name

8 (7222) 52-38-52, 52-24-22

ШҚО, Семей қаласы, Интернационал көшесі, 29

KZ RU EN

 ӘСЕТ НАЙМАНБАЙҰЛЫНЫҢ ЕКІ ТОМДЫҚ

ШЫҒАРМАЛАРЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ

  Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің бастамасымен қазақ әдебиеті тарихында өз есімін мәңгіге қалдырған кемеңгер Абайдың дарынды шәкірті, XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың басында өмір сүрген қазақ халқының дарынды ақыны Әсет Найманбайұлының туғанына 150 жыл толуына орай екі томдық шығармалар жинағы жарық көрді. 

  Мұнда Әсет ақынның М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Қазақ Ұлттық орталық ғылыми кітапханасының қолжазба қорында сақталған әдеби мұрасы, 1968, 1988 жылдары Қазақстанда жарық көрген кітаптарында, 2000 жылы Қытайда Бейжің баспасында басылған шығармалар жинағында және әр жылдары мерзімді баспасөзде жарияланған туындылары еніп отыр.

  Ә.Найманбайұлының «сегіз қырлы, бір сырлы» сері ақындардың қатарына жататынын білеміз. Сондықтан аталған кітапта ақынның өнері жан-жақты қамтылған.

  Бірінші томда Әсеттің өлеңдері мен толғаулары, ел арасында кең тараған Ырысжанмен, Кемпірбаймен, Кәрібаймен, Қалимен айтыстары және сөз қағыстары, жазба айтыстары жұрт назарына ұсынылған.

  Екінші томға ақынның «Алашқа», «Кешубай-Жәмила», «Пушкин-Татьяна», «Мұңлы қыз», «Салиха-Сәмен», «Ағаш ат», «Бахтияр», «Дастархан», «Шәкір-Шәкірат», «Ғалым-Сәлім», «Үш жігіттің хикаясы», «Үш жетім қыз», «Нұғыман-Нағым», «Ғаббас Шаһ» сынды өлеңдері мен дастандары енгізілді.

  Алты алашты әсем әнімен уатып, өткір жырларымен рухтандырған біртуар дара тұлға Әсет Найманбайұлының артында қалдырған әдеби мол мұрасы – ұлтымыздың бірлік пен берекеге шақырған рухани асыл тірегіболатынына сеніміміз мол.

Y2fKwe_b_8w

 

 

Әсет Найманбайұлының туғанына 150 жыл

МҰРАЖАЙ МҰРАТЫ

 

 

 

  Үстіміздегі жылы дүлдүл ақын, күміс көмей әнші, дарынды сазгер,  Әсет Найманбайұлының туғанына 150 жыл  толып отыр. Аудан көлемінде ұлы талант иесінің  атаулы мерекесі қандай деңгейде атап өтелмек, мұражайдың оған дайындығы қалай?  Жалпы мұражайдың 25 жылдық тарихына үңілсек деген оймен Мақаншыдағы Әсет Найманбайұлы әдеби-мемориалдық мұражай бөлімінің меңгерушісі Разуев Әбен Тұйғынұлымен сұхбаттасқан едік.

  Әбен Тұйғынұлы,  Әсет мұражайы Республикадағы  ақынға арналған жалғыз мұражай. Биыл аманшылық болса бабамыздың туғанына 150 жыл толмақ. Әңгімеміздің  басын осы мұражайдың ашылуы туралы  аздаған шегініс жасап бастасақ  қайтеді ?

  1984 жылы қараша айында сол кездегі Семей облысы Мақаншы  аудандық партия комитетінің І- хатшысы марқұм Исмағұлов Жақан Смағұлұлы  ауданның идеология майданының  шағын белсенділермен кеңес өткізіп, алашқа  аты шыққан Әсет ақынды қалай да елге  таныту  туралы  өз ойын  ортаға  салды. Оның алдында ғана бір жыл шамасы бұрын Әсеттей әншіні әспеттеу үшін бастама көтеріп, ауданда Әсет әнінің атымен аталатын «Інжу-Маржан» ансамблін құру туралы ұсыныс енгізген  еді.  Осы  кездесуден кейін тапсырманың дені мәдениет бөлімін басқарып отырған маған және аупарткомның нұсқаушысы, халықтық мәдениеттің жанашыры Оразбек Бекбосынов ағаға  жүктелді.  Сол жылдардан бастап болашақ Әсет мұражайының іргесін қаладық десек артық айтқандық емес. Арысы Фрунзе / Бішкек / қаласынан, берісі Талдықорған, Қарағанды, Жезқазған, Алматы облысының жерлерінен ел кезіп, көненің көздерінен деректер іздедік. 1985 жылы ауданға  басшы болып  О. А. Арғынбеков келгеннен  кейін  жұмысымыз  ілгерлей  түсті.   Ж. Сымағұлов бастамақ болған істі кейінгі басшы  одан әрі түлетті.  Бірінші басшы қолдап отырған соң жұмысыңа да жол ашылады екен. Алматыдағы Ғылым Академиясынан бастап, Министрліктердің де табалдырығын тоздырдық.   Талпынғанның, ізденгеннің  ықпалы болар, 1989  жылы  желтоқсан айында  Қазақстан  Жазушылар  Одағы  басқармасының  хатшылығы кеңейтілген  Қеңес  өткізіп,  онда ақын, әнші, композитор   Әсет  Найманбайұлының  туғанына  125  жыл толуына арналған мерекені  салтанатты  түрде өткізу  жөнінде  арнаулы  комиссия  құрды. Комиссия төрағасы болып мәдениет министрі Еркеғали Рахмадиев тағайындалып еді.  Ал 1990 жылы  19 наурызда Қазақ ССР-і Министрлер Кеңесінің № 114 қаулысы шығып, халық композиторы, әнші, әрі ақын  Әсет Найманбайұлын  мәңгі есте қалдыру мақсатында  мемлекет  деңгейінде мәдени  шара  өткізу   жөнінде  шешім  қабылданды.  Сол жылы мемлекеттік комиссия құрылды.

  - Әбеке, сіздер қазір Абай мұражайының бір бөлімісіздер.  Әсет мұражайының Абай мемлекеттік қорық мұражайының құрамына  кіру  себебіне тоқтала кетсеңіз ?

  - 1990 жылы 19 қыркүйекте Қазақ ССР-і Мәдениет  жөніндегі  Мемлекеттік  Комитетінің  № 219  бұйрығымен  Семейдегі Абайдың Мемлекеттік  тарихи – мәдени  және  әдеби –  мемориалдық   « Жидебай –  Бөрілі »    қорық   мұражайының  Әсет Найманбайұлы әдеби – мемориалдық мұражай  бөлімі  болып   ашылдық.  Оның себебі;  Әсет  Абайдың ақын шәкірттерінің  бірі. Академик Қайым Мұхаметқанов өзінің «Абайдың ақын шәкірттері» атты 4 томдық жинағында  Әсетке ерекше тоқталады. Әсет Абайдың айналасындағы басқа ақындарға қарағанда  Ұлы тұлғаға ұқсаған, әрі шығармашылығы өте жақын, синкреттік өнері  бойына дарыған бірден-бір талант иесі. 1898 – 91 жылдары Әсет Абай ауылында болған, Абайдан тағлым алған.  Шығыстың ұлы ғұламалары Фараби, Фердауси, Низами, Навои, Омар Хайям, Ибн Сина сынды данышпандарының  өсиеттерін бойына сіңірген. Батыстың Гейне, Гете, Байрон, орыстың А. Пушкин, М. Лермонтов, Л.Толстой,  А. Чехов, И. Крылов, Гоголь сияқты Ұлы тұлғаларының шығармаларына қаныққан, Абайдың жанында жүріп өмірдің  мәніне ден қойған.  Абайға Әсетті  таныстырған адамның кім екені белгісіз. Алғаш рет Әсетті көргенде Абай оның оғаш мінезіне тіксініп, сын да айтқан.  «Абайдың осы бір сыны өміріме азық болды, өмірімнің соңына дейін ұстаз тұтам» - деп айтқан екен  Әсет. Міне, сондықтан шәкіртімін деп санаған Әсеттің, оның атына ашылған мұражайының Абай қанатының астында болуы заңды құбылыс.   

  -  Ертеректе «Әсет мұражайын салуға  қаржы бөлініп еді»- деп естуші едік. Сіздер  пайдаланған  бұрынғы мұражай ғимараты  пайдалануға  қолайсыз болды ма,  жоқ әлде  талапқа  сай болмады ма?  

  - Рас айтасыз.  1990 жылы жазда Әсет мұражайын салу үшін жобалық құны белгіленіп, сметасы жасалып, сызбасы дайындалған болатын.  Қазақстан архитекторлар Одағының сол кездегі  төрағасы Айтмырза Рүстембеков Мақаншыға келіп, екеуміз бір апта шамасында болашақ мұражайды жобалағанбыз. Келісім шартқа да қол қойғанбыз. Мұражай 3 қабатты болып салынбақ болатын. Ішінде экспозициялық залдан басқа, концерттік зал, кітапхана, өнер адамдарының дайындық бөлмелері, қор, мұрағат бөлмелері жоспарланған еді. Тіпті алғашқы нольдік циклі жасалып, жері қазылған, құрылысы басталған да болатын.  Амал не, Кеңестік жүйе тарқағаннан кейін қаржы болмай, құрылыс тоқтап қалды.  Содан кейін дайындықты тоқтатпай, 1990   жылы   қараша   айының  28   жұлдызында    Халық  депутаттары Мақаншы  аудандық   Кеңесі  Атқару  комитетінің  №293 /17   шешімімен  Мақаншы  ауылында  орналасқан  аудандық мәдениет бөліміне тиесілі  бұрынғы  өлкетану   музей   үйінің   ғимараты  қолдағы  бар   жәдігерлерімен   Әсет    Найманбайұлы    мұражайының   меншігіне  /иелігіне /  берілді.   Мұражай  үйі 1991 жылы  Семейдегі Абайдың Мемлекеттік  тарихи –  мәдени  және   әдеби -мемориалдық           «Жидебай-Бөрілі»  қорық-мұражайының    қолдауымен  қайта   қалпына   келтіріліп, жөндеуден   өткізілді.     Оған  жөндеуге    63 000  сом   қаржы  бөлінді.  Келесі    көктемде,   яғный   1992   жылы 24   сәуірде  Әсеттің туғанына 125 жыл толуына орай  мұражай   салтанатты  түрде   ашылды.   Бұл  ғимарат  1950  жылы  іргесіне  тас қаланып  құйма  кірпіштен  салынған.  Алғашқы кезде  оған   шағын  электр  станциясы  орналасқан екен.     Кейіннен   аудандық    комсомол   комитетінің  кеңсесі,  аудандық  пионерлер  үйі,  балалар  бақшасы,  өлкетану музейі,  аудандық   мәдениет   бөлімінің    саябақтағы   ойын   автоматтары   орналасып   келген  еді.    Жалпы   көлемі 162,7  шаршы метр,   ауданы  488, 2   шаршы метр,   пайдалы  жері  72,6  шаршы метр болатын үйде 1 экспозициялық зал  және  2  шағын  жұмыс  бөлмесі ғана орналасты.  Мұражай деген аты болмаса,  онда  айтарлықтай  шаралар өткізуге  немесе экскурсия  жүргізуге  мүмкіндік  болмаған еді.  Тіпті жинақталған жәдігерлерді қоятын орын да болмады.  Сөйтіп бұл ғимаратта 2003 жылға дейін  қоныстандық.

  - Мұражайдың алғашқы меңгерушісі Оразбек аға туралы  не айтасыз?

  - Мұражайдың   алғашқы   меңгерушісі  болып, белгілі журналист, жазушы, әрі Әсетті  зерттеуші, сол кездегі аудандық «Білім» қоғамының төрағасы  Оразбек   Майжанұлы    Бекбосынов  ағамыз тағайындалды. Ұзақ жылдар аудандық партия Комитетіне нұсқаушы, Мақаншы ауданында шығатын «Ленин туы» газетінде Бас редактор болған Оразбек  ағаның  көңілге  түйгені, көргені өте көп еді. Алғаш Әсет туралы деректер іздеген  кезде мен ол кісімен  көп әңгімелестім, көп пікірлестім.  Мен Орекеңдей  таза, пәк адамды кездестірген емеспін.  Ертеректе ата-анасынан айырылып жетім қалған Орекеңді Көктұма /Бақты/ қаласындағы Әсеттің әйелі Тәтежан шешеміздің қолында  бірер жыл тұруға  тағдыр жазыпты.  «Тәте  шешеміздің қолынан дәм татып едім»-деп  үнемі айтып отырушы еді. 1992 – 1997 жылдар аралығында жұмыс істеген Оразбек ағамыздың мұражай жұмысын қалыптастырып, іргесінің қатаюына  қосқан  үлесі, артында  қалған  еңбектері айтарлықтай мол еді.  1997 жылдан бастап ол кісі денсаулығына байланысты  қызметтен босап, орынын  маған  қалдырды. 

  - Әбен Тұйғынұлы, Мұражайды 20 жылдай уақыт басқарып келесіз. Көргеніңіз бен көңілге  түйгеніңіз не?

  - Ең бірінші халық арасынан шыққан өнер адамдарына деген қызығушылық болар.  Бала кезімізде ауыл арасында көргені көп талант иелерінің ән-жырларын көп тыңдаушы едім.  Солардың арасында  Қ. Әділбеков, Б. Мәсәлімов, М. Бабасов сынды  Әсеттің алдын көрген, жанында жүріп атының тізгінін ұстаған, әнін тыңдап жанына сая тапқан  дала  жұлдыздары  болып еді. 1980 жылдардан бастап  Аудандық мәдениет  бөлімін  басқарып  жүрген  кездерімде, Әсет  жөнінде деректер іздеп, жәдігерлер жинаумен айналысып жүрсем де, тікелей мұражайды  басқару  мен үшін алғашқы кезеңдерде  өте  қиынға  түсті.   Мұражайдың  алғашқы  қылыптасу  кезеңі 1992 – 1999 жылдары  өте  қиын болды.  Бюджеттік  мекемелер  жабылып,  қызметкерлер  қысқыртылуға  ұшырап, еліміз ерекше  қиын кезеңдерді  бастан  кешіріп жатқан  уақытта,  бізді  ғылыми бағытта ізденістер  жасап,  зерттеу  жұмыстарын   жүргізу емес,  мұражайды  қалай сақтап қалу көп алаңдатушы еді. Солай бола  тұрса да  қажырлылық таныттық. Қызметкелеріміз қолға  алатын  2000 – 3500  теңге  аралығындағы еңбек  ақыларына   қанағат  етті.    1997 жылы мамыр айының аяғында Семей  облысы таратылып,  оған  қарасты  бұрынғы Мақаншы ауданы көрші Үржар ауданына  қосылғаннан  кейін,  босап қалған,  1951  жылы күйдірілген қыш кірпіштен  салынған,  алғашқы  кезде  балалар бақшасы,  кейін 1989 жылдары аудандық әлеуметтік  қамсыздандыру  мекемесіне берілген  ғимаратты  сол  кездегі Үржар ауданының әкімі  Д. М. Сейілхановқа  барып  сұрауыма  тура келді.  Азаматтығына  рахмет, сөзімізді жерге  тастамады.  Үржар ауданы әкімінің 1997 жылға 21  шілдедегі   №  01 – 44  Ө  өкімімен  ғимарат мұражай  иелігіне  алынды.   Бұл ғимарат   орналасқан аумақтың  жер  көлемі  0,461 га.  Ауданы  2242,00  шаршы  метр.   Мұражай  болуға әбден лайық еді.  Мақаншыда құрлысы басталмақ болған 3 қабатты жаңа типті мұражай құрылысы басталмай  жатып  тоқтап қалғаннан кейін,  бұл  біз үшін үлкен олжа  болды.  Дайын  тұрған  құрылыс  жабдықтары болмаса да 2 – 3 жыл  жөндеу  жұмыстарын  жүргізіп,  2003 жылдан бастап мұражайды осы ғимаратқа   көшірдік.    Аруағы риза болсын, сол кездегі ауыл әкімінің орынбасары Мәзәмбиев Мәденнің күш шығаруының арқасында атқарған жұмысымыз ұшан теңіз десем артық айтқандық емес.  Бұрынғы  ескі  ғимарат  үйі   бұзылып,  оның  ауласы  осы ғимаратпен қосылды.   Ескі   үйдің  орынына   2007   жылы    белгілі   мүсінші,  Үржарлық Оразанбай Бекбаев сомдаған  Әсет ақынның ескерткіш бюсті қойылды.    Мұнда  3  экспозициялық  зал,   1  акт  залы,   3  жұмыс  бөлмесі, мұрағат,  сақтау  және  қор   бөлмелері    жабдықталған.     Мұражайды   ағымдағы   жөндеуден   өткізіп  қалпына   келтіру  үшін  2009  жылы  Абайдың  Мемлекеттік тарихи – мәдени және әдеби – мемориалдық  қорық мұражайынан   3,5 миллион  теңге  қаржы  бөлінді.  Орталықтан шалғайда орналасқандықтан болар  шынын айтқанда басшылардың  назарына  іліне де  бермедік.  Жыл сайынға  жөндеу  жұмыстарын жасауға  қаржы мәселесі қолбайлау болды. Анау бір жылы облыс әкімі Ж.С. Кәріпжановтың берген 1 миллион сомасын  сол кездегі Үржар ауданының әкімі Б.Т. Жанақовтан даулап жүріп ала алмай күдерімізді  үзген күніміз де болды.  Қайсы бірін айтайық, өткен күндер тарих қойнауына  кетті ғой. Міне, осы әңгімеден кейін менің көңілге түйгенім, сезімі сеңгір, ойы асқар, көңілі дархан, жаны жайсаң адамдардың  жаныңнан табылып , қол ұшын беруін адамдықтың зор қасиеті деп айтар едім.  Қандай да бір бастаманың қолдаушысы жергілікті жердің бірінші басшысы болмаса ісіңнің алға жылжымайтыны айқын екен. Оны бүгінде  көріп жүрміз.

  -  Мұражай құндылықтарынан нені ерекше атар едіңіз?

  - 1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай аудандық өлкетану мұражайын ашқанымызда, соның бір бұрышын Әсетке арнадық. / Көктұма/ Бақты ауылына барып Әсеттің ұлы  Қожеке әкеміздің үйінен  62 жәдігер іріктеп алдық.  Ал 1992 жылы сәуірде мұражай отау болып шаңырақ  көтергенде  бар жоғы 340 дана қолжазбалар мен көне дүниелерді экспозицияға  шығарып,  көрмеге қойып едік. Біздің бүгінгі барлық құндылықтарымыздың бастамасы осы жәдігерлерден бастау алады. Бүгінде  мұражайдың жәдігерлерінің саны айтарлықтай молайды.  Барлық дүниелер Әсет ұрпақтарының, Әсет заманының,  Әсеттің көзін көрген шежіреші-қазыналы қарттарымыздан қалған естеліктер мен қолжазбалардан және олар ұстаған бұйымдардан тұрады.  Мұражайда бәлендей алтынмен апталған,  күміспен күптелген құнды заттар жоқ.  Ондағы бар дүние әдеби – мемориалды құндылықтар. Сондықтан да мұражай  «әдеби-мемориалды» - деп  аталады. Аса бір бағалы жәдігер ол Әсет бабамыздың  өзі ұстаған, жанында жүріп иіссіңді болып қалған –  ақынға 1880 жылдары  ұстазы  Тінәкә Далдаоғылы жазып берген бойтұмары мен оқыған құран кітабы.  Жалпы алды 120 жыл,  арты 70 – 80 жыл болған Әсеттің әйелі Тәтежан шешеміздің, қызы Шамшыфару ( Сәмогей),  ұлы Қожекенің ұстаған дүниелері. Берісі  Қожекенің әйелі Қамария жеңгеміздің үй мүліктері де осы жерден орын алған.  Алдағы уақытта Әсет ұрпақтарынан жинақталмаған жәдігерлер болса алып, мұражай қорын толықтырмақпыз.  Семейдегі Абай мұражайының да қорында  сақтаулы көне жәдігерлерлер біздің Әсет мұражайының экспозициялық залын толтырып қалар деген ойымыз бар.

  - Әбен Тұйғынұлы,  алдағы жоспарларыңыз қалай. Әсеттің туғанына 150 жыл толу мерекесі келе жатыр. Оны қалай тойламақсыздар?

  - Мәселе той-тойлаумен ғана өлшенбеу  керек.  Әсеттей  ұлы  тұлғаның болмысын, бізге белгісіз бет-бейнесін,  кескін – келбетін біз әлі аша алмай келеміз.  Өйткені Әсет өмірі мен шығармашылығы  әдебиет қойнауына жұмбақ болып кірді, жұмбақ болып келе жатыр. «Абайдай арт жағына сөз қалдыра алмаған» ақынның жазба дүниесі жоқ.  Бізге жеткен құндылықтар – ол құлақтан құлаққа жеткен, ауыздан – ауызға айтылған естеліктер, есте қалған әңгімелер. Көзі көрген құйма құлақ даналарымыздың бірен-саран қолжазбалары. 19-ғасырдағы Қазақ мәдениетінің Ақан, Біржан, Мәди, Балуан-Шолақ, Естай, Мұхит сынды алыптарының қатарында  Әсеттің орыны ерекше болуы керек.  Әсет шығармалары әдеби  талдауға  түсіп, бір арнаға жүйеленген  жоқ. Биыл міне, Әсет бабамыздың туғанына 150 жыл толмақ.  Біз Абай қорық-мұражайының  мұрындық болуымен Республикалық деңгейде ғылыми тәжірибелік конференция өткізіп, ең алдымен Әсеттің қазақ әдебиетіндегі орынын  аша түскеніміз абзал.  Ал тойлау, еске түсіру - ол бүгінгі ұрпаққа Әсеттей Ұлы бабаның бұл өмірде болғанын, ғұмыр кешкенін баяндау ғана.  Дегенмен оның өзі жоғары деңгейде өтуі керек. Үстіміздегі жылы мұражай ішінің интерьерін түбегейлі қайта өзгертпекпіз. Оның тақырыптық-экспозициялық жоспары Абай мұражайының директоры Болатбек Жүнісбекұлының басшылығымен, ғылыми бөлім жетекшісі Маржан Біржанқызының тікелей қатысуымен қайта жасалды. Сол бойынша  қазір материалдар жинақталып жатыр. Есіңізде ме, 1991 жылғы тамыз айында Мақаншыда өткен Қаракерей Қабанбай батырдың туғанына 300 жыл толу мерекесі, Әсет ақынның туғанына 125 жыл толған салтанатын Республика көлемінде атап өтуіміз. Ұлыларды ұлықтау бізді көп нәрсеге үйретті. Сол арқылы тарихқа көз салып, өткенімізге ой  жібердік.  Жоғарыда айтқанымдай, қандай бастама болмасын бірінші басшының бастамасымен басталып, қолдауымен жүзеге асып жатса бағымыз. Олардың айтқанын орындайтын, сөзінде тұратын, шешімді болғаны жақсы ғой.  Мен бүгінгі Үржар ауданын басқарып отырған Серік Зинабекұлы Зайнулдиннің  бойынан осы қасиетті байқаймын.

  - Әсет шығармалары қандай деңгейде жарық көрді.  Алдағы жоспарда оқырмандарға ұсынатын қандай сыйларыңыз бар?

  - Ертеректе зерттеуші ғалымдарымыздың бірен-саран жариялаған мақалалары болмаса, Әсет шығармалары жеке кітап болып баспадан басылып шықпады. 1968 жылы баспадан жарық көрген алғашқы кітаптың көлемі онша үлкен болмады. Зерттеуші Балтабай Адамбаевтың құрастыруымен шыққан кітапқа ақынның 34 өлеңі, 4 қисса-дастаны 4 айтысы ғана сыйды. Одан кейін жазушы Б. Нұржекеевтың және жерлесіміз Б. Абылқасымовтың құрастырған жинағы 1988 жылы шықты. Ол әрине алдыңғы кітапқа қарағанда тереңірек зерттелген, жан-жақты талданған көлемді кітап болды. 1989 жылы Шинжиаң баспасынан Б. Әлімбекұлы мен М. Шипанұлының  құрастыруымен «Ән салсаң Әсеттей сал әсемдетіп...» атты, 1992 жылы Алматыдағы «өнер» баспасынан Қ. Жүзбасов құрастырған «Інжу маржан» атты әндер жинақтары  шықты.                Қ. Толыбаевтың  Әсеттің өмірі туралы жазған тұңғыш роман-новелласы   1995 жылы «жазушы» баспасынан жарық көрді. Осыдан кейін 5 жыл өткенде Қытай астанасы  Бежиндегі «Ұлттар» баспасынан  Н. Қалиоллаұлының құрастыруымен  2 томдық Әсет шығармалары  жарық көрді. Әсет өмірі мен шығармашылығы туралы бүгінге дейінгі кітаптардың жалпы саны осы ғана.  Кейінгі жылдарды Әсет тақырыбын өздерінің ғылыми еңбектеріне арқау етіп, ақын шығармаларына зерттеу жасаған Талдықорғандық Сайлау Қожағұлұлының, Семейлік Жанар Айтованың еңбектерін жоғары бағалар едім. Дегенмен Әсет шығармаларының хронологиялық кестесі жасалынбады. Бұл ғұмыр болса алдағы уақыттың еншісінде дер едім. Ақынның  туғанына 150 жыл  толу мерекесі қарсаңында, бүгінге дейінгі Әсет өмірі мен шығармашылығы туралы жүргізген  зерттеулерімізді, жинақталған тың деректерді  жеке кітап етіп шығарсақ деген ойымыз бар.  Сондай-ақ Әсеттің біраз әндері және оның шығу тарихы туралы көлемі 160 беттік  кітап компьютерде терулі, баспаға дайын.  Оның сыртында Бежинде шыққан 2 томдық кітап төте жазудан кирилицаға аударылып, біраз толықтырулар мен дайын тұр. Егер автордың рұхсаты келсе,  Абай мұражайының баспаханасы арқылы ол да оқырмандарға жол тартар. Сонымен қатар той қонақтарына ұсынатын көлемі 35 және 45 беттен тұратын «Әсет мұражайының тарихы» және «Әсеттің ұрпақтары»  атты иллюстративті  2  буклет  кітапша  баспаға дайын.

  - Аудан көлемінде салтанатты шараны өткізуге  қандай  қолдау  көрсетілуде?

  - Әсет бабамыздың туғанына 150 жыл толу  мерекесін  өз деңгейінде атап өту анау 2013 жылы қазан  айында аудан әкімі Серік Зинабекұлы Зайнулдиннің Әсет мұражайына  келгенінде  өз аузынан шыққан бастамасы болатын.  Олай болса аудан басшысы бізге емес,  біз аудан басшысына қолдау көрсеткеніміз абзал шығар. Өткен жылы аудандық бюджеттен 23 миллион теңге қаржы бөлініп мұражайдың ауласын абаттандырдық.  Мақаншы ауылының келбеті өзгерді. «Әсет Найманбайұлы» жеке қорын аштық. Ауданымыздың мекеме-ұйым қызметкерлеріне рахмет. Бір күндік еңбек ақыларын аударып берді. Алтайдан - Атырауға, Жетісудан – Арқаға дейінгі ұлан ғайыр даламыздан Әсеттей бабамызға қолдау көрсетер  азаматтар табылып жатса қанеки.   Биыл көктем шыға салысымен мұражайдың ғимаратына да жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Әсет шыққан тұғырды аласартқысы келмесе, шекпенді азаматтар Әсетше айтқанда, «Біріне бірі серік екеу болып» жетпегенін жалғар деген үміттеміз. Біраз шаруаның басын қайырып, бүгінге дейін Әсетті өмірге қайта әкелдік. Осыдан артық не керек, бұған дейінгі ғасырда істелмеген жұмыс атқарылды.  Мерекені өткізетін  аудандық «ұйымдастыру комиссиясы» құрылды. Оның құрамындағы бөлім басшылары мен жауапты адамдардың атқаратын  жұмыстары да белгіленді. Алда тек соны жүзеге асыру  басты міндет болмақ.  Бірлігіміз жарасса, бұл сыннан да сүрінбей өтеріміз хақ.  Шаруаның беті бері қарап, 2017 жылдың бағдары анықталған күзде, аудан халқына тартылар сый, шашылар шашу Әсет бабамыздың әнімен өрнектелеріне куә боламыз.

 - Әбен Тұйғынұлы !  атқарылар жұмыстың ауқымы кең, көлемі үлкен екен. Абырой берсін.  Өзекжарды әңгімеңізге рахмет!

  - Сізге де рахмет !  Айтпақшы әңгімеміз газет бетіне жарияланып, елге тарап жатса мырза жігіттердің назарында жүрсін. Мұражай қорының жеке шотын еске сала кетейін. Айып болмас.

Қордың мекен жайы:      071724     ШҚО.  Үржар ауданы   Мақаншы ауылы  Қабанбай көшесі 31 үй

Есеп айырысу шоты:      «Әсет Найманбаевтың» жеке қоры         БИН - 160740001084, 

 ИИН – KZ59563Ғ350000067834,    БИК -  KPSTKZKA Банк - Филиал  АО «Казпочта»  с.  Урджар    Код  17

Қосымша хабар алу үшін:        Байланыс желісі:  8 722 39  4 – 14 – 36,        8 775 307 42 55,    8 777 380 35 51

Сұхбатты жүргізген:    Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі;  Мұратқазы  Саябаев

  Аға,  ақпан айының 6-шы жұлдызынан бастап 15 күн Алматыда ауруханада ем алып келдім. Сондықтан, жауапты кешіктіргеніме кешірім сұраймын.  Бірінші кезекте  мұражайдың  қалай құрылғанын білгеніңіз дұрыс болар деп, мына өзім жазған сұрақ - жауап мақаланы жіберіп отырмын.  Бұдан Сіз толық  ақпар аларсыз деп ойлаймын. ( авторы өзіміздің журналист болатын. Жазуға ерінген соң, облыстық газетке тездеп шығару үшін өзім соның атынан жазып едім)   Алдағы 3-4 күннен кейін Әсет ұрпақтары деректерді шетінен жіберіп отырармын.  Мүмкін болса дайын материалдарды газеттерге жіберіп отырарсыз.

Разуев Әбен Тұйғынұлы

 

 

Әсет Найманбайұлы әдеби-мемориалдық мұражайының меңгерушісі.

 Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері,  әсеттанушы.

 

 

 

Әсет Найманбайұлына150 жыл

АБАЙ МУЗЕЙІНДЕ ӘСЕТ АҚЫННЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ

 

  «Әсет Найманбайұлының шығармашылығының, баспа бетінде көруінің және оның зерттелуін шартты түрде екі кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең – (1924-1958) Әсетті ауыз әдебиетіне және «Евгений Онегин» аудармасына байланысты алып зерттеумен сипатталса, екінші кезең – (1958-1970) ақын шығармаларының жинақталуымен, олардың неғұрлым толық жарық көруімен және оның бүкіл поэзиясына қатысты зерттеумен сипатталады»,- деп жазады Б.Абылқасымов «Әсет шығармаларының зерттелуі» атты мақаласында. Ақын шығармашылығының зерттелу кезендерін көрсетіп отырғанымыз – әдебиеттетанудағы жаңалықтар Абай қорық-музейіндегі ғылыми-зерттеу, ғылыми-қор жиналуымен тығыз байланысты. 

  Бірінші кезең – 1924-1958 жылдар. Осы жылдар аралығында, яғни 1940 жылы ұлы ақынның 95 жылдық мерейтойы кезінде Абай музейі ашылды. Ұлы ақын жайында материалдарды зерттеу, жинастырумен бірге Абайдың ақындық-өнер айналасындағы шәкірттері туралы материалдар да мұражайдың ғылыми қорына кіре басталды. Мұражай қорында Әсет Найманбайұлының шығармашылығына байланысты материалдардың тіркелуі 1949 жылдан басталады. Ғылыми қордың Бас тіркеу кітабында  араб қарпімен жазылған ақынның «Қызыл табан, ағаш ат»,  «Олжабай-Бипа» дастандарының қолжазбаларын алматылық азамат А.Құдышев 1949 жылы 1-ші желтоқсан күні музейге тапсырған деп көрсетілген.

  Екінші кезең –1958-1970 жылдар аралығындағы кезеңде:

- Әсеттің Қытайда 1945 жылы жарық көрген «Сәлиха-Сәмен» кітабының фотокөшірмесі мұражай қорына 1959 жылы түседі. Бұл поэманы әріптесіміз болған Құдайбердиев Ахат ақсақал 1982 жылы қазіргі әріпке аударып, «Әсет Найманбайұлының «Сәлиха-Сәмен» поэмасы және таңдамалы өлеңдер кітабының аудармасы», - деп қол қойған.

-Осы жылы (1959) ақынның 1918 жылы Шығыс Түркестанның Шәуешек қаласында Алаш азаматтарымен түскен фотосуретінің көшірмесі қабылданды. Фотосуретке түсірген Мұхамеджан Юсупов деген азамат. Бұл фотосуреттің тарихи туралы 1990 жылы 18 мамырда «Қазақ әдебиеті» газетінде Никар Бафинаның «Асыл ағаларды суреттке түсірген кім?» атты көлемді мақаласы жарияланған. 

- 1964 жылы жазушы Сапаев Ғазиз ағамыз Әсет Найманбайұлының бірнеше қисса-дастандарының қолжазбаларын тапсырды. «Ағайым Шәріп Хасеновтің аузынан жазып алдым. 24 қараша 1964 жыл», - деп көрсетіп, ақынның бізге белгілі «Қызыл табан, ағаш ат», «Сәлиха-Сәмен» дастандары мен 736 жолдық «Нұғман-Нағым» және 320 жолдық «Гүлзипа-Гнияр төре» қиссаларының қазіргі әріптермен жазылған қолжазбалары.

- 1968 жылы «Жазушы» баспасы ақынның тұңғыш рет шығармалар жинағын жеке кітап етіп басып шығарды. Жинақты Қазақ ССР Ғылым Академиясының М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты дайындаған. Құрастырушылар: Б.Адамбаев, С.Ордалиев. Осы баспадан Б.Нұржекеев пен Б.Абылқасымовтың басшылығымен 1988 жылы ақынның шығармалары  жарық көрді. Пікір жазған А.Адамбаев. Екі жинақта мұражайдың кітап қорына еніп, музей қызметкерлерінің әсеттанудағы негізгі құралдары болып келеді. Кейінгі жылдары мемлекеттік баспалардан шыққан «Әсет Найманбайұлы. Інжу-Маржан» (–Алматы: «Өнер», 1992) әндер жинағы мен Қ.Толыбаевтың «Әсет» (–Алматы: 1995) роман-новелласын да айтып кетуіміз керек.

  Әсеттануда аталған кезеңдерге үшінші кезеңді қосуға болады – Республикамыздың Тәуелсіздік жылдарында ақын шығармашылығының зерттелуі. 1990 жылы 19-шы наурызда  ҚР Министрлер Кеңесі Әсет Найманбайұлын мәңгі есте қалдыру мақсатында және туғанына 125 жыл толуына орай сол кездегі Семей облысына қарасты Мақаншыда мұражай ашу жөнінде қаулы қабылдады. Ақын мұражайы – Абай қорық-музейінің бір бөлімі ретінде ашылатын болып, Әсет Найманбайұлын – Абайдың ақындық мектебінің ірі өкілдерінің бірі, ақын, әнші, сазгер ретінде көрсететін ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Абай қорық-музейінде Әсет Найманбайұлы туралы материалдарды зерттеу мен жинау жұмыстары ақын музейінің ашылуымен байланысты болды. Осы жылдан бастап «Әсет заманы мен өскен ортасы», «Абай және Әсет», «Әсеттің қисса-дастандары», «Әсет-айтыс ақыны», «Әсет өлеңдері», «Әсет әнші-сазгер» сияқты тақырыптар белгіленіп, зерттеу жұмыстарының арқасында мұражай қорына бірталай материалдар жиналды.

Біріншіден: ақын туралы жазған барлық әсеттанушылардың мақалалары мен зерттеулері анықталып, кітапханалар мен жеке қорлардан, баспа беттерінен қарастырылды. 1941 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде басылған О.Орынтаевтың «Әсет ақын» мақаласынан бастап, С.Ордалиев, Б.Адамбаев, Б.Кенжебаев, Б.Нұржекеев, Қ.Мұхамедханов, Б.Абылқасымов, Қ.Толыбаев, Д.Рақышев, Х.Әдібаев, А.Түгелбаев, С.Дәуітов, т.б. зерттеушілердің мақалалары және баспа бетінде жарық көрген ақын шығармалары жиналды және осы күнге дейін жиналып келеді. Ақырғы жылдары ақын шығармаларын зерттеп, әсеттану іліміне өз үлестерін қосқан Қ.Мұхамедханұлының «Абайдың ақын шәкірттері» (-Алматы: «Дәуір», 1994, 3-ші кітабы), Т.Төлековтің «Ұрпаққа айтарым бар» (2003), С.Қожағұлдың «Әсет ақын» (–Алматы: «Қазақ тарихы», 2003), Ж.Аитованың «Әсет ақын» (монографиялық зерттеу) (-Семей: 2012) еңбектері де жинақталды.

Екіншіден: ақын шығармаларының қолжазбаларын жинау жұмыстары жалғастырылды. Ғылыми ізденістер мен іссапарлардың арқасында Қали Нұпбаев, Мырзахмет Құсайынов, Махмұт Сүттібаев, Мағрышай Жәнібеков, Иманділда Құсайынов, Оразбек Бекбосынов, Дариға Қалиева сияқты сақтаған, жинаған ақын өлеңдері мен дастандарының  қолжазбалары мұражай қорына алынды. Солардың ішінде «Біржан-Сара» айтысы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр» поэмасының 1933 жылы Шәуешек қаласында жазып алған, 1994 жылы 90 жастағы Сатыбалды Қарымсақұлының қолжазбалары да музей қорын толықтырды.

Үшіншіден: Тәуелсіздік жылдары Қытай Халық Республикасына жолсапарлар ұйымдастыруға мүмкіндік туып, ақын өмірінің ақырғы жылдары туралы деректер, сонда жарық көрген ақын шығармаларының басылымдары, зерттеушілердің мақалалары мен еңбектері, қариялардың естеліктері, ақынның жиені Нәшен ақсақал туралы материалдар жиналды. Солардың ішінде  1989 жылы Үрімжі қаласының «Халық» баспасынан жарық көрген «Әсет әндері» жинағы, Ә.Найманбайұлының туғанына 125 жылуына арналған 1992 жылғы «Шұғыла» атты альманах-журналының №9 саны, 2000 жылы Бежиндегі «Ұлттар» баспасынан шыққан 2 томдық «Әсет шығармалары» (құрастырушы Нұртаза Қалиоллаұлы),  Үрімжіде басылған З.Сәніктің «Әсет ақынның  жиені Нәшен» кітабы қолымызға тиді.

Төртіншіден: Әсет ақынның туыстық айналасы мен ұрпақтары туралы материалдар, соның ішінде ақын балаларының үй мүліктері, тұтынған тұрмыстық заттары мұражай қорына жинақталды. Осы заттардың ішінде Әсет ақынға қатысты – ақынның бойтұмарын айтып кетуге болады. Бұл затты Әсеттің келіні, Қожекенің бірінші әйелі Гауһария музейге 1991 жылы тапсырды.

  Музей болғандықтан Ә.Найманбайұлының өмірі мен шығармашылығын ашатын Қазақстан қыл-қалам шеберлерінің туындыларына тоқталған да жөн болар. Қазір қорымызда сақталған Я.Нимец, А.Қасенов, А.Отыншынов, Н.Өтепбаев, В.Шереметьев салған ақынның бірнеше портреттерін, О.Бекбаев жасаған ақынның мүсінін, М.Беляев пен Н.Егоров сияқты суретшілердің Әсет ақынның шығармашылығына байланысты туындыларын айтуға болады.

  Абайдың ақындық мектебінің ірі өкілдерінің бірі, ақын, әнші, сазгер Әсет Найманбайұлының өмірі мен шығармашылығына байланысты материалдар жинақталып, сарапталып, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді, солардың нәтижесі – 1992 жылы 24 сәуірде Әсет мұражайы ашылды. Кешені кең, сәулетті алаңы бар, Мақаншы орталығындағы ғиматаратта орналасқан мұражай 25 жыл бойы қазақтың дүлдүл ақыны Әсет Найманбайұлының өмірі мен шығармашылығын насихаттап, ұрпақ тәрбиесіне үлесін қосып, өз көрермендерін қабылдап келеді.

  Ақынның 150 жылдығына орай мұражай экпозициясын өзгерту, жаңарту жоспарланғандықтан ғылыми-зерттеу жұмыстары тағы да қолға алынып, жаңа экспозицияның тұжырымдамасы мен тақырыптық жоспары дайындалды. Енді Әсет мұражайы кеңейтілген үш залда қанатын жаятын болады. Негізінде музей экспозициясы әрбір тұлғаны жан-жақты көрсетуге бағытталады. Оның жеке заттары, қолжазбалары, тірі кезіндегі басылымдары сияқты материалдар тұлғаның шығармашылық лабораториясын ашуда негізгі рөл атқарады. Әсет ақынға келсек, бізге жеткен бір ғана фотосуреті және мемориалды заттарынан – бойтұмары ғана бар. Ақын бейнесін ашуға бұл жәдігерлер аз болғандықтан, біз осы жолы, біріншіден, Әсет ақынның өз  шығармаларына, екіншіден, шығармаларының қолжазбалары мен естеліктерге ерекше көңіл бөлдік. Міне, осы материалдарды пайдаланып ақын бейнесін жан-жақты ашып көрсетуді жоспарлап отырмыз. Мұражайға келушілер тек қана шығармашылығымен танысып қана қоймай, өзі «Алашқа атым шыққан Әсет ақын» дегендей, оның қазақ тарихындағы орны, қандай адам болғанын, дүниеге көзқарасы, замандастарымен қарым-қатынасы, мінезі мен отбасы туралы, бір сөзбен айтқанда, Әсет ақын – заманының Тұлғасы, ұлы Абайдың дарынды шәкірті болған бейнесін көру керек.

 

М.Мұхамедова,

 Абай қорық-музейінің ғылыми қызметкері 

 

 

АБАЙ   ЖӘНЕ   ӘСЕТ

  Әсет он тоғызыншы ғасырдың соңымен жиырмасыншы ғасырдың басында өмір сүріп, өзімен бірге ғұмыр кешкен қазақ мәдениетін дамытушы ұлы тұлғалардың көш басында бола алды. Қазақ поэзиясының алыптарының бірі, белгілі қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіров Әсет туралы былай дейді. «Біздің, бізге жақын замандарда атын естіген әншілеріміз: Біржан, Ақан, Әсет, Мұхит, Естай, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Ыбырайлар болса, осылардың  әндері деген әннің өзі де бір-бірінен бөлек-бөлек жатады. Айталық, Біржан аспанға өрлеп, даурығып салады. Әсет  аспанға да өрлейді, жерде де жорғалайды... Бұлар дала музыкасының әрі актері ( салушысы ), әрі авторы (шығарушысы ).  Бұлардай ойдан ән салушы енді жоқ. Ендігі жерде ел әнін тыңнан салушыны есту қиын болар.»   Аз ғана сүрген ғұмырында Әсет (1867-1923ж.ж.) халық көңілінің кең сарайынан орын алып, өзінің ғажайып өнерімен асқан әншілігімен өзінен бұрынғы өмір сүрген өнер иелерінің асқақ жырларын, әсем әндерін жалғады. Жай жалғаған жоқ, ағыны қатты тау суындай өзен болып қосылды

  Әсеттің ақындық өнерге қосылуы - оның жаңа үлгімен дастандар жазып, қазақ поэзиясына тың жол салуы, музыка жағынан да жаңаша үлгідегі әндер тудырып, қазақтың классикалық әндерінің мазмұнын байытуы, өресін биіктетуі. Ғасыр ішінде сирек және ерекше дарынымен туатын осындай өнер иесінің еңбегін төл бойындағы ақындық, композиторлық, әншілік әрі шебер орындаушылық қасиеттерімен  дәлелдеуге  болады.

  1960-жылы елімізде басылған «Дастандар» жинағында зерттеуші Ханғали Сүйіншәлиев: «Пушкин орыс мәдениетінде романтикалық мектеп жасаған болса, Абай да айналасына тілектес шәкірттерін жинап, Ақылбай, Кәкітай, Мағауия, Көкбай, Уәйіс, Әріп, Әсет т.б. ақындарды тәрбиелеп шығарды. Бұл жастар Абай бастаған романтикалық поэзия жанрын ілгерлетті, көлемді, шытрман оқиғалы поэмалар жазды. Қазақ әдебиетінде бұрын болмаған жаңа поэмалар тобын туғызды» - деп жазды. Әсеттің ақындық, әншілік, композиторлық өнер талабын көрген Абай 1889 жылы өзінің «Әсетке» деген өлеңінде:

Біреуден біреу артылса,

  Өнері өлшеніп тартылса.

  Оқыған, білген, білген-ақ

  Надан, надан-ақ сан қылса.

 .............................................

  Кісіде бар болса талап,

  Отырмас ол бой балап;

  Жүрер, әр қайдан ізденер,

 Алар өзі сүйгенін қалап  – 

деп   арнау  жазып өнер  иесінің  келешегіне жөн сілтейді. Әсет туралы А.Жұбанов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Б.Адамбаев сынды қаламгерлеріміз бен О. Орынтаев, Б. Ысқақов, Қ. Мұхаметқанов, Б. Кенжалиев, Б. Нұржекеев, Б. Абылқасымов сияқты зерттеушілеріміз өздерінің бағалы пікірлерін жазып, тың ойларын қосып келді. Өз кезегінде Шинжаңның Тарбағатай, Іле аймақтарында тұратын Мәлік Шипанұлы, Нұртаза Қалиоллаұлы, Жүмәділ Маман, Ғалым Қанапияұлы, Зейнолла Сәнік, Асқар Игенұлы, Омарқан Асылұлы сияқты қаламгерлер мен жазушы-зерттермендер де Әсет шығармаларының ұлттық ерекшеліктеріне, ақындық, әншілік,  орындаушылық шеберлігіне сүйініш білдіріп, ұлы талант иесінің қазақ саз мәдениетіне қосқан аса қомақты үлесіне шолулар  жасады. Әсеттің мәдени тарихымыздағы орны туралы бұдан кейінде талай зерттеушілеріміз бағалы еңбектерін жаза беретініне әрине күмәніміз жоқ.

  Мақаншыдағы  Әсет  ұражай экспозициясындағы  аса  ауқымды бір  бөлімнің мазмұны  Абай мен Әсет арасындағы өзара шығармашылық байланыс  туралы, ұлы ақынның Әсетке деген ерекше ілтипаты, ықыласы, қамқорлығы айналасында  өрбиді.    Бөлім  « Абай – ұстаз да, мұның алдына келген, сөз ұғатын, ынталы, талапты жастардың бәрі – шәкірт.  Абай  іні, бала, ағайындарына  мағналы тәрбиеші бола бастайды...  Жалғыз өз  өсиетіне қанағат қылмай, бұлардың  сезім тәрбиесін толықтырмақ болып, 1889 жылы музыка үйретпекші  болады.  Сол мақсатпен Көкен  еліндегі  Мұқа деген скрипкашыны ауылына алғызады.  Тағы сол жылы Әсет  деген ақынды да  сақтайды.  Осымен 1891 жылға шейінгі өмірі  Абайдың  ең мағналы өткізген  жылдары  болады » - деген  М.О. Әуезовтың анықтамасымен  ашылады. Әсет шығармашылығына әсер еткен, оны ақын етіп тәрбиелеген негізгі күш, біріншіден, халқымыздың  бай  ауыз әдебиеті болса, ақынның одан кейін ұстазы – Абай.    Ұлы Абай – ақындық, әншілік өнер жолында Әсетке үлкен өнеге көрсеткен ұстаз. Абайдан батыстың озық ойлы ғұламалары туралы, шығыстың ғажайып даналарының еңбектерін көңіліне тоқып, үйреніп, олардың философиялық ой – тұжырымдарына қанығады.  Әсеттің  Абай алдынан алған білімдері мен жинақтаған тәжірибелері, кейіннен шығарған шығыс халықтарының аңыз-ертегілерінің желісі мен құрылған  барлық жыр - дастандарына  арқау  болады.  Әсет Абайды ұстаз тұтып, оның жанында болған күндерінде өзінің ғұмырына жетерлік азық алғандығын мойындайды.  Тіпті өлім аузында жатып та  Абайды аузына алуы, Абайша қызмет ете алмағанына өкінуі,  өзін Абайдан кіші ұстауы – Ұлылық алдындағы ізеттілігі,  парасаттылығы.

                                              «Абайдай арт жағына сөз  қалдырып,

                                               Жақсе еді-ау әтеген ай өлу деген», -

деп Абайдай мол мұраларын жазып қалдыра алмағанын өкінішпен жырласа, Евгений Онегин поэмасының алғашқы жолдарын :                           

« Қазақтың  Абайындай  болмасам да,

Бұл жерде өз тілімде айтып берем», -

деп бастап кезінде  көп оқымағандығын, жастық шақтың есерлігімен  білімге сусындай алмағандығын өкінішпен  жырға қосады.  Бұл жерде Әсет  өзін  қорсынып отырған жоқ, керісінше ұлы ұстаз алдында шәкірт екендігін ашып  көрсеткендігі.     Айтыс бәйгесімен  өлең жырдың додасына  түсе жүріп ел ішіне аты шыға бастаған жалынды жас Әсеттің ұлы ақынның алдына келіп, кеменгер ұстаз сынынан өткен шағы 22-23 жас шамасы еді. Мұражайдағы осы бөлімде  Абай мен Әсет арасындағы әдеби шығармашылық байланысқа   арналады.       Әсетті  алғаш рет Абайға  таныстырған адамның кім екендігі және Абай алдына  қалай келгендігі  туралы  нақты дерек жоқ.  Алайда  Абай  Әсетті  алғаш  көргенде  тек  әнші  ғана  деп  білген.   Әсеттің  жоғарғы  диапозонды  ащы  дауысының  Абайға  алғаш  ұнамағаны  да  айқын.  Оның  үстіне  сар далада   құландай  жортып  жүрген  Әсеттің   өр  мінезі  де  Абайға  оғаш  көрінеді.  Алғашқы  кездесуден  бір жыл өткен соң,  Әсет  әндерін  тыңдай отырып  сарапқа  салған  Абай  оның  «Інжу - Маржан»  әнін  алғаш  рет  тыңдап,  құлақ  құрышы  қанбағаннан  сон  да   бірнеше  рет  қайталап  айтқызған  екен.  Ән әуенінің  ерекшелігіне  таң  қалған  Абай  «Міне, ән  төресі  осы  болар,  алаштың  даласы  әлі-ақ  сенің  әнің мен  тербеледі» - деген  еді.   Көрмеден  сол сияқты әдебиетші  Б. Кенжебаевтың, «Әсет»,  халық ақыны Ғ.Игенсаровтың «Абай мен Әсет» атты мақалалары және Абайдың «Әсетке» атты өлеңі,   Абай   журналының   бірнеше  саны,  сондай-ақ    Қ. Мұхаметқановтың «Абайдың ақын шәкірттері»  жинақтары тағы  басқа  зерттеулер  қойылған.  Бұдан басқа академик М.О.Әуезов Әсеттің  ақынның  Абай ауылында 1889-91 жылдары болып, ұлы Абайдың алдынан тағылым алғандығын жазса, абайтанушы ғалым Қ.Мухаметқанов өзінің «Абайдың ақын шәкірттері» атты 4 томдық жинағында Әсетке үлкен орын беріп, субелі тұжырымдарын жасайды.

  Жалпы  Әсет  әндері  кең  тынысты,  мол иірімді  болып  келгендіктен,  оны  орындау  екінің  бірінің  қолынан  келе  бермейді.  Ән  құрылысында  Жетісудың  нәзік   үні, Арқаның ащы  дауысы,  Батыстың  екпіні желдірмесі,  Алтайдың  ойнақы  әуені   жиі  кездеседі.

Әбен Разуев

        

АҚЫЛБАЙ АБАЙҰЛЫ ҚҰНАНБАЕВ

(1861 – 1904) 

  Ақылбай – Абайдың Ділдә деген бәйбішесінен 1861 жылы туған тұңғыш баласы. Ділдәдан Ақылбайдан басқа Әбдірахим (Әбіш), Мағауия деген балалары болған.

  АқылбайҚұнанбайдың кіші әйелі Нұрғаным, өзінен бала болмағандықтан, Ақылбайды кішкене күнінен өз бауырына басады. Ақылбай туғанда Абайдың өзі де жас, жаңа отау иесі еді. Сөйтіп, Ақылбай жас күнінен Нұрғаным тәрбиесінде болып, Құнанбай баласы Құнанбайдың кенже тоқалының еркесі атанып өседі.

  Ақылбайды Нұрғаным жас басынан бетімен жіберіп, аса шолжың ерке бала етіп өсіреді. Ақылбайды тек 9-10 жас шамасында, Құнанбайдың указной молдасы атанған Ғабитханға оқуға береді. Ақылбай 4-5 жылдай молдадан оқу оқиды. Одан әрі оқымайды. Ақылбай бір жасынан бастап, Нұрғаным қолында өскендіктен және Абайдың 16 жасында туған баласы болғандықтан, өз әкесі Абайға туған баласы сияқты емес, ағайындас Ырғызбайдың бір мырзасы сияқты көрінеді.

  ...Құнанбай, өзі сияқты қарадан шығып «хан» болған, яғни аға сұлтан болған, өзімен теңдес Қисықтың Жұмақан деген баласының қызы Ізіқанға құда түсіп Ақылбайды үйлендірген.

  Үйленген соң Ақылбайға енші бөліп беріп, Құнанбай бұл баласын да жеке бір ауыл етеді. Бұл кездердегі біраз жыл, Ақылбай сияқты Құнанбайдың жаңа отау көтерген мырзасының ауылы болып, сауық-сайранмен өтеді. Жасынан көрген тәрбиесі, ұшқан ұясы, Құнанбай аты Ақылбайды масаттандырады. Ақылбай жас күнінен талантты домбырашы, өлеңші де болады. Бірақ ол Құнанбай атағына, нағашыларының ата аруағына масаттанатын. Бұл кездердегі Ақылбай айтатын өлең сарыны:

     Нағашым ер Қазыбек әулие өткен,

     Фәниден уақыт жетіп о да кеткен,

     Сасқан жан жер шетінен бабам десе,

     Аруағы көз ашқанша келіп жеткен, –

деген сияқты болатын. Ақылбайдың «Нағашым ер Қазыбек» дейтіні: Қаракесек, Қаздауысты Қазыбек би. Оның баласы Бекболат би, оның баласы Тіленші би, Тіленшінің баласы Алшымбай би, Алшымбайдың баласы Жүсіп. Жүсіптің қызы Ділдәдаға 1860 жылы Абай үйленген. Абайдың Ділдәдан туған тұңғыш баласы Ақылбай.

  Ақылбайдың «Нағашым ер Қазыбек» - дейтіні сол. Сөйтіп Ақылбай Абай маңына да жақын тартып жуыңқырамай, сирек қатынасып жүреді. Сонымен қатар Ақылбай соншама ақ көңіл, алды-артын ойламайтын, аңқылдаған адам болған. Бір іске көңіл аударып, бет қойып беріліп кетсе, аса қабілетті де болады.

  Ақылбайдың жас күнінен әкесі Абайдан аулақ өскенін, оның ақ көңіл, аңқаулығын пайдаланып, Абай дұшпандары әке мен баланың арасына от жағып, зұлымдық айла жасап, екеуін мүлдем ажыратпақ та болған.

  Абай баласының осындай мінездеріне, жасынан көрген жағымсыз тәрбиесінен пайда болған әдеттеріне қатты кейіп, «Ата-анаға көз қуаныш» деген өлеңін (1890) жазады.

  Абайдың бұл өлеңі талпынбай жүрген талантты Ақылбайға үлкен ой салып, қатты толғантады. Бұл кезде Абай ауылы нағыз үлкен үлгілі мектепке айналған болатын. Ақылбай жігіт ағасы болып қалған кезі еді.

  Енді бұдан былайғы Ақылбай өмірі Абай алдында ақын шәкірт болып, өзінің талантты інілеріне ақын аға, Ақыл аға атанып өтеді. Ақылбай аса шебер музыкант, домбыра, гармонь, скрипкаға жүйрік мақтаулы өнерпаз болады.

  Құнанбай мырзасы атанып, «бұлғыннан ішік киіп» бұлғақтап өткізген мағнасыз өмірін Ақылбай қалжың-шыны аралас:

     «Бұлғыннан ішік кидім, кәмшат жаға,

     Сарп еттім дүниені білмей баға.

     Талай қыз «Ақылжан» деп тұрушы еді,

     Дейтұғын сұмдық шықты-ау: «Ақыл аға», -

деп кейін өлең етеді. Бұл өлеңнің арнаулы әні де болған.

  Ақылбай – Абай төңірегіндегі әр жақты талантты шәкірттерінің бірі. Ақылбайдың ақындығымен бірге ән шығаратын композиторлық өнері де болған.

  «Ақылбай сауықшыл әнші, скрипкашы болатын... Домбырада қазақтың ескі күйлері: «Азамат қожа», «Бұлаң жігіт», «Бес төре», «Асыр қалша» деген күйлерді тартатын. Скрипкаға Абайдың әншісі атанған Мұқадан үйренген бірнеше түрлі орыс күйлерін тартатын. Дойбы ойынынан Ақылбайды ұтатын адам бола қойған жоқ», - дейді Ақылбайдың замандасы Рақымжан Мамырқазов.

  Өз ойынан шығарған біз білетін екі әні бар. Біріншісі, «Ішік кидім бұлғыннан кәмшат жаға». Екіншісі, мынандай өлеңмен айтылады:

     Матай да алыс бірталай жер деген соң,

     Бір ән тауып Әлекем бер деген соң.

     Он минутта ойыма осы ән түсті,

     Қапаш-құпаш көңілді сермеген соң.

  Бұл кейінгі әнді Матай еліне, Абайдың бір баласы, Ақылбайдың інісі Тураштың қайнына күйеу жолдас болып барарында әнші Әлмағанбет: «Ақыл аға, бір жаңа ән тауып берші», - дегенде қолма-қол айтып берген әні екен.

  Ақылбайдың жастық, махаббат тақырыбын жазған көптеген өлеңдері болады. 1895 жылы Әбдірахим өліміне жазған жоқтау өлеңі болған. 1904 жылы інісі Мағауия қайтыс болғанда жазған жоқтауы сақталған.

  Ақылбайдың ақындық атын тарихта қалдырған оның поэмалары. Ақылбайда бізге мәлім ондай поэмалар үшеу. Ол: «Дағыстан» («Кәрі Жүсіп»), «Зұлыс», «Жаррах батыр».

  «Жаррах батыр» поэмасы бізге жетпеген. «Зұлыс» поэмасының басқы бір-екі бөлімі ғана сақталған. Бұл поэманың үзіндісі 1924 жылы «Сана» журналының 2-3 санында басылған. «Дағыстанның» («Кәрі Жүсіптің») үзіндісі 1918 жылы «Абай» журналының 5 санында жарияланған.

  Ақылбай жас кезінде төрт-бес жыл Құнанбай аулының молдасынан ескіше оқып хат танығаннан басқа, ұзап оқымаған. Абайдың үлгі-өнегесімен Ақылбай заманының саналы азаматы, әдебиетке шын берілген ақын болады. Абайдың әдебиет, өнер-білім жайындағы, адамгершілік, мәдениет жайындағы өсиеті Ақылбайдың дүниеге көзін ашады. Әсіресе, орыс мәдениетінен өнеге алуы, орыс әдебиетінен үлгі алып өсуі, ақындық талантына кең жол ашады. Ақылбай Абай өсиетін тыңдап қана емес, өз бетімен орыс ақындарын оқуға, терең түсініп ұғуға қолы жетеді. Пушкин мен Лермонтов Ақылбайдың сүйікті ақындары болады. Осындай ұлы ақындарды оқып, өнеге алған Ақылбай – қазақ әдебиетінде тұңғыш Кавказды жырлаған ақын.

  Ақылбай ұстазы Абайдың ақылымен тау халқының өмірінен «Дағыстан» («Кәрі Жүсіп»), Африкадағы зұлыстар жайынан «Зұлыс» сияқты тамаша романтикалы поэмалар жазып, қазақ әдебиетінде поэма жанрының жаңа түрін дамытқан, талантты мәдениетті ақын.

  Ақылбай әкесі Абаймен бірге 1893-1894 жылдар Семей қаласындағы бастауыш білім беру ісіне қамқорлық жасайтын Қоғамның толық мүшесі болады. Сөйтіп өз тұсында мәдени-ағарту ісіне де қатынасқаны байқалады.

  Ақын өмірінің соңғы жылдары ауыр қайғымен өтті. Әйелі қайтыс болады. 1895 жылы інісі Әбдірахим (Әбіш), 1904 жылы екінші інісі Мағауия қайтыс болады. Мағауияның соңынан көп кешікпей әкесі Абай қайтыс болады.

  Ақылбай Абай өлімінен қырық күннен соң, әкесінің қырқын берген күні, 1904 жылы 43 жасында Семей қаласында кенеттен қайтыс болған.

  Ақылбай бейіті Семей облысы, Абай ауданы, өз қыстауы – Тышқан бұлағының қасында.

  Ақылбайдан үш бала болған: Әлімқұл, Әубәкір және Исраил...

Қайым Мұхамедханов

Көп томдық шығармалар жинағы

«Алаш мұрасы»,

ІІІ том, Алматы. «Алаш», 2005. 

 

МАҒАУИЯ АБАЙҰЛЫ ҚҰНАНБАЕВ

(1870-1904) 

  Мағауия Абайдың Ділдә деген бәйбішесінен, әкесінің жиырма бес жасында туған. Ділдәдан төрт ұл, екі қыз болған. Мағауия (Мағаш) Абайдың кенже баласы.

  МагауияМағауияны әкесі сегіз-тоғыз жасында мұсылманша оқуға береді. Ауылда, «кішкене молла» деп аталатын Мұхаметкәрімнен төрт-бес жыл оқыған соң, Абай оны қалаға апарып, Семейдегі орысша мектепке оқуға түсіреді.

  Оқуға аса қабілетті, зерек, талапты жас шәкірт Мағауия қалада екі-үш жыл оқыған соң, денсаулығы төмендеп, науқасқа шалдыға бастайды. Баласының науқасынан қауіптенген Абай сол кездегі Семей қаласындағы ең тәуір, тәжірибелі дәрігер деп танылған – Становқа қаратады. Мағауияның өкпе ауруына ұшырағанын анықтаған дәрігер, енді оның қалада тұрып оқуына болмайтынын айтады. Сонымен амалсыздан оқуын тоқтатып, Мағауия ауылына қайтады. Бұл – 1886-1887 жылдар еді. Содан бастап үнемі Абайдың өз қасында, әкесінің өз тәрбиесінде болады.

  Мағауия орыс мектебінен алған бастауыш білімін әкесінің өнегесімен өз бетімен дамытып, орыс тіліне жетік болады. Абай оқитын кітаптарды – орыстың ұлы ақын, жазушыларының, ғалымдарының еңбектерін Мағауия да зер салып, көп оқиды. 1889 жылы Түмен қаласындағы реальное училищені бітірген соң, Петербургте оқып жүрген Әбдірахманның да Мағауияға көрсеткен көмегі көп еді.

  Осы жылдар Абайдың ақындық атағының да кең жайылып, Абай алдына талапты жастар топталып, Абай ауылы өз тұсында мәдениет ордасына айналған кез болатын.

  Мағауияның лирикалық өлеңдері, Абай айтқандай: «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін», «айналасы теп-тегіс жұмыр келген» нағыз көркем шығарма екенін көреміз.

  Ақынның алғашқы жазған шығармаларының бірі – «Ай жарық, жаздың түні ат терлетіп» деп басталатын өлеңі. Ақын бұл өлеңінде, екі жастың жазғы жайлауда, ай жарық бір түнде ел көзінен ұрланып, ауылдан аулақ бір сайда, бірін-бірі аңсап табысқан сәттегі көңіл-күйін, сезім-сырын сипаттайды.

  Аз өмірінің ішінде Мағауияның басынан кешкен өмір кезеңдерінің ең қайғылы, ауыр кезеңі – ағасы Әбдірахман (Әбіш) қазасы болады. 1894 жылы Алматыда қатты науқастанып жатқан Әбіш тағдыры Абай ауылын қатты күйзелтеді. Әбіштің науқасын естігеннен бастап, оған арналып жолданған әке махаббатын жеткізетін, Абай жүрегін жарып шыққан сағыныш, тілек жыры туады. Абайдың барлық достары Әбішке туыстық, достық жүректен тілектестік ниеттерін білдіріп, терең сезімді өлең-хаттар жолдайды.

  Абай 1894 жылы, Мағауияны Әбіштің қасында бол деп, Алматыға жібереді. Мағауия Әбіштің қасында бес айдай болып, күтіп, сүйікті ағасын өз қолымен аттандырады. Осы ауыр сапар, қайғылы хал, бес ай бойы ағасының ақырғы демін күткен қаралы күндер, ауылдан аулақта жалғыз басқа түскен ауыртпалық – Мағауияны қатты тебірентеді. Осы ауыр халдің үстінде «Бір үміт, бір хауіптің» ортасында өткізген күндер, үзілген үміт ақынның: «Ыңқылдап жатыр екен жаңа барсам», «Дейтұғын сөзің қайта «Мағатайым», «Жалғыз міне отырмын әр нәрсе ойлап», «Бірге туған бауырлас» деген өлең-жырларын туғызды.

  Абай жыр еткен мол тақырып, терең мазмұн, биік идея Абайға дейінгі қазақ әдебиетіндегі өлең түрінің қалыбына сыймайды. Данышпан ақынның асыл жырға бөленген кең ақылы, терең ойлы ел жүрегіне еркін жететін сара жол қажет етті. Осындай зор талаптан барып, өлеңнің ондаған жаңа түрлері туады.

  Мазмұнына сай жаңа түр тапқан Абай өлеңдері халық тіліне онан сайын жеңіл, жүрегіне онан сайын жылы тиетін болады. Бұл жаңа түрлер Абай лирикасының терең мазмұнға ұштасып, ақынның өлеңдерін ерекше әсерлі етіп, көріктендіреді.

  Мағауия ақынның қазақ әдебиеті тарихында атын қалдырған еңбегі – оның поэмалары.

  «Әкесінің ақындық еңбегін аса қадірлеп, жақсы білген, ұғынған Мағауия өзі де Ақылбай, Көкбай сияқты ақындық еңбекке беріледі... Абайдың мәслихатымен және материал беруін пайдаланып, бірнеше поэма жазады. Ол жазған поэмалары: «Еңлік-Кебек», «Абылай» және «Медіғат-Қасым», – дейді Мұхтар Әуезов (М.О.Әуезов. «Абай Құнанбаев. Мақалалар мен зерттеулер». Алматы. 1967. 221-б.).

  Мағауияның ең көлемді, әрі көркем және оның ақындық ерекшелігін айқын танытатын «Медіғат-Қасым» поэмасы екенін, Мұхтар Әуезов ерекше атап айтқан болатын.

  Мағауияда Абайдың мәслиқаты бойынша, шығармасының тақырыбын, қазақ даласынан аулақ, алыстағы Африка елінің тұрмысынан алады.

  «Еңлік-Кебек» – Мағауияның ақындық қадамын жаңа бастаған шағында жазған алғашқы поэмасы. Мағауияның өз қолжазбасы сақталмаған. Поэманың бір ғана көшірме қолжазбасы, 1940 жылы, Мұхтар Әуезов өз архивін тәртіпке келтіріп, реттеп жатқан кезде, көп қағаздың ішінен табылады. Поэманы көшіріп жазған Дайырбай Қожанұлы.

  «Еңлік-Кебек» поэмасының уақиғасы XVIII ғасырдың аяғында (1780 жылдар) болған тарихи шындық.

  Еңлік пен Кебек рулық-феодалдық талас-тартыстың, ескі әдет-ғұрыптың құрбаны болған жазықсыз жастар еді.

  Еңлік пен Кебек оқиғасы халыққа қатты әсер еткен. Халық қиялы Еңлік пен Кебектен қалған баланы өлтірмей ер жеткізеді. Ол бала (Ермек) ер жетіп әкесі Кебек сияқты батыр болады. Әке-шешесінің кегін қуады. «Ермек» атты ел аузында сақталған дастан бар. 

Қайым Мұхамедханов

Көп томдық шығармалар жинағы

«Алаш мұрасы»,

ІІІ том, Алматы. «Алаш», 2005.

 

ШАҺКӘРІМ

(1858-1931) 

  Әдебиетіміздің тарихында ұзақ жыл орны ойсырап келген, елге ежелден белгілі болған ақын-жазушыларымызды Шакаримеске алғанда, ең алдымен Шаһкәрімді атауымыз орынды деп білемін. Өйткені, ол – Абайдың нағыз мұрагерлерінің бірі, бірі болғанда – бірегейі.

  Олай дейтініміз, Абай шәкірттерінің ішінде көп жасағаны да, көп жазғаны да – Шаһкәрім. Ол – әрі лирик, әрі ақын және прозаик, ол – композитор және музыкант, орыс және шығыс классиктерімен қазақ оқушыларын таныстырған шебер аудармашы, ол – терең ойшыл әрі бармағынан бал тамған сегіз қырлы өнерпаз – үлкен мәдениет қайраткері.

  XIX ғасырдың аяғы – XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихында Абайдан кейінгі ең ірі ақынымыз – Шаһкәрім. Ұлы ақын дүниеден қайтқан соң, халық Шаһкәрімді екінші Абайымыз деп танып, ерекше құрметтеген.

  Шаһкәрімнің қалдырған мұрасы сан салалы, сан алуан, ешқашан маңызын жоймайтын мол қазына.

  Енді қолда бар мағлұмат, деректер бойынша, ақынның өмір тарихына шеру жасап көрейік.

  Құнанбайдың Күңке дейтін бәйбішесінен туған жалғыз ұлы Құдайберді. Құдайбердінің Дәметкен (Төлебике) дейтін бәйбішесінен төрт ұлы болған: Омар, Мұртаза, Шаймардан (Шәке), кенжесі – Шаһкәрім.

  Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжаннан туған балаларының бірі – Абай. Сөйтіп, Құдайберді Абайдың ағасы болады. Құдайбердінің баласы Шаһкәрім – Абайдың немере інісі.

  Шаһкәрім 1858 жылы, ескіше 11 шілдеде дүниеге келген. Бес жасында оқуға беріліп, жеті жасына шейін оқу оқиды. Құдайберді 1866 жылы 37 жасында дүниеден өтіп, Шаһкәрім жеті жасында жетім қалды.

  Шаһкәрім әкеден жетім қалды деген аты болмаса, жетімдік көрмеген, Құнанбайдың ерке немересі болып өскен...

  Туысынан талантты, табиғи дарынды, әр нәрсенің сырын білуге құштар, зерделі, зерек, қабілетті, талапты жасқа ғана тән ерекше мінез. Жас шағынан бастап, құштар болған жан-жақты өнерін Шаһкәрім өмір бойы шыңдап, өркендетіп, өсіріп отырған. Абайдың: «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес», – дейтіні осы болады.

  Жасы он бестен асқанда, ақылы кемелденіп, ой өрісі тереңдеп өсе бастаған Шаһкәрім ғылым жолына ойысып, ақындық өнерін де жарыққа шығара бастайды.

  Ұлы ұстазы Абай ағасының: «Ғылым таппай мақтанба, пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге, артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге», - деген ақылын алған саналы інісі Шаһкәрім ғылым-білім ізденуге білек сыбанып, құлшына кірісіп, тіпті «шеттен де кітап алғызып», құныға оқуға салынады.

  «Білмегенді сұрап» білетін ақылшысы қасында болады.

  «Әкеміздің бір шешесінен туған Ибраһим мырза, - дейді ол шежіре кітабында. – Қазақ ішінде Абай деп атайды. Сол кісі мұсылманша, һәм орысша ғылымға жүйрік һәм Алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек, дана кісі еді. Ер жеткен соң сол кісіден тағлым алып, әр түрлі кітаптарын оқып, насихатын тыңдап, азғана ғылымның сәулесін сездім», - дейді («Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі». Орынбор, 1911, 72-б.). Шаһкәрім ауылдан ұзап шығып, ешбір оқу орнында оқымаған адам. Оның мектебі де, университеті де – Абай.

  Ақынның жиырма жастарында жазғандары, көбінше, жастық, махаббат өлеңдері. Мысалы:

     Гауһардай көзі,

     Бұлбұлдай сөзі,

     Жаннан асқан бір пері.

     Жүзі бар айдай,

     Мінезі майдай,

     Өзгеден артық сол жері.

     Дариядай ақыл мол еді,

     Жан ғашығым сол еді... –

деп басталатын өлеңін 21 жасында жазған.

  Бұл арада Мұхтар Әуезовті сөйлетудің реті келіп тұр. Мұхтардың сөзінен үзінді келтірейік:

  «Ақын болмақ болып, талаптанып өлең шығарып көруге Абайдың іні, балаларының барлығы да ұмтылған. Бұл жағына келгенде Абайдың алды бір жағынан «әдебиет мектебі» сияқты да болады. Сол ретпен өлең шығаратын Көкбай, Шаһкәрім, Абайдың өз балаларынан Ақылбай, Мағауия болады. Бұлардың бәрі де қысқа өлең, өсиет өлең айту Абайдың жол, дағдысы болғандықтан, өздеріне бөлек бет іздеген сияқты. Сондықтан төртеуі де ұзақ әңгімелі өлең жазады. Сонда Көкбай, Шаһкәрім қазақ елінің ескі өмірінен тарихи оқиғаларды жазса, Ақылбай, Мағауия Европа ақындарының салтымен Кавказды, Зұлысты, Африканы өлең қылып, махаббатты жырлайтын сезімді поэманың (романтическая поэма) үлгісін ұстағысы келеді.

  Абай бұл жастардың өлең жазуын қабылдаған. Кейбіріне... өзі тақырып та беріп отырған. Бірақ, бұлардың өлеңдеріне де жалпы өлеңге қоятын қатты сынын түгел қояды. Сондықтан сөздері ұнамаған уақытта міндерін өлеңге қосып та жібереді. Мәселен, Көкбай, Әріп, Шаһкәрім үшеуінің үш түрлі өлеңдерін еске алып:

     Сөз айттым Әзірет Әлі, айдаһарсыз,

     Мұнда жоқ алтын иек сарала қыз.

     Кәрілікті жамандап өлім тілеп,

     Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз, –

дейді. «Әзірет Әлі, айдаһарды» Көкбайдың қисса жазғыш болғандығынан айтты, «Алтын иек сарала қыз» деп Сыбан Әріп деген ақын «Зияда» деген қиссасында сұлу қызды сипаттаймын деп, иегі алтын, көзі гауһар деп мақтауын асырып, түсіне қарамай, асыл тастарды санай берсе керек. Соған айтылған. Соңғы екі ауыз кәрілікті жамандып айтқан Шаһкәрім өлеңіне арналған (Абай Құнанбайұлы. Толық жинақ, 1933 ж., 382-383 беттер).

  Енді Шаһкәрімнің өмір кезеңдерін шолуымызға келейік. Шаһкәрімнің өзінің жазған өмірбаянынан: «Жиырмадан өткенде, аз ғана ғылым оқыдым...»  – деген сөзін жоғарыда келтірдік. Енді Шаһкәрім өмірінің осы бір кезеңі туралы Мұхтар Әуезовтің жазғанын келтірейік: «Ысқақты ұдайы үш сайлау 9 жыл болыс қылған соң, төртінші сайлауда: «Енді болыстықты Бәкемнің орнына беремін» деп, жасы жиырмаға әрең толған Шаһкәрімді болыс сайлатады. Бәкем деп өзінің үлкен шешесі Күңкеден туған Құдайберді деген ағасын айтады. Ол кісі ертерек өліп, артында екі-үш баласы жетім қалған. Сол ағасының аруағын сыйлағандықтан, жасы жетер-жетпесте, Ысқақты өкпелетіп, Шаһкәрімді сайлайды. Шаһкәрім бір сайлау болып, 84-жылдың сайлауына келгенде, Абай ендігі болыстықты өзімен бірге туған кенже інісі Оспанға бермек болады», – дейді (Абай Құнанбайұлы. Толық жинақ. 1933 ж., 365-бет).

  Бұл жөнінде Шаһкәрім өзінің өмірбаянында былай деп жазады:

     Өнерлі шебер тіл-жақты,

     Алады деп бұл бақты,

     Еріксіз маған ел жапты,

     Болыстықтың тоқымын.

     Болыстық салды жаман ой,

     Ғылымды әзір қума, қой,

     Ұлықтық деген үлкен той,

     Деп, осыған лоқыдым.

     Ашылмас кесел болды бұл,

     Іздеген ілім қалды тұл,

     Азат басым болды құл,

     Еріксіз жемтік шоқыдым.

  Сөйтіп, Шаһкәрім ел басқару ісіне еріксіз араласқанын өмірінің өкінішті бір кезеңі деп біледі. «Жиырма мен қырықтың арасы: жас өмірдің сарасы, бос өткенін қарашы», – деп налиды.

  Шаһкәрімнің философиялық ой жүйесін терең зерттеп, ғылыми талдау жасау, әділ айту философ ғалымдарымызға тиесілі. Оны Шаһкәрімнің өзі де өсиет етіп айтыпты:

     Кім айтса да, сынамай қойма, жаным,

     Ақылыңа сынатып ойла, жаным.

     Пәленше-екем айтқан сөз дұрыс қой деп,

     Жүректің таразысын жойма, жаным, –

деген және: «Көп білім жоқ бойымда, шын мақтан жоқ ойымда, кеш сөзімнің кемтігін», – деп, қате айтқаны болса, оған кешірім сұрайды.

  «Көп білімім жоқ» дегені – білген білім көлеміне көңілі толмай, қанағаттанбай, місе тұтпаудан барып айтқаны болар деп ойлаймыз. Әйтпесе, ол кісінің өз бетімен ізденіп, қолы жеткен білімі аз болмаған.

  Шаһкәрімнің табиғи ақындық қуатын, өнер-білімге құштарлық қасиетін және зор қабілетін ерте танып, ерекше бағалаған Абай оған алдымен қазақ шежіресін жазуды тапсырып, мәслихат етеді.

  – Абай қазақ шежіресін жаз деп, он тоғыз жасымнан қазақ шежіресін жинай бастадым. Абайдың ұқтыруымен және сол кісінің ел-елге жіберіп, хат жазып жинақтаған мағлұматтары да шежіреде бар, – дейді.

  Қазақтың түбі қайдан шыққанын ғылыми дәлелді, тарихи деректі етіп, қазақ шежіресін жазу жолын Шаһкәрімге Абай өзі бастап көрсетіп берген. Шаһкәрім Абайдың мәслихаты бойынша, тарихшы ғалымдардың, оқымысты жазушылардың сол кезде қолы жеткен кітаптарын зерлеп оқып, терең зерттеп, ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, мол мағлұмат жинап, тұңғыш қазақ шежіресін жазуға кіріскен. Шежіре кітабының кіріспесінде Шаһкәрім былай дейді: «Қазақтың түпкі атасының жайын білмек болып, көп уақыттан бері сол туралы естіген-білгенімді жазып алып және әр түрлі жұрттың шежіре кітаптарын оқыдым. Оқыған кітаптарымның мұсылманшасы: Табари. «Тарих ғумуми», «Тарих ғұсмани», «Тарих антшар ал-алам», Нәжип Ғасымбектің «Түрік тарихы» , Әбілғазы Баһадүр ханның жазған «Шежіре түрік» және әр түрлі кітаптардан алынған сөздер».

  А.С.Пушкиннің «Дубровский» атты повесін Шаһкәрім «Дубровский әңгімесі» деп атап, 1908 жылдары өлеңмен аударған. Бұл шығармасы 1924 жылы жеке кітап болып, араб әрпімен басылып шықты. «Дубровский әңгімесін» аударған жылдары Пушкиннің «Метель» деген әңгімесін «Боран» деп атап, оны да өлеңмен аударған. «Боран» «Әдебиет майданы» журналының екінші санында, 1936 жылы жарияланған.

  Америкадағы құл иелену озбырлығы туралы жазған «Хижина дяди Тома» романын «Том ағайдың балағаны» деп атап, көркем қара сөзбен аударған.

  Енді ақынның өмірбаянына қайта оралайық. 1917 жылы февраль революциясы жеңіп, патша үкіметі құлағаннан кейін тамыз (август) айында Орынборда Бірінші жалпықазақ съезі өткізіліп, съезде қабылданған қарар бойынша, Қазақстанда Алаш партиясы құрылып және губернияларда, уездерде партияның облыстық Комитеттері ашылады. «Қазақ» газетінің 1917 жылы 2 желтоқсандағы санында Семейде Алаш партиясының облыстық Комитеті ашылғанын хабарлап, Комитетке кірген кісілерді атайды.

  Сөйтіп, Шаһкәрім бастатқан Абай шәкірттері Алаш партиясын, оның басшыларын қазақ халқының нағыз жанашыр қамқоры деп таныған, шексіз сенген.

  1917 жылы 5-13 желтоқсан күндері Орынборда өткізілген Екінші жалпықазақ съезіне Шаһкәрім айрықша арналып шақырылады.

  Шаһкәрім Алаш Орданың қазысы, яғни биі болады.

     Түзелер деп қазағым,

     Николай құлап, өлген соң,

     Тағы да тартып азабын,

     Алпысқа жасым келген соң.

     Құлдықтан қазақ босады,

     Білмеймін қайдан тосады,

     Күн шыққанға ұсады,

     Бостандық сәуле берген соң.

     Оқыған жастың етегін,

     Қабыл алдым жетегін.

     Босқа жатып нетемін

     Бостандық туын көрген соң,  –

дейді ақын.

  Шаһкәрімді бұқара халық ерекше құрметтеп, адамгершілігі зор, адал жүрек ақынын ардақтаған.

  1930 жылдан бастап, ақынның ақырғы кезеңі аса бір ауыр халде, қайғы-қасіретпен өтті. 1930 жылы 1 ақпанда ең алдымен Шаһкәрімнің үлкен баласы Ғафурды (Ғабдулғафур) конфискелеп, Баязит деген баласымен бірге айдап апарып, Семей түрмесіне жабады. Ақпанның 7-і күні Шаһкәрімнің өзін конфискелеп, қамауға алады.

  Түрмеде тергеусіз жатқан Ғафур ақырында өзін-өзі бауыздап өледі. Қайғы-қасіретке толы осы оқиғаны Шаһкәрім өзі жеріне жеткізе, толық жазыпты.

  Ауданға шабуыл жасаған көтерілісшілерді қырып-жойып, олардың бас сауғалап, қашып кеткендерін қуып ұстап, жазалауға ГПУ бастығы Қарасартов бастаған отряд шығады. Сол күні ауданға бет алып келе жатқан Шаһкәрім Қарасартовқа кездеседі. Олар анадайдан көре сала, сөзге келместен, Шаһкәрімді атады. Оқ тиіп, жараланып жатқан ақын тілге келіп: – Мені ауданға апарыңдар... – дегенше болмай, екінші біреуі тағы атады. Ақын өледі. Бұл сұмдық оқиға 1931 жылы 2 қазан күні болған. Сөйтіп, Шаһкәрім ақын 73 жасында жазықсыз оққа ұшып, қызыл империяның қара жүрек, қанды қол жендеттерінің қолынан қаза табады.

  Жендеттер ақынды атып өлтіргеннен кейін, оның сүйегін ессіз даладағы ескі бір құр құдыққа апарып тастап, кете барады.

  Шаһкәрімнің сүйегі отыз жыл бойы құдықта жатты. Тек 1961 жылы ғана ақынның баласы Ахат (1900-1985) әкесінің сүйегін құдықтан қазып алып, Жидебайдағы Абай зиратының жанына жерледі. Бұл туралы Ахат былайша баяндайды: «1961 жылы 26 июльде Бақанасқа бардым. Әкемнің сүйегін тастаған құдықты жалғыз қазып, ол күні метрден аз-ақ артық қаза алдым. Жаныма адам алмай жалғыз қазған себебім: біреу болса, ол асығып, сүйектің бір жерін сындырып алар деген ой келді. 28 июльде және қазып, барлық сүйегін түгел алдым. Тек, оқ бүлдірген екі сүйегі болды. Бір оқ оң жақта тоқпан жіліктің басын үзген. Екінші атқан оқ төс сүйектің ортасынан өтіп, оң жақ омыртқаның қанатын сындырған. Кейбір сүйектерін өлшеп алдым...

  Әкей өте ұзын бойлы адам болатын. Сүйегін ауданға алып келдік. 7 август қабыры қазылды, 8 август күні Абай зиратының қасына жерленді. Жүздеген адам қойысты. Сүйек келгенде жыламаған жан болмады. Көздерінің жасымен бірге қуаныштары да байқалды...».

  Қысқаша айтқанда, Шаһкәрімнің өмірі мен тағдыры жайындағы шындық осындай.

Қайым Мұхамедханов

Көп томдық шығармалар жинағы

«Алаш мұрасы»,

ІІІ том, Алматы. «Алаш», 2005. 

 

КӨКБАЙ ЖАНАТАЙҰЛЫ

(1861-1925) 

  Көкбай - Абайдың ең талантты ақын, әрі әнші шәкірттерінің бірі. Ол Абаймен 1880 жылдан бастап, жиырма бес жыл жолдас, дос болған.

  кокбай1880 жылы Көкбай жиырмаға жаңа аяқ басқан жас жігіт еді. Оның табиғи талантын сол кезде-ақ таныған Абай ел ішінің лаулап тұрған дау-шарының ортасынан алып шығып, қамқор аға болған.

  Көкбай Жанатайұлы 1861 жылы, қазіргі Семей облысы, Абай ауданында туған. Он жасынан бастап, он бес жасына шейін Төлетай деген молдадан оқиды. Он бес жасында оқуды тастап, бозбалалық құрып, ойын-сауық, той-думан қуып кетеді. Ән-күйге, өлең-жырға құштар, талантты жас Көкбай домбыра тартып, ән салып, өлең айтып, ауыл арасының ойын-сауығынан қалмайтын болады.

  Сөйтіп, Көкбай ән салып, өлең айтып жүреді де, он жеті жасында Семей қаласына оқуға кетеді. Оның орысша оқуға Семейге келуіне үлкен себеп болған Әріп еді.

  ...Абай қалаға келген сайын Көкбай сияқты оқып жүрген жастарды жинап, қалай оқып жүргендерін сұрап, біліп, ақыл-кеңес берумен қатар, өздеріне де ән салғызып, өлең айтқызып, олардың өнер, талаптарын мадақтап, көңілді, мағыналы мәжіліс жасап отыратын болған. Ол жастардың кейбіреулерін оқуға түсірген де Абайдың өзі еді. Көкбайдың «Семейге Абай келсе, бізде думан» дейтіні де осы болатын.

  Оқуын аяқтап, елге қайтып келген соң, үнемі Абайдың жанында болады. Абай өзі жазған өлеңдерін бірнеше жыл бойы Көкбай атынан таратады. Көкбайдың аты Абай өлеңі арқылы 1889 жылы, тіпті, баспасөз жүзінде мәлім бола бастаған. 1889 жылы «Дала уалаяты» газетінде Абайдың «Жаз» атты белгілі өлеңі Көкбайдың атынан жарияланған. Өлеңнің басында былай деп түсінік берілген: «Семей уезі Шыңғыс елінің қазағы Ибраһим Құнанбай ауылының Бақанас өзенінде, Көпбейіт деген жерге қонып жатқандағы түрі. Кісіден үйреніп жаздым: Көкбай Жанатайұлы».

  Абайдың Көкбаймен достығы – Абайдай данышпан ақынның Көкбайдай талантты танып табысқан достық еді. Көкбайға ақындық өнерді ардақтауды үйреткен, «ақын» атын ешбір байлық, мансап, жалған атақ, жартымсыз қызыққа айырбастамауға үйретіп, танытқан Абай еді. Көкбайдың табиғи талантын тәрбиелеп, түзу жолға бағыттаған Абай болды.

  «...Қыс болсын, жаз болсын Абай ел араласа, қасында жүріп, ауылына келсе, үйінде бірге жатып, айырылыспайтын болдық. Абайдың қасында ай жүріп, ай жарым жүріп келіп, бір әредік толас болғанда ғана өз үйіме бір жұма, көп болса, он күнге рұхсат алып келіп, артынан қайта барамын», – дейді Көкбай.

  1880 жылдардан бастап 1904 жылға дейін Абай көрген өмір талқысына, күйініш-сүйініш сияқты Абай басынан кешкен түрлі халдерге жанашыр жақын, адал дос ретінде Көкбай да түгелдей ортақ болады.

  Сөйтіп, 1880 жылдан бастап Абай өлген күнге дейін екі достың тағдыры тығыз байланысты болған.

  Көкбайдың жөпелдемеде суырып салып айтып тастайтын ақпа ақындығын Абай қатты ұнатқан. Адамның жаман әдет, жағымсыз мінез-құлықтарын қолма-қол бетке басып, шенеп айтып тастауға Көкбайдың ұшқыр қиял, орынды тілін, ұғымды өткір сөзін Абай ерекше бағалаған.

  Абай басқа шәкірттеріне тақырып ұсынған ретімен Көкбайға да тарихи уақиғаларға байланысты тақырып берген. Ол тақырып Абылай ханның жайы болады. Абай Көкбайға бұл тақырыпты ұсынғанда, қазақ халқының сыртқы жауы жоңғарлармен күресін жырлауды тапсырған сияқты. Бір жағы Абай айтып берген тарихи деректерге, бір жағынан ел аузында аңызға айналып кеткен әңгімелерге сүйеніп Көкбай ұзақ шығарма жазып шығарды. Ол шығармасы – «Сабалақ».

  Бірақ бұл ұзақ әңгіме – жыр жинақ көркем шығарма болмай, Абылай бастап, оның тұқымдарын қуалай жырлай берген, бірден-бірге көшіп отыратын тарихи хроника болып шыққан.

  Көкбай бұл шығармасында Абылайды, оның тұқымдарын олардың үстемдігін дәріптеп, шектен шығарып асыра мадақтайтын ру басы – феодалдардың мақсатынан туған құмартпа идеяны халық мақсаты деп қате түсінген. Содан барып феодалдар тілегінен туған Абылайды, оның тұқымдарын дәріптейтін өлең-жырдың, аңыздардың шумағынан аса алмай қалған.

  Көкбайдың бұл шығармасы Ақылбай, Мағауиялардың поэмаларындай өзінің озық идеясымен, көркемдік қасиетімен танылмай қалады.

  Көкбай Абай дүниеден қайтқан соң, өз ауылына келіп орнығып медресе салғызып, қазақ балаларын оқытумен шұғылданады. Бұл кезде Көкбай көп еңбек сіңірген адам. Көрші елдерді, өз елін аралап, Абайдың халықты өнер-білімге шақырған өсиетін айтып, халықтың қадірлі ұлы, дана ақынның ол өсиетін орындау үшін медресе салдыру қажеттілігін түсіндіреді. Балаларға ақы алмай, сабақ беруді Көкбай өз міндетіне алады. Абайды сүйген халық Көкбайдың мәслихатын қарсы алады. Тобықты, Найман, Уақ, Керей елінің көмегімен Көкбай ауылында асты-үсті тақтайлы, сегіз бөлмелі үлкен медресе салынады.

  Жағрафиялық қоғамның Семейдегі бөлімі Абайдың қайтыс болғанына 20 жыл толуына арнап, 1924 жылы декабрьде жиылыс өткізеді. Абайды еске түсіру жиылысына арналып шығарылған Көкбай науқастығына қарамастан келіп, ұлы ақын, досы жайында халық алдында сөз сөйлейді.

  Содан қайтқан соң, ауру меңдете бастайды. Науқасы нашарлаған соң, ақын тағы да қалаға сапарға шығады. Бірақ қалаға жете алмай жолда Күшікбай деген жерде, Смағұл деген кісінің үйінде 1925 жылы 5 октябрьде (ескіше 22 сентябрь) қайтыс болады. Сүйегі өзінің қыстауы Мұқыр, Тақыр деген жерде.

Қайым Мұхамедханов

Көп томдық шығармалар жинағы

«Алаш мұрасы»,

ІY том, Алматы. «Алаш», 2005. 

 

 Абай шәкірттері туралы

  «Абайдың өзі тірісінде, оның айналасына жинаған талапкер, өнерлі жастардың саны көп болған. Бұлардың ішінде әншілер, композиторлар, халық фольклорын жырлаушылар, әнші ақындар, орыс мәдениетін білуге талпынған жай көзі ашық жастар аз емес еді. Бұлар әр буыннан шыққан болатын. Іштерінде жас жағынан Абайға тетелес: Көкбай, Мұқа, Бейсембай ақын сияқтыларынан бастап, Абайдың балалары: Ақылбай, Мағауия және інісі – Кәкітай сияқты көп адамдар болады...».

  «...Бұлардың еңбектерін шолуда, алдын-ала есте тұратын бір жайды ескерте кету керек. Ол – осы шәкірт ақындардың еңбек үлгілерінен және айқындап көріне түсетін, Абайдың өзінің ерекшелігі болады.

  Өзге ақындар «шәкірт» деп аталған соң, Абай, әрине, олардың басшысы – ұстаз ақын болмаққа керек. Әрбір әдебиеттік мектеп осындай аға мен іні ақындардың екі буыннан құралатын болса, ең алдымен сол әдебиеттік мектепте басшы ақынның бағыты, өзгеше идеялары, өз халқының әдебиет тарихына кіргізген анық тарихтық, көркемдік жаңалықтары – қысқасынан айтқанда, барлық қасиеттері, әралуан түрде бой көрсететін болады».

Мұхтар Әуезов

«Абай шәкірттері туралы» атты мақаласынан

 

«Абай ақындығының айналасы»

 

   Мұхтар Әуезов «Абайдың дәл өз тұсында, өз дәуірінде еңбек еткен» ақындар туралы айта келіп: «Мұндай ақын – төртеу, - дейді. – Оның екеуі – Ақылбай, Мағауия Абайдың балалары... Қалған екеуі – Көкбай, Шаһкәрім. Осы төрт ақын Абайдың нағыз толық мағынадағы шәкірттері, Абайдан аталық, ағалық, ұстаздық тәрбие алудан басқа, оның өлең мен қара сөздерін оқушы әрі таратушы, бағалаушы, тұтынушы болудан басқа, бұлар Абай басшылығымен өз жандарынан жырлар да жазған... Абай оларға тақырып беріп, өлеңдерін сынайды, түзейді, қалай түзеудің жолын айтады. Дәлін айтқанда, мыналар Абайдың ақын шәкірттері есепті де, Абай алды оларға жазушының мектебі сияқты болады».

«Абай Құнанбаев. Мақалалар мен зерттеулер».

Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы, 1967 ж.

 

Абайдың ақын шәкірттері

 

  Абайдың ақындық өнердегі тарихи еңбегі қазақ халқының мәдени даму, өркендеп өсу жолындағы ерекше елеулі кезеңдерінің бірі болды. Абай – өз халқының ең ардақты асыл арманын, ой-пікірін, сезім-сырын жеріне жеткізе жырлай алатын жаңа бағыттағы, жаңа жазба әдебиеттің атасы. Қазақ көркем әдебиетінің көрікті әдеби тілін шырқау биікке көтеріп, өркенін өсіріп, байытқан ұлы ақын Абай екені даусыз.

  Көркем әдебиеттің заман талабына сай келіп, биік идеялы, терең мағналы болуы – ең негізгі қағида деп білген Абай, «қуатты ойдан бас құрап» шыққан құдіретті көркем жырымен халықтың сана-сезімін сергітіп, ел көңілін өмірдің келелі мәселелеріне аударып, болашаққа бой ұрған мұрат-мақсатының жетекшісі болды.

  Қазақтың ақындық өнерін нағыз халықтық, ұлттық биік дәрежеге көтерген, тұңғыш кемеңгер қалам қайраткері де Абай.

  ...Абай ХІХ ғасырдағы орыс әдебиетін өзіне зор мектеп еткенде, сырттай еліктеуші емес, орыс әдебиетіндегі реалистік дәстүрді қазақ әдебиетіне творчестволық жолмен қабыстырушы болды.

  Абайдың ұлылығы – өзінің өскен орта, туған елінен қол үзбей, қазақ халқының ғасырлар бойы жасаған рухани мәдениетін сын көзімен қарап меңгере отырып, орыс халқының мәдениетін өзіне өнегелі мектеп етуінде.

  Абай поэзиясы қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Өйткені, Абайға дейінгі бір де бір ақын қазақ халқының өмірі мен тұрмысын Абайдай кеңінен қамтып, терең жырлап бере алған жоқ.

  Тек қана Абай өлеңдерінен: қазақ даласының табиғаты, қазақ өмірінің шындығы, қазақ халқының сезім-сыры, арман-тілегі, салт-санасы, ұлттық ерекшелік қасиеттері бар жағынан түгел көрініп, сезілетін. Мұндай ақындық дәрежеге ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінде ешбір ақын жеткен жоқ.

  Қазақтың жаңа әдебиетінің атасы, ұлы ақын «Абайдың қазақ әдебиетіне ХІХ ғасырда және ХХ ғасырда еткен әсері аса мол. Абайдың өлеңдерінің үлгісінде әлеуметтік мәселеге, адамгершілік жайға, ағартушылық турасына арнап көп-көп өлеңдер жазған талай ақындар бар. Әсіресе, бұлардың саны, Абай шығармалары қазақ сахрасына жайыла бастаған сайын молая түскен», - дейді Мұхтар Әуезов. Және 1909 жылы ұлы ақынның өлеңдер жинағы басылып шыққан соң, «Абайға еліктеп өлең жазушы ақындар Қазақстанның қай жерінде болса да кездесетін болады». «Бұл жағынан қарасақ, - дейді Мұхтар Әуезов, - ХХ ғасырда Абайдың әсері көпке жайылып, кең өріс таба береді. Ақын мұрасының өзінен соңғы қазақ әдебиетіне бұлайша қатынасуы, оның жалпы қазақ әдебиет тарихына көрсеткен үлгісі, әсері деп түсінеміз». Бұл мәселені зерттеу тексерулер ХХ ғасыр әдебиет тарихының міндетіне қарай ауысатынын айта келіп, Абайдың өз айналасында үнемі бірге болып, ұлы ақынның анық жақын шәкірті болған ақындардың шығармаларын зерттеу мәселесіне көңіл аударды.

  ...Мұхаң осы айтқандарын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, 1950 жылы «Абай шәкірттері туралы» атты әдеби зерттеу мақаласын жазып, онда Ақылбай, Мағауия, Көкбай ақындардың шығармаларына талдау жасап, өмір тарихтары жөнінде мағлұмат берген болатын.

  Ол кезде Абай шәкірттерінің шығармалары, өмірбаяндары туралы тарихи деректер толық жиналып, зерттеле қойған жоқ еді. Сондықтан Мұхтар Әуезов Көкбай ақын туралы мақаласында: «Абай мектебінің, өзгелерден көбірек жазған көрнекті адамының бірі – Көкбайдың ақындық, шығармашылық еңбегі жиналып зерттелмегендіктен, біз әзірше оның тарихтық еңбегін, Абайдың мұраларына істеген қызметі жағынан көбірек бағалап отырмыз. Өзіндік мұралары туралы әзіргі тексеру, талдау жұмыстарымыздың жеткіліксіз болып отырғанын өзіміз мойынға алып, бұның себебін, Көкбайдың көп шығармалары жиналып, жарияланбағандықтан екенін айтумен, әзірге сөзді аяқтаймыз», - дейді.

  Ол кезде Көкбайдың, Мағауияның қай кезде, қайда оқығаны жөнінде де нақтылы тарихи мағлұмат жоқ болатын. Және Ақылбайдың «Зұлыс» поэмасының кейінгі табылған бір тарауын Мұхтар көре алмады.

  Қазір Көкбайдың бір талай шығармалары жиналып, зерттелді. Көкбай мен Мағауияның өмірбаяны жайында архивтен тарихи нақтылы деректер табылды. Абайдың басқа шәкірттерінің де шығармалары жиналып, өмір тарихтары туралы архив материалдары мағлұм болып отыр. Әріп ақынның өмірі мен қызметі туралы әдебиет тарихында, оқулықтарда жазылып жүргендердің де тарихи негізі жоқ, үстірт айтылған сөздер. Әріп Тәңірбергенов жайында нақтылы деректер архивтерден табылып, тағы бірталай жаңа өлеңдері жиналып, зерттелді. Әсет ақынның өмірі мен творчествосы жайында соңғы кезде қызықты мақалалар жарияланып жатқаны мәлім.

  Мұхтар Әуезовтің ақыл-кеңесі бойынша, Абай шәкірттерін зерттеу мәселесімен 1940 жылдан бері шұғылданып келе жатқан әдебиетшінің бірімін.

  Мұхтар Әуезов: «...Абайдың шығармаларын, ұлы ақынның қазақ әдебиеті тарихындағы орнын әңгіме еткенде, Абай тәлім-тәрбие беріп өсірген, немесе оның тікелей әсері тиген шәкірттерін еске алмай болмайды», - деп жазған еді.

  Ұлы жазушы, кемеңгер әдебиетші-ғалым, абайтану ілімінің негізін салған Мұхтар Әуезов: «Абайдың өмірбаянын зерттеп, толықтырып жазу жұмысы жетер өрісіне жетіп, аяқталған жоқ», - деген болатын. Мұхаңның дәл осы сөзін Абай шәкірттерін зерттеу мәселесіне арнап, айнытпай қайталап айтуға әбден болады.

  Абайдың ақын шәкірттері туралы сөзді Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл – яғни ұлы ақынның өз балаларынан бастаймыз. 

«Алаш мұрасы».

Қайым Мұхамедханов

көп томдық шығармалар жинағы

3 том, Абайдың ақын шәкірттері

Алматы, «Алаш» 2005

  

Заманның зарын айтқан Төлеу ақын 

 

1943 жылы Семейге келген сапарында Мұхтар Әуезов Төлеу ақынды көріп, оның айтысын тыңдаған. Сол жылы орыс жазушысы Павел Кузнецовқа жазған бір хатында: « ... жолсапарымыздың соңғы күндерін біз Семейде өткіздік. Онда ақындар айтысы болды. Облыста, бұрын неге көрінбегенін кім білсін, Төлеу деген ірі ақын бар екен. Оның тума шежіресі өте қызық. Ата-бабасынан – сонау алтыншы атасынан бері қарай тұқым қуалаған белгілі ақындар. Ал шешесі – көпке әйгілі Қуандық. Қуандық Абаймен айтысқа түскен... Менің бірінші кітабымда осы жай суреттелген-ді. Сонымен, несін айтасың, Төлеу ақсақалды көргенде мен Қуандықпен кездесіп, жүздескендей күйге келдім...», - деген.

  Төлеу Көбдіков 1874 жылы 15-маусымда Қарқаралы уезінің Дағанды болысына қарасты Мүзбел деген жерде (қазіргі Аягөз ауданы) дүниеге келген. Әкесінің шын аты Көбдік емес, Көпжер екен. Кезінде Батыс Сібірде төлқұжат алғанда «Көбдіков» болып жазылып кеткен.

  Төлеудің нағашы атасы, Ақтайлақ бидің кенжесі, тарихқа мәлім, атақты ақын Сабырбай. Сабырбайдың қызы Қуандық ақын – Төлеудің шешесі. Төлеудің нағашы атасы Сабырбай мен шешесі Қуандықтың Абаймен терең ұғысқан достық қарым-қатынасы «Абай жолы» романында шыншылдықпен көркем бейнеленген.

  Төлеу ақынның жеке архивін 1974, 1977, 1991 жылдары ұлы Мұрат Абай қорық-мұражайы қорына тапсырған. Қазіргі таңда Абай мұражайының құнды жәдігерлерінің санатында.

  Ақынның немересі Шынар Мұратқызының 2015 жылдың 24 желтоқсанындағы «Дидар» газетінің №148 (17237) санында жарық көрген «Заманның зарын айтқан Төлеу ақын» мақаласы Абайдың ақындық айналасына қатысты ой-дерегімен тартымды.