name

8 (7222) 52-38-52, 52-24-22

ШҚО, Семей қаласы, Интернационал көшесі, 29

KZ RU EN

АТАДАН ЖЕТЕУ ЕМЕС ПЕ? 

Ұлы ақынның қоштасу өлеңі хақында бірер сөз

1903 жыл  Өмірдің ащысы мен тұщысын татып, әбден толысқан шағында жазылған Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңі көпшілікке жақсы таныс. Ақын өмір бойы көрген-білгенін һәм ел арасындағы әділетсіздікті, арсыздықты, надандықты осы өлеңге сыйдырған. «Сегіз аяқ» өлеңі Абай өмірінің соңғы жылдарының бірінде жазылғанына дәлел – өзгелердің естелігінде емес, өлеңнің өзінде жатыр:

...Қайратым мәлім, —

Келмейді әлім,

Мақсат — алыс, өмір — шақ.

Өткен соң, базар,

Қайтқан соң ажар,

Не болады құр қожақ?!

Кеш деп қайтар жол емес,

Жол азығым мал емес.

Бір кісі мыңға,

Жүз кісі сұмға

Әлі жетер заман жоқ.

Қадірлі басым,

Қайратты жасым

Айғаймен өтті, амал жоқ.

Болмасқа болып қара тер,

Қорлықпен өткен қу өмір.

Иә, ақын ішіне жиналған запыран-шерін өлеңмен төгіп отыр. Басынан өткен небір қулық-сұмдық оның жан-жүрегін жаншып, көзінен ыстық жас төккізгеніне Шыңғыстау куә!

Әсілі, сөзді ұғарлық һәм түйсінерлік жан табылса, құмдауыт шөлде қайнар тапқандай қуанушы ма еді, қайтер еді?! Бірақ бүкіл ғұмыры «айқаймен өткенін» өзі де жырына арқау етеді. Сөйтіп, ақыры осындай қорытынды шығарады.

Енді «Сегіз аяқ» өлеңіндегі күрмеуі шешілмеген жұмбақ тұсына келейік. Оны шешу үшін біраз ғалымдардың кітаптарын оқып, шындыққа жақын тұстарын ой таразысына салып көрдік.

Ол мәселе – «Сегіз аяқ» өлеңінде Абай:

«...Атадан алтау,

Анадан төртеу,

Жалғыздық көрер жерім жоқ.

Ағайын бек көп,

Айтамын ептеп,

Сөзімді ұғар елім жоқ.

Моласындай бақсының

Жалғыз қалдым — тап шыным!», – дейді.

Ал, ақиқатында, Абай жеті ағайынды болған. Олар: Құнанбайдың бәйбішесі Күңкеден – Құдайберді (1829-1866), екінші әйелі Ұлжаннан – Тәңірберді (1834-1906), Абай (1845-1904), Ысқақ (1847-1901), Оспан (1852-1892), үшінші әйелі Айғыздан – Халиолла (1849-1870), Смағұл (1852-1932) дүниеге келген. Яғни, барлығын қосқанда – жетеу.

Абайдың «Анадан төртеу» деп тұрғаны – анасы Ұлжаннан туған төрт ұл: Тәңірберді, Абай, Ысқақ, Оспан. Ал «атадан алтау» дегені кімдер? Әкесі Құнанбайдан туған балалары жетеу екенін көріп отырмыз. Неліктен «Атадан жетеу» емес?

Егерде бұл өлең тұңғыш ағасы Құдайберді қайтыс болғаннан кейін жазылды десек (1866), онда Абай небәрі 21 жаста болады. Бұл – уақытқа да, қисынға да келмейді.

Енді кейбір ғалымдар Халиолла қайтыс болғаннан кейін жазылған дейді. Бұл да шындыққа жанаспайды. Өйткені Халиолла қайтыс болғаннан кейін жазылса (1870), онда Абай өлеңді «атадан бесеу» деп жазар еді. Өйткені Халиолла Құдайбердіден кейін дүниеден озған.

Әдебиетте «ассонанс», «метафора» деген ұғым бар. Бұл ұғымдар әсіресе жыраулар поэзиясында кеңінен қолданылады.

Ассонанс  (французша assonance, латынша assono – үйлесім) – өлең сөзде дауысты дыбыстардың үндесе қайталануы. Ассонанс сөздің интонация-музыка мәнін, экспрессивтік-эмоционалдық бояуын күшейтіп, ерекше елеулі тұстарды дыбыстандырып, ой-сезімнің әсерлілігін арттырады. Өлеңде немесе прозада бір тектес дауысты дыбыстарды қайталау. Бұл әдеби тілдің өркен-кестесіне әдемі ажар, айшық қосады. Сөздің айтылу әуезін, мәнін арттырып, бояу мен әсерлілігін күшейтеді.

Осы орайда, Жиембет жыраудың: Еңсегей бойлы ер Есім, Есім, сені есірткен - Есіл менің кеңесім, – деп басталатын толғауындағы "е" дыбысынан өрнек жасауын айтуға болады. Мұнда Жиембет ақын «ассонанс» тәсілін қолданып тұр. «Атадан алтау» сөзіндегі бас әріптердің үйлесуіне назар салыңыз.

Метафора (грек metaphora – ауыстыру) – троптың (құбылтудың) бір түрі. Құбылыстар мен заттардың ұқсастық белгілері негізінде астарлы мағынада қолданылуы. “Метафора табиғатында жұмбақтылық бар” (Аристотель).

Сөз өнерінде метафораның символикалықэмоционалдық ерекше мәні бар. Абай өлеңдеріндегі “жастықтың оты”, “жүректің көзі”, “дүние есігі” деген метафоралармен қатар дәстүрлі қолданыстағы метафоралар кездеседі: жан азығы, табиғат-ана, өмір-өзен, өмір сыбағасы, асау толқын, т.б. Осылайша, ойды әсерлі жеткізу мақсатында метафора қолданылады.

Қазақ халқында сөзді астарлап сөйлеу һәм ауыстырып, құбылтып сөйлеу бағзыдан қалыптасқан дәстүр. «Алты» сөзіне байланысты «Алты Алаш», «Алты қанатты киіз үй», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген сөз тіркестер мен мақал-мәтелдер бар.

«Алтау» сөзінің жыраулар поэзиясында да кең қолданысқа ие екенін тілге тиек етіп кеткен жөн. Мысалы, «Қобыланды батыр» жырында:

...Қаладан атын қарғытып,

Кіндіктен атын сырғытып,

Қаланың аузын қан қылып,

Қақпаның аузын шаң қылып,

Тұлымдысын тұл қылып,

Айдарлысын құл қылып,

Солқылдаған мырзасын,

Табанға салып жүн қылып,

Алтын артты шанаға,

Қарамай қатын-балаға,

Өтірік емес, жан аға,

Қырық қақпалы Қазанды,

Он сегіз күн дегенде,

Бұзып-жарып батырың,

Малын-жанын ызғытып,

Қақпаның аузын аштырып,

Айдап шықты далаға.

Есіктің алды мойыл-ды,

Ашыққан қият тойынды.

Жаманның ісі бола ма?

Атадан алтау туғанмен,

Асылмен белін буғанмен,

Қай түнде жаман оңа ма? («Ақсауыт» I том, 73бет)

Олай болса, «алтау» сөзінің түп негізі – көпшілікті, ағайынды білдіреді.  Осы тұста, Абайдың өзі де «Ағайын бек көп» деп жырлағанын еске салайық. Түсінікті тілмен айтқанда:         

«Атадан алтау (ағайыным көп),

Анадан төртеу (төрт құбылам тең),

Жалғыздық көрер жерім жоқ», – деп тұрғандай. Сөйтіп, «Ағайын көп болса да, ақырында жалғыз қалдым» деп қынжылады Абай.

Сөздің байырғы қолданыстарында және ақынның өлеңді әдемі әрі үйлесімді жеткізуінде «жетеу» сөзі құрбандыққа шалынып кеткендей әсер қалдырады. Өйткені «Атадан жетеу, анадан төртеу» десе, өлеңнің және сөздің үйлесімі бұзылады. Ал өлең деген – музыка, гармония, арудың алқымына тағылған біркелкі әрі жұп-жұмыр моншақ іспетті. Оны бұзуға болмайды. Тіпті, ақын бұл өлеңде тек жалғыз басының қамын емес, бүкіл «алты Алаштың» бірлігі әлсіз екенін, ынтымағы құрып бара жатқанын меңзеп отыр.

Осылайша, өзін айту арқылы бүкіл қазақтың басындағы алауыздықты өлеңмен өрнектеп тұр.

Түйін:

Жоғарыда айтылған жұмбақты ақынның көңіл-күйіне, тұтастай өміріне және әр сөзді астарлап сөйлейтін қасиетіне қарап шешуге тырыстық. Бұл – бір ғана тұжырым. Басқа да айтылар ой немесе ғылыми дәлелдер болса, қабылдауға дайынбыз.

Біржан АХМЕР,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

қорық-музейінің ғылыми қызметкері. 

 

АБАЙ АЙТҚАН БА, АЙТПАҒАН БА?

 

  Рисунок1Ғалым Арап Еспенбетов «Қайым Мұхамедханұлы және абайтану мәселелері» атты мақаласында:

  «Соңғы кездері Абай есімін алдына қалқан етіп ұстап, ақыл-ойға сыймайтын ертегі-аңызшылардың пайда болуына қалайша немқұрайды қарайсың?! Олардың қатары көбейіп кетсе, қоғамдық сана, ұлттық руханият үшін қауіпті құбылыс», - дейді. Осылай жанайқайын білдіре келе, сондай жайттардың біріне тоқталып: «Бірер ай бедерінде теледидардан қазақ мәдениеті төңірегінде өзінше ой бөліскен бір «шешен» сөзінің дәмін келтіру ниетінде Абайды куәға тартып: «Су ішкен құдығыңа түкірме» деді емес пе ұлы Абай, бұл кәрінің де, жастың да есінде болуы керек», - деп кіжіне, екілене сөйледі. Сеніп қала жаздадым. Абайды оқымайды, ұқпайды екенбіз ғой деп өз-өзіме налыдым. Ерінбей-жалықпай қос томдықты бірнеше рет аударып шықтым, ондай сөз жоқ екен. Абайды өзінің қажетіне сәйкес бұрмалап түсіндіріп, көлденең көк атты ұлы ақын айтпаған сөзді айтқызып, тұнығымызды лайлап, жадымызды шимайлап жатса, абыройдан айырыламыз. Абайдың әр сөзіне абай болайық!» (28-бет)  - деп көтерген көкейкесті мәселенің әлі де күн тәртібінде тұрғанын ұмытпауымыз керек.

  Әр кезде әрқалай қайталанып тұратын осындай келеңсіздіктерге уағында қарсы тұрмасақ, Абай сөздерін бұрмалап, хәкім атын әркім қолжаулыққа айналдырары анық. Бұл шындығында қауіпті.

Осыған орай, біз де Абай айтпаған сөзді айтты қылып жүргендерге арнайы тоқтала кеткенді жөн көрдік.

  Бас газетіміздің бірі – «АНА ТІЛІНДЕ» (4-наурыз, 2009) «Жаратушы тұрғанда, жаратылғаннан не сұрайсың?» атты мақала жаряланды. Авторы - Айдос Құрамысов. Тақырыптағы сөз оның жазуынша Абайдың сөзі. Жалпы қазіргі күні кез келген жазарман «Абай осылай деген, Мұқағали былай деген» десе, оның сөзін тексермейміз, екшемейміз. Тақырып болсын, сөз ішінде болсын, бере береміз. Әрине, мұнымыз дұрыс емес.

  Бұл – бір, екінші - «АСТАНА» телеарнасынан (2014 жылы) ақын Қалқаман Сариннің «Кеш емес» ток-шоуы «Жаратылғаннан сұрағандар» деген тақырыпта арнайы хабар жасады. Сөз соңында жүргізуші ток-шоуды: «Жаратушы тұрғанда, жаратылыстан не сұрайсың?» - дейді Абай атамыз», - деп аяқтайды.

  Айтулы айтыскер ақынымыз Мұхамеджан Тазабеков те республикалық «ҚАЗАҚ ҮНІ» газетіне (М.Тазабеков: «Идеология – оқсыз қару», 23-тамыз, 2010) берген сұқбатында: «Абай атамыз болса «Жаратушы тұрғанда жаратылушыдан не сұрайсың» дейді», - деген екен.

  Олар бұл сөзді Абайдың қай кітабынан алып отыр?! Абайдың толық жинақтарын тағы да қарап шықтық, бірақ мұндай сөз жоқ. Ашығын айтқанда, бұл сөзді неліктен Абайдың ауызымен айтқызып отырмыз?

Бірі «жаратылғаннан» деді,

Бірі «жаратылыстан» десе,

Бірі «жаратылушыдан» дейді.

  Абайдың о заманда ортаға әруақ мәселесі туралы дәл осылай сауал тастай қоюы да екіталай нәрсе. Оу, олар бұлайша ойларынан сөз құрағанша, дана қазақтың «Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады, адамнан сұрағанның екі көзі шығады» деген сөзін келтірсе де болмай ма? Әлде бұл жеткіліксіз бе? Біз біреудің сөзін біреу ұрласа, онысын «плагиаттық» дейміз ғой, ал біреудің айтпаған сөзін айтқан деп айтушыларды кім дейміз сонда?!

  Жалпы кез келген дауға мұндай сөзді жазбаған Абайды араластыру – оның атына қол сұғушылық, бұл – «ата даңқымен сөз өтетінін» біліп, ақын даңқын пайдаланушылық, басқа ештеңе де емес. Абайды өзіміздің мұндай талас-тартысымызға қолжаулық қылмайық, ағайын.

  Біз Абай айтпаған сөзге байланысты өз уәжімізді айттық. Ал енді әдебиетшілер арасында Абай айтқан дүниелерді «Абай ауызына да алмаған» дейтіндер де қылаң бере бастады.

  Мәселен «АҢЫЗ АДАМ» (№5, 2010, 51-бет) журналының тұтас Абайға арналған нөмірінде ақын Жарылқасын Аманов Абайға қатысты мынадай бір оқшау пікір айтып қалады. Ол:

  «Осы Абай Абылайды ауызына алмаған. Орта жүздің ханына бір ауыз өлең арнамаған», - деген сөз.

  Ақын ағамыз 1933 жылы Мұхтар Әуезов құрастырып шығарған «Ақын Абай» кітабындағы ақын Көкбайдың естелігінен хабардар болмауы мүмкін, тіпті М.Мырзахметов 1997 жылы құрастырған «Абайды білмек парыз ойлы жасқа» (Алматы, «Санат» баспасы) атты Ибраһим Құнанбайұлының ғұмырнамалық кітабын да бір шолып шықса, бар қазақтың панасы болған Абылай хан хақында, бәлкім, бұлай демес пе еді.

  Сол 1933 жылғы Абайдың ең алғашқы толық жинағында Мұхтар Әуезұлына берген естелігінде Көкбай Жанатайұлының былай дейтіні бар:

  «Бір жылы менің өзіме Абылай хан мен Кенесарының қазаққа істеген еңбектерін ұзақ әңгіме қылып айтып беріп, осыны өлең қыл деді. «Абылай да, Кенесары да қазақтың мақтан қылатын ерлері. Бұлардың еңбегі де айта қалғандай, ұмытпастық еңбек. Сондықтан бастарынан кешкен дәуренді жақсы сөзбен жыр қылып ел ортасына жаю жақсы өлеңшінің міндеті, сен үйіңе барып орнығып отырып осыны өлең қылып кел», - деді.

  Содан кейін үйге келіп отырысымен өлең қылуға кірісіп, күндіз-түні тыным алмай жаздым да, 5-6 күнде бітіріп, Абайға қарай қайта жүрдім. Абай бұл уақытта үлкен ауылынан бауырдағы ауылына тоқалыныкіне барып сонда жатыр екен. Кіші ауылы «Аралтөбе» деген жерде, үлкен ауылынан 35 шақырым жерде, біздің ауылдан 70 шақырымдай жерде еді.         

  Осы жолға қасымдағы атшыммен қысты күнгі аязда салт атпен келе жатып, жазған өлеңімді ойлап көрсем, жатқа айтуға бір де бірі есімде қалмапты. Абайдың барысымен «айт» дейтіні мәлім. Сондықтан жол жүріп келе жатып, өз өлеңімді өзім жаттауға кірістім.

Күн суық, қағазды екі жеңіммен ұстап, атымның басын жолдасыма жетектетіп қойып, жол бойы жаттадым.

  Сонымен кеш болып, ел орныға отыратын кезде кісі ауылға жетіп, Абай отырған үйге сәлем беріп кіріп келдім. Үйде кісі көп екен. Алдарына кешкі шайды жаңа алған екен. Кірген жерімде сәлемімді алмастан: «Абылай келді ме?» - деді.

  Тегінде сол 25 жыл жолдас болған уақытымда, анда-санда қасынан кетіп қайта келгенімде сәлем алып, «мал-жан аман ба?» деп амандасып көрген емес. Ылғи ғана жаңа көрісіп шыққан кісідей іліп ала әңгімеге кірісетін, бұл жолы да соны істеді.

Мен сұрағанына «келді» деп едім, «олай болса айт» деді» (Аbai Qunanbajulь «Tolьq gьjnaq», 1933, «Kazagьstan baspasь», 390-бет).

  Көрдіңіз бе, Көкбай сөзінен һәкім Абайдың Абылай жайынан жақсы хабары барлығын аңғардық, бар ғана емес, оны құрмет тұтқанын да сездік.

  Бұдан бөлек тағы бір дерек келтірсек. Ғалым А.Еспенбетов: «Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы Орталық ғылыми кітапханасының қолжазбалар қорын ақтарғанда Мұсылманқұл Жиреншин (абайтанушы Әбіш Жиреншиннің әкесі – Б.Б) тапсырған төмендегі 8 деректі кездестірдім», - дейді де, барлығын тізіп көрсетеді. «Көрсетілген нұсқалардың ішінде екі жәдігерді Мұсылманқұл ақсақалдың тікелей Абай айтуынан («Абылайдың жас күніндегі өмірі», «Абылай туралы жинақ») жазып алуы мұраның құндылығын айғақтайды» (61-бет), - деп жазады ғалым А.Еспенбетов.

Яғни, Әбіштің әкесі Мұсылманқұл да Көкбай сияқты Абылайға қатысты деректерді Абайдың өз ауызынан естіген.

Ендеше, Абай хақында бірдеңе айтқымыз келгенде абай болсақ, ағайын!

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

Аbai Qunanbajulь «Tolьq gьjnaq», 1933, «Kazagьstan baspasь».

«Абайды білмек парыз ойлы жасқа». Алматы, «Санат», 1997, Құраст.: М.Мырзахметов.

Абай (Академиялық жинақ) І-ІІ том. Алматы, «Жазушы», 1995.

А.Еспенбетов «Шығармалары», 2-том, Астана, «Фолиант», 2014.

«Ана тілі» газеті. 2009 жыл, 4-наурыз. А.Құрамысов «Жаратушы тұрғанда, жаратылғаннан не сұрайсың?»

«Қазақ үні» газеті. М.Тазабеков: «Идеология – оқсыз қару», 23-тамыз, 2010.

«Аңыз адам» №5, 2010.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ

Abai.kz

Құнанбай қажыға ескерткіш қойылады

 

  Абай ауданында Құнанбай қажының ескерткіші салынып, ұлы Абай ақынның туған күніне орай 2017 жылдың тамыз-қыркүйек айларында ашылу жоспарланып отыр. Ескерткіш жергілікті кәсіпкерлердің қаржысына тұрғызылмақ.                                                                                                         

  -  Өздеріңізге белгілі, халықаралық кинофестивальдерден бірнеше рет жүлде алған «Құнанбай қажы» фильмы Абай ауданында түсірілген. Ендігі кезекті халықтың сұранысы бойынша Құнанбай қажы Өскенбайұлының ескерткішін тамыз айында аяқтауды ойлап отырмыз, - деді Абай ауданының әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлы.

  Ескерткішке жұмсалатын қаржы сомасы 15 млн теңгені құрайды. Оның 8 млн теңгесі ескерткіштің тұғырына, қоршауы мен абаттандырылуына жұмсалса, 7 млн теңгесі мүсіннің өзін тұрғызуға жұмсалмақ. Абай ауданында Құнанбай қажының ескерткішін орнату туралы идеяны алғаш болып кәсіпкер, аудан мәслихатының депутаты Ардақ Сағадиұлы ұсынған.

   - Мен ескерткіш орнату туралы идеяны көтергеніммен, шешімді халықтың өзі қабылдады. Бұл халықтың таңдауы мен қолдауы, көкейде жүрген ойы болатын. Ескерткішті орнатуға да ауданымыздың іскер азаматтары мен аудан халқы атсалысуда. Қолдау көрсеткісі келетін адамдар әлі де қорға қаражат құя алады, - дейді «Құнанбай қажы» қорының директоры Ардақ Сағадиұлы.

  Мәслихат депутаты ескерткіш салуға арнайы 2016 жылы «Құнанбай қажы» қорын құрған. Қорға жиналған ақша ескерткіш салуға жұмсалады. Қазірдің өзінде ауданның бірнеше ірі кәсіпкерлері қорға көлемді қаржыны да салып үлгерген. Павлодар қаласындағы Құнанбай қажының туыстары, танымал «Жеті ағайын» компаниясы 1 млн. теңге, Семей қаласының тұрғыны, Құнанбай қажының туысы Майбасар ұрпағы Бейсенғазы Мәлікұлы 2 млн. теңге, Абай ауданының Құрметті азаматы, Құнанбай қажының туысы Манатбек Толғанбаев 1 млн. теңге, Лондондағы Абай ауданының тумасы, меценат Медғат Құлжанов 2 млн. теңге, «Ақшың» корпорациясының президенті Марат Серікжанұлы 500 мың теңге, жеке кәсіпкер Нысанбек Дінсләмұлы 1 млн. теңге құйған.

  Сонымен қатар, Абай ауданының мемлекеттік қызметкерлері де бір күндік еңбек ақыларын – 1,5 млн теңгені қорға аударған.

  Ескерткіштің үлгісін Абай ауданының екі сәулеткері жасап, өз жобаларын ұсынған. Оның бірі – Жарма ауданында Зере анамыздың ескерткішінің жобасын жасаған Ертіс Татиев болса, екіншісі – Алматы қаласында «Д.Қонаев» қола бюстін жасаған Нұрбол Қалиев болды. Еңселі ескерткішті тұрғызуға саржалдық сәулетші Нұрбол Қалиевтің мүсін жобасы ақсақалдар алқасы тарапынан қолдау тапқан. Нұрбол Қалиев 2014 жылы Қазығұрт ауданында «Бабаларға тағзым» қола ескерткішін, 2014 жылы Алматы қаласында «Ахмет Жұбанов» қола бюстін, 2016 жылы Алматы қаласында «Александр Селезнев» қола бюстін орнатқан.

  - Ескерткіштің биіктігі 3,5 метр, астыңғы тұғырының ені 2,8 метр, биіктігі 2,7 метр, ал аумағы 600 шаршы метр болады. Ескерткіш Қарауыл ауылындағы Ералы – Шәкәрім көшелерінің қиылысында орнатылады, - дейді Абай ауданының сәулет бөлімінің басшысы Нұрлыбек Шалтабанов.

  Аудан әкімі ескерткіштің Құнанбай қажының отырған қалпында қоладан құйылатындығын айтқан еді.

  Бұған дейін жергілікті халықтың, кәсіпкерлердің қолдауымен Кеңгірбай бидің, Әнет бабаның, Мамай батырдың, Шәкәрім қажының ескерткіштері орнатылған.

 

Қымбат Слямбеков

«Алдаспан» газеті, №21, 25.05.2017ж.

 

«АБАЙ» 

   «Абай» стансасы Абай көшесі мен Фурманов көшесінің қиылысында орналасқан. Бұл станса ұлы ақын атымен айшықталғаны жұртшылыққа мәлім. Платформадағы Абайдың бейнесі мрамор тақтаға қоламен бедерленіпті. Қобылан Құдайбергенов мраморға қоланы  қондыру әдісі елімізде иұңғыш рет метроны әрлеу кезінде қолданылғанын айтты. Сондай-ақ, панноға үңілген адам кемеңгер ақынның қара сөздерінен үзінді оқып, тағылым түйеді. «Абай» стансасын әрлеуде шеберлер металл мен ақшанқан мраморға басымдық берген екен. Ал еденнің беті геометриялық кескіндемелермен көмкерілген. Абай – ағартушы болғандықтан, ұлы ақынымыздың атымен аталған станса ақ түсті баспалдақтармен текшеленген, мұны да бір ерекшілік деп біліңіз. 

 

Сапарбай Парманқұлов

"Егемен Қазақстан" тілшісі, арнайы

"Алматы-ақшамы" үшін

13.06.2017жыл №69 (5418)

 

 

Төкен Ибрагимов: АБАЙ – НАҒЫЗ МҰҢДЫ ЖАЛҒЫЗДЫҢ ӨЗІ...

 

Төкен ИБРАГИМОВ, әдебиетші ғалым, абайтанушы:

– Біз әдетте Абаймен мақтанамыз, «кемеңгер ақынымыз», «ұлы ойшы­лымыз» дейміз. Бірақ мақтану бір бө­лек те, бағасына жету бір бөлек. Осы тұрғыдан алғанда, Абайды қан­ша­лықты тани алдық?

– Шынымен де, екінің бірінің айтатыны – Абай. Кейде тіпті «Алла» дегеннен де «Абай» деген күштірек сияқты сезіледі. Ой­лап қарасаң, Абай әлемі ерекше терең, көп қыртысты, қатпары мол, ойының өзегі өз­геше, қат-қат. Біз бірақ кейде соны се­зінбей, сөздің сыралғысы ретінде айтамыз, Абайды әңгімеге қоссақ, сөзіміз дәмді бо­­латын сияқты көрінеді. «Абайтану» де­­ген­де де, жұрт Абайды зерттеліп бол­ғандай, ол туралы бәрі айтылып біткендей көреді. Алайда әр кезеңде де абай­та­ну­шының, оған ден қоюшының алдында тың сұрақ­тар тұрады. Сондықтан да «Абайды то­лық­тай танып болдық» деу – артықтау. Өйт­кені абайтану әр кезең сайын жаңа қыр­лар­ды алдыға тартады, демек, бұл – қазір жа­ңадан басталып жатқан күрделі про­цесс. Абайды, Абай әлемін тану, оның әр сө­зін, ой аста­рын­да жатқан әрбір ұғым­дар­­­ды, құ­бы­лыстарды тану көптеген жаңа дү­ниелерді алдыға тартып отырған жайы бар. Абайды өзінің айналасынсыз, орта­сын­сыз, өзінің алды мен өзінен кейінгі­лер­сіз қарастыру дұрыс болмаған болар еді. Мысалы, Абай шәкірттерін, Абай ортасын игермей, зерттемей, Абайды то­лық­тай тану мүмкін емес. Мысалы, Шә­кәрім әле­мін­дегі Абай­ды танымай, Абай­ды тану толық бола ал­майды деп ойлай­мын. Сол сияқты, Көк­бай­дағы Абай, Ақыл­байдағы, Ма­ғауия­дағы, Уайстағы Абай, Абайдың со­ларға ықпалы, сол әсер­ден туған жаңа ұғым, та­ным деген нәрсе тың тұрғыда, жан-жақты ойлануды талап етеді. Де­ген­мен біз бұған әлі де терең бойлай алған жоқ­пыз.

– Сіздіңше, абайтанудың күрделі бо­лу себебі неден?

– Бұл мәселенің күрделі болу себебі Абай­дың өз әлемінің күрделілігімен бай­ла­­нысты. Өйткені әлемдік озық ойлар Абай ойынан, өлеңінен көрініс тапқан. Абай әлемі – батыстық, шығыстық озық әде­­биет­­тің, өнердің, ойшылдықтың қат-қат сыр­­ларымен суарылған әлем, сонымен қа­­лыптасқан, көмкерілген дүние. Оны та­нып-білу, әрине, оңайға соқпайды.

– Ал Абайдың ақын, адам, тұлға ре­тінде қалыптасуының түп тамырын қайдан, неден іздеген жөн?

– Ең бірінші, кез келген тұлға өзінің та­биғи жаратылысымен, болмысымен ерек­ше. Сонымен бірге оның бүкіл білімімен, жи­ған нәрімен, дүниетанымымен астаса оты­рып туған дүниесі, әрине, оңай бол­майды. Өзіңіз білесіз, Абай ақын да, жа­зу­шы да, ағартушы да, қайраткер де болды. Бірақ оның бірде-бір қызметі шы­ғар­ма­шы­лығына кедергі болған жоқ, қайта да­мыт­ты, танымын ұлғайтты. Қайшылық – Абайда емес, қоғамда болды. Абайдың ең ұлы дүниесі – адамды тануға ұмтылуы, адам­ның санасындағы, ұғымындағы қай­шы­лықтармен күресуі болды. Мысалы, «Мың­мен жалғыз алыстым, кінә қойма» дейді. Осындағы «мың» дегенді жұрттар: «Ораз­бай сияқты бай-шонжарлар, зор­лық­­шылдар мен өктем күштер» деп ой­лай­­ды. Алайда олар – тек бір жағы ғана. Шын­­­дығында, бұл – адам табиғатына тән мың мін, толып жатқан кемшілік. Былайша айт­қанда, адамның болашағына зиянын ти­гізетін, дүниетанымын тұсайтын түрлі олқылықтар мен жетімсіздіктер.

– Абайдың өзі сол адами кем­ші­лік­тер мен міндерден ада әрі биік бола алды ма?

– Біздің Абайды «құдай» деп қарауға қа­қымыз жоқ. Олай болатын болса, Абай­да да пенделік бар. Бірақ пенделікті тек қана кемшілік деп кім айтты? Олай болуы мүмкін емес қой.

– Абайдың өмірі қаншалықты мұңсыз болды деп ойлайсыз?

– Абайдың тұла бойы – тұнып тұрған мұң. Әсілі, адамзаттың ойын дұрыстыққа, ізгі­лікке, жаңа бағытқа бастаймын деп, мың мінмен, кемшіліктермен алысып жүр­ген адам қалай мұңсыз болады? Өлеңдерін қарап отырсаң да, Абайдың ерекше бір риза болған, «болып-толдым» деген сәт­тері өте сирек, тіпті жоқ. Титтей кемшіліктің өзін көріп, біліп, танып, аяусыз сынға ала­ды. Ұстараның жүзімен, қандауыр тілмен, қара қанын ағызып тұрып, адамның са­на­сын содан тазартып отырғысы келеді. Бұл жағынан алғанда, Абай – нағыз мұңды жал­­ғыздың өзі.

– Ал, жеке өмірі тұрғысынан алған­да ше?

– Отбасылық мәселеге келгенде, Абай кез келген ата арман ететіндей жақсы ұл­дар­­дың әкесі болды. Мейлі Ақылбай, мей­лі Әбдірахман, мейлі Мағауия болсын, қай-қайсысы да бір-бір тұлға болатын. Тек солардың дүниеден жастай өтуі, өмірінің қысқа болуы Абайдың қабырғасын ерек­ше қайыстырып кетті. Ақынның жарлары да – аяулы аналар. Бірақ олар да кем­ші­лік­тен ада емес. Мысалы, Абайдың: «Жақ­сы ай­ғыр­да бие жоқ ат туарлық» деген сөзі бар. Мұны «жылқы» ұғымында ғана түсінбеу ке­рек, ұрпақ мәселесі ретінде қа­раған аб­зал.

– Өзіңіз айтқандай, Абай ұлда­ры­ның әрқайсысы өзінше бір тұлға бол­ды. Бірақ қандай жағдайда да, «әке – ба­­лаға сыншы» ғой. Мысалы, бала­ла­ры Абайдың көңілінен шыға алды ма?

– Әрине, балаларының бәріне де Абай­дың көңілі толды. Бірақ ақынның пер­­зент­терінен күткен арманы түгелдей орындала бер­ген жоқ. Кейбір міндерін ашық айтты да. Мысалы, «Ата-анаға көз қуаныш» атты өле­ңінде аса талантты ақпа ақын, әнші, күйші Ақылбайдың өзіне мін тағады. Алай­да мұнда тек Ақылбайды ғана сынап отыр­ған жоқ, атаның балаға артар жүгі, үміті турасында сөз қозғап, бү­кіл ұл атаулыға салмақ салып отыр.

– Ал Абайдың дінге көзқарасы, діни ұстанымы туралы не ойлайсыз? Бұл ба­ғыттағы ұстанымы ақынның шы­­ғар­машылығынан қаншалықты көрініс тапты?

– Абай – үлкен дінтанытушы. Бірақ «дін таныту» дегенді біз көп ретте ұға бер­мейміз. Мысалы, дін дегеніміз – сенім. «Ал­­ла» дейміз, «құдай» дейміз. Абай сө­зінде мұның бәрі бар. Дүниеге көзқарас, уа­қыт, мұсылмандық шарттары, сонымен бай­ланысты ақынның өзіндік ойы айты­ла­ды. Тіпті бір өлеңінде «Алла деген сөз же­ңіл, Аллаға ауыз жол емес. Ынталы жүрек, шын көңіл, Өзгесі Хаққа қол емес» дейді. Қалай дәл айтылған! Расымен де, кейде жай ғана «Алла» деп айта саламыз, еш­қан­дай сезіміміз, жүрегіміз қосылмайды. «Ауызша» деген сол ғой. Ал шын пейі­лің­мен, жан-жүрегіңмен сезініп, ұғынып ба­рып айтсаң, сенсең, сонда ғана жаңағы «Алла» дегенің Хақ болады, яғни бұл жү­рек­тен шығуы тиіс. Абайдың Алла, Тәңір ту­ралы ерекше сөз қозғайтын тұсы – Әб­дірахманның ауруымен байланысты. Бірақ бұл баласы үшін күйінген әкенің сөзі ғана емес, мұнда терең көзқарас бар. Тағы бір өле­ңін алып қарайық:

_Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй

«бауырым» деп,

Және Хақ жолы осы деп әділетті,_ – дейді. Қарап тұрсаңыз, осында үлкен қай­шы­лық жатыр. Өйткені дінге салсаң, адам­зат­тың бәрін жақсы көру шарт емес. Тіпті дін жолымен кәпір атаулыға майдан ашып, өлтіруге, қырып-жоюға болады. Ал Абай болса, «адамзаттың бәрін «бауырым!» деп сүй» дейді. Неткен үлкен жүрек! Менің бі­луім­ше, мұндай ойды тіпті Сократ та, Пла­тон да, Аристотель де айтпаған, бұл – Абай­дың ғана аузынан шыққан сөз. Және мұны түсіну – өте күрделі дүние. Мысалы, «адамзаттың бәрін сүй» дей салса да бо­лады ғой. Абай «бауырым деп сүй» дейді. Осы «бауырым» деген нәрсе – әлемдік ой­ға Абай әкелген үлкен жаңалық. Енді 37-ші қара сөзге барыңыз: «Әкесінің баласы – адам­ның дұшпаны, Адамның баласы – бауырың». Бұл – адам танудағы өте тың нәрсе. Шынымен де, әкеңіздің ғана бала­сы болсаңыз, бүкіл дүниені, бүкіл жақсы­лықты әкеңізге тартар едіңіз. Сондықтан да әкенің ғана емес, адамның баласы болу деген – өте абыройлы, жауап­ты парыз.

– Демек, бұдан «Абай кез келген нәр­­сеге философиялық тұрғыдан қа­ра­ды» деген ой туады ғой...

– Бір анығы, Абай кез келген нәрсеге үл­кен мән берген. Бұл – Сократ пен Пла­тон­­нан болмаса Аристотельден Абай озып кетті деген сөз емес, Абайдың әлемдік ой­ға ой қосып, ұлылармен терезесі тең тұр­ғандығының айқын дәлелі.

– Сонда әдебиетші ғалымдарымыз Абай ойының осындай қырларына, ерекшелігіне онша бойламай жүр деп ойлайсыз ба?

– Сөз жоқ, Абайды тану жаңа басталды. Бұған дейін көбінесе ақын өлеңдерін тек мазмұндық, көркемдік жағынан, кезеңдік та­лаптарға орай түсіндіріп келдік. Одан те­ре­ңірек талдауға, салмақтауға ғалым­да­ры­мыздың енжарлығы, керек болатын болса, өресі жетпей жүр. Мына бір өлеңін қараңыз: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Мы­салы, ыстық қайрат арқылы Мұзды мұ­­хит­­тың мұзын ерітуіміз керек, ол үшін қару керек, ол қару – ақыл. Онда да ол нұрлы ақыл болуы қажет. Өйткені кейде жауыз да дана болып келеді. Енді осының бәрі – қайрат та, ақыл да кімге қызмет етуі керек? Адам­ға. Ал күллі игілікті адамның пай­да­сы­на, онда да сүйіспеншілікпен, ма­хаб­­бат­пен жұмсау үшін, пайдалану үшін жылы жү­рек қажет. Бұл деген ғажап емес пе!

– Мұншама ойшыл, мұншама дана Абайдың шығармашылықтан сырт, би­лікке араласуына не түрткі болды?

– Абайдың билікке араласуына себеп­кер болған,ең алдымен, әкесі Құнанбай. Бі­рақ ойлы, саналы адамдар қоғамның, адам­ның кемшілігін түзету, елді жарқын жолға бастап, жоқ-жітіктер мен әлсіздерге теңдік алып беру үшін, сөз жоқ, билікке ара­­ласады. Мысалы, сайлауға Шоқан да түс­кен, бірақ өтпей қалған. Ал Абай үш рет бо­лыс болған.

– Абайдың «Қазақты түзеймін де­ген адамға зор билік немесе мол дәу­лет керек» деген мағынада айтқан сөзі бар. Бұл жағынан алғанда, Абайда би­лік те, байлық та жеткілікті болды. Со­лай бола тұра, халқын жөнге сала алған жоқ. Керісінше, таяқ жеді. Мұны қалай түсінуге болады?

– Абайдың: _«Заманға жаман

күйлемек,

Замана оны илемек,

Заманды қай жан билемек?»_ – деген өлеңі бар ғой. Шынымен де, замана еш­кім­нің ырқына көнбейді, тоқтатуға кел­мей­ді, өз ағынымен зулап кете барады. Ал адамның өмір сүргісі келеді. Бірдеңе алып қалу үшін еркіне көнуге, жағынуға тура ке­леді. Былайша айтқанда, күйлейміз. Ал за­манада аяу жоқ. Пендені қалауынша илейді. Оған Абайдың көзі жетті де. Бірақ одан Абай ұтты. Заманның осылай екенін, би­л­іктің опасыздығын, екіұштылығын өлең­дерінде жетер жеріне жеткізе жазды.

Өкінішке қарай, осының бәрін талдап, таразылап жүрген зерттеуші жоқтың қасы. Мысалы, Абай ойларының шәкірттері та­ра­пынан жалғасуы қалай? Бұл ретте, Көк­бай:

_Заманды түзетпейді ешкім билеп,

Әркімнің екі қолы ішіне имек.

Ғаламға ақыл патша болған күні,

Теп-тегіс адамзатқа есе тимек,_ – дейді. Яғни Көкбай «заманды да түзетуге болады. Ол үшін ақыл үстемдік етуі тиіс. Сол кезде адам­ның құшағы ашылады, ішке тарт­қыш­тық икем жазылады, әділдік орнайды» деген ой айтады. Бұдан Абай ойының шә­кірт танымы арқылы басқаша ұғым ие­ле­нуін көруге болады.

– Әңгімеңіздің басында «Абайдың ор­­тасын, айналасын жете зерт­те­ме­йін­­­ше, Абайды толық танып-білдік деу­­­ге болмайды» деген едіңіз. Осы орайда, Абай ойының, Абай рухының шәкірт­тері шығармашылығынан кө­рі­ніс бе­руін де ескеруіміз керек бол­ғаны ғой?

– Әлбетте. Бірақ біздің абай­тану­шы­ла­рымыз қазір бәрін тындырып тастағандай кейіпте. Шындығын айтқанда, біз қазір Әуезов жеткізген абайтанудың өзін әлі ұғып, игеріп болған жоқпыз. Сөйте оты­рып, қалай дамытамыз? Ал Әуезовтің Абай­ды уа­қыттың ығына қарай түсіндіруге, зерт­­теу­ге мәжбүр болғандығын ескерсек, бізге көп нәрсені қайта зерделеуге тура ке­леді. Мысалы, Әуезов бір еңбектерінде: «Абай жақ­сы байлар, момын байлар дей­ді. Он­дай байлар болушы ма еді? Олардың бәрі де Абайдың өзі арпалысып жүрген бо­лыс, билер, зорлықшылдар емес пе еді?» – дей­ді. Бұл жерде, әрине, Мұхаң Абайды сынап, кемшілігін ашып отырған жоқ, тап­тық құрылысқа әкелу үшін, еріксіз жазып отыр. Шын негізінде, Абайды ұққан бір адам болса, ол Мұхтар Әуезов болуы ке­рек. Ал Әуезовтің өзі бол­са, «мен ештеңе де біле қойған жоқпын, Абай, Абай, Абай ғана бәрін біледі» деп кеткен...

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен: Роза РАҚЫМҚЫЗЫ

 

 АБАЙ МУЗЕЙІ: ЭКСПОға – ЕРЕКШЕ ТАРТУ

  Жидебай макетіАбайдың мемлекеттік қорық-музейінің әкімшілігі үстіміздегі жылдың жаз айларында Елордамыз – Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі қонақтарына ерекше тарту әзірледі. Ол – Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі кешенінің көрмелік макеті.  

  Көрмелік макеттің ұзындығы –  2 метр 20 сантиметрді, ені  – 1 метрді, биіктігі - 50 сантиметрді құрайды. Ол негізінен белгілі сәулетші, ҚР Сәулетшілер Одағының мүшесі Бек Ибраевтің  «Абай-Шәкәрім» кесенелер кешені, үлгі-жобасы бойынша дайындалды. Макет авторлары – семейлік этнодизайнер Болат Кәрібаев пен сәулетші, Қазақстан Дизайнерлер Одағының мүшесі Архат Оразғалиев.

  Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейі кешенінің көрмелік макетінде Абайдың Жидебайдағы музей-үйі, «Абай-Шәкәрім» кесенесі, «Шәкәрімнің саятқорасы» экспозициялық көрмесі, «Зере-Ұлжан-Құдайберді» мазары, «Еркежан» зираты,  «Мешіт», «Еуразия кіндігі» тасбелгісі, «Құнанбай құдығы», «Поэзия» бағы, «Этноауыл», «Мәдени-тұрмыстық кешен» секілді бірнеше мәдени-әлеуметтік нысандар қамтылған. Ең бастысы, аталған тарихи ескерткіштер макетін ландшафтық-дизайндық тұрғыда безендіру үшін ұлы ақын Абайдың ата қонысы Жидебайдың қараған-бұтасы, ши-қамысы, құм-тасы, мысалы Әйгерім бұлағының қызыл тасы пайдаланылды. Сондай-ақ мұндағы мәдени-әлеуметтік нысандардың, соның ішінде амфитеатрдың макеттері айналасына электродиодты лампалар орнатылып, «Поэзия» бағы мен этноауылға жасыл ағаштар, әппақ киіз үйлер макеттері жасалып қойылды. Әсіресе, табиғат понарамасы, атап айтқанда Шыңғыстың сары даласы мен көгілдір аспаны әдемілігімен көз тартады, алыстан Кіші Орда тауының бір биігіндегі Кеңгірбай би кесенесі және Доғалаң, Шұнай таулары мұнартып көрініс береді. Мұның өзі макеттің дизайнын ерекшелеп, оның маңызы мен құндылығын арттыра түседі.

  Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі кешенінің кішірейтілген форматтағы бұл көрмелік макеті таяу арада Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің қонақтарына ұлылар мекенін таныстырып, еліміздің шығыс өңіріне шетел туристерін тартуға ықпалын тигізеді.

 

Мұратбек КЕНЕМОЛДИН,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі»

мемлекеттік қорық-музейі

 

АБАЙ МУЗЕЙІ: ҚҰНАНБАЙ ҚҰДЫҒЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛДІ

  Кунанбай кудыгы фотоҰлы Абайдың ата қонысы – Жидебайдағы таяуда қайта қалпына келтірілген Құнанбай құдығы осындағы данышпан ақынның музей-үйі, «Абай-Шәкәрім» кесенесі, «Шәкәрімнің саятқорасы» экспозициялық көрмесі, «Зере-Ұлжан-Құдайберді» мазары, «Еркежан» зираты,  «Еуразия кіндігі» тасбелгісі тәрізді және тағы басқа мәдени-тарихи ескерткіштер ансамблін толықтыра түсті.

  Кішік-Тобықты болысының старшыны Құнанбай Өскенбайұлы Жидебайға 1840 жылы келіп қоныстанған. Белгілі шежіреші, жазушы Бекен Исабаев «Жер кіндігі Жидебайдың атауы қайдан шыққан» («Ертіс өңірі», 23.03.2011 ж.) мақаласында: «Жалпы Шыңғыстауды толық иеленіп, қыстау салып, руларға жер бөлуді Кеңгірбай да, Өскенбай да емес, тікелей Құнанбай жүргізген. Бұл шамамен 1830 жылдан кейінгі кезеңде Құнекеңнің Шыңғыс елінің бірде болыс, бірде старшын аталып, билікші болған кезде жүргізілген», - дейді.

  Міне, осындай билік тізгіні қолға тиген уақытта Құнанбай Өскенбайұлы Жидебайдағы қыстауы жанынан бірнеше құдық қаздырған. Олардың іші Өртең тауының тасымен өрілген. Өкінішке қарай, кешегі кеңес өкіметі кезінде бұл құдықтар қараусыз қалып, көміліп қалған еді.

  1995 жылы ұлы ақынның әлемдік деңгейде аталып өткен 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Абайдың мемлекеттік қорық-музейі қызметкерлерінің қатысуымен сондай құдықтардың бірі қайта тазартылып, қалпына келтірілген болатын. Бірақ, ол да соңғы жылдары тасыған су астында қалып, музейге келушілердің көруі мүмкін болмайтын.

  Сондықтан қасиетті Жидебайдағы Құнанбай қаздырған тағы бір құдық қайта қалпына келтірілді. Бұл құдықтың айналасы темір шарбақпен қоршалып, жаяу жүргіншілер үшін бетон жол төселген. Бұған қоса құдықтың жерден жоғары ернеуі табиғи таспен қапталып, ағаш қақпақ орнатылып, ағаш шелегі бар салма қойылған.

  Құнанбай құдығы жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне енгізілген.

 

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

 қорық-музейінің баспасөз қызметі

тел.: 8 (7222) 52-28-83

 

АБАЙ (ИБРАҺИМ) ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ ӨМІРІ МЕН

 ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ ХРОНОЛОГИЯСЫ 

1845 жыл 23 тамыз – Абай Құнанбайұлы бұрынғы Семей губерниясына қарасты Шыңғыс болысы Сырт Қасқабұлақта Құнанбай Өскенбайұлының отбасында дүниеге келді.

1852-1855 жылдары – Абай ауыл медресесінде оқиды.

1855 жыл – Абайдың 10 жасында тұңғыш өлең жазған.

1855-1859 жылдары – Абай Құнанбайұлы Семей қаласындағы Ахмет Риза медресесінде оқиды.

1860 жылы – Абай Ділдә Түсіпқызына (Алшынбайдың немереқызы) (1843-1924) үйленеді.

1861 жылы – Абайдың тұңғыш баласы Ақылбай  (1861-1904) дүниеге келеді.

1862 жылы – Ділдәдән қызы Күлбадан (1862-1932) туған.

1865 жыл шілде айы – кезектен тыс болыстық сайлауда Күшік Тобықты болысына болыстыққа ағасы Құдайберді Құнанбаев, оған кандидат болып Абай сайланады.

1866 жылы сәуір айы – ағасы Құдайберді қайтыс болды.

1866 жылы – Құдайберді қайтыс болғаннан кейін Күшік Тобықты еліне болыстық қызмет атқарады. Осы жылы болыс болғандығын дәлелдейтін келесі архив деректері:

-       1866 жылы 11 маусым – Абай қол қойған Рапорт (архив дерегі: Омбы қаласына қазақ балаларын орысша оқыту үшін арнайы ашылған мектепке көпшілік ортасынан Баймұса Тәңірбердин деген баланы жіберу туралы).

-        1866 жылы 13 шілде – Абай Күшік Тобықты болысы ретінде «Дело об укочевании казахов рода Урус-Коржау Кучук Тобуклинской волости Куттукбаева и других в Байджигитовские волости» деген Рапорт жазған.

-        1866 жылы 29 қараша – Абай болыс ретінде Рапортқа қол қойған (архив дерегі: қазақ әйелі Кузенова жас баласымен Күшік Тобықты болысынан Миялы қыстағына көшкені туралы).

1866 жылы – Ділдәдән баласы Әкімбай (Хакімбай) (1866-1873) туады. 7 жасында қайтыс болған.

1866-1868 жылдары - Абай Күшік Тобықты болысының управителі болды.

1869 жылы – Абайдың оқымысты баласы Әбдірахман (1869-1895) дүниеге келді.

1870 жылы – Ділдәдән баласы Мағауия (1870-1904) туады.

1870 жылы – Абайдың інісі Халиолла (1849-1870) қайтыс болады

1871 жылы – Ділдәдән қызы Райхан (1871-1896) туған.

1872-1874 жылдары – Абай Күшік Тобықты болысына екінші рет болыс болды.

1873 жылы – әжесі Зере (1785-1873) дүние салады. Құнанбайдың ұйғаруымен Жидебай қыстауының қасына жерленген.

1874-75 жылдары – әкесі Құнанбай Өскенбайұлы (1804-1886) қажылық сапармен Меккеге барады.

1875 жылы – Абай Әйгерімге (шын есімі – Шүкіман) (1856-1919) үйленген.

 1876-1878 жылдары – Абай Қоңыр-Көкше еліне болыс болып сайланады.

1876 жылы – Қоңыр-Көкше елінің статистикалық мәлімдемелерін көрсетіп, болыс ретінде қол қойған.

1876 жылы 6 желтоқсан – Семей уезі болыстары орыс-түрік соғысына байланысты қазақ елін патша үкіметіне қаржылай көмек беруге, моральдық жағынан қолдау көрсетуге Үндеу жазған. Абай Қоңыр-Көкше елінің болысы ретінде қол қойған.

1876 жылы – Абай «ІІІ-ші разрядты кафтанмен» марапатталады.

1876 жылы 21 қыркүйек - Үзікбай Бөрібаевтың жалған арызымен Абайдың үстінен Семейдің ұлықтары тергеу ісін қозғайды.

1876 жылы – Әйгерімнен тұңғыш баласы Турағұл (1876-1934) дүниеге келеді.

1855-1881 жылдары – 9 өлең жазады (біреуі аударма).

1881 жылы – тұңғыш немересі Әубәкір (1881-1934) дүниеге келеді.

1883 жылы 27 сәуірде – Ү.Бөрібаев Абайға нақақтан жала жапқанын тергеуде мойындайды.

1884 жылы 27 тамызда – Семейдің уездік соты Маковецкий сегіз жылға созылған Абайдың «қылмысты» ісін қысқартады. Бұл істе Абайды ақтап 700 кісі куәлік берген. Ү.Бөрібаевтің арызымен басталған іс аяқталады, бірақ арыз жазушы заң бойынша жазаға тартылмай қалады.

1884 жылы – Әйгерімнен екінші баласы Мекайыл (1884-1931) дүниеге келеді.

1882-1885 жылдары – «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңдерін жазады және Лермонтовтан 2 аудармажасайды.

1885 жылы мамыр айы – Семей губерниясына қарасты бес ояздың би-болыстары, ел билеуші ақсақалдары бас қосқан Қарамола жәрмеңкесінде төтенше съезі өтеді. Осы съезде Абай төте би болып сайланады да, үш күн, үш түн Абай жазған қазақтың жаңа заң Ережесі (74 бап) қабылданады. Съезді Семейдің генерал-губернаторы, генерал Цеклинский басқарған. Бұл съезде Абай би емес, Шыңғыс болысының «Құрметті қазағы» ретінде шақырылған. Бұған аталған съезд қабылдаған Ереженің соңына жазылған тізімдегі Абайдың аты-жөні дәлел болады. «Құрметті қазақ» - жергілікті әкімшілік тарапынан ұсынылып, Дала генерал-губернаторы бекітетін атақ-дәреже.

1885 жылы 21 маусым –  Дала генерал-губернаторының канцеляриясын басқарушы В.Лосевский «О прекращении следствия над волостным управителем Кунанбаевым и Аюбаева и преданий суду киргиза Буробаева за ложный донос» деген баяндама жасайды.

1885 жылы шілде-тамыз айлары – Шыңғыс тауындағы Абай ауылына ақынның орыс досы, саяси жер аударылған Н.И.Долгополов келіп қайтады.

1885 жылы тамыз айы – Абай Н.И.Долгополов арқылы Семейдің өлкетану музейіне жәдігерлер тапсырады.

1886 жылы 4 мамыр – Семейдің статистикалық комитетіне, досы Михаэлистің ұсынуымен,  Абай мүше болып сайланады.

1886 жылы – Абайдың 17 өлең жазған жемісті жылы болады.

1886 жылы – әкесі Құнанбай Өскенбайұлы қайтыс болады.

1887 жылы – анасы Ұлжан (1810-1887) дүние салады.

1887 жылы – «Масғұт» поэмасын жазады.

1887 жылы 26 сәуір – Семей қаласының бастауыш білім қамқоршылар қоғамы ашылады. Осы қоғамға Абай мүше болып кіреді.

1887-1889 жылдары – Абай Құнанбайұлы31 өлең жазады.

1887-1889 жылдары – А.Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан 7 үзінді аударады және «Онегиннің өлердегі сөзі» атты өлеңін жазады.

1889 жылы – ақынның «Күлембайға», «Жаз» деген өлеңдері «Дала уалаяты» газетінде ақын Көкбайдың атымен  жарияланды. Бірінші өлеңін 1888 жылы Ақшатауда болыс сайлауында Күлембайды сынап жазған. Екінші өлеңі 1886 жылы  аулы Бақанас өзенінде қонып жатқанда жазған.

1890 жылы –9 өлең жазады.

1890 жылы – Абай аңшы мылтығымен марапатталады.

1891 жылы – Абай 9 өлең жазады

1892 жылы – інісі Оспан (1852-1892) қайтыс болады. Абай інісі Оспанға арнап «Жайнаған туың жығылмай», «Кешегі Оспан» атты өлеңдер жазған.

1892- 1893 жылдары – 11 өлең мен 6 аударма жасайды.

1893 жылы – Абай Құнанбайұлы 3 жылға болыстыққа сайланады.«Приказ Г. Военного Губернатора Семипалатинской области Сентября 11-го 1893 года №55. Утверждается в должности по выбору общества на трехлетие с 1893 по 1896 год. ІІІ. Чингизской, волостного Управителя – Ибрагим Кунанбаев, кандидата по нем – Азимбай Танырбердин...».

Турағұл естелігінен: «1893 жылы сайлауда, баяғы Оразбай мен Күнту тағы да бірі Бұғылыға, бірі Мұқырға шығып, қалған елді өзің ие болып қайырып алмасаң болмайды деп халық ақсақалдары менің әкемді болыстыққа сайлаған».

1894 жылы – 13 өлең жазады (2-і аударма).

1894 жылы – Абай Еркежан Ибаққызына (1858-1927) үйленеді.

1893-1894 жылдары – Семей қаласының бастауыш білім қамқоршылар қоғамына мүшелік жарна төлегені туралы архив дерегі сақталған. Абай мен балалары Ақылбай, Мағауия жарна төлеген. 

1895 жылы – Әйгерімнен үшінші баласы Ізкәйіл (Зікеш) (1895-1929) дүниеге келеді.

1895 жылы 15 қарашада – Абайдың білімді, талантты баласы Әбдірахман 27 жасында Алматыда қайтыс болады, сүйегі елге әкелініп Ақшоқыға жерленеді. Оның қайғысы ақынға қатты батады, егіліп көп өлең жазған.

1895 жылы –18 өлең жазады (оның ішінде 10-ы Әбдірахманға арналған, 2-і аударма).

1896 жылы – Абай балалары Ақылбай, Турағұлмен фотосуретте түседі.

1896 жылы – ақын 16 өлең жазады (4-і аударма).

1896 жылы – Мағауияға жазған хатысақталған.

1897 жылы – Абай 13 өлең жазады(4-і аударма).

1898 жылы – Көшбике деген жердегі Мұқыр болысын сайлауда Оразбай Аққұлы баласы Жігітек, Мырза-Жөкең ру басылары: Әзберген, Бейсенбі, Бұланбай, Әбендерді ұйымдастырып Абайдың өміріне қастық істейді. Бірақ Кәкітай, Уәйіс, Аппас деген жақын-дос адамдары ара түсіп қорғап қалады. Осыдан соң ақын өле-өлгенше ел жұмысына араласпайды да бұрынғы араздықпен өзіне қастық істеткен адамдарымен татуласады. Көбі ақынның кешірімін алады.

1898 жылы –ақын 26 өлең жазады (18-і аударма: 4-і Лермонтовтан, 14-і Крыловтан).

1890-1898 жылдар арлығында ұлы ақын Ғақлия - Қарасөздерін жазады.

1899 жылы –10 өлең жазады (оның 3-і аудармалар).

1900 жылы –4 өлең жазады ( 2-і Лермонтовтан аударма).

1900 жылы – Абай Сенатқа хат жазады, 5 ақпанда Петербургке жіберіледі

1900-1902 жылдары – Абай «Ескендір» поэмасын жазады.

1901 жылы – Әйгерімнен қызы Кенже (1901-1932) дүниеге келеді.

1901 жылы – Абай Құнанбайұлы 5 өлең жазады.

1902 жылы –«Тоты құс түсті көбелек», «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі асыл тас» - 3 өлең мен Лермонтовтан бір аударма жасайды.

1903 жылы 18 сәуірде – Семейдің соғыс губернаторы генерал Сухотиннің бұйрығымен Абайдың, Мағауия, Турағұлдың  үйлеріне тінту жүргізді.

1903 жылы – Абай балалары Мағауия, Турағұл; немерелері Әубәкір, Пәкизат; әйелі Еркежан және келіні Кәмәлиямен фотосуретте түседі.

1903 жылдың қыркүйек айы – Семей облысының Әскери Губернаторы генерал-майор Галкин «Секретно» деп Абай Құнанбайұлының өмір деректері мен қоғамдық қызметін көрсеткен хабарламаны Омбыдағы Дала Генерал Губернаторына жолдайды.

1903 жылы – атақты ғалым Семенов-Тяншанскийдің редакциясымен шыққан «Біздің Отанымыздың толық жаграфиялық баяны» деген орыс тіліндегі кітапта (204 бет) Абайдың аты жаңа әдебиеттің бастаушысы деп ерекше аталынды.

1903 жылы – «Жалын мен оттан жаралған» өлеңін жазады.

1882-1903 жылдар аралығында Абай «Масғұт» поэмасын жазады. «Әзім әңгімесі» поэмасының жазылған жылы белгісіз.

1904 жылы 14 мамырда - Абайдың зор үміт еткен екінші ұлы, ақын Мағауия қайтыс болады.

1904 жылы 23 маусымда – қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы Балашақпақта дүние салады. Қыстауы Жидебайда жерленген.

1904 жылы 3 тамызда – Абайдың ақын баласы Ақылбай Семейде қайтыс болады. Қыстауы Тышқанда жерленген.

Соңғы жылдары ақынның табылған өлеңдер саны – 8.

Дайындаған Абай қорық-музейінің

 ғылыми қызметкері М.Б.Мұхамедова 

 

ҰЛЫ АҚЫН МҰРАСЫНА АДАЛДЫҚ 

("Ана тілі" газеті  17 - 29 наурыз 2017 жыл)

  Рисунок1Төл әдебиетімізді әлемдік деңгейде мәшһүр еткен ұлы Абай тұлғасы  біртуар жыр жұлдызы Мұқағали ақынның жүрекжарды сөзін сәл өзгертіп айтсақ, туған қазағымыздың мәртебесін төрткүл дүниеге асырды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Абайдың жолын, істеген ісін біз халқымызға паш етуіміз керек» деген  ұлағатты сөзі сол ұлттық рухани биігімізді одан әрі асқақтата түсуді мегзесе керек. Осыған орай Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының директоры Болат ЖҮНІСБЕКОВПЕН сұхбат ақын аманатын арқалап отырған шаңырақтың бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы өрбіді. 

  – Ұлыларымызды ұлықтап, даналарымызды төрге оздыру халқымыздың мерейін үстем ететін дәстүр. Осы орайда сіз басқарып отырған ұлы Абайдың қорық-мұражайы алдында қандай міндеттер тұр?

  – Осыдан жиырма жыл бұрын ЮНЕСКО деңгейінде, халықаралық көлемде 150 жылдығы зор табыспен мерекеленген хакім Абайдың мерейтойы ел тарихы мен оның ұлы тұлғасына деген терең сүйіспеншіліктің айғағы.

  Алда Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы да алыс емес. Сондықтан ақынның «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының ұжымы алдағы мерейтойға лайықты әзірлікпен баруды басты мақсат тұтады. Жаһандану үрдісінің ығына небір алпауыт мемлекеттер жығылған заманда әрбір жыл мен айдың ғана емес, тіпті әрбір апта мен күннің де алар орны айрықша. Және де сол жауапкершілікті әрқайсымыздың сезініп отырғанымыз да шындық.

  Биыл Ибраһим Құнанбайұлын және туған қазағын әлемге әйгілеген кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің 120 жылдық мерейтойы аталып өтпек. Осыны ескере келе өткен жылдың соңында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшылығына «Астана – Защита» бағытындағы Тұлпар-Тальго жүрдек пойызын «Абай жолы» деп атауды ұсынған едік. Олар біздің өтінішімізді құп алып, еліміздің шығысына қатынайтын жолаушылар биылғы ақпан айынан бастап «Абай жолымен» сапарлайтын болды. Жақында бас мұражайда «Абай жолы: алашты паш еткен әлемге», «Шырайлы Шыңғыстау» көрме-экспозициялары ашылды.

  – Алаш жұртының рухани орталығының бірі ретінде өзге мекемелер мен ұйымдарды да ортақ іске жұмылдырып отыр екенсіздер. Бұл туралы не айтар едіңіз?
  – Иә, мұражай қызметінде республика өміріндегі айтулы оқиғаларға басымдық бере отырып, ғылым, білім орталықтарымен және қоғамдық институттармен өзара әріптестік байланыстар өрістей түсуде. Мәселен, соңғы бір-екі айда М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен, Еуразия ұлттық және Семей мемлекеттік университеттерімен, Мемлекеттік тілді дамыту қорымен жасалған келісімдер негізінде Семейдің мектеп оқушылары мен студенттері үшін Абайтану дәрістері музей қабырғасында оқытыла бастады. Өзімізде бар үштілді «Абай музейі» және АҚШ елшілігінің қолдауымен былтыр дүниеге келген екі тілді «визитАбайсемей» сайттарына қосымша биылғы қаңтар айынан бастап «Абай әлемі» сайтын оқырманға ұсынып отырмыз. Сол сияқты ғылым мен білім ордаларындағы өзара мүдделес әріптестермен бірлесе отырып М.Әуезовтің мерейтойына орай биыл екі халықаралық конференция өткізілетін болады. Бұған қоса Еуразия ұлттық университетінің белгілі алаштанушы ғалымдарымен кеңесе келе ашылған «Алаш арыстары – М.Әуезов» мұражайы ғимаратының екінші қабатымен қатар өзі ашылғаннан бері 20 жыл бос тұрған бірінші қабатында реэкспозиция жұмыстары басталды.
  – Жазда Астанада «ЭКСПО-2017» ха­лық­а­ра­лық көрмесі өтеді. Игілікті іске Абай қо­рық-мұражайы де үлес қосады дегенді естіп жатырмыз.
  – Халықаралық ЭКСПО көрмесінде ұлттық рух сарайына ұлы Абай айтпақшы, «тетігін тауып, бір кірпіш боп қалану» мақсатында жаһандық оқиғаға қатысушыларды Абайдың асыл мұрасымен таныстырудың жақсы мүмкіндігін мейлінше пайдалану көзделеді. Жан-жақты дайындық жұмыстарының алғашқы қарлығаштары ретінде шетелдік оқырмандар үшін ағылшын-орыс тілдерінде ашылған «визитАбайСемей» сайтымен қатар Абай өлеңдерінің қойын кітапшасы қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдерінде қонақтарға кәдесый ретінде әзірленді.
  Тегінде, кеше атқарылған, бүгін қолға алынған және ертеңге жоспарланған барша жұмыстың нәтижелі болуы Мәдениет министрлігінің талапшыл басшылығының және дұрыс бағыт-бағдар беруінің арқасы екені мәлім. Былтыр 21 сәуірде ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қорық-мұражайлардың туристік әлеуетін дамыту мәселесіне ерекше назар аударып, нақты міндеттер қойды. Бұдан былай реформалау ауқымында 2020 жылға дейін мұражайдың функцияларын мәдени-ағартушылық және имидж орталықтарына дейін кеңейту, сондай-ақ ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, тарихи ғылыммен, археологиямен, реставрациялаумен, өнертанумен, этнографиямен өзара қоян-қолтық іс-қимыл жасау талап етілуде.
  – Мұражайдағы «Абай арманы» экспозициясы Тәуелсіздік мұраттарын паш етуге арналғанын көрдік. Бұл идея несімен ұтымды?

  – Қарбалас жұмыстар көп, дегенмен қат-қабат шаруаның арасынан ең бастыларын бірінші кезекке қоя білудің маңызы ерекше. Мәселен, былтыр музейге келушілерге Тәуелсіздіктің 25 жылдығын арнаулы экспозиция арқылы зерделетуге баса көңіл бөлінді. Өздеріңіз білесіздер, Тәуелсіздік халқымыздың көптеген қаһарман перзенттерінің қол жетпес арманы болып қалды. Елбасының Абайдың 150 жылдық мерейтойында «Тағзым» кітабына жазған «Абай мұражайы құтты болсын! Абай арманы орындалып, халқымыз бақытқа жетсін!» деген ізгі тілегі жаңа экспозиция залының тақырыбын көрсетіп, оның мазмұнын ашып бергендей еді.

  «Абай арманы» залы былтыр 22 ақпанда Семейге келген республикалық «Мәңгілік ел» ­по­йызы мүшелерінің қатысуымен ашылды. Жаңа экспозиция Елбасының Абайды ардақ­тауға шақырған сөздерінен арна тартып, одан ­Қазақ­стан Конституциясын және Тәуелсіздіктің алтын бесігі – Алматыны ұлықтай келе, Абай жазып, 1885-ші жылы Қарамола съезінде бекітілген Ережеге назар аудартады.
Ұлы ақынның жүрегін сыздатқан «Қайран елім, қазағым!..» толғанысының терең сырын туған еліміздің бақыты жолында құрбан болған Әлихан Бөкейханның өмірі мен қызметі және елдік пен ерлік рухының қисынды жалғасы Желтоқсан көтерілісінің мән-маңызы арқылы пайымдатады. Былтыр жабылғанына ширек ғасыр болған Семей ядролық сынақ полигонының да данышпан ақын айтқан «өз қолынан ырқы кеткен» халық трагедиясы екенін деректі материалдармен көз алдымызға жайып салады.

  Мұражайға келушілер «Әлемге танылған Қазақстан» мен ертегідей Астанамыздың жүзеге асқан Абай арманының арқасы екенін де осы экспозициямен танысу барысында бағамдай түсіп, мәдениет, өнер мен спорттағы жеңістеріміздің тілеулесіне айналады. Халық ақыны Шәкір Әбеновтің «Ақ батасымен» басталған көрме мазмұнының Елбасының Абай еліне сапарлары және ақын мұражайына тартуларымен таразылануы да заңды болса керек.
  – Халыққа рухани нәр беретін Абай мұра­жа­йы­­­ның күнделікті атқарып отырған істері қандай?

  – Қолға алған істердің бәрі де халыққа бағытталуда. Мұражай ұжымы кемеңгер ақынның білімді де өнерпаз, «кеудесі сәулелі» ұрпақ туралы аталық аманатын басшылыққа алады. Кезінде хакім Абай оқыған Ахмет Риза мешіт-медресесінің соңғы жылдары бос тұрған мешіт бөлігінде «Абай» өнер мектебі өз есігін ашып, онда ақындық, мәнерлеп оқу, дойбы мен тоғызқұмалақ үйірмелері жұмыс жасауда. Мектептің тоғызқұмалақшылары облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпаздары ретінде таныла бастады.
Өткен жылы Ұлы Абайдың туған күні ­23 ­тамызда мұражайдың бас ғимаратының алдындағы сахнадан бала ақындар мен дана ақындар Абай өлеңдерін бір сағат бойы үздіксіз аспандатты. Бұл жерге былтыр көктемде бойлары 1 метрлік қырықтан астам шырша және Құнанбай қыстауы – Қарашоқыдан арнайы әкелінген оннан астам қайың отырғызылды. Қазір Зере әже мен Ұлжан ана рухтарына құрметтің айғағындай «Абай аналары» аллеясы желкілдеп өсіп келеді. Семейдегі Абай атын еншілеген бес шаңырақ бірлесіп дайындаған «Абай шаңырақтары шақырады!» салтанатында ақындар жырдан шашу шашып, алтыбақан жанында ән мен күй әуеледі.
  Өнер зерттеушілерінің айтуынша, Абайдың 30 әні мен 3 күйі бар екен. Соған орай бұрын бос тұрған тағы бір залда әйгілі композитор, академик А.Жұбановтың аманатына сай «Абайдың ән-күй мұрасы» экспозициясы ашылды. Бұған қоса мұражайдың сыйлықтар залының орнына Абай заманынан жеткен этнографиялық жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылды. Ал өнер қанатындағы Абай мұрасы әртүрлі ұлт суретшілерінің туындылары арқылы 1 наурыз – Алғыс күні паш етілді. Осы бастаманың жалғасы ретінде Абайдың туған күні қарсаңында мұражай қорындағы 600-ден астам суреттердің арасынан 100-ден астам ­туынды қойылған «Шыңғыстау» сурет галереясы да келушілердің көңілінен шығуда.
  Былтыр 100 жылдығы республика көле­мінде атап өтілген көрнекті абайтанушы Қайым Мұхамедхановқа арналған шаралар керуені Елордада жалғасты. Келушілер ҚР Ұлттық музейінде, С.Сейфуллин және «АЛЖИР» мұражайларында, Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасы мен Ә.Марғұлан атындағы №40 мектепте ашылған көрмелер арқылы Абайтанудың асқан білгірінің өмірімен және шығармашылығымен танысты.
Сондай-ақ «Абай» журналының арнаулы шығарылымы ақын туралы естеліктерге арналып, Астанада, Түркістан мен Атырауда «Ұлы дала елінің Ұлы ақыны» атты көрмелер ұйымдастырылды. Биылғы жылы «Абай жыр ақшамдары» республикалық поэзия кешін өткізу жоспарланып отыр. Ұлылардың мәңгілік мекені – Жидебайда «Қансонарда бүркітші шығады аңға…» тақырыбымен ұлттық аңшылық дәстүрін ұлықтау мақсатында «Қыран» федерациясы қоғамдық қорымен өзара келісім жасалды.
Біздің қызметіміздің басты бағыттарының бірі – ғылыми-зерттеу жұмыстарын табысты жүргізу. Ең алдымен, асыл мұраны көздің қара­шығындай сақтау керектігін басшылыққа ала отырып, қолжазбалар қоры қауіпсіз орынға көшіріліп, қайта жабдықталды. Былтырдан бастап музей жексенбі күні де есігін айқара ашып, экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімі келушілерді қарсы алуға қолайлы орын тапты. Осындай мүмкіндік тарихи тұлға – Кеңгірбай би рухына тағзым етушілер үшін де ескерілді, жер аяғы кеңісімен киелі жерде музей шырақшысы дұға бағыштап, Би-ата рухына лайық мұражай ашу қолға алынады.
  – Абайдың 150 жылдығы дүрілдеп өтті. Енді ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына даярлық барысы қалай?

  – Бұл бірінші кезекте назарда тұрған мәселе. Біз Мәдениет және спорт министрлігіндегі әріптестерімізбен ақылдаса отырып, бірнеше шараны бірінші кезекте қолға алдық. Біріншіден, кезінде Абай оқыған және қалаға келгенінде түсіп жүрген Ахмет Риза мешіт-медресесі және Ә.Молдабаев пен көпес Ершовтың үйлері, сондай-ақ 150 жылдыққа салынған күмбезді ғимараттар кіретін Бас мұражай кешеніне республикалық маңыздағы ескерткіш мәртебесін алу үшін тиісті жұмыс жасалуда. Осы мақсатқа қол жеткен күнде аталған тарихи ескерткіштер «Қазқайтажаңғырту» акционерлік қоғамының жоспарына кіріп, Абай қорық-мұражайында құрылыс және көріктендіру жұмыстарын дер кезінде әрі сапалы жүзеге асыруға қол жетеді. Абай мен Мұхтардың мұражай-үйлерінде 2015-жылы аталмыш кәсіпорын атқарған күрделі жөндеу жұмыстары соған дәлел. Осыған орай Абай мен Шәкәрім кесенелерінің жер тағанында былтыр күзде басталған құрылыс жұмыстары биыл көктемде одан әрі жалғасады.

  Сонымен қатар өткен жылы Семейдегі бас мұражай кешені мен Абай ауданындағы Жидебай, Бөрілі бөлімдері, сондай-ақ Ақшатаудағы Құнанбай әулетінің қорымында түбегейлі күрделі жөндеу мен абаттандыру жұмыстарын жүргізу мақсатында жобалау-сметалық құжаттар жасату үшін 41 млн. 574 мың теңгеге есептемелер әзірленген еді. Осы қаржы бөлінген күнде бұл Ұлы Абайдың асыл мұрасын көздің қарашығындай сақтап, оны халықаралық деңгейде лайықты насихаттауға сенімді негіз қалайды. Ойдан-ой қозғап, қолға алған қыруар істің қағазда қалмай, нақты жүзеге асуы перзенттік парыз ғана емес, міндетті қызметтік шаруа. Ал ақынның асыл мұрасына жанашыр ағайын, осыған тілекші болса, құба-құп.

Әңгімелескен 
Ғазиз ҚҰРМАШҰЛЫ

 

Болат Жүнісбеков,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық

 қорық-мұражайының директоры

 

 «АЛАШ ДЕСЕ, АБАЙ ДЕП ҚАРАЙДЫ АДАМ»  

("Ертіс өңірі" газеті 29.03.2017 жыл) 

  Төл әдебиетімізді әлемдік деңгейге мәшһүр еткен Ұлы Абай тұлғасы біртуар жыр жұлдызы Мұқағали ақынның жүрекжарды сөзін сәл өзгертіп айтсақ, туған қазағымыздың мәртебесін төрткүл дүниеге асырып, шоқтықтана түседі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлының «Абайдың жолын, істеген ісін біз халқымызға паш етуіміз керек» деген терең ұлағаты жүрегімізді ұлттық мақтаныш сезіміне бөлейді. Соған орай, осыдан жиырма жыл бұрын ЮНЕСКО деңгейінде, халықаралық көлемде 150 жылдығы зор табыспен мерекеленген хакім Абайдың мерейтойы ел тарихы мен оның ұлы тұлғасына деген терең сүйіспеншіліктің айғағы және біздің қызметіміздің айнымас Темірқазығы болып табылады.

Алда Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы да алыс емес. Сондықтан Ұлы ақынның «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің ұжымы ағымдағы жұмыстарды еңсере отырып, алдағы мерейтойға лайықты әзірлікпен баруды басты мақсат тұтады. Жаһандану үрдісінің ығына небір алпауыт мемлекеттер  жығылған заманда әрбір жыл мен айдың ғана емес, тіпті әрбір апта мен күннің де алар орны айрықша және сол жауапкершілікті жұмыста әрқайсымыздың сезініп  отырғанымыз да шындық. Осыған енді өткен, 2016-шы жылдың туған Қазақстанымыздың Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен атап өтілгенін, ал биыл Астанамызда «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылатынын айтсақ, иықтағы міндет жүгінің бұрынғыдан да салмақтырақ екені түсінікті.  

Ұлы Абайдың киелі шаңырағы – Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ұжымы үшін, сондай-ақ 2017-жыл – ұлы даланың ұлы перзенті – Ибраһим Құнанбайұлын және туған қазағын әлемге әйгілеген кемеңгер жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 120 жылдық  мерейтой жылы. Осыны ескере келе өткен жылдың соңында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшылығына «Астана – Защита» Тұлпар-Тальго жүрдек пойызын «Абай жолы» деп атауды ұсынған едік. Олар біздің өтінішімізді құп алып, еліміздің шығысына қатынайтын жолаушылар биылғы ақпан айынан бастап «Абай жолымен» сапарлайтын болды. Жақында бас мұражайда «Абай жолы: алашты паш ектен әлемге», «Шырайлы Шыңғыстау» көрме-экспозициялары ашылды.

  Сонымен музейдің биылғы жылғы жоспары республика өміріндегі айтулы оқиғаларға басымдық бере отырып жасалып, ғылым, білім орталықтары және қоғамдық институттармен өзара әріптестік байланыстар өрістей түсуде. Мәселен, соңғы бір-екі айда М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен, Еуразия Ұлттық және Семей мемлекеттік университеттерімен, Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорымен жасалған келісімдер негізінде Семейдің мектеп оқушыларымен қатар енді студенттері үшін де Абайтану дәрістері музей қабырғасында оқытыла бастады. Өзімізде бар үштілді «Абай музейі» және АҚШ елшілігінің  қолдауымен былтыр дүниеге келген екі тілді «визитАбайсемей» сайттарына қосымша биылғы  қаңтар айынан бастап, Абай өмірі мен шығармашылығына арналған  «Абай әлемі» сайтын оқырманға ұсынып отырмыз. Сол сияқты ғылым мен білім ордаларындағы өзара мүдделес әріптестер М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен, сондай-ақ Еуразия Ұлттық  және Шәкәрім атындағы Семей университеттерімен  бірлесе отырып М. Әуезовтің мерейтойына арнап, биыл екі халықаралық конференция өткізілетін болады. Бұған қоса Еуразия Ұлттық университетінің белгілі алаштанушы ғалымдарымен  кеңесе келе музейдің бір бөлімі –  Ұлы Абайдың алақанының табы қалған «Алаш  арыстары – М. Әуезов» мұражайы ғимаратының екінші қабатымен қатар өзі ашылғаннан бері, жиырма жыл бос тұрған бірінші қабатында басталған реэкспозиция жұмыстары былтыр жүргізілген ағымдағы жөндеудің қисынды қорытындысы дер едім.  

Ал, халықаралық ЭКСПО көрмесінде ұлттық рух сарайына, ұлы Абай айтпақшы, «тетігін тауып, бір кірпіш боп қалану» мақсатында жылдық жоспарымызда жаһандық оқиғаға қатысушыларды Абайдың асыл мұрасымен таныстырудың жақсы мүмкіндігін мейлінше пайдалану көзделеді. Жан-жақты дайындық жұмыстарының  алғашқы қарлығаштары ретінде шетелдік оқырмандар үшін ағылшын мен орыс тілдерінде ашылған  «визитАбайСемей» сайтымен қатар Абай өлеңдерінің қойын кітапшасы қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдерінде қонақтарға кәдесый ретінде әзірленді.    

  Тегінде, кеше атқарылған, бүгін қолға алынған және ертеңге жоспарланған барша жұмыстың нәтижелі болуы Мәдениет министрлігінің талапшыл басшылығы ғана емес, сауатты бағыт-бағдар беруінің арқасы екені мәлім. Былтыр, айталық,  21-ші сәуірде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде еліміздің мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қорық-мұражайлардың да туристік әлеуетін дамыту мәселесіне ерекше назар аударып, нақты міндеттер қойды. Бұдан былай реформалау ауқымында 2020 жылға дейін музейлердің функцияларын мәдени-ағартушылық және имидж орталықтарына шейін кеңейту, сондай-ақ ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, тарихи ғылыммен, археологиямен, реставрациялаумен, өнертанумен, этнографиямен өзара қоян-қолтық іс-қимыл жасау талап етіледі .

  Демек, күнделікті жұмыста қарбаластыққа жол бермей, қат-қабат шаруаның арасынан ең бастыларын бірінші кезекке қоя білудің маңызы ерекше. Мәселен, былтыр музейге келушілерге Тәуелсіздіктің 25 жылдығын арнаулы экспозиция арқылы зерделетуге баса көңіл бөлінді. Өздеріңіз білесіздер, Тәуелсіздік халқымыздың көптеген қаһарман перзенттерінің қол жетпес арманы болып қалды. Елбасының Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы күндерінде музейге тарту еткен  «Тағзым» кітабына жазған «Абай мұражайы құтты болсын! Абай арманы орындалып, халқымыз бақытқа жетсін!» деген ізгі тілегі жаңа экспозияция залының тақырыбын көрсетіп, оның мазмұнын ашып бергендей еді.

  Осылайша «Абай арманы» залы былтырғы 22-ші ақпанда Семейге келген республиклық «Мәңгілік ел» пойызы мүшелерінің қатысуымен ашылды. Жаңа экспозиция Елбасының Абайды ардақтауға шақырған сөздерінен арна тартып, одан әрі Тәуелсіздіктің алтын бесігі – Алматы мен Қазақстан Конституциясын ұлықтай келе, Абай жазып, 1885-ші жылы Қарамола съезінде бекітілген Ережеге назар аудартады.

  «Абай арманы» экспозициясы, сондай-ақ Ұлы ақынның жүрегін сыздатқан «Қайран елім, қазағым!..» толғанысының терең сырын туған еліміздің бақыты жолында құрбан  болған, былтыр 150 жылдығы атап өтілген Әлихан Бөкейханның өмірі мен қызметі және елдік пен ерлік рухының қисынды жалғасы, 30 жыл толған Желтоқсан көтерілісінің   мән-маңызы арқылы пайымдатады.  Былтыр көмейіне қорғасын құйылғанына ширек ғасыр болған Семей ядролық сынақ полигонының да данышпан ақын айтқан «өз қолынан ырқы кеткен» халық трагедиясы екенін  деректі материалдармен көз алдымызға жайып  салады.

  Музейге келушілер  «Әлемге танылған Қазақстан» мен ертегідей Астанамыздың жүзеге асқан Абай арманының арқасы екенін де осы экспозициямен танысу барысында бағамдай түсіп, мәдениет, өнер мен спорттағы жеңістеріміздің тілеулесіне айналады. Халық ақыны Шәкір Әбеновтің «Ақбатасымен» басталған көрме мазмұнының Елбасының Абай еліне сапарлары және ақын музейіне тартуларымен таразылануы да заңды болса керек.

  Музей ұжымы кемеңгер ақынның білімді де өнерпаз, «кеудесі сәулелі» ұрпақ туралы аталық аманатын басшылыққа ала отырып, кезінде хакім Абай оқыған Ахмет Риза мешіт-медресесінің соңғы жылдары бос тұрған мешіт бөлігінде «Абай» өнер мектебі өз есігін ашып, онда ақындық, мәнерлеп оқу, дойбы мен тоғызқұмалақ үйірмелері жұмыс жасауда. Мектептің тоғызқұмалақшылары  облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпаздары ретінде таныла бастады.

Өткен жылы Ұлы Абайдың туған күні – 23-ші тамызда музейдің бас ғимаратының алдындағы сахнадан бала ақындар мен дана ақындар Абай өлеңдерін бір сағат бойы үздіксіз аспандатты. Бұл жерге былтыр көктемде бойлары 1 метрлік қырықтан астам шырша және Құнанбай қыстауы–Қаршоқыдан арнайы әкелінген оннан астам қайың отырғызылып, қазір Зере әже мен Ұлжан ана рухтарына құрметтің айғағындай «Абай аналары» аллеясы желкілдеп өсіп келеді. Семейдегі Абай атын еншіліген бес шаңырақ бірлесіп дайындаған «Абай шаңырақтары шақырады!» салтанатында ақындар жырдан шашу шашып, алтыбақан жанында ән мен күй әуеледі.

 Өнер зерттеушілерінің айтуынша, Абайдың 30 әні мен 3 күйі бар екен. Соған орай бұрын бос тұрған тағы бір залда әйгілі композитор, академик Ахмет Жұбановтың аманатына сай «Абайдың ән-күй мұрасы» экспозициясы ашылды. Бұған қоса музейдің сыйлықтар залының орнына Абай заманынан жеткен этнографиялық жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылды. Ал, өнер қанатындағы Абай мұрасы әртүрлі ұлт суретшілерінің туындылары арқылы «1 наурыз –  Алғыс күні» паш етілді. Осы бастаманың жалғасы ретінде Абайдың туған күні қарсаңында музей қорындағы 600-ден астам суреттердің ішінен  іріктеп ала отырып 100-ден астам туынды қойылған «Шыңғыстау» сурет галереясы да келушілердің көңілінен шығуда. Онда Абай еліне арнайы шақырылған Қазақстан суретшілері симпозиумына қатысқан қылқалам шеберлерінің туындылары лайықты орын алды.

Былтыр 100 жылдығы республика көлемінде атап өтілген көрнекті абайтанушы Қайым Мұхамедхановқа арнап, ғалымның туған күні 5-ші қаңтарда тұсауы кесілген шаралар керуені оның өзі егемендігін зарыға күткен елінің Астанасында жалғасып, абайтанудың асқан білгірінің өмірімен және шығармашылығымен келушілер ҚР Ұлттық музейінде, С.Сейфуллин,  мен «АЛЖИР» мұражайларында, Еуразия Ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасы мен Ә. Марғұлан атындағы  40-шы мектепте ашылған көрмелер арқылы танысты.

  Сондай-ақ, «Абай» журналының арнаулы шығарылымы Абай туралы естеліктерге арналып, Астанада және Түркістан мен Атырауда «Ұлы дала елінің Ұлы ақыны» көрмелері ұйымдастырылды. Биылғы жылы «Абай жыр ақшамдары» республикалық поэзия кешін өткізу жоспарланып, ұлылардың мәңгілік мекені – Жидебайда «Қансонарда бүркітшы шығады аңға...» тақырыбымен ұлттық аңшылық дәстүрін ұлықтау мақсатында «Қыран» федерациясы қоғамдық қорымен (президенті Н.Өнербай)өзара келісім жасалды.

  Біздің қызметіміздің басты бағыттарының бірі – ғылыми-зерттеу жұмыстарын табысты жүргізу үшін, ең алдымен, асыл мұраны көздің қарашығындай сақтау керектігін басшылыққа ала отырып, қолжазбалар қоры мейлінше қолайлы әрі қауіпсіз орынға көшіріліп, қайта жабдықталды. Былтырдан бастап музей жексенбі күні де есігін айқара ашып, экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімі келушілерді қарсы алуға қолайлы орынға көшірілді. Жидебайдағы Қызмет көрсету орталығы тиісті мемлекеттік мекемелер арқылы кәсіпкерлерге конкурс негізінде жалға беріліп, қызмет сапасы жақсарды. Осындай мүмкіндік тарихи тұлға – Кеңгірбай би рухына тағзым етушілер үшін де ескерілді, жер аяғы кеңісімен киелі жерде музей шырақшысы дұға бағыштап, Би-ата рухына лайық мұражай ашу қолға алынады.

 Жұртшылықты елеңдетіп отырған Абайдың 175 жылдық мерейтойы да енді алыс емес. Сол себепті өзіміз құрамына кіретін Мәдениет және спорт министрлігіндегі әріптестерімізбен ақылдаса отырып, бірнеше мәселені бірінші кезекте қолға алдық. Біріншіден, кезінде Абай оқыған және қалаға келгенінде түсіп жүрген Ахмет Риза мешіт-медресесі және  Әнияр Молдабаев пен көпес Ершовтың үйлері, сондай-ақ 150 жылдыққа салынған күмбезді ғимараттар кіретін Бас мұражай кешеніне Республикалық маңыздағы ескерткіш мәртебесін алу үшін тиісті жұмыс жасалуда. Осы мақсатқа қол жеткен күнде аталған тарихи ескерткіштер «Қазқайтажаңғырту» акционерлік қоғамының жоспарына кіріп, Абай қорық-музейінде құрылыс және көріктендіру мен көгалдандыру жұмыстарын дер кезінде әрі сапалы жүзеге асыру мүмкін болады. Абай мен Мұхтардың мұражай-үйлерінде 2015-жылы аталмыш кәсіпорын  атқарған күрделі жөндеу жұмыстары соған дәлел. Осыған орай Абай мен Шәкәрім кесенелерінің жер тағанында былтыр күзде басталған құрылыс жұмыстары биыл көктемде одан әрі жалғасады.

  Сонымен қатар өткен жылы Семейдегі бас мұражай кешені мен Абай ауданындағы Жидебай, Бөрілі бөлімдері, сондай-ақ Ақшоқыдағы Құнанбай әулетінің қорымында жақын жылдары түбегейлі күрделі жөндеу мен абаттандыру жұмыстарын жүргізу мақсатында кәсіпорын бойынша құрылыс жұмыстарына тиісті мекемелер арқылы  жобалау-сметалық құжаттар жасату үшін 41 млн. 574 мың теңгеге есептемелер әзірленген еді. Осы қаржы биыл бюджетті нақтылау кезінде бізге бөлінген күнде, бұл - Ұлы Абайдың асыл мұрасын көздің қарашығындай сақтап, оны халықаралық деңгейде лайықты насихаттауға сенімді негіз қалайды.  Ойдан-ой қозғап, қолға алған қыруар істің қағазда қалмай, нақты жүзеге асуы перзенттік парыз ғана емес, міндетті қызметтік шаруа, ал ақынның асыл мұрасына жанашыр ағайын, осыған тілекші болса, құба-құп.

АҚЫЛБАЙ АБАЙҰЛЫ ҚҰНАНБАЕВ

(1861 – 1904)

  Ақылбай – Абайдың Ділдә деген бәйбішесінен 1861 жылы туған тұңғыш баласы. Ділдәдан Ақылбайдан басқа Әбдірахим (Әбіш), Мағауия деген балалары болған.

  Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғаным, өзінен бала болмағандықтан, Ақылбайды кішкене күнінен өз бауырына басады. Ақылбай туғанда Абайдың өзі де жас, жаңа отау иесі еді. Сөйтіп, Ақылбай жас күнінен Нұрғаным тәрбиесінде болып, Құнанбай баласы Құнанбайдың кенже тоқалының еркесі атанып өседі.

  Ақылбайды Нұрғаным жас басынан бетімен жіберіп, аса шолжың ерке бала етіп өсіреді. Ақылбайды тек 9-10 жас шамасында, Құнанбайдың указной молдасы атанған Ғабитханға оқуға береді. Ақылбай 4-5 жылдай молдадан оқу оқиды. Одан әрі оқымайды. Ақылбай бір жасынан бастап, Нұрғаным қолында өскендіктен және Абайдың 16 жасында туған баласы болғандықтан, өз әкесі Абайға туған баласы сияқты емес, ағайындас Ырғызбайдың бір мырзасы сияқты көрінеді.

  ...Құнанбай, өзі сияқты қарадан шығып «хан» болған, яғни аға сұлтан болған, өзімен теңдес Қисықтың Жұмақан деген баласының қызы Ізіқанға құда түсіп Ақылбайды үйлендірген.

  Үйленген соң, Ақылбайға енші бөліп беріп, Құнанбай бұл баласын да жеке бір ауыл етеді. Бұл кездердегі біраз жыл, Ақылбай сияқты Құнанбайдың жаңа отау көтерген мырзасының ауылы болып, сауық-сайранмен өтеді. Жасынан көрген тәрбиесі, ұшқан ұясы, Құнанбай аты Ақылбайды масаттандырады. Ақылбай жас күнінен талантты домбырашы, өлеңші де болады. Бірақ ол Құнанбай атағына, нағашыларының ата аруағына масаттанатын. Бұл кездердегі Ақылбай айтатын өлең сарыны:

          Нағашым ер Қазыбек әулие өткен,

          Фәниден уақыт жетіп о да кеткен,

          Сасқан жан жер шетінен бабам десе,

          Аруағы көз ашқанша келіп жеткен,

 – деген сияқты болатын. Ақылбайдың «Нағашым ер Қазыбек» дейтіні: Қаракесек, Қаздауысты Қазыбек би. Оның баласы Бекболат би, оның баласы Тіленші би, Тіленшінің баласы Алшымбай би, Алшымбайдың баласы Жүсіп. Жүсіптің қызы Ділдәдаға 1860 жылы Абай үйленген. Абайдың Ділдәдадан туған тұңғыш баласы Ақылбай.

  Ақылбайдың «Нағашым ер Қазыбек» - дейтіні сол. Сөйтіп Ақылбай Абай маңына да жақын тартып жуыңқырамай, сирек қатынасып жүреді. Сонымен қатар Ақылбай соншама ақ көңіл, алды-артын ойламайтын, аңқылдаған адам болады. Бір іске көңіл аударып, бет қойып беріліп кетсе, аса қабілетті де болады.

  Ақылбайдың жас күнінен әкесі Абайдан аулақ өскенін, оның ақ көңіл, аңқаулығын пайдаланып, Абай дұшпандары әке мен баланың арасына от жағып, зұлымдық айла жасап, екеуін мүлдем ажыратпақ та болған.

  Абай баласының осындай мінездеріне, жасынан көрген жағымсыз тәрбиесінен пайда болған әдеттеріне қатты кейіп, «Ата-анаға көз қуаныш» деген өлеңін (1890) жазады.

  Абайдың бұл өлеңі талпынбай жүрген талантты Ақылбайға үлкен ой салып, қатты толғантады. Бұл кезде Абай ауылы нағыз үлкен үлгілі мектепке айналған болатын. Ақылбай жігіт ағасы болып қалған кезі де еді.

  Енді бұдан былайғы Ақылбай өмірі Абай алдында ақын шәкірт болып, өзінің талантты інілеріне ақын аға, Ақыл аға атанып өтеді. Ақылбай аса шебер музыкант болады. Ол домбыра, гармонь, скрипкаға жүйрік мақтаулы өнерпаз болады.

  Құнанбай мырзасы атанып, «бұлғыннан ішік киіп» бұлғақтап өткізген мағынасыз өмірін Ақылбай қалжың-шыны аралас:

        «Бұлғыннан ішік кидім, кәмшат жаға,

        Сарп еттім дүниені білмей баға.

       Талай қыз «Ақылжан» деп тұрушы еді,

       Дейтұғын сұмдық шықты-ау: «Ақыл аға», -

деп кейін өлең етеді.

  Бұл өлеңнің арнаулы әні де болған.

  Ақылбай – Абай төңірегіндегі әр жақты талантты шәкірттерінің бірі. Ақылбайдың ақындығымен бірге ән шығаратын композиторлық өнері де болған.

  «Ақылбай сауықшыл әнші, скрипкашы болатын... Домбыраға қазақтың ескі күйлері: «Азамат қожа», «Бұлаң жігіт», «Бес төре», «Асыр қалша» деген күйлерді тартатын. Скрипкаға Абайдың әншісі атанған Мұқадан үйренген бірнеше түрлі орыс күйлерін тартатын. Дойбы ойынына Ақылбайды ұтатын адам бола қойған жоқ», - дейді Ақылбайдың замандасы Рақымжан Мамырқазов.

  Өз ойынан шығарған біз білетін екі әні бар. Біріншісі, «Ішік кидім бұлғыннан кәмшат жаға». Екіншісі, мынандай өлеңмен айтылады:

       Матай да алыс бірталай жер деген соң,

       Бір ән тауып Әлекем бер деген соң.

       Он минутта ойыма осы ән түсті,

       Қапаш-құпаш көңілді сермеген соң.

  Бұл кейінгі әнді Матай еліне, Абайдың бір баласы, Ақылбайдың інісі Тураштың қайнына күйеу жолдас болып барарында әнші Әлмағанбет: «Ақыл аға, бір жаңа ән тауып берші», - дегенде қолма-қол айтып берген әні екен.

  Ақылбайдың жастық, махаббат тақырыбын жазған көптеген өлеңдері болады. 1895 жылы Әбдірахим өліміне жазған жоқтау өлеңі болған. 1904 жылы інісі Мағауия қайтыс болғанда жазған жоқтауы сақталған.

  Ақылбайдың ақындық атын тарихта қалдырған оның поэмалары. Ақылбайда бізге мәлім ондай поэмалар үшеу. Ол: «Дағыстан» («Кәрі Жүсіп»), «Зұлыс», «Жаррах батыр».

  «Жаррах батыр» поэмасы бізге жетпеген. «Зұлыс» поэмасының басқы бір-екі бөлімі ғана сақталған. Бұл поэманың үзіндісі 1924 жылы «Сана» журналының 2-3 санында басылған. «Дағыстанның» («Кәрі Жүсіптің») үзіндісі 1918 жылы «Абай» журналының 5 санында жарияланған.

  Ақылбай жас кезінде төрт-бес жыл Құнанбай аулының молдасынан ескіше оқып хат танығаннан басқа, ұзап оқымаған. Абайдың үлгі-өнегесімен Ақылбай заманының саналы азаматы, әдебиетке шын берілген ақын болады. Абайдың әдебиет, өнер-білім жайындағы, адамгершілік, мәдениет жайындағы өсиеті Ақылбайдың дүниеге көзін ашады. Әсіресе, орыс мәдениетінен өнеге алуы, орыс әдебиетінен үлгі алып өсуі, ақындық талантына кең жол ашады. Ақылбай Абай өсиетін тыңдап қана емес, өз бетімен орыс ақындарын оқуға, терең түсініп ұғуға қолы жетеді. Пушкин мен Лермонтов Ақылбайдың сүйікті ақындары болады. Осындай ұлы ақындарды оқып, өнеге алған Ақылбай – қазақ әдебиетінде тұңғыш Кавказды жырлаған ақын.

  Ақылбай ұстазы Абайдың ақылымен тау халқының өмірінен «Дағыстан» («Кәрі Жүсіп»), Африкадағы зұлыстар жайынан «Зұлыс» сияқты тамаша романтикалы поэмалар жазып, қазақ әдебиетінде поэма жанрының жаңа түрін дамытқан, талантты мәдениетті ақын.

  Ақылбай әкесі Абаймен бірге 1893-1894 жылдар Семей қаласындағы бастауыш білім беру ісіне қамқорлық жасайтын Қоғамның толық мүшесі болады. Сөйтіп өз тұсында мәдени-ағарту ісіне де қатынасқаны байқалады.

  Ақын өмірінің соңғы жылдары ауыр қайғымен өтті. Әйелі қайтыс болады. 1895 жылы інісі Әбдірахим (Әбіш) қайтыс болады, 1904 жылы екінші інісі Мағауия қайтыс болады. Мағауияның соңынан көп кешікпей әкесі Абай қайтыс болады.

  Ақылбай Абай өлімінен қырық күннен соң, әкесінің қырқын берген күні, 1904 жылы 43 жасында Семей қаласында кенеттен қайтыс болған.

  Ақылбай бейіті Семей облысы, Абай ауданы, өз қыстауы – Тышқан бұлағының қасында.

  Ақылбайдан үш бала болған: Әлімқұл, Әубәкір және Исраил...

«Алаш мұрасы».

Қайым Мұхамедханов

көп томдық шығармалар жинағы

3 том, Алматы, «Алаш» 2005 

 

АБАЙ ҰРПАҒЫ ТҰРСЫНҒАЗЫДАЙ-АҚ БОЛАР!

Құлақтан кіріп, бойды алар… Жақсы ән мен тәтті күй.

  Ән... cезім мен мейірім, парыз бен парасат, намыс пен қайсар рух тұнған ғажайып әлем.

  Неткен құдірет! Әсем ән қалықтай жөнелгенде немесе шалқи төгілгенде сұлу сезім болмысыңды билеп, көңіліңді көкке самғатқандай. Осы сәт бесікке бөлеген нәрестедей, алаңсыз да тәтті күйде тербелесіз. «Сәби болғым келеді, сәби болғым...» Өмірге пәк көңіл, нәзік үмітпен қарап, тірлік думанында бейкүнә хәлде балқисыз.

  Тұрсынғазы Рахимов!

  Ол ұлан-байтақ елімізді аттылы-жаяу аралай жүріп, Ұлы Абай әндерін терең сүйіспеншілікпен әуелетті. Амангелді Жікенов пен Келденбай Өлмесеков секілді ән дүлдүлдерімен бірге Шәкәрім әндерінің алғашқы насихатшыларының бірі болды. Тұрсынғазының ән әлемі әрқашан мөлдір де жарқын, шуағы мол Күн сәулесіндей. Жүрегіңді мейірімге толтырып, айналаңа тап сондай ыстық мейірім, дархан жүрекпен қаратады.

  Сондай жарқын сәттерде менің ойыма сонау жастық шақта, ерке Ертістің бойында табысқан дарынды дос, ән төресі Тұрсынғазы оралады. Табиғаты таза, болмысы бөлек ән серісі Тұрсынғазы... жан-жүрегіңді ерекше баурап алып, жан-жағыңды құшағыңа сыйғызғандай ерекше сүйіспеншілікке бөлейтін Тұрсынғазы.

  Қанатты үш дарын иесіне шәкірт болғаны жайлы Т.Рахимов былайша еске алады: «Мен Жүсіпбек Елебековтің шәкірті болғаныма бақыттымын. Ол кісі үнемі айтатын, «сен сазгерлікпен айналысасың» - деп. Ол кісінің көрегендігі ме, мен он жылдан кейін ән шығара бастадым. «Сені асырайтын қара домбыраң» дейтін екінші ұстазым Есмұхан Обаев. Ол маған талай рөл беріп сахнаға шыңдады. Сахнаға шығу үшін де шеберлік керек. Үшінші ұстазым – композитор Теміржан Базарбаев. 1979 жылы алғаш әнім « Сәби болғым келедіні» жазғанда ақ батасын беріп, көп тәрбиелеген тәлімгерім еді…».

  Шіркін... ән әлемінде еркін қалықтаған және шабыттана шарықтаған Тұрсынғазыдай ән перілері барда мынау өмірдің кейбір кірбіңі мен түйткілдері мүлде естен шығады. Мөлдір де жарқын ғажайып әлем! Оның ән әлемі бізді «Дариға, домбырамды берші маған», «Отыздан асып барамын», «Мен сені сағынғанда», «Санаулы күн», «Нені12734136_504123589773771_1673640865482548061_n аңсаймын», «Я, жаратушы Аллам», «Қазағым-ай», «Аягөз ару», «Батыр баба - Қабанбай», «Ән атасы - Әміре» және Әсетке арналған «Сағынбасқа не шара», Жәнібек Кәрменовке сағыныштан туған «Ақбөкен», «Әнің қайда, Жәнібек» әндері болып тербейді.

  «Таңқаласың... Тұрсынғазылар тұрғанда кейбіреудің тамағын босқа кенеп, қанаттың тұқылындай шолақ қолтығын текке қаққаны сайраған бұл-бұлмен жарысқан сауысқанның шықылығындай шалалық қой. Қоймайды, бәрібір жазғандар, жанталасқандар, түсінбейді. Тұрсынғазының әні жалқы жаралып, дүйім жұртты дүр сілкіндіретін дара сезім және топта талай сыналған дүр сезім!» Сонау, 2006-шы жылы, осыдан он жыл бұрын жазған «У» атты романымда Тұрсынғазы досқа деген сағынышымды ақ қағазға осылай түсіргем екен. Бұл сөздердің менің ғана емес, барша өнерсүйер қауымның көңіліндегі көркем де ыстық лебіз екеніне дау бар ма!

  Кеше Семейдің ән дариясы тағы бір толқып-толқып кеткендей болып, жағалауына жырдан шашу шашты. Абай атындағы театрда Тұрсынғазы Рахимовтың «Қазағым-ай» атты республикалық 1-ші ән фестивалі бұлақтың мөлдір суындай, самалдың тәтті сырындай өнерді сағынып, шөліркеп қалған жұрттың көңілін шаттыққа толтырып, қуанышқа бөледі.

  Осылайша еліміздің әр қиырынан Тұрсынғазы достарына сағына жеткен ән жұлдыздары қазақтың дарынды әнші перзентін мейірім шуағына орап, әнсүйер қауымды ризашылыққа бөледі. Билік те өнерге деген құрметін паш етті: Тұрсынғазыға Қазақстанның Мәдениет және спорт министрінің алғыс хаты мен Қазақ хандығының 550 жылдық медалі табысталып, ол Семей қаласының Құрметті азаматы атанып, ат мініп, шапан киді.

  Тұрсынғазы Рахимовтың ән кеші өнердің бәйгесін қыздырып, бағын асырып, қазақтың дара туған өнерпаздарына деген сүйіспеншілігінің тамаша айғағына айналды. Өнер құдіретінің мәңгілік екеніне қалайша, қуанбассың! Ол өнердің бағын ашып, құдіретін жаятын да сол Тұрсынғазы секілді ән жұлдыздары. Дарынды перзенттерін аялай біліп, ардақ тұтатын дана да дархан мінез халқымыз. Тамаша ән кешінде осыған тағы да көз жеткізіп, ғажайып өнері мен өнерпаздары бар қазағымыздың бір іргелі жұрты – Семейдің ән сүйер қауымына іштей разы көңілмен алғысымызды жаудырдық.

  Мәңгілік асыл дәстүрлері бар дархан да дана, намысшыл да батыр, өнерлі де өршіл ұлы дала елінде бұлай болуы әбден! Ақ қағаздан ажырағым келмейді, қаламымды қолыма қыса түсемін. Ұлы Абай айтып кеткендей «...Көңілге түрлі ой салар; Әнді сүйсең, менше сүй».                          

 

                                                                                 Болат Жүнісбеков,

                                                                                 жазушы-журналист.