АБАЙДЫҢ "ЖИДЕБАЙ-БӨРІЛІ"

МЕМЛЕКЕТТІК ТАРИХИ-МӘДЕНИ

ЖӘНЕ ӘДЕБИ-МЕМОРИАЛДЫҚ

ҚОРЫҚ-МУЗЕЙІ

 

 

 

KZ RU EN

          Болат Жүнісбеков,

                         Абайдың «Жидебай-Бөрілі»

                                                 мемлекеттік қорық-музейінің директоры

 

 «Абай жолында» Ырғызбай табының Шыңғысқа зорлықпен қоныстанатын кезі есіңізде болар. Романның осы оқиғаға арналған «Қат-қабатта» бөлімінде Құнанбай  «Ырғызбайға да Шыңғыстай арқатірек пана керек» демекші, Ұлы ақын мұрасына да тап сондай жанашыр –

арқатірек қажет болатын.

АБАЙТАНУДЫҢ  АРҚАТІРЕГІ

М. О. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы мен «Абай Құнанбаев»

       монографиялық зерттеуіндегі Абай рухы

  Абайтанудың 128 жылдық (1889-2017жж.) даму тарихын ғалымдар үш кезеңге бөліп қарастырады: Абайтанудың М. Әуезовке дейінгі (1889-1934) кезеңі, Абайтанудың негізін салу жолындағы М. Әуезов дәуірі (1934-1961), М. Әуезовтен кейінгі кезең. Ұлы ақын мұрасын зерттеу кезеңдерінің Әуезов есімімен үкіленуі Абайтанудың арқатірегі, жанашыр панасы –ғұлама Мұхтар Омарханұлының тума таланты мен жанкешті қажыр-қайратына берілген лайықты баға. Хакім Абайдың бірегей биографы, басқа қыруар еңбегін былай қойғанда, Абай өмірі мен шығармашылығын зерттеу және «Абай жолы» эпопеясын жазу үшін Ұлы ақын өмірбаянын  төрт рет (1933, 1940, 1945, 1950) толықтырғаны мәлім. Абай шығармаларының бірінші толық жинағы да 1933 жылы М. О. Әуезовтің басшылығымен жарыққа шығады.

  Ұлы Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының асыл мұрасына деген терең сүйіспеншіліктің жарқын айғағы – Ұлы даланың тағы бір ұлы перзенті Әуезов Мұхтар Омарханұлының жасампаз шығармалары екені айдан анық. «...Қазақ әдебиетіне Абай кіргізген жаңалық көп, - деп атап көрсетеді ол. - Абай – қазақтағы суретті, сұлу сөздің атасы; терең сырлы, кең мағыналы кестелі өлеңнің атасы» деп, оқырман көзін ашып, көкірегіне сәуле түсіреді .

                            «Суретті, сұлу сөздің атасы»             

  Әуезов Мұхтар «Қорғансыздың күні», «Көксерек» әңгімелері және «Еңлік-Кебек», «Қаракөз» секілді алғашқы пьесаларынан бастап-ақ көркем әдебиетіміздің ізашар тұлғасының киелі сөз өнеріне деген терең талғамы мен кірпияз талабын темірқазық етіп ұстанады. Данышпан ақынның асыл мұрасын жан-тәнімен құлай сүйіп, оның ой-арманына ұлт ұстазының аманатындай ден қояды. Оқырман «Абай жолымен» ұлы ақын заманына сапар шеккенде, ал зерттеуші «Абай Құнанбаев» монографиясын зерделегенде ақынның өрнекті сөзі және өрелі ойымен Әуезов әлемінің рухани үндестік тауып, қабысып жатқанын көріп, тәнті боламыз.

Абай сөзімен Әуезов өз шығармаларының шырайын түрлеп, ұлы Хакімнің ой-толғамдарымен төл туындыларының мән-мағынасын байыта түседі. Ақын мұрасына аса сергек қарап, оны ел-жұртын өркениетке бастар шамшырақ деп біледі. Алтын тамырлы бәйтеректің мәуелей бұтақ жаюына кәнігі бағбандай қамқор болады. Абайға деген махаббаты арқылы туған елі мен жерінің болмыс-бітімі мен тыныс-тіршілігін мақтаныш сезіміммен паш етеді. Жауһар шығармалары арқылы туған елін сүйіспеншілік шуағына орап, алты алашты төл өнерінің сәулесімен нұрландыра түседі. Әуезов, тіпті, қызыл диктатураның қырағы бақылауында отырып та осынау, өмірлік басты миссиясы –  Ұлы ақын мен туған қазағын  әлемге таныстыру мен таныту жолында бір сөз айтса да перзенттік парызына әрқашан адал екені оқырманды разы етеді.

  Әуезов әлемінің қат-қабат қиырларына  ой жүгіртіп, тереңірек зерделей алсаңыз, осы айтылғандарға еш күмәніңіз қалмайды. Ал,  қаламгердің дауылдарға да қарамастан мұхит түбінен маржан сүзгендей жанкешті еңбегін түйсінбей, шалқар судың күн сәулесімен жарқылдап, көз қарықтырар бетін ғана қалқыр болсаңыз, онда амал қайсы!? Суреткердің «Абай жолында» да, ғұламаның «Абай Құнанбаев» монографиясында да тоталитарлық билік талабы – тап күресінің атойлап тұратыны рас. Ләкин, бұл жаңа айтқанымыздай, қазынаға толы сандықтың сыртқы бояуы мен бедеріне алданып, оның кілтін таппаған пұшайманның  хәлі.

  Олай болса, Абайды және ұлы даланың ұлы мұрасы арқылы қазақты, мынау данышпан даланы дүние жүзіне мәшһүр етіп, өркениет төріне оздырған Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы хақында «заман айтқызбады» немесе «мен жазсам басқаша жазар едім» деп бөстірмелетуге үндемей қалу ұят. Данышпандық шалығы тиген «шала Шолоховтардың» мұндай сандырағы жүрек айнытады. Бұл гректің көне замандардағы – өткір тілді ойшылы Эзоптың (400-ден астам мысал жазған) хикаясындағы түлкінің  ағаш басындағы етті ала алмай, «сасып кеткен екен» деп өзін-өзі алдағанындай күлкілі. Сыпайылап айтқанда ғана солай, әйтпесе ұлы суреткердің «Абай жолынан» - руханият жолынан адасып, ғұламаның басқан ізін «көмескілеу екен» деп күлбілтелеу – кешірілмес күнә. Мұндайларға біртуар Мағжан ақын «Асылды қолға түспес жасық деуші,/ Қолға түссе жасықты майдай жеуші» - деп сын садағын тартады.

  Шындығында алты Алаштың ғана емес, әлемнің Әуезовінің мақсат-мұраты тайға таңба басқандай айқын: ол – Ұлы Абай тұлғасын әлемге паш ету, ұлы даланың қазыналы құпиясы мен қасиетті сыр-сымбатын жарқырата жариялау арқылы астамсыған қып-қызыл саясаттың көзін ашып, асқақтағандардың кеудесін басу. Қазір  осыншалық кеңбайтақ жерді ұрпаққа жеткізген ата-бабаларымыздың дана әрі ерлік дәстүрлеріне тағзым жасап қана қою аздық етеді.  Жас ұрпақтың  қазағының қайсар да парасатты рухына сай болуы үшін өте көп еңбектенудің қажет екенін мойындауымыз керек. Аға буынды, әсіресе, арды емес, ақшаны әспеттеген 80-90 жылдардың «ұрланған ұрпағы» алаңдатcа керек. Кейбір жастардың киелі Абай – Шәкәрім кесенелерінің басына тағзым етуге барғандағы тасырақ мінез-құлқы жергілікті билік органдарын  мықтап ойлантуы тиіс.

  Ал, «толмаған Толстойларға» келсек, халқымыздың ғұлама перзенті шығармашылық еңбегінде билікпен уақытша уағдаластықты сақтай отырып, ең басты мәселе – Абай арманы мен Алаш мұратына келгенде заман ызғырынан ешқашан ыққан емес. Ол өзінің суреткерлік және зерттеушілік мақсатына жету жолында аса шебер шығармашылық амал-тәсілдерге бара отырып, утопиялық үкіметтің басын шырқ  айналдырады. Соның арқасында сәулелі оқырман заман ызғарын сезіне отырып та даланың шынайы өмірінен, ондағы кейіпкерлердің болмыс-бітімінен  титтей де адаспайды.

  Өзіңіз қараңызшы, замандасы Қаратайдың «Мырза – Құнанбай... Шешен – Құнанбай... Жақсы – Құнанбай» деп баға бергеніне тағы бір замандасы Байсалдың «Мырза Құнанбай екен, шешен Құнанбай екен, жақсы Құнанбай екен! Ендеше, не көкіп алысып жүрміз онымен?» деп ашынатынын білеміз. Сонда тағы да Қаратайдың  «Уай, тәйірі-ай, мен Құнанбайдың өзге жағынан мін тауып алысып жүрмін бе? Жалғыз-ақ, «не қылайыны» жоқ қой, сондықтан кетіп жүргем жоқ па?» - деген мойындауынан-ақ Құнанбайдың өз айналасынан шоқтығы әлдеқайда биік екенін көреміз. Ал, енді осыған айтылған жайға қатысты әке мен бала арасында өрбитін әңгімені қосайық: «Құнанбай... Жақсылық – кісінің айнымас табандылығында деп білемін. Соның түбінен мін шығатын кез де болатын шығар!.. Адам пенде ғой! Пенденің жоқ-жітігі толған ба?» - деді. Қияласа да өз мойнына кінә алып отыр. Бұл кезде Абайға әкесі жадағай көрінбеді. Кінәға, дауға жүйрік Байдалы сияқты емес. Ол шешендіктен гөрі басқарақ түкпірі бар жан сияқты. Оңай жан емес. Қабат-қабат шың сияқты». («Абай жолы», «Жазушы», 2002 .,1-кітап, 159, 161беттер).

  Жалпы, Құнанбай тұлғасының да романда оқшау тұрғаны, дара сомдалғаны кәміл: «Құнанбай... Үй ішінің қабағын әрқашан сергек, танығыш көзбен болжай қарайтын әдеті еді...Қазіргі бет ажарында қобалжу да жоқ. Өз ойын қинап, алаң еткен кісі емес... өмір бойында сараңдықтың құлы болған кісі емес. Бірақ ашылып-шашылғыш та емес. Парықсыз болмайын дейтін. Қарқаралыда қазақ салмаған мешіт салғызу сияқты іс болса, оған ақтарылып түсетін» (сонда, 2-кітап, 7-8 беттер).

  Ұлттар бостандығы мен еркіндігін қызыл диктатураның суқаны сүймейді. Тіпті, ұлттық аймақтардағы «таптық күрес» апиынымен уланған бишігештерін айтаққа қосып, еркін ой мен салауатты санаға қарсы айдап салғанына тарлан тарих куә. Өкінішке қарай, қасақана ашаршылық пен жаппай қуғын-сүргін зардабы тиген ұлт жадындағы үрей синдромының әлі де ұзақ сақталатын түрі бар. Тоталитарлық билік Абай есімін ғана емес, ұлт жадын өшіріп, рухын таптап тастауға қанша жанталасса да Әуезов талантының зор әлеуеті алдында еріксіз тізе бүкті. Бұдан соң сананы тәрік етіп, тұрмысқа кіріптарлыққа түскен биліктің жазушының сәулелі ой мен кемел қисынға құрылған қанатты шығармасының тұсауын кеспеске амалы да қалмаған.

     «Кең мағыналы, кестелі өлеңнің атасы»

  Рас, романда тап күресі шиеленісіп-ақ тұр. Алайда, біз іздейтін, бізді іздеп, сәуле шашпақ Абай және оның айналасы, отарлық езгінің қылбұрауы әбден сығымдай түскен шақтағы ел өмірі эпопеяда барша болмыс-бітімімен, сан түрлі бояуымен көз алдымызда бейбіт жайылып сала береді:

«Жаздыгүн шілде болғанда,/ Көкорай, шалғын, бәйшешек/ Ұзарып өсіп толғанда;/ Күркіреп жатқан өзенге/ Көшіп ауыл қонғанда;/ Шұрқырап жатқан жылқының/ Шалғыннан жоны қылтылдап,/Ат, айғырлар, биелер/ Бүйірі шығып ыңқылдап,/ Суда тұрып шыбындап,/ Құйрығымен шылпылдап,/ Арасында құлын-тай/ Айнала шауып бұлтылдап,/ Жоғары-төмен үйрек-қаз/ Ұшып тұрса сымпылдап,/ Қыз-келіншек үй тігер, Бұрала басып былқылдап, Ақ білегін сыбанып, Әзілдесіп сыңқылдып./

  Біз үзіндісін үкілей ұсынып отырған «Жаз» өлеңі 1889 жылғы «Дала уалаяты» газетінің 7-санында жарияланған. Өлеңнің басында: «Семей оязы, Шыңғыс елінің қазағы Ибраһим Құнанбай ауылының Бақанас өзенінде Көпбейіт деген жерге қонып жатқандағы түрі» - деп түсінік берілген. «1880 жылдан бастап, 1886 жылдарға шейін, - дейді Көкбай ақын,- Абай әрбір өлеңді жазып жүрді. Бірақ, бұл уақытта сөздерінің барлығын Көкбай сөздері деп жүргізді... сол күні «Жаздыгүн шілде болғанданы» жазған екен. Оқып берді. Өзі жазған сөзіне ең алғашқы рет аз да болса қанағат қылғанын көргенім осы» («Абай» журналы, №2 – 2016 ж).

Сонымен қазақтың жазба әдебиетінің қарлығаштары «Жаз», бұдан сәл ертерек «Қансонарда» (1882-1883 ж) өлеңдері қанат қақты. Құнанбайдың Ибраһимі үшінші мүшелден асты. Ол шығармашылық беті айқын, ұстанымы берік, тілі халық ауыз әдебиетінің қайнарынан суғарылған сөз зергері:

   «... Томағасын тартқанда бір қырымнан,/ Қыран құс көзі көріп самғағанда./ Төмен ұшсам, түлкі өрлеп құтылар деп,/ Қандыкөз қайқаң қағып шықса аспанға,/ Кере тұра қалады қашқан түлкі,/ Құтылмасын білген соң құр қашқанға./ Аузын ашып, қоқақтап, тісін қайрап,/ О да талас қылады шыбын жанға... »(«Қансонарда»,Шығармалары,»Жазушы», 2005 ж., 1-том, 42- бет).

  Осы орайда «Қансонарда» өлеңінде, - дейді Мұхтар Әуезов,- орыс халқының өмірінен, не орыстың классик поэзиясынан тұпа-тура ауысып келіп, араласып тұрған еш белгі, дерек жоқ. Бұндағы көретініміз, қазақ халқы мекен еткен қысы туралы, табиғат, бүркіт салуға салт атқа мініп шыққан анық қазақтың аңшылар тобы. Ермек үшін еңбек еткен ширақ, сергек, қажырлы әрекет үстіндегі адамдар. Көпшілік елдерде,  бұл замандарда қолданбайтын бүркіт аңшылығы суреттелген. Осы адам тобының мінездері, аңшылықтағы тәсіл-тәжірибелері, әр алуан динамикалық кесек әрекеттері, толып жатқан машық-мерзімі тұтас қазақтың өзіне тән тіршілігі боп шығады... Бұнда натуралдық үлгіде екі жайды: «ананы көр де, мынаны көр» деп ұқсата салу жоқ. Табиғатты, түлкі мен бүркітті түгел қосып, бір бейне етіп, ақ етті сұлудың динамикалық әрекетіне ұқсатуда көп ассоциация туғызатын терең де кең метафора танылады. Шын шебер реалистің ғана қаламына оралатын өзгеше үлгі»  (М.Әуезов. «Абай Құнанбаев», «Санат», 1995 ж, 100,103 бетттер).

Суреттеуде әлі ешкім жете алмаған аттың сыны (1886 ж.) мен өлең сөзге қояр талабы (1887 ж.) осы жылдардың еншісінде (1886-1887ж.):

 «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,/ Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ,/ Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,/ Ой желке, үңірейген болса сағақ.../».

Одан әрі: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,/ Қиыннан қиыстырар ер данасы./ Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,/ Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы».  

«Абай жолындағы» кестелі өлеңге тамсана отырып, Ұлы ақынның  сұлуды суреттеген сөздері құлағымызда жаңғырығады:

 «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,/ Аласы аз қара көзі нұр жайнайды. Жіңішке қара қасы сызып қойған,/ Бір жаңа ұқсатамын туған айды./

   Киіз үйдің толық жабылмаған сықырлауығынан сығалағандай хәлдегі оқырман көзіне жер үстел жанындағы Абай бейнесі оттай басылады. Бұл ақынның қырықтың қырқасына енді көтерілген, отыздан астам өлең жазып, өзі «Арғын, Найман жиылса,/  Таңырқаған сөзіме» демекші, есімі  алты алашқа таралған шағы. Ұлы даланың Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса секілді сал-серілерімен білісіп, олардың ақын өнерін ризашылықпен мойындаған шағы.

  «Абай келгеннен бері Тоғжан үлкен ағасы Асылбектің отауынан осы үйге бірнеше рет келіп кетті... аппақ жүзді, қырлы мұрын, қара көз қыздың жіп-жіңішке қасы да айдай боп қиылып тұр. Қарлығаш қанатының ұшындай үп-үшкір боп, самайға қарай тартылған қас жүрекке шабар жендеттің жебесіндей» («Абай жолы», Алматы, «Жазушы», 2002 ж, 1-кітап, 141- бет). Одан әрі: «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,/ Аласы аз қара көзі нұр жайнайды./ Жіңішке қара қасы сызып қойған,/ Бір жаңа ұқсатамын туған айды./Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,/ Ақша жүз алқызыл бет тіл байлайды./ Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі,/Сықылды қолмен тізген іш қайнайды./ Сөйлесе, сөзі әдепті әм мағыналы,/ Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды./ Жұп-жұмыр, ақ торғындай мойны бар,/Үлбіреген тамағын күн шалмайды./Тақтайдай жаурыны бар, иығы тік,/Екі алма кеудесінде қисаймайды./ Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес, Нәзік бел тал шыбықтай бұраңдайды./ Етіндей жас баланың білегі бар,/ Әжімсіз ақ саусағы іске ыңғайлы. Қолаң қара шашы бар жібек талды,/ Торғындай толқын ұрып, көз таңдайды». (Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы, 1-том, 44-бет).

  Хас арудың ажары Әуезовті «Абай жолында» арбап алғандай: «Көз алдында Тоғжанның аппақ жұмыр білегі жас баланың етіндей! Ақ торғындай мойны!.. Ақ етің аппақ екен атқан таңдай! (Сонда, 148-бет), «Абай дәл байқады ма, жоқ па? Бірақ шыға берген Тоғжанның аппақ жүзі қайтадан тағы бір рет, соңғы рет қою қызғылтпен ду ете түскендей көрінді. Және сонымен қатар жымия күлген ерні аппақ маржандай тістерін айқын көрсеткендей болды» (сонда, «Абай жолы», 149-бет).

                   «Сырты дүрдей, іші у мен өртке тола»

  Кеңес дәуірінде Ұлы  Абай мұрасы аяусыз бұрмаланды: данышпан ақынның еліне қарата айтқанымен, барша адам баласына арнаған, надандық пен қараңғылықты өткір сынаған өсиет сөздерін әспеттеген бола отырып қызыл билік қазақ ұлтын өзге жұрттан төмендетіп көрсетуге күш салды. Тіпті, қазақтан өткен қараңғы халық жоқтай, күллі адам баласына тән надандықты бетімізге басып, бізді мәдениетке бастап жеткізген, сөйтіп көсегемізді көгерткен Кеңестер Үкіметі дәріптелді. Дүние жүзіндегі ұлттар мен ұлыстардың өзара қанаттас тірлік кешіп, бірін-бірін толықтыра отырып өсіп-өркендейтіні есепке алынбады.

  Ал, роман-эпопеядағы жер мен жесір дауы секілді қазақ қоғамының трагедиясы сол кезеңнің ащы шындығы. Әлеуметтік теңсіздіктердің қазақты ғана емес, барша  адам баласын өкшелеп қалмай, жанға бататыны түсінікті. Жауһар романға жан жадырата ден қойып, ықылас танытсаңыз, қазақтың жерінің кәусар табиғаты, халқымыздың салт-дәстүрі мен тірлік үшін табанды күресі көз алдымызға келеді. Туған халқымыздың даналығы мен дархандығы, батырлығы мен мейірімділігі, әрине тіпті пендешілігі де таразыға салынады. Сондықтан «Абай жолы» роман-эпопеясы мен «Абай Құнанбаев» монографиясы Әуезовтің, тағы да қайталаймыз, Ұлы тұлғаға және туған елге деген ерекше махаббатының бір парасы ғана. Олар сонымен қатар қаламгердің тірлікке жат ұстаныммен жер астынан жік шығарған қияли қоғамға қарсы кемеңгер әрі қайсар  күресінің айғағы.

  Әуезов аталмыш монографиялық зерттеуінде қазақ әдебиетінің, тіпті өзіне найза кезеген белді өкілдерінің  Ұлы ақын хақындағы әр жылдардағы шалыс-қалыс пікірлерін қайта қопсытпай, олардың сіңірген азды-көпті еңбектерін әділ бағалайды. Мәселен, ол Сәбит Мұқановтың «Абай Құнанбаев» монографиясы туралы «Бірінші – Сәбит бұл кітаптың көп жерінде Абайды тану мәселесіне көп елеулі, күрделі еңбек еткен... көп құнарлы деректер беріп отырған. Онысы еңбегін құнды етеді, кең тынысты, шалымды етіп көрсетеді. Және, әсіресе, тағы айтамыз (орынды пайдаланған жерлерінде) Абай туралы қазақ оқушысына білім нәрін береді.  Екінші – бұл еңбек өз ішіндегі кемшілік, қаталық, керексіз артық жерлерінен (оның бәрі төменде нақтылы көрсетілген), зерттеу олқылықтарынан арылғаннан кейін, татымды бөлімдерінің негізінде құрылып, басылып шығуы керек». Бұдан әрі автор монографияға жан-жақты талдау жасап, оның кемшіліктерін санамалай жазып, өзі айтқандай «нақтылы көрсетеді» (М. Әуезов. «Абай Құнанбаев», монографиялық зерттеу, «Санат», 1995 ж., 297-298 беттер).

Ал, Абайдың қазаққа емес, қараңғылыққа қапалы екені кәміл. Ұлы ақын туған халқының тұлпар уақыт тұяғының астында шаң қауып, өзге жұрттан көз жазып қалмауын «сырты дүрдей, іші у мен өртке тола» отырып толғанады:

   «Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын,/ Түбін ойлап, уайым жеп айтқанмын./ Ақылдылар арланып ұялған соң,/ Ойланып, түзеле ме деп айтқанмын./  

Надандық пен отарлық бұғауындағы Ұлы дала перзентіне туған елінің тағдыры жүрегіне шаншудай қадалады. Сосын, өзі жырлағандай, «Сырты дүрдей, іші у мен өртке толы»:

  «Ашуың ашыған у, ойың – кермек», «Бал сұрасаң, береді у», «Ойлай берсең, у екен», «Тұла бойды улатты», «Улы сусын төгілсін», «Улы сия, ащы тіл», «Өткен күннің уларын», «Мен ішпеген у бар ма», «Ішім толған у мен өрт», «Өңкей уды жиып ап» (Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы, Алматы, 2005 ж, 1-том: 46, 108, 135, 144,145; 2-том: 7,16,22,51 беттер);   Бұл аз десеңіз «Уайым – ер қорғаны...», «Уайымнан озбайды», «Уайым жеуліміз», «Бізге уайым жегені» (сонда, 1-том: 53,142,152,165).

Хәкім Абайдың ұйтқысын қашырып, жүрегін сыздатқан ұлы уайымының ащы дәмі Әуезовтің әйгілі романы мен монографиясында да тайға таңба басқандай.

  «Абай жолындағы» - «У»: «Ішінде удай қайнаған ыза мен ашу бар» (35-бет, 1-том). «... осы ауылдың бар жасырын сырын, ішкі қыбыр-жыбырын, у мен зәрін жақсы бағатын кексе абысын» (85-бет, 2-том). «Кітап шындығы өмір уымен тең сыбаға» (138-бет, 2-том). «У жесең – руыңмен» (148-бет, 2- том), «... қай ел осыған «удай ащы сөз айт» деп тапсырды» (743-бет, 2-том), «...удай ащы ой кейін пайда болды» (378-бет, 2-том), «Өз ішінен үндемей тынып, уланып ойланды» (20-бет, 3-том), «Мынау өнер емес, у ғой» (312-бет, 3-том), «...Тәкежен айтқан сөздің бәрі де жылан зәріндей, ысқырынып у төгіп тұр» (329-бет, 3-том), «...ауыр қайғы, улы жас көріп тұрса да» (171-бет, 4-том).

  «Абай Құнанбаев» монографиясындағы – «У». Әуезовтің «Абай  жолындағы» жазықсыз жалаға қарсы күресінің іздері ғұламаның зерттеу еңбегінде де сайрап жатыр: «...Лермонтовты сүйіп: «Бұл махаббатқа уланған шын ақын, махаббатын улаған ашу» деген сияқты сөздері оның әр алуан кең түсініктерге ие бола бастағанын көрсетеді» (53- бет), «... ойына жиылған улы зар, үлкен мұң, қалың арман бар» (53-бет), «1892 жылы өлеңдерінің көбінде Абай Оспанның өлімінен уланып, дерттенген жайын көп жерде сездіреді... тіршіліктің бұл сыбағасын ас орнына у тартқандай көреді» (61-бет), «Әбіштің (Әбдірахман) өліміне арнап айтқан өлеңдері Оспанның өліміне айтылғаннан да зарлы, ауыр қайғылы сөздер болады. Бұл аза ақынның сол кездегі басқа өлеңдеріне де өкініштің уытын жайғандай болады» (66-бет), «Сыртқы өмірдің у қосып, тартып жатқан сыбағасы бар» (66-бет), «... өз ішіндегі ой толқыны – у толқыны екенін танытады» (138-бет), «Бұнда көп надан ортасындағы бір жалғыздың мұңды, улы ойлары айтылады» (138-бет).

  Мұхтар Әуезовтің «Абай жолында» осылайша Ұлы ақын қараңғылық қапасындағы, отарлық қыспақтағы елінің бейғам халінен У ішкендей қапалы, қараңғылыққа қапалы болса, «Абай Құнанбаев» монографиялық зерттеу еңбегінде тарихи шындықты қалпына келтіру жолында ғұламаның өзі де У ішкендей хәлде. Бұлай болуы да, өкішінішке қарай, диктатура қыспағының салдары еді. Әуезовтің монографиясын да, басқа ғылыми еңбектерін де қарай отырып, Абайтану жолындағы үлкен майданның куәсіне айналамыз.

  «1923 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде Сәбит Мұқановтың? «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер!» деген мақаласы жарық көрді. Осы мақаладан кейін-ақ ұлы ақын мұрасын танып бағалау, таныту жолындағы ой-пікірлер бір-біріне қарама-қарсы бағытта дами бастады... Үлкен айтыс туындап, «Абайтану» екіге жарылды. Ілияс Қабылов деген кісі «Абайды қазақ қоғамына танытуға болмайды, ол кертартпа, көзқарасы дұрыс емес. Абаизммен бүкіл Қазақстанның барлық ұйымдары күресу керек» деген ұран тастады. Екі жақты үлкен айтыс орын алды. 1934 жылы Абайдың қайтыс болғанына 30 жыл толғаннан кейін құрметті қаулы шығып, Абайдың кітабы басылып шықты. Сол жылы Мұхтар Әуезов Абайдың толық шығармалар жинағын шығарды. Бір журнал түгелдей Абайға арналды. Ондағы дені сау мақала Мұхтар Әуезов пен Құдайберген Жұбановтың мақаласы болатын. Басқа мақалалардың барлығы «Абай – феодал, буржуазияшыл» деген мағынада болған екен» (М.Мырзахметов., «Абай әлемі» сайты, 2017 ж).

  Жалпы У сөзін Абай ізімен оның немере інісі, кемеңгер Шәкәрім қажы (14 рет) мен ұлы ақын Мағжан Жұмабаев та кең қолданады. Мәселен, Мағжан ақын бір ғана «Орамал» өлеңінде «У» сөзіне үш мәрте жүгінеді. Отарлық, оның үстіне тоталитарлық жүйеде еркін ойлы, азат жанның, ұлжанды тұлғалардың өмір сүруі шынында да нағыз азап болатын. Ал, бұл енді өз алдына жеке әңгіме.

Алаш – Мұхтар мұражайы  ЖАҢҒЫРУДА 

  1Үстіміздегі жылы елімізде «Алаш» партиясы, Алашорда үкіметі құрылуының 100 жылдық мерейтойы аталып өтуде. Осындай Алаш рухын жаңғырту мәселесі Абайдың «Жидебай-Бөрілі»мемлекеттік қорық-музейі әкімшілігінің тарапынан да қызу қолға алынып, атқарылып жатқанын атап айтқан жөн. Мәселен, соның бірі –  «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музей-үйін құрылыс-жөндеу жұмыстары және экспозициялық жабдықтау тұрғысынан қайта жаңарту болып саналады. Жалпы, бұл музей-үйдің ұлтымыз үшін өзіндік үлкен тарихи маңызы бар екеніне ерекше тоқтала кетуіміз керек. Хакім Абай кезінде осы үйді жерлесі әрі шәкірті, Алаш қозғалысына белсене қатысушылардың бірі Әнияр Молдабаевқа сатып алып берген. Және де өзі Семейге қонақтап келгенде осында арнайы түсетін болған. Азматтық қарсыласу жылдары Әнияр Молдабаевтың үйінде Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынов отбасымен тұрған. Сонымен қатар мұнда ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов те тұрғаны оның жеке анкеталық құжатынан мәлім болып отыр. Ұлы Абай өміріне тікелей қатысты тарихи орынDSC_0003 болғандықтан, 1944-67 жылдары бұл үйде Абай мұражайы жұмыс істеді. Одан соң Семей қалалық балалар кітапханасына берілді.

  Ал енді 1992 жылдан бастап  Әнияр Молдабаевтың үйінде «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музейі ашылып, халыққа қызмет көрсетіп келеді. Өкінішке қарай, осы жиырма бес жылдай уақыт аралығында оның бірінші қабатына ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмеген еді. Соның салдарынан ғимараттың қабырғалары көгеріп, сылағы қопарылған, төбе тақтайлары жұлынып, терезелері жартылай сынған болатын-ды. 

  Биылғы жылдың басында Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің әкімшілігі еліміздегі Алаш атауымен аталатын бірден-бір жалғыз музейге, яғни Семей қаласындағы «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музейінің ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ондағы бөлмелердегі экспозицияларды толықтай қайта жаңартуды жүзеге асыруда.  Осыған орай музей қызметкерлері Алаш зиялыларының өмірі мен қызметіне байланысты ғылыми-зерттеу DSC_0015жұмыстарымен айналысып, жаңа экспозицияның тақырыптық жоспарын дайындады. Ең алдымен Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті және ондағы «Алаш» мәдениет және рухани даму институтымен өзара әріптестік қатынастар орнатылды. Соның нәтижесінде, белгілі алаштанушы ғалымдар – филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Дихан Қамзабекұлы мен доктор PhD, әлихантанушы Сұлтанхан  Аққұлұлы алты кезеңнен тұратын Алаш қозғалысының арнайы тақырыптық жоспарын жасауға көмектестіDSC_0020 және осыған қоса көршілес Ресей мемлекетінің Мәскеу, Санкт-Петербург, Омск, Томск және т.б. қалалары архивтерінен жинақтаған материалдарын берді.

  Сондай-ақ, экспозициялық материалдар құрамы Абай музейінің ғылыми қорындағы Алаш қайраткерлері туралы тарихи құжаттар, фотосуреттер және сол кездегі газет-журналдар беттерінен түсірілген ксерокөшірмелермен толықтырылды. Бұдан басқа Алаш музейінің астыңғы қабатына XIX-XX ғасырларда пайдаланылған стол, орындық, кітап және киім шкафтары, сандықтар, ас үй жиһаздары қойылды, ал енді үстіңгі қабатындағы бөлмелерге арнайы тапсырыс бойынша астаналық сәулетшілер балауыздан жасаған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезовтің мүсіндері орналасатын болады.

  Таяуда аталмыш музейдің ауласына Алтай тауы өлкесінен арнайы әкелінген бойы бір метрдей болатын жиырмадан астам шырша, қайың, қарағай көшеттері отырғызылып, әр түрлі гүл тұқымдары егілді. 

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

 қорық-музейінің баспасөз қызметі

тел.: 8 (7222) 52-28-83

  

Әнияр Молдабаев

  Кез-келген мемлекеттің негізгі мақсаты – ұлттық рухы биік тұлғаларды қалыптастыру болып саналады. Ұлттық рухы биік жан тұлғалық деңгейге жетіп, игілік пен ізгіліктің шапағатын өз айналасына тигізіп қана қоймайды, ұлтын өрге сүйрейді, келер ұрпақтың есті болып жетілуіне өзіндік үлесін қосады. Ұлттық рухы биік тұлғаны қалыптастыру үшін өткен тарих даналығына зер саламыз.

  аниярХХ ғасырдың басында қазақ қоғамындағы түрлі қызметімен халыққа жақсы танымал болған осындай айтулы тұлғалардың бірі – Әнияр Молдабаев еді. Ол елге есімі белгілі оқымысты, шенеунік, мемлекеттік банк қызметкері дәрежесіне көтерілген адам.

  Әнияр Молдабаев 1856-1934 жылдары аралығында өмір сүрген. Абай ауылының азаматы, Шыңғыс болысы, Тобықты ішінде Әнет руынан. Әкесі Қожабай ағаштан түйін түйген бесаспап шебер болған.

  Әнияр ұлы Абайдың тәрбиесін көрген адам. Данышпан ақын дарынды бала Әниярды Семей қаласына әкеліп, «Русско-киргизское училищесіне» оқуға табыс етеді. Бұл  оқу орнын ХІХ ғасырдың орта тұсынан бастап қазақ балаларын оқытуға үкімет әдейі арнап ашқан. Патшаның кеңселеріне керекті қазақ тілмаштары мен көмекшілерін, жалпы ұсақ шенеуніктерді сондай мектептерде әзірлеген.

  Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Әниярдың прототипі Данияр Қондыбаев деген атпен берілген. Мұнда Абайдың бірнеше жетім балаларды оқуға түсіргендігі туралы, соның ішінде Әнияр1 туралы:

  «Осы жолы өз балаларының ғана оқуы емес, тағы бірнеше жетім жастарды Абай өз талабымен, оқуға бергізді. Бұл балаларды көршілес жатақтарынан арнаулы кісілермен алғызған. Соның бірі, Ералы жатағындағы Әнет – Молдабай баласы Данияр деген жетім бала. Бұның оқуға түсуі-өрескел бір күйден туған. Соңғы екі жыл бойында корпус пен Семей жандаралы тарапынан шыққан бір бұйрықта, қазақтан болыс басы бір бала орысша оқуға берілсін делінген. Сол бұйрық Тобықты болыстарына барса, әкесі бар баланы ешбір ауыл қимаған да, бермеген. Берсе жетім берілсін деп, ол жетімдерге және де иелер табылып, құнын төлемесе берместей болған. Осы жайында бір күні Абайға Михайлов сөз кылып, күйінішпен күліп отырып, «бар Семипалат уезі жиылып, бір баласын оқуға беруге қимайды. Осының не шарасы бар?» деп сұраған.

  Сол хабарды білісімен Абай, Тобықтының өзі білген, тілін алады дейтін адамдарының барлығына, қалада жатып хат жазған. Шыңғыс болысының есебінен деп, жатақ баласы Даниярды қалаға алғызып кеп, интернатқа бергізді. Молдабайға сәлем айтып, Шағаннан тапқаны – сол ел ішінде отырған, аз үйлы қырғыздың жетім баласы Омарбек. Оны да орысша оқуға бергізді. Тәкежанға хат жазып, Қызыладырдан және бір жетім баланы, Құрманбай дегенді алғызды. Ералы жатағына бұдан тыс және бір екі баланы оқуға бергізді.Олар Абайдың өзінің аталас елі емес, Мамайдан шыққан, жатақ балалары. Екі жетім, Садуақас пен Қасен деген балалар болатын. Бұл екеуін Абай мұсылманша оқуға бергізді», - деп  жазылған.

  Әнияр данышпан ақынның көмегімен Семей қаласында алған орысша бес сыныптық бастауыш білімін Ташкент қаласында жалғастырады. Содан екі жылдай Ташкентте, үш жыл бойы Марғұланда патшалық кеңселерде қызмет етті. Өзбектің Афтап атты қызына үйленіп, отбасын құрады да елге көшіп келеді.

  Осыдан кейінгі оның өмірі мен қоғамдық қызметі тікелей Семей қаласында өтеді.

  Әнияр Молдабаев сол кездегі мемлекеттік банктің қазақ арасынан шыққан тұңғыш қызметкері әрі алашшыл қайраткер болғаны жайында журналист-тарихшы Мұратбек Кенемолдин «Абай» журналындағы «Әнияр Молдабаев» атты мақаласында көптеген деректер келтіреді. Мысалы, мұнда автор: «Әдетте Әнияр Молдабаевтың қоғамдық қызметі туралы айтқанда, алдымен оның банк саласындағы жұмысы ауызға ілінетіні анық. Мысалы, сондай бір дерек – 1915 жылғы «Қазақ»  газетінде: «Семей. 1913 жылы Семейде Общество взаймный кредит банкысы ашылып еді. Сол банктың қазір 301 члені, 41 мың 820 сом капиталы болды. Биылдан бастап бұл банкке ақша салғандарға салған сомасынан 10 есе артық кредит ашылатын болды. Бұл банктің учетный комитетіне 12 кісі сайланды, мұның екеуі – қазақ. Государственный банкте көп жылдан бері қызмет етуші Әнияр Молдабаев Һәм Заречный слободка саудагері Ғабдулрахман Юсіпұғылы (Абдрахман Жүсіпов). Бұл екеуі де халық жайын жақсы білетін адамдар...» деп берілген. Бұл банкті қазақтар «Уақ-қарыз» серіктігі деп атаған. Егерде 1918 жылы «Абай» журналын бастырушы «Уақ-қарыз» серіктігі екенін ескерсек, онда Әнияр Молдабаевтың да бұл іске қатысы болған деп ойлаймыз. Ал, Абдрахман Жүсіповтың үйінде орналасқан «Жәрдем» баспасынан «Абай» журналы мен  «Сарыарқа» газеттері шығып тұрған.

  Алаш ұлт-азаттық қозғалысы жылдары Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен  «Алаш» партиясының Семей облыстық комитеті құрылған кезде Әнияр Молдабаев бірауыздан  оның қазынашысы болып бекиді. Әрине, партияның мүшелік жарнасын жинау, жалпы партиялық қаржы мәселесі секілді жауапты істер кім көрінгенге сеніп тапсырыла бермегені түсінікті.

  Осы жылдары ол Шәкерім Құдайбердіұлы, Көкбай Жанатайұлы, Нәзипа Құлжанова, Турағұл Абайұлы, Халел Ғаббасов, Әлімхан Ермеков, Райымжан Мәрсеков, Ахметжан Қозыбағаров, Биахмет Сәрсенов тәрізді тағы басқадай ұлт зиялыларымен бірге Земство басқармасының мүшесі болып енеді», - дейді.

  Сондай-ақ Әниярдың өз заманында көрнекті қазақ интеллигенттерімен тығыз байланыста болғандығы туралы жазушы және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» романында:

  «Семейде областной  «Алаш» партиясының ашылған хабарын жазған едік. «Сарыарқаның» соңғы нөмірінде бұл туралы мынадай мақала басылды: «Алаш» партиясының Семейде уақытша областной комитеті ашылды. Комитетке кірген кісілер: Әлімхан Ермекұлы, Райымжан Мәрсекұлы, Имам Әлімбекұлы, Ахметжан Қозыбағарұлы, Турағұл Құнанбайұлы, Сыдық Дүйсенбайұлы, Данияр (Әнияр) Молдабайұлы т.б. Комитет председателі Халел Ғаббасұлы, секретары Сыдық Дүйсенбайұлы, қазынашысы (казначей) Әнияр Молдабайұлы, құрметті председателі Әлихан Бөкейханұлы», - деп көрсетеді.

  Әнияр Молдабаев, шынында ұлы ақынның қамқорлығын көп көрген адам. Тіпті қаржы жағынан да көмектесіп, Семейден Москвин деген көпестің үйін сатып әперген де Абайдың өзі және балалары еді. Бұл үйге Кәкітай, Шәкерім, Мағауия, Ақылбай, Турағұлдар жиі келіп жүрген. Кезінде Мұхтар Әуезов те осы үйде пәтерде тұрғаны белгілі.

  1904 жылы тамыз айының орта шеңінде Семей қаласындағы Әнияр Молдабаевтың үйінде Абайдың қырқы беріледі де, тап сол күні түнде араға қырық күн салып қатты қайғы болып отырған оқиға тағы жалғасып, Мағауия мен Абай, яғни әке мен бала қазасынан кейін Әниярдай қамқор аға үйінде ұлы ақынның үлкен баласы Ақылбай жүрегі соғысын тоқтатады.

  Сөйтіп, кейінде Семейдегі бұрынғыша Комиссар көшесі, қазіргіше Бөгенбай батыр көшесі, 132 үйде Абайды жақын білген ел зиялылары, алаш азаматтары Әнияр ағаларына сәлем беріп, жиналып тұрады. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, яғни 1923-1930 жылдар мөлшерінде Әнияр қарт Шыңғыстауға ел ішіне көшіп, Шәкерім қажы ауылдарымен қатар  қоныста отырады. Алапат ашаршылық, саяси төңкеріс кезең тұсында көненің көзі Әнияр қарт баласы Сапарғалиға тастап кеткен Семейдегі тарихи үйіне қайтып барып, кей деректе 1932 жылы, кей жерлерде 1934 жылы қаңтар айында жарық жалғанмен қош айтысады. Сүйегі Семей мұсылман зиратына қойылған.

  Осы орайда Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайы қорында  қолжазба ретінде сақталған Әнияр Молдабаевтың баласы Сапарғалидың естелік әңгімесіне назар аударайық. Онда:

  «ХІХ ғасырдың ІІ-ші жартысында Ресей патшалығы өзіне кадр (тілмаш) орысша оқытуға әрбір болыс елден екі баладан алатын болған.  Әнияр Тобықты Әнет деген рудың Қожабай деген кедей шаруаның баласы. Қожабай төсек, жүкаяқ, тағы басқа заттарға сүйектен ойып әшекей жасайтын қолы шебер адам болыпты. Сол өнерін көрген Абай Қожабайды ауылына көшіріп алып, ұсақ жұмыстар істетіп жүргенде Қожабай өліп, одан үш жетім бала қалады. Соның кішісі 8 жасар Әнияр болады.

 Әнияр жасынан өжет, пысық болыпты. Жоғарыда айтылған орысша оқуға, Абайдың елі «Күшік-Тобықты» болысынан екі бала жібер деп, бұйрық келгенде Абай көршісі Қожабайдың әйелін үгіттеп көндіріп Әниярды Семейдегі «Интернатқа» оқуға жібертеді. Оны апарып тапсырып келуге Қожабайдың бірге туысқан інісі Молдабайды қосады. Молдабай Әниярды өз атына жаздырып, тапсырып қайтады. Әнияр Семейден төрт жыл орысша жақсы оқып елге келгенде Абай оның талабы барлығын байқап Ташкент қаласындағы орта білім беретін бір оқуға жібереді. Әнияр сол оқу орнында оқып, онан кейін Әндижан деген қалаға барып, қызмет істей жүріп, бір өзбектің қызына үйленеді.

 1892 жылы Шыңғыстағы еліне қайтып келеді. Сол жылы жаз елде болып, күздікүні Абайдың көмегімен Семейге келіп, «Государственный банк»-қа переводчик болып қызметке орналасады.

  1893 жылы май айында Әнияр аз күнге демалыс алып, Ақшоқыдағы Ысқақ ауылына келеді. Ертеңіне сәлем беремін Абайға деп, Ақшоқының сыртында «Көк-үйірім» деген бұлақта отырған Абай ауылына бармақшы болады. Қасына Кәкітай және оның үлкен ұлы Архам Ысқақов еріп келіпті.

  Абай үйге сәлем беріп, кіріп келген Әниярға қарайды да:

- Қызмет қандай, меңгере алдың ба?

Әнияр банкте переводчик болып жатқанын айтқанда,

- Айлық еңбегің қанша?- дейді.

- 30 сом.

- Өз үйің бар ма? - дегенде:

- Маған үй қайда Абай аға! Татардың бір кішкене үйінде ақша төлеп жалдап алып тұрып жатырмын. Енді Абай Әниярдан көзін аударады да, төменгі жақта отырған Мағауия, Кәкітай, Ғабидуллаларға қарап:

- Сендер ақылдасып, мына Әниярға бір үй сатып әперіңдер, бас қосып, мал үлесіп жисаңдар көпке ауырлық түспейді, - дейді.

Сонда Мағауия:

- Әнияр аға, Семейде өзіңізге қолайлы сатылатын үй барын білмедіңіз бе? - дегенде. Әнияр:

- Шаған еліндегі саудагер ноғай Ахметжан Ғаббасов «Москвин деген байға берешегін өтей алмаған соң, басындағы үйін беріпті. Сол үйді Москвин сатамын деп еді, бірақ бағасы қымбат 500 сом сұрайды , - деді.

Оған қанша мал керек десіп есептегенде 30 бесті, яғни 200 қойдың бағасы екен десіпті.

Абай Кәкітайға:

- Қолыңа қағаз, қарындаш ал, ал менің айтқанымды жаз, - деді де, Мағауия 5 бесті, Кәкітай 3 бесті, Ғабидулла 5 бесті, Абайдың өзі 7 бесті тағы өз қоғамындағы адамдардың шама-шарқына қарай айтып, жазғызып есептегенде 35 бесті болыпты.

  Ысқақтың баласы Кәкітайға осы жиналған малды қалаға апарып сатып, түскен қаражатты Әниярдың қолына беруді тапсырады. Абайдың сол әмірі айтқан мерзімінде орындалып, осы үй сатып алынды деп, өзімнің туған әкем Әнияр сан рет айтып отыратын. Сол сияқты Архаш ағам да сан рет айтқанды.

  Бұл үй алғашқы алғанда астылы-үстілі екі бөлмеден төрт бөлме болған. Әнияр оған жалғастырып, үлкейтті. Абай, Мағауия, Кәкітайлар Семейде болған уақытында жататын мекен жасады. Әсіресе, Абай жиі келіп- айлап, апталап, тіпті жылдап жататын.

  Мен – Сапарғали Әниярұлы 1890 жылы туыппын. Менің 8 жастар шамасына келгенде  Абай атам, кәзіргі музейдің  «Мемориальный залы» болып тұрған бөлмеде, ортасына кілем, сырмақ, көрпе салғызып қойып, дөңгелек үстелдің үсті кітапқа толып тұрады, қолтығының астына екі-үш жастықты қойып, кітап оқып, жазу жазып шынашақтап, жантайып отырушы еді. Менің шешем Абайдың ішетін тағамын дайындап, шайын құйып беріп, сол бөлмені Абайға арнап, таза ұстап  отыратын. Абайды арнайы басқа жерден іздеп келушілерді, осы үйде қабылдап отыратын.

  Мен ол кезде жаспын. Ол кісінің не сөйлесіп, не айтып жатқанына мен мәне бере алмайтын кезім, сондықтан, Абай мынандай сөздер айтып еді деп, айта алмаймын. Тек менің есімде қалғаны, Абай отырған бөлмеге кейде ойнап жүріп кіре қалсам, ей, қарапұшық бала бері кел деп, шақырып, қасына отырғызатын. Дөңгелек бет, толық, қараторы, денелі адам еді.

  Әкем Әнияр 1919 жылдар болуы керек банктен пенсияға шығады. 1910 жылдан мен өзім де сол банкте қызмет істей бастадым. Кредитное товариществодан бастап система государственный банкке повышение алып, әкемнің қызмет орнына отырдым.

  Әкем Әнияр 1934 жылы 21 январьда таңертеңгі сағат 4-те қайтыс болды. Сол өзіміздің үйдің астыңғы этажында. Әкем көзінің тірісінде бұл үйді банкке өткізіпті. Өзім көп жыл осы банкте істедім. Үйімді банктің балансына беремін деп беріп кеткен екен. Осы күні банк архивінде әкем Әниярдың қолжазбасы бар. Абай музейі біздің үйде орналасқанда Абайдың өзі жататын бөлмесінде біздің үйдің мүліктері Абай пайдаланған мүліктер ретінде сол үйде қалды. Ол мүліктер мыналар еді:

1. Айна, ортасынан сынып жарылған.

2. Жазу столы, кресло орындығымен.

  1. Көкегі бар кішкене ағаш сағат.

4. Кітаптар салатын шкаф.

  1. Ағаш төсек.

  Менің әкем Әнияр, маған Кәкітайдың  қызы Қабиданы алып берді. Ол кісімен 38 жыл бірге тұрдым. Қабидадан бір қыз, бір ұлым болды. Қызым Күләш 1953 жылы қайтыс болды. Ұлым Мұқыш, қазірде тірі, ауырып больницада жатыр, - деп еске алады.

  Әниярдың үйі демекші, Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағы баспадан шығар алдында осында Кәкітайдың араласуымен бірталай жұмыстар атқарылған. Және осы жинақ шығаратын И.Бораганский «Восточная электропечатная» баспаханасы бір баспа табақ қағаз басып, Семейдегі Әнияр Молдабаевтың үйіне жіберіп тұрған. Әнияр болса бұл қағаздарды Кәкітайға жеткізіп берген. Ал Кәкітай оның қатесін түзеп, қайта Петербургке жіберген. Міне, осындай сергелдеңмен жүріп, Абайдың бірінші өлең жинағы 1909 жылы, яғни үш жылда зорға жарыққа шыққан.

  Сол сияқты Әнияр Молдабаевтың үйінде азаматтық қарсыласу жылдары Алашорда басшылары Әлихан Бөкейхан мен Міржақып Дулатовтың отбасылары тұрғаны туралы Гүлнар Міржақыпқызы «Алаштың сөнбес жұлдыздары» атты мемуар еңбегінде: «Әкем 1921-1922 жылдары Семей губсотында жұмыс істеді де, біз Комиссарская көшесіндегі Әнияр Молдабаевтың екі қабатты жекеменшік үйінде тұрдық (кейін Абай музейі болды). Үстіңгі қабатында біз – Дулатовтар, біріншісінде Әлихан атаекемнің (Бөкейханов) үй-іші жайғасқан еді», - деп айтады. Ал, көрнекті жазушы Сапарғали Бегалин «Замана белестері» кітабында Әниярдың үйінде тұрып, оның жақсы танысы, ерлі-зайыпты Нұрғали және Нәзипа Құлжановтардан дәріс алғанын әңгіме етеді.

  Ендігі кезекте  Абай қалаға келгенде тоқтап жүрген екі қабат ағаш үй, қазірде «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» аталып жүрген мұражай тарихына тоқталсақ.

  Семей-тарихи, шежіре қала. Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезовтің даналығы қанат бітіріп, дем берген қадірлі де қасиетті атамекен. Алаштың астанасы болып саналатын әсем қала.

  Семейде 1917-1920 жылдары Алаш ұлт-азаттық қозғалысының қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Ғаббасов, Мұхаметжан Тынышпаев, Әлімхан Ермеков, Елдес Омаров, Шәкәрім Құдайбердиев, Жүсіпбек Аймауытов, Турағұл Ибрагимов, Ахметжан Қозыбағаров, Мәннан Тұрғанбаев, Әбікей, Қаныш Сәтбаевтар, Мұхтар Әуезов, Жақып Ақбаев, Мұстафа Шоқай, Райымжан Мәрсеков, Көкбай Жанатаев, Сейдазым Қадырбаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Біләл Сүлеев, Асылбек Сейітовтер белсенді қызмет атқарып, өз елінің егемен ел, іргелі мемлекет болуын аңсады.

  Сол жылдардағы Семей туралы Жүсіпбек Аймауытов өзінің «Ақбілек» романында былай деп суреттейді: «Семей ызғындай елдің ортасындағы өнер-білімнің, сауда кәсіптің, от арба, от кеменің тоғысатын кіндігі, қара шаңырағы, бір губерния елдің миы, ақыл-ойдың табысы, бір губерния елдің жүрегі» дей келе, Семейдің сол уақытта сауда саттықтың орны, тоғыз жолдың торабы екенін ерекше атап көрсетеді.

  Сол кезеңнің тарихи куәгері – Бөгенбай батыр көшесі, 132 үйде орналасқан  (бұрынғы Полицейская, 1877 ж., одан кейінгі Комиссарская, 1918 ж.) екі қабатты үй-мемориалдық ғимарат. Үйдің иесі жоғарыда айтылған  Әнияр Молдабаев еді.

  1944 жылы Абайдың 100 жылдық мерейтойына дайындық кезінде М.Әуезовтің ұсынысы бойынша Абай мұражайы, осы Әнияр Молдабаевтың үйіне орналасқан-ды. Бұл үй 1967-1990 жылдары қалалық балалар кітапханасы болды. Ал 1990 жылдары Әнияр Молдабаевтың үйі Абай мұражайының қарамағына берілді. 1996-1997 жылдары мұражай ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілген. 1997 жылы 23 қыркүйекте М.Әуезовтің 100 жыл толуына орай мұнда Абайдың мемлекеттік мұражайының «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» бөлімі салтанатты түрде ашылды. Мұражайды ашу құрметі сол уақыттағы ҚР Мемлекеттік хатшысы Әбіш Кекілбаев пен Республика премьер-министрінің орынбасары, білім және мәдениет министрі Иманғали Тасмағамбетовке берілді. Мұхтар Әуезовтің қызы Мұғамила Әуезова мен немере қарындасы Гүлнар Разаққызы қазақ халқының ежелгі дәстүрімен шашу шашты. Ұлы жазушының мерейтойының құрметті қонақтары жаңа мұражайдың бірінші көрермендері болды.

  Әнияр Молдабаев 78 жасында дүниеден өткен. Ал одан тарайтын ұрпақтары туралы 1995 жылғы «Заман-Қазақстан» газетіндегі белгілі абайтанушы Бейбіт Сапаралының «Абайдың «құдасы» Әнияр кім?» және 2000 жылғы «Егемен Қазақстан» газетіндегі ғалым Әбдісағит Тәтіғұловтың «Текті тұлғалар тұяғы» деген мақалаларында  жазылған.

  Аталмыш зерттеу еңбегінде жазушы Бейбіт Сапаралы: «Шежіре дерекке зер салатын болсақ, Әниярдың Сапарғали есімді ұлы болғанын, 1910 жылдары ол баласын Кәкітайдың қызына үйлендіріп, Мұхаметғали есімді немере сүйген жайын аңдар едік. Әниярдың інісі Сүндетбайдан  Қалаубек пен Сіләмбек туатын болса, Сіләмбектен Самат, Сағынтай, Мақсұт және Нұржамал есімді үш ұл, бір қыз тарайды. Осы Нұржамалды кішкене күнінен Әнияр өз бауырына басып, атақты Ақберді қажының (Ақберді – Өскенбай немересі) Ұсатайдан туған немересі Жұматайға өз қолынан ұзатады. Осылайша Әнияр Молдабаев ұлы мен қызы тұрғысынан да Абай ауылымен жақын құдандалы болады. Жұматай мен Нұржамалдан тараған – Тілес, Ілияс, Гүлнұр, Гүлмира, Айдос, Жәмила, Мәдина, Данияр, Айдос атты шөбере-шөпшектері», - деп келтірген.

  Міне, Алаш ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысқан, алайда есімі көп атала бермейтін арыстарымыздың бірі – Әнияр Қожабайұлы Молдабаевтың ұлағатты өмір жолы осындай.

 Қарлығаш Ибрагимова,

Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының

бас қор сақтаушысы

 

ӘУЕЗОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ КӨРМЕСІ

 

 Абай мұражайында ұлы жазушы, драматург, ғалым Мұхтар Әуезовтің 120 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған шаралардың аясында «Мұхтар Әуезов – кемел ойдың кеніші, кенен сөздің өрісі» атты кітап көрмесі ашылды.

  DSC_0157М.Әуезов – қазақ фольклоры, қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясы, Абайдың өмірі мен шығармашылығы жайындағы ғылыми еңбектердің авторы.         

  1917 жылы Абай ауылында қойылған «Еңлік-Кебек» пьесасы М.Әуезовтің драматург ретіндегі талантын ашады. Бұл тек жазушының ғана емес, қазақ әдебиетінің драматургиядағы алғашқы қадамы.

  М.Әуезов көркем проза жанрына қалам ұштап, әңгімелер, очерктер жазып, аударма жұмыстарымен айналысады. Оның алғашқы әңгімелерінің қатарында «Қорғансыздың күні», «Оқыған азамат», «Қыр суреті», «Қыр әңгімелері», «Үйлену», «Барымта», «Қаралы сұлу» және өзгелері бар. Жазушы әңгімелері «Шолпан», «Сана», «Таң», «Абай», «Қызыл Қазақстан»DSC_0159 журналдарында, Семей облыстық «Қазақ тілі» газетінде жарияланады. Алғашқы шығармаларының көпшілігі Арғын, Жаяу сал, Қоңыр, Айғақ деген бүркеншік аттармен жарияланды.

  Абайтану – қазақ әдебиеттануындағы М.Әуезов қалыптастырған жаңа бағыт. Ол осылайша өзі оқыған Абайды ұлы эпопеясы «Абай жолы» арқылы бүкіл әлемге танытты.

  Көрмеде М.Әуезовтің «Абай жолы» романы және оның шет тілдердегі аудармалары, «Өскен өркен» романы, «Қилы заман», «Кінәмшіл бойжеткен», «Жолда», «Белестер», «Көксерек» әңгімелері, сонымен бірге «Әдебиет туралы», «Абайтанудан жарияланбаған материалдар» және өзге де еңбектері орын алды.

  М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеуге М.Мырзахметұлы, Р.Нұрғали, А.Нұрқатов, М.Сұлтанбеков, Г.Бельгер, Н.Анастасьевтің еңбектері арналған. Осы ғалымдардың еңбектері көрме мазмұнын толықтыра түсті.

  Көрмеге қаланың зиялы қауым өкілдері, студенттер мен БАҚ өкілдері шақырылды. 

 

 ҚҰРМЕТТІ СЕМЕЙЛІКТЕР ЖӘНЕ ҚАЛА ҚОНАҚТАРЫ!

 

  «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов»  мұражай экспозициясы ағымдағы жөндеу жұмыстарынан кейін өз көрермендерін асыға күтеді.

  Жұмыс кестесі:

Сағат 10.00-18.00

Түскі үзіліс: 13.00-14.00

Жексенбі, дүйсенбі – демалыс күні

Әр айдың соңғы күні – тазалық күні

Телефондар: 56-32-22, 52-38-52

 

 «АБАЙ ЖОЛЫ»: АЛАШТЫ ПАШ ЕТКЕН ӘЛЕМГЕ» КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ

 Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайында 2017 жылдың 10 ақпанында сағат 10.00-де көрнекті жазушы, драматург, әдебиетші-ғалым, абайтанушы, қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің классигі М.Әуезовтің 120 жылдық мерейтойына орай«Абай жолы»: алашты паш еткен әлемге» көрмесі ашылды.

DSC_0236М.Әуезов өзінің атақты «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы ұлы Абай жасаған дәуірді, оның шыққан ортасын, ақын, азамат болып қалыптасуын, сол кезеңдегі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, арман-тілектерін, мақсат-мүдделерін, күрес-тартыстарын, шығармашылығын түгел танытты. Қазақтың ұлы ғалымы Қ.Сәтбаев: «Абай» романын «Қазақ өмірінің энциклопедиясы», - деп бекер айтпаған. Жазушы осы төрт кітапқа қазақ халқының фольклорын, шығыс, орыс, еуропа әдебиетімен байланысын, қазақ халқының салт-дәстүрін, саялы жерлерін, ғылым мен білімге деген бетбұрысты, тәрбие, педагогика, психология, философия әфсанасын паш етеді.

  Көрме лентасын қаламыздың құрметті азаматтары, асыл ардагерлер Х.Матаев пен Н.Сембаев қиып, өзDSC_0247 тілектерін білдірді.

  Абай қорық-мұражайының директоры Б.Жүнісбеков белгілі композитор, абайтанушы А.Ахметжановқа «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасын, А.Азаматовқа «Абай» медалін табыстады.

   Ә.Қашаубаев атындағы филармония әншілері: Ж.Тәжиев, Б.Түктібаев өнерлерін көрсетті.

  Көрермендер «Адамзаттың Абайы», «Қазақ өмірінің энциклопедиясы», «Әлем әдебиетінің шыңы», «Ұлы DSC_0258дала мәдениетінің жаршысы» тақырыптары бойынша, М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын қалай бастағаны туралы экскурсия тыңдады. Сонымен қатар М.Әуезов қолтаңбасы қойылған «Абай жолы» романының алғашқы басылымымен, музей қорындағы М.Әуезовтің қолжазбаларымен, ғалымның Индияға сапарында алып келген ағаштан жасалған ыдыс жиынтығымен танысты.  

  Көрмені қаламыздың зиялы қауымы, жоғары оқу орындарының студенттері тамашалады. 

 

АБАЙ МУЗЕЙІ: ӘУЕЗОВ МЕРЕЙТОЙЫНА ӘЗІРЛІК

  IMG-20170126-WA0004Қазақ әдебиетінің классигі, драматург, абайтанудың іргесін қалаған кемеңгер ғалым М.О.Әуезовтің биыл атап өтілетін 120 жылдық мерейтойына орай Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Қалижанов Уәлихан Қалижанұлы мен Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайыныңдиректоры Жүнісбеков Болат Жүнісбекұлы өзара шығармашылық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

  Меморандумға қол қоюдың мақсаты – бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізу, өзара шығармашылық байланысты нығайту.

  Ынтымақтастық меморандумының аясында бірлескен ғылыми зерттеулер ұйымдастыру, алдағы қыркүйек айында халықаралық ғылыми конференция және семинарлар ұйымдастыру мен оларға қатысу жоспарланған, сонымен қатар баспада жарық көрген ақпараттармен, ғылыми материалдар, зерттеулер нәтижелерімен өзара алмасу, ортақ ғылыми еңбектер әзірлеуге, ғылыми кадрлардың оқуына және тәжірибе алмасуы мен белгіленген мерзімде зерттеулер жүргізуге, музей ісі бойынша қызметкерлерге іссапарлар ұйымдастыру көзделген. 

«АБАЙ ЖОЛЫ» ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУДЕ

  Біз бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Абай музейі ұжымының ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл толуына байланысты «Астана-Защита» бағытындағы №67/68 «Тұлпар-Тальго» пойызын «Абай жолы» деп атауын сұраған өтінішін қанағаттандырып, оның осындай атаумен биылғы жылы қаңтардың соңы немесе ақпан айының басында жүре бастайтыны туралы шешім қабылдағанын айтқан едік. 

  Міне, осыған орай аталмыш ұлттық компанияға қарасты «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының сервистік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Асқар Ахметбеков:  «қазіргі уақытта «Абай жолы» аталатын жүрдек пойыз еліміздің шығыс бағытында халыққа сапалы қызмет етуде» деп хабарлайды.

  Шынында да, бұл пойыздың электронды таблоға жазылған «Абай жолы» атауымен қатынай бастағанына екі-үш аптадай уақыт өтіпті. Алайда,  «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшылары Семей елінің ендігі бір өтінішін, яғни осы жүрдек пойыз қабырғасына арнайы «Абай жолы» деп жазылып ілініп қойылса деген тілегін ескерсе екен дейміз.  

  Әрине, бұл Абай мен Әуезовтей ұлы тұлғаларға көрсетілген үлкен құрмет деп санаймыз. Мұның өзі «Ер мерейін ел өсіреді» деген даналық сөзді еске салады.