name

8 (7222) 52-38-52, 52-24-22

ШҚО, Семей қаласы, Интернационал көшесі, 29

KZ RU EN

 

АБАЙДЫҢ ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНЕ ТАПСЫРҒАН ЗАТТАРЫ

1. Абай үйінің жиһазы 

  Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы өзінің орыс досы Н.И.Долгополов арқылы қазақ халқының ертеден қолданып келе жатқан заттарын Семей қаласында ашылған өлкетану музейіне 1885 жылы тапсырады. Олардың ішінде қазақ киіз үйлерінің жабдықтары: түскиіз, алаша, сырмақ, үй ішіне төсекаяқ, жүкаяқ, асадал, қалмақбас; қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары: қобыз, домбыра; ұста саймандары: көрік, төс, балға; қару-жарақтар: найза, айбалта, шоқпар, шиті мылтық және кісе белдік, сондай-ақ басқа да түрлі этнографиялық заттар бар. Сол заттардың ішінен Абай тапсырған заттардың он жетісі 1964 жылы Қазақ ССР Мәдениет Министрлігінің қаулысы бойынша өлкетану музейінен Абай мұражайының қорына өткізілді.

  кебежеБүгінде Абай қорық-мұражайының құнды жәдігері, Абай тапсырған заттардың бірі, ақын үйінің жиһазы – кебеже. Түсім кітабындағы тіркелу нөмірі: КП – 1378, өлшемі: биіктігі – 79 см, ұзындығы – 61 см, ені – 52 см.

  Кебеже - қазақ халқының қол өнерінің ішінде, өнер туындыларына жататын бұйымдардың бірі. Музей қорында бізге келіп жеткен кебежелердің өте әсем көркемделген, көлемдері жағынан да, сыртқы сәнділік жағынан да бірін-бірі қайталамайтын сан-түрі сақтаулы.

  Кебеже – тамақ сақтауға арналған сандық сияқты ағаш бұйым. Кебеженің түбі қалың тақтайдан жасалады.

  Қазақ ежелден азық-түлік сақтауға кебежені пайдаланған. Көшпелі заманда сүр ет, құрт-май салып сақтауға, түйеге теңдеп алып жүруге де ыңғайлы, тұрмысқа өте қажет бұйым болған.

2. Кісе белбеу

  Белбеу – қазақтың ұлттық киімінің өте ертеден келе жатқан дәстүрлі құрамы. Халқымыздың ұлттық сырт киімдеріне түйме қадамай-ақ шалғайларын айқара қаусырынып, белге белбеу (белдік) буынып алады. Белбеулердің: күдері белбеу, былғары белбеу, кісе белбеу, қаралы белбеу, кемер белбеу, өрмелі белбеу сияқты көптеген түрлері бар.

  Осылардың ішінде халық арасына кең тарағандары: ерлердің кісе белбеуі және қыздар мен әйел адамдар буынатын кемер белбеу екен.

  Кісе белбеудің буынғанда оң жақ мықынының тұсында әшекейлі салпыншақ қалтасы болады. Осы қалтасы «кісе» деп аталады. Халық даналығы:

                                     «Кісі болмас кісіні мүшесінен танимын,

                                      Кісі болар кісіні кісесінен танимын»,

- деп бекер айтпаған шығар.

Изображение 260  Абайдың өлкетану музейіне тапсырған заттарының бірі – қазақ шеберлерінің қолынан шыққан осындай кісе белбеу.

  Ұлы ақын тапсырған заттар туралы өлкетану музейінің ескі кіріс кітаптарында осы кісе белбеуді кім берген деген графада: «Дар Ибрагима Кунанбаева. Чингизская волость, Семипалатинского уезда» - деп жазылған екен. Белбеудің ұзындығы 110 см, бір кісе, екі оқшантайы бар делінген.

  Белбеудің өзінде металдан жасалған 17 әшекей бар. Олар әртүрлі пішінде жасалған: төртбұрышты, тармақты жұлдызша тәрізді. Ұзындығы 110см.

  Кісе белбеуге ұзындығы 11 см үш қайыспен жалғанған, олардың кісе мен белбеуді жалғастырып тұрған ұштары күмістелген темірмен бекітілген. Осы үш қайыстың оң жақ шеткісі кезінде үзіліп, кейіннен басқа қайыспен жалғап, жөнделгені көзге түседі. Басқа екі қайыстың орта тұсында кіші бес тармақты жұлдызшалар орнатылған.

  Кісенің биіктігі 18 см жарты шеңбер пішінде жасалған. Кісенің жоғарғы екі бұрышында шеттері ирек төртбұрышты күмістелген металл әшекейлері бар. Ортасында он тармақты, диаметрі 6 см үлкен жұлдызша және кісенің өн бойына симметриялы түрде тоғыз кіші жұлдызшалар орнатылған. Кіші жұлдызшалардағы тармақтар саны әртүрлі. Кісе жасалған терінің бетінде салынған өрнек бар. Теріге түскен қазақи оюлар мен металл нақыштары әдемі үйлесім тапқан. Белбеуді жасаған шебердің теріні де, металды да өңдеуді жоғары деңгейде меңгергені көрініп тұр.

  Оқшантайлар да кісе сияқты белбеуге қайыспен жалғанған және жалғастырып тұрған ұштары күмістелген темірмен бекітілген. Әр оқшантайдың ортасында бір үлкен жеті тармақты және шеттерінде бес кіші жұлдызшалары бар. Бұларда да терінің бетіне бедерленген өрнектер бар.

  Екі оқшантай бір-бірімен шеттеріндегі әшекей жұлдызшаларының бір тармағы шығыршық ретінде жасалып, солар арқылы темір сақинамен қосылған.

3. Құрсауланған кесе

  Абайдың 1885 жылы өлкетану музейіне тапсырған заттардың ішінде қытай кесесі бар.

  Ақшыл көгілдір түсті кесе сыртына көк түсті ою-өрнек жүргізілген. Кесе жасалған фарфордың сапасы аса жоғары емес, оны фарфордың қалыңдығынан анықтауға болады және кесенің ішкі жағында қара дақтар бар. Таза, сапалы фарфор - жұқа және таза болады.

  құрсауланған кесеАбай заманында фарфор ыдыстар көршілес Қытай елінен және Ресейден әкелініп, қымбат бағаланатын. Оларды арнайы ағаш қабығынан тоқылған не болмаса теріден жасалған шыныаяққаптарға салып сақтаған. Қымбатқа түскен фарфор, фаянс ыдыстардың шеттерінің сынғаны болса лақтырмай, оларды әлі де қолдануға мүмкін болатындай етіп, құрсаулап жөндеп алуды қазақ шеберлері өте жақсы меңгерген.

  Н.Долгополов музейге экспонаттар жинағанда осы бір кесені осындай шеберліктің көрінісі ретінде таңдағанына шүбә келтірмеуіміз керек деп ойлаймыз. Оған дәлел ретінде қазіргі уақытқа дейін сақталған кесенің сыртындағы Өлкетану музейіне қабылданған кездегі жазуды келтіруге болады. Онда: «Разломанная китайская чашка, починен. по киргизскому способу. Этногр. отд. №79», - деп жазылған. Демек, музейге жәдігер жинаған Н.Долгополовқа осы жөндеу шеберлігі қызықты болған.

  Кесенің бір жақ шеті 4 үлкен, 1 кіші бөлшекке сынған екен. Осы сынған бөлшектер орын-орнына желімденіп қойылған. Кесенің жиегі жалпақтығы 8 мм жұқа мыспен дөңгелей құрсауланған. Сынған бөлшектердің тұсынан үш мыс пластина кесенің жоғарғы жиегі мен түбіне қайырыла бекітілген. Кесенің диаметрі – 14 см, биіктігі – 5,2 см, түбінің диаметрі – 6 см.

  Кесенің жоғарғы жиегін құрсаулаған металл пластинаны дөңгелей орнатқандағы жігі көрінбейді, тіпті қолға да білінбейді. Ал кесенің ернеуіне құрсау темір тұтасып кеткендей әсер аласыз, себебі, ұста металды кесенің жиегіне соншалықты шебер жапсыра білген. Бір-бірімен қосылмастай екі дүниені біртұтас зат ете білген белгісіз ұстаның шеберлігіне таңдай қағып, бас имеу мүмкін емес.

4. Асатаяқ

  Асатаяқ – қазақ халқының ежелгі музыкалық аспабы. Асатаяқты ертеде абыздар мен бақсылар қолданған. Әдетте, олар асатаяқты қылқобыз бен даңғыраның үніне қоса қолданатын болған. Олар асатаяқты ырғақтатып, сілкіп, шайқап ойнайды. Асатаяқ емен, үйеңкі, қайың, долана секілді қатты ағаштардан жасалады. Бетіне әртүрлі сылдыр-күлдір, шулы дыбыс беретін темір салпыншақтар, сақиналар, шығыршықтар тағылады.

  Асатаяқ туралы Ш.Уәлиханов пен белгілі зерттеуші Б.Сарыбаевтың еңбектерінде жазылған.

  асатаяк1Қазақстан музейлерінде сақталған асатаяқтардың ішінде көнелердің бірі деп музыка зерттеушілері біздің мұражайымыздағы Абай 1885 жылы өлкетану музейіне тапсырған асатаяқты атайды.

  Асатаяқтың ұзындығы 128 см. Сабы жұмыр ағаштан жасалған. Аспаптың басы сопақша жапырақ пішінді, шеті ирек жасалған. Екі беті де әшекейленген. Бетінде ағашқа арнайы сегіз ойық жасалып, оларға жез қаңылтырдан жасалған өрнекті, оюлы әшекейлер орнатылған.

  Жоғарыдағы екі және төменгі екі металл әшекейдің ортасына, ортадағы жез өрнекті қаңылтырда ілмектер орнатылған. Арнайы дыбыс шығаратын салпыншақтар тағуға арналған ілмектердің саны сегіз. Олар симметриялы орналасқан. Ілмектердің екеуінде ғана салпыншақтар сақталған, оның біреуі – темір, екінші – бетіне жез қағылған темірден жасалған. Ортаңғы төрт ойықтағы жез нақыштың ортасына үлкен тас, оны айнала кіші коралл тастармен әшекейленген. Асатаяқтың дәл ортасына қағылған жез қаңылтырда да кіші коралл тастар орнатылған.

  Асатаяқтың сыртына алдымен қызыл мата, оның үстіне асатаяқтың пішінін қайталайтын оюлы жез қаңылтыр қағылған. Бет жағындағы әр ойыққа сәйкес жерлерінде дөңгелей коралл тастармен көмкерілген айна көздері орнатылған. Ортасына оюланған жез қаңылтыр бекітілген. Өкінішке орай, асатаяқтағы әшекей тастардың көбі жоғалған.

5. Сыбызғы

  Абай тапсырған заттардың бірі – сыбызғы. Сыбызғы – қазақтың үрмелі көне музыка аспабы. Қурайдан, ағаштан, сыбызгы1кейде жезден де жасалады. Сыбызғы ойықтарынан демді жай немесе күшті шығару арқылы түрлі дыбыс әуендері туады. Сыбызғы тектес аспаптар басқа халықтарда да бар.

 
  Аспаптың ұзындығы 64 см. Ортасы ойылған екі ағашты бір-біріне желімдеп, алдымен жіппен орап, оның сыртынан малдың ішегі киілген. Бір жақ басының диаметрі - 1,7 см, екінші жағы – 2,2 см. Үрлейтін жағынан арасы 5 сантиметрден 3 ойығы бар.

  Сыбызғы алғаш 1934 жылы қазіргі қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінде пайдаланылды. Қазір оның жетілдірілген түрі фольклорлық – этнографиялық ансамбльдер мен оркестрлерде қолданылады. 

6. Піспек

  писпекПіспек – қымыз пісуге арналған құрал. Піспек сабаның бойынан екі-үш тұтамдай ұзын, төменгі жағына айқастыра бекітілген екі ағаш немесе төңкерілген тостаған тәрізді ағаш бекітіледі. Піспектің үлкендігі сабаның көлеміне қарай жасалады. Ол туралы халық арасында «Сабасына қарай піспегі...» деген сөз бар.

  Абай тапсырған заттардың ішінде піспек те бар. Кезінде өлкетану музейіне піспек жалғыз емес, сабамен бірге тапсырылып, сабаның сақталмай қалуы әбден мүмкін.

  Піспектің ұзындығы 59 см, төменгі жағы жарты сфера тәрізді ойылып жасалған. Піспектің жоғарғы жағы төрт қырлы үшкір жебе сияқты жасалынған. Піспек орта тұсынан кезінде қиғаштай сынған, сондықтан сынықтары бір-біріне жанастыра екі жерден мыс сыммен оралып, орнына бекітілген.

7. (КП – 1368) Қобыз

Халық арасынан шыққан хас шеберлер музыкалық аспаптардың сан-алуан түрлерін жасай білген. Солардың арасында өте көне және кең тарағаны қобыз бен домбыра. Бұл аспаптар шайыры аз қарағайдан тұтас ойылып жасалатын болған.

кобызҚобыздың көлемі үлкендеу келіп, жоғарғы бөлігіне, шанақ ішіне ерекше үн қосып тұруы үшін сылдырмақтар, қоңыраушалар ілініп, айнамен, үкімен безендірілген. Ысқышы жіңішке ағаштан иіліп, аттың қылы тартылады. Бұрын мұндай қобызда көбінесе бақсылар ойнап, сырқаттарды емдеген. Мұражай қорында да ұлттық аспаптардың бірнеше түрлері бар.

Ұлы Абайдың жанында талант иелері көп болған. Солардың ішінде домбырашы Әлмағанбеттің үш ішекті домбырасы мен қобызшы Берікбайдың қобызы мұражай экспозициясынан лайықты орын алған.

Әлмағанбет Қапсалемұлы (1870-1932) – әнші, күйші. Балалық шағында Кішкене молдадан (Мұхаметкәрім), Мүрсейіттен оқып, сауатын ашқан, Мұқадан домбыра тартуды үйренген. Мағауия, Турағұлдармен бірге Семей қаласында болған жылдары орыс музыканттарынан скрипкада ойнауды да меңгерген. Әлмағанбет өмірін ұзақ жылдар бойы Абай аулында өткізіп, ұлы ақынның «Айттым сәлем, қалам қас», «Көзімнің қарасы», «Жарқ етпес қара көңлім, не қылса да», «Алыстан сермеп» т.б. әндерін айтып, халық арасына таратқан. 1914, 1924 жылдары Абайдың қайтыс болғанына 10, 20 жыл толуына арналған Семейде өткен әдеби-музыкалық кештерде Абай әндерін нақышына келтіре орындап, ол жайлы естеліктер айтқан. Әлмағанбеттің орындауындағы бірқатар күйлерді «Алшағыр», «Бозторғай», «Тепең көк»  т.б.) А.В.Затаевич нотаға түсірген... («Абай» энциклопедия. Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, Атамұра баспасы, 1995ж).  

Қобызшы Берікбай Сатиев (1850-1918)                    

1914 жылы Семейде Абайдың қайтыс болуының 10 жылдығына арналған еске алу кешіне Нәзипа Құлжанова 80 жастағы Берікбай Сатиевты қатыстырып, қобызбен бақсылық сарынын ойнатады.

Осы кеш туралы мақалада: «Кештің үшінші бөлімінде халық алдында Г.И.Павлов шаманизм туралы лекция оқиды. Нәзипа Құлжанова осыған байланысты «Бақсылардың сыйыну, жалбарыну өлеңдерінің үлгілері» деген әңгіме жүргізеді. Бақсы Берікбай Сатиев (80 жаста) «Қобызымен рух шақыру сеансын орындайды» деп жазылған.

Ал 1924 жылы Абайдың қайтыс болуына 20 жыл толу кешін М.О.Әуезов Семейде ұйымдастырып, баяндама жасайды. Кешке Берікбай бақсының баласы Сләмбек Берікбаев (1877-1934) қатысып, әкесінің қобызын тартыпты.

Қобыз тұтас ағаштан ойылып жасалынған, бір жарым ғасырдан артық уақыт өтсе де жақсы сақталған. Ағашы күрең қызыл түске боялған. Қобыздың жоғарғы және төменгі бөліктеріне сарғыш түсті жұқа қаңылтыр жапсырылып, өрнектер бедерленген. Шанақтың да беті сарғыш қаңылтырмен жиектелген, ішіне бір үлкен, екі кішкене айналар, перламутор дөңгелекшелер орнатылған.

Қобыздың жоғарғы бөлігі ромбы формалы, бетіне өрнектер салынып, шығыршық арқылы жұқа қаңылтырдан сылдырмақтар ілінген.

8. КП – 1365. Ет табақ

Ұлы ақын 1883 жылы Семей қаласында ашылған өлкетану мұражайына қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін көрсететін көптеген заттарды (жәдігерлерді) 1885 жылы аулына қонаққа келген досы Н.И.Долгополов арқылы беріп жібереді.

табакСолардың бірі тұтас ағаштан ойылып жасалынған ет табақ. Абай үйінің мүлкі. Мұндай үлкен табақтар көбінесе ауылға қадірлі қонақтар келгенде пайдаланылған. Табақ сарғыш түсті лакпен боялған. Жақсы сақталған.

Өлшемі: дм – 68 см.

Тереңдігі: - 2,2 см.

Биіктігі – 5см.

9. КП – 471 Еркежанның ағаш төсегі

Еркежан Ибаққызы (1858-1927) інісі Оспан қайтыс болғаннан кейін Абайдың әмеңгерлік жолмен алған әйелі.

Ұлжандай ұлағатты анадан үлгі-өнеге алған Еркежан, Оспан мен Абайды, Ділдә мен Әйгерімді өз қолымен ақтық сапарға аттандырған.

Еркежан қайтыс болғаннан кейін біраз дүние-мүлкі туысы Сқақов Ябибтің қолында қалады. Солардың арасында осы ағаш төсек те болған.

Кровать ЕркежанЯбиб 1931 жылға дейін Жидебайда Абайдың немересі Әубәкірмен бірге тұрған. Сол жылы әке-шешесімен Семейге көшеді.

Кейіннен апасынан қалған асыл дүниелерді (ағаш төсек, кестелі орамал, түймелер) ұлы ақынның мұражайына тапсырады. Қазір осы баға жетпес қасиетті мүлік Жидебайда, Еркежанның бөлмесіне қойылған. Ағаш төсек өте жақсы сақталыпты. Бетіне жұқа сүйектен әдемі ою-өрнектер орнатып, қара, қызыл түстерге боялған. Оюлар қалпақшалы күміс шегелермен жеке-жеке бекітілген.

Өлшемі:

Төсектің жалпы ұзындығы – 194 см.

Төменгі жағы – 123 см.

Биіктігі – 92 см.

Ені – 123 см.

Екі қанаты – 40 см.

10. КП – 1367 Ділдәнің ағаш төсегі

Ділдә Алшынбайқызы (1843-1924) Абайдың бәйбішесі. Ақылбай, Әбдірахман, Мағауиядай талантты перзенттердің анасы.

1924 жылы құт-мекенін тастап кетуге мәжбүр болады. Қолындағы дүние-мүлкінің басым бөлігін туыс-жақындарына қалдырады.

дилда кроватьАл мына ағаш төсегін сыйлас құдасы Өтепбаев Нұғыманға аманат етеді. Абайдың өзі ел ішіндегі шебер Еспембетке арнайы тапсырыс беріп жасатқан асыл мүлікті Өтепбаев көзінің қарашығындай сақтап, қиын кездің өзінде ешкімге сатпай, ұлы ақынның өз музейіне қуана тапсырады. Ұлы ақынның немере інісі Әрхам Кәкітайұлы Ысқақовтың «Абайдың өмір жолы» атты естелігінде осы дүниенің 1923-1941 жылдар аралығында Өтепбаевтың үйінде болғаны, 1941 жылы жаңа құрылған ақын музейіне әкеп тапсырғаны туралы айтылады. (29 іс, акт №9 (12а), 27.01.1941 жыл).

Төсектің тарихын анықтап жазып, ою-өрнектерін сызбаға (чертежге) түсіріп, өлшемдерін жасаған Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов пен музейдің ғылыми кеңесшісі болған Борис Акерман (музей архиві, 29 іс, аралығында Құнанбай әулетінің ата-қонысы Ақшоқыда тұрған. 27.01.1941).

Төсектің сипаттамасы:

Екі қанаты бар ағаш төсек. Алдыңғы жағы жылқының жақ сүйегі мен аяқ (тобық) сүйегін пайдалану арқылы жасалып, қошқар мүйізді ою-өрнектермен безендірілген.

Өрнектер симметриялық дәлдік сақталып, қызғылт, көгілдір, қоңыр түстерге боялған. Қара бояумен түзу сызықшалар жүргізіліп, аралары ақ түсті металдармен бөлінген. Қызғылт түсті оюлары бар. Қалпақша шегелер де пайдаланылған.

Төсектің ұзындығы – 198 см (екі қанат аралығы) ені – 103 см, қанаттарының ұзындығы (басқы және аяқ жағы) – 46 см.

Қазір Абай мен Ділдә пайдаланған асыл мүлік Жидебайдағы мұражай-үйде Ділдәнің бөлмесінде тұр.

11. КП – 1372 Ағаш құты

Абай үйінің мүлкі. Аса шеберлікпен жасалған сусын құюға арналған ағаш құты. Қайың ағашынан тұтас ойылып, екі бөлік жеке дайындалып, өңделгеннен кейін желіммен біріктірілген.

Құтының бір жақ бетіне ақ түсті металдан жіңішке дөңгелек жапсырылып, ортасына өсімдік жапырағы, мүйіз тәріздес «төрт құлақ» оюларының үлгілері қондырылған. Қақпағы жұқа күміспен қапталып, мойын жағы әдемі кутыбедерлермен безендірілген. Құты қара түске боялғандықтан ақ түсті ою-өрнектер өте жарасымды көрінеді.

Белдікке байлауға қолайлы болу үшін қайыс ілгек жасалыныпты.

Абай тапсырған заттардың бірі болғандықтан, 6 май 1964 жылы Қазақ ССР Мәдениет Министрлігінің қаулысы бойынша өлкетану музейінен Ұлы ақынның өзінің музейіне өткізілді.

Өлшемі:

Биіктігі – 30 см.

Ені – 21 см.

Қазіргі таңда ағаш құты Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің экспозициясынан орын алған.