4 ф.) 40 коп., от осенней (2 ф.) – 46 коп., итого 86 коп., кроме этого, дойные овцы за лето дают по 4 ведра молока (маток в стаде около 1/2) по 35 коп. – 1 р. 40 к., итого матка дает в год валового доходу 2 р. 26 к., а чистого 1 р. 97 к. Мериносы же дают  валового доходу от 2 руб. 20 коп. до 3 р. 30 к., при расходе в 94 к. на голову, что дает чистого барыша от 1 р. 16 до 2 р. 36 к.», [10] - деген сілтемелер жасайды.      

  Сондай-ақ, Әлихан Бөкейхан Томск қаласында күн сайын шығатын «Сибирская жизнь» газетінен де (редактор-басып шығарушылар И. Малиновский, М. Соболев) өз шығармашылық көмегін аянып қалмаған. Мәселен, Сібірдегі «Народная воля» деп аталатын кадет партиясының баспасөз органы саналатын «Сибирская жизнь» газетін шығаруға сол уақыттағы П.И. Макушин, А.В. Адрианов, Д.В. Алексеев, И. Анучин, Г.Б. Баитов, М.Р. Бейлин, Г.Н. Потанин [11] тәрізді орыс демократ-революционерлері және ғалымдарымен қатар қазақ зиялысы Әлихан Бөкейхан да белсене қатысқан.

  Ресейлік ғалым Е.Н. Косых зерттеу еңбегінде: «Сибирская жизнь» газета. Преобразована из газеты «Томский листок», издавалась в Томске с 1 ноября 1897 года П.И. Макушиным, с 8 ноября 1905 года Сибирским товариществом печатного дела, выходила ежедневно, кроме дней после праздников... В газете сотрудничали профессор Е.Л. Зубашев, Н.В. Некрасов, В.В. Сапожников, В.А. Обручев, М.А. Рейснер, общественные деятели Г.Н. Потанин, П.В. Вологодский, А.Н. Букейханов, М.Б. Шатилов, М.И. Шипицина, Ф.Я. Ког, Е.И. Жемчужникова, С.П. Швецов, В.К. Штильке и другие», [12] - деп жазады. Бір өкініштісі, Әлихан Бөкейханның осы «Сибирская жизнь» газетінде қаншама мақаласы жарық көргені әзірге белгісіз қалып келеді.    

  Бірінші орыс революциясынан кейінгі уақытта Сібір мен Қазақстанда кадет партиясы кең қанат жайғаны мәлім. Әсіресе, 1917 жылғы төңкерістер кезінде Семейде осы партияның «Свободная речь», «Дело», «Сибирская речь» атты газеттері молынан тарала бастады.

  Сондай-ақ Семей қаласында «Семипалатинский листок» (1904-1906 гг. Ежедневная газета.), «Семипалатинская жизнь» (1906-1907 гг. Ежедневная газета. Редактор-издатель С.А. Косарев), «Прииртышский край» (1907 г., Ежедневная прогрессивная газета. Редактор-издатель К.М. Рычков), «Семипалатинский вестник» (1914 год, Общественно-политическая газета. Ежедневно. Редактор-издатель Ф.А. Мейнгард, инженер-механик), «Семипалатинский голос» (1916 год, Литературная и общественно-политическая газета. Ежедневно. Редактор-издатель Н.П. Софроневский), «Семипалатинский телеграф» (1914-1915 гг., Ежедневная газета. Редакторы-издатели М.Д. Тлатов, Г.И. Никитин, Е.А. Семенов) газеттері шығып тұрды. Әрине, осы аталған басылымдардан Әлихан Бөкейхан мен Алашорда үкіметіне қатысты материалдарды табуға болатыны сөзсіз. Мысалы, Әлихан Бөкейханның ұлы Абай қазанамасы (мүнаһиб) және тағы басқадай мақалалары «Семипалатинский листок», «Семипалатинские областные ведомсти, «Записки Семипалатинского подотдела Западно-Сибирского отдела И.Р.Г.О.» басылымдарында жарияланғаны белгілі. Осы орайда Әлихан Бөкейханның Томск қаласында орналасқан кадет партиясының, яғни орыс қоғамында ең беделді саналатын саяси күштердің бірі – Ресей Конституциялық демократиялық партиясы Орталық Комитетінің мүшесі болғанын естен шығармағанымыз абзал. Кейінде, 1906 жылы ол қазақ кадет партиясын құрып, оның саяси тұғырнамасын жазып дайындады.

  Академик Кеңес Нұрпейісов    «Алаш һәм Алашорда» кітабында Қазақ кадет партиясының бұл саяси тұғырнамасы, өз кезегінде 1917 жылы құрылған «Алаш» партиясының саяси бағдарламасына негіз етіп алынды [13] деп айтады.

  Әлихан Бөкейханның сан-алуан қоғамдық-саяси қызметіне қоса, оның терең танымдық тұрғыдағы шығармашылық еңбектері де қазіргі уақытта әдеби-ғылыми қауымның тарапынан үлкен қызығушылық тудырып зертттелуде. Әрине, қазақтың көрнекті экономист-статист ғалымының мақалалары патшалық Ресейдің беделді басылымдарында үзбей жарияланып тұрғандықтан, оның әртүрлі бүркеншік есімдері де өте көп болған. Мәселен, Әлихан Бөкейханның «А. Букейханов» және «Старый степняк» деген бүркеншік есімдермен «Сибирские вопросы» журналының 1908 жылдың 16 наурызындағы №10 санында «Библиография» және 8 желтоқсандағы №45-46  сандарында «Будущая пустыня» атты беймәлім мақалаларының шығуы соның бір дәлелі болып табылады.      

  Әлихан Бөкейхан, жалпы қазақ қоғамындағы әлеуметтік-экономикалық, саяси ойдың (публицистиканың) ғана емес, қазақ журналистикасының дамуына да ерекше ықпал еткен дарынды тұлға. Ол өз шығармаларын үш тілде бірдей, мәселен, алаштанушы ғалымдардың айтуында қазақ, орыс және француз тілдерінде еркін жаза білген. Оның мақалалары төңкерістер заманына дейінгі кезеңде-ақ «Дала уалаятының газеті», «Киргизская степная газета», «Семипалатинский листок», «Туркестанские ведомости», «Речь», «Наша жизнь», «Сибирские вопросы», «Мусульманская газета», «В мире мусульман» деп аталатын көптеген басылымдарда үзбей жарияланып тұрды. Әлихан Бөкейханның публицистикалық еңбектерін зерттеуші ғалымдар, тек оның «Қазақ» газетінің бір өзіне ғана 250-ге жуық мақаласы шыққанын айтады.

  Ал енді кеңес өкіметі тұсындағы «Темірқазық», «Жаңа мектеп», «Жас қазақ», «Ақ жол», «Еңбекші қазақ», «Кедей туы», «Бостандық туы», «Сәуле» сынды тағы басқадай газет-журналдардағы мақалалары жеке өз алдына бір әңгіме. Жалпы бодандықтың бұғауындағы отар елінің азаттығы үшін арпалысып өткен дарынды публицист-журналист Әлихан Бөкейханның саналы ғұмырында артына қалдырған баға жетпес шығармашылық еңбектері қазақ халқының рухани асыл мұрасы болып саналады. Біздер енді сол асыл мұраны бүгінгі өскелең ұрпақтың игілігіне жарата білуіміз керек.

Пайдаланған әдебиеттер

            1. Әлихан Бөкейхан шығармаларының 7 томдық толық жинағы. – Астана: «Сарыарқа» БҮ, 2009. – 20-21 беттер.

            2. Новый энциклопедический словарь, том 8, стр. 452. Изд. Ф.А. Брокгауз (Лейпциг), И.А. Ефрон (СПб).

            3. Аққұлұлы С. «Әлихан Бөкейхан. Таңдамалылары». – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1995. 12-13 беттер.

            4. Ғали хан. Он төрт тоғыз бола ма? – Қазақ, 1914, №91.

            5. Аққұлұлы С. «Әлихан Бөкейхан. Таңдамалылары». – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1995. 12-13 беттер.

            6. Букейханов А. Сибирские вопросы, №10, 16 марта 1908 г.

            7. Старый степняк. Сибирские вопросы, №№45-46, 8 декабря 1908 г.

            8. Сибирская жизнь, №№17-18, 1908 г.

            9. Чермак Л. «Вымирают-ли киргизы?». Сибирские вопросы, №2, 1906 г. Стр. 116-120.

            10. Бенькевич В. Тонкорунное овцеводство в Степном крае. Сибирские вопросы, №1, 1907 г.

            11. Сибирская жизнь, №58, 1908 г.

            12. Косых Е.Н. «Сибирская жизнь»//Томск от А до Я: краткая энцикл. города. – Томск, 2004. Стр.- 311.

            13. Нұрпейісов К. «Алаш һәм Алашорда». – Алматы: «Ататек», 1995.

 

Мұхтарбек КАРИМОВ,

т.ғ.к., профессор,  Семей қаласының 

Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің

М.Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер ғылыми

орталығының директоры.

ОТЫНШЫ ӘЛЖАНОВ

  XX ғасырдың басында дүниеге келген ұлт-азаттық күресінің жаңа кезеңі – Алаш қозғалысы, тарих сахнасына туған халқының тәуелсіздігі  жолындағы күреске бүкіл саналы ғұмырларын арнаған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты ұлт көсемдерімен қатар, небір табанды күрескірлерді алып шықты.   Солардың бірі – Отыншы Әлжанов еді.

  Әлжанов Отыншы 1873 жылы бұрынғы Семей облысы, Зайсан уезінің Нарын болысында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылдық округі) Әлжан Сақауұлының ауқатты отбасында дүниеге келеді. Заман ағымын жақсы түсіне білген әкесі Әлжан Отыншыны жасынан өнер мен білім іздеуге баулиды.

  Отыншы 1882 жылы Зайсандағы ер балаларға арналған орыс-қазақ училищесіне оқуға түседі. Зайсандағы оқуын 1887 жылы үздік аяқтағаннан кейін, Омбы гимназиясын, Омбы мұғалімдер семинариясын  бітіреді. Омбы мұғалімдер семинариясындағы  сыныптағы жалғыз қазақ баласының барлық пәндерден «5» деген бағамен оқығаны (тек орыс тілінен – «4» екен) оның қабілеті мен білімге құштарлығын айғақтай түседі. «Закон божий» деген пәнді оқымапты, оның орнында «магометанец» деп жазылған. [1]

  1894 жылы 9 маусымда Отыншы «Бастауыш училищелердің мұғалімі» куәлігін алады. Алдымен училищеде мұғалім болады, ал 1894-1895 жылдары Дала генерал-губернаторы кеңсесінің іс жүргізушісі қызметіне орналасады. 1895-1997 жылдары  Ақмола облыстық сотының, 1897-1907 жылдары Омбы облыстық сотының тілмашы болып жұмыс істейді.

  1897 жылы Ресейде бүкілресейлік көлемде жасалған бірінші халық санағы өтеді. Осы санаққа Отыншы да қатысады. Осы қызметі үшін О. Әлжанұлы Ресейдің ішкі істер министрі қол қойған алғыс-грамотамен марапаталады.[2,19] Зерттеушілердің айтуынша, ол қызметте өзінің тиянақтылығымен және біліктілігімен көзге түседі.

  Омбыда қызмет істеп жүргенде Отыншы Омбы уезінің  беделді адамы Дүйсебай қажы Кемеңгеровтың қызы Әлдияға (азан айтып қойған аты Нұржамал) үйленеді. Жұбайлық өмірлерінде  өмірдің  ыстығы мен суығын ері Отыншымен бірге  бөліскен  Әлдия Дүйсебайқызы Алаштың белгілі қайраткері, халқымыздың ардақты перзенттерінің бірі - Қошке Кемеңгеровтің туған апайы еді.

  Отыншы туралы зерттеулер жасаған Қайырбек Кемеңгер: «Омбыда отбасын құрып, ұрпақ сүйген Отыншы 1907 жылы бауыр басып қалған осы шаһардан кетуге мәжбүр болады. Көп жылдар жемісті еңбек еткен қаланы неге тастап кетті деген сұраққа толық жауап беру әзірше қиындық туғызады. Бір атадан жалғыз Отыншының осы жылы әкесі қайтыс болады. Мүмкін, туыстарының шақыруымен еліне қайтқан болуы керек», деген болжам жасайды. .[2,15]  

  Кейбір деректерде Отыншының елге оралуын сол кездегі Семей облысындағы училищелердің қызметіне қарайтын инспектор, белгілі  зерттеуші А.Е. Алекторовтың шақыртуымен байланыстырады.

  Дегенмен, Отыншының елге оралу себебін оның өз сөзінен іздеген жөн сияқты. Ол 1909 жылы Дала генерал-губернаторының атына жазған өтінішінде: «Как убежденный сторонник распространения русского просвещения в степи я решился оставить очень выгодную и спокойную службу в суде и поработать на учительском поприще, чтобы по мере возможности осуществить на деле свои мысли и убеждения. Бывшее в 1907 году в Омске частное совещание для выяснения киргизских нужд ускорило мое  желание» деп, елге оралу мақсатын ашық мәлімдейді. [3,131]   

  Отыншы да қазақ баспасөзіндегі алғашқы қарлығаштардың бірі. Ол «Дала уалаяты» газетінде (1888-1902 жж.) жазған еңбектерін жариялап тұрды. Отыншы Әлжанұлының артында баспа бетінде қалған еңбектеріне қарай отыра, біз оның үлкен публицист екендігіне көз жеткіземіз.

  Кейбір деректерде көрсетілгендей, Алекторовтың ұйғаруымен 1907-1909 жылдары Көкпекті қаласындағы екі класстық орыс-түзем училищесінің меңгерушілігіне  жіберіледі. Сондай-ақ, оған Өскемен, Зайсан уездеріндегі барлық бастауыш мектептерді басқаруға және мектеп ашу жұмысымен шұғылдану тапсырылады.

  Отыншы заманауи білімнен кенде қалған өзінің туған еліне келісімен ағарту жұмысына бел шеше кіріседі. Ол Санкт-Петербургте 1907 жылы өткен мәжілісте тағы да сөйлеп, «бұратана халық­тарды» оқыту туралы «Ере­жеге» сын айтып, қазақ мек­тептерінің жұмысын қадаға­лайтын инспекторлық орынға қазақ мұғалімдерін таға­йындау, қазақ мұғалімдері­нің құқығын және діни сабақ­тарды беретін мұғалімдердің жалақыларын орыс мұғалім­дерінің құқығымен және жалақы­ларымен теңестіруді және басқа да өзекті мәселелерді ортаға салады. Дала өлкесіндегі миссионерлік бағыттағы оқу жүйесінің зардапты әрекеттерін әшкерелейді. Қандастарының келімсектерден көріп отырған зорлық-зомбылықтары туралы да ашына мәлімдейді. Мек­теп ісін жолға қоюда көп­теген шаралар ұйымдас­тырып, мектеп ашуға ел бай­ларын жұмылдырады.

  Көкпектіде ол тек ұстаз­дық­пен айналыспай, істі болған, зәбір-жапа шеккен қазақтардың мұң-мұқта­жын жоқтап, оларға нақты көмек береді. Ол кезде Көкпектіде тұ­рып жатқан орыс мұжық­тары мен татар көпестері және қала мещандары қазақтар­дың жаз жайлауға шығатын Қалба ішіндегі  жерлеріне ешқандай ақы төлемей малдарын бағып, қалай болса, солай пайдаланып, қазақтарды басынған. Бұған ашынған О.Әл­жанов заң жүзімен жерлестерінің мүддесін қорғауға кіріседі. Жергілікті патша әкімшілігі қазақтарға жасап отырған әділетсіздіктерін айтып, жоғарғы орындарға үнемі шағымданумен болады. Бірақ, отаршылдық озбырлық етек алған заманда бұдан ешқандай нәтиже болмайды. Оқыған қазақтың бұл әділетті қимы­лынан қауіптенген және қазақ жерлеріне одан әрі  мал жаюға мүдделі, малды жәрмеңкелерге мыңдап айдап, кәсіп көзіне айналдырған  Көкпектінің орыс пен татар байлары Отыншының үстінен жала жапқан арыздар  ұйымдастырады. Онда олар оның Нарын болысы сайлаушыларының сиезінде өзіне берілген өкілеттілігін пайдаланып, қазақтардың жеріне жайылғаны үшін қала мещандарының малдарын тартып алғандығын, жайылым үшін ақша жинағандын көрсетеді. Отыншының: «Уполномоченные г. Кокпектов с той весны жаловались на меня, заявляя, что будто бы, захватывал лошадей горожан, производил насилия над городскими пастухами, отбирал от городских жителей тал, вырубленный им на киргизской земле и одним словом я их настолько притеснял, что им не стало житья от меня» деп губернаторға берген түсіндірмесінде  жазғанындай, заңды талап еткен жалғыз қазақты мүлде құрту үшін қаланың орыс пен татар байлары ұйымдасып, оның басына пәлені үйіп-төккен. [3,126]    

  Олар билікпен астасқандықтарына сенсе, Отыншы заң арқылы әдлеттілікке қол жеткіземін деп ойлады. Сол үшін жердің нақты иелерін басқалардың алдауы мен арбауынан қорғау үшін жан аямай күресті. Ол: «Кокпектинцы вообще такого мнения, что в отношении землепользования киргизы – бесправный народ: кто только захочет, тот может беспрепятственно и свободно пасти на киргизской земле. Как доказательство подобного мнения могут ссылаться на тот факт, что в настоящее время на киргизских земельных угодьях без разрешения пасутся десятки тысяч торгового скота Кокпектинских жителей» деп көзге шұқығандай етіп көрсетіп,  өз талабын дәлелдеуге тырысты. [3,127]     

  Тірегі мықты, айласы мол жуан топ ақыры ойлағандарын істеді. О.Әлжа­нов 1909 жылы бес жыл мер­зімге Жетісу облысының Леп­сі уезіне жер аудары­лды. Отыншы семьясымен Лепсі уезінің орталығы Лепсі станицасына келіп қоныс тебеді. «Совесть моя чиста как хрусталь, а потом за собой не признаю» деп өзі жазғандай, ол халқы үшін еңбегін кіршіксіз жүрегімен одан ары жалғастыра берді. Жандармерияның бақылауында жүрсе де Отыншы жекелей адвокаттық қызметпен айналысып, жергілікті қазақтардың мүддесін қорғауды қоймайды. 1914 жылы мерзімі біткен соң, «Жетісу қазағының сөзін жоқтайтын көзі ашық азаматы аз» деп, еліне қайтудан бас тартады. Елдің басына мынандай пәле туып тұрғанда мен бұларды тастап кете алмаймын, өлсем-тіріл­сем де бірге көремін, – деп, Жетісуда қалуы оның жершілдік пен рушылдықтан ада, нағыз елін сүйген азаматтық бейнесін айқындайды. Отыншының патриоттық сезімге толы бұл сөзі оның Тарбағатайдағы туыстарына жазған хатынан алынған. Ол хатты көзімен көрген Міржақып «Сарыарқа» газетіндегі Отыншы қазасына байланысты  қазанамасында келтіреді. [4]      

  1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін Отыншы Әлжанов Жетісу облысындағы Алаш қозғалысы жетекшілерінің бірі болды. Ол сол кездегі уақытша үкіметтің Жетісу облысындағы комиссары, қазақтарға іші бұратын  Орест Авенирович Шкапскиймен достық қарым-қатынаста болып, одан құрылатын Алаш әскеріне деп, қаржылай және қару жарақтай көмек алады. Жетісу облыстық қазақ сиезін   өткізіп, автономия құру мәселесін көтереді. Отыншы Әлжановты Ыбрайым Жайнақов және Сатылған Сабатаевпен бірге осы кезеңде билікке келген қызылдар тұтқынға алады. Сол жолы Верный большевиктері түрмеде Орест Шкапскийді ұлымен қоса атып тастайды. Бұл үшеуі тек Әлихан Бокейхановтар Мәскеуге, Кеңес өкіметінің алдына мәселе қойғанда ғана босатылған.

  Зерттеушілер II Жалпықазақ сиезінде Жетісу облысының келген делегаттардың үнемі Әлихан Бөкейхановпен пікірлес болып, даулы мәселелерде оны қолдағанын жазады. Осы сиезде Алашорда үкіметіне мүше болып сайланған Отыншы Жетісуға оралғаннан соң, Садық Аманжоловпен, Сатылған Сабатаевпен, Ыбрайым Жайнақовпен және т.б. азаматтармен тізе қоса отыра сол кезде Лепсі уезіне кіретін, бүгінгі Аягөз, Алакөл, Үржар және Сарқан өңірлерінен жігіт жинап, сиез қаулысында көрсетілген  халық милициясын құруға белсене  кіріседі.

  Отыншының әскер-милиция құру ісін бірден өз мойнына алып, тез арада Жетісудағы алғашқы Алаш полкін жасақтауы оның бұл саладан қара жаяу еместігін білдіреді. Оның бұрынғы атқарған жұмыстары шындығында әскери мамандықтарға жақын еді. Қайырбек Кемеңгер Отыншы туралы зертеулерінде: «Ақмола облысының орталығы Омбы қаласында Отыншының он төрт жылғы өмірі өтті. Қайраткер қаладағы сот кеңселерінің маңайында жұмыс істеді. Облыстық сот әскери ведомстволарға бағынғаннан кейін, онда істеп жүрген адамдардың әскери шені болды. [2,15]       

   Отыншы кадрлық офицер болмаған күннің өзінде де, әскер ісін, оның құрылымы мен басқарылуын, ұрыс жүргізу тәсілдерін бір адамдай меңгерген өз ісіне жауапты батыл командир екендігіне дау жоқ.

  Бұл құрылған милицияның басты мақсаты дүрбелеңінен күйзелген елді ақтар мен қызылдардың тонаушылық әрекеттерінен қорғау болатын. Отыншының басшылығымен құрылған, атаман Анненковтың бөлімдерінің құрамында Черкасск-Покотилов бағытында Жетісу майданында шайқасқан қазақтың атты полкінің ерлігі туралы кезінде жақтыртпай жазса да, «Тар жол, тайғақ кешу» романында Сәкен Сейфуллин де мойындауға мәжбүр болған. [5,348]       

  Отыншы Әлжанов негізін қалаған Жетісудағы атты қазақ полкі жүздіктер түрінде құрылған. Құрылу үлгісі казак-орыстардікіндей болған. Қару-жарақпен, қаржымен, азық-түлікпен Колчактың уақытша Сібір үкіметі қамтамасыз етіп, кәдімгі әскердің жағдайына қойған. Жетісу қазақ полкі атаман Анненковтың «Ерекше Жетісу армиясының» құрамында соғысқан. Қазақтар бұл әскери бөлімді «торы-ала  атты қазақ полкі»  деп атаған.

  Отыншы Әлжановтың күрес жолына қарасаңыз, оның Кеңес өкіметімен ымыраға келмегенін көреміз. Ол Көктұмаға кенеттен шабуыл жасаған «Красные горные орлы Тарбагатая» қызыл партизандарының қоршауында қалады. Еріксіз қорғана отырып, шіркеудің төбесіне шығып алып, пулеметпен берілмей атысады. Ала  алмайтынын көрген жау ағаш шіркеуді өртейді. Өртенген шіркеудің мұнарасынан секіріп түскен Отыншыны қызылдар атып өлтіреді. Бұрынғы әңгіме бойынша, қазақтың осы біртуар перзентінің сүйегі Мақаншы жанындағы Жәйтөбеде жерленген делінеді. Бұл оқиға 1918 жылы 21 тамызда болған. Отыншының қазасы туралы Семейге Алашорда үкіметіне Базарбай Мәмбетов пен Ыбрайым Жайнақов хабарлайды. Осыған байланысты «Абай» журналы «... Алаш баласына Отыншының шығыны батады, орны ойсырайды. ... Жетісудағы ағайындарға басшысынан, көсемінен айрылғаны жан ауыртарлық іс болды. Тағдырға шара бар ма?» деп, азалы көңілін білдіреді. Ал, Отыншының мезгілсіз  қаза табуына  байланысты, Қызылжарда шығатын «Жас азамат» газетінде жарияланған жездесімен қоштасуында, оның бірге туған інісіндей болған балдызы  Қошмұхамет Кемеңгерұлы сай-сүйекті сырқырыта:

«Жан сүйікті жездем Отыншы!

  Ел – жұртыңды туысқаныңды тастап мәңгі сапарға жөнелдің. Жаңа гүлденіп келе жатқан Алаштың көшбасшы азаматтарға өте мұқтаж уақытында қанішер, жендет большевиктердің қолынан мезгілсіз қаза таптың. Ертеден ел қамын ойлап, Алаш тілегін қолыңа шырақ қылып ұстап едің, сол шырақтан өміріңнің ақтық сағатына шейін айырылмадың.

  Білім дариясынан сусындауыма, саяси көзімнің ашылуына себепкер болып, ұлтшылдықтың өріне сүйреп едің. Алыста жатсаң да, ақыл-сабағыңды хатпен беріп асқар болып едің.

Жұмсақ сөзді, мүләйім жүзді, көркем мінезді қымбат жездем, дидарыңды көре алмадым-ау!

Опасыз тағдыр, баянсыз дүние! Мейірімсіз өлім! Амал жоқ... иманың жолдас болсын!!!» - деп, егіледі. [4]  

Осы оқиғадан кейін оның ағайындары Отыншының жанұясын елге көшіріп алады. Бұл жанұямен бірге сүйегі садыр Ахмет деген кісінің өз жанұясымен көшіп келіп,  бір жылға жуық тұрғанын ел айтатын.

  Енді бір айтатын нәрсе, Отыншы Әлжановтың туыстары жөнінде. Бұл туралы деректерді мақалаларда және ел ішіндегі әңгіме білетін азаматтар жазған кітаптардан кездестіреміз. Бірақ бұларда бір-бірлеріне қарама-қайшы мәліметтер келтіріліп,  ойлар түйілген. 

  Отыншының сүйегін ескіше таратсақ Мұрын – Жолымбет – Назар – Жанболат – Тоқабай – Жомарт – Бәйел болып келеді.  Оның ұлы әкесі Нұранұлы Сақау деген кісіден Мұхаметжан, Ізғұтты (Бақтыбай) және  Әлжан туады. Осы үшеуінің үлкені Мұхамеджанның Мәзмұхамед (Мәзіке) және Әзмұхамед (Әзіке) деген ұлдары болған. Мұхаметжанның Мәзмұхамедінен Жүмәділ, Ғабділманап, Қамза, Жағыпар деген ұлдар және Күлбәй, Күлімхан және Күлзада есімді қыздар туған. Бұлар Отыншы Әлжановтың ет жақын немере туыстары. Осылардың ішіндегі інісі Жүмәділдің тәрбиесіне Отыншы өзі көңіл бөледі. Жүмәділ ағасы Отыншының қолында тұрып, Лепсі гимназиясында оқыған. Бұл туралы Орталық Мемлекеттік Архивте деректер сақталған. Жүмәділ Мұхаметжанов заң саласында қызмет атқарған. Бұл кісі 1937 жылы Семей облысы прокурорының көмекшісі болып тұрғанда ұсталып, 1938 жылы алашордашы және Отыншы Әлжановтың інісі,  «халық жауы» деген үкіммен айыпталып, Бұрындайда атылған. Әйелі Рахима сегіз жыл Гүлбаһрам Сейфуллинамен және т.б. бірге АЛЖИР – де болды. 

  Жүмәділ Мұхаметжановтың кенже інісі Жағыпар Мұхаметжанов та ерекше тұлға.  Жағыпар Мұхаметжанов қарымды журналист, әрі екі тілді (қазақ, орыс) сонша жетік білетін майталман аудармашы ретінде  танымал болған. Ол 1930-шы жылдардың екінші жартысына дейін республикалық «Лениншіл жас» газетінде қызмет істеген. Ағалары Жүмәділ мен Ғабдіманап ұсталғаннан кейін Москваға кетуге  мәжбүр болады. 1940 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің ведомстволық «Известия» газетіне аудармашылыққа шақырылады, кейіннен оның қазақ бөлімін басқарады. Москва кезеңінде оның табиғи дарыны жарқырай ашылады. Сол жылдардағы оның аудармашылық қызметі оны Мұхтар Әуезовпен, Сәбит Мұқановпен, Әбдіжәміл Нүрпейісовпен, Асқар Тоқмағамбетовпен, Вера Кетлинскаямен, Леонид Соболевпен, Константин Симоновпен, Қалтай Мұхаметжановпен, Қуандық Шаңғытпаевпен және т.б. жақындастырады. Оның табиғи дарынының еркін ашылуының бір көрінісін Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының бірінші бөлімін орыс тіліне аударуынан көреміз.  Оның  жерлесі, ардақты ағасы ұлы Мұхаңмен араларындағы шығармашылық және достық байланыс сол кездерде басталыпты.  Өзінің «Семей таңында» басылған «Мұқаңның ризалығы» (23.09.87) мақаласында осыларды айта отыра, Мұхтар Әуезов қайтыс болғаннан кейін, оның қызы Ләйләнің үйіне барғанда, ол, күйеуі Асқар Қонаевқа: «Мына, кісі папамның досы болатын» деп таныстырғанын үлкен  сезіммен еске түсіреді.  Оның кереметтей дарынының бір қырын Василий Янның «Чингизхан», «Батый», «К последнему морю» трилогиясын қазақ әдеби тілінің мәйегімен аударуынан көреміз.  Аға ұрпақ бұл әдеби туындыларды жақсы біледі. Қазақ тіліндегі осы кітаптардың аударма екендігіне сену қиын. Өмірінің соңғы жылдарында бұл кісі Семей қаласына келіп, қарттар үйінде тұрды. Артында ұрпақ қалған жоқ. Жалпы, Отыншы Әлжановтың осы туыстарына Сталин зұлматының тигізген зардабы сондай, Мұхаметжанның қара ормандай еркек кіндікті  тұқымынан  бүгіндері  ешкім де қалмады. Осы жолдарды жазып отырған менің анам Шәмшияның шешесі, нағашы әжем Күлзада Мәзікеқызы Мұхаметжанның немересі еді.

  Отыншының әкесі Әлжанның ортаншы  ағасы Бақтыбай бүкіл Құнанбай әулетін «Абай жолы» арқылы білетін қазақ жұртына Ізғұтты атымен таныс. Шыңғыстаудағы Тобықты елі, оның ішінде Ырғызбай табы және Тарбағатай бауырындағы Мұрын,  Қыржы, Бәйжігіт елдерімен ежелден қыз беріп, қыз  алысқан құдандалылар.

  Ертеде Отыншының ұлы әкесі Нұран деген кісі,  ұлдарының бірі -  Сақауға Ырғызбайұлы Өскенбайдың Тайбала деген қызын айттырады. Екі жағы да бұған келісіп, құдалар атанады. Қыздың ағасы Құнанбай Өскенбайұлы болатын. Құдандалы екі жақ жастардың кәмелетке келуін ғана күтеді. Сөйтіп жүргенде, Тобықты жағы қыздарын айттырған жағына бермейтін болып қалады. Бұл туралы бұрыннан  болған әңгіменің көбінде «Ырғызбайлар қыздың баратын жағын өздеріне тең көрмей, қызды бергісі келмепті. Бірақ, Тайбала ақылды және аса өжет болып өсіп, бойжеткен кезде, жағдайдың солай болғанын білген көрші елдер қызды  өздеріне айттырмаққа сөз сала бастапты. Осындай жағдайды көрген адуын Тайбала: «Менің басымды саудаға салатын еріксіз адам емеспін, айттырған жерім бар, рұқсат болса сонда барам, әйтпеген күнде күйеуге шықпаймын» - деп отырып алады. Туыстары еріксіз ұзатуға көніп, содан Тайбала ұзатылып кете барған екен, өкпелеген ағасы Құнанбай құдаларына ұзақ уақыт бармай жүріп, кейіннен барған. Сол жолы жиені Бақтыбайды өзіне іні қылуға құдаларынан сұрап алып, келген соң бүкіл ырғызбайларға баланы таныстырып, біреуің де жиен демейсіңдер деп нықтап, оған Ізғұтты деген атты берді» - деп  айтады. Ал Ізғұттының қандай азамат болғаны «Абай жолы» эпопеясында да тамаша айтылған және қазіргі Абай ауданы жеріндегі ескіні жақсы білетін жандардың жадында да жақсы сақталған. 

  Осыдан шамасы он бес жылдай бұрын ғана өткеннен және өз туыстарынан мол хабары бар тоқсанның жуан ішіне кірген Отыншы Әлжановтың шөбере туысы Жорғатай ақсақал  және немере қарындасы Бижамал Ыдырышқызы Әзмұхамет немересі ортамызда жүріп еді. Осы адамдар туыстары Отыншыға байланысты талай әңгімелерді білетін және ағалары туралы мақтанышпен айтып отырар  еді. 

  Бірде, мен нағашы әжем Күлзада Мәзмұхаметқызының немере апайы Бижамал Ыдырышқызынан баласы Шегедеков Бағланның үйінде отырғанда Ізғұтты туралы сұрадым. Сонда ол кісі Тайбаланың біздің елге келін болып түсуіне байланысты айтылғандардың дұрыс емес екендігіне көзімізді жеткізе, өз білетінін айтып еді. Ол кісінің айтуынша, Тайбала атастырылған күйеуі Сақаудан бірер жас кіші болған көрінеді. Сақау ержеткен соң оның әке-шешесі Шыңғыстаудағы құдалардан қызды өздеріне берулерін сұрайды. Тайбала ол кезде он үш-ақ жаста екен. Сол кездегі дәстүр бойынша кейде айттырылған қалындықты ертерек, он екі – он үш жасында келін қылып түсіру әдеті болыпты. «Бірақ ондай жас адамды  кәмелетке жетпей күйеуімен қоспайтын, жас келін он бес-он алтыға келгенше енесінің жанында, ірге жағында жататын» - деп Бижамал апамыздың сондағы айтқаны есімде. Тайбаланың шешелері қыздарын аяп, тұрмысқа ерте  беруге қарсы болады. Сөйтіп жүргенде Сақаудың әке-шешесі ұлдарына сол мұрынның ішіндегі біреудің қызына  құда түседі де, алып береді. Осыны Өскенбай үйі естиді. Бұлар өздерінің қыздарының Сақау үйінің босағасын келін ретінде бірінші болып аттамайтындығына қатты намыстанады. Алыста жатса да араласып отырған құдалардың арасына кірбің түседі. Келді-келді қызды бермейміз дегенге де келеді. Сөйтіп, құдалық үзілген сияқты болып жүргенде Тайбала да бой жетеді. Енді «басы бос» сияқты қызға қызығушылар, Өскенбай үйімен құда болғысы келетіндер ақырындап Тайбалаға сөз сала бастайды. Міне, әркім әртүрлі айтатын  Тайбалаға қатысты әңгіменің шындығы осылай болған көрінеді. Ал, ел айтып жүрген  оқиғаның бұдан арғы өрбуі  Бижамал шешейдің айтқанымен бірдей шығады. Шынында,  ақылды да,  адуын да қыз айттырылған жеріне ғана баратынын  айтып отырып  алған. Бұған оның туыстары еріксіз  көнген. Тайбала шешемізді біздің әулетте «Молда апа» дейтін  деп Бижамал шешей еске түсіріп еді.  Тайбала шынында, өте ақылды, намысшыл, қасиеті үлкен адам болыпты.

  Бижамал апамыз сол жолы Ізғұтты ұрпақтарының Шыңғыстаудан Тарбағатайға (Ақсуат жеріне) қайтуының себептерін де айтқан еді. Ізғұттының Қажықайдар деген ұлы бастаған ұрпақтары облыстың прокурорының көмекшісі болып істейтін,  әкелерімен бірге туысатын Мұхаметжанның немересі Жүмәділді тауып алып, байланыса бастайды. Олар өздерінің Шыңғыстаудан Ақсуат өңіріне көшкісі келетіндерін айтады. Оған себеп, Тәкежанның Әзімбайының бір баласының (Зұлқарыштың) үлкен өкпе тудырған шымбайға батқан сөзі болған.  Бұған Қажықайдардың:

«Ассалаумағалейкум, Қажы ағамыз!

Тірлікте Мекке көрген көп бағаңыз.

Кешеде сөз естідім Найман деген,

Ізғұтты менің әкем қайдан келген?

Найман деген бар ма еді қаперімде,

Бұл сөзді естіп қалдым қатерімде.

Найман аты шыққан соң күн-күн сайын.

Енді мен тобықты боп жүре алмаймын,

Қажеке-ау, туралығын айтып берсең,

Басымның аманында ел табайын» - деп, Шәкәрім қажыға айтты деген сөздері дәлел.

  Жүмәділ Мұхаметжанов сол кездегі Сақау әулетінің үлкені, әкесі Мәзмұхаметтің інісі Әзмұхаметке (Әзікеге) хабар береді. Содан елден Ізғұтты балаларын  көшіріп әкетуге Әзмұхамет бастаған туыстары келеді. Олар сол кездегі Ырғызбай әулетінің үлкені Шәкәрім қажыға сәлем беріп, Ізғұтты балаларының шақыруларымен келгендерін айтады. Ізғұтты балалары Шәкәрім қажыдан рұқсат сұрайды. «Шәкәрім қажы ол кезде елмен жәйлауға шықпай жалғыз үй, оқшау өмір сүрген кезі екен. Көбіне қағаз жазатын көрінеді деп барғандар айтып келді» деген Бижамал шешейдің сөзі өзіміз білетін Шәкәрім қажының сол кездегі жағдайымен дәлме-дәл келеді. Шәкәрім қажы Ізғұтты балалары рұқсат сұрағанда – «Елге ел қосылса құт, елден ел кетсе жұт» деуші еді, мұны қайдан шығардыңдар?  Қажы мен Абай ағам тірі болса  бұларыңа не дер еді» - деп, көз жасы сақалынан тарамдап ағып жылаған («Шәкәрім ұзын салалы сақалы бар кісі екен» -деп, біздің кісілер айтып келді дейді Бижамал апамыз). Әзімбай балаларының қылығын біліп отырған қажы, Ізғұтты балаларының бекініп алғанын көріп, оларға рұқсат деп батасын береді. Ізғұтты балаларын біздің ел (мұрын – тоқабайлар) аса құрметпен қарсы алып, ұлан-асыр той жасапты. Той осы күнгі Тассай, Өрнек тұсында болыпты.  Бұл 1927 жылдың шілдесінде болған көрінеді. Бірақ, көп ұзамай 1928 жылдан басталған зобалаң елді «Байтал түгіл, бас қайғы» дегендей жағдайға түсіріп, содан Ізғұтты балалары Қытай жеріне кетуге мәжбүр болады. Олар туған елге 1962 жылы ғана қайтып оралады.

  Осы деректерді айтқан Бижамал Ыдырышқызы және оның ері Салық Шегедеков елге белгілі, аса сыйлы, ізгі адамдар еді. Бижамал шешейдің көргені де, тоқығаны көп кісі болатын. Бұл кісі уақыты келгенде, сандығының түбінде сақталған, Алашорданың белгілі қайраткері, өзінің күйеуі Садықтың туған ағасы Биахмет Сәрсеновтің қазіргі ел білетін сарғайған фотосуретін жұртшылыққа табыстаған еді.

  Сөйтіп, осы мақалада Отыншы Әлжановтың, орталарынан тамаша азаматтар шыққан туыстарын да айта кетуді жөн санадық.

  Сөз жоқ, Отыншы Әлжанов қазақтың біртуар ұлы, Алаш арыстары қатарынан өз орнын алуға лайықты қайраткер. Көрнекті ғалым Тұрсын Жұртбайдың: «Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұхамеджан, Халел, Жаһанша, Жақып, Отыншылар ­­– ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы ұлттың рухани көсемдері еді» деген тұжырымы Отыншы Әлжановтың қайраткерлігіне берілген нақты бағасы болады. [6]

  Сондықтан да, алда тұрған Алашорданың 100 жылдығын кең көлемде атап өту қарсаңында Алаштың Отыншы Әлжановтай біртуар перзентінің қас терлі есімін  ұрпақ жадында қалдыру мақсатында  2016 жылдың тамызында оған арнап ауданның орталығы Үржарда ескерткіш орнатылды. Біз мұны  бүгінгі ұрпақтың азаттық үшін күрескен арыстарға жасаған тағзымы деп есептейміз!

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Омбы облысының мемлекеттік-тарихи мұрағаты. Қор-45, іс-77, п.-52.

2. Кемеңгер Қ. Омбыда оқыған қазақтар. Астана. 2007. 19 б.

3. Движение Алаш.  Сборник материалов судебных процессов над алашевцами. Алматы. 2011. 1 том, 131б.

4. Алаш құрбаны. Жас азамат, №4, 1918 жылғы 25 тамыз. Петропавл қ.

5. С. Сейфуллин. Из Урджара. Как воюют казахи. Тернистый путь. Алматы, 1925. С.348.

6. Жұртбай.Т. Талқы. –Алматы. 1997. 76 б.

 

Нұрсұлу ӨМІРБЕКОВА,

Абайдың мемлекеттік  қорық-мұражайының

бөлім меңгерушісі.

АБАЙ ЖӘНЕ ӘЛИХАН

  Әлихан Бөкейхан – қазақ халқының руханияттық саласының барлығына да өз үлесін қосқан қайраткер. Ол – саяси қоғамдық істерге белсене араласқан, әлеумет, әдебиет, өнер, мәдениет саласында із қалдырған бірегей тұлға. Туған халқына, Отанына адал болып, өле-өлгенше халықтың мүддесі үшін күресті. Әлихан Бөкейхан – төре тұқымының ұрпағы болғанымен, ешуақытта билікке ұмтылмаған. Ол еркіндік пен теңдікті жоғары бағалаған ортада өсті. Оның  қоғамдық көзқарасының қалыптасуына халықтың бай ауыз әдебиетінің,  ұлы Абайдың  және басқа ақын-жыраулардың терең ойлы шығармаларының ықпалы болғандығы сөзсіз. Өте жақсы оқуы және ерекше тәрбиелігі арқасында ол 1890 жылы Дала генерал-губернаторы кеңесіннің ұсыныс-хатымен Санкт-Петербург Императорлық орман институтына түседі. Студент кезінен бастап Әлихан Бөкейхан Ресей орталығындағы саяси жағдайлардан тыс қала алмады. Сабақтан тыс кездерде марксизм іліміне ден қойып, қызу пікірталастарда оның экономикалық матерализм қағидаларын қорғайды. Қоғамдық белсенділік танытып,  әртүрлі студенттік толқуларға араласады. Мұның барлығы болашақ Алаш көсемінің Ресейдің мемлекеттік құрылымын, оның қазақ даласындағы отаршылдық саясатының қыр сырын тереңірек түсінуіне игі ықпал етті.

  Оқуын ойдағыдай бітіріп, экономист мамандығын алған Әлихан Бөкейхан  Омбыға келіп 14 жыл тұрады, қаланың қоғамдық өміріне қызу араласып, Омбыдағы прогресшіл, демократиалық ұстанымдағы зиялы қауыммен кездеседі. Олардың арасында саяси көзқарастары үшін орталықтан жер аударылғандар да бар болатын. Мұның барлығы оның ғылыми-теориялық жағынан толыса түсіп, саяси күрескер ретінде қалыптасуына айрықша ықпал етеді.

  Қазақ халқының аса маңызды тарихи кезеңінде саяси сахнаға шыққан Әлихан Бөкейхан ұлтының санасын оятуға айрықша әсер етті, оның әлеуметтік-саяси өміріндегі бұрын-соңды болмаған ерекше жаңалықтардың, тағдырлы оқиғалардың бас-қасында болды, оны ұйымдастыруды және жетекшілік жасады. Ол халықты ағарту ісіндегі әдебиеттің зор күшін көре білген де, Абайдың жаңашылдығына, ұлтшылдығына алғаш назар аударып, оның есімін, шығармашылығын ұлттық қозғалыстың туы ретінде ұсынған қайраткер - ғалым еді.

  Ол Абай шығармаларын жаңа заманның тынысы,  лебі деп түсінді, қалыптасып келе жатқан қазақтың жаңа ұлттық әдебиетінің бастамасы деп бағалады.

  Орыс тілінде Абайдың өмірі мен шығармашылығын жазып тұңғыш қадамын Әлихан Бөкейхан бастады. Бірақ кеңестік заманда Әлихан Бөкейхан жазаға ұшырап, ол жазған аса бағалы еңбектердің бәрі де, тіпті оны атаудың өзіне тыйым салып  – ұрпақтың ол жөнінде мүлде хабарсыз қалуына алып келді.  Яғни, оның қаламынан туған бәрі де ақтаңдаққа айналып кеткен болатын. Абайтану тарихында Абайдың ақындық өнері мен ислам дініне қарым-қатынасы жайлы аса күрделі мәселеге де тұңғыш рет Әлихан Бөкейхан тарапынан білікті пікір айтылуы сол кезең үшін де мән-мағынасын сақтап отырған танымдық мәні бар пікір деп білеміз. Әлихан Бөкейханның «Абай поэтикалық қуаттың иесі, қазақ халқының мақтанышы болды. Абай сияқты халықтың рухани творчествосын осыншама жоғары көтерген қазақ ақыны әлі кездескен жоқ» деп білгірлікпен баға беруі – Абайдың әдеби мұрасын терең танып білген зерделі зерттеуші аузынан ғана шығатын таным.

  Ә.Бөкейхан басты назарын қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне арнаған. 1903 жылы Петербургта белгілі ғалым Семенов-Тянь-Шанский мен академик В.И.Ламанскийдің редакциясымен жарық көріп келе жатқан «Россия. Полное геогрфическое описание нашего отечества» атты көп томды еңбектің 18 томы «Киргизский край» деген атаумен қазақ тарихына арналып шықты. Міне осы кітаптың «Население» деп атаған екінші бөліміне  жазуға Әлихан Бөкейхан қатысқан. Онда қазақ халқының өзіндік ерекшелігі, өткен тарихы мен танымы, мәдениеті туралы, мол ауыз әдебиеті жауһарларын, жекелеген ақындарды айта келе Абайға айрықша тоқталады. Абайды жаңа әдебиеттің көшбасшысы ретінде бағалайды.

  Абай шығармаларының әсері халық арасында күшті екені, тіпті рухани жан азығына айнала бастағанын Әлихан Бөкейханның Абай әндері мен аударма өлеңдерінің халық арасында қаншалықты сіңісіп кеткенін өзі көрген мысалдармен арнайы атап көрсетуінен де аңғарамыз. Осы себепті Абайды туған халқына таныту сол арқылы ұйқыдағы езіліп тапталған туған халқының ой-санасын оятуға, жаңа заман көшіне ілесуге тырысқан бұл танымның сарыны 1918 жылғы «Абай» журналында жарияланған ұлы ақынның әдеби мұрасы туралы «Абайдың өнері мен һәм қызметі», «Абайдан соңғы ақындар» деген мақалаларында толық көрініс берген деп айта аламыз.

  Әлихан Бөкейхан қазақ халқының рухани мәдениет байлығын баяндай келіп, ауыз әдебиетінің түрлерін талдайды. Халық дастандарына сипаттама беріп, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырына ерекше көңіл аударады. Шортанбай, Ноғайбай сияқты және басқа ақындарды атап айта келе, Абайға ерекше тоқтап, оны қазақтың жаңа жазба әдебиетінің көшбасшысы деп бағалайды.

  Әлихан Бөкейхан Абайды ең алғаш таныған, оның қазақтың рухани бағдаршамы екенін білген. Абай қайтыс болысымен туыстарына хат жазып, өлеңдерін жинаттырған Әлихан ұлы ақынның жылдығында үлкен мақала жариялады. Абай өлеңдеріне талдау жасап, абайтанудың қазығын қағып, іргетасын қалады.

  Абайдың көзі тірісінде, оны орыстың оқырман қауымына тұңғыш таныстырғанда – Ә.Бөкейхан болатын. Абай қайтыс болған соң, Әлихан Бөкейхан ақынның өмірбаянын орыс тілінде жазып, Семейде шығып тұратын «Семипалатинский листок» атты газетте 1905 жылы жариялайды. Содан екі жыл өткен соң 1907 жылы «Записки Семипалатинского Подотдела Западно-Сибирского отдела Императорского русского географического общества» деп аталатын кітапта Абайдың өмірбаяны фотосуретімен бірге  тағы басылып шықты. Онда Әлихан Бөкейхан Абайдың туған жерін, шыққан ортасын, білім алу жолын баяндайды. Абайдың ата-бабасымен таныстыра отырып, оқуын, тәлім тәрбиесін, білімін, ақындығын, даналығын, орыс революционерлерімен таныстығын айтады.

  Әлихан Бөкейхан 1908 жылы түрмеде тағы отырып шығады. Сөйтіп, Абайдың өлеңдер жинағы тек 1909 жылы жарық көреді. Бұл жөнінде Міржақып Дулатұлы 1914 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Абай» атты мақаласында былай дейді: «1905 жылы «Семипалатинский листок» газетінде, онан кейін Семейдегі «географический обществаның» шығарған бір кітабында Әлихан Бөкейхан Абайдың тәржімә хатын жазды, һәм кешікпей кітабын да басылатынын білдіріп еді. Бірақ тез шықпады.

  1909 жылы Абайдың балалары мен інілерінің ризалығы һәм Әлиханның ыждаһатымен Абай кітабы Петербургте «Бораганский» баспасында басылып шықты. Бұл күнгі қолымыздағы кітап сол бірінші баспасы».

  Ұлы ақынға деген бұл сүйіспеншіліктің соңы Әлихан Бөкейхан мен Абай балалары, жалпы Құнанбай қажы ұрпақтары арасындағы үлкен сыйластыққа, достыққа ұласқан.

  Сөйтіп, Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағы Әлихан Бөкейхан басшылығымен жарық көрген. Абай туралы ақынның көзі тірісінде (1903) жазғанын, 1905, 1907 жылы жарияланған мақалаларын кезінде оқып,  біліп отырған, Абайдың ақын шәкірттері, балалары – Ақылбай, Турағұл,  досы – Көкбай ақын Әлихан Бөкейханды ерекше қадірлеп, құрметтеген.

  «Алаш туының астында күн сөнгенше сөнбейміз» деп ұлтының асқақ мұратын ту еткенӘлихан Бөкейхан абайтану бастауларындағы алғашқы құнды ғылыми ізденістерді жинақтаушы, насихаттаушы.

  Сонымен қатар Әлихан Бөкейхан - ірі ғалым, көреген саясаткер ғана емес, қылышынан қан тамып тұрған большевиктік өктем саясатқа қасқайып қарсы тұрған, кеңестік шындыққа бетпе-бет келген бірден-бір қайсар тұлға.

  Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газеті бетінде жарияланған ғылыми негізі терең, дәлелі тиянақты публицистикалық мақалаларында қазақ оқырманына патшалық Ресейдің отаршыл аппаратының зорлығын, жасап жатқан айласын жан-жақты сынап, әшкерелеп, сол арқылы халықтың көзін ашып, әлеуметтік шындыққа жетеледі.

  Халқының бостандығы мен азаттығы, болашағы мен бақыты жолын жан сала күрескен, сол жолда құрбан болған Әлихан Бөкейханның сан салалы асыл идеялары бүгінгі тәуелсіз Қазақстан жағдайында бірте-бірте жүзеге асуда. Кезінде «Алаштың Әлиханы» атанған ұлтымыздың ұлы перзентінің халқына жасаған ұшан теңіз еңбегі, рухани асыл мұралары мәңгі жасай бермек.

  М.Қайрамбаева

Абай музейі директорының

ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары

 

МУЗЕЙ ҚОРЫНДАҒЫ ӘЛИХАН БОКЕЙХАНҒА

ҚАТЫСТЫ ДЕРЕКТЕР

  Қазақ жерінде үлкен тарихи оқиғалармен байланысты аталатын қалалардың бірі - Семей. Семей қаласы – ұлттық руханиятымыз бен мәдениетіміздің, әдебиетіміз бен көркемөнеріміздің ту тіккен жері. Қала көшелерінде еліміздің біртуар перзенттері Абай, Шәкәрім, Мұхтардың ізі қалған. Қаламызда Ахмет, Әлихан, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек сынды қайраткерлеріміз Алаш туы астында ел болуға, мемлекет құруға шақырды.

  Қазақстан жеріндегі алғашқы музейлердің бірі де ХІХ ғасырда осы Семей қаласында ашылған. Қазақ даласына бейтаныс бұл жаңа мекеменің маңызын түсініп, жәдігермен толықтыруға Абай Құнанбайұлының үлес қосқаны көпке мәлім. Ал, кейіннен қазақтың бас ақынына арналған Қазақстандағы тұңғыш әдеби-мемориалдық музей де осы Семей қаласында ашылды. 1940 жылы қазақтың ұлы ақынының өмірі мен шығармашылығына арналып ашылған музей экспозициясы кеңейіп, қазіргі уақытта қарамағында 7 бөлімі, 6400 гектар жерді алып жатқан қорығы бар үлкен құрылымға айналған рухани орда.

  76 жылдық тарихы бар мұражайымыздың қарқынды даму кезеңі еліміздің Тәуелсіздік алған уақытынан басталды десек артық айтқан болмаспыз. Тәуелсіздік жылдарында мұражай құрамы жаңадан жасалған 5 бөлім экспозициясымен толықты. Солардың ішінде ерекше атап өтетініміз – 1997 жылы 23 қыркүйекте М.Әуезовтің 100 жыл толуына орай Семей қаласындағы тарихи ғимараттардың бірі, Бөгенбай батыр көшесіндегі 132 үйде, ел тарихындағы Алаш қайраткерлеріне арналып ашылған тұңғыш музей экспозициясы Абай музейінің бір бөлімі болып ашылған еді. Музей ғимараты – Абай, Мұхтар Әуезов есімдеріне тікелей қатысы бар тарихи орын.

  Бұл үйдің иесі Әнияр Молдабаев – Шыңғыс болысынан, Абайдың замандасы, жерлесі әрі шәкірті болған адам. Осынау тарихи үйде орналасқан экспозиция М.Әуезовтің Семейдегі кезеңіне, шығармашылығына, қоғамдық қызметіне және Алаш зиялыларының тәуелсіздік жолындағы қызметіне арналған төрт бөлімнен тұрады.

  Музей экспозициясын жасау кезінде қор құрамында Алаш қайраткерлеріне байланысты бірегей жәдігерлер де анықталды. Солардың ішінде ерекше атап өтетіндеріміз – әр кезде әрқилы жолдармен түскен Алаш көсемі Әлихан Бөкейханға қатысты жәдігерлер мен деректер. Өткен күндер тарихынан сыр шертетін осынау жәдігерлердің ішіндегі аса бір құндысы, қазіргі уақытта көптеген басылымдарда кеңінен таралып кеткен екі фотосуреттің түпнұсқасы біздің қорымызда сақтаулы екендігін көп адам біле бермейді.

  Бұл екі фотосуретті (КП-524, КП-525) өткен ғасырдың 60-жылдарының басында Өскемен қаласындағы облыстық мемлекеттік қауіпсіздік комитеті басқармасында оперативті қызметте болған Исабеков Қазихан Шәкержанұлы тауып алып, ондағы Әлихан Бөкейханов, Турағұл Құнанбаев, Абай шәкірті Көкбай Жанатаев және Қажымұқан Мұңайтпасовтарды танып, суретті әріптесі Әбдіжаппаров Садық арқылы 1967 жылы біздің музейімізге тапсырады.

  Музей қорындағы КП-626 нөмірмен тіркелген тағы бір жәдігер Семей қаласының тұрғыны М.Д.Тычинскаядан 1972 жылы қабылданған. Бұл пошталық ашық хат ретінде шығарылған Әлихан Бөкейхановтың бейнесі. Алаш көсемінің бейнесінің астында «Алихан Нурмухамедович Букейханов. Член І-й Государст. Думы от Киргиз» деген жазу бар. Екінші жағында хат жазуға, мекен-жайды толтыруға арналған орындары көрсетілген бұл жәдігер 1906 жылы баспадан шыққан.

  Семей қаласындағы Ресей географиялық қоғамының жыл сайын шығатын жазбаларының 1907 жылғы кітапшасында жарияланған Әлихан Бөкейханның Абай қазасына байланысты жазылған некрологы басылған түпнұсқа беттері 1963 жылы ағайынды Белослюдовтардың туысы М.Д. Тычинскаядан қабылданған.

  Музей қызметкерлері Алаш қайраткерлерінің өміріне қатысты зерттеулер жасап, олардың өмірі мен шығармашылығын насихаттау жұмыстарына үлкен көңіл бөледі.

  Музей қоры үнемі тың деректер, жаңа жәдігерлермен жыл сайын толығып отырады. Соның ішінде соңғы уақытта шетелдік іссапарлар барысында Алаш қайраткерлеріне байланысты жәдігерлер, деректер табылғаны қуантады.

  Әлихан Бөкейханның қолтаңбасы, Мемлекеттік Думаға депутаттыққа сайлануға қатысты құжаттары, баспасөз бетінде жарық көрген мақалалары – музей қызметкерлерінің ғылыми іссапарларының нәтижесінде қор құрамына кірді. Белгілі алаштанушы, Әлихан Бөкейханның өмірі мен шығармашылығын зерттеуші Сұлтан Хан Аққұлы өзінің көптен іздеп жүрген Әлихан Бөкейханның «Сәуле» журналының бірнеше нөмірінде басылған шығармаларының көшірмелерін біздің музейдің қорынан алғанына алғыс білдіріп хат жазған еді.

  Музей қызметкерлерінің жан-жақты еңбегінің нәтижесінде Алаш тарихы кеңінен насихатталып, біздің «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музейін көруге көптеген қонақтар еліміздің әр тарапынан келеді.

  Алаш қозғалысына қатысқан азаматтардың басым көпшілігі ұлт мүддесіне арналған күнделікті аршынды іс, қарымды әрекеттермен айналыса жүріп, қуғын-сүргін азабына қарамастан әдебиет, публицистика, ғылым, аударма салаларында орасан бай мұра қалдырды. Бірақ осы мұра қазіргі уақытқа толығымен жетпегені қынжылтады. Көптеген басылымдар кітапханалар қорынан жойылған.

  Алаш қозғалысы туралы жазылған А.Бочаговтың 1926 жылы баспадан шыққан «Алаш Орда. Краткий исторический очерк о национально-буржуазном движении в Казахстане периода 1917-19гг» атты кітабы жас ұрпаққа, қалың қауымға Алашорда қозғалысы туралы сонау 20-жылдардың соңында шынайы дерек беру мақсатында жазылған еңбек. Бұл кітап Мәскеу қаласының архивтерінен табылып, мұражай қорына көшірмесі алынды.

  Әлихан Бөкейханның шығармашылық мұрасына қатысты деректерді тізбектесек, олар:

-  «Сәуле» журналының 1924 жылғы бірнеше номерінде басылған шығармалар. Олар Әлихан Бөкейханның ел аузынан жиған аңыз-әңгімелері мен Л.Н.Толстой мен Ги де Мопассан шығармаларының аудармалары.

  Әлихан Бөкейханның Ресей Географиялық қоғамының белсенді мүшесі ретінде көптеген еңбектер жасағаны белгілі. 1902 жылы Санкт-Петербургте патша отбасының мүшелері ұйымдастырған халықаралық этнографиялық көрмеге қазақ даласынан экспонаттар, дәлірек айтсақ, ұлттық киім үлгілерін жинау ісіне атсалысқаны анықталып отыр. Осы аталған көрмеге басқалармен бірге Абайдың да атсалысқаны туралы құжаттарды осыдан бірнеше жыл бұрын айтып, таныстырған едік. Көрменің ұйымдастыру жұмыстары, қазақтарды осы көрмеге қолдарында бар киім үлгілерін беруге шақырып, ол заттарының сол қалпында өздеріне қайтарылатыны туралы құжаттың араб графикасына аудармасы Ә.Бөкейханның өз қолымен жазылған. Осы көрме ұйымдастырылып өткізілгеннен кейін Омскідегі Ресей Географиялық қоғамының ұйымдастыру комитетінің мәжілісіне науқастануына байланысты бара алмайтындығын жазып, қолын қойған қолжазбасы да Омск архивінен алынып, музей қорында сақтаулы.

  -  Қазақ халқының тұрмысы, салт-дәстүріне байланысты мақалалары: ХІХ ғасырдың аяғы-ХХ ғасырдың басында Омскіден шығып тұрған «Киргизская степная газета» атты басылымның 1900 жылғы 7,8 нөмірлерінде «О киргизских поминках» атты мақалада Ә.Бөкейхан осы басылымның №2 нөмірінде «Туркестанские ведомости» газетінен алып басылған Қапал тұрғыны А.Нұржановтың мақаласында көтерілген қазақтардың ас беруіне жұмсалған қаржы халықтың тұрмыс-тіршілік деңгейін төмендетеді, ас беруді тыйдыру қажет, немесе ас берушілерге салық салу керек деген пікіріне байланысты өз ойларын білдіріп, ас беру дәстүріне ара түседі.

  2016 жылдың қазан айындағы іссапардың нәтижесінде музей қоры тағы да олжалы болып, Әлихан Бөкейханның Алашордадағы қызметіне байланысты құжаттардың көшірмелерімен толықты. Бұл құжаттардың басым бөлігі 1917 жылғы төңкерістерден кейін Томск қаласында құрылған Сібір облыстық Думасы және Сібірдің уақытша үкіметі мен «Алаш-Орда» үкіметі арасындағы қатынастарға байланысты. «Об установлении временных взаимных отношений Сибирского правительства с «АЛАШ-ОРДА».

  Өкінішке орай құжаттар толық емес, тек 1917 жылдың қазан айы - 1918 жылдың тамыз айы аралығын қамтиды.

  Көптеген уақыт бойы құпия болып келген бұл құжаттар тек соңғы уақытта ғана ашық қолданысқа шығарылған.

  Сібірдің уақытша үкіметі мәжілістерінің хаттамалары тіркелген журналдан «АЛАШ-ОРДА» үкіметімен қатынастарды реттеуге байланысты деректе былай делінген екен:

«...В результате обсуждения Комиссией одобрен следующий проект Сибирского правительства с АЛАШ-ОРДА.

  1. 1. До выявления воли русскаго населения на территории Алаш-Орда и установления границы ея, считаясь с требованием момента, Алаш-Орда находит возможным:

а/ сохранение в настоящем виде всех смешанных учреждений Земств, Городских Дум под контролем комиссаров назначаемых Сибирским Правительством по соглашению с Алаш-Орда в областях со смешанным населением Акмолинской, Семипалатинской и Тургайской.

б/ Временное подчинение Государственных и смешанных учреждений, управлений и самоуправлений распоряжением Временного Сибирского Правительства, при участии в этом последнем при решениии относящихся к названным областям вопросов, представителей Алаш-Орда.

  1. 2. До конструирования власти, признаваемой всеми национальностями на территории Алаш, Алаш-Орда является органом власти Казак-киргизского народа. Все национальныя общественныя организации и учреждения подчиняются только Алаш-Орда. Она имеет право сбора кибиточной подати и специального обложения в свою казну. Алаш-Орда организует национальные суды, местные советы Алаш-Орды, ведающие на местах всеми национальными делами казак-киргизского населения, остающимися за пределами компетенции восстановленных земств и Городских Дум.
  2. 3.  В отношении организации и управления Киргизской армии соблюдаются следующие условия:

а/ изложенные ниже пункты соглашения сохраняют силу до момента создания федеративной власти: Автономной Сибири и автономии Алаш – или Общероссийской власти, созданной при участии автономии Сибири и Алаш.

б/ Киргизская армия совместно с армией автономной Сибири защищает территорию последней и Алаш, выполняет все оперативные задания, которые ставятся Сибирской армией. ....»

1918 жылы 6 шілдеде жазбада:

«Управляющему Военным министерством

  Ввиду того, что правительство «АЛАШ-ОРДА» решило совместно с ВРЕМЕННЫМ СИБИРСКИМ ПРАВИТЕЛЬСТВОМ бороться с большевиками и довести страну до Учредительного собрания правительство «АЛАШ-ОРДА» постановило создать свою армию; причем не обладая оружием, снаряжением и достаточными средствами на содержание Армии, правительство «АЛАШ-ОРДА» обращается к ВРЕМЕННОМУ СИБИРСКОМУ ПРАВИТЕЛЬСТВУ с просьбой обеспечить киргизскую армию инструкторами, вооружением, снаряжением и всеми видами довольствия.

  Правительством «АЛАШ-ОРДА» при обсуждении о создании Киргизской Армии было решено сформировать 4 конных корпуса и одну отдельную дивизию.»

  Құжаттарды ары қарай қарағанымызда Алаш армиясына қатысты тағы да бір дерек бар екен. 1918 жылы 12 тамызда Сібір үкіметінің әскер министріне Алаш-Орданың әскери бөлімінің меңгерушісі атынан жіберілген. Бұл хатта Сібір үкіметінің Алаш-Орда әскеріне 700 мылтық және қажетті мөлшерде қылыш беру туралы шешіміне сәйкес алғашқы кезекте 4 полктен тұратын бір атты дивизия және бір атты артилериялық дивизион құрылатынын хабарлайды. Олар Семей облысында –Семей, Павлодар қалаларында, Ақмола облысында – Көкшетау және Ақмола қалаларында жасақталатын болып бекітілген.

  «В настоящее время в распоряжение «Алаш-Орда» находятся 300 винтовок системы «Берданъ», которые «Алаш-Орда» просит Вас заменить сверху обещанных Вами 700 винтовок для однообразия вооружения 3-х линейными винтовками.

Винтовки будут распределены следующим образом:

Два полка первоочередные будут вооружены по 400 винтовок каждый, а два второочередные по 100 винтовок каждый.

  Необходимость создания второочередных полков вызвано следующими соображениями: 1) пополнение действующих полков обученными людьми и лошадьми, 2) желание иметь достаточный кадр обученных людей на случай дальнейшего формирования.

  Необходимость создания конного артиллерийского дивизиона вызвано следующими соображениями: 1) сложность обучения личного состава в артиллерии, требующая на обучение большего времени, нежели в других родах оружия, 2) желание иметь специалистов на случай захвата у противника действующими Киргизскими полками орудий, 3) желание иметь достаточный кадр обученных людей на случай дальнейшего формирования.

  В случае приемлимости этих соображений прошу об отдаче в приказ по армии о формировании этой дивизии.

  В настоящее время сформирован в городе Семипалатинск первый Алашский Конный полк в составе 28 офицеров и 750 конных джигитов, который приступил к обучению.

  Кроме того в г.Павлодаре собрано 150 джигитов, в Зайсане 200, в Каркаралинске 350 и в Устькаменогорске 250, которые сидят без денег, вооружения, обмундирования и инструкторов.»

  Осы құжаттардың ішінде 1917 жылы 8 қазанда басталған Сібірдің бірінші облыстық съезіне қатысқан Әлихан Бөкейхан мен Әлімхан Ермековтың өз қолдарымен толтырылған делегаттық карточкалары бар.

  Әлихан Бөкейхан өз құжатын «делегатская карточка №186» толтырғанда өз тегін (фамилиясы) Бокейхан Алихан Нурмухаммедовъ деп көрсеткен екен. Жасы -48, ұлты – киргиз (қазақ), туған жері – Қарқаралы уезі, Семей облысы.

  «Қандай саяси партиядасыз» деген графада «каде Народная свобода» деп жазған. Съезге жіберуші ұйым ретінде «Совет киргиз и крестьянских деп. Тургайской области, областн.киргизскими комитетами Семипалат, Семиреченской, Уральской, Ордынской обл.» деп жазған.

  Қосымша делегаттық карточкада (Дополнительная делегатская карточка) «Журналист, оценщик Земельного банка. После переворота обл. Тургайский ....» деп қызмет түрін, білімі туралы: «ученый-лесовод (окончил СПБ Лесной институт) деп көрсеткен.

  Алаш көшбасшысының өз қолтаңбасы бар бұл құжаттар музей экспозициясынан өзінің лайықты орнын алады деген сенімдеміз.

  Тарихымыздың әлі ашылмаған беттері көп, өткен күндердің ақиқатын анықтау, соларға дұрыс баға беру тарихшыларымыздың, жалпы өз халқының тарихын сүйетін, жаны ашитын көзі ашық азаматтарымыздың борышы.

  Алаш қозғалысы, «Алаш» партиясы, Алашорда өкіметі біздің тарихымыздағы ең құрметті, қасиетті кезеңдердің бірі. Қазіргі Тәуелсіз Қазақстан – Алаш қайраткерлері, оның көшбасшысы Әлихан Бөкейханның, арманының іске асуы деп білеміз.

Пайдаланылған әдебиеттер: 

1. «Абай мұражайы қорының сипаттамасы, - Семей, 2011ж

2. Букейхан А. «Таңдамалы. Избранное» 1-книга. Алматы «Өлке» 2002г

3. «Абай (Ибрагим) Кунанбаев. Некролог»  музей қоры КП-77

4. Р-72 қоры «Сібір облыстық Думасы», Том облысының мемлекеттік архиві.

5. Р-552 қоры «Сібір облыстық бірінші съезі», Том облысының мемлекеттік архиві.

 

Мейір ЕСКЕНДІРОВ,

Семей қаласының Шәкәрім атындағы

мемлекеттік университетінің ректоры,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

 

СЕРІКПАЙ АҚАЕВТЫҢ СЕМЕЙ ӨҢІРІНДЕГІ ҚЫЗМЕТІ

  Семей жерінде еліміздің басқа жақтарында туған, өскен қазақ азаматтарының да келіп, қызмет істегендері белгілі. Солардың қатарында, Түркістан мұхтарияты немесе Қоқан автономиясы аталған мемлекеттілік құрылымының қазақтан шыққан басшыларының бірі, кейіннен Семейге келген Оңтүстік Қазақстан өңірінің тумасы Серікпай Ақаев болды.

  Ақаев Серікпай Жұмағұлұлы Түркістан өлкесінің Сырдария облысы, Перовск уезіінде 1882 жылы дүниеге келген. Ташкенттегі Түркістан мұғалімдер Семинариясында білім алған [1,65]. Зерттеушілер оның Түркістандағы титулярный советник Баки Ғылышбековтың қызы Гүлжәмиләға үйленгенін және одан Махфузбек пен Мұхтария-бек деген екі ұлының болғандығын айтады.

  Семинария курсын бітірген соң Қоқан орыс-түзем училищесінде меңгеруші болып жұмыс істейді. Өзінің айтуына қарағанда, 1913 жылы Губерния хатшысы шенінде отставкаға шыққан. Қызмет істеген мерзімде екі медельмен (Романовтар әулетіне 300-жыл және Отан соғысы) марапатталған.

   Серікпай жұмыс істей жүріп, унмверситет бағдарламасы бойынша жеке сенімді өкіл (частный поверенный) атағын алуға дайындалады. Самарқанд округтік сотында емтиханды ойдағыдай тапсырып, Юстиция министрлігі оны Жеке Сенімді өкіл (Частный поверенный) атағына бекітеді.

  Серікпай Ақаев сенімді өкіл (поверенный) болып Самарқан, Ферғана және Ташкент округтік соттарында жұмыс істейді. Ол қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Сол кезде Түркістанда болып жатқан саяси оқиғалардың бел ортасында Ақаев та жүрді. Ферғана облысынан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының мүшесі болып сайланады [1,65].

  Төңкерістен кейін Ресейден алшақтап қалған, орталықтан Совнаркомның декреттерінен басқа ешқандай нұсқаулар мен басшылық болмаған соң Түркістан өлкесі автономия жариялауды ұйғарады.

  Түркістандық ұлт жетекшілері 1917 жылдың 16 сәуір күні Ташкент қаласына Түркістан мұсылмандарының құрылтайын шақырды. 220 өкіл жиналған құрылтайдың күн тәртібінде Ресейдің мемлекеттік құрылымы мен Түркістанның өзін-өзі басқару құқына байланысты мәселелер талқыланды. Құрылтай жұмысына Түркістан жәдитшілдерінің көрнекті көсемдерінің бірі Мүнәууар қари Абдурашидханов басшылық жасады. Убайдулла Хожаев пен Серәлі Лапин төраға орынбасарлары, Мұстафа Шоқай, Зәки Валиди, Ташболатбек Нарботабеков және Садық Абдусаттаров құрылтай хатшылары болып сайланды. Құрытай жұмысына қатысқан Уақытша Үіметтің мүшесі, Еділ бойы татарларының көрнекті саяси қайраткері Садри Мақсудов пен Мұхамеджан Тынышпайұлы сөз сөйледі.

  Құрылтайдан кейін, дәлірек айтқанда 24 сәуір күні Түркістан мұсылмандарының өлкелік орталық кеңесі немесе қысқаша атымен айтқанда Түркістан Ұлттық Орталығы құрылды. Орталық Кеңеске әр облыстан өкілдер енді. Облыстық ұлттық кеңестердің төрағалары осы Орталық Кеңестің мүшесі болып табылды. Төраға болып Мұстафа Шоқай сайланған бұл комитеттің қалған мүшелері төмендегі кісілерден тұратын еді: Серәлі Лапин, Убайдулла Хожаев, Шахислам Шаhиахметов, Ташболатбек Нарботабеков, Серікбай Ақаев. Орыс тілін жетік білетін Зәки Валиди комитетке хатшы болып тағайындалды.

  Мұстафа Шоқай бұл күндерді кейін былай деп еске алады: «Төңкеріс бізге азаттық пен ұлттық белсенділікке жол ашқандай көрінді. Бірақ ұзақ жылдар қараңғыда қармалып қалған кісінің бірден жарыққа шыққанда көздері қамасатыны сияқты, талай заманнан бері патшалық отарлық саясаттың қапасында тұншыққан біз төңкеріспен келген бостандықтың жарығына шыққанда, көзіміз қамасып, бірден тура жол тауып кете алмадық. Санамыздың қараңғылығы да көзімізді одан сайын қарықтырып, көп сандалдық. Дәрменсіздігіміз бір тобымызды орыс төңкерісшіл демократиясына еруге мәжбүр етті… Екінші тобымыз –көпшілігіміз, саяси табысқа дұғамен жетеміз дегенге сенетін… Әрине, мұның екеуі де қате еді!» [2].

  17 қараша 1917 жылы өлкенің автономиясын жариялаған сиезде Ақаевтың кандидатурасы Түркістан парламентіне мүшелікке ұсынылады. Бірақ, Серікпай ізеттілік танытып бұл қызметтен бас тартады және өзінің осы үкімет үшін, оның тапсырмаларын орындау үшін аянбай еңбек ететініне салтанатты түрде ант береді. Сөйтіп, ол Қоқан уезінің комиссары болып жаңа үкіметте қызметін жалғастырады. Ферғана жақтағы зиялылардың Қоқан автономиясын құрған уақыты осы.

  Большевиктер келіп, Кеңес үкіметін орнатқан соң Ақаев тілектес серіктерімен ол жақтан басқа облыстарға барып бас сауғалауға мәжбүр болады. Бұл жайында С.Сейфуллин: «Сүйтіп, «Алашорда» тәрізді автономия «үкіметтер», отты үрлеп қалса, быт-шыт болып ұшатын жылқының тезегінің күліндей бытырап ұша бастады. Шірік салынды – тасыған дарияға бөгет бола алар ма! ...Алашорда мүшелері – Тынышбайұлы, Шоқайұлы, Ақайұлдары жасаған Қоқандағы Қоқан автономия «үкіметі» солайша тырағайлайды» [3] деп жазған болатын. Большевиктер Серікпайды және басқаларын  алғашқыда қуғындап, соңынан амнистия жариялайды. Бірақ, бұлар большевиктердің бұл рақымшылығынан бас тартады. Май айында (1918 ж) Семейге келіп большевиктерге қарсы күресін жалғастырады.

  Серікпай Ақаев пен Мұхаметжан Тынышпаевтың Қоқаннан Семейге қарай қашып келе жатқан кезінде Совдеп мүшесі Бәйсейіт Әділұлына жолыққандығы туралы Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу» мемуар романында суреттеледі. Онда Ақмоланың оңтүстігіне шығып келген Бәйсейіттің: «Мен сол арғы елде, бір ауылда, әлгі Қоқан автономиясының бастығы Мұхаметжан Тынышбайұлы мен Серікбай Ақайұлына кез болдым Қастарында жолдасы бар. Түркістан жағынан жылыстап қашып келеді екен ... Олар Семей кетті – деді.

– Неге алып келмедің – дедім.

– Алып келуге ұялдым... Бір ауылда түстеніп, бөлек қоста жатыр екен. Салт атқа мінген. Киімдері ишандардың киімдеріндей. әлгі ауыл иесінің үйіне түсіп біраз отырған соң: «Тынышбайұлдарын барып көрейін» дедім Ауыл иесі жаман қорықты. Тынышбайұлы да жаман қорықты. Қостарына бардым. Екеуі де біртүрлі түстері бұзылып, сасып, менімен түрегеліп амандасты. Сонан соң амандасып көңілдерін орнықтырдым. Тигем жоқ. Қайта, жүретін жөндерін туралап, жолдағы елдерін айтып жібердім – деді» [3,182].

  «Міні, саяси дұшпанына, «Алашорда» бастықтарына, Бәйсейіт бүйткен... Ал,  «Алашорда» қайтер еді?.. Бұған дүдәмал жауап жоқ. «Алашорданың» қайткенін көргеміз, көргеміз...» деп, Сәкен өзінің «Алаш» атаулыға аяспас жау екендігін осы кітабында көрсетіп қалуға тырысады. «Қызыл» Байсейіттің адамгершілік ісі де, Сәкеннің Кеңес үкіметі күшіне енгенде соның ыңғайына жығыла жазғаны да заман келбетін нақты көрсетеді.

  С.Ақаевтың өзі жазған өмірбаяндық деректері Семей қаласының мұрағатында сақталған. Оқу бітіргені және қыметтік жолдары туралы құжаттары Қоқан қаласын большевиктер алғанда тәркіленгендігін осы жазған өмірбаянында көрсеткен [1,65].

  Ол кезде сауатты қазақ зиялылары саусақпен санарлықтай аз кезде, Семейдегі алаш белсенділері Серікпай сияқты білікті, алашшыл азаматты өз қатарларынан маңызды нысандарды басқаруға ұсынады. Серікпайды Уақытша үкімет 17 шілде 1918 жылғы № 13 бұйрықпен Қарқаралы уезіне комиссар етіп тағайындайды: «Назначается: частный поверенный Серикбай Акаев – Каракаралинским Уездным комиссаром Семипалатинской обл. За министра Вн. Дел и.д. товарища Министра Павлов» [1,6].

  Серікпай Ақаевтың Қарқаралыда қызмет еткен аз ғана уақытынан-ақ оның саяси ұстанымы, алашқа берілгендігі, қазақтарды барынша қолдауға тырысқаны байқалады. Қарқаралыда уез басқарған кезіндегі жұмысын жақтырмаған партияшыл топ мұны үнемі жамандап жазумен болды. Ақыры жергілікті әскери гарнизон бастығына оны қаматып тынады. Оның тұтқындалғаны туралы өзінің көмекшісі Бельдыцкий жоғарғы жаққа телеграмма соқты: «...что 6-го июня 1919 года получена была мною телеграмма от помощника управляющего какаралинским уездом Бельдыцкого о том, что Управл. Карк. Уездом Акаев арестован начальником Гарнизона [1,46] .

  Серікпайға қойылатын кінәлар: Ж.Ақпаевты және оның жақтастарын қолдады, Алашордашыл, қазақтардың қаруын тәркілеуге құлықсыз болды, орыс поселкелерінің жағдайына қарамайды дегендей болып келеді. Ішкі істер министрлігіне жолданған құжатта: «Арест Акаева, как оказалось, пройзведен по распоряжению Уполномоченного Командира 2-го Отдельного Степного Сибирского Корпуса, при чем Акаеву инкримируется: 1/ неприятие мер к розыску и отобранию оружия и утверждение, что в степи у киргиз оружии нет, несмотря на указание Карк. Сл. Комиссии, что у киргиз Дастарской волости имеются винтовки с патронами, 2/ покровительство сторонникам Акпаева, 3/ непосещение крестьянских поселков.

  … в виду вышеизложенного и принимая во внимания: 1/ что Акаев во время пребывания сначала в должности комиссара, затем управляющего уездом оказался недостаточно исполнительным и слабо осведомленным о происходящем в уезде, обнаружил полное незнакомство с адм. деятелностью, 2/ что он сторонник Алаш-Орды, счел возможным став во главе уезда, оказывал поддержку той группе киргиз каркаралинского уезда, которая стремится к автономному устройству киргизского края., прошу Ваше Превосходительство, об увольнении Акаева от должности Управляющего Каркаралинским Уездом» [1,46].

  «Сторонник Алаш-орды», «став во главе уезда, оказывал поддержку той группе киргиз каркаралинского уезда, которая стремится к автономному устройству киргизского края» деген мағынадағы орыстардың құлағына жағатын және қарсыластарын оңдырмайтын мұндай көрсетулерді сол кездегі «жазғыш» қазақтар шебер пайдалануды меңгерді десек те, Ақаевтың алашқа берілген азаматтық позициясын да байқататыны анық. Әсіресе, аумалы-төкпелі заманда қазақтардың қолындағы қаруды сақтап қалуға тырысқанының өзі неге тұрады.

  Ол кезде қазақтан шыққан оқыған азаматтар Уақытша үкіметте ресми қызмет атқара жүріп, Алашорда үкімеметінің де жұмыстарын жүргізетін. Серікпай Ақаев та Алашорда үкіметінде Іс Басқарушы  болып жұмыс істегендігін төмендегі құжаттан көреміз: «...Большевики убежали в Урджар. За ними послан отряд Габдиханова. Управляющий делами Алаш-Орды С.Акаев» [4].

  Билікті қолдарына алған большевиктер 1920 жылы сәуірінде  Алаш атты әскерін ұйымдастырушылардың тізімін жариялайды. Бұл тізімге алаш белсенділерінен 38 адам ілінген.  Осы тізімде Серікпай Ақаевтың алғашқылардың бірі болып Дүйсембаев Садық, Әлихан Бөкенйханов, Халел Ғаббасовтардан кейін төртінші тұруы оның алаш идеясы үшін белсене қызмет еткендігін, оның барлық жұмыстарына аралысқандығын  айғақтайды[5] .

  Қарқаралыдағы қазақи партиялық тартыс туған жерінен жырақта жүрген Серікпай Ақаевты шаршатқан сыңайлы. Ол облыс басқарушысына жазған хатында осы жағдайларды айтып, демалыс сұрайды: «Г. Управляющему Семипалатинской области 2 апреля 1919 г. Продолжительное большевистское преследование, девятимесячное напряженное занятие в Каркаралинской атмосфере после переворота, среди полной разрухи, при отсутствии помощника сносной канцелярии, совершенно расстроил мое здоровье. Я потеряла сон, аппетит, чувствую сильное переутомление замечаю понижение продуктивности своей работы и не имею физической возможности без ущерба для дела нести дальнейшую службу. .. (прошу дать отпуск. Прилагает справку врача)» дей келіп, «Я убедился, что у них, мнящих себя порядочности, отсутствует чувство добропорядочности. Противно продолжать службу среди них. Вас, если найдете для себя возможным дальнейшей совместной службы со мною, перевести меня из Каркаралов в Семипалатинск или одной из уездов …Акаев С. Каракаралы. 15 мая 1919 г» деп, қызметтен нақты кету себебін ашық айтады [1,27].

  Ақыры 2-ші Далалық Сібір Корпусының командирінің көмекшісі Полковник Караев деген Ақаевты 1919 жылдың 24 маусымында қызметіне сай келмейді деген ұстаныммен Қарқаралы уезінің бастықтығынан босатады.

  Құжатта: «1919 года 24 июня, я, Помощник командира 2-го Отдельного Степного Сиб. Корпуса по Военно-Админстративному Управлению, находя деятельность Акаева и Бектыбаева несовместимой с занимаемой ими должностями и требующего детального расследование … постановил: Акаева и Бектыбаева временно отстранить – первого от должности Упр-ющего .Карк. уездом, второго от должности Карк. Городского Головы…Помощник командира корпуса Полковник Караев» [1,41].

  Большевиктер жеңіп, билікті алған кезде сауатты Ақаев Ревкомға жұмысқа қабылданады. Губревком «инподотдел» деп аталатын бұратана халықтарға арналған бөлім құрған болатын. Осы бөлімнің меңгерушісі қызметіне 1920 жылдың 10 сәуірінде Серікпай Жұмағұлұлы Ақаев тағайындалады. Бөлімде сегіз қызметкер болған: Ақпаев Абдулхамит Ибраевич (іс жүргізуші), Мұстафин Мұстафин Асылбек (жазба аудармашы), Мұқаш Орынбаев (тіркеуші), Сәрсенов Дәлел (заң секциясы меңгерушісі), Мирсалова Рашида (іс жүргізіші,заң хатшысы), Чикибаев Ахмедбек (ақпарат бөлімі меңгерушісі) [6].

 

  Аумалы-төкпелі заманда бір қызметте адамдар көп тұрақтамайтын, сондықтан Ақаевтың да бұл жұмыста көп істемегенін көреміз. Көп жағдайда қазақ оқығандары жетіспегендіктен кейбір адамдар бірнеше қызметті қатар атқаруына да тура келетін.

  Түркістаннан келіп алаш үшін қызмет қылған Серікпай Ақаевтың шығыс өңірдегі атқарған жұмыстары осымен аяқталады. Оның кейінгі өмірі кеңестік мекемелерде қызмет істеген, ал 1937 жылы жаппай ұсталып, 1938 жылы атылған алаштың басқа да қайраткерлерінің тағдырларымен бірдей.

Пайдаланған әдебиеттер

1. ҚЗТҚО ШҚО. Қор 48, тізім 3 ж/і, іс 1.

2. Дархан Қыдырәлі. Түркістан жәдитшілдері және ұлттық автономия(You are here: Home / Тарих / 

3. Сейфуллин С. Тар жол тайғақ кешу. -Алматы 1960. 482 б.

4. ҚЗТҚО ШҚО.  «Сибирьская речь», 1918 ж., № 3.

5. ҚЗТҚО ШҚО.  Қор 1п, тізім 1, іс 21, п. 7 (Түпнұсқа).

6. ҚЗТҚО ШҚО.  Қор 72, тізім 1, іс 114, п. 57.  

 

Қарлығаш Ибрагимова, 

Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының

бас қор сақтаушысы.

 

ӘНИЯР МОЛДАБАЕВ 

  Кез-келген мемлекеттің негізгі мақсаты – ұлттық рухы биік тұлғаларды қалыптастыру болып саналады. Ұлттық рухы биік жан тұлғалық деңгейге жетіп, игілік пен ізгіліктің шапағатын өз айналасына тигізіп қана қоймайды, ұлтын өрге сүйрейді, келер ұрпақтың есті болып жетілуіне өзіндік үлесін қосады. Ұлттық рухы биік тұлғаны қалыптастыру үшін өткен тарих даналығына зер саламыз.

  ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамындағы түрлі қызметімен халыққа жақсы танымал болған осындай айтулы тұлғалардың бірі – Әнияр Молдабаев еді. Ол елге есімі белгілі оқымысты, шенеунік, мемлекеттік банк қызметкері дәрежесіне көтерілген адам.

  Әнияр Молдабаев 1856-1934 жылдары аралығында өмір сүрген. Абай ауылының азаматы, Шыңғыс болысы, Тобықты ішінде Әнет руынан. Әкесі Қожабай ағаштан түйін түйген бесаспап шебер болған.

  Әнияр ұлы Абайдың тәрбиесін көрген адам. Данышпан ақын дарынды бала Әниярды Семей қаласына әкеліп, «Русско-киргизское училищесіне» оқуға табыс етеді. Бұл  оқу орнын ХІХ ғасырдың орта тұсынан бастап қазақ балаларын оқытуға үкімет әдейі арнап ашқан. Патшаның кеңселеріне керекті қазақ тілмаштары мен көмекшілерін, жалпы ұсақ шенеуніктерді сондай мектептерде әзірлеген.

  Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Әниярдың прототипі Данияр Қондыбаев деген атпен берілген. Мұнда Абайдың бірнеше жетім балаларды оқуға түсіргендігі туралы, соның ішінде Әнияр туралы:

  «Осы жолы өз балаларының ғана оқуы емес, тағы бірнеше жетім жастарды Абай өз талабымен, оқуға бергізді. Бұл балаларды көршілес жатақтарынан арнаулы кісілермен алғызған. Соның бірі, Ералы жатағындағы Әнет – Молдабай баласы Данияр деген жетім бала. Бұның оқуға түсуі-өрескел бір күйден туған. Соңғы екі жыл бойында корпус пен Семей жандаралы тарапынан шыққан бір бұйрықта, қазақтан болыс басы бір бала орысша оқуға берілсін делінген. Сол бұйрық Тобықты болыстарына барса, әкесі бар баланы ешбір ауыл қимаған да, бермеген. Берсе жетім берілсін деп, ол жетімдерге және де иелер табылып, құнын төлемесе берместей болған. Осы жайында бір күні Абайға Михайлов сөз кылып, күйінішпен күліп отырып, «бар Семипалат уезі жиылып, бір баласын оқуға беруге қимайды. Осының не шарасы бар?» деп сұраған.

  Сол хабарды білісімен Абай, Тобықтының өзі білген, тілін алады дейтін адамдарының барлығына, қалада жатып хат жазған. Шыңғыс болысының есебінен деп, жатақ баласы Даниярды қалаға алғызып кеп, интернатқа бергізді. Молдабайға сәлем айтып, Шағаннан тапқаны – сол ел ішінде отырған, аз үйлы қырғыздың жетім баласы Омарбек. Оны да орысша оқуға бергізді. Тәкежанға хат жазып, Қызыладырдан және бір жетім баланы, Құрманбай дегенді алғызды. Ералы жатағына бұдан тыс және бір екі баланы оқуға бергізді.Олар Абайдың өзінің аталас елі емес, Мамайдан шыққан, жатақ балалары. Екі жетім, Садуақас пен Қасен деген балалар болатын. Бұл екеуін Абай мұсылманша оқуға бергізді», - деп  жазылған.

  Әнияр данышпан ақынның көмегімен Семей қаласында алған орысша бес сыныптық бастауыш білімін Ташкент қаласында жалғастырады. Содан екі жылдай Ташкентте, үш жыл бойы Марғұланда патшалық кеңселерде қызмет етті. Өзбектің Афтап атты қызына үйленіп, отбасын құрады да елге көшіп келеді.

  Осыдан кейінгі оның өмірі мен қоғамдық қызметі тікелей Семей қаласында өтеді.

  Әнияр Молдабаев сол кездегі мемлекеттік банктің қазақ арасынан шыққан тұңғыш қызметкері әрі алашшыл қайраткер болғаны жайында журналист-тарихшы Мұратбек Кенемолдин «Абай» журналындағы «Әнияр Молдабаев» атты мақаласында көптеген деректер келтіреді. Мысалы, мұнда автор: «Әдетте Әнияр Молдабаевтың қоғамдық қызметі туралы айтқанда, алдымен оның банк саласындағы жұмысы ауызға ілінетіні анық. Мысалы, сондай бір дерек – 1915 жылғы «Қазақ»  газетінде: «Семей. 1913 жылы Семейде Общество взаймный кредит банкысы ашылып еді. Сол банктың қазір 301 члені, 41 мың 820 сом капиталы болды. Биылдан бастап бұл банкке ақша салғандарға салған сомасынан 10 есе артық кредит ашылатын болды. Бұл банктің учетный комитетіне 12 кісі сайланды, мұның екеуі – қазақ. Государственный банкте көп жылдан бері қызмет етуші Әнияр Молдабаев Һәм Заречный слободка саудагері Ғабдулрахман Юсіпұғылы (Абдрахман Жүсіпов). Бұл екеуі де халық жайын жақсы білетін адамдар...» деп берілген. Бұл банкті қазақтар «Уақ-қарыз» серіктігі деп атаған. Егерде 1918 жылы «Абай» журналын бастырушы «Уақ-қарыз» серіктігі екенін ескерсек, онда Әнияр Молдабаевтың да бұл іске қатысы болған деп ойлаймыз. Ал, Абдрахман Жүсіповтың үйінде орналасқан «Жәрдем» баспасынан «Абай» журналы мен  «Сарыарқа» газеттері шығып тұрған.

  Алаш ұлт-азаттық қозғалысы жылдары Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен  «Алаш» партиясының Семей облыстық комитеті құрылған кезде Әнияр Молдабаев бірауыздан  оның қазынашысы болып бекиді. Әрине, партияның мүшелік жарнасын жинау, жалпы партиялық қаржы мәселесі секілді жауапты істер кім көрінгенге сеніп тапсырыла бермегені түсінікті.

  Осы жылдары ол Шәкерім Құдайбердіұлы, Көкбай Жанатайұлы, Нәзипа Құлжанова, Турағұл Абайұлы, Халел Ғаббасов, Әлімхан Ермеков, Райымжан Мәрсеков, Ахметжан Қозыбағаров, Биахмет Сәрсенов тәрізді тағы басқадай ұлт зиялыларымен бірге Земство басқармасының мүшесі болып енеді», - дейді.

  Сондай-ақ Әниярдың өз заманында көрнекті қазақ интеллигенттерімен тығыз байланыста болғандығы туралы жазушы және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» романында:

  «Семейде областной  «Алаш» партиясының ашылған хабарын жазған едік. «Сарыарқаның» соңғы нөмірінде бұл туралы мынадай мақала басылды: «Алаш» партиясының Семейде уақытша областной комитеті ашылды. Комитетке кірген кісілер: Әлімхан Ермекұлы, Райымжан Мәрсекұлы, Имам Әлімбекұлы, Ахметжан Қозыбағарұлы, Турағұл Құнанбайұлы, Сыдық Дүйсенбайұлы, Данияр (Әнияр) Молдабайұлы т.б. Комитет председателі Халел Ғаббасұлы, секретары Сыдық Дүйсенбайұлы, қазынашысы (казначей) Әнияр Молдабайұлы, құрметті председателі Әлихан Бөкейханұлы», - деп көрсетеді.

  Әнияр Молдабаев, шынында ұлы ақынның қамқорлығын көп көрген адам. Тіпті қаржы жағынан да көмектесіп, Семейден Москвин деген көпестің үйін сатып әперген де Абайдың өзі және балалары еді. Бұл үйге Кәкітай, Шәкерім, Мағауия, Ақылбай, Турағұлдар жиі келіп жүрген. Кезінде Мұхтар Әуезов те осы үйде пәтерде тұрған.

  1904 жылы тамыз айының орта шеңінде Семей қаласындағы Әнияр Молдабаевтың үйінде Абайдың қырқы беріледі де, тап сол күні түнде араға қырық күн салып қатты қайғы болып отырған оқиға тағы жалғасып, Мағауия мен Абай, яғни әке мен бала қазасынан кейін Әниярдай қамқор аға үйінде ұлы ақынның үлкен баласы Ақылбай жүрегі соғысын тоқтатады.

  Сөйтіп, кейінде Семейдегі бұрынғыша Комиссар көшесі, қазіргіше Бөгенбай батыр көшесі, 132 үйде Абайды жақын білген ел зиялылары, алаш азаматтары Әнияр ағаларына сәлем беріп, жиналып тұрады. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, яғни 1923-1930 жылдар мөлшерінде Әнияр қарт Шыңғыстауға ел ішіне көшіп, Шәкерім қажы ауылдарымен қатар  қоныста отырады. Алапат ашаршылық, саяси төңкеріс кезең тұсында көненің көзі Әнияр қарт баласы Сапарғалиға тастап кеткен Семейдегі тарихи үйіне қайтып барып, кей деректе 1932 жылы, кей жерлерде 1934 жылы қаңтар айында жарық жалғанмен қош айтысады. Сүйегі Семей мұсылман зиратына қойылған.

  Осы орайда Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайы қорында  қолжазба ретінде сақталған Әнияр Молдабаевтың баласы Сапарғалидың естелік әңгімесіне назар аударайық. Онда:

«ХІХ ғасырдың ІІ-ші жартысында Ресей патшалығы өзіне кадр (тілмаш) орысша оқытуға әрбір болыс елден екі баладан алатын болған.  Әнияр Тобықты Әнет деген рудың Қожабай деген кедей шаруаның баласы. Қожабай төсек, жүкаяқ, тағы басқа заттарға сүйектен ойып әшекей жасайтын қолы шебер адам болыпты. Сол өнерін көрген Абай Қожабайды ауылына көшіріп алып, ұсақ жұмыстар істетіп жүргенде Қожабай өліп, одан үш жетім бала қалады. Соның кішісі 8 жасар Әнияр болады.

  Әнияр жасынан өжет, пысық болыпты. Жоғарыда айтылған орысша оқуға, Абайдың елі «Күшік-Тобықты» болысынан екі бала жібер деп, бұйрық келгенде Абай көршісі Қожабайдың әйелін үгіттеп көндіріп Әниярды Семейдегі «Интернатқа» оқуға жібертеді. Оны апарып тапсырып келуге Қожабайдың бірге туысқан інісі Молдабайды қосады. Молдабай Әниярды өз атына жаздырып, тапсырып қайтады. Әнияр Семейден төрт жыл орысша жақсы оқып елге келгенде Абай оның талабы барлығын байқап Ташкент қаласындағы орта білім беретін бір оқуға жібереді. Әнияр сол оқу орнында оқып, онан кейін Әндижан деген қалаға барып, қызмет істей жүріп, бір өзбектің қызына үйленеді.

  1892 жылы Шыңғыстағы еліне қайтып келеді. Сол жылы жаз елде болып, күздікүні Абайдың көмегімен Семейге келіп, «Государственный банк»-қа переводчик болып қызметке орналасады.

  1893 жылы май айында Әнияр аз күнге демалыс алып, Ақшоқыдағы Ысқақ ауылына келеді. Ертеңіне сәлем беремін Абайға деп, Ақшоқының сыртында «Көк-үйірім» деген бұлақта отырған Абай ауылына бармақшы болады. Қасына Кәкітай және оның үлкен ұлы Архам Ысқақов еріп келіпті.

Абай үйге сәлем беріп, кіріп келген Әниярға қарайды да:

- Қызмет қандай, меңгере алдың ба?

Әнияр банкте переводчик болып жатқанын айтқанда,

- Айлық еңбегің қанша?- дейді.

- 30 сом.

- Өз үйің бар ма? - дегенде:

- Маған үй қайда Абай аға! Татардың бір кішкене үйінде ақша төлеп жалдап алып тұрып жатырмын. Енді Абай Әниярдан көзін аударады да, төменгі жақта отырған Мағауия, Кәкітай, Ғабидуллаларға қарап:

- Сендер ақылдасып, мына Әниярға бір үй сатып әперіңдер, бас қосып, мал үлесіп жисаңдар көпке ауырлық түспейді, - дейді.

Сонда Мағауия:

- Әнияр аға, Семейде өзіңізге қолайлы сатылатын үй барын білмедіңіз бе? - дегенде. Әнияр:

- Шаған еліндегі саудагер ноғай Ахметжан Ғаббасов «Москвин деген байға берешегін өтей алмаған соң, басындағы үйін беріпті. Сол үйді Москвин сатамын деп еді, бірақ бағасы қымбат 500 сом сұрайды , - деді.

Оған қанша мал керек десіп есептегенде 30 бесті, яғни 200 қойдың бағасы екен десіпті.

Абай Кәкітайға:

  - Қолыңа қағаз, қарындаш ал, ал менің айтқанымды жаз, - деді де, Мағауия 5 бесті, Кәкітай 3 бесті, Ғабидулла 5 бесті, Абайдың өзі 7 бесті тағы өз қоғамындағы адамдардың шама-шарқына қарай айтып, жазғызып есептегенде 35 бесті болыпты.

  Ысқақтың баласы Кәкітайға осы жиналған малды қалаға апарып сатып, түскен қаражатты Әниярдың қолына беруді тапсырады. Абайдың сол әмірі айтқан мерзімінде орындалып, осы үй сатып алынды деп, өзімнің туған әкем Әнияр сан рет айтып отыратын. Сол сияқты Архаш ағам да сан рет айтқанды.

  Бұл үй алғашқы алғанда астылы-үстілі екі бөлмеден төрт бөлме болған. Әнияр оған жалғастырып, үлкейтті. Абай, Мағауия, Кәкітайлар Семейде болған уақытында жататын мекен жасады. Әсіресе, Абай жиі келіп- айлап, апталап, тіпті жылдап жататын.

  Мен – Сапарғали Әниярұлы 1890 жылы туыппын. Менің 8 жастар шамасына келгенде  Абай атам, кәзіргі музейдің  «Мемориальный залы» болып тұрған бөлмеде, ортасына кілем, сырмақ, көрпе салғызып қойып, дөңгелек үстелдің үсті кітапқа толып тұрады, қолтығының астына екі-үш жастықты қойып, кітап оқып, жазу жазып шынашақтап, жантайып отырушы еді. Менің шешем Абайдың ішетін тағамын дайындап, шайын құйып беріп, сол бөлмені Абайға арнап, таза ұстап  отыратын. Абайды арнайы басқа жерден іздеп келушілерді, осы үйде қабылдап отыратын.

  Мен ол кезде жаспын. Ол кісінің не сөйлесіп, не айтып жатқанына мен мәне бере алмайтын кезім, сондықтан, Абай мынандай сөздер айтып еді деп, айта алмаймын. Тек менің есімде қалғаны, Абай отырған бөлмеге кейде ойнап жүріп кіре қалсам, ей, қарапұшық бала бері кел деп, шақырып, қасына отырғызатын. Дөңгелек бет, толық, қараторы, денелі адам еді.

  Әкем Әнияр 1919 жылдар болуы керек банктен пенсияға шығады. 1910 жылдан мен өзім де сол банкте қызмет істей бастадым. Кредитное товариществодан бастап система государственный банкке повышение алып, әкемнің қызмет орнына отырдым.

  Әкем Әнияр 1934 жылы 21 январьда таңертеңгі сағат 4-те қайтыс болды. Сол өзіміздің үйдің астыңғы этажында. Әкем көзінің тірісінде бұл үйді банкке өткізіпті. Өзім көп жыл осы банкте істедім. Үйімді банктің балансына беремін деп беріп кеткен екен. Осы күні банк архивінде әкем Әниярдың қолжазбасы бар. Абай музейі біздің үйде орналасқанда Абайдың өзі жататын бөлмесінде біздің үйдің мүліктері Абай пайдаланған мүліктер ретінде сол үйде қалды. Ол мүліктер мыналар еді:

1. Айна, ортасынан сынып жарылған.

2. Жазу столы, кресло орындығымен.

  1. Көкегі бар кішкене ағаш сағат.

4. Кітаптар салатын шкаф.

  1. Ағаш төсек.

  Менің әкем Әнияр, маған Кәкітайдың  қызы Қабиданы алып берді. Ол кісімен 38 жыл бірге тұрдым. Қабидадан бір қыз, бір ұлым болды. Қызым Күләш 1953 жылы қайтыс болды. Ұлым Мұқыш, қазірде тірі, ауырып больницада жатыр, - деп еске алады.

  Әниярдың үйі демекші, Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағы баспадан шығар алдында осында Кәкітайдың араласуымен бірталай жұмыстар атқарылған. Және осы жинақ шығаратын И.Бораганский «Восточная электропечатная» баспаханасы бір баспа табақ қағаз басып, Семейдегі Әнияр Молдабаевтың үйіне жіберіп тұрған. Әнияр болса бұл қағаздарды Кәкітайға жеткізіп берген. Ал Кәкітай оның қатесін түзеп, қайта Петербургке жіберген. Міне, осындай сергелдеңмен жүріп, Абайдың бірінші өлең жинағы 1909 жылы, яғни үш жылда зорға жарыққа шыққан.

  Сол сияқты Әнияр Молдабаевтың үйінде азаматтық қарсыласу жылдары Алашорда басшылары Әлихан Бөкейхан мен Міржақып Дулатовтың отбасылары тұрғаны туралы Гүлнар Міржақыпқызы «Алаштың сөнбес жұлдыздары» атты мемуар еңбегінде: «Әкем 1921-1922 жылдары Семей губсотында жұмыс істеді де, біз Комиссарская көшесіндегі Әнияр Молдабаевтың екі қабатты жекеменшік үйінде тұрдық (кейін Абай музейі болды). Үстіңгі қабатында біз – Дулатовтар,біріншісінде Әлихан атаекемнің (Бөкейханов) үй-іші жайғасқан еді», - деп айтады. Ал, көрнекті жазушы Сапарғали Бегалин «Замана белестері» кітабында Әниярдың үйінде тұрып, оның жақсы танысы, ерлі-зайыпты Нұрғали және Нәзипа Құлжановтардан дәріс алғанын әңгіме етеді.

  Ендігі кезекте  Абай қалаға келгенде тоқтап жүрген екі қабат ағаш үй, қазірде «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» деп аталып жүрген мұражай тарихына тоқталсақ.

  Семей-тарихи, шежіре қала. Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезовтің даналығы қанат бітіріп, дем берген қадірлі де қасиетті атамекен. Алаштың астанасы болып саналатын әсем қала.

  Семейде 1917-1920 жылдары Алаш ұлт-азаттық қозғалысының қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Ғаббасов, Мұхаметжан Тынышпаев, Әлімхан Ермеков, Елдес Омаров, Шәкәрім Құдайбердиев, Жүсіпбек Аймауытов, Турағұл Ибрагимов, Ахметжан Қозыбағаров, Мәннан Тұрғанбаев, Әбікей, Қаныш Сәтбаевтар, Мұхтар Әуезов, Жақып Ақбаев, Мұстафа Шоқай, Райымжан Мәрсеков, Көкбай Жанатаев, Сейдазым Қадырбаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Біләл Сүлеев, Асылбек Сейітовтер белсенді қызмет атқарып, өз елінің егемен ел, іргелі мемлекет болуын аңсады.

  Сол жылдардағы Семей туралы Жүсіпбек Аймауытов өзінің «Ақбілек» романында былай деп суреттейді: «Семей ызғындай елдің ортасындағы өнер-білімнің, сауда кәсіптің, от арба, от кеменің тоғысатын кіндігі, қара шаңырағы, бір губерния елдің миы, ақыл-ойдың табысы, бір губерния елдің жүрегі» дей келе, Семейдің сол уақытта сауда саттықтың орны, тоғыз жолдың торабы екенін ерекше атап көрсетеді.

  Сол кезеңнің тарихи куәгері – Бөгенбай батыр көшесі, 132 үйде орналасқан  (бұрынғы Полицейская, 1877 ж., одан кейінгі Комиссарская, 1918 ж.) екі қабатты үй-мемориалдық ғимарат. Үйдің иесі жоғарыда айтылған – Әнияр Молдабаев еді.

  1944 жылы Абайдың 100 жылдық мерейтойына дайындық кезінде М.Әуезовтің ұсынысы бойынша Абай мұражайы, осы Әнияр Молдабаевтың үйіне орналасқан-ды. Бұл үй 1967-1990 жылдары қалалық балалар кітапханасы болды. Ал 1990 жылдары Әнияр Молдабаевтың үйі Абай мұражайының қарамағына берілді. 1996-1997 жылдары мұражай ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілген. 1997 жылы 23 қыркүйекте М.Әуезовтің 100 жыл толуына орай мұнда Абайдың мемлекеттік мұражайының «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» бөлімі салтанатты түрде ашылды. Мұражайды ашу құрметі сол уақыттағы ҚР Мемлекеттік хатшысы Әбіш Кекілбаев пен Республика премьер-министрінің орынбасары, білім және мәдениет министрі Иманғали Тасмағамбетовке берілді. Мұхтар Әуезовтің қызы Мұғамила Әуезова мен немере қарындасы Гүлнар Разаққызы қазақ халқының ежелгі дәстүрімен шашу шашты. Ұлы жазушының мерейтойының құрметті қонақтары жаңа мұражайдың бірінші көрермендері болды.

  Әнияр Молдабаев 78 жасында дүниеден өткен. Ал одан тарайтын ұрпақтары туралы 1995 жылғы «Заман-Қазақстан» газетіндегі белгілі абайтанушы Бейбіт Сапаралының «Абайдың «құдасы» Әнияр кім?» және 2000 жылғы «Егемен Қазақстан» газетіндегі ғалым Әбдісағит Тәтіғұловтың «Текті тұлғалар тұяғы» деген мақалаларында  жазылған.

  Аталмыш зерттеу еңбегінде жазушы Бейбіт Сапаралы: «Шежіре дерекке зер салатын болсақ, Әниярдың Сапарғали есімді ұлы болғанын, 1910 жылдары ол баласын Кәкітайдың қызына үйлендіріп, Мұхаметғали есімді немере сүйген жайын аңдар едік. Әниярдың інісі Сүндетбайдан  Қалаубек пен Сіләмбек туатын болса, Сіләмбектен Самат, Сағынтай, Мақсұт және Нұржамал есімді үш ұл, бір қыз тарайды. Осы Нұржамалды кішкене күнінен Әнияр өз бауырына басып, атақты Ақберді қажының (Ақберді – Өскенбай немересі) Ұсатайдан туған немересі Жұматайға өз қолынан ұзатады. Осылайша Әнияр Молдабаев ұлы мен қызы тұрғысынан да Абай ауылымен жақын құдандалы болады. Жұматай мен Нұржамалдан тараған – Тілес, Ілияс, Гүлнұр, Гүлмира, Айдос, Жәмила, Мәдина, Данияр, Айдос атты шөбере-шөпшектері», - деп келтірген.

  Міне, Алаш ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысқан, алайда есімі көп атала бермейтін арыстарымыздың бірі – Әнияр Қожабайұлы Молдабаевтың ұлағатты өмір жолы осындай.

 

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, т.ғ.д.

ҚАРА ҚЫПШАҚ ҚОБЫЛАНДЫ ҚАЙ ЗАМАННЫҢ ҚАҺАРМАНЫ?

(Ә.Бөкейханның «Қара қыпшақ Қобыланды батыр» аталатын сын мақаласы негізінде)

  Әлихан Бөкейханның қазақ аңыздары мен жырларының ұлы кейіпкері Қара қыпшақ Қобыланды батырға арналған көлемді сын мақаласы «Қазақ» газетінде 1915 жылы 126-129 сандарында Қыр баласы деген әйгілі лақап есімімен жарияланған. Бұл жан-жақты мақалада әлі күнге дейін қазақ әдебиеті мен тарих ғылымы үшін өзекті көптеген мәселелер көтерілген, тіпті кітаптың мұқабасы қалай безендірілуі керектігіне дейін өз пікірін білдірген. Ә.Бөкейхан сол кезеңде қазақ ұлтының ұстазы, көшбасшысы және қамқоршысы екенін осы сын-мақаланы қарап отырып-ақ аңғарасың. Біз Әлекеңді зерттеуші ретінде өз ұлтының тарихы мен мәдениетінен, жақсы-жаман қасиеттерінен, тұрмы-салтынан қол үзбеген ұлы тұлға деп есептейміз.  Қазақ пен Ә.Бөкейханов арасында көзге көрінбейтін, бірақ зерттеушіге аса қажет тамырластық  бар. Өкінішке орай бүгінгі күні ғалымдарымыздың көбінде ұлт пен тұлға арасындағы тек пен  тәрбие арқылы келетін байланыс жоғалып кеткен.

  Бұл үлкен де құнды мақаланың көтерген түйткілді сұрақтарының ішінен біз бір ғана аспектісін таңдап алып отырмыз, ол Қара қыпшақ Қобыланды батыр қай заманда өмір сүрді деген мәселе. Әдебиеттеанушы, мәдениеттанушы мен тіл зерттеушілері мақалада айтылған аса қажетті  тақырыптар бойынша бізді толықтыра жатар.  Тағы бір ескерте кететін мәселе, Ә.Бөкейхан зерттеушілік үлгісі тарихи деректануды игере бастаған жастар үшін аса қажет. Қай заманда болмасын зерттеушінің ғылыми деңгейі түпнұсқа мен бертіңгі заманның қоспасын айыра білуіне байланысты анықталады. «Қара қыпшақ Қобыланды батыр» жырын талдай келе Әлекең «Қобыландыдағы» -заманына ұйқаспайтын жырларды, қазақ жұртының мәденет тарихына еш пайдасы жоқ өлеңдердің әлгі «Сал-Сал», «Зарқұм»- дағы құл және надан ақындар қосқан» дейді (5, 307 б.). Бүгінгі күні де қазақ сөзінің маңызын түсінген, тарихынан хабардар адамға, қаптап кеткен «қолдан жасаған қаһармандардың» әр сөзінен жалғандық пен қоспа білініп тұратыны айқын. Әлекең осы жағынан бізге үлігі.

  Ә.Бөкейхан алдымен «Қара қыпшақ Қобылданды батыр» жырының қысқаша мазмұнын келтіреді. Тоқтар бай мен оның бәйбішесі Аналықтың «әулиеге ат айтып, қорасанға қой айтып» Құдайдан бала сұрағаны, әулиенің аян бергені, одан Қобыланды мен Қарлығаның туғаны оқырманға белгілі болар.

  Қобыланды тектен-текке эпикалық жырдың қаһарманы болсын ба, сағат санап, күн санап өсті, «алты жасында Қызыбастың жұртында патша Көклен кемпір бар екен, Қобыланды жүз құлаш биіктен теңге атып түсіріп, осы Көкленнің Құртқа атты қызын алды» (5, 299 б.). Ә.Бөкейханов «Қара қыпшақ Қобылданды» жырында дәл осы Көклен кемпір образын сомдауда кейінгі заман ақындарының қоспасы барынан бастайды «Көклен кемпір Қобыланды теңгені атып түсірген соң келіп, шырағым-ай, мұсылман зат бала екенсің деп, мұсылман болған...Қобыланды заманында қазақ кітапқа құл емес, Көклен кемпірді ақынның өзі мұсылман қылып отыр» (5, 303 б.).

  Сонымен Көклен кемпір кім болды екен ? Бұл жерде ежелгі оғыз қауымдастығының құрамындағы гөклен тайпасы туралы деректерді еске алған дұрыс.  Гөклендер  салырлармен (салор) бірге ішкі оғыздардың құрамында және қоныс аудару үрдісіне ерте ілікті. Гөклендердің алғашқы легі қазақ жерін қоныс аударғанда  Ескі Үргеніш маңында орын тепсе, екінші бөлегі Иран жеріне қоныстанған. Мухаммед Риза мираб Агахи кітабына қарасақ «Гоклены живут по р. Атреку и его притокам, главным образом в персидских владениях, почти все оседлы» (1, с.20). Салыр (солор) бір бөлегі Шығысқа қарай қоныс аударған, қазір Қытайдағы  аз этностардың бірі. Гоклендердің Қызылбас билігін мойындауы Қаджар үстемдігі кезінде деп есептеуге болады, сонымен бірге қызылбас пен  гөклен ертеден бері көрші және бәсекелес екенін ұмытпау да керек.

  Жырдағы Көклен кемпір туралы сюжеттен  шығатын қорытынды біреу. Қобыланды, жалпы қыпшақ елі үшін гөклендер ана жұрт, яғни қайын жұрт болып табылады. Қыпшақтардың ерте орта ғасырларда Ертістің оң жағалауындағы қоныстан жылжып сахараны игеруі және тарихи аренаға шығуы да оғыздардың гөклен сияқты тайпаларының қолдауы деп түсіну керек. Ә.Бөкейхан да «Алты жасында Қобыланды осы Көкленнің Құртқа атты қызын алды»  деп ескертеді (5, 299 б.). Құртқа түркі халықтары арасында қасқыр деген ұғымды да білдіреді. Ендеше біз ««Қара қыпшақ Қобылданды» жырындағы Құртқа образы қыпшақ қауымдарының даланың қасқыр киетекті оғыз тайпаларының құндылықтарын қабылдауын көрсетеді деген пікірдеміз. Әл-Масудидің замандасы араб географы әл-Истахри /Х ғ./ оғыз елінің Ұлы даланың ең ортасында орналасқанын суреттеп: «Пределы страны гузов – то, что находится между хазарами и кимаками, страной карлуков и булгар и границами мусульманских стран от Джурджана до Фараба и Исбиджаба» дейді (6, с.43). Бұл жерде хазарлардың Еділ бойы мен Каспийдің сол жағалауына қоныстанғанын, оған шекаралас бұлғарлардың мекен еткенін, қарлұқтардың Жетісу өңіріне қатысты айтылатынын, ал Джурджан – Арал теңізі, Фараб – Отырар,  Исбиджаб – Сайрам екендігін ескерген жөн. Сонда оғыздардыңғ  Ертіс жағалауынан бастап, Сарыарқаны түгел қамтып, Еділ-Жайыққа дейін қолын созып жатқаны түсінікті. Ертіс бойындағы қыпшақ қауымдастығы алғашында оғызға бағынышты болғаны туралы деректерде нақты айтылады. Шығыс деректерінде далалық өлке ол кезде «Музаффат әл-гузия», яғни оғыз даласы, кейін қыпшақтардың оғыздарды оңтүстік-батысқа ығыстыруы нәтижесінде «Дәшт-и Қыпшақ» атана бастады. Оғыздың үстем заманында қазіргі Бетпақ дала – Оғыз шөлі деп аталады.

  Екінші мәселе Қобыландының досы Қият жұртынан шыққан Қараман кім? Қият (хион, хон) түп-тегі қола дәуіріне бастайтын көне жұрттардың бірі. Қияттар туралы «Авестада» айтылады. Бұл тақырып тым бұлыңғыр, дегенмен дерек ретінде Қараман мен Қобыландының арасындағы достық қыпшақтардың оғыздарға қарсы күресте қияттармен одақтасқанын аңғартады. «Қара қыпшақ Қобыланды» жырында сипатталатын Қараман батырдың атауына қарағанда қият елі саны жағынан қыпшақтан көп, жасы жағынан да ересек.

  Ә.Бөкейхан алдымен Едіге жырын мысалға алып отырып, Тоқтамыстың тоғыз батырының бірі Қобыландыны еске түсіреді.  Шәкәрім «Шежіресіне» сілтеме жасап «Бұл Қобыландының ісі ХІУ ғасыр ортасына лайық» дейді (5, 299 б.). Келісеміз, себебі  Тоқтамыс хан мен Едіге мырза ХІУ ғасырдың екінші жартысының адамы, яғни Қобыланды да сол кезеңге келеді. Бірақ Шәкәрім «Шежіресінде» Қобыланды батырдың аты Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты  аталады. Ә.Бөкейхан «Қара қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным ?» деген қазақ мақалы Ақжол атасы Құдан жырауынан қалған (қара: «Шежіре». 31 бет). Бұл екі ханның заманы 1450-інші жылдар. Бұған қарағанда Қобыланды 15-інші ғасыр ортасындағы жігіт болады, онда Тоқтамысқа жігіт бола алмайды» дейді (5, 300 б.).

  Бұл әңгіменің ұзын-ырғасы Шәкәрім «Шежіресінде» былай баяндалады: «Сол кезде Шибан нәсілінен Әбілхайыр хан деген Жошы ұлысының күншығыс жағын түгел билеп тұрды. Сонда қазақтың  ханы Әз Жәнібек хан еді. Әбілхайырға қарап тұрушы еді. Әз Жәнібектің шын аты - Әбусағид еді. Тоқатемір нәсілінен, Барақ хан баласы еді. 1455-інші жылы Әз Жәнібек хан немере інісі Шаһгерей ханмен тамам қазақты алып, Әбілхайырға өкпелеп, Шудағы Шағатай нәсілінен, Есенбұғаның баласы Тоқлұқтемір ханға қарады. Әбілхайырға өкпелеген себебін біздің қазақ бұлай айтады: Біздің осындағы арғындардың арғы атасы Дайырғожа Әбілхайыр ханның сүйікті қазысы екен. Әділ айтқандықтан Ақжол атаныпты. Және Қара қыпшақ Қобыланды батыр да Әбілхайырға сүйікті екен. Екеуі ішінен жауласып жүргенде, бір күні далада, Қобыланды батыр Дайырғожаны өлтіріп кетіпті. Әз Жәнібек хан біліп, Қобыландыны шариғат бойынша, қысас қылып өлтіруге сұрапты. Әбілхайыр хан берейін десе, көп қыпшақ бұзылатұғын болған соң бере алмай, үш кісінің құнын алып бітім қыл деген соң, Әз Жәнібек хан өкпелеп кеткені, біздің қазақта мақал болып жүрген: «Қарақыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным», деген сөз Дайырғожаның сүйегін айналып жүріп жылаған әкесі Құдан тайшы деген кісінің сөзі. Аты – Құдан еді, «тайшы» деген өлеңші, ақын дегені» (10, 34-35 бб).

  Бұл жерде шындық біреу болса керек. Шайбан әулетінің соңына тоқсан екі баулы қыпшақтар ергені анық. Қобыланды батыр – эпикалық тұлға ретінде осы қыпшақ қауымының жиынтық бейнесі ретінде қызмет істеген.  Ақжол би де эпиқалық тұлға, Жәнібек пен Керейге ерген алаш қауымның ортақ ұраны.  Құдан /Қотан/ тайшы – қазақтың мифтік аталарының бірі, нақты өмір сүрген уақытын айыру қиын. Алаша туралы аңыздарды оқысаңыз Майқы, Қотан, Қоғам, Кондыкер билердің заманы  өте көне кезең.

  Осыдан кейін Әлекең Қобыланды батырдың өмір сүрген кезеңін  мөлшеріне қатысты екі түрлі деректі  салыстыра келе «Қобыландының алысқаны қызылбас та, қалмақ та болмай, Жәнібектің жұрты арғын һәм өзге қазақтар болып жүрмесін» дейді (5, 300 б.). Бұл пікір болжам түрінде айтылады.

  Енді Қазан ханға келейік. Ә.Бөкейхан Шәкәрім «Шежіресіне»  сілтеме жасай отырып, енді Қобыланды соғысты делінетін Қазан хан қай заманның Қазаны деген мәселеге келеді. Әлекең үш түрлі Қазанды атайды. Оның біріншісі «Қобыландыдан бұрын болған...Түркияның ескі патшасы Ғұсманмен замандас. Ғұсман 1299 жылы патша болған». Екінші Қазан Шыңғыс ұлы Толыға алты ата «бұл да Қобыландыға замандас болатын көрінбейді» (5, 300 б.). Үшінші «Шағатай ұлысын жалғыз қаратып алам деп көп жаһид қылған» Қазан хан. Ә.Бөкейхан «Қобыландымен соғысқан Қазан хан осы болуы ықтимал. Бұл Қазан офат болған жыл 1347-інші жылы» дейді (5, 300 б.).

  Біздің ойымызша «Қара қыпшақ Қобыланды» жырында айтылатын Қазан хан оғыздың жырлары мен аңыздарының кейіпкері атақты Қазан алып. Оның ізі Ұлы Ертістің сол жағасында, Павлодар облысының  Май ауданының жерінде аңғарылады. Совет дәуірінде бұл жерде «Қазан совхозы» аталатын елді-мекен, шаруашылық ұжымы болды. Бұл совхоздың орталығы кәзіргі Жұмыскер ауылы, бөлімшілерінің бірі – Қызыл Еңбек. Осы жерлердің тарихи ескерткіштерге молдығы бізді таң қалдырады. Кәзіргі ауылдардың орта ғасырлық қоныс-қалалардың үстіне орын тепкені ғайыптан сақталып қалған  биік қорғандардан, әр жерде шашылып  жатқан қызыл кірпіш сынықтарынан көрініп тұрады. Ертіс бойындағы экспедициялар кезінде бірнеше жасы үлкен, ескіден хабары бар адамдарға жолықтық және «Қазан қорасы» аталатын ескі қыстауды зерттедік.  Осылайша  біздің ұлы дарияның жағасында Қазан алыпқа қатысты ескерткіш орналасуға тиіс деген ғылыми болжамымыз өзіне дәлел тапты. «Қара қыпшақ Қобыланды батыр»  жырында аталатын Қазан хан ішкі оғыз, сыртқы оғыз аталатын қалың елдің басшыларының бірі. Ол жырда қызылбас атанғанмен,  шын мәнінде оғыз елінің көсемі.  Қазан атына көп оқырман  «Қорқыт ата»  кітабын оқып қанық деп есептейміз. Енді «Қазан» атына қатысты кейбір тарихи материалдарды тізбелейік.

  “Қобыланды  батыр”  жырында Қазан туралы әңгіме  «Әлқисса, ол кезде Қызылбастың елінен Қазан деген ер шықты, ноғайлының жерін,  Сырлы қала,  Қырлы қала деген екі қаласын тартып алды»  деп басталады (8,  29 б.). Тарихи деректерде  «қызылбас» деп Иран және Әзірбайжан жерін мекендеген  түрік (оғыз) тайпаларын айтады. Олар ертеде,   яғни оғыз заманында қазақ жерінен,  Ертіс пен Сырдың ортасынан шыққан елдер. Жалпы саны жеті ру- қаджар, афшар, шумлу, румлу т. б.  атаулары бар. Бұлардың билікке келуі шах Исмаилдың заманы,  яғни ХУ1 ғасырдың басы.  Исмаил шах Сәфи-ад -дин  Ардабилидің баласы,  өзінің билігін осы тайпаларға сүйеніп жасады. Өзге елден ерекше көріну үшін жаңағы тайпалардың еркек кіндігі бастарына он екі қызыл жолағы бар шалма /шиіттің 12 имамына арнап/  тартатын.  Бұл  жауынгер тайпаларға сүйенген Исмаил өте соғысқұмар болды.  Біздің  қәзіргі уақытта өзбек пен қазақтың ХУ-ХУ1 ғғ. Иранға қарсы жүргізді деген соғыстарымыз осы қызылбасқа  қарсы соғыстар (4, с.128).  «Қара қыпшақ Қобыланды жырында» ертедегі  қыпшақ –оғыз  арасыдағы соғыстардың да, бертінгі қазақ –парсы  /қызылбас/ соғыстарының да лебі бар. Тек  «қызылбас»  атауын жыршылардың Қазан заманына қатысты шартты түрде ғана пайдаланылатынын айтқан дұрыс.

  Қияттың басшысы Қараманның кеңесімен Қазан ханға қарсы Қобыланды батыр аттанды дейді жыр. Қазан жырда бірде «қырық қақпалы», бірде  «қырық күншілік»  делінеді,  яғни Қобыланды мен Қазан арасы  әжептеуір жер. Шын мәнінде бір- біріне таяу орналасқан болса керек.  Жырда айтылатын Алтынды тау менің ойымша Алтай маңына ұқсайды,  Караспан тауын дәл анықтау қиындау. Калай  дегенмен осы жерден аттанып келіп қыпшақ пен қияттың Қазанды шапқаны айқын болуға тиіс. Жыр мазмұнына қарағанда  Сырлықала мен Қырлықаладан басқа  Қазан қаласы да болған:

Жалғыз адам құтқармай,

Сырлықала бәндесін

Артық туған Қобыланды

Айдап шықты далаға...

Бұл қырғынға қоймады,

Қобылекең бұған тоймады,

Шәрісін тегіс бұзсам деп

Ат қоймаққа ойлады

Қазанның Қырлы қалаға.

Қаланың аузын қан қылып,

Қақпаның   аузын шаң қылып,

Тұлымдысын тұл қылып,

Айдарлысын құл қылып,

Солқылдаған мырзасын

Табанға салып жүн қылып

Алтын артты шанаға...

Өтірік емес, жан аға,

Қырық қақпалы Қазанды

Он сегіз күн дегенде

Бұзып-жарып батырың

Малын-жанын ыңғыратып.

Қақпаның аузын аштырып,

Айдап шықты далаға,

Есіктің алды мойыл-ды,

Ашыққан қият тойынды (8, 73-74 бб.)

  Міне, Қобыландының қылған ерлігі. Ертіс бойындағы ерте орта ғасырлық қимақ (кемек) қалалардың азып кетуіне осындай жаугершілік себеп болғаны айдан анық. “Қорқыт ата кітабында»  Қазанды “Ұлашұлы  Телеқұстың баласы, кем-кетіктің панасы, оғыз елінің арыстаны мен қабыланы, қоңыр аттың иесі, Ораз ханның әкесі, Баяндүр ханның күйеуі  /күйеу баласы- Ж.А./, барлық оғыз елінің бақыты, оғыз батырларының  ағасы” деп  атайды (9, 22 б.). “Бір күні Қазан өзінің қырық жігітіне тоқсан жерден алтын шатыр тігіңдер, елдің бектері мен батырларын жиындар” деп жарлық берді. Ел жақсылары жиылған соң “жата-жата жамбасымыз тозды, тұра-тұра беліміз талды” деп сейілге ертіп Алатауға алып кетті. Дәл осы сәтте Қазанның жаулары да қапысын тосып отыр еді. Орданы шауып Қазанның баласы Оразды қырық жігітімен байлап алды, Қазанның әйелі сұнғақ бойлы Бөрлі сұлуды қасындағы шыбықтай сұлу қырық қызымен олжалады (9,23 б.).

  Осы Қазанды шауып жүрген  Қобыланды батыр болуға тиісті.  “Қорқыт ата кітабы” әуелде жыр түрінде айтылып, кейін сан рет өңделіп барып, казіргі Түркия жерінде хатқа түскен мұраның бірі. Оның әуелгі нұсқалары менің пікірімше Қобыланды жырына тікелей қатысты болса керек. Тек біреуінде оғыздың, екіншісінде қыпшақтың тарихы, ерлік істері баяндалады. “Қорқыт ата кітабының” соңында Қазан басқарған ішкі оғыздар /бұзоқ/ мен Аруз бастаған сыртқы оғыздар /үш оқ/  бір-біріне өкпелеп, ел бұзылды. Осы жырда айтылатын Бұзоқ тайпаларының бір қасиетті мекені Есіл өзенінің бойында – Қараөткөл, қазіргі Астана қаласынан бес шақырым жердегі Бұзоқ көлі мен оның жағасына орналасқан қалашық болса, үш оқ қазақтың үш жүзінің негізін салған саяси - этникалық нұсқа емес пе?!

  Жырда біресе қалмақ, біресе хан делінетін Көбікті тұлғасының ар жағынан қыпшақпен бірде жау, бірде дос печенег (бешене)  елінің жиынтық бейнесін аңғауға болады. Ә.Бөкейхан «Қобыланды жырындағы Көбікті хан осы Көкетай хан болмасын»  деген болжам жасайды. Қалай болғанда да Көбікті хан өмір сүрген заманы қырғыздың ерте тарихын жырмен өрнектеген «Манас»  жырының қаһармандарынан алыс емес.

  Осы жерде Ә.Бөкейханның тарихи зерттеу үрдісіне  қисынды да (логика) қосатынын  аңғарамыз, бұл да біздің  жас тарихшыларымыз үшін үлгі. Мәселен жырда Қобыландыға жақтас болып Қазанды бірге шабатын Орақ деген батыр бар: «Қазан басты қара дәу, Шығып еді қаладан, Орақ алып тастады...». Әлекең «Қазақта «өз алдына жыры бар Орақ батыр болған. Бұл орысқа тұтқын түсіп 10 жыл жатыпты. Бұ да Қобыландыдан көп соң болса керек: Қобыланды заманында орыс қазақ батырын ұстап отыра алмайтын» дейді (5, 301 б.). Ә.Бөкейхан қазақтың ата-бабаларының Алтын Орда сияқты империяның құрамында болғанын және ол кезде орыстың империяның жауынгерлеріне ешқандай залал жасай алмайтынын аңғартып тұр.

  Ә.Бөкейханның Алшағыр, Орақ, Атантай, Тайлақ сияқты кейіпкерлердің Қобыланды жырына бертінде енгенін ескертетін «бұ да ақын қосымшасы көрінеді» деген пікірімен қосыламыз. Қобыланды жырында жырдың негізгі өзегіне Ә.Бөкейхан жазғандай бертінде енген ақындардың қосымшалары аз емес.

  Қосымшалардың тым көптігінен ««Қара қыпшақ Қобылданды» жырын талдау өте қиын. Бұл жерде  жырды ең алдымен текстологиялық тұрғыда әбден зерттеу қажеттілігі туралы  Ә.Бөкейхан пікірімен келсеміз. Жырдың ғасырлар бойы айтылып келіп, әр заманда өзі өмір сүрген ортаның ықпалына түскені анық, яғни ол жерде бірнеше дәуірдің әсері бар. Енді осы страттарды ажырату міндет. Ол үші бір амал жырдағы әр адам атына, тарихи атауларға қатысты зерттеулер жүргізу. Жоғарыда біз жырдың негізгі нұсқасы ерте ортағасырлық қыпшақ конфедерациясы заманында дүниеге келді дедік, ендеше жырдың қай ортада, қай заманда туғанын анықтауға себі тиетін жыр мәтінінде айтылатын Сырлықалаға талдау жасап көрейік:

Сырлы дейтін қаласы,       

Қорғансыз сырты ашық-ты.

Қырлы дейтін қалаға

Атарман да, шабарман,

Беклері басын қосыпты

Қырлы қала маңынан,

Жау жүре алмас десіпті

Қырлы қала шәрінің

Бір жағы судың жағасы,

Алты қабат ор қазып,

Бекіткенін қарашы.

Қырық жерден қойдырып,

Болаттан соғып қақпаны…

  Бұл суреттемелер орта ғасырлық қимақ (кемек)-оғыз қалалары туралы жазба және археологиялық деректерді еске түсіреді. Сырлы қала аталатын қоныс Ертістің сол жағалауында әлі де бар, ал Қырлы қала бұл суреттемеде Ұлы Ертістің жағасына орналасқан оғыз қалаларының бірі болуы керек: «Қырлы қала шәрінің, Бір жағы судың жағасы». Мүмкін бұл жерде Ертістің оң жағалауына Сырлы қалаға қарсы орналасқан Қара қала сияқты қалашықтардың бірі де айтылуы мүмкін.

  Құртқа сұлудың Қобыландыны шығарып салып тұрып айтқаны:

Қазан салған қос қала,

Қырлы қала, Сырлы деп,

Сырлысын бұрын аларсың.

Жалғасып біткен жанында

Қасқарлық деген тауы бар

Басына оның шағарсың.

  «Қобланды батыр» жыры Қырлы, Сырлы қалалардың әуелде қыпшақтың қалалары болғанын жазады: «Әлқисса, ол кезде Қызылбастың елінен Қазан деген ер шығып, ноғайлының жерін, Қырлы қала, Сырлы қала деген екі қаласын тартып алды. Қырлы қалаға бектерін, сырлы қалаға жендеттерін жатқызып жатып алды» (8, 29 б.). Бұл дерек те ортағасырлық қалалардың Ертіс бойында оғыз-қыпшақ (кемек) шекарасында орналасқанын көрсетеді.

«Қобыланды  батыр» жырында Сырлы қала Бес ағаш деген жерде орналасқан:

Намаз ақшам жеткенде,

Қазанның Сырлы қаласын,

Қобыланды батыр көреді,

Бес ағаштың түбінде.

Жырдағы “Бес ағаш” Ертістің оң жағалауындағы қазіргі “Бес қарағай” аталатын қарағайлы алқап.

Бес ағаштың түбінде,

Қазанның алған жылқыға

Ағыны қатты Бурылмен,

Аңқытып келіп жолықты

Қазан елдің көп жылқы

Жатыр екен далада,

Қаланың сыртқы баурында,-

дейді жыршы (8, 61б).

  Қазақ жылқыны Ертістің оң жағасында ұстайды. Оң жаға биік жар, жардың ар жағы  тақтайдай тегіс дала, содан әрі жүз  шақырым орман- тоғай. Ертістің оң жағалауынан басталатын кең өлке Құлынды даласына қазақ  тайпаларының көпшілігі жылқысын айдайды. Ертісте қыс түсіп, мұз қатқан  соң Сарыарқадан  келген жүздеген мың жылқы қос-қос болып арғы жағаға өтеді. Бұл ежелден келе жатқан тәртіп. ХҮІІІ ғасырдың ортасында  орыс Ертістен қазақты өткізбейміз деп өткелдердің  түбінде талай рет  қанжоса соғыстар болған. Осы қантөгіс соғыстар арқылы қазақ Ертістен  жылқы айдау құқығын сактап қалған. Ертіс әскери желісінде  талай  бекіністерді салған капитан И. Г. Андреев қазақтың  жылқысының  санына  дейін жақсы біледі (2, с.52-65).

  «Қобыланды жырында» айтылатын Бес ағаш Ертістің оң жағасындағы тоғайдың ертеден бергі аты. Қазіргі уақытта «ленточный бор» деп атап жүрген ағашты қазақ  Бес ағаш, Бес қарағай атаған.  Кейіннен бұл атаумен Павлодар обылысының территориясындағы елді-мекен және Шығыс Қазақстан облысының ауданы аталып кетті. Ендеше оғыз-қыпшақтың Сырлы қаласы мен Қырлы қаласының орналасқан жері Ертістің сол жағалауында Бес қарағайға қарсы өңір деп айта аламыз. Сырлықаланың тағдыры оғыз-бечене(печенег)-қыпшақ арасындағы тарихи тартыстың куәсі. Бұл елдер алғашқы уақытта бір-біріне жақын-туыс көрші болған, кейін жаугершілік көбейіп кеткен. “Худуд ал-әлем” жазатындай – “всякий раз как между ними (қыпшақ (кемек, бешене) и гузами бывает мир, зимою они идут к гузам. Царя кемеков зовут хаканом” (6, с.56 ). Осыған байланысты Ә.Х.Марғұлан “кипчаки и гузы жили совершенно нераздельно, как в позднейшее время казахи трех сотен на Сыр-Дарье” дейді (11, с.13).

  Біздің ойымызшпа қыпшақтар мен оғыздардың  шекарасында, Ертіс өзенін бойлай қимақтардың отырықшы қоныстары орналасқан. Қимақтардың отырықшылыққа бейім, яғни қалалық жұрт екені деректерден мәлім, әл-Идриси қимақ қалаларының арасына кеме жүреді, оның өз мерзімі бар дейді. Бұл ойланатын мәселе, бұл жерде кәдімгі тұрақты тіршілік нышаны бар. Сонғы  кезде шығыстанушылар,  соның  ішінде  Б. Е. Көмеков арабтың  “қимақ” деген емлесін  “кемек”  деп оқу  қажеттілігін дәлелдеді.   Ендеше кемек сөзін тікелей «өзен адамдары» деп аударуға болады деп ойлаймыз.  «Кемек»  өзен бойындағы түркі тайпалары. Кемек атауының негізгі нұсқасы, түбірі «кем/хем»  сөзі  өзен деген мағына береді.  Мысалы  -Ұлығ  Кем –Енисей өзені.  Осыған байланысты үлкен қайық деген  сөзі қазақта әлі күнге «кеме», судың жиегі «кемер» деп аталады.

  Деректерге қарағанда қимақтар мен оғыздардың шекара аймағында «Андар аз-Хифчак» деген өлке бар. Бұл «Қара қыпшақ Қобыланды» жырында айтылатын «Көктім аймақ»  сияқты өлке Ертіске сол жағынан жапсарлас болса керек деген пікірдеміз. Оның тұрғындары оғыздарға жақын: «люди ее некоторыми  обычаями похожи на гузов». Бұл деректен қыпшақтар мен оғыздардың арасында көзге түсетіндей, елеулі ерекшеліктер бар екенін аңғаруға болады. Қыпшақтың алғашқы уақытта оғызға бағынышты болуы да осы контексте түсінікті. Оғыздардың өзге елдерден ең басты ерекшелігі – көшпелілікке көбірек бейімділігі, жауынгерлігі: «вызывающе наглы и воинственны, недоброжелательны и завистливы; бродят по пастбищам и всюду, где есть трава, и летом и в зиму. Достояние их – лошади, быки и бараны. У них есть оружие» (6, с.61).

  Осы жағдайларға байланысты кемек мәселесі Орталық Азия тарихының ақ-таңдақ бетінің бірі және оғыз-қыпшақ тарихын түсінуге кілт деп айтуға болады. Жазба деректерде және ортағасырлық карталарда келтірілген мәліметтер бүгінгі күнге шейін сақталған тарихи ескерткіштермен салыстырылып зерттелген емес. Ең бастысы осы өлкеге қатысты шежіре аңыздары жүйеленіп, зерттелген жоқ. Осы себептерге байланысты тарихнамада бір мәселе шала қалып қойды деп айта аламыз -ол оғыз мәселесі.

  Ә.Бөкейханның Қобыланды батыр туралы пікірі М-Ж.Көпейұлы шежіресінен де қолдау табатын сияқты. Қазақ шежіресінің білгірі «Осы күнде шежіре сөйлеп жатқандар: бірі қытай тарихынан аударып алады, бірі орыс жазушыларынан аударып алады. Қазаққа ол қалай дәлелді шежіре болады ? «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы –Майқы би» -дегендей, анық қазақтың өз ортасында сөйленіп жүрген танымал сөзден алып жазған біреуі де жоқ. Біздің Арғынның әр жақ, бер жағында –Қидан Тайшы» аталған ешкім жоқ. «Дайырқожаның әкесі Қидан тайшы» депті. «Қидан –деген өлеңші болады»-деп мағына беріпті ...Қазақ қазақ болғаннан бері қарай «өлеңшіні» «ақын» деп атайды. Мұның айтқан Дайырқожасы мен Қидан тайшысы –басқа бір жұрттың кісісі шығар. Және мұнда бір ұнамсыз сөз : «Қара қыпшақ Қобыланды хандарға бағыныпты» -деген. Олар бір басты екі аяқты пенде былай былай тұрсын, «Құдай бар-ау !» деп, мойыны бұрылмайтұғын  майталмандар» дейді ( 7, 10 т, 135 б.).

  Қобыланды батырдың ХУ-ХУІ ғасырлардың оқиғаларымен ешқандай байланысы жоқ. Бұл жағынан М,-Ж.Көпейұлы ескертпесі жөн. «Қобыланды батыр» жырының негізгі сюжеттері ұлы далада оғыздар мен қыпшақтардың арасында қантөгіс соғыстар жүрген байырғы түркі заманына қатысты. Өте күшті қыпшақ тайпаларының әскери одағына төтеп бере алмаған Ұлы даланың бұрыңғы иелері -оғыздар батысқа және оңтүстікке  Арал теңізіне жақын өлкеге, Каспий жағалауына, Сырдың бойына, одан әрі Таяу Шығыс пен Шығыс Еуропаға жылжыды. Егер біз қыпшақтардың Х-ХІІ ғасырларда негізінде тәңірілік түсініктермен жүргенін ескерсек М.Ж.Көпейұлының «Олар бір басты екі аяқты пенде былай былай тұрсын, «Құдай бар-ау !» деп, мойыны бұрылмайтұғын  майталмандар» дейтін сөзінің тарихи шындықтан алыс кетпегенін   мойындау керек.  Бұл тақырып біздің Орта Ертіс бойындағы кездесетін Сырлы қала, Қырлы қала, Бесағаш, Қазан қорасы т.б. «Қобыланды батыр» жырында айтылатын тарихи топонимдерге жүргізген этимологиялық анализде көтерілді. Біздің ойымызша оғыз-қыпшақ заманында жасалған жыр бұл топонимдердің ертерек пайда болғанына негізгі дәйек. Сырлы қала, Қырлы қала оғыз қоныстары, ал Қазан қорасы Ертістің жағалауында қазіргі Саты ауылынан тым алыс емес, атақты Қазан бектің ордасы болуы әбден ықтимал.  Ертістің үлкен саласының бірі Ақсу өзенінің жағасында, Қазалы көліне иек арта орналасқан  Қазалы қонысын да оғыз дәуірінің ескерткіші деп қарастыруға болады.

  Соныменен Қобыланды батырды оғыз –қыпшақ дәуірінің қаһарманы деп айтуға біздің дәйекті дәлелдеріміз бар.  Бұл тарихи тұлғалардың Қазақ хандығы тұсында аңыздарда қайта жаңғыруы біздің ойымызша  Жошы ұлысы ішіндегі күрделі саяси жағдайдан туындайды. Бұл ұлыстағы бір жағы Орда Ежен әулетінің сұлтандарын қолдаған арғындар, екінші жағынан Шайбан сұлтандары мен хандарының соңынан ерген қыпшақ (тоқсан екі баулы қыпшақ) тайпалары арасындағы үлкен қарама-қайшылықтар Қазақ хандығының пайда болуына себепші деп ойлаймыз.

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Агахи Мухаммед Риза мираб. Собрание султанских сообытий. М., 2010.
  2. Андреев И.Г. Описание Средней орды киргиз-кайсаков. Алматы, 1998.
  3. Артыкбаев Ж.О. Среднее Прииртышье в контексте основных проблем Евразийской истории//Еуразия этностары мен мәдениеттері: өткені мен бүгіні. Астана.,2013. 2 т. -158-164 бб.
  4. Атыгаев Н. Проблема взаимоотношений Казахского ханства и сефевидского /қызылбашского/ государства в ХҮІ// Историко- культурные взаимосвязи Ирана и Дашт-и Кыпчака в ХІІІ-ХҮІІІ вв. Алматы, 2004. сс.125-140.
  5. Бөкейханов Ә.Н. Қара қыпшақ Қобыланды.//Шығармалары. Алматы,1994. 298-312 бб.
  6. Историко-культурное наследие кимаков и кипчаков. Сост. Н.Е.Кузембаев. Павлодар, 2006. (Серия: Кочевники. т.2).
  7. Көпейұлы М.-Ж. Шығармалары. 1-20 тт. Павлодар, 2013.
  8. Қобланды батыр //Батырлар жыры. Т.І. Қазақ  халық әдебиеті. Көп томдық. Алматы,1986.
  9. Қорқыт ата кітабы. Ауд. Ә. Коныратбаев, М. Байділдаев. Алматы,1986.
  10. Құдайбердіұлы Ш.Түрік, қырғыз-қазақ һәм ханлар шежіресі. Орынбор, 1911.
  11. Маргулан А.Х. Остатки оседлых поселений в Центральном Казахстане// Археологические памятники Казахстана. Алма-Ата, 1978. С. 3-36. 

ӘЛИХАН ЖӘНЕ ШӘКӘРІМ ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ

  Әлихан Бөкейхан 1870 жылы 5 наурызда  бұрынғы Семей облысыҚарқаралы уезі, То­қы­рауын болысының 7-ші ауылында туған.

  Ата-тегі Шыңғысханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Арғы атасы атақты Сұлтан Барақ. Қазақтың соңғы хандарының  бірі Бөкей осы Сұлтан Барақтың баласы. Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, одан Әлиханның әкесі Нұрмұхамед.

  Жасынан зерек, алғыр өскен Әлиханды әкесі Қарқаралыдағы жергілікті молданың қолына оқуға береді. Бірақ ол молданың қолынан оқуды канағат тұтпай, қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепке ауысады. Оны бітіргеннен кейін 1879-1886 жылдары Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепте оқиды. 1886-1890 жылдар аралығында Омбыдағы техникалық училищесінде жиырма жасында Дала генерал губернатор кеңсесінің ұсыныс хатымен, қазақ қауымдастығының 200 сом стипендиясын алып, 1894 жылы Ресей империясының елордасы Санкт-Петерборға барып, Орман шаруашылығы институтының экономика факультетіне түседі. Күнделікті сабақтарымен қоса студенттердің саяси, әдеби, экономикалық және басқа үйірмелердің жұмысына қызу араласып, студенттік толқуларға қатысады. Ресей империясының қол астында отырған өз халқының ауыр тағдыры қатты толғандыра бастайды. Қараңғылық пен надандықтың шырмауында отырған халқына білім мен мәдениет керек екенін ұғады, елдің тұрмысын, мәдениетін, білімін көтеруді өзінің алдына мақсат етіп қояды.

  Ресей империясының қазақ даласына жүргізген отаршылдық саясатына өзіндік көзқарасы қалыптасып, марксизмнің экономикалық қағидаларымен қаруланған, саяси астыртын күрестің түрлері мен әдістерін үйреніп, саяси күрескер тәжірибесін жинақтайды. Қаланың саяси әлеуметтік, қоғамдық жұмысына белсене араласады.

  Әлиханның саяси көзқарасының пісіп, жетілуіне, кейін белгілі саяси, қоғам, мемлекет қайраткері әрі қазақ ұлт азаттық қозғалысының ұйымдастырушысы және көсемі ретінде танылуына, саяси күрескер ретінде шыңдалуына Омбыдағы күндері ерекше ықпал етеді.

  1905 жылдан бастап Ресей конституциялық-демократиялық партиясының (кадеттер) мүшесі, оның қазақ бөлімшесін құру мақсатында Оралда, Семейде жиындар өткізген. Қарқаралыда патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы өткен қозғалысқа қатысып, 14 500 адам қол қойған Қарқаралы петициясын ұйымдастырушылардың бірі болған. 1905 жылы Әлихан Бөкейханов Семей қазақтарының атынан 1-ші Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланған. 1905-1907 жылдары Омбыдан шығатын кадеттік «Голос степи», «Омич» және «Иртыш» газеттерінде, 1908 жылы Санкт-Петерборда жарық көрген меньшевиктік «Товарищ», кадеттік «Речь», «Слово» газеттерінде редакторлық қызмет атқарған. 1911-14«Қазақ»газетін ұйымдастырудажәнеоныңжалпыұлттықдеңгейгекөтерілуінезор еңбек сіңірген. Бүкіл мағыналы өмірін Әлихан халқының азаттық алып, еркін ел болуына арнап, сол мақсат жолында қызмет жасаған.

  Ақпан төңкерісінен үлкен үміт күткен Әлиханның үміті ақталмайды. Уақытша үкімет, оның ішінде өзі мүшесі болып жүрген кадет партиясының көсемдері қазақ қаутономияберугеқарсыболады. Оның үстіне олар мен жер мәселесі жөнінде де ымыраға келе алмайды да, ол бұл партиядан шығып, қазақтан сайланған тоғыз өкілді бастап барып, Томск қаласында Сібір автономистерінің құрылтайына қатысады. Осында болашақ Сібір республикасының құрамында Қазақ автономиясын құрылмақ болады.

  Құрылтайдан оралысымен Әлихан қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдастыруға кіріседі. Артынша, 1917 ж. желтоқсанында бүкіл қазақтардың құрылтайындаАлаш автономиясы жарияланып, Ә. Бөкейханов сол алғашқы Қазақ республикасының тұңғыш төрағасы (президенті) болып сайланады.

  Қазақтың ұлт көсемі – Әлихан Бөкейханов Семей қаласында алаш идеяларын жүзеге асыруға қол жеткізеді.  Осы жолда Әлихан Абай ауылының  біртуар азаматтары: Шәкәрім, Кәкітай, Турағұл, Көкбай, Тұмабаймен силас болып, араласқан.

  Семейдің іргесіндегі Шыңғыстау – Әлихан үшін зиялы азаматтарымен ғана  құрметті емес, сонымен бірге анасының елі, нағашы жұрты болуымен қымбат. Үйдің жақсы болуы ағашынан, баланың жақсы болуы нағашысынан - демекші Әлихан Тобықтыға жиен. Оның шешесі Мамайдың алты баласының үлкені Жолбарыстың Дулатының қызы - Бекжан. Ал Дулаттың екінші қызы Ботантай Құдайбердінің әйелі. Осы жағынан да Шәкәрімнің әкесі Құдайберді  мен Әлиханның әкесі Нұрмұхамед бажа да, Шәкерім мен Әлихан бөле. Олардың араларында бауыр тартар осындай туыстық жолдары бар. Бұдан да жоғары, бұдан да жарқын жол – қараңғыда жол салған – азаттықтың ақжолындағы Алаш қозғалысы болды.  Осы жолда Әлихан мен Шәкәрім үндестігінің ұштасуы, Алаш арыстарымен бас қосуы жүзеге асты. Қазақ елі мен жерін басқару, оқу жүйесі, әскер, милиция құрылымдары туралы мәселелер күн тәртібі кезегіне қойылып, қазақ – қырғыз съезінің  қаулыларын басшылыққа  алумен қоса Әлихан Бөкейханов; бастауыш мектептерде оқуды ана тілінде оқыту, ұлттық мұғалімдер даярлауды жүзеге асыру, оқу құралдарын шығару туралы нұсқауларын берген. Алаш партиясы Семей губерниялық комитетінің мүшесі, кейіннен басшысы болған Халел Ғаббасов, «Оқытушылыар ұйымының хатшысы» Мұхтар Әуезов маңызды жұмыстар ұйымдастырған.

  Шәкәрім Құдайбердіұлы осы қызу ортада ұлт мүддесіне қалтқысыз қызмет еткен Алашорда үкіметінің төбе биі – соты болып қана қоймады, қазақ зиялыларының алдында тұрған міндеттердің үлкен саласы – оқу, білім болса, сол білім, ғылымға жету жолына өзінің өлең – жырларын арнады. «Бостандық таңы атты» деген өлеңінде;

                        Бостандық таңы атты,қазағым,көріңдер,

                        Арға ие басшының соңынан еріңдер.

                        Таң артынан хақиқат  күн шығады,

                         Еріншек, жалқаулық әдеттен безіңдер,-

десе, білім-ғылым арқылы адамдардың санасына әсер етіп, қазақ ортасын жақсартуда;

 Өнер-ғылым үйренсең, еңбек етіп,

Мазақ болмай елдікке жетер қолың,-деумен бірге жастарға;

                   Талаптан да, білім мен өнер үйрен,

                   Білімсіз

                   Өнерсіз

                   Болады ақыл тұл,-дейді.

  Бұл бағытта Шәкәрім Абайдың Шығыстың асыл қазынасы – поэзиясын, орыс халқының тілі мен мәдениетін білудегі ұстаздық үлгісін басшылыққа алады.

  Әлиханның алғаш Шыңғыстау елінің азаматы Кәкітаймен таныс болғаны 1900 – жылдан басталған. Бұл туралы Әлихан былай дейді: «Әуелі Кәкітайды 1900-жылы күздігүні көрдім. ...1904 жылы Абай марқұмның өлеңін кітап қылып басыңдар деп, балаларына хат жаздым. 1905-жылы шілденің аяғында Кәкітай Абайдың қолжазбасын алып, Омбыдағы маған келді... Кәкітай біздің үйде бірер жұмадай жатты. Абай, Пушкин, Лермонтов сөздерін бірге оқып, мәз-майрам болдық. Анық таныстық». (Абайдың ақын шәкіттері, 2 к. 8-бет.)

  1917 жылы Алаш партиясы құрылғанда Шәкәрім, Турағұл, Көкбай бастаған Абай шәкірттері түгел Алаш партисын қолдады.

  Абайтануға алғаш қадам жасаған Әлиханға Абай шәкірттері ішінде Көкбайдың құрметі үлкен болған. Какітай мен Турағұл баспаға әзірлеген Абайдың алғашқы өлеңдер жинағының Петерборда, 1909 жылы басылып шығуына көмек көрсеткен Әлихан Бөкейхановқа ерекше тебіреніс көңіл – күйін білдіріп, 1913 – жылы Әлиханға арнап жазған өлеңінде:

Қарағым, жалғызымсың қазақтағы,                                                                                                                            

Ұл тумақ сендей болып аз-ақ-тағы.

Өгіз өліп, болмаса арба сынып,

Өмірің өткен жансың азаптағы,- деген.

  Әлиханмен достасып, үлкен күрес жолында болған адамның бірі  М.Әуезовтың «Абай жолы» романында Торғай руының басшысы Құлыншақтың атақты 5 батыры – «Бес қасқа» атанып кеткен баласының бірі Наданбайдан туған Тұмабай.

  Тұмабай Құнанбай қажының «Ескі там» мектеп-медресесінен арабша хат танып, Семейден оқуын жалғастырған. Сол кездерде ол Әлихан Бөкейханов, Өтебай Тұрманжанов, Мұхтар Әуезовтермен танысып, достасқан. Бұл туралы Тұмабай Наданбаевтың ұлы – Қазақстан тағам өнер кәсібі министрі, ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Наданбаев Бөкейлен Тұмабайұлы былай деп еске алады: «Әкем Әлиханды өте жақсы көретін және аса сыйлайтын еді. Екеуі кездескенде төс қағыстырып, кезек – кезек түйістіріп сәлемдесетін еді. Сол кісінің құрметіне мен туғанда менің атымды Бөкейге «лен» - ді қосып Бөкейлен деп, атымды қойған екен. Ал әкем: Наданбаев Тұмабай 1937 жылы 24 қаңтарда қамауға алынған. Оған 1937 жылы 14 тамызда, Қазақстанда Алашорда үкіметін құрмақ болған ұлттық контрреволюциялық топтың мүшесі айыбы тағылып, ату туралы үкім шыққан. Үкім 1937 жылы 14 тамызда Семей қаласында орындалған», - дейді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ардагерлер мекемелерінің орталық Кеңесінің 2008 жылғы.

  «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» ғұмырнамалық жинақтар сериясының 16 кітабының 459 бетінде кеңінен баяндалады.

  Тәуелсіздік жолындағы азаттықтың – қараңғыда жол салған Алаш туы (1918) бой көтерген бүгінгі Семей Алаш арыстарының рухымен гүлденген қала болып қана қоймай, қазақ зиялыларының асыл қазынасын сақтаған, ұлттық мәдениеттің рухани орталығы болуда. Кешегі Алаш арыстары армандаған бастауыш мектептерде оқуды ана тілінде оқыту, қазақ тілінде орта мектеп, университет ашу болса, бүгінде Жаңасемей қаласында «Шәкәрім атындағы облыстық дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын мамандырылған мектеп», оқуды ана тілінде оқытатын мұғалімдер даярлауда  Семей қаласында Шәкәрім атындағы мемлекеттік университет жұмыс жасайды. Бұл Алаш азаматтарының асқақ арманының жүзеге асуы болмақ.

                                                                              Досымхан Тоққараұлы

Қаламгер, ұстаз, Еңбек Ардагері.

 

ЕКІ СУРЕТ СЫРЫ 

  Абай музейінің ғылыми қорында Алаш қайраткерлеріне қатысты көптеген тарихи фотосуреттер жинақталған. Олар еліміздің асыл азаматтарының бейнесін бүгінгі ұрпаққа жеткізген тарихи маңызы мол құнды жәдігерлер қатарында. Ал, осындай құнды жәдігерлердің бүгінгі күнге дейін сақталып, олардың музей қорына қашан, қандай жолдармен түскені туралы деректердің өзі бір жеке шежіре екенін де біле жүргеніміз абзал. Мысалы, Шәкәрім Құдайбердіұлының 1912 жылы Семейде түскен фотосуретін сонау ХХ ғасырдың 30-жылдары Шәукен (Оразғали) Бақашұлы отқа тастаған кітап, қолжазбалардың ішінен тауып алып, өз басын қауіпке тігіп, ширек ғасыр уақыт бойы сақтап, Шәкәрімнің ұлы Ахатқа тапсыру тарихын білеміз бе?

  Бүгін біз қазіргі уақытта көптеген басылымдарда кеңінен таралып кеткен екі фотосуреттің музей қорына түсу тарихын сөз етпекпіз. Қазақтың асыл перзенттері, Алаш қайраткерлері, ХХ қасырдың басындағы ұлт зиялыларының бейнесі сақталған осынау екі фотосуреттің түпнұсқалары біздің қорымызда сақтаулы екендігін көп адам біле бермейді. Музей қорында КП-524, КП-525 нөмірімен тіркелген бұл екі фотосуретті өткен ғасырдың 60-жылдарының басында Өскемен қаласындағы облыстық Мемлекеттік Қауіпсіздік комитеті басқармасында оперативті қызметте болған Исабеков Қазихан Шәкержанұлы тауып алады. Суреттердің екеуінде де Турағұл Абайұлы мен ұлы ақын шәкірті Көкбай Жанатаев бар. Олармен бірге сол суреттердің біреуінде Әлихан Бөкейхан, ал екіншісінде Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және Қажымұқан Мұңайтпасовтарды танып, суреттерді әріптесі Әбдіжаппаров Садық арқылы 1967 жылы 21 қыркүйекте біздің музейімізге тапсырады.

  ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары, Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, қазақтан шыққан журналист Жұбандық Болғанбаевтармен бірге Абайдың ұлы Турағұл, шәкірті Көкбай Жанатайұлы Семей қаласында жиналған кезінде түскен бұл фотосуреттерге қарап «осындай кездерде талай әңгіме айтылған шығар, ел өміріне қатысты мәселелер талқыланып, әр азамат өз пікірін ортаға салған шығар» деген ой туындайды. Абайдың шәкірті Көкбай Жанатайұлының мына бір үндеу сөздері осындай бір пікірталастар соңында жазылған ба деген ой келеді: «Үш жүз» партиясы анық содырлы-сойқанды жүзі қаралар партиясы. Бұл жұртқа келген үлкен дерт. Сөздеріне құлақ қоймай, өздерінен аулақ болып, сақтану алаш балаларына борыш. Қазақтың баяғыдан бері аяқ астына басылып, көрген қорлығы, көрген зорлығы мен зомбылығы аз емес. Енді «Үш жүздің» қуларына айтарымыз: Елімізді ірітпеңіздер, ел қылып ұстау сендердің қолдарыңнан келетін іс емес. Ел де есін біледі, сендердің соңдарыңнан еріп, жарға қамалып жығылмайды. Халықты әуре қылмай, өлген мұжықтың қойынында қалаш табылатын болса, соны іздеп қараңдар! Біз Алаш партиясының соңынан ереміз, анық көшбасшылар сонда» - деп айтқан екен Көкбай ақын.

  Осындай тарихи фотосуретті тоталитарлық жүйенің қаһарынан қорықпай, музей қорына қабылдап алудың өзін де ерлікке теңеуге болады. Қабылдау үшін фотосуретте Абайдың баласы Турағұл, ұлы ақынның шәкірті Көкбай Жанатайұлы, Қажымұқан Мұңайтпасов бар деп көрсетіп, құнды фотосуретті музей қорына қайткен күнде де қабылдап алудың амалын жасаған сол кездегі музейдің директоры Кашаф Туғанбаев еді.

  Музейге қабылданған фотосуретті сол күйінде экспозицияға шығару мүмкін емес еді, себебі онда суреті тұрмақ, аттарын атауға болмайтын Алаштың қайраткерлері бар. Сондықтан, көп жылдар бойы музей залында бұл суреттердің бірндегі тек Турағұл Абайұлы, Көкбай Жанатайұлы, Қажымұқан Мұңайтпасов бейнелері ғана қалдырған көшірме нұсқасы көрермендер назарына ұсынылып келді.

  Алаш қайраткерлері ақталып, еліміз егемендігін алғаннан кейін бұл фотосуреттер Алаш тарихына, Алаш қайраткерлеріне қатысты мақалалар мен басылымдарда жарық қөрді. Абайдың 150 жылдығына орай ұлы ақын музейінің жаңа экспозициясын жасаған кезде бұл фотосуреттер өзінің лайықты орнын тауып, бүгінгі күнге дейін көрермендер қызығушылық танытатын жәдігерлер қатарында.

  1998 жылы осы фотосуреттерді МҚК архивіндегі қылмыстық істер арасынан тауып алып, оларды бүгінгі күнге жеткізген Қазихан Шакержанұлы Исабеков музейге өз қолымен жазылған естелігін тапсырған болатын. Жалпы, осы орайда Қазихан Исабеков туралы оқырманды құлағдар ете кетсек дейміз.

  Еңбек ардагері, МҚК подполковнигі Қазихан Шакержанұлы Исабеков 1930 жылы Семей облысының Абай ауданы Қарауыл ауылында дүниеге келген. Ол Семей педагогикалық училищесін, кейін педагогикалық институтты бітірді.

  Қазихан Исабеков институтты бітіріп Жарма ауданы Ақжал ауылының орта мектебінде екі жыл жұмыс істеді, 1956-1958 жылдары № 1 Семей құрылыс мектебі директорының қызметін атқарды. Кейін Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінде қатардағы қызметкерден бастап аудандық Мемлекеттік Қауіпсіздік органдарының басшысына дейін көтерілді.

  Қарулы күштер ардагері Қазихан Исабеков еңбек және қоғамдық қызметі үшін дипломдармен, республикалық, облыстық Құрмет грамоталарымен, марапаттау белгілерімен, алғыс хаттарымен марапатталған.

  Енді, осы естеліктің өзіне кезек берейік.

  Исабеков Қазихан Шәкержанұлы:

  «1960-жылдардың басында өскемен қаласында тұрдым да, облыстық (Шығыс Қазақстан) мемлекеттік қауіпсіздік комитеті басқармасында оперативтік қызметте болатынмын. Бұл жұмысқа Семей облысынан ауысып келген едім. Дәл осы жылдары 1937 жылдары сотталған адамдардың істері қайтадан қаралып, көбі о дүниелік болып кетсе де, артында қалған жақындары, туыстары немесе қоғамдық орындардың шағым-арыздарына қарай, қайтадан архивте жатқан қылмысты істер көтеріле бастады. Әділеттік жеңіп, көпшілігі ақталып жатты. Осындай бір қылмысты істі қайта қарап, тергеу жұмыстарын жүргізу үшін менің қолыма да бір архивтік қылмыстық іс келіп тиді. Өйткені жалпылама әрбір облыс көлеміндегі бұрын қылмысты болып, сотталғандардың ісін қайта қарау науқаны басталған еді. Қазір көп жыл өтіп кеткендіктен, осы менің қолыма келіп тиген архивтік қылмыстық істің кім туралы екені есімде қалмады. Әйтеуір өзіме берілген тапсырма бойынша тиісті орындауға қажетті құжаттарды толтыру барысында, осы істің ішіндегі үлкен конверттегі 2-3 фотосуретке көзім түсті. Біреуінде патшалық үкіметтің офицері формасын киген қазақ жігіті ерекшеленеді. Ол кездері түскен фотосуреттердің сапасы өте жоғары болғандықтан суретті жыртып тастағандықтан жалпы көрінісін тұтастай етіп көру үшін жыртылған бөліктерді біріктіру керек болды. Сөйтіп тұтастай етіп қарап, көз жүгіртсем – бұл бір топ адамның арасынан өзімнің таныған адамдарым мыналар болды: Әлихан Бөкейханов, Турағұл Құнанбаев, Көкбай Жанатаев, Қажымұқан Мұңайтпасов еді.

  Басқаларын жөнді ажыратып, тани алмадым. Бұл адамдар бір кездері Семейде кездесіп барып, суретке түсулері мүмкін, ал танымаған адамдар болса, олар Шығыс Қазақстан облысының азаматтары болар деген ойда болдым. Жасыратыны жоқ, өңдері таныс адамдардың бейнелерін көргендіктен қуанып кеттім де бұл суреттерді сақтап қалуды ойладым. Сонан кейін өзіммен бірге жұмыс істейтін, тергеу бөліміндегі тергеуші аға лейтенант Әбдіжаппаров Садықты кабинетіме шақырып, суреттерді көрсетіп:

  – Сәке! Мынау бір асыл ағаларымыз ғой. Енді бұлардың да істері келешекте қаралып, ағаратын шығар. Дегенмен де, дәл осы суреттер өте құнды қайталанбас экспонат қой. Бұлардың керегі болады. Сондықтан сен фотосуреттермен айналысып жүрсің, әрі фотолабораторияға апарып, осы жыртылған суреттерді қалпына келтіре аласың. Бұл ісіміз оңды болып шықса, бір-бір данадан Қазақ ССР Ғылым Академиясына және Семейдегі Абай музейіне жіберейік, - дедім.

  Садық ойланбастан бірден келісті де суреттерді алып кетті. Бір күннен кейін әлгі жыртылған фотосуреттерді жөндеп алып келді. Олардың жыртылған күйіндегі түрлерін де фотоға түсіріп әкеліп берді. Сөйтіп, бұл суреттерді тиісті жіберетін жерлеріне жібердік. Бірер жыл өтіп кеткеннен кейін мен Семей қаласына келгенімде Абай музейіне барып, сол суреттер жөнінде сұрап едім, ол суреттер тіпті музейдің бір қабырғасында ілулі тұрғанын көргенімде көзіме оттай басылды. Сол жылдары музейде Кәшәп Туғанбаев деген арықтау келген жіңішке дауысты азамат жолығып қалды да, арада болған әңгімеде бұл суреттің құндылығын айтып, тамсанғаны ойдан кетпейді. Мен өз тарапымнан бұл суреттің музейге келуіне себепті де болғанымды айтып, оның үстіне бұл суретті қалпына келтірудегі Әбдіжаппаров Садық атты азаматтың еңбегі барлығын баса айттым.

  Ал, осы Әбдіжаппаров Садық кім еді? Бұл азамат кешегі Ұлы Отан соғысына қаршадайынан қатысқан Кеңес Одағының батырының бірі. Ұлты қазақ, Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, КПСС мүшесі, сол кездері Алматыдан жұмыс бабымен Өскеменге ауысып келген аға лейтенант шеніндегі облыстық мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тергеу орнының тергеушісі болатын. Кезінде атақты әншіміз СССР халық артисі Роза Бағланованың бірінші сүйіп қосылған жары. Соғыстан кейінгі жылдары Қызылорда облысының түлегі Өзбек Республикасының астанасы Ташкентке барып, сонда көзге түсіп, ауызға іліне бастаған. Әнші қызды елге қайтып әкелу жолында, батыр Садықтың жалындап тұрған шағындағы махаббат тартуына ілінген Розаны елімізге қайтаруына көп септігі тиген.

  Кейіннен араларына суық қол кіріп ажырасады да, Садық Алматыдан көшіп Өскеменге келген болатын. Көп жылдардан кейін Садық Алматыға қайта ауысты. Кеңес Одағының саусақпен санардай ғана қалған батырларының бірі қазір Алматы қаласында тұрады.

  Міне, осыдан көп жылдар өтіп кетсе де өзімнің үйімдегі фотосуреттерім ішінен осы суреттерді көріп, әрі ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойын өткізуге байланысты әртүрлі басылымдардан осы суреттің көшірмесін көріп қалғанымда бұл суреттердің өміршеңдігіне менің де бір себебім тиген еді-ау деп тебіренемін».

 

Семей қаласы, 08. 08. 1998 жыл.

 

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры,

ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі. 

АЛАШТЫҢ РУХАНИ СЕРПІЛУІНДЕГІ Ә.Н. БӨКЕЙХАН БАСТАҒАН

ҚАЙРАТКЕРЛЕР ҰСТАНЫМЫ

  Алаш - этноним ғана емес, ұлттық саяси-рухани серпілу атауы. Оның қалыптасуы мен дамуында, Ә.Н.Бөкейхан қадірлеген Нарманбет ақын айтқандай, «елдің миы мен жүрегі» бар.

  1907-1917 жылдар аралығында патшалық Ресей қазақ жерiн отарлау саясатын одан әрi жүргiздi. Халықтың жанайқайы, Қарқаралыдан, Лепсiден, тағы басқа алаш жерiнен патшаға 1905 жылы жiберiлген петициялар шаң қауып жатты. Петербор газет-журналдарында 1906-1910 жылдары жарияланған Әлихан Бөкейхан, Мұхаметжан Тынышбайұлы мақалалары, қырым татарларының “Тәржiман”, татардың “Дiн уа магишат”, “Ихтисад”, “Шора”, “Уақыт”, “Жұлдыз”, т.б. басылымдарындағы материалдар әдiлетсiздiктi әшкерелегенiмен, басқару аппараты оларды қаперiне де алмады.  Орынборда шығатын “Уақыт” газетi: “Бiздiң 8-12 жасар балаларымызды орыс школдарына апаруды мiндеттесе, мектебiмiз өзiнен-өзi құрдымға кетедi. …Бiз өз мүддемiздi қорғауымыз қажет, әйтпесе келешегiмiз аянышты болмақ. Бiзге ана тiлi, төл мектеп, өз дiнiмiз керек. Ұлтымыз осылай деп жар салуы қажет”,- деп жазды /1, 50-51/.

  Ендi бiрде осы басылым тiкелей қазақ тағдырына қатысты: “Мұсылман қазақтардың халi тым ауыр. Асыра айтқандық емес, қазiр саны 7 миллион осы милләт өмiр, не өлiм деп күресуде. Жыл сайын переселендiк саясат олардың 1.000.000 десятина жерiн тартып алып, өздерiн таулы-тасты, құнарсыз жерге қуып жатыр. Рас, патша жарлығымен қазақтарды жермен қамтамасыз ету қаралған-ды. Бiрақ берiлмек болып отырған 15 десятина жер қазаққа өте аздық етедi. Сондықтан олар бұдан бас тартты”,-дегендi хабарлап /1, 51/, қазақтардың отырықшы болуына тiлектестiгiн бiлдiредi. “Отырықшылық - мәдениет пен ынтымақтың негiзi” дейдi “Уақыт”.

  Қазанда 1906 жылдың 15 қаңтарынан шыға бастаған “Жұлдыз” газетiн күллi түрiк үшiн татарша “Әбти” оқулығын жазған (бұл оқулық 31 мәрте, жалпы саны 1 миллион 200 мың таралыммен басылған деп жазады татар зерттеушiлерi) Ахмедһади (қазақтар Һади деп атаған) Максудов басқарған болатын. Осы газет бетiнде де Ресей мұсылмандарының (iшiнде қазақ та бар) дiлгiр мәселелерi көтерiлдi. Әсiресе ана тiлiнде оқу мәселесi айрықша айтылды. Газет “орыс тiлiнен басқа пәннiң бәрi ана тiлiнде жүрсiн, iлгерi бағыттағы мұсылман дiнi мектептен шығарылмасын, тәрбиенiң дiни негiзi болсын, т.б.” деген /1, 56/ үндеулер жасады. Осы басылым жүзiнде жарияланған белгiлi қайраткер Садри Максудовтың ойы мынандай: “Бiздiң түрiк халқы мектептердiң жалпы заңға бағынуына қарсы. Үкiмет  бағдарламасымен сәйкес болмаса, мектептер жабылсын дейдi заң. Халықты мектепсiз қалдыруға болмайды. Ал мұндағы мазмұн өзгерсе, ұлт өзiн ұлт есебiнде сезiнуден қалады. Татарда мектеп пайда болғалы 400 жылдан берi олар халықтың салтын, елдiгiн, тiлiн, дiнiн сақтап келедi. Ресейдiң қақ жүрегiнде тұрып, жан-жағын орыс стихиясы мен миссионер айла-шарғысы қоршаса да, татар ұлттық ерекшелiгiн жойған жоқ. Осының бәрi мектептiң арқасы” /229, 57/.

  Қазаққа қатысуға хұқық берiлмеген 1906 жылдан кейiн шақырылған Мемлекеттiк Думаларда мұсылман депутаттар (мысалы, 15.11.1912 жылы шақырылған IV Думада 6-ақ мұсылман болды) қал-қадерiнше алаш жұртының проблемаларын көтердi. Мысалы, III Думада Мұсылман фракциясы переселен саясаты мен жалпы бiлiм туралы заңды талқылауды күн тәртiбiне қойып, халық үнiн үкiметке және әлемге (бұл туралы С.Максудовтың Лондон сапарына қатысты айтамыз) жеткiздi. Қапқаздан келген өкiл Халилбек Хасмамедов патша өкiметiнiң Қапқаз, Түркiстан, Қазақ елi бағытындағы отаршыл саясатын,  переселен мекемелерiндегi содырлықты аяусыз сынайды /2, 71-75/. “Үкiмет жасанды түрде ұлтаралық қырғи-қабақ жағдайды тудырып, шет аймақтарда жергiлiктi халықтың ұлт-азаттық тенденциясына қарсы күресте арқа сүйейтiн күш жасақтады”,-дейдi ол. III Дума депутаты С.Максудов мектепте ана тiлiнде сабақ жүргiзу мәселесiн көтердi. Сонымен қабат осы қайраткер Ресейдегi мұсылмандардың рухани iстерiн олардың Дiни басқармасымен келiсiп атқару керектiгiн ұсынды.

  Ресей үшiн аса күрделi шақта жұмыс жасаған IV Думаның мұсылман фракциясы жанындағы бюроға (яғни депутаттарға көмекшi ынталы топ) әр кездерi Әлихан Бөкейхан /3/ мен Мұстафа Шоқай /4, 257/ жәрдемдескенi мәлiм.

  Әлихан Бөкейханның Петерборға баруын қазақ байлары сұраған, сөйтiп онда тұруы үшiн орталарынан қаражат жинап берген. Әлиханның дiлгiр мәселелерге арналған мақалаларының бiр бөлiгi осы Петербор сапарында хатқа түскен. Қайраткер-қаламгер аталған уақытта империя астанасына  бөкейлiктердiң атынан “белгiлi қазақ ақыны Ғұмар Қарашұлының” аманат арқалап барып, “бас министрге қағаз бергенiн” жазады /5/.

  Мемлекеттiк III және IV Думаларда қазақ жағдайын тек мұсылман депутаттары ғана айтқан жоқ. Басқа тiлеуқор азаматтар болды. Ә.Бөкейхан жазбаларынан Алаш жұртына тiлектес Дзюбинский, Волков, Виноградов, Скалозубов, Шишкин сынды депутаттардың болғанын оқимыз (Отандық тарихшыларымыз бұлар туралы зерттеу жүргiзсе артықтық етпес едi). Әрине, осы және басқа да империя орталығындағы жаңалықтар “Айқап”, “Қазақ” арқылы көзi ашық жандарға жетiп жатты. Алаш жұртының, өзге де мұсылман халықтарының қиын ахуалынан шет ел де хабардар болып отырды. Айталық, 1909 жылы Мемлекеттiк  Думаның бiр топ депутаты Ұлыбританияға барады. Бұлардың арасында кадет серкесi П.Н.Милюков пен татар қайраткерi Садретдин Максуди болады. Елге келген соң, С.Максуди 1914 жылы “Англиеге саяхат” (Қазан, “Үмiт” электро-типографиясы) кiтап жариялайды /6, 149/. Осы еңбегiнде ол өзiнiң ағылшын королi VII Эдуардтың қабылдауында болғанын, ағылшын ақсүйектерiмен ұшырасқанын, басқа да әр түрлi жайды сипаттап жазады. С.Максудиге екеуара әңгiмедегi лорд Крумердiң: “Мұсылмандар батыс мәдениетiн кешiктiрмей қабылдауы керек. Сiздердiң дiндерiңiз бен бұл мәдениет қабыспайды деген түсiнiк мүлде қате. …Жоғалып кетпеймiз десеңiздер, ағарту мен  мәдениетке мойын бұрыңыздар”,- деген сөзi және ақсүйектер қонақасы бергенде бiр кiнәздiң: “Сiз С.Максуди емессiз бе? Бiздiң Лондон халқы Ресей Думасы депутаттарының көрнектiлерiн сырттай жақсы таниды”,- деуi ерекше әсер етедi.  Бұл жай сыпайылық үшiн айта салған сөз емес екенiн татар зиялысы аңғарған секiлдi. М.Шоқай “мұсылман депутаттарының ең таңдаулысы” деп бағалаған /3, 278/ осы С.Максуди – Дума мiнберiнде қазақ секiлдi ұлттардың қамын жеп сөйлеген қайраткердiң бiрi. Ресей мұсылмандарының (оның iшiнде қазақтың бары сөзсiз) ахуалы туралы ақпардың шет елге жетуiн айғақтайтын бұл бiр ғана дерек. Басқа дәлелдер де жоқ емес.  Мысалы, 1915 жылы 14 желтоқсанда француздың “Le Temps” мынандай мазмұнда хабарлама басады:

“Моңғолдар арасында

Цюрих, 13 желтоқсан.

  Будапештен жеткен жеделхат Ресейдi мекендеген 20 миллион түрiк-татар мұсылмандарының - оның iшiнде 7 миллион түрiк және 6 миллион  қазақ бар - өкiлi Венгрияға келгенiн хабарлайды. Делегация граф Тиссаға Едiл мен Каспий теңiзi аралығында бейтарап Қазан хандығын қалпына келтiрiп, түрiк халқының өркениетiн қорғау қажеттiгi туралы меморандум тапсырды.  Делегация бұдан соң Берлинге аттанады” /2, 112/. Осы мазмұндас хабар Петроград телеграф агенттiгiне Копенгагеннен 1915 жылы 8 желтоқсанда жолданыпты. Онда: “Делегация Венада аялдап, министр-президент Штюргк пен сыртқы iстер министрiнiң  орынбасары граф Форгачтың қабылдауында болған. Олар мынандай талап хатын тапсырған:

1. Бұхара мен Хиуаны орыс бодандығынан құтқару, оларға Түркiстанды қосу;

2. Қазаққа саяси-әкiмшiлiк тәуелсiздiк әперу;

3. Қазан хандығы мен Қырым хандығын қалпына келтiру. Соңғысын  түрiк сұлтанының қамқорлығына беру;

4.  Едiл өзенi мен Каспий теңiзiн бейтарап деп тану” /2, 103/.

  Бұл ақпарат көзi делегация құрамында түрiктi” “Тюрк-Юрду” газетiнiң редакторы Жүсiп Ақшора, “Фюза” газетiнiң редакторы, профессор Әли Гусейн-заде, дiнтанушы-профессор Мұхаммед Әссад Әселиб-заде, Мұқым ад-дин Бейтшаю сынды қайраткерлердiң болғанын жазыпты.

  Жоғарыда келтiрiлген деректер – патша өкiметiнiң арнайы орындары хаттап алған (қолға түсiрген) дәйектердiң бiр бөлiгi ғана. Алайда ол аз болса да, айрықша байланыстардың  қалыптасқанын меңзейдi. Бiз үшiн маңыздысы – Будапешт пен Венадағы құжаттарда қазақ ұлты жайының сөз болуы. Тiптi бұл деректерден Ә.Бөкейхан кеңесiмен Түркияға жасаған Ш.Қосшығұлұлы сапарының сiлемi мен жаңғырығын шырамытқандаймыз.

  Мiне,  саясат мәселесiндегi осы iс-әрекеттiң  бәрi бодандық тудырған  қиындықтан елдi құтқару мақсатында жүргiзiлдi. Бұл руханият саласымен тiкелей байланысты едi. Егер елдiктi жоятын шаралар табандылық танытып, бодандаушы ел мақсаты толық жүзеге асса, отарланушының тағдыры тәлкекке түсерi хақ. Мұндайда ұлт әдебиетi мен мәдениетiн түгендеу, жаңғырту, дамыту арманға айналары сөзсiз. Олай болса, әлем мiнберлерiне ұмтылған түрiк (мұсылман) зиялыларының талабын өзiн-өзi сақтау инстинктiмен түсiндiре аламыз.

  ХХ ғасыр 10-жылдарындағы Ресей мұсылмандарының  мәдени-рухани өмiрiне әсер берген оқиға – 1914 жылы желтоқсанда өткен мұсылман съезi дер едiк. Осы съезден соң қазақ жәдитшiлдiгi алаштық қозғалысқа бет түзедi деуге негiз бар. Бұл жиынның ресми бағыты – майданға шыққан (I дүниежүзiлiк соғыс) әскери әлеуеттi қолдау болғанымен, мазмұны мұсылман бiрлiгiн одан әрi арттырып, халықты жаңа жағдайға байланысты iс-әрекетке жұмылдыру едi. Әсiресе осы жолы түрiк мұсылмандарының бiр тiлге көшуi нақтылай айтылды. Бұл мәртебеге үмiткер ретiнде көпшiлiк дауыспен татар-түрiк тiлi ұсынылды. Съезд алдындағы бiр мақаласында А.Байтұрсынұлы: “Оқуға керек құрал жоқ, оқыта бiлетiн мұғалiмдер аз. Сонда да қазақша хат бiлушiлердiң процентi мұжықтардан жоғары”,-деп /7/ жазып, мұсылман оқуының жаңғыруына үмiт артып едi. Ендi татар зиялыларының амалсыздықтан ұстанған позициясы қазақ оқығандарының басым бөлiгiн тiксiндiрдi. Бұл И.Гаспринскийдiң “тiлде бiрлiк” концепциясын  жалаң түсiну секiлдi болып көрiндi. Сондықтан Ә.Бөкейхан: “Түрiк затты халықта бiздiң қазақтай бiр жерде тiзе қосып қалың отырған iргелi ел жоқ. Бiздiң тiлдi бiздiң қазақ жерiн араламаған мұсылман бауырларымыз қайдан бiлсiн… Анық түрiк затты халық тiлi бiздiң қазақта. ...Абай, Шәкәрiм, Мiржақып, Мағжандай ақыны бар, бiр жерде тiзе қосып отырған 5 миллион қазақтың тiлi қалай жоқ болады? …Бiздiң қазақ осы тiлiн тастап,  татарға мiнгескенi адасқандық болар, бiз қазақ татар тiлiне шорқақпыз, татар тiлi деген тағы бiреу емес”,-деп жазды бұл съезден соң /8/.

  Съезге делегат ретiнде барған  Ә.Бөкейхан осы үлкен жиыннан кейiн жалпы саны он “Мұсылман сиезi” атты мақалалар сериясын жариялайды. Осы еңбегiнiң әр жерiнде “сиез жабық, ұрланған себептi газета жүзiне басуға қалам мүжiлiп тұр”, “закон жобасын мұнда жазуға уақытша қалам мүжiлiп тұр” деп жазуына қарағанда (бұл “цензор бар” деген сөз ғой), аталған мұсылман съезi көкейкестi көп мәселенi қараған болуы керек. Бұл жиында талқыланған тiл мәселесiнде Ә.Бөкейхан мен Ж.Сейдалин пiкiрi бiр жерден шықса, Б.Қаратаев, Әлиханның жазуынша, “қазақта тiл жоқ” дегендi айтқанға ұқсайды. Алайда, “Айқап” журналы жариялаған Б.Қаратаевтың баяндамасынан /9/ қайраткердiң тiл туралы ойын ұшырастыра алмадық (қысқартылып басылуы мүмкiн). Мұның есесiне Бақытжан Ресейде мұсылманға қойылып отырған хұқық шектеушiлiкке ашық қарсылығын былайша жеткiзедi: “Татарлар да қазақ iшiне бұрыннан да көбiрек кiрдi, тiптi алыс кететiндерi де бар. Өз жерлерiнде дiн ғылымын оқуға болмайтын болған соң, қазақ жiгiттерi қазiрде Бұқара, Хиуа, Орынбор, Бейрут, Мәдине, Ыстамбұл, Қазан, Мысыр сықылды зор шәһәрлерге таралып кетiп оқи бастады. Оқып, оқу бiтiрiп қайтқан соң, жасырын мектеп-медресесiнiң санын көбейте бастады. …Мен қазiр елу екi жасқа келдiм, сол ғұмырымның iшiнде Русияның  жиырма миллион мұсылманға сезiктену басталды. Қазiрде мұндай хәлден құтылу керек”.

  1914 жылғы мұсылман съезiнде С.Максуди әзiрлеп әкелген ұсыныстың көбi жиын қарарына кiредi. Мұнда оқу-бiлiм, iс-қағаздарының мұсылманша жүргiзiлу қажеттiгi, Ресейлiк мұсылман рухани iстерi басшысы министрлер кеңесiне кiру керектiгi, т.б. маңызды мәселелер айтылған.

  Бұл съезден кейiн қазақ жәдитшiлдерiнiң Алаш идеясын негiздеп, жүйелей бастауына, бiздiңше, Әлихан Бөкейхан бастаған зиялылардың өз концепциясын дәлелдеуге ұмтылуы себеп болды.  Олар тең хұқықты, құрдастықты бiрiншi кезекке қойды. Сөйтiп ақылға сай бiрлесу, дiн жолын ұстау, оқу-ағарту саласын жүйелеу жағында болды. Съезд жұмысына талдау жасаған Әлихан мақалаларындағы мына ойларға назар аударалық: 1. “Бiзге хүкiмет қырын қараса, бұған жаланы аударғаннан қазаққа не пайда. Жылап кiсi сүйкiмдi болмақ емес” (Қазақ, 9.VII. 1914); 2. “Қазақты ақ жолға саламын десек, iстiң астарын қарастыр, iстiң сырты жауға бел көрсеткен” (Қазақ, 16. VII. 1914); 3. “Ат сыры иесiне белгiлi” (Қазақ, 8. ХI. 1914); 4. “Бiздiң қазақ бұл шариғат қамытына жүрмес, шариғат жолы орыс закұнының аяғын құшып бос қалар, қазақ өз ресiмiмен ғұмыр айдаған жолмен кетер” (Қазақ, 10. ХII. 1914); 5. “Мына мұсылман сиезi мұсылман атынан iстеймiз деп байлау қылған iске қазақ болып бiрiгу керек” (Қазақ, 31. ХII.  1914).

  Мұнда Ә.Бөкейхан мұсылман бiрлiгiн отаршылдықпен  күрес тактикасы ретiнде және Ресей шындығындағы әлеуеттi күш ретiнде қолдайды, алайда ояну қозғалысы кезiнде әр ұлт өз мүмкiндiгiн, ерекшелiгiн, жағдайын ескеруi қажеттiгiн баса айтады (Әлихан, Ахметтердiң тiл, отырықшылық, т.б. мәселелердегi позициясы осыдан туындады).

  Алаш зиялыларының осы жиындағы негiзгi ұстанымын татардың “Уақыт” газетi Ә.Бөкейхан мен Б.Қаратаев сөзi арқылы көрсеткен екен (мұны “Айқап” көшiрiп басқан). Мұнда Әлихан: “Ендi ... /қазақ халы/ онан да нашарланды, бiр жағынан оларға мектептерiнде ғылым-бiлiм, өнер алуларына жол ашық емес. Мұндай жағдай қазақтардың орыстардан алыстауларына, Русияға деген наразылықтың өсуiне ғана себепкер болады ғой”,-деп алаш жұртының заңды ашу-ызасын түсiндiрсе, Бақытжан: “Хүкiмет қырғыз-қазақ балаларын мұсылмандықтан айыруға, алыстатуға амал-айла жасап жүргендiгi үшiн олар зорланады”,- деп Ә.Бөкейхан пiкiрiн толықтыра түседi /10/. Осы “Уақыт” басылымы хабарынан бiз мұсылман жұмысына iшкi iстер министрi бұқаралық ақпарат құралдарын қатыстырмауға бұйрық жариялағанын оқимыз. Бұл ресми өкiметтiң аталған оқиғаға қандай мән бергенiн  көрсетедi.

  Әрине, татар зиялылары мен мерзiмдi басылымдары түрiк халықтарының ресми бiр тiлге көшуiн мәселе етiп күн тәртiбiне бұл съезден әлдеқайда бұрын қойған-ды. Олардың осы талабын  “гегемондыққа тырмысу” дегеннен гөрi iзденiс деу ақылға сыйымды. Кезеңдiк өлшеммен қарағанда әжептәуiр мәдени (типография, газет-журнал, т.б.) игiлiктерге қол жеткiзген татар ақсүйектерi табиғи түрде өздерiн ресейлiк түрiк мұсылмандарының тағдырына жауапкермiз деп есептедi. Бұл ретте олар үшiн алты миллионға жеткен қазақ ұлты қатептi қара нар iспеттi әлеует едi. Адамзат тарихын бажайлай отырып, көшпелiлiктiң құрдымға кеткенiн, отырықшылықтың алға шыққанын бағамдаған бұлар алаш жұртына сауап iс жасағысы келдi. Бiрақ бұл кездегi қазақ көшпелiлiгi - ұлт пен жердi (жер аз емес едi) қорғайтын, яки сақтауға қауқарлы өмiр сүру формасына айналғанын татар зиялылары түсiне алмады. Сондай түсiнбестiктен олар қазақ тiлiнiң  жағдайына механикалық түрде қарады (Бұл орайда тiл мен экономикалық, руханият пен қоғамдық-саяси оянулардың арақатынасын салмақтаған бұлардың ойынан ХIХ ғасырда Ресейде жетекшi күшке айналған марксизм тұжырымымен жақындық аңғарылады). “Шора” журналының бетiнде жарияланған осындай мақалаларға қарсы сол татар басылымының бетiнде “Қазақ” газетасының бас мухаррары” А.Байтұрсынұлы: “Бiздiң қазақтың iсi жаңа басталып келедi. Не болары белгiсiз. Қазақ я құрып жоқ болар, я өз тiлiмен  де өзгелердей тiршiлiк етер. 20-ыншы ғасырға шейiн түрiктiң тiлiн аздырмай асыл қалпында алып келген, тiл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиiстi. Атаның аздырмай берген  мүлкiн,  қолымызға алып быт-шытын шығарсақ, ол ұнамды iс болмас”,-деп айтты /11/. Ахметтiң қазақ тiлi мен қоғам өмiрi арақатынасын  және тiл иммунитетiн саралаған пiкiр де айрықша.  Ол “Шорада” басылған мақаласында былай деп жазады: “Сырттан  бiрен-саран жат сөздер келсе, өз тiлiнiң қалпына түсiрiп алған – қазақ. Жат жұрттың шалығы тимесе, жазу шалығы тимесе, кәсiбi, ғұрпы өзгерiлмесе, жалғыз тiл өзгерiлдi деп айтуға тiптi жол жоқ.  Қазақтың тiлi өзгерген тiл деп айтуға жол жоқ болса, емлесiн де қисық деп айтуға жол жоқ: қазақта тiлiнiң табиғатына хилаф келетiн емле жоқ. Едiлден бастап Ертiске шейiн, Оралдан бастап Ауғанға шейiн қазақта тiл де бiр, емле де бiр. Қойшы, түйешi, биешi емлесi деген қазақта жоқ нәрсе. Тоқсандағы шалының, тоғыздағы баласының - бәрiнiң емлесi бiреу-ақ”.

  Ұлт тағдыры, мұсылманшылық, тiл, жер, саяси бағдар мәселесi бойынша қазақтың өз iшiнде және түрiк халықтары арасында пiкiрталас пен айтыстардың жүруiн дұрыс деп есептеген Ә.Бөкейхан 1913 жылы жазған бiр мақаласында: “Талас – дүние, ғұмыр сипаты. Талас-тартыс жоқ болса, ғұмыр айып”,-деген болатын /12/. Мұндай пайымды, әлбетте, әлем тарихымен, философиясымен таныс, гуманист азамат қана айта алса керек. Ал ендi осы еңбегiнде Әлихан қазақ тiлi заманға iлесе ала ма, жоқ па деген  сұраққа былайша жуап қайтарады: “Мiне, Қазан татары,  Уфа һәм Орынбор башқұрты отырықшы, бұлардың қазақтан несi артық тарқы (прогресс – Д.Қ.) жолында. Арабстанда көшпелi араб тiлi  неше жұртқа өнеге”.

  Мәселеге бұлайша қарау Ә.Бөкейхандардың “кез-келген жолмен дәлелдеу” жағында емес, ақылмен түсiндiру бағытында болғандығын айғақтайды. Алаш зиялыларының тұжырымдамасы мен жалпы түрiк қайраткерлерiнiң көзқарасынан хабардар башқұрт азаматы Зәки Уәлиди Тоған осы “ортақ тiл” проблемасы жөнiнде мынандай пiкiр айтады: “Бiздiң түсiнiгiмiздегi имандылық пен өнерге сәйкес келетiн ата-бабамыздан мұра болып қалған өлең-жырларды қазiр таза түрiк тiлiне түсiруiмiз қажет. Болашағы бар түрiк тiлi - қазақ тiлi. Араб-парсы сөздерi мен сөз тiркестерiн бауырына жинаған шағатай тiлi ендi осман әдебиетiнiң “диван” кезеңiнiң тiлi ретiнде тарих қойнауына кетедi” /13, 334/.

  Бұл, әрине, жеке қайраткердiң пайымы. Зәки Уәлидиге Алаш зиялылары “сен осылай айт” деген жоқ. Сондықтан мұны бейтарап (нейтралды) пiкiр дей аламыз. Солай болғанның өзiнде бұл қазақтан өзге түрiк ұлты өкiлiнiң “ортақ тiл” ретiнде татар тiлiн қабылдамағанын көрсетедi. Осыдан түрiк бiрлiгiне сына қағылады деп ойлау қисынсыз едi. Өйткенi түрiк бiрлiгi, әзiрбайжанның ұлтшыл қайраткерi Мехмет Эмин Расул-заде айтқандай, “саяси қозғалыс емес, ғылыми-философиялық, этикалық  мектеп, яки мәдени бiрлiк жолындағы күрес амалы” едi /14/. Егер ол ғылыми-фалсафалық мектеп болса, оған қатысушылар заманның шындығына қарай түрлi пiкiр айтуға хақылы. Сол себептi алаш зиялыларының көзқарасынан түрiк бiрлiгiне қиғаштық байқалмайды. Татар тiлiнiң “таза” болмағанын Қазан зиялыларының өздерi де мойындаған тәрiздi. Ресей империясы баспа iсi жөнiндегi басқармасының мәлiметiне қарағанда, Едiл-Кама оқығандары тiл тазалауға 10-жылдардан бастап жұмылған. “1910 жылы Уфа мен Қазанда екi бiрдей кiтап жарық көрдi. Бiрiншiсi – Сәлiмгерей Жантөриннiң  “Лұғат” атты кiтабы. Мұнда татардың әдеби тiлiне кiрген шетелдiк шығыс сөздерiнiң толық тiзiмi көрсетiлген. Екiншiсi – Ахмет Һади Максудовтың “Тюрки нахви” атты еңбегi. Мұнда Қазанның “Юлдуз” газетiнiң редакторы түрiк тiлiн тазалау мен жетiлдiрудiң жүйесiн көрсетедi. Аталған екi жұмыс әдеби тiлдi тазалау идеясын көтередi” /1, 25-27/.

  Осы тұста мына фактыны айналып өтуге болмайды: Сәлiмгерей Сейiтханұлы Жантөрин - қазақ. Уфаның  iрi дәулеттi төресi.  Мемлекеттiк Думаға бiрнеше мәрте депутат болған. 1907 жылы өкiмет қазақтарды жер иелiгi жоқ деп, сайлану хұқынан айырғанда, С.С.Жантөрин М.Шоқайға Уфадан депутаттыққа түсуге кеңес берген (Мұстафа бас тартқан). Бұл қайраткер туралы З.У.Тоған былай деп жазады: “Қазақ сұлтандарының тұқымы Сәлiмгерей Жантөриннiң Уфада зәулiм үйi болды. Ол қыс айларында Петерборда тұратын. Ал бiз болсақ, оның Уфадағы үйiнде саясатқа қатысты әңгiме-дүкен құратынбыз. Мен осында түркiстандық саяси қозғалыс өкiлдерiмен кездестiм...  …Ғалиасқар Сыртланов пен Сәлiмгерей Жантөрин шығыс-түрiк халықтарының  территориялық автономиясы идеясын қорғады. ...С.Жантөриннiң бабалары ХVIII ғасырда орыстарға қарсы ұлт-азаттық күрес жүргiзген. Сонда башқұрттарға сүйенген. …1915 жылы Шпалер көшесiндегi С.Жантөрин үйiне Кутлукай мырза, А.Цаликов, М.Шоқай, П.Леманов келiп тұрды” /13, 105-109/. Сонымен ұлты қазақ С.С.Жантөриннiң татар тiлiн тазалауға  ұмтылуы - әлеуеттi тiл өкiлiнiң  (орысшаласақ “носитель языка”) ахуалы ауыр тiлге көмекке келуi болып шығады.

  1915 жылы “Қазақ” газетi жоғарыда аты аталған  М.Э.Расул-заденiң наурыз мейрамы орайында жазған түрiк халықтарының жағдайы туралы мақаласын қазақ тiлiнде аударып басқан екен. Патша цензурасы тұсында жазылған осы еңбекте бiраз ой астарлап айтылады. Әзiрбайжан қайраткерi түрiк халықтары өмiрiнiң  жаңаруын, сапалық өзгерiске аяқ басуын армандайды. Автор: “Наурыз. Атынан да белгiлi жаңа күн. Бiрақ бұл марттың тоғызы (ескiше күнтiзбе бойынша.- Д.Қ.) бiз үшiн шынымен жаңа күн болып жете ме екен? …Мейрам - ұлттың жеке-жеке болған мүшелерiн бiрiктiрiп бiр денедей қылып қосатын бiр дәнекер. Мейрам болған соң тiрi бiр ұлт бiр адам секiлдi дайын бiр сезiмге ие болу керек”,-деп жазады /15/. Бұл бiр ұлт, бiр адам, бiр сезiм – түрiкшiлдiк едi. Алайда осы ойда көп болып бiрiгу мәселесi айтылса да, негiздi, ақылды қаперге алмай көзсiз бiрiгу меңзелiп тұрған жоқ. Сондай-ақ аталған мақаласында Разул-заде: “Бiр ақын талған бiр жүректi тiрiлтудi мың қажеттен артық көрген екен”,-дейдi. Бұл талған жүрек - әзiрбайжан, қазақ, башқұрт, татар, т.б. ұлт жүрегi болуы мүмкiн ғой. Ал ақын – сол ұлттың ақыны, бәлкiм қайраткерi. Олай болса, алғаш өз ұлтының, мұнан кейiн түбi бiр туысқан ұлттардың, сонан соң көршi ұлт пен әлем ұлттарының жағдайымен санасу, соған қарап iс-әрекет жасау - өшудiң емес, өсудiң алғышарты.

  Жалпы түрiк жәдитшiлiгiнiң екiншi сатысында (жәдитшiлдiктiң алаш қозғалысына ұласу шағы) алаш жұртында “Айқап”, “Қазақ” тәрiздi газет-журналдар, “Қазақша әлiппе” (М.Нұрбайұлы), “Тiл құрал” (А.Байтұрсынұлы), “Есеп кiтабы” (М.Дулатұлы), “Иман-Ислам” (Н.Манайұлы), “Құран құралы” (Н.Күзембайұлы) сынды оқулықтар шыға бастағанда, бұл беталысты Қазан зиялылары  дұрыс көрмедi, яки қолдамады. Осы хақында “Қазақ” газетi: “Бүйректен сирақ шығарған” сияқты, татардан бөлек өз алдарыңа әдебиет түзейiн деп жүрсiңдер деп, газета шыққаннан берi ноғай бауырлармыздың  “бiлiмдiмiн” дегендерiнiң көбi-ақ айтып келедi”,-деген болатын /16/. Әл-Маржани iзбасарларының неге бұлай айтқанын шамалауға болады: бiрiншiден,  Ресей iшiндегi мұсылман халықтарының алға озғаны, заманауи бiлiм-iлiмдi мол игергенi татар азаматтары едi; екiншiден, ашылған мектеп-медресе, газет-журнал мен басылған кiтаптардың көбi татардiкi-тiн; үшiншiден, осындай әлеуетi бар саны аз ұлтқа көп ағайын керек-тiн. Әлбетте, түрiк бiрлiгiн бiр ұлтты  рухани сорлату есебiнен жүзеге асыруға жол жоқ. Бұл – бар адамға түсiнiктi жай. Осы орайда Алаш зиялыларының ұстанған позициясы мынау: “Арзан философия алысқа апара алмас. Бiздiң әуелден-ақ айтып келе жатқанымыз - қатар жүрiп аптықпай, екi жұрттың да тең жасап  көркеюiне қолдан келгенiн iстеу. Татар балаларын татарша оқытқанына қазақ iшi тарылмай, қазақ балаларын қазақша оқытқанына татар iшi тарылмай, көңiлiмiз кең болып, жасауымыз тең болса, бетiмiз де жөн болар” /16/. “Қазақ” газетi осы көзқарасты жеткiзген редакциялық мақала ныспысын “Шекiспей бекiспейдi” деп атауында да тiлеуқорлық ниет бар.

  ХХ ғасырдың 10-жылдарында қазақ пен татар арасындағы  бiрлi-жарым келiспеушiлiк насырға шаппасын деп ақын Ғұмар Қараш “Екi бауырға” атты өлең жазды. Мұнда Ғұмар Қараш татарды - қала,  қазақты – дала бейнесiнде сипаттайды /17, 145/. Сөз жоқ, осындай пайымның бәрi қиын кезеңде ағайын арасында текетiрес емес, пiкiрталас болғанын дәлелдейдi. Онсыз шындық тумас едi.

  Алаш ағартушылығы өкiлдерiнiң, Ғ.Қараш көрсеткендей, “түндiктi батыстан ашуының ” себебi бар болатын. Мұны “Қазақ” газетi “Орда гербi (таңбасы)” атты редакциялық мақаласында былай түсiндiредi: “Қазақ” газетiнiң басына үй суретiн орнатуға мынандай  мағыналар бар едi:Киiз үй – киiз туырлықты халық. Үйдiң түндiгi ашық, есiгi жабық болуындағы мағына: түндiк – жарық беретiн жол, есiк – түрлi заттар кiретiн жол дегендiк. Жарық жолы ашық, еркiн болсын, түрлi заттар кiретiн жол есiгi еркiн болмасын делiнген едi. Түндiктен түсетiн жарыққа өнер-ғылым енгiзiлген едi.  Түндiк күнбатыс жағынан ашылуы өнер-ғылым Ауропа жағынан күштi болған себептi қазақ iшiне Ауропа ғылым өнерi таралсын деген мағына едi. Үйдiң есiгi қазақ деген сөзден жасалған. Ондағы мағына “Қазақ” газетi қазақ жұртына әрi мәдениет есiгi болсын, әрi  сырт жұрт жағынан күзетшiсi болсын делiнген едi”/18/.

  Осы тұжырымдамалық материалдан да Әлихан Бөкейхан бастаған қайраткерлердің Алаш мұраты анық көрінеді. Біріншіден, жол айқындалды: ол – ұлтты жаңғырту мен жаңаша серпілту. Екіншіден, тетік те байыпталды: ол – білім мен технология және Еуропаның батыл тәжірибесі. Үшіншіден, жауапкершілік пе нақтыланды: ол – қайраткерлер мен оқығандардың қоғам алдындағы миссиясы мен парызы.

  Ендігі жерде Алаш қозғалысының болашағы ақылға, білімге, батылдыққа, жауапкершілікке байланысты еді. Біз бүгін осы қозғалыстың тарихи және рухани тағылымын байыптай отырып, мемлекетшілдік үшін күрестің елеулі нәтиже бергенін мақтанышпен айтамыз.

Пайдаланған әдебиеттер

 

  1. Мусульманская печать России в 1910 году. Составлено по распоряжению г. Начальника Главного Управления по делам печати под редакций В.Гольмстрем//Общество исследования Средней Азии. – Англия, Оксфорд: репринтная серия N12, 1987. - 103 с.
  2. Аршаруни А., Ғабидуллин Х. Очерки панисламизма и пантюркизма в России//Общество исследования Средней Азии. – Лондон: репринтная серия N18. - 189 с.
  3. Қыр баласы /Бөкейхан Ә/. Есеп//Қазақ, 1916, 15 октябрь.
  4. Шоқай М. Таңдамалы. II том. – Алматы: Қайнар, 1999. - 520 б.
  5. Әлихан. Петроград хаты//Қазақ, 1916, 23 июль.          
  6. Максуди С. Пятый день в Лондоне//Гасырлар авазы - Эхо веков, 1995. май. - С. 148-153.          
  7. Байтұрсынов А. Бастауыш мектеп//Қазақ, 1914, 9 май.
  8. Ғалихан /Бөкейхан Ә./. Мұсылман сиезi//Қазақ, 1914, 30 ноябрь.
  9. Кеңес жиылысында Қаратаевтың сөйлеген доклады//Айқап, 1914, N13.- Б. 211-214.
  10. Кеңес жиылысы//Айқап, 1914, N12. - Б. 204.
  11. Байтұрсынов А. Қазақша сөз жазушыларға//Шора, 1913, N4. - Б. 110-113.
  12. Қыр баласы /Бөкейхан Ә./. Жауап хат//Қазақ, 1913, 1-7 сентябрь.
  13. Тоган Заки Валиди. Воспоминания. Борьба мусульман Туркестан и других Восточных тюрок за национальное существование и культуру. - Москва: типография N12, 1997. - 650 с.
  14. Расул-Заде М-Э. О пантуранизме//Тюрский мир, 1991. - С. 15.
  15. Расұл Заде М.Ә. Наурыз мейрамының жуықтауы тақырыпта. Тәржiмелеген: Ж.Жәнiбеков//Қазақ, 1915, 9 март.
  16. Шекiспей бекiспейдi//Қазақ, 1916, 31 январь.
  17. Қараш Ғ. Замана. - Алматы: Ғылым, 1994. - 240 б.
  18. Орда гербi (таңбасы)//Қазақ, 1918, 15 январь.

  

Асан ОМАРОВ

Философия ғылымдарының кандидаты,

абайтанушы.

ӘЛИХАН МЕН ШӘКӘРІМ 

  Шәкәрім Мекке сапарынан оралған кездері Ресей империясындағы саяси шиеленістер өздерінің шырқау шегіне жеткен болатын. Сондықтан қажының саяси­қоғамдық істердің иіріміне тартылуы таң қалдырмайды. Өзі жайлы өлеңінде өмірінің осы шағын «Күнім жоқ жиынсыз» деп көрсетеді.

  Әлихан Бөкейхановтың 1905 жылы Семей облысынан Бірінші Думаға депутат сайлану науқанына Шәкәрім, Кәкітай, Тұрағұл белсене атсалысқан.  Бұл туралы Әлекеңнің «Қазақ» газетінде жарияланған (1915 жыл, қаңтар) «Қош, қарағым!» атты Кәкітайдың кенеттен қайтыс болуына байланысты жазған мақаласында сөйленеді. 

  Ал Екінші Дума сайлауы таяғанда Әлихан абақтыға алынып, депутат болып сайлану  құқынан айырылған соң, жаңа сайлау науқанына өзінің тілектес достарын қосады. Әлекең былай дейді: «Екінші Дума сайлауында ынтымақ қылмай, Темірғалимен таласқа түсіп, Кәкітай бүктелді. Шәкерім, Кәкітай, Темірғали, Хасен, Омарбек ­ осылардың бірін сайлаңдар деп, жұртқа мен көрсеткен бес кандидат еді. Сонда осы істің ағат болғанын Кәкітай мойнына алған еді. Ер жігіттің белгісі ­ адасқанын мойнына алғаны. «Шын сөзге жан пида», ­ деп Шәкерім айтар еді».

  Күрделі уақыттың тынысы хатталған бұл сөздерде көп астар бар.  «Темірғалимен таласқа түсіп, Кәкітай бүктелді» дегенісоның бірі.  Семей облысынан  сайлануға тиісті депутатқа кандидаттарды Әлекеңніңөзі тіркеп, бес кандидат ортасынан Екінші Думаға (1907) Темірғалиді құп көреді. Неге?

  Өйткені, Темірғали Түйтеұлы Нұрекенов (1856-1919) көп оқыған, ең бастысы, орыс тіліне аса жетік адам болған. Дәлелге оның 1905 жылғы патша ағзамға жолданған Қарқаралы петициясын орыс тіліне аударғанын және осы құжат соңына қол қойып, басын бәйгеге тіккен бес азаматтың бірі екенін айтсақ та жеткілікті. Саяси репрессия басталғанда Темірғали туған елі Сейтен болысына оралады да үлкен мешіт­медресе салдырып, біржола дін жолын қуады.Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы  былай деп жазады: «Қазақта бірінші рет Меккеге қажылыққа Орта жүз Уақ тайпасы Жансары руынан Нұрекен бай төрт жыл жолаушылап жүріп аман сау елге оралыпты».  Міне, Темірғали осы Кереку өңірінен шыққан әйгілі бай Нұрекеннің немересі.

  Сонымен, Кәкітай өзгелер сияқты көне қалмай, Темірғали Түйтеұлымен таласқа түседі. Әлекеңнің «Кәкітай бүктелді» дейтіні осы.

  Тегінде депутат болып сайлану Кәкітайды ғана емес, Шәкерімді де қатты қызықтырған сияқты. Өйткені, үлкен астана қаланы көріп, ұлт тағдырын шешуге септігін тигізу, зиялылармен ой бөлісудің өзі неге тұрады. Әсіресе, кітапханаларды аралап, білім қорын толықтыру қандай ғанибет! 

   1908 жылы Семейде абақтыға алыну алдында маған жолығу үшін «Шәкерім, Кәкітай, Тұрағұл әдейі қалаға келді» дейді Әлекең жаңа аталған «Қош, қарағым!» мақаласында.  Абақтыға жабылған соң  да, амандық біліскен осы үшеуі ғана болады. Бұл жайлы саясаткер былай айтады: «Мен абақтыда жатқанымда келіп, амандасқан да осылар болды. «Бұған өзге қазақ жарамады-ау», - деп налыдым».

   1908 жыл репрессиялық қатаң шаралар қарқын алған, сәл нәрсе үшін сенімсіздер тізіміне ілігуің мүмкін қаһарлы уақыт болды. Осыған қарамастан үш туыстың Әлекеңе екі рет арнайы келіп жүздескенінің куәсіміз.

  Ал, келер 1909 жылы Шәкерім мен Кәкітай Столыпин реформасын жақсы білетін, саясат ісіне жетік Әлекеңе хат жазып: «…Қарауыл өзені мұжыққа кетіп барады, 15-тен жер ал дейді, аламыз ба?» деп ақыл сұрағанда, Әлихан оларға «Не болса да жұртпен бірге көр» деп ақыл қосады. Осы ақылға бағып, Құнанбай ұрпағы «кір жуып, кіндік кескен ата қоныс» Қарауыл бойынан кесікті жер алудан бас тартқан болатын.

  Достарының бұл қадамын Әлекең әділ бағалап әрі өзге жұртқа үлгі қыла, «Қазақтың» бетінде былай дейді: «Құнанбай баласы жұрт қамы деп және шыға жайылып, көгермейік деп 15-ті алмай Қарауылдан айрылды. Саясат жолында мұндай ерлік қылған қазақ басшысынан көргенім жоқ» («Қазақ» газеті. Жинақ. – Алматы, 1998).

  Тарихшы ғалым М. Қойгелдиев «Ұлттық саяси элита» атты кітабында Ә. Бөкейхановтың 1906 жылы Қазақстанда кадеттер партиясын құруға кіріскен жайына тоқтала келіп, осы жылдың 10-шы маусымында Семейде өткен сайлаушыларды кадет партиясының бағдарламасымен таныстырған жиында басқа шешендер қатарында Шәкәрім Құдайбердиев те сөйледі деп дерек береді (Ұлттық саяси элита. - Алматы, 1999. – 149 б.).

  Болыстықтың таласты партиясы демесеңіз, елдің мүддесін алдыға қойып, сол үшін күресетін саяси партия құру дегеніңіз қазақ үшін бұрын-соңды болмаған таңсық нәрсе. Сондықтан 1906 жылғы сайлау қарсаңында қалада, әсіресе, қыр қазақтары арасында талай-талай жиындардың өткені таң қалдырмайды. «Жас өтті тынымсыз» деп басталатын өлеңінде Шәкәрімнің:

                                  Бақ қайда қиынсыз,

                                  Бос тілек сыйымсыз.

                                  Қазақ та қажытты,

                                  Күнім жоқ жиынсыз, -

 деуі осының куәсіндей.

  Кадет (конститутционная демократия деген тіркестен қысқа түрі) – монархияға қарсы құбылыс. Ол халықтың бостандығы, жеке адамның азаттығы сияқты құндылықтарды алдыға қойды. Яғни Батыс Европаның саяси партияларының үлгісін ұстанған партия болды. Шәкәрім «бос тілек сыйымсыз» деуімен бұл партия қазаққа оңай бақ әкеледі деп сене алмағанын жеткізіп отыр. Әйтсе де, кадеттің құрылуы із-түзсіз өткен жоқ, келешек қазақ партиясы «Алаштың» іргетасы осы жылдарда қалана бастағаны ақиқат.

  Қос арыстың шығармашылық қарым-қатынасы өз алдына әңгіме.

  Әлекең 1913 жылы «Қазақ» газетінің 12-ші санына Шәкәрімнің 1911 жылы жарық көрген «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты кітабына пікір білдіріп, мақала жазады. Осы мақалаға орай «Қазақтың» 1914 жылғы 61-ші санында Шәкәрімнің мынадай қысқа лебізі жарияланған:      «…Шежіремді бағасынан артық мақтағаныңызға қуанбасам да, қазақты шежіре оқуға қызықтырғаныңызға Тәңірі жарылқасын».

  Білімі кемел Әлекең қазаққа тезірек әдеби сынды қалыптастыру қажет деп санаған. Қазақ әдебиеті тезірек ширап, бауыры жазыла көсілуі үшін. Өзі де осы мақсатпен қолына қалам алады. Мәселен, 1915 жылы «Қара қыпшақ  Қобыланды» атты жеті тарауға бөлінген, жырдың тарихы, көркемдігі туралы сын мақаласында Шәкәрімге көп сілтеме жасап, оның шежіресін басшылыққа алады.       

  Келтірілген деректерденАбай мұрасының жанашыры Ә.Бөкейханов ниеттес досы Шәкәрім мұрасын да алғаш танушы әрі насихаттаушы адамның бірі болғанын аңдаймыз. 

  Әр тараптан алынған дерек-дәйектерментаныса отырып, 1905-06 жылғы аласапыранда қажының қызмет аясы тек шығармашылықпен, сондай-ақ, араағайындық дауларды жайғаумен шектелмей, келешек Алаш автономиясының төрағасы Ә.Бөкейхановпен бірге саясат жолына түсіп, оның да «дәмін» татқанын көреміз. Қалай болғанда да, ғұламаның жалпықазақтық саяси-әлеуметтік істерге араласып, қоғамдық істерге бірталай уақытын сарп еткені сөзсіз.

  Қайталап айтсақ, болашақ «Алаш» партиясының ірге тастары осы кезде қаланған, демек, Шәкерімнің саяси науқанға араласуы ізсіз өтті, ал жұмсаған қымбат уақыты зая кетті деуге қиын.

  Алғашқы орыс революциясы басылып-жаншылғаннан кейін 1908-09 жылдары тарихқа «столыпин репрессиясы» деген атпен енген қуғын­сүргін күш алып,  айналаны қара бұлт торлаған болатын. Не істеу керек?

              Шәкәрім: 

Газетке жаз, кітап жаз,

Бастыр, оқыт қазаққа,

…Сусыз егін не шықсын

Суғар, шыда азапқа.

Дәмін алып ел ұқсын,

Сонда ұмтылар тамаққа, -

дей келе, өзінің таңдауы жайлы:

Осы сөзді дұрыс деп,

Жүрек соқты, құптады, -

деп мәлімдейді. Баспасы жоқ бодан ел жағдайында мұндай шешімге келу, сөз жоқ, елжанды да қайсар мінез иесінің ғана сыбағасы!

  Қорыта келгенде, келтірілген дерек-дәйектерден Алаш партиясы өмірге келгенге дейін-ақ Әлихан мен Шәкәрім саяси партия құру ісінде жақын танысып, халықшыл майдан шебінде тіл табысқанына көз жеткіземіз.