name

8 (7222) 52-38-52, 52-24-22

ШҚО, Семей қаласы, Интернационал көшесі, 29

KZ RU EN

АБАЙ ШӘКІРТІ – ӘСЕТ НАЙМАНБАЙҰЛЫНЫҢ

МЕРЕЙТОЙЫ ТАБЫСТЫ ӨТТІ

1  Абайдың ақындық мектебінің талантты өкілі, ақын, композитор Әсет Найманбайұлының 150 жылдығыШығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Мақаншы ауылында кең көлемде тойланды. Мерейлі тойға еліміздің әр тарабынан ақын-жазушылар, әнші-күйшілер және өнерсүйер қауым жиналды.

  Шаралар легі Мақаншы ауылының орталығында ақын мұражайының алдында орналасқан Әсет Найманбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің директоры Б.Жүнісбеков өзінің құттықтау сөзінде ақын шығармашылығы – ұлт руханияты ұлттықIMG-20170908-WA0036 кодының бір кілті екенін атап өтті. Ақын рухына тағзым етуге жиналған қауым «Әсет мерекесіне тойбастар» атты жаңа әнді авторы Қ.Нұрқасымның орындауында тыңдап, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Бұдан соң жиналғандар Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің бөлімі: Әсет Найманбайұлының әдеби мұражайының жаңадан жасақталған, кеңейтілген экспозициясымен танысты.

  Салтанатты шара Мақаншы ауылының Мәдениет үйінде Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұйымдастырған «Әсет Найманбайұлы: әдеби мұрасы және әсеттану мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы жұмысымен жалғасты.

  20170907_101342Конференция жұмысын Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музейінің директоры Б.Жүнісбеков жүргізді. ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері С.Қасқабасов баяндамаларға жан-жақты талдау жасап, конференцияны қорытындылады.

Конференция барысындаІ.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты С.Қожағұл «Әсеттің әдеби мұрасының зерттелуіндегі өзекті мәселелер», Қытай халық республикасынан келген Әсет мұрасын зерттеуші А.Иген «Рухани асыл мұра», Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің доценті,IMG-20170908-WA0048 филология ғылымдарының кандидаты Ж. Аитова «Әсет Найманбайұлы шығармашылық ғұмырбаянының белгісіз беттері», Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы Халық әні кафедрасының оқытушысы, әнші Е.Шүкіман «Әсет әндері хақында», Алматы қаласынан келген күйші, күй тарихын зерттеуші М.Таңғытұлы «Әсет және Әсет өнерінің ашылмаған тағы бір сыры», Әсет Найманбайұлы мұражайының меңгерушісі Ә.Разуев «Әсет Найманбайұлы мұражайының тарихынан», Абай музейінің ғылыми қызметкері, Мәдениет қайраткері М.Мұхамедова «Әсет Найманбайұлы 20170907_092952мұрасын музейлендіру» тақырыбында жасаған баяндамалар көтерілген мәселелердің өзектілігімен, мағыналы баяндалуымен тыңдарман қауымның көңілінен шықты.

  Конференцияға қатысушыларға арнайы дайындалған баспа өнімдері: Ә.Найманбайұлының 2 томдық шығармалар жинағы мен «Абай музейінің хабаршысы» журналы ұсынылды.

  Мерейтойлық шаралар республикалық ақындар айтысы, қазақ күресінен республикалық жарыс пен бәйгеге жалғасты. 

ӘСЕТ НАЙМАНБАЙҰЛЫНЫҢ ЕКІ ТОМДЫҚ

ШЫҒАРМАЛАРЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ

  Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің бастамасымен қазақ әдебиеті тарихында өз есімін мәңгіге қалдырған кемеңгер Абайдың дарынды шәкірті, XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың басында өмір сүрген қазақ халқының дарынды ақыны Әсет Найманбайұлының туғанына 150 жыл толуына орай екі томдық шығармалар жинағы жарық көрді. 

  Мұнда Әсет ақынның М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Қазақ Ұлттық орталық ғылыми кітапханасының қолжазба қорында сақталған әдеби мұрасы, 1968, 1988 жылдары Қазақстанда жарық көрген кітаптарында, 2000 жылы Қытайда Бейжің баспасында басылған шығармалар жинағында және әр жылдары мерзімді баспасөзде жарияланған туындылары еніп отыр.

  Ә.Найманбайұлының «сегіз қырлы, бір сырлы» сері ақындардың қатарына жататынын білеміз. Сондықтан аталған кітапта ақынның өнері жан-жақты қамтылған.

  Бірінші томда Әсеттің өлеңдері мен толғаулары, ел арасында кең тараған Ырысжанмен, Кемпірбаймен, Кәрібаймен, Қалимен айтыстары және сөз қағыстары, жазба айтыстары жұрт назарына ұсынылған.

  Екінші томға ақынның «Алашқа», «Кешубай-Жәмила», «Пушкин-Татьяна», «Мұңлы қыз», «Салиха-Сәмен», «Ағаш ат», «Бахтияр», «Дастархан», «Шәкір-Шәкірат», «Ғалым-Сәлім», «Үш жігіттің хикаясы», «Үш жетім қыз», «Нұғыман-Нағым», «Ғаббас Шаһ» сынды өлеңдері мен дастандары енгізілді.

  Алты алашты әсем әнімен уатып, өткір жырларымен рухтандырған біртуар дара тұлға Әсет Найманбайұлының артында қалдырған әдеби мол мұрасы – ұлтымыздың бірлік пен берекеге шақырған рухани асыл тірегі болатынына сеніміміз мол.

Y2fKwe_b_8w 

АБАЙ МУЗЕЙІНДЕ ӘСЕТ НАЙМАНБАЙҰЛЫНЫҢ 150 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН КӨРМЕ АШЫЛДЫ

DSC_0010  Әсет ақын – ұлы Абай Құнанбайұлының ақындық-өнер айналасындағы талантты да дарынды шәкірттерінің бірі. Ақынның 150 жылдығын атап өту мақсатында қалалық музейде  жинастырылған материалдар негізінде «Алашқа атым шыққан Әсет ақын» атты көрме ұйымдастырылды.

  Көрменің мақсаты – келуші қауымға ақынның өмірі мен шығармашылығын жан-жақты таныстыру. Көрме экспозициясында Әсеттің өміріне байланысты музей қорында жинақталған материалдар хронологиялық жүйеменIMG-20170714-WA0043 көрсетілген.

  Көрменің бір ерекшелігі – ақын өмірінен дерек беретін естеліктер, қолжазбалар қала жұртшылығына тұңғыш көрсетіліп отыр. Мысалы, 1991 жылы қорға түскен Абылай Түгелбаевтың жазбалары. Сонымен бірге, ақын мұрасын бізге жеткізген басқа да жинаушылардың естеліктерінен, қолжазбалардан Әсет ақынның қандай адам болғаны туралы, мінезінің қыр-сырын баяндайтын материалдар да қойылды.

DSC_0022  Көрме экспозициясында ерекше орын алатын және ақын бейнесін көрсететін жәдігердің бірі – Әсет ақынның 1918 жылы Шығыс Түркістанда Шәуешек қаласында түскен фотосуреті. Алаш зиялыларымен түскен бұл фотосуретте «Елу жас екі жастың тап ортасы» деген 51 жастағы Әсет ақын зиялы қауымнан жеке, шетте отыр. Ортада отырғандар: Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов және Райымжан Марсеков.

  Көрмеде «Абай және Әсет», «Әсеттің қисса-дастандары», «Әсет-айтыс ақыны», «Әсет өлеңдері», «Әсет әнші-сазгер», «Ақын ұрпақтары» сияқты тақырыптар да ашылған.

Әсет Найманбайұлының туғанына 150 жыл

Мұражай  мұраты

  Үстіміздегі жылы дүлдүл ақын, күміс көмей әнші, дарынды сазгер,  Әсет Найманбайұлының туғанына 150 жыл  толып отыр. Аудан көлемінде ұлы талант иесінің  атаулы мерекесі қандай деңгейде атап өтелмек, мұражайдың оған дайындығы қалай?  Жалпы мұражайдың 25 жылдық тарихына үңілсек деген оймен Мақаншыдағы Әсет 55Найманбайұлы әдеби-мемориалдық мұражай бөлімінің меңгерушісі Разуев Әбен Тұйғынұлымен сұхбаттасқан едік.

--   Әбен Тұйғынұлы,  Әсет мұражайы Республикадағы  ақынға арналған жалғыз мұражай. Биыл аманшылық болса бабамыздың туғанына 150 жыл толмақ. Әңгімеміздің  басын осы мұражайдың ашылуы туралы  аздаған шегініс жасап бастасақ  қайтеді ?

--  1984 жылы қараша айында сол кездегі Семей облысы Мақаншы  аудандық партия комитетінің І- хатшысы марқұм Исмағұлов Жақан Смағұлұлы  ауданның идеология майданының  шағын белсенділермен кеңес өткізіп, алашқа  аты шыққан Әсет ақынды қалай да елге  таныту  туралы  өз ойын  ортаға  салды. Оның алдында ғана бір жыл шамасы бұрын Әсеттей әншіні әспеттеу үшін бастама көтеріп, ауданда Әсет әнінің атымен аталатын «Інжу-Маржан» ансамблін құру туралы ұсыныс енгізген  еді.  Осы  кездесуден кейін тапсырманың дені мәдениет бөлімін басқарып отырған маған және аупарткомның нұсқаушысы, халықтық мәдениеттің жанашыры Оразбек Бекбосынов ағаға  жүктелді.  Сол жылдардан бастап болашақ Әсет мұражайының іргесін қаладық десек артық айтқандық емес. Арысы Фрунзе / Бішкек / қаласынан, берісі Талдықорған, Қарағанды, Жезқазған, Алматы облысының жерлерінен ел кезіп, көненің көздерінен деректер іздедік. 1985 жылы ауданға  басшы болып  О. А. Арғынбеков келгеннен  кейін  жұмысымыз  ілгерлей  түсті.   Ж. Сымағұлов бастамақ болған істі кейінгі басшы  одан әрі түлетті.  Бірінші басшы қолдап отырған соң жұмысыңа да жол ашылады екен. Алматыдағы Ғылым Академиясынан бастап, Министрліктердің де табалдырығын тоздырдық.   Талпынғанның, ізденгеннің  ықпалы болар, 1989  жылы  желтоқсан айында  Қазақстан  Жазушылар  Одағы  басқармасының  хатшылығы кеңейтілген  Қеңес  өткізіп,  онда ақын, әнші, композитор   Әсет  Найманбайұлының  туғанына  125  жыл толуына арналған мерекені  салтанатты  түрде өткізу  жөнінде  арнаулы  комиссия  құрды. Комиссия төрағасы болып мәдениет министрі Еркеғали Рахмадиев тағайындалып еді.  Ал 1990 жылы  19 наурызда Қазақ ССР-і Министрлер Кеңесінің № 114 қаулысы шығып, халық композиторы, әнші, әрі ақын  Әсет Найманбайұлын  мәңгі есте қалдыру мақсатында  мемлекет  деңгейінде мәдени  шара  өткізу   жөнінде  шешім  қабылданды.  Сол жылы мемлекеттік комиссия құрылды.

--  Әбеке, сіздер қазір Абай мұражайының бір бөлімісіздер.  Әсет мұражайының Абай мемлекеттік қорық мұражайының құрамына  кіру  себебіне тоқтала кетсеңіз ?

--  1990 жылы 19 қыркүйекте Қазақ ССР-і Мәдениет  жөніндегі  Мемлекеттік  Комитетінің  № 219  бұйрығымен  Семейдегі Абайдың Мемлекеттік  тарихи – мәдени  және  әдеби –  мемориалдық   « Жидебай –  Бөрілі »    қорық    мұражайының  Әсет Найманбайұлы әдеби – мемориалдық мұражай  бөлімі  болып   ашылдық.  Оның себебі;  Әсет  Абайдың ақын шәкірттерінің  бірі. Академик Қайым Мұхаметқанов өзінің «Абайдың ақын шәкірттері» атты 4 томдық жинағында  Әсетке ерекше тоқталады. Әсет Абайдың айналасындағы басқа ақындарға қарағанда  Ұлы тұлғаға ұқсаған, әрі шығармашылығы өте жақын, синкреттік өнері  бойына дарыған бірден-бір талант иесі. 1898 – 91 жылдары Әсет Абай ауылында болған, Абайдан тағлым алған.  Шығыстың ұлы ғұламалары Фараби, Фердауси, Низами, Навои, Омар Хайям, Ибн Сина сынды данышпандарының  өсиеттерін бойына сіңірген. Батыстың Гейне, Гете, Байрон, орыстың А. Пушкин, М. Лермонтов, Л.Толстой,  А. Чехов, И. Крылов, Гоголь сияқты Ұлы тұлғаларының шығармаларына қаныққан, Абайдың жанында жүріп өмірдің  мәніне ден қойған.  Абайға Әсетті  таныстырған адамның кім екені белгісіз. Алғаш рет Әсетті көргенде Абай оның оғаш мінезіне тіксініп, сын да айтқан.  «Абайдың осы бір сыны өміріме азық болды, өмірімнің соңына дейін ұстаз тұтам» - деп айтқан екен  Әсет. Міне, сондықтан шәкіртімін деп санаған Әсеттің, оның атына ашылған мұражайының Абай қанатының астында болуы заңды құбылыс.   

--  Ертеректе «Әсет мұражайын салуға  қаржы бөлініп еді»- деп естуші едік. Сіздер  пайдаланған  бұрынғы мұражай ғимараты  пайдалануға  қолайсыз болды ма,  жоқ әлде  талапқа  сай болмады ма?  

-- Рас айтасыз.  1990 жылы жазда Әсет мұражайын салу үшін жобалық құны белгіленіп, сметасы жасалып, сызбасы дайындалған болатын.  Қазақстан архитекторлар Одағының сол кездегі  төрағасы Айтмырза Рүстембеков Мақаншыға келіп, екеуміз бір апта шамасында болашақ мұражайды жобалағанбыз. Келісім шартқа да қол қойғанбыз. Мұражай 3 қабатты болып салынбақ болатын. Ішінде экспозициялық залдан басқа, концерттік зал, кітапхана, өнер адамдарының дайындық бөлмелері, қор, мұрағат бөлмелері жоспарланған еді. Тіпті алғашқы нольдік циклі жасалып, жері қазылған, құрылысы басталған да болатын.  Амал не, Кеңестік жүйе тарқағаннан кейін қаржы болмай, құрылыс тоқтап қалды.  Содан кейін дайындықты тоқтатпай, 1990   жылы   қараша   айының  28   жұлдызында    Халық  депутаттары Мақаншы  аудандық   Кеңесі  Атқару  комитетінің  №293 /17   шешімімен  Мақаншы  ауылында  орналасқан  аудандық мәдениет бөліміне тиесілі  бұрынғы  өлкетану   музей   үйінің   ғимараты  қолдағы  бар   жәдігерлерімен   Әсет    Найманбайұлы    мұражайының   меншігіне  /иелігіне /  берілді.   Мұражай  үйі 1991 жылы  Семейдегі Абайдың Мемлекеттік  тарихи –  мәдени  және   әдеби  –мемориалдық           «Жидебай-Бөрілі»  қорық-мұражайының    қолдауымен  қайта   қалпына   келтіріліп, жөндеуден   өткізілді.     Оған  жөндеуге    63 000  сом   қаржы  бөлінді.  Келесі    көктемде,   яғный   1992   жылы 24   сәуірде  Әсеттің туғанына 125 жыл толуына орай  мұражай   салтанатты  түрде   ашылды.   Бұл  ғимарат  1950  жылы  іргесіне  тас қаланып  құйма  кірпіштен  салынған.  Алғашқы кезде  оған   шағын  электрстанциясы  орналасқан екен.     Кейіннен   аудандық    комсомол   комитетінің  кеңсесі,  аудандық  пионерлер  үйі,  балалар бақшасы,  өлкетану музейі,  аудандық   мәдениет   бөлімінің    саябақтағы   ойын   автоматтары   орналасып   келген  еді.    Жалпы   көлемі 162,7  шаршы метр,   ауданы  488, 2   шаршы метр,   пайдалы  жері  72,6  шаршы метр болатын үйде 1 экспозициялық зал  және  2  шағын  жұмыс  бөлмесі ғана орналасты.  Мұражай деген аты болмаса,  онда  айтарлықтай  шаралар өткізуге  немесе экскурсия  жүргізуге  мүмкіндік  болмаған еді.  Тіпті жинақталған жәдігерлерді қоятын орын да болмады.  Сөйтіп бұл ғимаратта 2003 жылға дейін  қоныстандық.

--   Мұражайдың алғашқы меңгерушісі Оразбек аға туралы  не айтасыз?

--   Мұражайдың   алғашқы   меңгерушісі  болып, белгілі журналист, жазушы, әрі Әсетті  зерттеуші, сол кездегі аудандық «Білім» қоғамының төрағасы  Оразбек   Майжанұлы    Бекбосынов  ағамыз тағайындалды. Ұзақ жылдар аудандық партия Комитетіне нұсқаушы, Мақаншы ауданында шығатын «Ленин туы» газетінде Бас редактор болған Оразбек  ағаның  көңілге  түйгені, көргені өте көп еді. Алғаш Әсет туралы деректер іздеген  кезде мен ол кісімен  көп әңгімелестім, көп пікірлестім.  Мен Орекеңдей  таза, пәк адамды кездестірген емеспін.  Ертеректе ата-анасынан айырылып жетім қалған Орекеңді Көктұма /Бақты/ қаласындағы Әсеттің әйелі Тәтежан шешеміздің қолында  бірер жыл тұруға  тағдыр жазыпты.  «Тәте  шешеміздің қолынан дәм татып едім»-деп  үнемі айтып отырушы еді. 1992 – 1997 жылдар аралығында жұмыс істеген Оразбек ағамыздың мұражай жұмысын қалыптастырып, іргесінің қатаюына  қосқан  үлесі, артында  қалған  еңбектері айтарлықтай мол еді.  1997 жылдан бастап ол кісі денсаулығына байланысты  қызметтен босап, орынын  маған  қалдырды. 

--    Әбен Тұйғынұлы, Мұражайды 20 жылдай уақыт басқарып келесіз. Көргеніңіз бен көңілге  түйгеніңіз не?

--  Ең бірінші халық арасынан шыққан өнер адамдарына деген қызығушылық болар.  Бала кезімізде ауыл арасында көргені көп талант иелерінің ән-жырларын көп тыңдаушы едім.  Солардың арасында  Қ. Әділбеков, Б. Мәсәлімов, М. Бабасов сынды  Әсеттің алдын көрген, жанында жүріп атының тізгінін ұстаған, әнін тыңдап жанына сая тапқан  дала  жұлдыздары  болып еді. 1980 жылдардан бастап  Аудандық мәдениет  бөлімін  басқарып  жүрген  кездерімде, Әсет  жөнінде деректер іздеп, жәдігерлер жинаумен айналысып жүрсем де, тікелей мұражайды  басқару  мен үшін алғашқы кезеңдерде  өте  қиынға  түсті.   Мұражайдың  алғашқы  қылыптасу  кезеңі 1992 – 1999 жылдары  өте  қиын болды.  Бюджеттік  мекемелер  жабылып,  қызметкерлер  қысқыртылуға  ұшырап, еліміз ерекше  қиын кезеңдерді  бастан  кешіріп жатқан  уақытта,  бізді  ғылыми бағытта ізденістер  жасап,  зерттеу  жұмыстарын   жүргізу емес,  мұражайды  қалай сақтап қалу көп алаңдатушы еді. Солай бола  тұрса да  қажырлылық таныттық. Қызметкелеріміз қолға  алатын  2000 – 3500  теңге  аралығындағы еңбек  ақыларына   қанағат  етті.    1997 жылы мамыр айының аяғында Семей  облысы таратылып,  оған  қарасты бұрынғы Мақаншы ауданы көрші Үржар ауданына  қосылғаннан  кейін,  босап қалған,  1951  жылы күйдірілген қыш кірпіштен  салынған,  алғашқы  кезде  балалар бақшасы,  кейін 1989 жылдары аудандық әлеуметтік қамсыздандыру  мекемесіне берілген  ғимаратты  сол  кездегі Үржар ауданының әкімі  Д. М. Сейілхановқа  барып  сұрауыма  тура келді.  Азаматтығына  рахмет, сөзімізді жерге  тастамады.  Үржар ауданы әкімінің 1997 жылға 21 шілдедегі   №  01 – 44  Ө  өкімімен  ғимарат мұражай  иелігіне  алынды.   Бұл ғимарат   орналасқан аумақтың  жер көлемі  0,461 га.  Ауданы  2242,00  шаршы  метр.   Мұражай  болуға әбден лайық еді.  Мақаншыда құрлысы басталмақ болған 3 қабатты жаңа типті мұражай құрылысы басталмай  жатып  тоқтап қалғаннан кейін,  бұл  біз үшін үлкен олжа  болды.  Дайын  тұрған  құрылыс  жабдықтары болмаса да 2 – 3 жыл  жөндеу  жұмыстарын  жүргізіп,  2003 жылдан бастап мұражайды осы ғимаратқа   көшірдік.    Аруағы риза болсын, сол кездегі ауыл әкімінің орынбасары Мәзәмбиев Мәденнің күш шығаруының арқасында атқарған жұмысымыз ұшан теңіз десем артық айтқандық емес.  Бұрынғы  ескі  ғимарат  үйі   бұзылып,  оның  ауласы  осы ғимаратпен қосылды.   Ескі   үйдің  орынына   2007   жылы    белгілі   мүсінші,  Үржарлық Оразанбай Бекбаев сомдаған  Әсет ақынның ескерткіш бюсті қойылды.    Мұнда  3  экспозициялық  зал,   1  акт  залы,   3  жұмыс  бөлмесі, мұрағат,  сақтау және  қор   бөлмелері    жабдықталған.     Мұражайды   ағымдағы   жөндеуден   өткізіп  қалпына   келтіру  үшін 2009  жылы  Абайдың  Мемлекеттік тарихи – мәдени және әдеби – мемориалдық  қорық мұражайынан   3,5 миллион  теңге  қаржы  бөлінді.  Орталықтан шалғайда орналасқандықтан болар  шынын айтқанда басшылардың  назарына  іліне де  бермедік.  Жыл сайынға  жөндеу  жұмыстарын жасауға  қаржы мәселесі қолбайлау болды. Анау бір жылы облыс әкімі Ж.С. Кәріпжановтың берген 1 миллион сомасын  сол кездегі Үржар ауданының әкімі Б.Т. Жанақовтан даулап жүріп ала алмай күдерімізді  үзген күніміз де болды.  Қайсы бірін айтайық, өткен күндер тарих қойнауына  кетті ғой. Міне, осы әңгімеден кейін менің көңілге түйгенім, сезімі сеңгір, ойы асқар, көңілі дархан, жаны жайсаң адамдардың  жаныңнан табылып , қол ұшын беруін адамдықтың зор қасиеті деп айтар едім.  Қандай да бір бастаманың қолдаушысы жергілікті жердің бірінші басшысы болмаса ісіңнің алға жылжымайтыны айқын екен. Оны бүгінде  көріп жүрміз.

--    Мұражай құндылықтарынан нені ерекше атар едіңіз?

--   1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай аудандық өлкетану мұражайын ашқанымызда, соның бір бұрышын Әсетке арнадық. / Көктұма/ Бақты ауылына барып Әсеттің ұлы  Қожеке әкеміздің үйінен  62 жәдігер іріктеп алдық.  Ал 1992 жылы сәуірде мұражай отау болып шаңырақ  көтергенде  бар жоғы 340 дана қолжазбалар мен көне дүниелерді экспозицияға  шығарып,  көрмеге қойып едік. Біздің бүгінгі барлық құндылықтарымыздың бастамасы осы жәдігерлерден бастау алады. Бүгінде  мұражайдың жәдігерлерінің саны айтарлықтай молайды.  Барлық дүниелер Әсет ұрпақтарының, Әсет заманының,  Әсеттің көзін көрген шежіреші-қазыналы қарттарымыздан қалған естеліктер мен қолжазбалардан және олар ұстаған бұйымдардан тұрады.  Мұражайда бәлендей алтынмен апталған,  күміспен күптелген құнды заттар жоқ.  Ондағы бар дүние әдеби – мемориалды құндылықтар. Сондықтан да мұражай  «әдеби-мемориалды» - деп  аталады. Аса бір бағалы жәдігер ол Әсет бабамыздың  өзі ұстаған, жанында жүріп иіссіңді болып қалған –  ақынға 1880 жылдары  ұстазы  Тінәкә Далдаоғылы жазып берген бойтұмары мен оқыған құран кітабы.  Жалпы алды 120 жыл,  арты 70 – 80 жыл болған Әсеттің әйелі Тәтежан шешеміздің, қызы Шамшыфару ( Сәмогей),  ұлы Қожекенің ұстаған дүниелері. Берісі  Қожекенің әйелі Қамария жеңгеміздің үй мүліктері де осы жерден орын алған.  Алдағы уақытта Әсет ұрпақтарынан жинақталмаған жәдігерлер болса алып, мұражай қорын толықтырмақпыз.  Семейдегі Абай мұражайының да қорында  сақтаулы көне жәдігерлерлер біздің Әсет мұражайының экспозициялық залын толтырып қалар деген ойымыз бар.

--   Әбен Тұйғынұлы,  алдағы жоспарларыңыз қалай. Әсеттің туғанына 150 жыл толу мерекесі келе жатыр. Оны қалай тойламақсыздар?

--    Мәселе той-тойлаумен ғана өлшенбеу  керек.  Әсеттей  ұлы  тұлғаның болмысын, бізге белгісіз бет-бейнесін,  кескін – келбетін біз әлі аша алмай келеміз.  Өйткені Әсет өмірі мен шығармашылығы  әдебиет қойнауына жұмбақ болып кірді, жұмбақ болып келе жатыр. «Абайдай арт жағына сөз қалдыра алмаған» ақынның жазба дүниесі жоқ.  Бізге жеткен құндылықтар – ол құлақтан құлаққа жеткен, ауыздан – ауызға айтылған естеліктер, есте қалған әңгімелер. Көзі көрген құйма құлақ даналарымыздың бірен-саран қолжазбалары. 19-ғасырдағы Қазақ мәдениетінің Ақан, Біржан, Мәди, Балуан-Шолақ, Естай, Мұхит сынды алыптарының қатарында  Әсеттің орыны ерекше болуы керек.  Әсет шығармалары әдеби  талдауға  түсіп, бір арнаға жүйеленген  жоқ. Биыл міне, Әсет бабамыздың туғанына 150 жыл толмақ.  Біз Абай қорық-мұражайының  мұрындық болуымен Республикалық деңгейде ғылыми тәжірибелік конференция өткізіп, ең алдымен Әсеттің қазақ әдебиетіндегі орынын  аша түскеніміз абзал.  Ал тойлау, еске түсіру - ол бүгінгі ұрпаққа Әсеттей Ұлы бабаның бұл өмірде болғанын, ғұмыр кешкенін баяндау ғана.  Дегенмен оның өзі жоғары деңгейде өтуі керек. Үстіміздегі жылы мұражай ішінің интерьерін түбегейлі қайта өзгертпекпіз. Оның тақырыптық-экспозициялық жоспары Абай мұражайының директоры Болатбек Жүнісбекұлының басшылығымен, ғылыми бөлім жетекшісі Маржан Біржанқызының тікелей қатысуымен қайта жасалды. Сол бойынша  қазір материалдар жинақталып жатыр. Есіңізде ме, 1991 жылғы тамыз айында Мақаншыда өткен Қаракерей Қабанбай батырдың туғанына 300 жыл толу мерекесі, Әсет ақынның туғанына 125 жыл толған салтанатын Республика көлемінде атап өтуіміз. Ұлыларды ұлықтау бізді көп нәрсеге үйретті. Сол арқылы тарихқа көз салып, өткенімізге ой  жібердік.  Жоғарыда айтқанымдай, қандай бастама болмасын бірінші басшының бастамасымен басталып, қолдауымен жүзеге асып жатса бағымыз. Олардың айтқанын орындайтын, сөзінде тұратын, шешімді болғаны жақсы ғой.  Мен бүгінгі Үржар ауданын басқарып отырған Серік Зинабекұлы Зайнулдиннің  бойынан осы қасиетті байқаймын.

-- Әсет шығармалары қандай деңгейде жарық көрді.  Алдағы жоспарда оқырмандарға ұсынатын қандай сыйларыңыз бар?

--  Ертеректе зерттеуші ғалымдарымыздың бірен-саран жариялаған мақалалары болмаса, Әсет шығармалары жеке кітап болып баспадан басылып шықпады. 1968 жылы баспадан жарық көрген алғашқы кітаптың көлемі онша үлкен болмады. Зерттеуші Балтабай Адамбаевтың құрастыруымен шыққан кітапқа ақынның 34 өлеңі, 4 қисса-дастаны 4 айтысы ғана сыйды. Одан кейін жазушы Б. Нұржекеевтың және жерлесіміз Б. Абылқасымовтың құрастырған жинағы 1988 жылы шықты. Ол әрине алдыңғы кітапқа қарағанда тереңірек зерттелген, жан-жақты талданған көлемді кітап болды. 1989 жылы Шинжиаң баспасынан Б. Әлімбекұлы мен М. Шипанұлының  құрастыруымен «Ән салсаң Әсеттей сал әсемдетіп...» атты, 1992 жылы Алматыдағы «өнер» баспасынан Қ. Жүзбасов құрастырған «Інжу маржан» атты әндер жинақтары  шықты.                Қ. Толыбаевтың  Әсеттің өмірі туралы жазған тұңғыш роман-новелласы   1995 жылы «жазушы» баспасынан жарық көрді. Осыдан кейін 5 жыл өткенде Қытай астанасы  Бежиндегі «Ұлттар» баспасынан  Н. Қалиоллаұлының құрастыруымен  2 томдық Әсет шығармалары  жарық көрді. Әсет өмірі мен шығармашылығы туралы бүгінге дейінгі кітаптардың жалпы саны осы ғана.  Кейінгі жылдарды Әсет тақырыбын өздерінің ғылыми еңбектеріне арқау етіп, ақын шығармаларына зерттеу жасаған Талдықорғандық Сайлау Қожағұлұлының, Семейлік Жанар Айтованың еңбектерін жоғары бағалар едім. Дегенмен Әсет шығармаларының хронологиялық кестесі жасалынбады. Бұл ғұмыр болса алдағы уақыттың еншісінде дер едім. Ақынның  туғанына 150 жыл  толу мерекесі қарсаңында, бүгінге дейінгі Әсет өмірі мен шығармашылығы туралы жүргізген  зерттеулерімізді, жинақталған тың деректерді  жеке кітап етіп шығарсақ деген ойымыз бар.  Сондай-ақ Әсеттің біраз әндері және оның шығу тарихы туралы көлемі 160 беттік  кітап компьютерде терулі, баспаға дайын.  Оның сыртында Бежинде шыққан 2 томдық кітап төте жазудан кирилицаға аударылып, біраз толықтырулар мен дайын тұр. Егер автордың рұхсаты келсе,  Абай мұражайының баспаханасы арқылы ол да оқырмандарға жол тартар. Сонымен қатар той қонақтарына ұсынатын көлемі 35 және 45 беттен тұратын «Әсет мұражайының тарихы» және «Әсеттің ұрпақтары»  атты иллюстративті  2  буклет  кітапша  баспаға дайын.

--   Аудан көлемінде салтанатты шараны өткізуге  қандай  қолдау  көрсетілуде?

--   Әсет бабамыздың туғанына 150 жыл толу  мерекесін  өз деңгейінде атап өту анау 2013 жылы қазан  айында аудан әкімі Серік Зинабекұлы Зайнулдиннің Әсет мұражайына  келгенінде  өз аузынан шыққан бастамасы болатын.  Олай болса аудан басшысы бізге емес,  біз аудан басшысына қолдау көрсеткеніміз абзал шығар. Өткен жылы аудандық бюджеттен 23 миллион теңге қаржы бөлініп мұражайдың ауласын абаттандырдық.  Мақаншы ауылының келбеті өзгерді. «Әсет Найманбайұлы» жеке қорын аштық. Ауданымыздың мекеме-ұйым қызметкерлеріне рахмет. Бір күндік еңбек ақыларын аударып берді. Алтайдан - Атырауға, Жетісудан – Арқаға дейінгі ұлан ғайыр даламыздан Әсеттей бабамызға қолдау көрсетер  азаматтар табылып жатса қанеки.   Биыл көктем шыға салысымен мұражайдың ғимаратына да жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Әсет шыққан тұғырды аласартқысы келмесе, шекпенді азаматтар Әсетше айтқанда, «Біріне бірі серік екеу болып» жетпегенін жалғар деген үміттеміз. Біраз шаруаның басын қайырып, бүгінге дейін Әсетті өмірге қайта әкелдік. Осыдан артық не керек, бұған дейінгі ғасырда істелмеген жұмыс атқарылды.  Мерекені өткізетін  аудандық «ұйымдастыру комиссиясы» құрылды. Оның құрамындағы бөлім басшылары мен жауапты адамдардың атқаратын  жұмыстары да белгіленді. Алда тек соны жүзеге асыру  басты міндет болмақ.  Бірлігіміз жарасса, бұл сыннан да сүрінбей өтеріміз хақ.  Шаруаның беті бері қарап, 2017 жылдың бағдары анықталған күзде, аудан халқына тартылар сый, шашылар шашу Әсет бабамыздың әнімен өрнектелеріне куә боламыз.

--  Әбен Тұйғынұлы !  атқарылар жұмыстың ауқымы кең, көлемі үлкен екен. Абырой берсін.  Өзекжарды әңгімеңізге рахмет!

--   Сізге де рахмет !  Айтпақшы әңгімеміз газет бетіне жарияланып, елге тарап жатса мырза жігіттердің назарында жүрсін. Мұражай қорының жеке шотын еске сала кетейін. Айып болмас.

Қордың мекен жайы:      071724     ШҚО.  Үржар ауданы   Мақаншы ауылы  Қабанбай көшесі 31 үй

 Есеп айырысу шоты:      «Әсет Найманбаевтың» жеке қоры         БИН 160740001084, 

 ИИН – KZ59563Ғ350000067834,    БИК -  KPSTKZKA Банк - Филиал  АО «Казпочта»  с.  Урджар    Код  17

Қосымша хабар алу үшін:        Байланыс желісі:  8 722 39  4 – 14 – 36,        8 775 307 42 55,    8 777 380 35 51

Сұхбатты жүргізген:    Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі;     Мұратқазы  Саябаев

Разуев Әбен Тұйғынұлы, 

Әсет Найманбайұлы әдеби-мемориалдық мұражайының меңгерушісі.

 Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері,  әсеттанушы.

Әсет Найманбайұлына150 жыл

Абай музейінде Әсет ақынның өмірі мен

шығармашылығының зерттелуі

  «Әсет Найманбайұлының шығармашылығының, баспа бетінде көруінің және оның зерттелуін шартты түрде екі кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең – (1924-1958) Әсетті ауыз әдебиетіне және «Евгений Онегин» аудармасына байланысты алып зерттеумен сипатталса, екінші кезең – (1958-1970) ақын шығармаларының жинақталуымен, олардың неғұрлым толық жарық көруімен және оның бүкіл поэзиясына қатысты зерттеумен сипатталады»,- деп жазады Б.Абылқасымов «Әсет шығармаларының зерттелуі» атты мақаласында. Ақын шығармашылығының зерттелу кезендерін көрсетіп отырғанымыз – әдебиеттетанудағы жаңалықтар Абай қорық-музейіндегі ғылыми-зерттеу, ғылыми-қор жиналуымен тығыз байланысты. 

Бірінші кезең – 1924-1958 жылдар. Осы жылдар аралығында, яғни 1940 жылы ұлы ақынның 95 жылдық мерейтойы кезінде Абай музейі ашылды. Ұлы ақын жайында материалдарды зерттеу, жинастырумен бірге Абайдың ақындық-өнер айналасындағы шәкірттері туралы материалдар да мұражайдың ғылыми қорына кіре басталды. Мұражай қорында Әсет Найманбайұлының шығармашылығына байланысты материалдардың тіркелуі 1949 жылдан басталады. Ғылыми қордың Бас тіркеу кітабында  араб қарпімен жазылған ақынның «Қызыл табан, ағаш ат»,  «Олжабай-Бипа» дастандарының қолжазбаларын алматылық азамат А.Құдышев 1949 жылы 1-ші желтоқсан күні музейге тапсырған деп көрсетілген.

Екінші кезең – 1958-1970 жылдар аралығындағы кезеңде:

- Әсеттің Қытайда 1945 жылы жарық көрген «Сәлиха-Сәмен» кітабының фотокөшірмесі мұражай қорына 1959 жылы түседі. Бұл поэманы әріптесіміз болған Құдайбердиев Ахат ақсақал 1982 жылы қазіргі әріпке аударып, «Әсет Найманбайұлының «Сәлиха-Сәмен» поэмасы және таңдамалы өлеңдер кітабының аудармасы», - деп қол қойған.

-Осы жылы (1959) ақынның 1918 жылы Шығыс Түркестанның Шәуешек қаласында Алаш азаматтарымен түскен фотосуретінің көшірмесі қабылданды. Фотосуретке түсірген Мұхамеджан Юсупов деген азамат. Бұл фотосуреттің тарихи туралы 1990 жылы 18 мамырда «Қазақ әдебиеті» газетінде Никар Бафинаның «Асыл ағаларды суреттке түсірген кім?» атты көлемді мақаласы жарияланған. 

- 1964 жылы жазушы Сапаев Ғазиз ағамыз Әсет Найманбайұлының бірнеше қисса-дастандарының қолжазбаларын тапсырды. «Ағайым Шәріп Хасеновтің аузынан жазып алдым. 24 қараша 1964 жыл», - деп көрсетіп, ақынның бізге белгілі «Қызыл табан, ағаш ат», «Сәлиха-Сәмен» дастандары мен 736 жолдық «Нұғман-Нағым» және 320 жолдық «Гүлзипа-Гнияр төре» қиссаларының қазіргі әріптермен жазылған қолжазбалары.

- 1968 жылы «Жазушы» баспасы ақынның тұңғыш рет шығармалар жинағын жеке кітап етіп басып шығарды. Жинақты Қазақ ССР Ғылым Академиясының М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты дайындаған. Құрастырушылар: Б.Адамбаев, С.Ордалиев. Осы баспадан Б.Нұржекеев пен Б.Абылқасымовтың басшылығымен 1988 жылы ақынның шығармалары  жарық көрді. Пікір жазған А.Адамбаев. Екі жинақта мұражайдың кітап қорына еніп, музей қызметкерлерінің әсеттанудағы негізгі құралдары болып келеді. Кейінгі жылдары мемлекеттік баспалардан шыққан «Әсет Найманбайұлы. Інжу-Маржан» (–Алматы: «Өнер», 1992) әндер жинағы мен Қ.Толыбаевтың «Әсет» (–Алматы: 1995) роман-новелласын да айтып кетуіміз керек.

  Әсеттануда аталған кезеңдерге үшінші кезеңді қосуға болады – Республикамыздың Тәуелсіздік жылдарында ақын шығармашылығының зерттелуі. 1990 жылы 19-шы наурызда  ҚР Министрлер Кеңесі Әсет Найманбайұлын мәңгі есте қалдыру мақсатында және туғанына 125 жыл толуына орай сол кездегі Семей облысына қарасты Мақаншыда мұражай ашу жөнінде қаулы қабылдады. Ақын мұражайы – Абай қорық-музейінің бір бөлімі ретінде ашылатын болып, Әсет Найманбайұлын – Абайдың ақындық мектебінің ірі өкілдерінің бірі, ақын, әнші, сазгер ретінде көрсететін ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Абай қорық-музейінде Әсет Найманбайұлы туралы материалдарды зерттеу мен жинау жұмыстары ақын музейінің ашылуымен байланысты болды. Осы жылдан бастап «Әсет заманы мен өскен ортасы», «Абай және Әсет», «Әсеттің қисса-дастандары», «Әсет-айтыс ақыны», «Әсет өлеңдері», «Әсет әнші-сазгер» сияқты тақырыптар белгіленіп, зерттеу жұмыстарының арқасында мұражай қорына бірталай материалдар жиналды.

Біріншіден: ақын туралы жазған барлық әсеттанушылардың мақалалары мен зерттеулері анықталып, кітапханалар мен жеке қорлардан, баспа беттерінен қарастырылды. 1941 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде басылған О.Орынтаевтың «Әсет ақын» мақаласынан бастап, С.Ордалиев, Б.Адамбаев, Б.Кенжебаев, Б.Нұржекеев, Қ.Мұхамедханов, Б.Абылқасымов, Қ.Толыбаев, Д.Рақышев, Х.Әдібаев, А.Түгелбаев, С.Дәуітов, т.б. зерттеушілердің мақалалары және баспа бетінде жарық көрген ақын шығармалары жиналды және осы күнге дейін жиналып келеді. Ақырғы жылдары ақын шығармаларын зерттеп, әсеттану іліміне өз үлестерін қосқан Қ.Мұхамедханұлының «Абайдың ақын шәкірттері» (-Алматы: «Дәуір», 1994, 3-ші кітабы), Т.Төлековтің «Ұрпаққа айтарым бар» (2003), С.Қожағұлдың «Әсет ақын» (–Алматы: «Қазақ тарихы», 2003), Ж.Аитованың «Әсет ақын» (монографиялық зерттеу) (-Семей: 2012) еңбектері де жинақталды.

Екіншіден: ақын шығармаларының қолжазбаларын жинау жұмыстары жалғастырылды. Ғылыми ізденістер мен іссапарлардың арқасында Қали Нұпбаев, Мырзахмет Құсайынов, Махмұт Сүттібаев, Мағрышай Жәнібеков, Иманділда Құсайынов, Оразбек Бекбосынов, Дариға Қалиева сияқты сақтаған, жинаған ақын өлеңдері мен дастандарының  қолжазбалары мұражай қорына алынды. Солардың ішінде «Біржан-Сара» айтысы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр» поэмасының 1933 жылы Шәуешек қаласында жазып алған, 1994 жылы 90 жастағы Сатыбалды Қарымсақұлының қолжазбалары да музей қорын толықтырды.

Үшіншіден: Тәуелсіздік жылдары Қытай Халық Республикасына жолсапарлар ұйымдастыруға мүмкіндік туып, ақын өмірінің ақырғы жылдары туралы деректер, сонда жарық көрген ақын шығармаларының басылымдары, зерттеушілердің мақалалары мен еңбектері, қариялардың естеліктері, ақынның жиені Нәшен ақсақал туралы материалдар жиналды. Солардың ішінде  1989 жылы Үрімжі қаласының «Халық» баспасынан жарық көрген «Әсет әндері» жинағы, Ә.Найманбайұлының туғанына 125 жылуына арналған 1992 жылғы «Шұғыла» атты альманах-журналының №9 саны, 2000 жылы Бежиндегі «Ұлттар» баспасынан шыққан 2 томдық «Әсет шығармалары» (құрастырушы Нұртаза Қалиоллаұлы),  Үрімжіде басылған З.Сәніктің «Әсет ақынның  жиені Нәшен» кітабы қолымызға тиді.

Төртіншіден: Әсет ақынның туыстық айналасы мен ұрпақтары туралы материалдар, соның ішінде ақын балаларының үй мүліктері, тұтынған тұрмыстық заттары мұражай қорына жинақталды. Осы заттардың ішінде Әсет ақынға қатысты – ақынның бойтұмарын айтып кетуге болады. Бұл затты Әсеттің келіні, Қожекенің бірінші әйелі Гауһария музейге 1991 жылы тапсырды.

  Музей болғандықтан Ә.Найманбайұлының өмірі мен шығармашылығын ашатын Қазақстан қыл-қалам шеберлерінің туындыларына тоқталған да жөн болар. Қазір қорымызда сақталған Я.Нимец, А.Қасенов, А.Отыншынов, Н.Өтепбаев, В.Шереметьев салған ақынның бірнеше портреттерін, О.Бекбаев жасаған ақынның мүсінін, М.Беляев пен Н.Егоров сияқты суретшілердің Әсет ақынның шығармашылығына байланысты туындыларын айтуға болады.

  Абайдың ақындық мектебінің ірі өкілдерінің бірі, ақын, әнші, сазгер Әсет Найманбайұлының өмірі мен шығармашылығына байланысты материалдар жинақталып, сарапталып, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді, солардың нәтижесі – 1992 жылы 24 сәуірде Әсет мұражайы ашылды. Кешені кең, сәулетті алаңы бар, Мақаншы орталығындағы ғиматаратта орналасқан мұражай 25 жыл бойы қазақтың дүлдүл ақыны Әсет Найманбайұлының өмірі мен шығармашылығын насихаттап, ұрпақ тәрбиесіне үлесін қосып, өз көрермендерін қабылдап келеді.

  Ақынның 150 жылдығына орай мұражай экпозициясын өзгерту, жаңарту жоспарланғандықтан ғылыми-зерттеу жұмыстары тағы да қолға алынып, жаңа экспозицияның тұжырымдамасы мен тақырыптық жоспары дайындалды. Енді Әсет мұражайы кеңейтілген үш залда қанатын жаятын болады. Негізінде музей экспозициясы әрбір тұлғаны жан-жақты көрсетуге бағытталады. Оның жеке заттары, қолжазбалары, тірі кезіндегі басылымдары сияқты материалдар тұлғаның шығармашылық лабораториясын ашуда негізгі рөл атқарады. Әсет ақынға келсек, бізге жеткен бір ғана фотосуреті және мемориалды заттарынан – бойтұмары ғана бар. Ақын бейнесін ашуға бұл жәдігерлер аз болғандықтан, біз осы жолы, біріншіден, Әсет ақынның өз  шығармаларына, екіншіден, шығармаларының қолжазбалары мен естеліктерге ерекше көңіл бөлдік. Міне, осы материалдарды пайдаланып ақын бейнесін жан-жақты ашып көрсетуді жоспарлап отырмыз. Мұражайға келушілер тек қана шығармашылығымен танысып қана қоймай, өзі «Алашқа атым шыққан Әсет ақын» дегендей, оның қазақ тарихындағы орны, қандай адам болғанын, дүниеге көзқарасы, замандастарымен қарым-қатынасы, мінезі мен отбасы туралы, бір сөзбен айтқанда, Әсет ақын – заманының Тұлғасы, ұлы Абайдың дарынды шәкірті болған бейнесін көру керек.

М.Мұхамедова,

 Абай қорық-музейінің ғылыми қызметкері  

АБАЙ   ЖӘНЕ   ӘСЕТ

  асетӘсет он тоғызыншы ғасырдың соңымен жиырмасыншы ғасырдың басында өмір сүріп, өзімен бірге ғұмыр кешкен қазақ мәдениетін дамытушы ұлы тұлғалардың көш басында бола алды. Қазақ поэзиясының алыптарының бірі, белгілі қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіров Әсет туралы былай дейді. «Біздің, бізге жақын замандарда атын естіген әншілеріміз: Біржан, Ақан, Әсет, Мұхит, Естай, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Ыбырайлар болса, осылардың  әндері деген әннің өзі де бір-бірінен бөлек-бөлек жатады. Айталық, Біржан аспанға өрлеп, даурығып салады. Әсет  аспанға да өрлейді, жерде де жорғалайды... Бұлар дала музыкасының әрі актері ( салушысы ), әрі авторы (шығарушысы ).  Бұлардай ойдан ән салушы енді жоқ. Ендігі жерде ел әнін тыңнан салушыны есту қиын болар.»   Аз ғана сүрген ғұмырында Әсет (1867-1923ж.ж.) халық көңілінің кең сарайынан орын алып, өзінің ғажайып өнерімен асқан әншілігімен өзінен бұрынғы өмір сүрген өнер иелерінің асқақ жырларын, әсем әндерін жалғады. Жай жалғаған жоқ, ағыны қатты тау суындай өзен болып қосылды

  Әсеттің ақындық өнерге қосылуы - оның жаңа үлгімен дастандар жазып, қазақ поэзиясына тың жол салуы, музыка жағынан да жаңаша үлгідегі әндер тудырып, қазақтың классикалық әндерінің мазмұнын байытуы, өресін биіктетуі. Ғасыр ішінде сирек және ерекше дарынымен туатын осындай өнер иесінің еңбегін төл бойындағы ақындық, композиторлық, әншілік әрі шебер орындаушылық қасиеттерімен  дәлелдеуге  болады.

  1960-жылы елімізде басылған «Дастандар» жинағында зерттеуші Ханғали Сүйіншәлиев: «Пушкин орыс мәдениетінде романтикалық мектеп жасаған болса, Абай да айналасына тілектес шәкірттерін жинап, Ақылбай, Кәкітай, Мағауия, Көкбай, Уәйіс, Әріп, Әсет т.б. ақындарды тәрбиелеп шығарды. Бұл жастар Абай бастаған романтикалық поэзия жанрын ілгерлетті, көлемді, шытрман оқиғалы поэмалар жазды. Қазақ әдебиетінде бұрын болмаған жаңа поэмалар тобын туғызды» - деп жазды. Әсеттің ақындық, әншілік, композиторлық өнер талабын көрген Абай 1889 жылы өзінің «Әсетке» деген өлеңінде:

Біреуден біреу артылса,

Өнері өлшеніп тартылса.

Оқыған, білген, білген-ақ

Надан, надан-ақ сан қылса.

.............................................

Кісіде бар болса талап,

Отырмас ол бой балап;

Жүрер, әр қайдан ізденер,

Алар өзі сүйгенін қалап  –  деп   арнау  жазып өнер  иесінің  келешегіне жөн сілтейді. Әсет туралы А.Жұбанов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Б.Адамбаев сынды қаламгерлеріміз бен О. Орынтаев, Б. Ысқақов, Қ. Мұхаметқанов, Б. Кенжалиев, Б. Нұржекеев, Б. Абылқасымов сияқты зерттеушілеріміз өздерінің бағалы пікірлерін жазып, тың ойларын қосып келді. Өз кезегінде Шинжаңның Тарбағатай, Іле аймақтарында тұратын Мәлік Шипанұлы, Нұртаза Қалиоллаұлы, Жүмәділ Маман, Ғалым Қанапияұлы, Зейнолла Сәнік, Асқар Игенұлы, Омарқан Асылұлы сияқты қаламгерлер мен жазушы-зерттермендер де Әсет шығармаларының ұлттық ерекшеліктеріне, ақындық, әншілік,  орындаушылық шеберлігіне сүйініш білдіріп, ұлы талант иесінің қазақ саз мәдениетіне қосқан аса қомақты үлесіне шолулар  жасады. Әсеттің мәдени тарихымыздағы орны туралы бұдан кейінде талай зерттеушілеріміз бағалы еңбектерін жаза беретініне әрине күмәніміз жоқ.

     Мақаншыдағы  Әсет  ұражай экспозициясындағы  аса  ауқымды бір  бөлімнің мазмұны  Абай мен Әсет арасындағы өзара шығармашылық байланыс  туралы, ұлы ақынның Әсетке деген ерекше ілтипаты, ықыласы, қамқорлығы айналасында  өрбиді.    Бөлім  « Абай – ұстаз да, мұның алдына келген, сөз ұғатын, ынталы, талапты жастардың бәрі – шәкірт.  Абай  іні, бала, ағайындарына  мағналы тәрбиеші бола бастайды...  Жалғыз өз  өсиетіне қанағат қылмай, бұлардың  сезім тәрбиесін толықтырмақ болып, 1889 жылы музыка үйретпекші  болады.  Сол мақсатпен Көкен  еліндегі  Мұқа деген скрипкашыны ауылына алғызады.  Тағы сол жылы Әсет  деген ақынды да  сақтайды.  Осымен 1891 жылға шейінгі өмірі  Абайдың  ең мағналы өткізген  жылдары  болады » - деген  М.О. Әуезовтың анықтамасымен  ашылады. Әсет шығармашылығына әсер еткен, оны ақын етіп тәрбиелеген негізгі күш, біріншіден, халқымыздың  бай  ауыз әдебиеті болса, ақынның одан кейін ұстазы – Абай.    Ұлы Абай – ақындық, әншілік өнер жолында Әсетке үлкен өнеге көрсеткен ұстаз. Абайдан батыстың озық ойлы ғұламалары туралы, шығыстың ғажайып даналарының еңбектерін көңіліне тоқып, үйреніп, олардың философиялық ой – тұжырымдарына қанығады.  Әсеттің  Абай алдынан алған білімдері мен жинақтаған тәжірибелері, кейіннен шығарған шығыс халықтарының аңыз-ертегілерінің желісі мен құрылған  барлық жыр - дастандарына  арқау  болады.  Әсет Абайды ұстаз тұтып, оның жанында болған күндерінде өзінің ғұмырына жетерлік азық алғандығын мойындайды.  Тіпті өлім аузында жатып та  Абайды аузына алуы, Абайша қызмет ете алмағанына өкінуі,  өзін Абайдан кіші ұстауы – Ұлылық алдындағы ізеттілігі,  парасаттылығы.

                                              «Абайдай арт жағына сөз  қалдырып,

                                               Жақсе еді-ау әтеген ай өлу деген», -

деп Абайдай мол мұраларын жазып қалдыра алмағанын өкінішпен жырласа, Евгений Онегин поэмасының алғашқы жолдарын :                           

« Қазақтың  Абайындай  болмасам да,

                                          Бұл жерде өз тілімде айтып берем», -

деп бастап кезінде  көп оқымағандығын, жастық шақтың есерлігімен  білімге сусындай алмағандығын өкінішпен  жырға қосады.  Бұл жерде Әсет  өзін  қорсынып отырған жоқ, керісінше ұлы ұстаз алдында шәкірт екендігін ашып  көрсеткендігі.     Айтыс бәйгесімен  өлең жырдың додасына  түсе жүріп ел ішіне аты шыға бастаған жалынды жас Әсеттің ұлы ақынның алдына келіп, кеменгер ұстаз сынынан өткен шағы 22-23 жас шамасы еді. Мұражайдағы осы бөлімде  Абай мен Әсет арасындағы әдеби шығармашылық байланысқа   арналады.       Әсетті  алғаш рет Абайға  таныстырған адамның кім екендігі және Абай алдына  қалай келгендігі  туралы  нақты дерек жоқ.  Алайда  Абай  Әсетті  алғаш  көргенде  тек  әнші  ғана  деп  білген.   Әсеттің  жоғарғы  диапозонды  ащы  дауысының  Абайға  алғаш  ұнамағаны  да  айқын.  Оның  үстіне  сар далада   құландай  жортып  жүрген  Әсеттің   өр  мінезі  де  Абайға  оғаш  көрінеді.  Алғашқы  кездесуден  бір жыл өткен соң,  Әсет  әндерін  тыңдай отырып  сарапқа  салған  Абай  оның  «Інжу - Маржан»  әнін  алғаш  рет  тыңдап,  құлақ  құрышы  қанбағаннан  сон  да   бірнеше  рет  қайталап  айтқызған  екен.  Ән әуенінің  ерекшелігіне  таң  қалған  Абай  «Міне, ән  төресі  осы  болар,  алаштың  даласы  әлі-ақ  сенің  әнің мен  тербеледі» - деген  еді.   Көрмеден  сол сияқты әдебиетші  Б. Кенжебаевтың, «Әсет»,  халық ақыны Ғ.Игенсаровтың «Абай мен Әсет» атты мақалалары және Абайдың «Әсетке» атты өлеңі,   Абай   журналының   бірнеше  саны,  сондай-ақ    Қ. Мұхаметқановтың «Абайдың ақын шәкірттері»  жинақтары тағы  басқа  зерттеулер  қойылған.  Бұдан басқа академик М.О.Әуезов Әсеттің  ақынның  Абай ауылында 1889-91 жылдары болып, ұлы Абайдың алдынан тағылым алғандығын жазса, абайтанушы ғалым Қ.Мухаметқанов өзінің «Абайдың ақын шәкірттері» атты 4 томдық жинағында Әсетке үлкен орын беріп, субелі тұжырымдарын жасайды.

   Жалпы  Әсет  әндері  кең  тынысты,  мол иірімді  болып  келгендіктен,  оны  орындау  екінің  бірінің  қолынан  келе  бермейді.  Ән  құрылысында  Жетісудың  нәзік   үні, Арқаның ащы  дауысы,  Батыстың  екпіні желдірмесі,  Алтайдың  ойнақы  әуені   жиі  кездеседі.

Әбен Разуев

АБАЙ МУЗЕЙІНДЕ ӘСЕТ АҚЫННЫҢ ӨМІРІ МЕН

ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ

  «Әсет Найманбайұлының шығармашылығының, баспа бетінде көруінің және оның зерттелуін шартты түрде екі кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең – (1924-1958) Әсетті ауыз әдебиетіне және «Евгений Онегин» аудармасына байланысты алып зерттеумен сипатталса, екінші кезең – (1958-1970) ақын шығармаларының жинақталуымен, олардың неғұрлым толық жарық көруімен және оның бүкіл поэзиясына қатысты зерттеумен сипатталады»,- деп жазады Б.Абылқасымов «Әсет шығармаларының зерттелуі» атты мақаласында. Ақын шығармашылығының зерттелу кезендерін көрсетіп отырғанымыз – әдебиеттетанудағы жаңалықтар Абай қорық-музейіндегі ғылыми-зерттеу, ғылыми-қор жиналуымен тығыз байланысты. 

  Бірінші кезең – 1924-1958 жылдар. Осы жылдар аралығында, яғни 1940 жылы ұлы ақынның 95 жылдық мерейтойы кезінде Абай музейі ашылды. Ұлы ақын жайында материалдарды зерттеу, жинастырумен бірге Абайдың ақындық-өнер айналасындағы шәкірттері туралы материалдар да мұражайдың ғылыми қорына кіре басталды. Мұражай қорында Әсет Найманбайұлының шығармашылығына байланысты материалдардың тіркелуі 1949 жылдан басталады. Ғылыми қордың Бас тіркеу кітабында  араб қарпімен жазылған ақынның «Қызыл табан, ағаш ат»,  «Олжабай-Бипа» дастандарының қолжазбаларын алматылық азамат А.Құдышев 1949 жылы 1-ші желтоқсан күні музейге тапсырған деп көрсетілген.

  Екінші кезең – 1958-1970 жылдар аралығындағы кезеңде:

  - Әсеттің Қытайда 1945 жылы жарық көрген «Сәлиха-Сәмен» кітабының фотокөшірмесі мұражай қорына 1959 жылы түседі. Бұл поэманы әріптесіміз болған Құдайбердиев Ахат ақсақал 1982 жылы қазіргі әріпке аударып, «Әсет Найманбайұлының «Сәлиха-Сәмен» поэмасы және таңдамалы өлеңдер кітабының аудармасы», - деп қол қойған.

  - Осы жылы (1959) ақынның 1918 жылы Шығыс Түркестанның Шәуешек қаласында Алаш азаматтарымен түскен фотосуретінің көшірмесі қабылданды. Фотосуретке түсірген Мұхамеджан Юсупов деген азамат. Бұл фотосуреттің тарихи туралы 1990 жылы 18 мамырда «Қазақ әдебиеті» газетінде Никар Бафинаның «Асыл ағаларды суреттке түсірген кім?» атты көлемді мақаласы жарияланған. 